Әлібек Асқаров. Мұзтау

Бөлісу:

24.01.2023 10904

Көңілім сенген соңғы жылдарғы бір шындық – Мұзтаудың қадіріне біздің қазақ әлі күнге жете қоймапты.

Сүтпен еніп, сүйекке сіңген, қашанда арқаны кеңге салып жүретін ежелгі енжар мінезіміз бұл ретте де өз әсерін тигізген сияқты. Ел жақтағы бас көтерер мықты деген азаматтардың қайсыбірінен Мұзтау туралы сұрай қалсаң: «е, көріп жүрміз ғойдан» әріге аспады.

­­–Жайлауда малда жүргенде анадайда жарқырап жататын,–десті елдің ақсақал үлкендері.

–Бірде жылқы іздеп Қапшалға дейін барып қайтқам,–деп бөсті жылқышы бір құрдасым.

–Басына дейсің бе?.. Қызық екенсің! Көк мұз, ақ қарда атамның басы қалғандай не қылам мен ол Мұзтаудан!–деп келесі бірі шамданып, теріс айналып кетті.

Сөйтіп елдегі ағайыннан Мұзтау жайында жақсы сөз, жарытымды жауап ала алмағанбыз.

Менің ауылдастарымның әлгі айтқан «көріп жүрмізі» – кемінде Мұзтаудан жүз шақырымдағы аралық. Ал Мұзтауға ең таяп барған жылқышы құрдасымның Қапшалынан әрмен әлі он бес щақырым жер.

Осыдан ұққаным – күншіліктен көз салып, айшылықтан малданып жүргендері болмаса, біздің ағайын арнайы іздеп ол жаққа ғұмыры бармапты ғой. Мұзтауды асқағым дейтін адам да сирек екен, көбісі бөтен бірдеңедей сырт көз болып сөйлейді.

Ала жаздай Мұзтауға шұбырған шамбалашылар, рерихшілерді былай қойшы, қара жаяу қаптаған туристердің ішінен қара көзді емге таппайсың. Тек өткен жылы өткізілген «Мұзтау–2002» фестиваліне екі альпинист қазақ жігіті қатысыпты деген сөз бар. Естуімізше, соның біреуі әлемнің біраз шыңын бағындырған әйгілі мұзбалақ Мақсұт Жұмаев екен. Басқасында, ұлы таудың басына шықпақ түгіл, етегіне барып қайтқан қазақты кездестіре де, ести де алмадық.

Қазақтардың Мұзтауға деген көзқарасын 19 ғасырдың соңында орыстың әйгілі саяхатшы-ғалымы В.В.Сапожников та жазып қалдырған екен.

«Высокие снежные горы (Белуха) служат у калмыков предметом священного почитания, – деп жазады ғалым. – Никто из них под страхом смерти не смеет восходить на них. Обаяние Белухи на киргизов (казахов) еще больше: «Нам и смотреть близко на нее нельзя», –говорил мне один старик из аула в вершине Черной Берели».

Ғалымның айтып отырған қариясы – қазіргі біздің Берел ауылының бір тұрғыны болса керек.

Өзге жұртты білмеймін, Мұзтау біздің бала күнгі аңсарымыздың бірі болатын. Әйгілі таудың әйдік келбетін, шіркін-ай, жақыннан барып бір көрсе, тынысын сезіп, көк мұзын сипап қызықтаса дегендей арман бала қиялымызды талай тербеген.

Бірде жайлаудағы біздің қостың қасына қызылды-жасылды киінген жеті адамның түнеп шыққаны есімде. Апам оларға қымыз берді, ет асты, жолдарына бір торсық айран арқалатып жіберді. Арада алты күннен соң әлгі топ алты адам боп кейін қайтты. Біреуі мұздың жарығына құлап қаза болыпты, құтқарушылар келіп оны қалаға алып кетіпті. «Мұзтау қатерлі жер, ол жақта өлім-жітімсіз болмайды» дейтін аңызға әлгі оқиғадан соң біздің де бала көңіліміз сене бастаған. «Мұзтау қатерлі, Мұзтау қиямет» деп, жағаларын ұстап, бас шайқасқан әңгімені одан кейін де талай естідік. Осылайша Мұзтау бейнесі біздің санамызда сұмдық қиындықпен, тіпті өліммен қабаттаса елестейтін болды.

Бәрібір ұлы тау өзіне қызықтыруын қоймаған.

Алдыңғы жылы Алтайдың адам баспас әлде бір биігінде иесіз қалған ескі ауыл – Көккөлге шыққан сапарымызда әйел-бала-шағасымен шұбырған шамбалашыларды көріп еріксіз ойға қалғамыз. «Мынанша халық бесіктегі баласымен қоса жаяу-жалпылы Мұзтауға шұбап бара жатқанда, соқталдай еркектер бізге не жоқ, осы біздер неден тайсақтап, неден жасқанып жүрміз», – дегендей қиял келген.

Көкейдегі осы қиялымызды іске асырудың реті биылғы жазға тиген еді.

Өскемендегі альпинистік-туристік фирмамен келісіп, Алтай десе ішкен асын жерге қоятын баяғы азаматтар қаңтардан бастап өзімізді рухани дайындау, дене шынықтыру тұрғысынан шынығу әрекеттеріне кірісіп кеттік. «Баяғы азаматтар» деп қатарынан бірнеше жыл Алтайға барып жүрген достарды айтып отырмын. Олар: полиграфист Ахметқали Өтеғалев, баспагерлер – Тұрлығазы Дуанбеков, Елемес Иманғалиев, Қайырды Назырбаев, журналистер Олег Рябченко мен Сауытбек Абдрахманов еді. Алайда, соңғы сәттерде осы достарымыздың кейбіреуі жұмыстың ыңғайы, отбасының жағдайына байланысты түрлі себептермен сапараға шыға алмай қалысты. Бірақ мұз жастанып, қар төсеніп боранды биіктерде жүрген кездерімізде қалада қалып қойған әлгі достарымызды өзімізбен бірге санадық. Өйткені, баршамыз боп ала қыстай дайындалған, көптен мақсат еткен бұл сапар бәрімізге ортақ арман-мүдде болатын.

Сөйтіп, таң атпай желіп жүгіруге кірістік, демалыс күндері қала сыртына шығып, шақырымдап жаяу жүрдік, велосипед тептік. Олег Рябченко екеуміздің қызмет бөлмеміз 23 қабатта еді, соған ақ тер-қара терге малынып жаяу шығатын болдық. Қысқасы, шама-шарқымызша аяқты шынықтыратын, өкпені шыңдайтын талай жаттығуларды жасап бақтық.

Жеме-жемге келгенде бұл тірлігіміздің бәрі түк емес екен, баланың ойыны секілді бәрі адыра қалды.

Мұзтау жолы біз ойлағандай тұнған романтика емес, аса қауіпті әрі қиын сапар боп шықты.

***

Алдымен аудан орталығынан екі жүз шақырымның үстіндегі Қаракөлге дейін (картада Язевая көлі деп белгіленген) «вездеход» автокөліктерімен жеттік. Көл жағасындағы жоталы жазаң түбекке Катонқарағай ұлттық табиғи паркі туристер үшін қонақ үй кешенін салып жатыр екен. Қарағайдан қиған көрікті үйлердің бірнешеуі бой көтеріп қалыпты.

–Заман ығына қарай бейімделіп жатқан жайымыз бар, – деді осы өңірдегі орман шаруашылығының директоры Игорь Месяцев досымыз. – Мұзтауға ағылған туристердің тең жарымы Қазақстан арқылы өтеді. Оларға жақсы сервис дайындау – ел мен жерді насихаттаудың бір парасы деп отырмыз.

Осы Қаракөлдің жағасында бір түнеп, ертеңінде салт аттармен ертелетіп Мұзтауға сапар шектік.

Біз үшін осы бір қайырлы сапардың керек-жарағын қамдап, жөн-жосығын жасап, елдегі қажет шараларды үйлестірген Ұлттық табиғи парктің директоры Ерен Жұмағұлов болатын. Ерекең жылмиған жүйрік, тайпалған жорға емес, ұзын жолға шыдамды, қия-жартасқа мығым мықты аттарды дайындатып қойыпты.

Тоғыз ат, сегіз кісіміз. Сегіздің екеуі – альпинист-нұсқаушы, сосын бір атқосшымыз бар. Палаткалар, төсек-қаптар, альпинистік әбзелдер, басқа да керек-жарақ артқан бір атты жетекке алдық. Басқамызда да теңделген қоржын-сомалар, олардың іші бірнеше күндік азық-түлікке, жылы киімдерге, бәтеңке-байпақтарға толы.

Содан тоқтаусыз суыт жүріп кеттік. Атам қазақ айтпақшы, аласа-биігі бар жерменен, ашығы-тұйығы бар жолменен тоқтаусыз тартып келеміз. Таулы-қиялы ұзақ сапарда кей тұста жолдың сорабын жоғалтып, шыр айналып адасып та қаламыз. Сапар барысында қазақтың кезіндегі небір көрікті қоныстарын, үкілі жайлауларын басып өттік. «Кезіндегі» дейтінім – Қаракөлден шыға бере, арада он шақырым өтпей жатып Ресейдің территориясына кіріп кеткенбіз... Атам заманнан бері сызылып қойған жолдың жөні солай екен.

Біраздан соң оңды-солды жығылған ағаш, сидиған сида, қарақат пен көкбояудың ұйысқан бұтасы жолымызды бөгеп, тайганың ішімен сырғанай ылдилап, түс әлетінде Катунь өзенінің терең шатқалына түстік.

–Біз Елеңшадыр өзенінің Қатынсуға қосылған тұсына келдік. Анау избушканы баяғыда біздің Катонның малшылары салған.

–Иен жерге үй салғандары несі?

–Бұрын иен емес болатын. Біздің малшылар ала жаздай осы арада мал бағатын, кейде тіпті қыстап та қалысатын.

–Қазір ше?

–Қазір ешкім тұрмайды. Қыс айларында боранға қалған қорықшылар ғана соғып тұрады. Олардың өзі оқта-текте бір келеді.

Катунь өзенінің екі жақ аңғарындағы кең көсілген бұл иесіз мекенге қазір қазақтың малшыларын Ресей жағы аттап бастырмайды екен. Ал арғы беттегі ойраттар болса – анау тас қамалдай сірескен құз-жартас, Абылай аспас асулардан бері өте алмайды. Осылайша Өр Алтайды жайлаған Қаратай жұртының ертегідей әдемі төр жайлауы салдырап бос қалыпты.

Орыс халқының әлімсақтан бері арман етіп, аңыз қылып іздеп өткен Беловодьесі осы қазақ Алтайының Катонқарағай өңірі екені көп айтылды да, көп жазылды да. Кейде біз жетпіс жыл ғұмыр кешкен Кеңес өкіметін көзсіз жамандай беретініміз бар. Алайда, сол Кеңес жарықтық болмағанда бұл аймақтың қазағы үдере көшіп, сонау Қарқаралыдан бірақ шыға жаздапты. Қазан төңкерісінің алдында Алтайдың Шабанбай алабындағы әлгі «Беловодье» аталған құйқалы пұшпағының бәрі Ақ патшаның жеке иелігіне өтіп, Кабинетные Земли Его Императорского Величества аталып кеткенін бұл жақтың халқы жақсы біледі (Ол жайында осы кітаптың «Шабанбай» атты бөлімінде кеңірек айтылады).

Байқап отырсақ, Алтай жазғанның көрмеген құқайы қалмапты. Қал-ағаңның (Қалихан Ысқақов) осы өңірді «жетімдер мен жесірлер елі» деуінде де бір астар жатыр. Алтайды жіліктеп бөлу алдыңғы ғасырда, атап айтқанда 1869 жылғы Шәуешек келісімінде басталады. Бұл келісім қалың қазақты ортасынан қақ бөліп, Ресей мен Қытайдың шекарасын белгілейді. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда бұл өңірдің қазағы Қытай қашып, «кірән» асып тағы ойран-асыры шығады. Ол қазақтардың көпшілігі одан әрмен Тибет өтіп, Индия көшіп, Ауғанстан арқылы түрік ағайындардан ғана пана тапқандарын бертінде білдік. Қазан төңкерісі қазақты Алтай ауғаннан сақтап қалды деп жүргенде, 1930 жылы біртұтас тайпалы ел болып отырған Катонқарағай аймағы екіге бөлініп, Қошағаштағы (қазір жеке аудан) ағайын-жұрағат Ресейге қарап кетеді. Әйтсе де, тәубешіл халықпыз ғой, ел бөлінсе де еншіміз бөлінбесін деп жүргенде, тәуелсіздіктің алғашқы аласапыранында белгісіз себептермен баяғы Шабанбай осы Қатынсуға дейін, оған қосымша Мұзтаудың маңайы, Ақалақа, Үкөкке дейін Ресейге өтіп кетіпті.

Енді, мінеки, «Шабанбайдай жер қайда, Бұландыдай көл қайда» деп бала күнімізде әнге қосқан бал қымыздай байтақ өлке жетім жатыр. Елге құт болған өлеңді жер еді, ерге құт болған тереңді жер еді, жерге құт болған белеңді жер еді, сол Шабанбайдың жарымынан айрылып отырмыз.

***

Балқарағайы самсаған бір тұмсықты айнала бере қарсы алдымыздан ашылып салған жайқын дала еріксіз іш тартқызды. Жайқын дала жап-жасыл болып жайқалып жатыр. Сазды жердің ат бауырын сызған бос балдыры, сояудай боз қияғы емес, қырдың салқын сабат шымдауыт шалғыны, уыздай ұйыған ұлтанды шөбі: үп еткен самалмен қосылып үлбіреген шәлідей толқығанда көзің жасаурайды. Дариға-ай десеңші, ағаш нәсілімен, жер жасылымен сәнді деген осы да тегі!

–Бұл алқапты «Мәкиле дарасы» деп атайды, – деді бұл өңірді бір адамдай білетін орманшы Ағәділ Сүндетбаев. –Қазақтың шыбынсыз жазын іздесеңіз – осы жерге келіңіз. Мынау жайқалған жасыл белдің бәрі - атбұршақ пен жоңышқа. Бұрынғының қазағы бұл дараның шөбін малға шипа, малшыға дәрі санапты.

Алаштың ардақтысы, Еңбек Ері, жүрегі сара, көкірегі даңғыл шежіре қариямыз Бошай Кітапбаевтың жазбаларынан Мәкиле жайында сөз іздеп, кейінірек мынадай бір дерек тапқанбыз.

«Мәкиле – Самай руынан шыққан дәулеті тасқан, мерейі асқан атақты би болған кісі. Алтай өңірін жайлаған қазақтардың тарихы, тұрмыс-салты туралы Потанин, Радлов, Самойлович секілді орыс ғалымдарына көп мәлімет берген. Өр Найманның от ауыз, орақ тілді Таңырық ақыны:

Самайда кісі қайда Мәкиледей,

Болмаған қартайса да ақыл кедей.

Кісі еді екі асылдың қосындысы,

Соқтырған тайтұяқтан сақинедей,

- деп Мәкиле биді құрметпен жырға қосқан екен.

«Апырмай, - деп көз алдымызға елестеткен боламыз, - мынау кең аңғарды бір кездері мыңғырған жылқы, маңыраған қой, шапқылаған құлын-таймен жарысып шулаған бала-шаға көңілді думанға бөлеп, қан базардай қайнатып жатты-ау тегі. Сол шадыман береке анау өзен жиегіндегі бидің ақ төбедей отауымен, киіз үйлі ақшаңқан ауылмен қандай жарасым тауып тұрды екен!».

Қалай десеңіз де, көз сүйсінер көркем жер.

Жалғыз Мәкиле дарасы емес, төмендегі Құраған, Түрген, Сақал өзендерінің аңғары, Елеңшадырдың ел көшкендей енсіз қапталы, жоғарыдағы Қапшалдың қапсағай жондары – бәрі-бәрі қазақтың жөңкіле көшіп, жазыла жайлаған жайлаулары болыпты. Үлкендерден естігеніміз – бұл аймақта малшылар малды алдымен жаз бойы биікке салады екен. Содан бозқырау түсіп, марал батпақтайтын мезгілде малды етектегі соныға жібереді. Оның себебі - тау белдеуіне қырау түсе жер тоңазып, жылқы тайғанап мерт болады деседі.

-Біздегі Аршаты ауылында қойшылар аяқтарына тақа киіп қой жаяды. Қия тауда тайып кетсең – май күреңсенің үстімен қолшанадай ағасың, – деді бізбен бірге келе жатқан серігіміз, аршатылық қорықшы Манарбек Омаров.

Қалай болғанда да осыншама құлпырған кең өңірдің адам баспас иесіз қалғаны – жерге обал көрінді де тұрды. Үлде мен бүлдеге оранып отырса да оң жақта қалып қойған ару қызды елестеткендей. Мал тұяғы тимеген соны балауса, майға бұлғағандай жылт-жылт еткен жасыл шалғын, шашақ атып шұбартқан мың сан гүлшөп, аңғарды жиектеп сарқырап аққан асау өзен... Барша сұлу ажарын ашып, мырзалығын аямай-ақ төгіп салған иесіз мекенге елжірей қарайсың, егіле үздігесің. Бәрібір, көз құрғыр тойса да, көңіл шіркін тояр емес. Аттан қарғып түсіп, май шалғынға аунап-аунап алғың келеді. Ақыры сөйтпеске болмады... Бәріміз де аттан қарғып-қарғып түстік те, белуардан көк шөп кешіп, біраз жер жаяу жүрдік. Көркемдіктің әнін салған қою гүлдерді иіскеп, қымыздық теріп мәз болдық. Көкіректі айқара ашып жайлаудың кермек ауасын армансыз бір сімірдік-ай дерсің!

Жалпы «дара» сөзі жеке тұрған тауға, шың-жартастарға қатысты айтылады. Талантты ғалым ініміз Бердібек Бияров «дара» сөзінің жеке адам мекен еткен қойнауға, тау аңғарына байланысты да айтылатындығын жазады. Дәл біздің мысалда кең аңғардың түстігі де, терістігі де өркештенген найзалы шыңдар, олардың қайсыбірін дараламақсың. Яғни, Бердібектің айтқаны жөн, қазақ мынау аңғар ішіндегі даладай көсілген кең жазықты «дара» атап отыр.

Мәкиле дарасын қоршаған екі қанаттағы жайылма бетте ағаш сирек. Қыста қар көшкіні жиі түсетіні - беткейдің бетін әжімдеген тарам-тарам іздерден байқалады. Жергілікті жұрт көшкін түсіп тұратын мұндай таз беттерді «шашын» деседі.

Әлдебір тұста Ағаділ алдымыздағы жапырылған қалың шөпке қамшысын шошайтып:

–Мынаны қараңдар, апамның ізі! – деді.

–Апасы несі?

–«Апасы» - аю да…

–Біздің жақта қасқыр мен аюды өз атымен атамайды.

Бәріміз жапырылған шөпті, жоғарыдағы қара орманның қалыңына қарай кеткен баданадай ізді қызықтап шуласып қалдық.

–Мәссаған, мұнда тезегі жатыр.

–Қане?

–Тезегі неге жап-жасыл?

–Жегенің шөп болса – сен де сөйтесің.

–Өзінен бу шығады.

–Бу шықса, «осы қазақтар менің боғыма осыншалық неге қызықты» деп таң қалып, анау ағаштың ар жағында бізді бақылап отыр.

Қапшал – бастауын мұздықтан алып Катуньға қосылып жатқан көбік шашқан долы өзен екен. Тентек сулардың қосылған тұсында жалғыз аяқ соқпағымыз таусылып, ендігі жол қия-жартасқа, асу мен жонға бастаған. Біз сияқты бір-бір ат мініп, үзеңгілерін шіреген серілер емес, Мұзтауға баратындардың дені жаяу-жалпылы жандар ғой. Тасқа жабысып, қорымды аттап-бұттаған мына тар сүрлеу – жаяудың жолы. Төменде көктемгі бурадай буырқанған өзен, жоғарыда шынар өскен шың жартас. Қорқақтың құдайшыл келетіні рас болды. Біз де алдымен Аллаға, сосын астымыздағы атқа сиынып, тізгінді бос жіберіп, әупірімдеп Қапшалдың қорым тасынан аман-есен өттік.

Қапшалдан аман өтіп, бірер шақырым жер оздырған соң, тағы бір мүйісті айнала беріп едік - алдымыздан мұздықтар күмісше жарқ ете қалды... Талай рет фотосуреттерден таныс, кітаптардан көрген, ойша талай зерттеген Катунь мұздығы, Геблер мұздығы.

Жүрек дүрсілдеп кетті.

Мұзтаудың өзі жоқ, көрінбейді, бел ортадан мелдектеп қою тұман астында қалыпты.

–Апырмай, Мұзтауға да жеттік пе!

–Әлі жеткен жоқсың. Былай жақын көрінгенмен, анау етекке дейін әлі он шақырым жер бар.

Осы жолмен талай жүрген нұсқаушы жігіт солай деп жауап берді.

Біледі екен, біраз жүре келе жүрісіміз қиындай түсті. Шалғын шөп сиреп, таудан құлаған қорым тастар жиілеп аяқты қамады.

Алдымыздан суық ызғар еседі.

Байқап келеміз, жақындаған сайын Мұзтау төңірегінде ілгерінді-кейінді қаза болған зерттеуші ғалымдарға, гляциолог мамандарға, альпинистер мен туристерге орнатылған ескерткіш тақталар, түрлі белгілер жиілей бастаған.

Ақыры тау етегіне дейін аттардың бара алмайтынына көзіміз жетті. Қиналсақ та қайтеміз, әлдебір қызыл құмайт төбешіктің жадағайлау ығына тоқтап, лагерь құруға кірістік.

–Мұздықтың етегіне дейін бес шақырым бар, – деді нұсқаушымыз.

–Бүгін осында тынығып, ертең таңғы алтыдан жолға шығамыз. Палатканың біреуі, аттар мен атқосшы осы арада қалады.

Көк шалғының арасы толған тас екен. Жөнін келтіріп жерді тазалап, әр тұстан шошайтып палаткалар тіктік. От жағып шай қойып, ет астық. Сосын алау басында әңгіме-дүкен құрып түннің бір уағына дейін кәукілдесіп отырдық. Жол жүріп шаршағанның бәрі ұмыт болған. Іргедегі ұлы таудың тынысы, көңілдегі қайдағы бір қытықшыл қиял бойға қуат, жүрекке жігер бергендей. Әлсін-әлсін Мұзтау жаққа бұрылып, үміттене көз салып қоямыз. Ашылар емес, бізді жатырқай сазарады. Шығыстың ізетті қыздарындай ақша бетін тұманмен жасырып көрсетпейді құрғыр.

Түн ортасы ауған шамада күн салқындап, қар аралас жаңбыр басталған. Біз де палаткаларға кіріп, ұйқы қамына кірістік.

***

Ғалымдар Алтай тауының аты сонау Геродот заманында-ақ белгілі бола бастағанын айтады. «Тарих атасының» жазбаларында сақтардың шығыстағы мекені ретінде Алтынтағ, Мастағ деген атаулар көрсетіледі. Мұндағы Алтынтағ – Алтай, Мастағ – Мұзтау болуы әбден мүмкін дейді ғалымдар. Оған дәлел ретінде Алтайдың қойнау-қолаттарында сақтардың оба-зираттарының көптеп кездесетінін алға тартады.

Ал «Мұзтау» атауы ежелгі әдеби ескерткіш «Оғызнама» эпосында жырланған екен.

«Қырық күннен соң Мұзтау деген таудың түбіне келді... Шатырларын түсіріп, шөк болып ұйықтап кетті. Таңертең болғанда Оғыз қағанының шатырына күндей бір жарық кірді. Ол жарықтан көк түкті, көк жалды бір еркек бөрі шықты».

Кейіннен осы көк бөрі Оғызды үнемі жорықтарға бастап жүреді. Эпоста Мұзтаудың атына байланысты тағы былай дейді: «Ұша-қырқасы тоң және мұз болатын. Сол үшін оның аты Мұзтау еді» (Б.Бияровтың зерттеулерінен).

Жалпы осы сапарға дайындық кезінде Мұзтау жөнінде түрлі кітаптардан, Интернеттен біршама материалдар жинастырған болатынбыз. Солардың бәрін жүйелеп, қорытқан кезде, негізгі деректер мен мәліметтер мынаған сайды.

Мұзтау (орысша аты–Белуха) – Алтай тауларының ең биік нүктесі (4506 м), Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан.

Мұзтауды ойраттар «Қатын басы», «Үш Сүмер» деп атайды екен. Алтайды көптен зерттеп жүрген ғалым – Тұрдықұл Шаңбай ініміз Үш Сүмер немесе үш сюре – көне түркіде «тәңір тұрағы» ұғымын беретіндігін айтады. «Ресей Федерациясында, оның ішінде Алтай Республикасында қасиетті шыңға деген құрмет ерекше, – деп жазады ғалым. - Алтай Республикасының мемлекеттік гербінде Мұзтаудың бейнесі бар, әнұранында Мұзтаудың аты аталады... Соңғы он жылда Ресейде қасиетті шыңды әспеттеген жүздеген мақала, ондаған кітап жарық көрді».

Мұзтаудың басы мен етегі мәңгі қар, алуан түрлі мұздықтар, мұздықтардың жалпы көлемі 70 шаршы шақырымды қамтып жатыр. Мұзтаудың төңірегінде 162 мұздық бар. Солардың ірілері санатына Ақкем, Берел, Қапшал, Сапожников, Меңсу мұздықтары жатады.

Жоңғар мемлекеті жойылғаннан кейін ресейлік жиһанкездер мен зерттеуші ғалымдар қазақ жеріне лап қойып ағылғандары тарихтан мәлім. Солардың бірі Н.М.Ядринцев (1842-1894) Мұзтау туралы былай деп жазыпты: «На запад от Аргута уже видны были два пика ослепительной белизны вечных снегов. Снега эти спускались в долину как бы белая мантия и образовывали ледники. Из них с шумом разливались молочные воды двух рек, Катуни и Берели».

Мойындамасқа лажың жоқ, кәсіби жазушының ойына келмейтін бейнелі теңеу айтқан. Мұзтаудың алқымынан жан-жаққа құлай аққан аппақ мұздықтар бойжеткен қыздың күміс шашбауына ұқсайтыны рас.

Мұзтау – қос өркешті. Алыстан қарасаң – аттың еріне ұқсайды. Алтайдың жон арқасына аппақ күміс ерді жарқыратып ерттей салған секілді. Мұзтаудың жан-жағы көз көрім көкжиекке дейін ала шұбар шың-жартастар. Қара орманды, қапсал шатқалды таулардың ажарында Мұзтау ғана қақ күмісше жарқырап жатады.

Осы екі өркештің арасын «Седловина» деп атайды.

Ел арасына кеңінен тараған аңыздарға қарағанда – Мұзтау киелі тау саналады. Буддашылардың айтуынша, бұл аймақ гүлжазиралы ғажайып ел – Шамбаланың мекені. Әрі Будда – Гаутаманың өзі Индияға осы арадан сапар шеккен.

Николай Рерих пен Елена Блаватскаяның ілімін қуушылар Шамбалаға кірер есік осы Мұзтаудың төңірегінде деседі. Ол есік жылына екі рет – күн мен түннің теңелген кезінде, яғни жазда 24 маусымда, қыста 24 желтоқсанда ашылады-мыс. Оны көруді екінің бірінің маңдайына жазбаған. Алайда, көру міндет емес, Мұзтауға келген адамға оның шапағаты жұғысты болмақ-мыс.

Жер шарының энергетикалық өрісі осы Мұзтауда тоғысқан деген де сенім бар. Ол энергетикалық өріс ғарышпен байланысты, сол арқылы бұл маңайға келген адамдарға Мұзтау күш-қуат беріп, жан сарайын тазартады, денсаулығын түзейді. Осы себепті де Мұзтау – Жер-ананың кіндігі саналады.

Мұзтау ғылыми, мәдени және тәжірибелік тұрғыдан да құнды объект. Бұл жерге жылына жүздеген альпинистер, мыңдаған туристер тоғысады. Рерихшілер мен Будда дінінің тегін іздеуші шамбалашылар легі ала жаздай толассыз шұбырып жатады.

Мұзтаудың, әсіресе, ТМД, Балтық жағалауы елдеріндегі атақ-даңқы айрықша. Бұл елдердегі туризммен шындап айналысатын жандардың баршасы Алтайға, оның жүрегі Мұзтауға бір келіп кетуді өздеріне парыз санайды.

Әлгі, Дева Мария Христос деген бір қыз пайда болып, «заманақыр» туады деп жалғанға жар салған 1999 жылдың тамыз айында Мұзтауға Ресей жағынан күніне 1 мың адам барып-қайтып отырған. Қазір де Қазақстан жағынан әр жаз сайын, басқа туристерді, демалушыларды санамағанда, рерихшілердің өзі мыңдап барып, киелі тауға табынып жатады. Олардың ішінде алыс шетелден – Италиядан, Германиядан, Австриядан, Индиядан келетін туристер де баршылық.

Мұзтаудың қалыптасу жасы 1,5 млн. жыл деп саналады.

Мұзтау туралы алғашқы ғылыми деректер 18 ғасырда пайда бола бастайды. 1836 жылы медицина докторы Ф.Геблер Мұзтау мен оның маңайын зерттеп, шамамен таудың биіктігін анықтайды, Катунь және Берел мұздықтарын ашады. Бұл аймақтағы дәрілік-шипалық өсімдіктердің аса молдығын ғылым әлеміне алғаш әйгілеген де осы дәрігер.

Мұзтаудың басына шығу әрекеті өткен ғасырдың басында басталады. 1907 жылғы Геблердің балалары мен ізбасарларының, 1909 жылғы ағылшын Теркердің әрекеттері нәтижесіз қалады. Мұзтаудың биігіне тұңғыш көтерілгендер – ағайынды ғалым Троновтар. Бұл оқиға 1914 жылғы 26 шілдеде 15 сағат 30 минөтте деп тіркелген.

Одан кейін де Мұзтауға шығу әрекеті тоқталмаған. Бірақ олардың бәрі сәтсіздікке ұшырап отырған. Олардың ішінде альпинизммен айналысып жүрген жас ғалымдар – кейіндері есімдері әлемге әйгілі академиктер Б.Н.Делоне, Е.И.Тамм болған. Мұзтау өз басына альпинистерді екінші рет тек 1933 жылы ғана шығарады.

Содан Мұзтауға туристік жол ұзақ жылдар бойы үзіліп қалып, 1952 жылдан қайта жалғасады.

Қазір мұнда Қазақстан тарапынан туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдар жасалып, түрлі шаралар іске асырылып жатыр.

–Өкініштісі сол, Мұзтау адам танымастай өзгеріп барады, бұл алаңдататын жағдай, –дейді мамандар. – Альпинистер былтыр шыққан жолдарын биылғы жылы таба алмай жаңылып қалуда. Өйткені Мұзтау қатты еріп жатыр. Мұзтауды құрсаулаған мұздықтар баяғыда етекте, сайдың табанында жататын. Қазір кіндікке дейін өрлеп кетті. Жаһандық климаттың өзгерісін осы Мұзтаудан айқын аңғаруға болады.

Енді Мұзтау жайындағы мына бір әдемі аңызды тыңдайық.

Қазақта «Қыз емшек» деген жер аттары көп кездесетіні белгілі. Солар сияқты Мұзтау да қос өркеш. Шамбалашылар Мұзтаудың шошайған осы қос өркешін Жер-ананың емшегі деседі екен. Осы Жер-ананың қос емшегінен Дүниенің төрт бұрышына аппақ сүттей төрт өзен ағып жатыр. Олар – Катунь, Ақбұлқақ, Кучерла, Ақкем өзендері.

Қандай бейнелі теңеу десеңізші!

Кучерла мен Ақкемді көрмедік, олар Мұзтаудың арғы бетінен терістікке қарай ағара ағып жатса керек. Ал бергі беттегі Катунь мен Ақбұлқақ өзендерінің түсі шынында да сүттей аппақ, оны бұл жақтың жұртының бәрі біледі.

Жалпы Мұзтаудың биігі жылына 14 күн бойы ғана ашық тұрады деседі. Оның өзі шілде мен тамыз айларына, яғни Алтай жеріндегі шөп шабу қарбаласына сәйкес келетін сияқты. Сонда шабындық басында жүрген шөпшілер ауа райын Мұзтауға қарап болжап жүреді. Мұзтаудың биігіне бұлт ілінсе болды – жаңбыр жауады деген сөз. Мұзтау ашық болса – көңіл де ашық, шаруа да жайлы.

Ал енді, орыстар Белая Берель деп атап, күллі әдебиет пен карталарға жазылып кеткен Ақбұлқақ туралы да айта кетпесе болмас…

Бүгінде Ақбұлқақ атауын көп қаламгерлер қате жазып жүр. Баяғыда Ғафағаң (Қайырбеков) оны Ақбұрқақ деп өлең-жырға қосып кетіп еді. Былтырғы жыл Есенғали да (Раушанов) солай жазып жіберіпті. Енді бір қаламгерлер Ақбұлақ деп жаңылуда. Турасында, айран түсті бұл өзеннің атауы Ақбұлқақ, яғни «бұлғаушы», «лайлаушы» сөзінен шыққан. Өйткені, аппақ Ақбұлқақтың мөп-мөлдір Бұқтырмаға қосылып, оны біршама лайлап, «бояп» жатқанын бәріміз көріп жүрміз.

***

Таңертең нұсқаушылар әр адамның рюкзагын керек-жарақпен толтырып, тап-тұйнақтай етіп жолға дайындап берді. Оның ішінде каримат-төсеніш, ұйықтайтын төсек-қап, тау мен тасқа шығатын арқан-жіп, альпинистік әбзелдер, әркімнің бір қабат жылы киімі, сосын бес күндік азық-түлік. Оның үш күні шыңға шығу, бір күн түсу, бір күн – запас. Телефон жоқ, радио жоқ, иен тауда ойламаған оқиға, күтпеген қиын жағдай туып қалса қайтпекпіз.

Сөйтіп, 30 килограмнан кем емес бір-бір рюкзакты шірей арқалап, қаздай тізіліп жолға шықтық. Түні бойы жауған жаңбырдың бәрі бұта-қарағанның жапырағында іркіліп қалған ба, Мұзтаудың түбіне жеткенше үсті-басымыз малмандай су болды.

Отыз килограмм жүк алғаш көтергенде бұйымдай болмап еді, отыз метрден соң арқамызда жүк барын сездік. Бір шақырымнан соң ауырсына ыңырсыдық, бес шақырымдағы Мұзтаудың түбіне жеткенде көз алдымызда қызылды-сарылы дөңгелектер ойнап, тіземіз дірілдеп, тәлтіректеп қалдық.

Алып мұздықтың сонау биіктен ирелеңдей ағып түскен ұзын тілі жіңішкеріп барып, жұқара келіп етекке жете жығылыпты. Мұздық астындағы үйдей үңгірден фонтанша атқылап Катунь шығып жатыр. Талай өлең-жырға, роман-повестерге, кинофильмдерге желі болған орыстың ұлы өзені. Анау төменгі тұсында көл-көсір дарияға айналатын айдынды өзеннің бастау қайнары, мінеки, осы.

Мұзтаудан бастау алған Катунь Таулы Алтай жерін көктей өтіп, Объқа құяды. Төменіректе – әйгілі Сростки ауылы. Тас талауы сыртында, бар таланты бойында, қазақ тектес аңқылдақ жігіт Василий Шукшин марқұмның туып-өскен жері. Өнер әлеміндегі қайталанбас туындының бірі – «Калина красная» кинофильмі осы Катуньның бойында түсірілген.

Катунь өзенін біздің қазақ «Қатынсу» деседі. Бұл Қатынсудың Катонқарағайға, яғни Қатынқарағай мен Қотанқарағайға еш қатысы жоқ. Катонқарағайдың «Қотан қарағай», яғни «топ қарағай» ұғымынан шыққанын зерттеушілер дәлелдеген. Ал Катунь атауына келер болсақ, бұл гидроним төркінін мамандар көне түркі тілінен іздеп табады. Көне түркі ұғымында «қадын» – «мәртебелі», «ақсүйек әйел» деген мағынаны береді екен. Белгілі орыс саяхатшысы П.М.Чихачев (1830-1917) «Путешествие в Восточный Алтай» атты кітабында Катунь атауы туралы былай деп жазады: «У некоторых тюркских народов этот термин имел более широкое значение, так как он употреблялся в смысле «владычица». Поэтому реке и дано название «Катунь» – «царица река».

...Жан шақырып, әйгілі Катуньның бастауында біз де төңіректі қызықтап жарым сағаттай демалдық.

Атқылап Катунь шығып жатқан мұздықтың үсті қия болса да жадағайлау көрінген. Осымен өрлейтін шығармыз деп иегімізді көтеріп едік, нұсқаушылар бастарын шайқасты: терістік жақтағы иін тірескен қорым тасты, шапшыма тікті көрсетті.

«Расымен сөйтеміз бе? Тфу, сайтан алғыр, тас құрсанған мына шағылдан неғылмақпыз!»

–Мұздықтың үсті аса қауіпті. Мүмкіндік барда мұздан қашып, жермен жүріп қалған жақсы. Біз бүгінше мұздықтардың жиегін жағалап, біраз биікке шығамыз.

Нұсқаушы жігіт абыржыған көңілімізге өзінше басу айтып жатыр.

Бүйтіп «жермен жүргені» бар болсын, әлгі қорым тасты тіктің желкесіне жеткенше моншаға түскендей күй кештік. Биік тауларға шығар алдындағы осындай төбелерді Алтай қазағы «бөртек» деседі. Сол бөртегіңнің желкесіне шығып едік – арғы жағындағы шұрықтың табанында жалтырап, жүзіктей көкпеңбек көл шыға келді. Мұндай да көкпеңбек көл болады екен-ау! Жақындай бере байқадық, өзі түпсіз тұңғиық сияқты. Кішкентай көлдің осыншалық терең болғаны қалай?

–Қыста қар көшкіні, жазда анау биіктегі дәу тастар домалап, осы көлдің түбіне ұрады. Ұрған сайын көлді тереңдетіп тас та, көшкін де атқып ары асып кетеді.

Мінеки, тереңдіктің қарапайым дәлелі.

Көл жағасында дамылдап, киім ауыстырған соң бастаушымыз:

–Алда қиын участок, абай болыңыздар! – деп ескерту жасады.

Қиын участогі – бір жағынан таудан құлаған қар көшкіні үйген, келесі жағынан жүздеген жылдар бойы мұздықтар ығыстыра сиырып тастаудың салдарынан пайда болған жал топырақ екен. Жал топырақ болғанда таудай биік, арық аттың шоқтығындай тар, өзі жыландай созылып көз жетпейтін жоғарыға кеткен. Жалдың екі жағы да жарқабақ, оның үстіне жүрер жолың тіке шапшыма өрге бастайды. Түстік жағы қорым тас болса да әйтеуір ар-арасында шұбартқан шөп байқалады. Сүрініп домалап кетсең де шым-топырақ көңілге медет, тіреліп қаласың. Ал терістік жаны жаңбыр суымен мүжіліп өзінен-өзі құлап жатыр. Аяғың мүлт кетсе болды – сырғанап анау үш жүз метр етектегі мұздықты барып сүзерің сөзсіз. Сосын борпылдақ топыраққа ілініп әзер тұрған қалың тас өрістен қайтқан қойдай жамырап, соңыңнан сау ете қалады.

Елестетудің өзі қорқынышты. Елестетпейін десең пышақтың қырындай жалғыз аяқ соқпағыңның жарымы басқан сайын жарылып, әлгі шағылға құлап жатыр. Қырсыққанда, қызыл асық қылтылдап, шаршаған аяқ сырқырап, дегеніңе көнбей әлектейді. Арқаңдағы басыңнан аса шошайған рюкзак аттап басқан сайын сатқындықпен бұлғақ қағады. Тірсегің дірілдеп, аяғыңды қайшылап сүйретіліп әрең келе жатқанда енді бірде желп еткізіп қырдың қасқа желі осып өтеді.

Оның үстіне біз секілді етжеңділеу пақырды жүк арқалап өрге шыққан кезде желке май шалқайтпай, бұғақ май еңкейтпей кегжитіп қинайды екен.

«Ай, осыдан...» – деген алғашқы өкініш биікке бастаған дәл осы жалдың үстінде бір қылаң берген.

«Ай, осыдан аман қайтсам, көрмегенім тау болсын!»

Сеземін, бәрінің ойында сол. Іштерінен мені сыбап келе жатқандарын да түтіккен түрлерінен байқап келемін.

Жүз мәрте демалып, бірнеше сағат бойы қия соқпақпен өрге тырмысып, шу аяқ, қызыл май болған кезде әлдебір үстіртке шықтық-ау құрғыр.

Үстірт дегенің үлкен жазық екен, үсті толы қорым тас, үйдей үлкені, тақтайдай тегісі, найзадай үшкірі – бәрі бар. Қызылы, жасылы, көгі мен сарысы тағы бар. Теріскейде түнерген қардан ада қара бауыр таудың жарымы осы үстіртте жатқан сияқты.

Біраз жүре байқадық, үстірттің асты алып мұздық боп шықты. Мұз жарығы әр тұстан бір көрініп қалады: үсті бір қабат қара тас, одан әрі көгерген мұз, қап-қара терең шыңырау. Жақындаған жанды жұтып қоярдай үрейлі.

Қазақтың айтулы журналисі Жанболат Аупбаев досымның бірде осы мұздықтар туралы әңгімесін қызыға тыңдағаным бар. Сонда Жанболат Хан-Тәңірі жақта мұздың жарығын қазақтар «әңгек» дейтінін айтып еді. Осы сөзді мен Өр Алтайдың қазақтарынан сұрастырып едім, білмейтін болып шықты. Мейлі «әңгек» болсын, «жарық» болсын, «құрдым» болсын – оның заты біреу: орасан сайда ұзыннан сұлап жатқан алып мұз көлденеңінен қақ бөлінеді. Мұздықтың өн бойында мұндай әңгек-жарықтар жүздеп, мыңдап кездеседі. Оның қайсыбірі болсын адам үшін аса қауіпті.

Бір қызығы, жоғарыдан итерген қысымның әсерінен мұздың кейбір жарықтары қайтадан бітеліп те қалады екен.

Альпинистер осыдан бірер жыл бұрынғы бір қазалы оқиғаны айтқан. Оқыста жарыққа түсіп кеткен бір жігітке көмек береміз дегенше мұз жылжып кетіп, қайран азаматты тірідей көміп тастапты.

Мұздың жарығына түсіп немесе мұз құламасынан домалап, арысы мерт болып, берісі аяқ-қолын сындырып мүгедек болып қайтатындар – көбінесе нұсқаушысы жоқ, өз бетімен екі-үш адам боп келетін «жабайы туристер» сияқты.

Шүкіршілік, қасымызда тәжірибелі нұсқаушыларымыз бар, теория жағын ойдағыдай өттік, сондықтан әлгіндей «жабайы туристерге» қарағанда жағдайымыз жақсы деп күпті көңілімізді жұбатқан боламыз.

Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Мұзтау мұздықтарының қалыңдығы бірнеше ондаған метрден, кейбір тұстарда 200 метрге дейін жетеді деседі. Соңғы 150 жыл бойғы бақылау Мұзтау мұздықтарының бір жыл ішінде 20-30 метр төмен сырғитынын анықтап отыр. Алайда сырғи-сырғи етекке жететін мұздықтардың тілі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты жылма-жыл қысқарып, тау кіндігіне қарай тартылып бара жатқанын айтады.

Енді мына дерекке назар салайық: әлемдегі ең қалың мұз Антарктидада, ондағы мұздықтың қалың жері 4330 метр деп белгіленген. Гренландияда – 3200 метр, Памир, Қарақорым, Гималай тауларында жүздеген метрден бірер шақырымға дейін жетіп жығылатын көрінеді. Ең қорқыныштысы сол, осы қалың мұздар да қақ айрылып, орасан әңгек-жарықтар жасайды. Құдай өзі сақтасын деңіз, әйтпесе шақырымдаған шыңырауға құлап кеткен қайғылы жағдайлар да өмірде көп болған. Кей жағдайда жарықтар суға толып, мұз көлдері (мореные озера) пайда болады екен (Мұзтауға өрлеп бара жатқанда мұз бетіндегі үлкенді-кішілі көлшіктерді біз де көрдік). АҚШ-тағы Маласпин деп аталатын мұздықта тереңдігі 300 метрлік әңгек таудан құлаған тастарға, шаң-топыраққа лықа толып, кейіннен сол араға өсімдіктер қаптап өсіп шығып кетіпті.

Біз отырған Катунь - Мұзтаудың ең ұзын мұздықтарының бірі, шамасы он шақырымға жетеді деседі. Салыстыру үшін: әлемдегі ең ұзын мұздық – Аляскадағы Хаббард мұздығы, оның ұзындығы 116 шақырым. Памирдегі Фесенко мұздығы 80 шақырымға созылып жатыр. Ал Пакистандағы космостан өзен секілді көрінетін жалпақ Қарақорым мұздығы – ұзындығы 60 болса, көлденеңі 4 шақырым екен.

Осы жылдың мамыр айында журналист Қайырды Назырбаев екеуіміз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына іссапармен барып қайтқанымыз бар. Баян-Өлгейіңіз – біздің Алтайдың күнгей беті, шығыс жақ атырабы. Қалихан Ысқақов ағамыз «Өр Алтай деп сол Өлгей жақты айтады, ал Катонқарағай алабы – төр Алтай, ұқтың ба» деп бізге бірнеше рет ескерту де жасаған. Мейлі, өр Алтай болсын, төр Алтай болсын, сол айтқан Өлгей жақта – Моңғолия, Қытай, Қазақстан шекараларының түйіскен тұсында қатарымен бес биік шың жатыр екен. Моңғолдар оны «Бес Боғда» деп, қазақ ағайын Мұзтау деседі екен. Бізді сол Бес Боғданың етегіндегі Сырғалы деп аталатын балығы білектей мөлдіреген қос көлдің жағасына апарып дем алдырған. Сонда Үзбен Құрманбайұлы деген ағамыз: «Мұзтауыңыз әне! – деп, батыста, Катонқарағай жақта бұлдыраған ақбас шыңдарды көрсеткен-ді. – Оралхан Бөкеев жазатын Мұзтауыңыз осы болады!»

Шын Мұзтаудың қайда екенін жатқа білетін біз үндегеміз жоқ. Алайда Оралханды өзімсініп, Мұзтауға дейін өздеріне икемдеп алған өлгейлік азаматтарға көңіл шіркін жылып салған.

-Осы Мұзтаулардың арасында биік шыңнан етекке дейін сай-саламен ирелеңдей созылған Потанин атты мұздық бар. Қазақтар оны «мұз-өзен» деседі. Ұзындығы 20 шақырым шамасында. Потаниннің мұз жарықтары терең келеді. Мамандар кейбір жері 200 метрге жететінін айтып жүр», - деп Үзекең әңгімесін деректермен нақтылаған.

Мінеки, бір Алтайдың бойында іргелес жатқан мұздықтардың тереңдігін көрдіңіз бе? Мұзтау Бес Боғдадан әлдеқайда биік, шығу категориясы күрделі, яғни оның мұз жарықтарының тереңдігі де моңғолдың бес шыңынан қалыспаса керек.

Тау мұздықтары қашанда тұщы судың сарқылмас қоры саналған. Бір ғажабы – етекте аптап ыстық, қуаңшылық болған жылдары тау мұздықтары ыстықтың әсерінен қаттырақ еріп, өзен суларын молықтырып отырады екен.

***

Етектен таңғы сегізде жолға шыққан біз тасты үстіртке іліккенде түс ауып кеткен. Біз тұрған үстірт таудан құлап аққан тұтас бір мұздық болып шықты. Әріректе сіреу-сіреу мұз құламалары байқалады, одан жоғары сұрғылт тұман. Сібірлеп жаңбыр жауып тұр, ұзаққа созылатын, адамды ығыр қылар ақ жауынның нағыз өзі. Нұсқаушыларымыз тұман ашылмай мұзға шығудың қауіпті екенін ескертті. Тұманның ашылуын, жаңбырдың басылуын күтіп, түскі тамақ әзірледік. Арнайы алып шыққан примустардың біріне шай қайнатып, екіншісіне тамақ пісірдік.

Шай ішіп жайланып, көже ішіп көңілденген соң тағы да жолға шыққымыз келді. Не бел кетер, не белбеу кетер дегендей, жүректерге қайыра жігер біткен.

Турасында біз жал жағалап, тау сағалап бұған дейін қара жермен, аттап-бұттап қотыр тастың үстімен жүріп келген едік. Мұзға әлі табанымыз тие қойған жоқ болатын. Сондықтан альпинистік асай-мүсейді асынып, арқан-жібімізді тартынып, «кошка» деп аталатын ырсиған болат тістері мұз түгілі, қарш етіп тасқа кіретін тақамызды аяққа байлап, анау жалтыр мұздың үстімен жүруге асықтық. Біз қанша асыққанмен төңіректі тұмшалаған қорғасын бұлт сейілмеді, сібірлеген ұсақ жаңбыр басылмады. Сібірлеген жаңбыр үсті-басымызды тағы да малмандай су еткен. От жағып жылынар бұл маңайда тіс шұқыр ағаш жоқ, пана қылар қалқа жоқ, қарайып-қарайып қара тастардың арасында ерсілі-қарсылы жүрдік те қойдық.

Бұл төңіректе біз ғана ма десек, төменіректен қараң-құраң бір топ адам көрінді. Араларынан бөлініп екеуі бізге келіп, жөн сұрасып танысты. Ине жұтқандай арық жігіттер екен, кәсіби альпинистер. Алты кісі, Барнауылдан шығыпты, Ресей жағымен келіп, Берел мұздығы арқылы арғы беттегі Ақкемге өтіп кетпек сияқты. Мынау Катунь мұздығының жолын білмей, біздің жігіттерден жөн-жапсар сұрап жатты.

–Анау көрінген мұз құламасының ортасын ала көтеріліңдер. Үстіне шыққасын сол жақ жиегімен жүріңдер. Келесі мұз құламасы аса тік әрі быт-шыт жарылып жатыр, сондықтан сол жақтағы жартаспен өрлеңдер. Оның арғы жағында қар көшкіні қаупі бар жалама беткейді кесіп өтесіңдер. Абай болыңдар. Содан «Тигриная лапа» деп аталатын мұз құламасының астынан өтіп, Берел мұздығына асар асудың астына жетесіңдер. Ал ол жердің жолын тап басып айту қиын. Күніге мұз құлап, тау айрылып жатады. «Албастының ойнағы» дейміз ол жерді. Аса қауіпті участок, байқарсыздар.

Келген жігіттер картасын ашып жіберіп, әлгі айтқанның бәріне көздері жеткен соң, риза болып, рахмет айтысып қайтып кетті.

–Әне қараңдар, анау мұздың басында бір кісі жүр! – деді Қайырды.

–Қане? Бұл тұстан кісі көрінбесе керек еді.

–Қимылдайды. Кісі жүр деймін.

–Мираж ғой. Ол жерде кісі жүрсе – үлкендігі пілдей болғаны.

–Шынымен соншалықты алыс па?

–Алыс... Ақ қар, көк мұзда жердің аралығын айырып-білу қиын.

Кешкі алты болған кезде тұман ашылар деген үміт үзілді. Осы арада палаткалар құрып, таңды күтуге ұйғардық. Қып-қызыл тастың үстіне палатка тігу де қиын шаруа екен, жатар орынды үшкір тастардан тазалап, қатарлап жалпақ тастар төсеген болдық. Қанша тегістеген болсақ та түні бойы жамбасқа батып шықты.

Кешкі алагеуім шақта бізді таңғалдырған бір көріністің куәсі болғамыз. Анау әріректегі мұз құламасын бел ортадан тұншықтырған тұманның басы бір сәт сейіліп, тура төбемізден әлдебір жақпар тасты қарлы шыңның биігі жылт етті де жоқ болды. Біз «бұл қай шың» дегендей нұсқаушыларға қарадық.

–Мұзтау ғой! – десті олар.

Әрине, Мұзтау екенін іштей біз де сездік, бірақ неге тура төбемізден көрінді. Біздің күткеніміз – анау мұз құламасынан әрмен жайдақ басталып, қабырғалай өрлеп, қиғаштай жететін алыстағы жадағай шың сияқты емес пе еді? Мынау... қарасаң басыңдағы бөркің түсетін шапшыма шыңның өзі ғой!? Мәссаған!

Күймедегі Қыз-Жібектей бір сәтке жалт етіп, ғайып болған Мұзтаудың заңғар айбары жүрегімізді кәдімгідей шайлықтырып тастады. Астанадан алып-ұшқан көңіл су сепкендей басылды. Мұзтау бөрікпен қағып алар оңай олжа емес екені осы арада ғана санамызға жетіп, жон арқамыз жыбырлап, тіксініп қалдық.

***

Жамбасқа тас бата берген соң түн ортасында серпіліп далаға шыққан едім.

Ай сүттей жарық екен. Бізді қоршаған динозаврдың жонына ұқсас құз-жартастар көгілжім сағым астында ұйқылы-ояу манаурап жатыр. Тасырлатып құз-жартастардан жиі-жиі тас құлайды. Күркіреп алыстан әлдебір көшкін түсті. Іргедегі жартас жақтан таңдай тықылдатқандай үн шығып еді, іле сол үн әр тұстан қайталанды.

-Көкұлар! – деді менімен бірге шықарға ере шыққан Манарбек. – Сіздер оны «Алтай ұлары» деп орысша айтып жүрсіздер. Дұрыс емес, қазақ ежелден оны «көкұлар» деген…

Сосын:

-Өзі соншалықты әдемі, сүйкімді құс, Қызыл кітапқа енген сирек құс! - деп қосып қойды.

Төңіректі шолулап, енді бір сәтте екеуміз де бұрылып терістік жаққа қарап едік, мәссаған, тынысымыз тарылып, жағамызды ұстап аңырдық та қалдық.

-Ох шіркін! – деп тіпті Манарбектің оқыс даусы шығып кетті.

Терістік тұста ертектегідей, қолдан салғандай керемет бір сурет пайда бола қалыпты. Кешелі бергі қою тұман етекке түсіп, Мұзтау шайдай ашылып салған. Нақ төбемізде сүттей сәулеленіп тұрды.

Біз ұлы таудың кіндік тұсында жатыр екенбіз.

-Жігіттер, Мұзтау көрінді!

Дауысымыз қаттырақ шығып кетті білем, жігіттер ұйқылы-ояу бір-бірлеп палаткалардан бастарын шығарып, олар да аспанға қарап аңтарылысып қалды.

–Вот это да!

–Жетіқарақшыны қараңдар, тура желкесінде тұр!

–Даяр тұрған картина дерсің.

–Япырым-ай, биік-ақ екен өзі!

–Мұзтауың осы болса, мен қорқайын дедім. Аман тұрғанда осы арадан қайтып кетсек қайтеді?

Шекесіне ай сәулесі түсіп, жұлдызды аспан астарында сүттей мұнартқан Мұзтау расында да көзді арбайды. Шың биігі баяу қозғалатын сияқты, аппақ кемедей қалықтап көк аспанда жүзіп бара жатқандай сезіміңді қытықтайды.

Осы көрініс тағы бір көркем дүниені көз алдыға әкелгендей болды. Аградағы атақты Тадж-Махал мавзолейі айлы аспан ажарында осылайша үлбірей қалықтап тұратын. Қаншалықты шебер суретші болғанымен, Василий Верещагин ғажайып күмбездің аспан мен жердің арасында жүзген нәзік бейнесін жеткізе алмады. Бірақ біз Орағаңның (Оралхан Бөкей) соңғы рет жүріп өткен жолымен сапарлап, сол ғажайыпты көріп қайтқанымыз бар. Сол сапарда былайғы жұрт көп айтатын осы бір аңыз-әңгіменің шындығына көз жеткізгенбіз. Енді, мінеки, Орағаңның Мұзтауы да айлы аспан ажарында Тадж-Махалдай қалықтап керенау жүзіп барады.

Мұзтаудың маңайында өмірге келіп, Тадж-Махалдың қасында дүниеден озған қайран Орағаң-ай десеңші! Көңілді мұнарлы мұң, жүректі сазды сағыныш сыздатқандай болды.

«Армысың, Әулие тау, қасиетіңе бас иіп келіп тұрмыз алдыңа!»

***

Барнаулдың альпинистері таңғы бесте темір ілгектерін шылдырлатып, ледоруб-таяқтарын тықылдатып біздің қасымыздан өтті. Қызықтап палаткадан сығалап едік, қызылды-сарылы киінген алты кісі жіптей тізіліп жоғарыдағы мұздыққа беттеп барады екен.

Біз бір шетінде жатқан Катунь мұздығының ирелеңдеген басы көз көрім жерге дейін ашылып қалыпты. Тұманның етегі түріліп, Мұзтаудың алқымына көтеріліпті. Түндегі Мұзтаудың қос шыңы бұлт астында тағы жоғалған.

Таңертеңгілік тамақтан соң палаткаларды жығып, рюкзактарымызды арқалап, асай-мүсей әбзелдің бәрін байланып, аяққа болат тақаны мықтап тағып біз де жолға шықтық.

Кешеден бері көрер көзге насыбай атысқандай-ақ аралықтағы алғашқы мұз құламасы жеткізбей сарсаңға салған. Арманшыл көзге арқан бойы жердің тұсау бойы жақындығы болады деген осы. Құламаға дейін де мұзға өрмелеп екі сарқырамадан өттік. Осы мұз сарқырамаларының желкесінен басталатын жазықтар алыстан қарағанда жып-жылмағай сияқты, жақындап барсаң – беті бұжыр-бұжыр, сосын үлкенді-кішілі мұз жарықтарға толы. Кішігірімінен әйтеуір бір-біріңді арқанмен демеп қарғып-шоршып өтесің-ау, ал үлкен жарықтарды айналып, таудың кемерінен оралуға мәжбүрсің. Бір жолы үш жағымыз бірдей өткел бермес аралға тап болып, кері шегінуге тура келді. Кейбір мұздың жарығы ел көшкендей енді, түпсіз терең екен, қарауға жүз шыдамады.

Өскеменде кәсіби альпинистің бірі, фотосуретші Павел Красулин деген жігітпен сөйлескенім бар-ды.

–Мұзтауға беттеген адам ақ ниет, адал пейілмен жолға шығуы керек, – деп ескертіп еді Павел. – Әсте «мен Мұзтауды бағындыру үшін бара жатырмын» деген асылық ой көңілде болмау керек. Мұзтау шамшыл, қазымыр, мерт қылады. Сосын көп альпинистер Мұзтау аласа екен деп менсінбеушілік жасап, алданып қалады. Жалпы әлемдегі шыңдардың күрделілігі – өсімдіктердің қай белдеуде таусылуына қарай өлшеніп бағаланады. Мысалы Шпицбергенде өсімдік 200-370 метр биіктікте түгесіледі. Сөйте тұра бұл аралдың аласа тауларының өзіне шығу қияметтің қайымы. Анды тауларында 6000-6500 метр биіктікке дейін өсімдік өсе береді. Памирде 5200 метрге, Гималайда 6 шақырымның үстінде, өзіміздің Хан-Тәңіріде 4000 метрден жоғары өсімдіктер бар. Ал Мұзтауда өсімдік екі мың метрден соң жоғалады. Осылай есептегенде, Мұзтау шыңының күрделілігі алты мыңнан жоғары деп қабылдаңдар!

Енді мінеки, Павелдің осы сөзінің шындығына біз өзіміз куә болып, көріп-біліп келе жаттық.

Мұздық дегенің, былай қарағанда, тау алқымынан басталып етекке дейін ирелеңдеп шалқи аққан алып дарияға ұқсайды екен. Мынау Катунь мұздығының ені 500-600 метр шамасы, ұзындығы 10,5 шақырым, жалпы аумағы 13,2 шаршы км. деп оқығанымыз бар. Әйтеуір кешеден бері, етектен бері өрлеп жүріп келеміз ғой, алда қанша жер барын тағы білмедік.

Ал мұз құламасы дегеніңіз – таудай сарқырамаларға ұқсайды. Сонда шырқау шыңның алқымынан ақ көбігін аспанға атып, жардан құлап, жартасқа соғылып ақтарыла аққан асау дария бір сәтке мұз боп қатып, қимылсыз тоқтап қалды деп елестетіңіз. Мұндай таңғажайып пейзажды былайғы өмірде кездестіру мүмкін емес. Тіпті көктемде сең жүрген кездегі Бұқтырманың асты-үстіне шыққан мұз торостары да мынаның қасында баланың әрекеті іспетті. Мұз құламаларды құдды бір жын ойнағы дерсің, астан-кестең дүние, быт-шыт әлем, көз алдыңа заманақырды әкелгендей. Иін тіресе еңіске қарай ентелеген үйдей-үйдей қалың мұздың арасы түйе сыяр да, күйме сыяр да саңырайған саңылаулар. Оның төменгі жағы үңірейген, омырайған жарықтар. Жақындай берсең жүрек суырғандай түпсіз құрдым. Ербиген әнеубір кесек мұздар бірінің үстіне бірі шығып салбырап қалыпты. Түртіп қалсаң жарты Алтайды күңірентіп, жер–дүниені жаңғыртып төмен қарай ағайын деп тұр. Салбыраған мұздарда қаптаған көк сүңгі, «мұз болмаса сүңгімен төбеңді оям» дегендей түксие төнеді.

Осының бәрі әлгі шетелдік киноларда көрсететін басқа планетадағы фантастикалық суреттерді еске түсірген.

Кешеден бері алыстан мұнартқан мұз құламасы таудай биік мұз жарқабақтар болып шықты: түбіне жеткен соң жоғарыға шығар жол таба алмай тосылдық. Былтыр салынған жолдың үстіне үйдей мұз құлап, оған қосымша арандай жарық пайда болып, жолды тас бекітіп тастапты. Нұсқаушылар тұспалдап жол іздеп, мұзға темір қадап, арқан тағып жиырма метрлік алғашқы жалтыр жарқабақтың үстіне шықтық. Тура осы әдіспен бір-бірімізді демеп, арқанмен тартып тағы екі үлкен қабаққа шыққан кезде мұз құламаның төбесіне де жетіп қалыппыз.

–Мына жерден тез өтіп кетуге тырысайық. Қар көшкіні қаупі бар, түнде бұл жаққа қар жауыпты, –деді бастаушы жігіт.

«Мына жері» – бетін аппақ қар жапқан жалама беткей екен. Беткейдің биігінде салбырап-салбырап төменге түксие төнген қасат қардың ұзын жалы байқалды. Бейне-бір таудың өзі салба-салба бөрік киіп алған ба дерсің.

- Анау «козыректі» көрдіңдер ме? Ол жай ғана мұз емес, айсберг. Жылжып кетсе жолындағысын тып-типыл сыпырып әкетеді.

Бізде зәре жоқ, жоғарыға жаутаңдай қараймыз.

–Сосын... жөтелмеңдер, қатты сөйлемеңдер!

«Масқара, не дейді!»

Мұздан мұзға жабысып өрмекшідей өрмелеп келе жатқан бір сәтте жолбасшымыз жалтыр мұзға тесіліп, жабысты да қалды.

-Не болды?

-Саранча! – деді таңдана басын шайқап. – Ол оңбаған Мұзтауға да жетіпті.

Анау бір жылдары басымызға бәле боп жабысқан шегірткенің біреуісін біз де көрдік. Шынының астында музейде жатқандай екен, мұз ішінде мәңгі қатып қалыпты.

Кеше, шапшыма биікке көтерілген кезде әр он метр сайын аз-кем тоқтап, бір тыныстап алушы едік. Қазір болса жан керек, жалама бетті көлденең кесіп көгенделген қойдай томпаңдадық. Аузымыз ауа жетпей бақадай ашылып, өкпеміз күйіп кетті-ау деген кезде беткейдің арғы шетіне ілінгенбіз.

Беткейдің арғы шетінен келесі бір мұз құламасы басталған.

–Былтырғы жол бітеліп қалыпты. Мұзбен емес, мына жартаспен көтерілеміз, – деді бастаушымыз.

Біз дәл төбемізден төнген, өзіміз түбінде отырған құз жартасқа шалқайып үрке қарап қойыстық. Атасына нәлет, бұл жартастың ұшар биігі көрінбейді. Қылтиған шөптен ада безерген бедеу бәленің өзі... Өнбойына текшелеп жиғаны құдайдың тасы емес, қатпар-қатпар шойын блоктар ма дерсің.

– Биіктен қорқатын болсаңдар әсте төмен қарамаңдар. Бір-бірімізді арқанмен демеп отырамыз. Аяқтарыңдағы тақаны шешіңдер.

«Ойпырмай десеңші! Мұзға шығарымызды іштей болса да сезген шығармыз. Бірақ жартасқа өрмелейміз деп кім ойлаған?»

Шатаққа түскен шашын аямас демекші, қайта қайтып кететін емес, шығуға мәжбүр болдық. Қара тасқа таскенеше жабысып, қара терге малшынып, бір құдайға сиынып өрлеп кеттік. Аяқты дұрыс жерге, мықты тасқа басуға тиіссің. Қол да солай. Құдайым «живой камень» деп атайтын былқылдақ тасты басып қалудан сақтасын. Былқылдақ тас алдымен өзіңді сүріндіреді, сосын төменге домалап, соңыңда келе жатқан адамды мерт қылады.

Баяғыда, Алматыда жүрген кезімізде Медеуге бара жатқан жолда жартасқа өрмелеген қыз-жігіттерге қарап қатты қызығушы едік: жүрек жұтқан нағыз мықтылар солардай көрінетін. Мына қазіргі біздің тірлігімізге қарағанда олардікі баланың ойыны екен ғой. Олар жоғарғы жаққа шығыр қағып, арқан тартып шығады. Біздің жағдайда шығыр түгіл, сайтан да жоқ. Беліңе байланған арқан да әншейін дәтке қуат екенін сеземіз. Өйткені, сен құласаң жоғарыдағы ілініп-салынып өзі әрең кетіп бара жатқан серігіңді де жұла кетеріңді білесің. Сондықтан намысқа басып, өзгеге ауыртпалық салмай, серіктеріңді ұятқа қалдырмай, бәрін өзің жасауға тырысасың. Ал арқаңдағы рюкзак құрғыр осындай алмағайып сәттерде қас дұшпаныңдай қимылыңа кедергі жасап, бұлғақтап төмен тартатынын қайтерсің!

Итшілеп жүріп жартастың биігіне де шықтық-ау. Биігі жадағай шығар, аяқ серпіп сәл де болса тыныстайтын шығармыз деп үміттенсек... Селебедей серейген бірөңкей үшкір тастар. Алла сақтасын, арғы жағы одан бетер қорқынышты, шыңыраудай терең құз. Тым төменде, құз табанында ағара ирелеңдеген тағы бір мұздықтар көрініс берді.

Жартастың арғы бетін көргенде жүз шыдамай, жүрек лоблыды. Амал қанша, жартас биігіндегі араның тісіндей өркештенген тастарға жабысып, әупірімдеп тағы біршама жер жылжыдық. Жартас таусылған бетте арғы жағындағы қалың қардың үстіне бір-бірлеп топылдап құлай беріппіз.

Жаңағы жартас шілде терімізді шындап бір шығарған. Қардың үсті туған үйіміздей, құс төсегіміздей көрініп кетті. Мамық қардың бетінде аһылап-үһілеп алшыдан түсіп сұлап-сұлап жатып қалдық.

–Ойпырмай, өзімізді осынша қинайтындай не күн туды басымызға!?

–Әй, осыдан аман қайтсам…

–Жауға емес, жартасқа жалтақсыз шаптық-ау.

Шаршаған жігіттер әзілдеген болып іштегі қыжылды тарқатып, күңкілдесіп алды.

Аздап жел тұрып, қар бетінде сырма жүгіре бастады.

–Мұзтауды қараңдар!

Бәріміз бұрылып жоғары қарадық. Мұзтауды тұмшалаған ақсұр бұлт тесіліп, қос шыңның арасындағы Седловина көрініс берді. Седловинада алапат боран, ұйтқи соғып дүниені бұлдырлатып тұр. Мұзтаудың маңайына үйірілген ақша бұлттардың әдемісін-ай десеңші. Шебер қылқаламнан шыққан дайын тұрған өнер шығармасы. Ешқандай модерннің қажеті жоқ, жарықтықтың сымбаты да, сұлулығы да өз бойында жатыр. Боран ұйтқыған Седловинаның үстінде, Мұзтаудың ұшар биігінде қара ноқаттай бір құс ұшып барады. Боранмен, бұлтпен, тұманмен таласып, бірде көрініп, бірде жоғалып самғап барады.

–Мынау бүркіт қой!

Құс көрмей жүргеніміз жоқ, содан ба, Мұзтау биігіндегі бұлдырай көрінген құсқа алғашқы сәтте көңіл бұрмаппыз. «Бүркіт» дегесін елең етіп, қызыға тесіліп қалдық. Осыншама биікте шарықтауын қарашы. Құдай біледі, Мұзтаудың ұшар басындағы қарайған анау жартастарға ұя салған болар. Енді, міне, ақтүтек боранға қарсы қасқайып шамырқана шырқап бара жатқаны. Қандай қайсарлық десеңші!

Бұл көрініс біздің де жігерімізді жанып, бойымызға қуат бергендей болды. Ілбіп тағы алға жылжыдық.

Бес қабат үйдің биіктігіндей кезекті бір мұз құламасынан қазық қағып, арқан тартып өтіп кеттік. Бұл мұз құлама алғашқы екеуіне қарағанда, біршама аласа әрі тайпақтау сияқты көрінген. Әлде біз де мұзға өрмелеп үйреніп қалдық па. Қалай болғанда да, ендігәрі жартасқа шығудан сақтасын деп іштен тілеп келеміз.

Мұз құламаның арғы жағындағы тағы бір қарлы қияны қабырғалап, алақандай ғана адырдың үстіне шықтық.

–Осы жерде лагерь құрамыз, –деді бастаушы. – Бұдан әріге сіздердің шамаларыңыз жоқ.

- Бұдан әрі атам десең аттап баспаймын.

Әбден шаршаған жігіттер қалжыңдаған боп тағы да шындарын айтып қалды.

Жондана созылған қарлы дөңнің үстіне қатарлап қос палатканы құрып тастадық. Шай қойып, жүрек жалғадық. Күн кешкіріп қалған мезгіл еді, төменде бұлдыраған жасыл әлемге қарап қойып, әңгіменің тиегін ағытыстық. Ымырт түсе қою тұман басып, бәрімізді еріксіз палатка ішіне қуалады. Артынша кесек-кесек бұршақ жауды, түннің бір уағына дейін ысқырып боран соқты. Біз жатқан дөңнің күнгейі құлама қия болатын, боран палаткамызды қияға қарай үрлеп жіберсе–сырғанап төмендегі мұздың жарығынан бір-ақ шығарың кәміл. Шүкіршілік, ешқандай оқыс оқиғаға ұшырамай, ұйқымызды қандырып, келер таңды амандықпен қарсы алдық.

***

Ертеңінде жігіттердің екеуі күркілдеп жөтеліп, суық тиіп сырқаттанып қалыпты. Бұдан арғы жүріске шамалары жетпейтіні байқалды. Осындай себепке байланысты екіге бөлініп, арғы сапарға азғантай топпен аттануға келістік. Бір палатканы, нұсқаушы бір жігітті ауырып қалған достарымызбен қалдырып, қалған топ таңсәріден асығыс жолға шығып кеттік.

Тағы да сылдыр-сылдыр шығыршықтар, қоңыраулатқан ілгектер, тақ-тұқ темір таяқ. Қысқасы, мұз бетіндегі сылбыр сапар басталды да кетті. Кей тұстарда қалың қар, омбылауға тура келді. Түндегі боран ғой үрлеп тастаған, жолын білмесең, жөнін аңдамасаң, мұндай қардың үстімен жүру қауіпті екен: астында терең құрдым жатуы мүмкін.

Сонау етектен көрінетін «Тигровая лапа» деп аталатын мұз құламаның астынан өттік. Аса қатерлі болған соң жолбарыстың тырнағына теңеп, бейнелеп айтқан болар. Турасында, бұл мұздықтың пошым-келбеті жалама беткейден ысқыра ағып келе жатқан алып кемеге ұқсайды екен. Әлемге әйгілі әлгі «Титаниктің» сүйір тұмсығынан аумайды. Егер зәудіғалам жер қозғалып, кемеге ұқсаған мынау алып мұз жылжып кетсе– атом мұзжарғышы құсап мына сайдағы қалың мұздықты қарс айырып, одан әрідегі анау жартас-тауымен қоса қақ жарып өтердей.

Жылжыған сайын жүріс қиындады. Мұздың беті кешегідей ашық емес, әр тұста бір үйілген үскірік қар. Оның үстіне мұз жарығы, ойқыл-тойқылдар көбейіп, адымды аштырмай келеді.

Дегенмен, екі күндік жүріске әжептәуір ысылып қалсақ керек, бүгін қара терге малшынып, өкпеміз көбіктеніп келе жатсақ та қайраттымыз. Ақыры үш күн бойы бойлай жүрген Катунь мұздығының басына жетіп, Мұзтаудың алқымына тірелдік. Осы тұста кешегі барнаулдық альпинистер оңға бұрылып, Берел мұздығына қарай асып кетіпті. Біз сол қанатты бетке алып, алдымен Седловинаға шығуды мақсат етіп келеміз. Дәл осы солға бұрылар тұсыңыз – расында да, албастының ойнағына ұқсайды екен. Омпы-шомпы, алшы-тәйке тұрған бірөңкей кесек-кесек мұздар, додаға түскендей асты-үстіне шығып жатыр. Оның қайсысын сағалап, қайсысын жағалап жүрерімізді білмей тағы біраз әуре-сарсаңға түстік. Әйтеуір, бастаушы жігітіміздің кәсіпқой альпинист болғаны оңды болар ма, мұздардың саңғал тесігінен өтіп, біреуінен біреуіне таутекеше секіріп, енді бірде көк мұзға жабыса өрлеп, төмендегі біздерге арқан тастап отырды. Сосынғысы, ежелгі Ацтектердің текшеленген пирамидаларына ұқсаған тағы бір опыр-топыр мұз құламасынан әупірімдеп өткенде барып сиырдың өрісіндей ғана әлдебір тепсеңнің үстіне шыққанбыз.

Тепсең үстінде қызыл сырма жүгіреді. Ақпанның қызылындай момақан көрінгенімен – ызғарлы, бет пен мұрынды шымшылап қояды.

–Лагерь құрамыз, – деді бастаушы.

– Жүре бермейміз бе... Мұзтаудың басына әлі біраз жер ғой?

–Болмайды! Ауа райы бұзылайын деп тұр. Мен сіздердің өмірлеріңізге жауап беремін. Қайтып келіп осы араға қонатын боламыз.

Мейлі, оған да көндік. Палатка тігіп, примусқа тамақ жылытып, соңынан сол примусқа шай қайнатып іштік.

Төменгі лагерьдің тұсы әлдеқайда жылы ма дедім. Күн көзі шықса болды– мұз бетінде сылдырап, жіптей созылып жіңішке бұлақтар ағып жатады. «Таудың бұлағы сәнді, көлдің құрағы сәнді» деседі ғой. Ендеше мұз бетімен жүгірген моншақтай мөлдір бұлақтың да сәнін көрдік-ау осы. Шайлық суымызды сылдыраған сол бұлақтардан жинап алушы едік. Мына жерде жентектеп жинап, қарды ерітуге тура келген.

Түс мезгілі ауып кетті. Бағанағы қызыл сырма қатая түскендей. Қайта келіп осы жерде түнейтін болғасын, жүгімізді біршама жеңілдетіп, өрмелеп тағы да жоғарыға кеттік. Аздан соң сауыс-сауыс сірескен тағы бір мұз құламасына кездестік. Дәл ортада өркештенген үш басты мұз жартас тұр, өн бойы қотыр-тесікке толы. Бұл неғып таусылып бермейтін құламалар мен сарқырамалар. Мұзтаудың басына дейін жол бермей қамалдайын қасқайып тұрғандарын қарашы!

Алдыңғы кісінің ізімен аңдап басып, бір-бірімізбен арқанмен жалғасып жүріп келеміз. Кезекті бір мұз жарығы алдымнан шыққан, үстінде көпір жасап көлденеңдеп кесек мұз жатыр. Жолбасшымыз әлгі кесек мұзды бір басып, ары аттап кетіпті: тақасының ізі сайрап жатыр.

«Масқара болғанда, осы кесек мені көтере алмай жүрмесе!»

Көңілде күдік тұрса да, тік жолмен өрлеп шаршап келе жатқаның бар, оның үстіне мына жарықтан секірер болсаң – тағы біраз күш-қуатыңды сарп етесің. Осыны ойлап, құдай сақтар деп кесек мұзға аяқты қойып аттай бергенде, салдыр-гүлдір мұздың жарығына түстім де кеттім.

– Срыв!

Арқамдағы рюкзакқа ілініп, салбырап тұрып қалдым. Аяғыммен ауаны қармаймын. Жігіттер де арқандарын тартып тұра-тұра қалысты. Көмектің барын білсең де аяғың жерге тимеген соң бойыңды қорқыныш билейді екен. Оның үстіне сезіп тұрмын, мен құлаған жарық төменге қарай кеңейіп кеткен секілді. Аяғымды қалай сермесем де тақаның ұшын мұзға іліндіре алмай дымым құрыды. Әйтеуір жан керек, не заматта тақаның ұшы мұзға шаншылған. Содан шынтақтай тартынып, еңіске қарай аунап сыртқа шықтым.

– Көрмеген шаруа еді, бұл да біткен бір іс болды, – деп жігіттер күлісіп жатыр.

Ет қызуымен алғашында байқамаппын, мұз сүңгі тіземе кіріп, бір қабат терісін сыпырып әкетіпті.

Одан арғысы – бір сағаттан артық уақыт қабырға беткеймен көтеріліп, күн еңкейген шақта футбол алаңындай үлкен жазыққа шыққанбыз.

Мұзтаудың әйгілі Седловинасы осы еді.

Біз шыққанда Седловинаның үсті ызғырық есіп тұрса да ашық болатын. Аяңдап алаңның ортасына жеткенше болмады, айналаны тұман тұмшалап алды. Кәдімгі сүттей соқыр тұман. Он метр алды-артымызда келе жатқан серіктерімізді көрсетпей тастаған.

– Жиналыңдар. Осы жерде тыныстап демалайық, – деп бастаушымыз бәрімізді бір жерге үйірді.

Рюкзактарды қардың үстіне лақтырып тастай бере, «уһ» деп үстіне отыра-отыра кетістік.

– Тер қатып ауырып қалып жүрмеңдер, байқаңдар!

Іргедегі Мұзтаудың қос шоқысы ізім-ғайым жоқ. Қос шоқы түгілі, жаңа қай жақтан келдік, енді қай бағытқа жүреміз, одан да жаңылып қалдық. Екі аттасаң терең құрдымға құлатып жіберердей айнала аппақ дүние. Мына соқыр тұманда төрт жағың бірдей түпсіз шағыл, терең шат сияқты елестеп кетті. Былайша айтқанда, жер теңгедей, аспан тебінгідей болды да қалды. Етекте отыз градус ыстық, кейбір достарымыз Қапшағайда суға түсіп, Бурабайда көлге шомылып рахаттанып демалып жатқан шығар. Анау Еуропа биылғы жыл тарихта сирек болатын аптап ыстыққа тап болып, өртеніп-күйіп жатыр әнеки. Біз болсақ әлдебір жұмбақ әлемнің, тылсым тыныштықтың ортасына тап болып, қалтырап тоңып отырғанымыз мынау. Жаңағы пысынап, терлеп шыққан екпінімізді Мұзтаудың биігі лезде-ақ басып тастады.

«Апырмай, кешегі бүркіт осы тұста ұшып жүрді-ау».

Джек Лондонның шеберлікпен суреттейтін ақ құрдымы, мұнарлы әлемі тегі осындай болар. Расында, мынау аппақ ғалам құлаққа ұрған танадай тыныштық құшағында ұйып қалыпты: демін ішіне тартып мақау сазарады. «Неткен меңіреу дүние еді», – деп тың тыңдап тұрғанымызда, төменнен күркіреген алапат дауыс шықты... Алдымен жыланның ысқырысындай сырылдаған үн естілген. Артынша әлгі сырыл жер ойылып құлап бара жатқандай сұмдық гүрілге ұласқан. Тіпті астымыздағы Седловинаның өзі дірілдеп кеткендей болды.

– Ақкем жақтан орасан көшкін түсті, – деді нұсқаушы.

– Мұзтау қақ айырылып кетті ме десем…

–Олай демеңіз. Мұзтаудың басында тұрып ғайбат сөз айтуға болмайды.

Қалай болғанда, астыңдағы жерді қалтыратқан қандай күш еді десеңізші!

Қар көшкіндерінің орасан қуаты, қирату күші жөнінде көп жазылып та, айтылып та жүргені белгілі. Мұзтау сапарында осы жолы мынадай бір әңгіме естігенбіз... Новосибирскіден шыққан үш студент алдыңғы жылы Мұзтаудың төңірегіндегі көп мұздықтың бірінде жоғалып кетеді. Ішіндегі біреуісі ірі қолбасшы генералдың ұлы екен, генерал дереу тікұшақ жіберіп, іздеу салдырады. Сол тікұшақ Қапшалдың бойын сүзіп, кең аңғар ішімен ұшып келе жатқанда – қос қапталдан бірдей қар көшкіні құлайды ғой. Қар көшкіні болғанда, ақпанның аяғы екен, Қапшалдың қос қапталы тұтастай қозғалып кетіпті. Сондағы көшкіннің қуаты атом бомбасы түскендей әсер етті десіпті көргендер. Қапшал бойынан кәдімгі атом саңырауқұлағындай құйын көтеріліп, бірер сағат аспанда қалықтап тұрып алыпты. Ал аңғар бойымен ұшып келе жатқан тікұшақты ауаның орасан қысымы жаңқадай лақтырып, келесі сайдың түбіне атып жіберіпті.

Седловинадағы біздер Ақкем жақтағы жанағы қар көшкінін көзбен көрмесек те ғаламат қуатын бойымызбен сезіндік.

Өкінішке қарай тұманның ашылуын күтіп көп уақытымызды жоғалтып алдық.

Тұманды күн жылы болады деуші еді, бұл қағида Мұзтаудың биігіне қатыссыз тәрізді. Тегі, біздің тұман деп тұрғанымыз, Мұзтаудың басынан айналшықтап кетпейтін ақша бұлттар болар. Дымқыл ызғар денемізді тоңдыра бастаған соң, рюкзактың үстінде алшыдан түсіп жатқан біз қимыл жасап тұра бастадық. Сәлден соң балапандарын күйттеген тауықтай қағынып-соғынып бір-бірімізді айналып жүгіруге кірістік. Шүкіршілік, жарықтық Мұзтау біздің пұшайман халімізді сезгендей, бұдан әріге қинаған жоқ.

Қою тұман әлденеден үріккендей оқыс ашылып салған. Сол-ақ екен Мұзтаудың қос шоқысы екі жағымыздан, қол созымдай ғана жерден жарқырап шыға келді дерсің. Шығыс шыңның айдарынан жел есіп, аздап қар бұрқыратып тұр. Қол бұлғаған сұлудың жібек орамалы сияқты.

– Бастысы да, басқысы да – мына шың, – деп нұсқаушымыз сол шығыс шоқыны мегзеді. – Бұған шығу үшін арғы қырынан айналамыз.

Тура шығудың мүмкіндігі жоғын, оның үстіне беткейде саусап тұрған қалың қардың қаупін іштей өзіміз де сезгенбіз. Ал арғы қырын айналу тағы жарты күндік жолға ұқсайды.

–Ақкем жақты барып көрейік.

Қарды сықырлатып үлкен алаңның келесі жиегіне қарай жылжыдық.

–Мінеки, мынау ойманның жері!

Жөн білетін Манарбек етектегі ала шұбар бұлт астында мұнартқан іркес-тіркес тауларды алақанымен сипай көрсетіп өтті.

Ресей... Алтай Республикасының үлкен панорамасы айқара көсіліп алдымызда жатты.

Биіктен қарағандағы көрінісі бергі Қазақстан жақпен ұқсас. Сол баяғы сеңгірленген секпіл таулар, жықпыл-жықпыл өзектер, қара орманы сыңсыған сай-сала, терең шатқалдар, шатқал түбінде күміс жіптей ирелеңдеген үлкенді-кішілі өзендер. Көз көрім көкжиекке дейін бұлыңдай созылып, бұлдырай сіңіп кеткен.

Анау тұста Үлкен Ақтыру атты мұздық бар. Бармасақ та оқығанбыз, білеміз. Ол мұздық - Алтайдағы ең қалың мұздық саналады, қалыңдығы 350 метр деседі.

Біздің тура астымызда мұз жарқабақ. Биіктігі шақырымға созылған бұл мұз жарқабақ терең қойнаулы Ақкем шатқалына ұласады. Одан төмен – айнадай жарқырап Ақкем көлі жатыр. Ресей жақтан Мұзтауға келетін альпинистер мен туристер осы шатқалмен өрлеп, Қаратүрек асуынан асып, Кучерла өзенінің терең сайына түседі. Ол жерде Кучерла атты ұзын көл бар. Одан беріректе Дарашкөл деген тағы бір суы тастай мөлдір көл жатыр. Туристер сол арада бір түнеп, ертеңінде Катунь жотасын жалдай өтіп, Катунь өзенінің аңғарына түседі. Одан бергі маршрут тура біз жүріп өткен жолға бастайды... Яғни, Катунь мен Берел мұздықтарын бойлап шыңның басына өрмелейді.

Бірақ көпшілігі қайта қайтқанда осы Ақкемнің тік қиясымен ары қарай түсіп кететін көрінеді. Өткен жылы ақпанда ерлі-зайыпты гляциолог-ғалымдар осы Ақкем тігінен арқанмен түсіп бара жатып, тағдыр-ай десеңізші, екеуі бірдей қайғылы қазаға ұшырапты... Күн жылыда суланған арқан сәлден соң, күн суыта мұз боп қатып жылжымай қалады. Содан төмендегі серіктері дереу көмек шақырып, мұз жартаста салбырап тұрған екеуді тікұшақтың көмегімен түсірмек болысады. Жартасқа тікұшақ жақындай алмайды, қапалақтың күшті желі ана екеуін екі жаққа үрлеп, олар да ештеңе істей алмай салақтап жіпке жабысып тұра береді. Сөйтіп әуреленіп жүргенде боран тұрып, аяз қатайып, тікұшақ қайтып кетуге мәжбүр болады.

Амал қанша, ғалымдардың денесін төрт күннен соң, боран басылған шақта әзер түсіріп алысыпты.

***

Ақкем жарқабағын жағалап, қызықтап, аз-кем төмендесек деп едік, нұсқаушымыз басын шайқап көнбей қойды.

Тұман ашылған бойда біздің көңіл де ашылып салған. Бұлттан шыққан күндей күлімдей қараймыз айналаға. Бойымызды қайдағы бір, өзіміз де сырын ұға бермес нөпір қуаныш кернеген.

Көңіл құрғыр да, өзіміз де көкте тұрған соң соно-оу етекте қалған, күншіліктен көрінген Алтайдың қойнау-қолаттарына мұрын астынан кердең қарасамыз. Нағашының аулына келген жас жиен секілді елпілдеп тұрмыз. Төмендегі қойнау-қолаттардың бәрін көлеңке басып, ымырттанып қалған екен. Батар күннің соңғы шапағы биік шыңдардың басында ғана ілініп дір-дір етеді. Бұндай суретті көру екінің бірінің маңдайына жазбағанын, бұл көрініс сонысымен де таңғажайып, сонысымен де әсерлі екенін іштей ұғып, бір-бірімізге қарасып үнсіз шаттанамыз.

«Тегі, шыңға шығудың ләззаты осы шығар!»

Былайырақ барып, жер болжап жүрген нұсқаушымыз қайтып оралды. Көңілі сынық, жүзінде қобалжу бар.

– Неғып тұрмыз?

– Жылжымаймыз ба?

Нұсқаушы басын шайқап, күмілжіп төмен қарады.

– Күн суытайын деп тұр, оның үстіне кеш түсіп қалды.

– Ойбай-ау, төбесіне қол созым қалғанда қайта қайтарайын деп тұрсың ба?

– Қол созым емес, жақын көрінгенімен тауды айналамыз... алыс жол. Былтырғы оқиғаны енді сіздермен қайталауға менің қақым жоқ.

– Иә, сонда... Қожанасыр айтпақшы, сонда былтыр не болып еді?

Нұсқаушы әлденені еске алғысы келмегендей басын шайқап, ыңырана жауап қатты.

– Былтыр дәл осы жерден біздің екі жігіт шығып кеткен. Мезгіл қазіргіден әлдеқайда ерте болатын. Соның өзінде тау биігіне жеткенде боран тұрып, қайта түсе алмай, түнеп қалуға мәжбүр болысқан. Сөйтіп, қол-аяқтарын үсітіп, өкпелерін қабындырып қалаға аттанды. Артынан саусақтарын, башпайларын кескізіп, қазір мүгедек болып қалысты.

Біз анадай жерде тұрған қос шоқыға алма-кезек жаутаңдай қарадық. «Сендер сенбей тұрсыңдар ма?» дегендей, шоқының екеуінің де ұшарын бұлт қымтай бастады. Іле Ақкем жақтан лекітіп ызғарлы жел есті. Ызғарлы жел қарды ұшқындатып, арада жарты сағат өткен жоқ, ақтүтек басталды да кетті.

Осы сапарға шығар алдында, бірде бәріміз Мұзтау жөнінде кеңесіп отырғанда Сауытбек айтқан, көңілді күпті қылған бір сөз есіме түсті. «Өзге халықты білмеймін, - деген Сауытбек, - біздің қазақ ырымында қасиетті таудың төбесіне шығуға болмайды деседі. Төбесіне шығу - төбесін таптағанмен бірдей... Ойланыңдар!»

Соны енді ойлануға тура келді.

«Турасында, о бастан мақсат қылғанымыз осы Седловина еді ғой. Кәсіби альпинистер жаңағыдай жағдайға ұшырап жатса, бізге не жорық»- деп көңілді демеген боламын.

Тағы бір әзәзіл ой қолтықтан су бүркіп, айтақтап алаңдата береді.

«Үш күн жүріп, дәл иектің астына келгенде төбеге шықпағаның қалай!?»

Біздің екіұдай күйде ұйлығып тұрғанымызды білгендей боран да ысқырып, қатая түсті. Бір қызығы, ысқырған боранның арасынан тура төбеміз бір сәтке ашылып, көкпеңбек аспанды көріп қалдық. Көк болғанда тұздай көкпеңбек. Аспанның әдемілігін бағана неғып байқамағанбыз. Тоқымдай боп көрінген көк аспан көңілге үміт тастап көрінді де жоғалды.

Қар ұшқындатқан боранның екпіні қатая түсті.

– Түнге қалмай лагерьге жетіп алуымыз қажет.

– Сөйтеміз бе?

Нұсқаушы таңғалғандай бәрімізді көзбен сүзіп өтті.

– Мына боранда сіздерді лагерьге аман-есен апара алам ба деп қорқып тұрмын.

Солай деді де, өзі батыл бұрылып, адымдай басып жүріп кетті. Бәріміз де арқанмен көгенделген жандар емеспіз бе, қайтеміз, соңынан томпаңдап еріп жүре бердік. Жүре берген кезде мен оқыс сүрініп, етбетімнен құлап түстім. Шүкіршілік, жалтыр мұзға емес, кешелі бергі жауған қардың үстіне етбеттей жығылдым. Бетім қарға көміліп кетті... Қар жұп-жұмсақ, жып-жылы сияқты. Соңымнан жеткен Манарбек қолтығымнан демеп тұрғызбақ еді:

– Сәл жата тұрайыншы! – дедім оған.

Манарбек көзі жыпылықтап:

– Жараланып қалған жоқсыз ба? – деп бәйек болып жатыр.

– Жоқ... Қазір тұрамын!

Орнымнан ауыр көтеріліп, кетіп бара жатып та «жап-жазық жерде сүрінгенім қалай», – деп ойладым. Қалай болғанда да Мұзтау өзіне дұрыстап тағзым жасатты. Менің де киелі тауды айқара бір құшақтағаным осы шығар тегі!

***

Лагерьге қараңғыда жеттік.

Анау биікке қарағанда біздің палатка тұрған жер әжептәуір ықтасын екен. Бәрібір Мұзтаудың ызғар лебі бұл жерде де анық сезіліп тұрды.

Жүрек жалғап, бой жылытқан соң былайғы әңгімеге зауқымыз соқпаған. Мұрттай ұшып шаршаған екенбіз, палаткаға кірген бойда бәріміз қатып ұйықтап қалыппыз.

Таңғы бесте тұрамыз деп уағдаласып едік, жетіден өте бірақ ояндық. Ендігі ауқатты төменгі лагерьде ішетін болып, апыл-ғұпыл палатканы жығып, жолға жиналдық.

Төмендегілер екі көздері төрт болып, бұқтырылған еті бар макарон көжесін дайындап, бізді асыға күтіп отыр екен.

– Күн тас төбеге шықты, етекке түсіп үлгермей қалармыз, – деп қауіп қылысты.

– Олай болса жайланып отырар уақыт жоқ, асығыңдар.

– Келгендегі анау шағыл жартасқа қайта бармайықшы.

– Ол тұстағы мұз қауіпті ғой?

– Мейлі, мұзға үйреніп қалдық қой әйтеуір.

– Еріктерің білсін... Оны да көрелік.

– Апырмай, осындайда бір дельтаплан да болмайды екен, қалықтап барып анау етектегі жасыл шалғынға қона кететін.

Былтырғы жылы Римге барғанымызда қазақтың азамат қыздарының бірі, Италиядағы елшіміз Бірғаным Әйтімова асыл ағамыз, халық артисі Сәбит Оразбаевты қонаққа шақырып, сол елдің ұлттық тағамы саналатын спагеттиден дәм татқызғаны бар-ды. Меймандардың арасында Сауытбек екеуміз де бар едік. Сондағы мейрамханада жеген италия спагеттиінің дәмі әлі күнге аузымызда. Бірақ, сол итальян тағамы қарлы шыңдардың арасында, мұздықтардың үстінде ішкен макарон көжеге ілесе алмай қала ма деп қалдым. Добалдай-добалдай макарон осыншалық дәмді болады деп кім ойлаған! Әлде «көндіккенге көнектің өңезі балдайдың» реті ме?

Әлгі шағыл жартасқа қайта бармаймыз деп, тәй-тәйлап мұзбен ылдиладық. Расында да, жарқабағы мен жарығы, ойдым-шұңқыры көп қауіпті жердің көкесі осы ма дедік.

Қырық метрлік жібек арқанды салақтатып жіберіп, бір-бірлеп төмендеп түсіп жатырмыз. Мұз бен шың атаулыға қазақ қызықпағасын ба, мұндағы командалар да кілең орысша, бір-бір ғана сөзден тұрады. Өйткені, жоғарыдағы адам төменді, төмендегі адам жоғарғыны көре алмайды. Көп сөз айтып, айғайға басып мылжыңдай берсең, сырғып келіп басыңа мұз құлайды.

Сөйтіп, үш-төрт адамды түсіргеннен кейін, Қайырды досымызды жоғалтып алдық. Төменге жететіндей уақыт өтсе де, Қайырдыдан біразға дейін хабар болмай қалған.

Соңынан сұрап-білсек, төмендеп келе жатқанда оқыс тақасы тайып, мұз үңгірдің ішіне сырғанап кетіпті. Әйтеуір арқан бар, салақтай тербетіліп, ебін тауып, тақаның ұшын мұзға іліндіріп, ырғатыла сырғып төменге жеткен көрінеді.

***

Тауға шыққанға қарағанда таудан түсу қиын екені екі бастан белгілі жайт. Олай болса үш күн шыққан жолыңды бір күнде түсу қайдан оңдырсын. Оның үстіне мұз үстімен еңкеңдеп еңіске түсудің өз тәртібі бар екен, аяғыңдағы тақаның он екі тісі бірдей мұзға кірш қадалып отыруы тиіс. Әйтпесе тайып кетіп құйрығыңмен төменге шаңғыша ағасың.

Көзімізге көк шыбын үймелеткен қиындықты тізбелеп қайтейік, қара санның қарысып, тілерсектің тіресіп, ұршықтың айналып, сіңірдің сіресіп қалғаны рас-ты. Әйтеуір, тезірек төменге жетіп жығылсақ деген үміт қана түннің бір жарымына жете Ақәділдің қосына діңкелетіп жеткізген.

Ақәділ келетін уағымызды тұспалдап, етін асып, шайын қайнатып күтіп жүр екен.

– Мен сіздерді түс ауа келеді деп... Етті неше рет қайнатып езіліп кетті, шайым құсып кетті.

Әзілдеп жырқ-жырқ күледі, біз жазғанда күлетін шама қайсы: шындығымызды айттық:

– Езілсе де жейміз, құсса да ішеміз!

Ағәділ үңіліп біздің түнерген түрімізді, қабарған қабақ, түксиген иек, безерген бет, кезерген ернімізді қарап, қотырланған қып-қызыл мұрнымызды көріп:

- Бәріне де сеніп тұрмын. Мына сұрықтарыңмен сендер мені жеп қоюдан тайынбассыңдар, - деп жарқылдап тағы күліп жіберді.

Алаулатып от жағып, жанған отты күргейлей қоршап жігіттер әңгіме соқты. Әзіл мен қалжың, анекдот, ауыл айтқыштарының тапқыр сөздері... Бірінен соң бірі іліп әкетіп, тіпті күлкіден езу жиғызбайды. Таудың басында, алаудың қасында айтқан әңгіменің бәрі қызықты, бәрі жарасымды. Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келсе де жігіттердің жағалары жайлау, көңілдері шат. Байқаймын, бүгін бәрі де өзгеше ақжарқын, өзгеше мәз-мейрам мінез танытып отыр.

Қалай десеңіз де, осы азаматтар әлгінде ғана әлемнің әулие тауының бірінің биігінен оралған жандар болатын.

Ендігі қалған ғұмырларында дәл осындай оқиғаның мәңгі бақи қайталанбасын жүректері сезетіндей…

Мұзтау жақтан күркірей құлаған қар көшкінінің алапат үні естілді.

***

Қазіргі Қазақстан шекарасы Катунь жотасын жалдай сызып, Мұзтауға тірелген тұста Берел мұздығын кесіп өтеді де, Көккөл, Көксу арқылы Рахман арасанына қарай айналып кетеді.

Сөйтіп Мұзтаудың мұнартқан қос шыңы өзге мемлекеттің территориясында жатыр.

Біз шыққан биік те өзге елдің жерінде болатын.

Айтар ақиқаттың біреуісі, мінеки осы.

Араратқа аңыраған армяндардай біздің қазақ та Мұзтауға күншіліктен көз сатып қалмаса екен, ағайын!

2003 жыл.

Бөлісу:

Көп оқылғандар