Акбар Рысқұлов: Мағжаннан асқан жұмбақ ақын жоқ

Бөлісу:

19.06.2018 3961

Жуырда елордамыз Астана қаласында Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған «Ұлы дала» III Халықаралық гуманитарлық ғылымдар форумы өткен еді. Аталған форумға шетелден ат терлетіп келген танымал ақын-жазушылардың қарасы көп болды. Шара барысында Қырғызстанның халық ақыны, Қырғызстан Ұлттық жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Армысыз, Акбар мырза. Бүгінгі шараға қош келдіңіз.

– Қош көрдік, бауырым. Қазақ елінде шымылдығын түрген «Ұлы дала» атты форумға шақырту алғаныма қуаныштымын. Дала – ұлы екені рас. Ұлы даланың ұрпақтары біз екеніміз де рас. Форум ерке Есілдің жағасында бой көтерген еңселі Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр екен. Ендеше, Ұлы дала жайлы сөз қозғағанда, жасампаздыққа ұмтылған жаңа қаланы айтпай кету мүмкін емес. Өткенге зер салсақ, Түркі әлемінде осындай әсем қалалар сирек салынды. Астана арқылы Қазақстан жер-жаһанға танылды десек, қателеспеспіз. Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев Елордаға алғаш келгенде: «Астана – Қазақстанды XXI ғасырға апаратын мультимедиялық дәліз», – деген еді. Шыны керек, қазіргі таңда осы сөздің орындалғанына куә болып отырмыз. 90-шы жылдардың соңында Алатаудан шыққан ұлы көш арқаға жүргенде өзге емес, Қырғызстанның елшілігі бірінші болып осы жерге табан тіреді. Сөйтіп, 8 шілде күні Астанада Қырғызстан елшілігін аштық. Сонда бірінші рет қазақтың аспан түсті байрағымен бірге қырғыздың қырмызы қызыл туы бірге көтерілді. Бұл – үлкен бауырластықтың белгісі деп білемін.

Алғашқы жыр жинағыңыз Қазақстанда жарық көріпті. Сол туралы айтып өтсеңіз...

– Алматы қаласында тұрғанымда «Көш» деген алғашқы өлеңдер жинағым шықты. Бұл біз айтып отырған ұлы көшпен байланысты еді. Одан кейін Сарыарқада «Астана аспаны» атты жыр жинағым жарық көріп, сол атаумен екі бөлімнен тұратын поэтикалық кешімді өткіздім. Бірінші бөлімін қазақтың кемеңгер жазушысы, сол кездегі Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев ашып, өзінің ақжарма ақ тілегін айтты. Кеш барысында қазақ композиторлары менің сөзіме жазылған әндерді шырқап, көрермендерді ыстық ықыласқа бөледі. Концерт бір жарым сағатқа созылды. Қырғыздың әншілері де өнер көрсетіп, сахнаның сәнін кіргізді. Сол кезден бастап менің Астанаға деген құрметім мен махаббатым бір сәтке де бәсеңдеген емес.

Қазақтың марғасқа ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын қырғыз тіліне аударыпсыз. Бұған не түрткі болды?

– Биыл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы аталып жатыр. Екеуі де маған қымбат адамдар. Мен Мағжанның өлеңдерін, поэмаларын қырғызшалап жүргеніме біраз болды. «Аудардым» дегенім ағаттық болар. Мерекесі жақындап келе жатқан кезде қаламгер қазақ ағайындарым, әсіресе Түркі академиясы тарапынан Мағжанның басқа да шығармаларын аудару туралы ұсыныс берді. Мен келістім. Қазақ-қырғыз тілдері жақын, әрі екеуінде де ерекше бір қасиет бар. Әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері қырғыз тіліне жақын екенін аңғардым. Қазақ ағайындардың ішінен құрдастарымның өлеңдерін аударамын, бірақ ол қиындық тудырады. Ал Мағжанның дала сарынымен сабақтасқан шығармашылығы мені қызықтырады. Ақындық шеберліктен бөлек, ол кісіден тұлға ретінде көп үлгі алуға болады деп ойлаймын. Өйткені Мағжан көп мәселені қорықпай, ашық жазады. Мәселен, «От», «Алатау», «Пайғамбар», «Мені де, өлім, әлдиле» деген өлеңдерінде адам түсінбес жігер мен қайрат бар. Кейде Мағжан өлеңдерінен шошимын... Бірнеше қайтарып оқып, тылсымына тереңдеген сайын ақын жүрегінің ыстық жалынын сезінемін. «Өлім, мені әлдиле» деп қалай айтасың? Бірақ ақын қорықпай айтады. Мағжан шығармаларын қырғызшалап жатқаным ерлік емес шығар. Дегенмен, оны қырғыз еліне жан-жақты таныту керек екенін түсіндім. Ақынның:

«Түркістан – екі дүние есігі ғой

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой»,

– деген өлең жолдары бар. Мұны бүкіл Түркі әлеміне ортақ шығарма деп қабылдауға болады. Өйткені бұл туындыда тарихы тамырлас елдердің өткені мен бүгіні тайға таңба басқандай анық айтылады. Шынтуайтына келгенде, Мағжаннан асқан жұмбақ ақын жоқ шығар деп ойлаймын. Кезінде қазақтың өзі оқымай қалғаны, есімін айта алмай қалғаны шындық. Мұндай зұлматты күндер өтеді, кетеді. Бірақ Мағжан және оның жырлары жасай береді.

Форумда бауырлас Қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың есімі жиі айтылды. Шыңғыс Айтматовты адамзаттың аяулы жазушысы деуге келе ме?

– Мен әлемнің көптеген мемлекеттерінде болдым. Сонда орталық Азия немесе Ресей елінің әдебиеттанушылары «Шыңғыс Айтматов біздің жазушы» дегенге саятын пікір айтып жатады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Өйткені қырғыз жазушысын адамзат баласы жақсы көріп, шығармаларын үзбей оқып жатқаны – біз үшін ерекше құрмет. Рас, өнер адамы – ерекше жаратылыс. Оның тағдыры сан қилы болып келеді. Тарих, тағдыр, талант... Міне, осы үшеуінен шығармашыл тұлғаның өмірі құралады. Қазақ пен қырғыз ақын-жазушыларының көбісі өз заманының қиындығын көргені әмбеге аян. 6 жасар Шыңғыстан (Айтматов) бір кісі: «Әй, бала сен кім боласың?», – деп сұраған екен. Сонда Шыңғыс: «Шопыр болам», – деп жауап берсе керек. Бұл жерде шопыр деген балалардың қиялындағы асқақ тұлға ғой. (күлді) Бір жыл өтпей Шыңғыс Мәскеудегі белді мектептердің біріне оқуға түседі. Кейін әкесіне «халық жауы» деген жалған айып тағылып, түрмеге тоғытылады. Шыңғыс 14 жасынан бастап ауылдық кеңестің хат тасушысы болды. Қаралы қағаз тасып күн көргентұғын. Бұл – жас бала үшін өте қиын дүние болғаны сөзсіз. Сол кезден бастап Шыңғыстың санасы күрт өзгеріп, өмірге деген көзқарасы мүлдем өзгеше арнаға бұрылады. Жазушы болуына мұның да әсер еткені анық.

Бауырлас Қазақ жұртына айтарыңыз...

– Түркі жұртын бір жерге ұйыстыратын һәм байланыстыратын осындай игі шаралар жиі болып тұрса екен деген тілегіміз бар. Арайлы Астананың 20 жылдығы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы құтты болсын!

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР

Бөлісу:

Көп оқылғандар