Сіз «Гамлетті» көрдіңіз бе?
Бөлісу:
Мені театрға жетелеген, өзгеге де, өзіме де қойған осы сұрақ еді. Өйткені, бүгінгі замана құбыланамасы дөңгегенген тұста көркемөнердегі классикаға, «Гамлеттерге» талап та, талғам да басқаша. Бұл кеңестік дәуірден қалған шетел классикасын пір тұту синдромы, жадағай аңсау емес, керісінше, қазіргі уақыттың ішкі түйсігімен , бүгінгінің көзімен төрт ғасыр бұрын небәрі 37 жасында жазған Шекспир трагедиясының құндылығын барлау, тану, тұшыну .Осы орайда театр бізге қандай ой сорабын меңзеді? Рас, төрткүл дүниедегі секілді, қазақ үшін де «Гамлет» таңсық емес. Ұлт сахналарынан сан ұрпақ талай рет көріп өсті. Әйтсе де, қостанай театры таныс дүниенің бейтаныс сырын аңғарта алды ма? Бәлкім, бұл сауал жас театрға тым жоғары талап емес пе екен деушілер де табылар. Біздіңше, Ілияс Омаров атындағы облыстық театрдың «Гамлетті» қойғанына таңырқаудың реті жоқ. Себебі, осыдан он жыл бұрын Қостанайда шаңырак көтерді демесе, театр шеберлер мектебінен шыққан, дәстүр - дағды үйренген, актерлердің амплуасы кең, шығармашылық әуелеті шымыр ұжым. Аға буыны Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесінен түлеген, қазақ сахнасының корифейлері Нұрмұхан Жантөрин мен Қадиша Бөкееваның шеберлік сиқырына қанған, дені Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы, Тұңғышпай Жаманқұловтың түлектері. Айтсақ: Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қайыпберген мен Шаһарбану Есенғұловтар, Қабдол-Мәжит Иманов, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Балтабаева, Архат Уәлиев пен Гүлмира Уәлиевалар, Берікхан Төкенов, Ақдәмен Досанова, Шара Мүсілова, Әлімхан Мырзахан, Ақмарал Қасымова, Мейрам Жапаров, Ләззат Едресова және басқаларының өз көрермендері бар. Байқасаңыз, шығыс пен батыс, төл классика: Н.Хикметтің «Шығыстың шерлі махаббаты» мен Лопе де Веганың «Батыстың махаббат машақаты»,Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы», ұлтымыздың «Абылай хан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» «Махамбет», жауһарларын еңсеріп тастаған.Ұзын саны елуге тарта спектакль қойған ұжымды он жылға бола балаң деп баласыну ұят. Керсінше, тарлан тартқаны, беткейлі бетері бар. ( Егер құлашын кеңге сермеп, бауырын еркін жаза алмай жатса, оның қоясын әлеуметтік- материалдық жағдайынан іздеу керек)
Сонымен, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры «Гамлетті» сахналады.
Дат ханзадасы Виттенберг университетінің студенті Гамлет шұғыл шақырту алып, Эльсинор патша қорғанына келгенде сұмдық оқиғаны естиді. Корольді (Гамлеттің әкесін) туған інісі Клавдий өлтіріп, таққа отырыпты. Оның үстіне ханзаданың туған шешесі Гертруда жылы төсегі суымай жатып, жаңа король Клавдийге тиіп алыпты. Сірә, есті адам баласы үшін бұл жарық дүниедегі ең қымбат-қастерің: өзіңді туған ата-анаң, бір қаннан жаралған, ет-жүрек бауырың. Ендеше, сол пір тұтқан, сиынған-сенген тірі тұмарларыңды зұлым, опасыз дейді. Бұл түйсікке жат, ақылға сиымсыз! Қасіреттің қасіреті, қиянаттың қияпаты! Әсіресе, оқыған-тоқығаны бар, өнер-ғылымға ынтазар, жүрегін ізгі арман билеген, парасат-пайым иесі – Гамлетті есеңгіретіп жіберді. Сенер – сенбесін білмей аласұрып, жаны зілзалаға ұшырады. Драма осылай басталды.
Шымылдық ашылғанда сахна төрінде мүрде басы, қарасұр төртбұрыш қабір. Бүкіл драма дәл осы жерде өрбиді, осы жерде аяқталады. Әп дегеннен -ақ қайрауықтың ащы күйіндей музыка қасіреттің қара лебіндей ауық - ауық жаныңды қари бастайды. Гамлеттің (Нұрлыбек Кенжеахмет) мизансценадағы қимыл-әрекеті ширақ көрінді. Бірақ мағынасыз асыр -тасыр емес. Жас актер рөлді бойына сіңіруге ұмтылғанын бірден сездік. Гамлеттің жан досы Горационың (О. Бегайдаров) сөздері барған сайын тасқаяқтай қағыстырып, жан дүниесін тыным бермейді. Сұрқия сыбысты естіген бойы Клавдийден (Берікхан Төкенов) кек алуға болар еді. Бірақ парасаты, ұжданы оқыс көрсоқырлыққа жібермейді. Неде болса, алдымен шындыққа көз жеткізу керек. Тапқан амалы есі ауысқан, шалыққа ұшыраған адам кейпіне түсу. Бұл амалын Горациодан басқасына білдіру қауіпті. Жақын деп жүргендердің де сыры сезіле бастады. Айналасында ылғи аяр, көлгірсігендер. Басы туған шешесі Гертруда (Гүлмира Уәлиева), бір кездері әкесінің досы болған Полоний (Қонысбек Бекайдаров) , сүйген қызы Офелия (Мөлдір Тағаева) Осы жерде трагедияны сахналаған қоюшы режиссер, ҚР халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың актерлер таңдаудағы танымпаздығы көрінді. Отыз жасқа дейінгі кез- келген актер армандайтын күрделі образ Гамлетті жас актер Нұрлыбек Кенжеахметке бұйырыпты. Бұйырыпты дегеніміз, сөздің мысалы, дұрысы - Нұрлыбекке Ерекең (Ерсайын Т.) алпыс батпан жүк артқан.
Е. Төлеубайдың трактовкасында негізгі кейіпкерлер бар болғаны - алтау жанамасы - үшеу.Қойылымның авангардына тартылған екі желі – Гамлет - Офелия. Трагедияның шиеленісі мен шарықтау шегіндегі, біздіңше, катализаторлар осы екі образ.
Гамлетке анасының опасыздығы оның жалпы әйел атаулыға деген көзқарасына сызат түсірді. .Өмірдің қатаң сынағына әйелдер төтеп бере алмайды екен.Осылай түйген Гамлет Офелиядан суыну үшін оған қатігездік танытады.Ол Офелияны ызалы кекесінмен мына лас өмірден кетіп монастырға бар деп тепсінеді.Ондағысы бір есептен Клавдийден кек алуға жүрек түкпіріндегі Офелияға махаббаты кедергі бола ма деген қауіп.Ал Офелия таза жаны , ыстық жүрегімен екі оттың арасында қалды. Ол Гамлетті сүйді, бірақ әкесінің әлпештеген қызы,ешқашан бетіне келмеген, пір тұтып өскен. Осы жерін тәрбие көрген қазақ қызына ұқсатасыз. Мөлдір Тағаева диалог-монологтарында тым асықпай, әр сөздің мәніне, сезім қылын шертер нюанстарына қағылездік танытса, әсері күшейе түсетін секілді.
Гамлет образына ешкім дайын рецепт бере алмайды. Ол синтетикалық образ. Бес ғасырдан бері төрткүл дүниенің қоймаған театры, зерттеп жазып, қазбаған өнертанушылар мен сыншылар, жазушылар мен әдебиетшілер кем де кем. Жалпы әлемдік өнер өлкесінде Гамлет образы көкпардай таланды, жіліктей шағылды. Песьаның әдеби түпнұсқасы, кейпкерлері қилы замандарда мыңдаған өңдеуге ұшырады. Әлі күнге дейін шығарманың тегі, автордың хақы туралы Шекспирдің әруағына тыныштық берер емес.Қанша режиссер, қанша актер болса, сонша трактовкасы, сонша образы бар. Сондықтан да Ерсайын Төлеубайға пьеса неге қысқарған, Гамлеттің Елес-әкесі, Лаэрт неге жоқ, Офелия неге Гамлеттен бұрын өледі т.с.с. сауалдарды қою артық. Ал Гамлетті сомдаған Нұрлыбек Кенжеахметке деріміз: жүрексінбе, батыл бола түс. Гамлет монологы –психоанализ, ішкі иіріміне қазақы реңк берсең шырайлана түсері анық. Әсіресе оның қимыл- әрекетінде де мән бар. Мимикасында, күлкісінде, дауыс, дыбыс тербелісінде, мәнерінде. Гамлет корольдің баласы, ханзада. Бірақ соған бола батыс, ағылшын ақсүйегі екен деп қарама. Образдың ағылшындық қасиеттерінен ада болғалы ғасырлар өтті.. Оны заман аярлығына, ұжданның отына күйген, жан -жүрегі езілген қазақ жігіт дей бер. Асанәлі (Әшімов) көкеңнің: «мен егер Отеллоны, Гамлетті ойнасам, оны қазақыландырамын. Қойылымда белгілі бір детальдар ғана сол ұлттікі ретінде қалдырылып, қалғаны қазақ көрерменінің танымына икемделуі керек» дегенін еске түсір. Асекең Гамлетті ойнаудың сәті түспеді деп өкінгені, «Гамлетті ойнай алмадым-ау деген ойдың өзі менің жігерімді қамшылай түсті»- деуі тегін емес. Гамлет актердің өз бойындағы өзі де дөп тани бермейтін беймәлім күш- қасиеттерді түртетін, көзін ашатын сиқырлы образ. КСРО халық әртiсi Армен Джигарханянның: «Гамлеттi ойнау үшiн аяқ емес, бас керек»- деуінің сыры осында. Ал Владимир Высоцкий Гамлетті сахнаға шығарған жылдары жеті түнде оянып алып, Гамлет монологтарын кейде бірінші, кейде үшінші жақтан қайта- қайта айтып, діңкелеп тынады екен. Кейін ондаған жылдары бойы шығармашылық тоқырауға түскен сәттерде Высоцкий осы образға кіріп, өзіне өзі ойнағанда ғана жанына қан жүгірендей, «тірілсе» керек. Жалпы, Гамлетті сомдағандар туралы неше қилы аңыз, мифтер көп. Солардағы бір түйін, бұл образ бейнелеп айтсақ, асау,текті тұлпардай, жалынан мықтап ұстамасаң, тоңқалаң асыра лақтырып, тұяғымен езіп кетеді.
Адам зұлымдығы қайдан шығады? Ар- ұяттан безгендердің қолына билік беру, бұл бір адамның емес, тұтас бір елдің тағдырын тәлкек ету. Онымен күресе білеміз бе? Бес күн жалғанда адам не үшін өмір сүреді осы? Осындай ой жан-жүрегін толғантып, ол өзінің ішкі күшін жинай білді. Ол боркемік, күйреуік халінен сілкінді. Ақыры өзін құрбандыққа шалды. Сыншы атаулының дені оны өзімшіл –эгоист деп айыптайды.Біздіңше, ол табиғи хал, адам эгоизмі болмаса, адам адам ретінде дамудан қалады ғой.Ол өз өзін түлетті, дамытты. Құдайдың дарытқан қасиеттерін таныды. Құндылығының бірі де осы.
Спектакльдегі орталық кейіпкердің бірі король Клавдий (Берікхан Төкенов) - билік иесі. Оның билігі - тақ билігі.Тіпті демондық күші бар. Егер ол көрсоқыр, топастың қолына түссе, кесепат, психопат. Билік арсызданған сайын монолиттей мызғымас болады.Туған ағасын тақ үшін өлтіріп, жеңгесін тақ үшін қойнына салды.Әрине Берікхан үшін әдеби түпнұсқадағы бес актілі, үш жарым сағатқа ұласар трагедияны небәрі бір жарым сағатта Клавдийдің толық- қанық болмысын бейнелеу оңай түспеген. Берікханның түр- тұлғасы образға лайық. Бұл көзге ұрып- ақ тұр. Бірақ, мәселе, оның ішкі болмысында. Клавдийдің сыртқы келбеті ,қимыл қозғалысы образ табиғатына сай көрініс тапты.Таққұмарлық- магия! Осы сыры көрерменге қалай ашылды? Біздіңше, режиссер мен актер Ішкі дүниесін ширату, шымырлау керек. Сөздері жігерсіздеу. Бұған драма мәтіні жұтаңдығы қолбайлау болған сыңайлы. .Берікханның (Клавийдің) кезбе театрдың ойнын көретін сәтіндегі әшкерлену актісі әлсіз. Динамикасы тым жасанды, өткірлей түсу керек секілді.
Полоний Қонысбек Бегайдаровтың мәнерінде жоталанып, жұмырланып ерекшеленді. Корольдің көзінше жанашыр жалпақбай, бірақ екіжүзді, әзәзіл, айлакер. Қонысбек тарлан тартқан талантты актер. Ол кейіпкерінің болмысын түсінген. Образ мінезінің бітім-бітісінің штрихтарын аңғартуға ұмтылған. Әдеби түпнұсқадағы баласы мен басқаларға айтатын «Ойыңды тіліңнен аулақ ұста. Өзге пікірдің бәрін жина, өзіңдікін сақта»-дейтін Полонийдің пәлсапасының астарында адамдарға сенбеу, туған балаларына да сенбеу жатыр. Баласы мен қызының соңынан малайын аңдытып қояды. Патшайым мен баласының әңгімесін тыңдаймын деп ақыры өлім құшады.
Гертруданың ( Гүлмира Уәлиева) мінез – құлқы, актрисаның дауыс интонациясындағы өзгеріс (жуандатыңқы) актердің табиғи сөйлеу мәнеріне ұқсамағанымен, образ табиғатымен үйлесім тапқан. Патшайымға тән мәнері жарасып тұр. Жалпы Гертруданың психологиялық қисындары: құрсағын жарып шыққан перзенті Гамлетке немқұрайлығы (әлде отыздан асқан баланың ата-анасына «жат» болатыны рас па екен) драманың соңында аналық сезімнің аяқасты оянуы, бір күйден екінші күйге оп - оңай ауыса қоятынына бір психогипноз жетіспейтін сыңайлы. Гертруда бедерсіз мінезді, бірақ ақылды әйел. Дидары мен сымбатына қарап оны опасыз әйел деуге қимайсыз. Патшайым бәрібір Клавдийдің зұлымдық торына ілікті. Гертруда өз баласының заңды тағын Клавдийге неге оңай бере салады? Таққұштарлығы ма, жоқ әлде нәпсіқұмарлығы ма? Екеуі де бар. корольдің у қосқан шарабын байқамай ішіп көз жұмды.
Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлегі Мөлдір Тағаеваның Офелиясы спектакльдегі тартымды образдың бірі болды. Офелияның бір басындағы азабы мен мазағы Гамлеттен кем түспеді. Осындай сәтте ойлайсың, актер режиссердің қолындағы саз балшық сияқты, не жасаймын, қалай жасаймын десе де өз еркі. Бірақ Ерекең (Ерсайын) тым ондай емес, керісінше, әр актердің амплуасын жақсы білетін, соған лайықты рөл таңдап ,беріп, бағын ашар анасы сияқты әсер қалдырды.
Офелия таза жаны, ыстық жүрегімен екі оттың арасында өртенді. Ол Гамлетті сүйді, бірақ әкесінің әлпештеген қызы, ешқашан бетіне келмеген, пір тұтып өскен. Осы жерін тәрбие көрген қазақ қызына ұқсатасыз.Образ шып –шымыр, қойылым темпераменті және өзегімен үндес.Сүйіктісі тәлкек етсе, әрі сол сүйіктісінің қолынан әкесі қаза тапса, қалай есі ауыспас еді. Осының бәрінен қазақ қызының басынан өткізіп көріңізші?! Шандоз Офелияның қарапайым сарай қызы емес, көкірегі арман мен сезімге толы тұлға екенін көреміз. Әйелдердің соры да қоры да менмін деп күйзеледі. Қанша қорласа да, адамның сүю сезімі бәрінен де жоғары тұр. Мөлдір Тағаева диалог-монологтарында тым асықпай, әр сөздің мәніне, сезім қылын шертер нюанстарына қағылездік танытса, әсері күшейе түсетін секілді.
Офелия - Мөлдір Әуезовтың атақты «Қарагөзін» еске түсіреді. Ұлт классигі Шекспирді аударып, оның шығармашылығына терең үңілгенін ескерсек, трагедияның мұндай төркіндестігі қисынды. Рас Офелия түпнұсқада Гамлеттен бұрын өлетін. Режиссер Е. Төлеубай Офелия қасіретін драма кульминациясына ауыстыруы қойылымның айтар ойы мен әсерін күшейте түсудегі амалы болар. Бұл жерде режиссердің бүгінгі жас көрерменнің санасы қатаң логикаға бейімділігін ескергені байқалады..Олар ұзақ елжіреу, қайғыру - күйзелуге тым еліте бермейді. Олар іс-әрекетке құштар. Бәлкім, сондықтан ба екен, Гамлеттің қимыл - қозғалысы ширақ, кей сәттерінде шалт кетеді.
«Гамлет» трагедиясының тілі жыр, ақ өлең түрінде жазылған. Мәтіннен ауытқымаудың да сәтсіз тұстары болады. Осы жолы сол сезілгендей. Әсіресе, Клавдий мен Гертруда диалогтарында.(тым көп болмаса да), Офелия монологында. Бұл жерде бір кілтипан қазақша аудармасында ма деп қалдық. Кім біледі, егер мұны Иранғайып аударса шырайланып, өткірленіп, арқаланып кетер ме деп те ойлайсың. Орыстарда «Гамлеттің» 50 ден астам аудармасы бар екен. (М. Лозинский, Б. Пастернак, А.Кронеберг, ұлы князь Константин Романов, А. Радлов және басқалары) Солардың ішінде Лозинскийдің аудармасы ең толығы, тіпті, барлық шумағынның жолдарына, үтір нүктесіне дейін нақты аударылыпты.Шекспир заманында стенографияның дәуірлеген кезі екен. Сондықтанда пьесаның әрбір сөзінде, әрбір тыныс белгісінде беймәлім сыр жатса керек.Төл аудармамызда өкінішке қарай біз мұның біреуін де айта алмас едік.
Қойылымның антуражы: декорация, әртістердің киім-кешегі, саз, би адамның қубас Йорк сүйегі (деталь) фигуранттардың қимыл - қозғалысы, түсірілген жарықтар кейіпкерлердің образын айшықтай түсудегі мәнді факторлар. Мизансценадағы көріністер тартымды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Мақсұттың төккен тері зая кетпеді.
«Гамлет» - дүние жүзі театр режиссерлерінің нақсүйері. Ерсайын тагик- интеллектуал, жаңашыл режиссер. Ол жас әртістердің өзгеше ойлау жүйесін, ішкі ырғағын сезе қояды. Сенеканың: «сөйлеп көрші, кім екеніңді білейін!»-дейтіні сияқты, Ерекең актерларын көп сөйлетіп, олардың ішкі табиғатын танумен жүрген секілді. Оған осы спектакль айғақ. Дерек бойынша Шекспир бұл трагедиясын екі қоғамдық формацияның өтпелі кезеңінде жазған. Бағамдасақ, Ерсайын Төлеубайұлы да дәл осылай екі ғасырдың әлі суып үлгермеген табы бар тұсында қойып отыр.
Зады, мұндай қойылымдарға, тіпті жалпы театрға дайындықпен барады.Тым болмаса спектаклдің аты мен заты туралы жалаң түсінігі болса да жеткілікті. Бүгінде талайдан айтылып келе жатқан көрермен мәдениетін тағы айтуымыз керек.Көбіне жап -жас қыз- жігіттер күлмейтін жерде күліп, күлетін жерде күбірлеп, қасындағы көрермендердің жүйкесіне тиетіні тағы көрдік. Бұл орайда белгілі театртанушы Әшірбек Сығай: «Сахнадағы монологтың мазмұнымен шаруасы жоқ. Бұл жерде жас көрермендердің өз тарапынан актерлерге өздерінше қолдау көрсеткені шығар. Ол үшін жастарды сөкпей-ақ қояйық»дейді де, ересек интеллектуалдардың өзі театрда өзін қалай ұстауды білмейтінін айтады. Сондай –ақ, Әшекеңнің бір ойы: « Бұл жерде актердің де кемшілігі бар. Басқа жаққа ауып кеткен көрермен көңілін даусын көтере, нық сөйлеуі арқылы актер өзіне аударуы тиіс».Түйетайлы пікір болса да, біздіңше актердің сөз мәнері, дикциялық шеберлігінің мәні зор. Қуатсыз сөзге қуат, жосықсыз сөзге жөн сөз керек.
Бұл біздің көрермен ретіндегі алғашқы әсеріміз ғана.Режиссер мен актерлердің осы қойылым барысында өзіндік сыр,ой-көзқарастары бізбен сәйкес келе бермеуі де ықтимал.
Дегенмен де, әдеби нұсқада: «Бүкіл әлем – абақты, соның ішіндегі ең жаманы – Дания», - деген ашыныс бар. Қай заманда да ең бастысы -адамдардың қиянатқа қарсы тұру, қоғам тағдырына келгенде селқостық- енжарлыққа жол бермеу.
Сыншылар мен ғалымдар Гамлет образы ХVII ғасырдағы Англиядағы гуманизимнің дағдарысы деген диагноз қояды. Ойланып, көрейікші, сол дағдарыс бүгінгі ХХI ғасырда жоқ па?
«Болу , болмаса бордай тозу» - Гамлеттің әйгілі қанатты сөзі. Болып жүргеніміз қандай, бордай тозып жүргендер қандай? Адамдар неге бір - біріне зұлымдық жасайды, құлай сүйгендер неге сатқын, билік, байлық алдында ар- ұяттың неге үні өшеді? Адамның осы бір әлсіздігі, оның ерекше қасиеті өркениеттің кемелденген сатысына жетсе де өзгеріссіз.Неге? Мәңгілік сұрақ. Гамлет жұмбағы осында. Күні кешеге дейін зерттеушілер Гамлет пәлсапасы буржуазия мәдениетінің әсері мен ескі қалдықпен күрестіңің нәтижесі деп келді. Қазір қарасаңыз, бұл күлкілі. «Болу , немесе бордай тозу» бүгінгі қоғамға да тән. Есіңізде түсіріңізші, Гамлет монологында «миым, оян!» дейтіні бар. Мидың жүрекке тікелей қатысы бар.Ал ми оянса, яғни, жүректің соққаны. Жүрек соқса алдамайды, адамның ұяты оянады. Оянған ұят қалғымауға тиіс. Ал сол қасиетті қалай танып, қалай бағалап жүрміз осы? Біздің заманымызда Гамлет бар ма, кім ол, қандай адам? Жоқ дей алмассыз.
Сіз Гамлетті көрдіңіз бе?
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ, жазушы
Бөлісу: