Мырзашөлдегі кездесулер

Бөлісу:

25.06.2018 8260

Димекең Жызақ қаласында. Қазақтар тіккен киіз үй.

(1992 жыл, 5 қараша)

Жызақ және Сырдария облыстарының шекарасында қарсы алынған соң, Димекең нөкерлерімен Жызаққа келді. Жызақ ертең болатын Шараф Рашидовтың 75 жылдығына әзірлікте. Мырзашөл ауданы қазақша үйлер тіккен.

Дастархан басы. Бекежан Тоқсанбаев сөйлеп тұр:

-Азғантай, азғантай құйылсын! Көңіл көтеріліп отырғаны дұрыс болар деймін. Мұндай отырыстың өзінде біз құсағандардың сөйлей беруі де қиындау. Оны жақсы түсініңкіреп жәрдем беріңіздер, көмектесіңіздер.

-Біз мейманбыз, - деді Т.Назарбеков.

-Былай істейік, Бегімге сөз берейік!

Бегім Серіков сөз алды да, таныстыра бастады:

-Біріншіден, Жызақ облысының мейманысыздар.

-Оны білеміз енді!, - деп қалды Төкең.

-Оның ішінде Мырзашөл ауданында меймансыздар. Сол Мырзашөл ауданы қонақасы беріп отыр.

-Оны да білеміз! Әкім кім?

-Әкім мен, атым Бегім, фамилиям Серіков.

-Ә, жақсы, бағана Димекең айтып кеткен Серіков Бегім екенсіз ғой.

-Иә, мұнда Димекең айтқан екі Серік бар.

-Дұрыс.

-Әкім – мен, республикадан, мынау Артықбай Үкібаев, Өзбекстаннан. Ал мына Бекең Тоқсанбаев – біздің елдің ақсақалы. Мына отырған жігіттер, сіздерменен бірге келген. Ахаттан бастап, мына Эльдар, Эльдардың достары. Мына отырған біздің жігіт - Қарсыбай Батанов – Жызақ облысындағы қазақ мәдени орталығының бастығы, жаңағы Артықбайдың осындағы бөлімшесі.

-Оң қолы десейші!

-Аудан бойынша да, Жызақ облысы бойынша да мәдени орталық басшысы. Енді бізде былай өзара келісім болған. Бізге көптеген қонақтар келіп жатыр. Мырзашөл ауданына - Қазақстан Республикасы делегациясын, көршілес Шымкент облысы, Жетісай аудандарынан арнайы шақырылған делегацияны күтіп алу тапсырылған. Сондай-ақ Науаи облысы өкілдері де біздің еншімізде. Онда біздің бірқатар жігіттер күтіп жатыр. Біздер – Сіздермен біргеміз. Жетісай ауданы ертең - таңертелеп келеді. Әкімі бар - бес кісі келеді. Зауытбек білетін шығар, Малдыбеков Сыпекең шақырылған, Димекеңнің інісі.

-Білемін. Ол да бар екен ғой, - деді Димекең.

-Сол кісілермен бірге шақырылған ардақты ақсақалдар да келеді.

Дінмұхамед Қонаев өте көңілді, әңгіме қосылып, демалып, рахаттанып күлімсіреп отыр.

-Сағат бестен бастап Сіздермен біргеміз. Өзбекстанға, Жызақ жеріне, оның ішінде мына бізге, өздеріңіздің бауырларыңыздың арасына қош келіпсіз. Сіздің бұл келісіңіз үлкен бір оқиға. Екі халықтың басын қосуға, екі халықтың достасуына, жалпы барлығымызға, бәрімізге үлкен абырой болып отыр, - деп жалғады сөзін Бегім Серіков.

-Әрине, - десті көпшілік.

-Кеше Ташкентте өте жақсы пресс-конференция болды. “Узбекистон овози” газетінің редакциясында. Мен қатыстым. Димекең өте жақсы жауаптар берді. Біз халықтар тыңдап жатырмыз. Осы алған бетіңізден қайтпаңыз. Сізге үлкен денсаулық, кеше өзіңіз айтқандай, жүз жас тілейміз. Димекең кеше айтты: “Еркектің жасы - екі елу” деді.

Серіковтің өңі нұрлана қуанып, күле сөйлеп тұрды.

Күлкі, ризашылық қоштаулар естілді.

-Міне, осындағы сапарыңыз өте сәтті болсын – деп тілейміз, ертең көп кісілерге жолығасыз. Бір күн болсаңыз да, әйтеуір қуанып, шын жүректен қуатыңызға қуат, денсаулығыңызға денсаулық қосып, көңілденіп қайтыңыз, аға!

Дінмұхамед Ахметұлы:

-Рахмет!

Жақсы әңгімелер айтылып жатты. Төлепбек Назарбеков қызу әңгіме қозғап, елді күлдіре бастады. Қоғамшыл, көпшіл адам екен. Жатты жақындастыратындай турашыл мінезі бар көрінеді. Әйтеуір, ортаның гүлі бола білді. Бұрыңғы облыс, республика басшыларының кейбіреулерінің жақсы қасиеттері, адамгершілік қарапайым мінездері туралы Төкең айта бастады. Оған қосымша сөз ретінде Димекең:

-Әр хатшының өзінің жұмыс істеу әдісі болады. Бүлдіріп кеткен мынау, “… басты” кісі болды ғой, - деп Горбачевті еске алды.

Бәрі ду күлді. Димекең сөзі ондыққа дәл түсіпті.

Сөзді Мырзашөлдің мәмілегер ақсақалдарының бірі Бекежан Тоқсанбаев жүйелей бастады:

-Жасы үлкен ағамыз, мына бірге өскен, бірге істескен, өзіменен іні, бір жағы замандас, қатар дос болған Рашидовтың, Шараф Рашидовичтың мінеки, өткелі жатқан үлкен, ұлы тойына келіп отыр. Бұл енді қазақша айтқан уақыттарда, құдайы есебінде өтіп те жатқан тіршілік. Соған қазақша, қазақтың жолыменен, “ниетіңіз қабыл болсын” дегім келіп отыр. Уақытысында тізе қосып, бірлесіп, осы Орта Азия мен Қазақстанның халықтарының мүдделерін, әйтеуір, оң көздеріменен қарап, екеуі қатар, қанаттаса істеген істері елдің, жұрттың есінде ғой. Бұл ешуақыттарда өшпейтін еңбек қой, ағайын, бұл ешуақыттарда өшпейді. Мұны өшірем дегенмен де ешкім өшіре алмайды да! Оған Рашидов өмірі дәлел бола алады.

Ал енді Димекең осылай қарап шықты дегеннен біздің елдің қазағының да, өзбегінің де құлақтары қалқиып осы “қай жақтан келе жатыр”, “қай жерде келеатырмен” тұр. Өзбекстанда І миллионнан астам қазақ бар. Ал енді мынау өзбек ағайынымыз ақсақал Сізді, бізге өздері талай айтады да, болса да, болмаса да өте үлкен құрметтейді. Бізді, әрине, сізге жақын дейді, қазақ дейді. О кісінің қандас халқы дейді. Ал енді сол досыңыздың, ініңіздің Асына келдіңіз, бір ауыз лебіз білдіріңіз ақсақал, мына бізге, осы жерде отырған өзбекстандық қазақтарға – бәрімізге. Жызақ облысынанбыз деп, қазақтармыз деп отырмыз.

Димаш Ахметұлы:

-Біріншіден, сөз бергеніңізге өте үлкен рахмет. Анада өзіңіз Алматыға келіп шақырып кеттіңіз. Ал кеше Мырзашөл ауданы Әкімі Бегім Серіков маған айтты, мен оны ұғып отырмын. Сіз бармасаңыз өкпелейміз дегенді айтты маған. Ал енді соның бәрінен қорытынды шығарып, айналайын, бүгін міне жеттік, һәм бүгін келе салып, осы жерден бастап, бірталай жақсы сөз есіттік. Жаңа өздеріңіз алдымыздан дәм-тұз алып, ана шекарада қатты қолдап, күтіп алдыңыздар.

Мұның барлығына үлкен рахмет. Мен өздеріңе белгілі, 21 жылдан артық Саяси Бюрода бірге қызмет істеген Шарафтың 75 жылдық тойына келдім. Жалғыз бұл тойға емес, Алматыдан, алыстан шыққандағы ойым – осындағы қазақтарға сәлем берейін деп те келдім.

-Рахмет, - десті көпшілік.

-Ал енді, өздеріңе белгілі, басқа жерлер де шақыруда, Жетісайға да шақырып кетті. Оның барлығына қыдырып жүруге, біздердің жас та келмейді, біріншіден, төтеп бере алмайды, екіншіден, уақыт та жете бермейді. Ықыласпен шақырғандардың бәріне рахмет! Менің айтатыным:

-Шаруаларың өсе берсін, қызметтерің, үй-іштерің мықты болсын, ауырмаңдар, бала-шағаларың молая берсін! Ескі қазақтың сөзімен айтқанда, құдай тілектеріңді қабыл етсін. Әруақ риза болсын, шаңырақтарың биіктеп көбейе берсін, түтіні жоғарылай берсін! Сол үшін, баршаларыңызға рахмет, барлығымыз осы мына сусыннан тартып қояйық!

Әңгіме қызды. Әр ұлт, әр түрлі халықтардың басшылары, оларды елдің құрметтеуі, басшылыққа сайлануы туралы әңгімелер жүріп жатты. Мазмұнды, әсерлі сөздер айтылды. Өнегелі хикаяттардың шеті шығып отырды. Димекең: Мырзашөл, Жызақ атырабының Түркістан заманында қазақ билеп өткен, небір бектер келіп кеткен өлке екені туралы шет жағалап айтып отырды. Оқымысты адам бірер автордың кітабындағы белгілі ел басшысына берілген мінездемені жанамалап айта кетті. Соған орай:

-Жызақ облысының Әкімі қазақша оқыған. Сарыағашта мектеп бітірген, - деп іле сөз қосты Бекежан Тоқсанбаев.

Димекең:

-Фрунзенің Рысқұловты мақтап “Своебразный, умный, бірақ шатағы көбірек” деп жазғаны бар. Рысқұлов одаренный адам. Бөле – жарған ештеңесі жоқ.

-Үлкен кісіге кішкентай рюмке болыңқырамай отыр. 200 грамдық бермейсіңдер ме? – деп інісі Төлепбек Назарбековке қарап әзіл тастады Димекең. “Тосты жалғастыру қажет” деген ымды түсінгендей асаба Бекежан Тоқсанбаев:

-Дәмнен алып отырыңыздар. Сөз де беріп тұрайық. Өзі академиктерді басқару қиын болады екен. Мен Сүлейменов деген академиктің бір отырысын басқарып қалдым.

-Сұлтан, - деді Назарбеков танитынын білдіріп.

-Ол маған ауырлау болған. Ал енді Димаш Ахметовичпен отырған отырыста, бір жағынан менің талантым ашылып келе жатқандай жақсы отырмыз.

Біз мынау Шымкент облысыменен қатар-қабат жатырмыз. Өзіміз сол Шымкент облысынан енші алып былай өткенбіз ғой. Шымкентке барғанда өзіміздің қара шаңырағымызға барғандай көңіліміз көтеріледі, өседі. Шынымызды айтсақ, өз жерімізге, өскен жерге, елімізге келдік деп тұрамыз. Ал енді, біздің сонау Қазығұрттан ары қаншама ел жатыр. Үлкен ақсақалымыз әдейі келген соң, Қазығұрттан арғы қаншама елдің сөз ұстары келген соң, айта кету керек, бұл кісінің үлкен еңбегі бар елімізге, әрине, біз мынау Сыр бойында жүрміз, мұны әрдайым еске аламыз өзіміз. Енді мынау дастархан басында бір ауыз сөз айтыңыз, тілек білдірсеңіз дейміз, Төке, Төлепбек ақсақал!

-Үрімкең кішкентай ғой, - деп орнынан Төкең әзілдей тұрып келе жатыр еді, Бекең асаба:

-Өзімізге де екі жүз грамдыққа құяйын деп жатырмын, - деп қалды.

-Мен 200 емес, 300 құйсаңыз да ішемін, - деп іле-шала жауап берді қаны қызу Төкең.

-Не айтамыз, бәріміздің келген себебіміз белгілі, мынау ардақты ағамызбен бірге Шараф Рашидовтың 75 жасқа толуына арнайы шақырылғанбыз. Осы кісінің тапсырмасымен – бірге жүрген адамбыз. Біз үшін осындай қазақтың ардагер ұлының қасында жүру - үлкен қуаныш, үлкен бір мәртебе, зор бақыт. Ертең құдай өмір жасты берсе, немере, шөбере көрерміз. О ата, қайда болдың? – десе, Димаш Ахметовичтің қасында болдым, сол кісімен дәмдес-тұздас болдым. Сол кісімен бірге Өзбекстандағы ағайындарға бардым. Өз басым ғана емес, көпшілікпен, өздеріңізбен, ағайын, туысқан, бауырлармен болдық деймін. Құдай қаласа, нәсіп болса, шаршамай, денсаулық болса Шараф Рашидовтың 75 жылдығына барамыз деп еді, құдай тағала аумин деген екен, міне, келіп отыр.

Жігіттер, менің түсінуімше, абыройды, атақты болсын, адамгершілікті, тәлімділікті болсын елге, бір адамның маңдайына бәрін үйіп-төгіп тағдыр жазбайды.

Ал бұл кісіге тағдыр соны жазған. Адам жоқта біз де адам боп елде бір аудандық басқардық. Соған да бөркіміз қазандай болады. Бір Қазақстанды - 25 жыл, Совминді қосса - 42 жыл басқарған адам, осы бүгін қасымызда ешнәрсе демей-ақ отыр.

Ал екі жыл бір ауданды адам жоқта басқардық деп біз де қолтығымызды көтереміз, - деп Төкең өзі де күліп алды. Басқалар да сөзіне бас шайқап күлді.

-Сондықтан не айтамыз. Менің қуанатыным сол – бұл кісілердің қасында жүрмін. Шырағым, қазақта мақал бар. “кісі болатын кісінің, кісіменен ісі бар, кісі болмайтын кісінің кісіменен несі бар?” деген. Димаш Ахметович, Сұлтан ағамыз отыр қасында, қала берді екі жыл аудан басқарған мен де бармын. Міне, осы ардақты кісілер келіп отыр. “Сұңқар тойғанына семірмейді, орғанына семіреді” жігіттер. Жаңа бір әңгіме боп қалды ғой “аудан қонақасы беріп отыр” деген. Кімдікі болса оныкі болсын, анық білмей отырмын. Дәл осындай шығын шығады, бір аптада қалпына келеді. Алла-тағала орнына өзі келтіреді. Құдай-тағала бергенге береді, осы шығының қалпына келеді. Құдай-тағала берем десе табады. Берем десе құдай-тағаланың беретін жақсылығы да көп, қинаймын десе құдай-тағаланың жіберетін бәлесі де көп. Сондықтан, жігіттер, тойсақ тоба қылайық, елдің бірлігін ойлайық. Құдай-ау, бір-бірімізге “сенге” бармайық, “сізбен” тоқтайық. Ұзақ өмір тілеймін, үлкен бақыт тілеймін, шырағым. Сен жаман күтпейді екенсің. Мен жақын жерден - Шымкенттен жиі келетін боламын, - деді Бегім Серіковке қарап күліп.

-Сіз келсеңіз, біз дайынбыз, - деп жауап беріп ризашылықпен ол да күлді.

-Менде жұмыс жоқ. Мынау жеңгең айтса, “істеп жатқан жұмысың жоқ, тауып жатқан дүниең жоқ, отыра бересің бе” десе, машинама мінем де: “ой, өзбекстандағы ағайындарыма барамын” деп келіп тұрамын. Сондықтан үлкеніңе үлкендей, кішіңе кішідей ұзақ өмір, үлкен бақыт, үлкен денсаулық тілеймін. Ал енді Шараф Рашидовты ақтау еңбегі үшін - Президенттерің Каримовке аппақ шашымды иіп, тәжім қыламын. Бұл - Шараф Рашидовты ақтау емес, ұлы өзбек халқын ақтау. Өзбек халқына түскен дақты жуу деген сөз. Бұл - үлкен азаматтық, батырлық.

-Ой рахмет.

-Сондықтан, ол кісіге ұзақ өмір тілеймін. Қасиеті бар адам екен, үлкен бақыт, зор денсаулық тілеймін. Ал енді біреу айтқан екен: “Абылайдың асында шаппағанда, әкеңнің басында шабасың ба” деп. Димекең келгенде ішпегенде қай уақытта ішесіңдер? - деп отырғандардың қолтығына су бүркіп қыздырып, көтермелеп жіберді. Алды-артын ықшамдап, әдемі әңгімені өнеге бере аяқтады. Димекең де әлгі сөзге қатты күлді. Жұрт та қосыла ду күлді.

Әртүрлі әңгімелер айтылды. Назарбеков көп сөйлеп отырды да, бейнефильм түсіріп жүрген жігітке арнап:

-Мына Димекең келді, келуін пайдаланып біз де түсіп қалдық, біраз жерге. “Сізді видеодан пәленшенің үйінде көрдік” дейді, менде жоқ сол видеокассета.

-Мен де, көрдім Сізді, - деп Бегім қоштады.

-Солай ма?

-Сендердің қазір түкіріктерің жерге түспей ауада қатып жүр ғой. Сондықтан соны екеу-үшеу етіп Димекеңнің өзіне де, бізге де берсеңдер жақсы болар еді. Сендердің қолдарың тимесе, маған берсеңдер болды ғой, апарып беремін.

-Әбізателно береміз, - деді Бекежан Тоқсанбаев. Бегім Серіков те қоштап жатыр.

“Жақсы алыпты”, “Жақсы түсіріпті” деп 8 май Жеңіс күнгі түсірілген видеотаспа туралы айтылды.

-Иә, Сіздердің керемет түсіруге де, сөйлетуге де мүмкіншіліктерің бар ғой, - деді Назарбеков.

-Ой, әрине, - деді Бегім Серіков.

-Екі жақтың ынтымағы керек бізге, - деп түйді Төлепбек қария. Соған орай Б.Тоқсанбаев айтып жатыр:

-Сіздердің осы келулеріңіз бізге бір үлкен дәреже. Елі келді, ақсақалы келді деп жатыр, қараңызшы, біздің абыройымыз ғой. Біздің бір-екі жігіттерге өзбек ағайындар жақсы әңгімелер айтыпты.

Біздің аймақ - қуаныштан жүрегі жарылып жатқан ел ғой. Қатынасып тұрған да жақсы екен ғой, Дінмұхамед Аметұлы!

Димекең, ынтымақ деген соң, сөзге араласты:

-Атын айтпай-ақ қояйын, өзбек-қазақ арасына өз қолымен сына қаққан ел басшы болған кісі, ең үлкен бәленің бәрін Ташкеннен бастап шықты ғой. Ташкентке мынау он бес одақтас республиканың бәрін жиып алған мақташылардың жиыны болды. Сонда айтты: “мына әр республика өзі шешсін, аз болғанда, бір гектардан 25 центнерден мақта берсін” деді. “Орындаймыз”, “Еш сомнение жоқ” деп бәрі шығып, сөйлеп, уәдесін беріп жатыр. Одан кейін мен шықтым: “Біз бұны шеше алмаймыз. Біз среднем береміз. Мактааральская группа отыздан артық береді, мына Түркістанская группадан былай қарата ондай өнім болмайды”. Сөйтіп ем, маған тиісіп әкемді танытты: “Сен бермеймін деп қалай айтасың, Сібірде мақта еккендей, қалайда 25-ті алу керек”. Мен айттым: “Болмайды” дедім. Одан кейін бір орыс тұр екен, залдан сол шығып агрономдық есеппен айтты:

-Қонаев дұрыс айтады, - деп.

Содан екеуміздің арамызда қыл сыймайтын тәртіп орнады ғой. Содан кетті ғой мәселенің бәрі ушығып.

Бекежан сөзді жалғады:

-Алматы жаққа барғанда БАК-ты көрдім. Үлкен Алматы каналын айтам. Судың бойы - толған мал. Бізде қаракөл, онда меринос қой болады екен. Барлығын көзіммен көрдім. Бәрі су ішіп жатыр екен. Дінмұхамед Ахметұлының кереметі деп адамдар айтып жүрді. Сізді көрсек деген адамдардың есебі жоқ, мына Жызақ пен Мырзашөлде естігендер елеңдеулі, жұртыңыздың бағы үшін жүре беріңіз. Аманшылық болса біздің Отанымызды, тұрған қаламызды, елімізді, жайымызды көріп өтерсіздер. Енді кезекті тілекті, бір ауыз лебізді Сұлтеке, Сізден есітсек. Сұлтеке, Сізді бұрын көре алмадық, бірақ сыртыңыздан әбден қанықпыз, елге қызмет істеген үлкен абыройлы кісі екеніңізді жұрттың барлығы да біледі. Міне, біздің елімізге келдіңіз. Қош келіпсіз, өте риза болып жатырмыз. Осында күтіп отырған бауырластарыңызға енді бір ауыз тілек білдіріп жіберіңіз. Біз де айтамыз, барғанда, барлық ағайындарымызға.

Сұлтан Жиенбаев сөзі әсерлі шықты:

-Рахмет ағайын, туыстар. Сіздерге көп рахмет, мынау Димекеңмен қосып мені осы тойға, Шараф Рашидовтың 75 жыл толуына шақырғандарыңа үлкен рахмет. Мен Димекеңмен 25 жыл жүрдім. Бұл кісімен бірге жүріп Шараф Рашидовпен мен де жақсы таныстым. Көп шаруамен ол кісімен бірнеше рет жолыққанмын. Мәскеуде де, Алматыда да жұмыс жағынан жолықтым. Ташкентке де келіп бір жағдаймен /жаңа айтты ғой Димекең/ кездескенбіз. Ол кісі бізді өзіне қонаққа да шақырды. Біраз әңгімелестік. Сонда менің еш есімнен кетпейтін бір сөз болды. Мына біздің Қазақстанның өз территория бойынша бұрыңғы Союзда екінші орын алады, халықтың есебі бойынша үшінші орында болатынбыз. Кейін біз төртінші болып кеттік.

Сонда мен көрші өзбек халқының қалай тез өскенін Шараф Рашидовтан сұрадым.

-Осы сіздер бізден көбейіп өсіп кеттіңіздер. Сіздер бізден кем едіңіздер. Соның себебін айтсаңыз, - деп бір сұрақ бердім. Сонда Шараф Рашидов былай деді:

-Бізде мына конституция бойынша өзбек қыздары он алтыдан, тіпті одан да бұрын күйеуге шығады, - деді. Ол біріншіден. Екіншіден, астанада, облыста, ауданда, ауылда тұратын әйелдердің барлығына да, балабақша, сәбихана бойынша жағдайды жасап, мәселені шештім, - деді. Шараф сөзінің растығын бүгінгі Өзбекстанның демографиялық жеңістерінен көріп отырмыз.

Алматымыз - қазақтың астанасы, өзіміздің мақтанышымыз. Онда істелген жұмыстың біразы мына Димекеңнің арқасы. Оны көпшілік айтып та жүр. Бірақ, Ташкентте, осы Өзбекстанда өзбек халқы үшін жасалған Ш.Рашидов еңбегі де аз емес, көп жағдай жасалған.

-О! Қош келіпсіздер! - деп Бегім Серіков дауыстап облыс әкімін дүр көтеріле қарсы алды. Барлығы есікке жалт қарасты. Облыс Әкімі бастаған жігіттер сәлем беруге кіріпті, амандасып жатыр. Димекең:

-Жақсы сөздерді естіп жатырмыз, Сіздер туралы, - деді жайғасқан соң.

-Рахмет, - деді облыс әкімі.

-Біз де сол, тілектеспіз. Келгендеріңізге рахмет, - деп бір қолымен әкімнің қолын қыса, бір қолы иығында, кіші дос інілеріне ізет білдірген Димекең:

-Шаруаңыз өсе берсін. Бақытыңыз арта берсін. Бала-шаға көбейе берсін!, - деп жатыр. Ізеттілікті өзбектен де асырып жіберді.

-Рахмет, - деп риза сезіммен күліп тұрды облыс Әкімі.

-Өзбек пен қазақтың бауырмалдығы, бақыты, байланысы үзілмесін!

Бәрі қуана қол шапалақтады. Іле-шала сөз тізгінін алған Димекең:

-Қазақ жалғыз жүрмейді, менімен бірге көп қазақ келді, мына Сұлтан Совминде зам.пред. болды, деп Жиенбаевты, Шымкент қазақтарының ақсақалы деп Төкеңнен бастап түгел таныстырды. Әкімнің орынбасары, өзіңіздей жас жігіт Зауытбек, Алматыдан келген журналист Серік, менің дәрігерім Мүліков отыр, мына балдар менің балдарым, Әуезовтың внугы – Эльдар, інімнің баласы, Әуезовтың қызы менің келінім, ал одан кейін біздің үлкен Өзбекстандағы уәкіліміз, бізді ең бірінші шақырған мына қазақ, Артықбай. Бұл кісі енді көп жұмыс істеп жатыр, тілектеспіз. қаншама қазақ келді, бәрі де бұл сізді, өзбек халқын сыйлағандықтан сәлем берейін деп келдік. Ал енді бір сөз қазір айтайық, ертең де айтамыз ғой, Шараф жалғыз өзбектің емес, мұсылман халқының уәкілі.

-Рахмет.

-Ол кісімен 20 жылдан астам қызмет істедім, қатар отырдым, өзіңіз сияқты. Келгеніңізге рахмет. Ал енді мына қонаққа қазақтың арағынан бір 200 грамм құйыңыздар, - деп інілеріне бұйырды.

“200 грамм дейді” деп, манағы сөз еске түсіп, біраз жұрт күлді. “Қазақтың арағынан” деп қойды.

-Рахмет, - дегізіп риза болдыра, өзбектен асыра сыпайы етіп, жас адамның, жаңа әкімнің өз абыройы алдында именшектемеуіне мүмкіндік жасап, жағдайды, отырысты жаймашуақтандырып жіберді. Қарапайым етіп жіберді. Ресмилікті тез ыдыратты дипломант Димекең.

-Айналайын! - деп қойды алып жібергендерге. Мына Бегім айтты: “Сіз бармасаңыз, біздің әкіміміз өкпелейді” – деді мына әкіміңіз мына кісі екеуі /Бегім мен Тоқсанбаевты көрсетті/ алдына салып айдап келді. Алматыға барып, - деді.

-Жаңағы Сұлтан аға сөзін жалғастырайық, - деді Бегім сөз қосып.

-Жалғастырамыз. Иә, - деді асаба. Жиенбаев Сұлтан – бұл кісі Қазақстанда көп жыл басшылық қызметте жұмыстар істеген. Совмин Председателінің орынбасары болып істеді. Енді әңгімені жалғай беріңіз, Сұлтеке.

Дінмұхамед Ахметұлы:

-Жаңа Шарафты айтты. Біз де қосыламыз оған, - деп бағыт бергендей, есіне салғандай болды.

Облыс Әкімі:

-Сіздерге рахмет!, - деп жік-жапар болуда.

-Иә, Шарафпен бірге қызмет істеп, дәмдес болған кісінің бірімін. Сондықтан мына шақырғандарыңа көп рахмет дедім. Ол кісінің тойына келіп өзіміздің мына туысқандармен жолығып, дәмдес болып өте қуанып отырмыз. Жаңа айтып кеттім, және айтайын. Ташкент қаласының кең қанат, жайып өзбек халқының өсуіне үлкен еңбек сіңірген адамның бірі - Шараф Рашидов екенін. Қазір міне, барлығымызға әбден белгілі болып отыр, ол кісіні мен байқадым, сол кезде осы Ташкент туралы өзі жобалаушыларды шақырып алып, мынаны салу керек, мынаны салу керек деп, өзінің адамдарын Алматыға жіберіп, біздің салған үйлерімізді байқап көріп, мамандарды Алматыдан шақырып, біздің Димекеңмен араласып жүретін.

Дінмұхамед Ахметұлы:

-Иә, бір-бірімізбен көп араластық қой.

-Иә, шынында да Қазақстан мен Өзбекстан өте үлкен жетістігімізбен аралас қатыстымыз. Оған барлығымыз қуаныштымыз. Бүгін міне Ташкентте үлкен алаңды көріп, Науаи театрында болып, біз оған өте үлкен баға бердік. Міне, біздің жігіттер де куә, оған біз қуаныштымыз. Үлкен баға бердік. Жаңа Димекең де, Төкең де айтып кетті. Біз мына Каримов жолдасқа өте разымыз. Қазіргі Президенттің істеп жатқан жұмысы, біздің елімізге, халқымызға өте белгілі. Былай баға бергенде “Бұл кісі өте дұрыс жолмен кетіп бара жатыр” деп ылғи айтамыз. Өте мағыналы, ірі жұмыстар істеп жатыр. Ал енді мына қазіргі жағдайда Шараф Рашидовтың қайтадан атын көтеріп, қайтадан өзінің орнына қоюы - жалғыз сіздерге қуаныш емес, біздерге де қуаныш. Біз соған қатты қуанып, разы болып отырмыз.

Неге десеңіз, жаңа Димекең айтып кетті: “Бұл - Шарафтың жеке өзінің атын ақтап орнына қою ғана емес, бүкіл өзбек халқының барлығын ақтау” деп, яғни тарихи оқиға деуге тура келіп отыр. Енді шынын айту керек, бұрын да айтылып жүр ғой, өзбек халқын қаралап, намсына тиіп төмендеткен “узбекское дело” болды. Соның бәрін ақтап, қазір міне оған тарихи баға берілді. Біз осы ақталуға ағайын ретінде разымыз, қуаныштымыз. Бұл үлгі - бізге де барады, басқа халықтарға да барады, - деп ойлаймын.

Қуаныш - жалғыз өзбек халқының емес, біздің де қуанышымыз деп қайталаймын. Жаңа Димекең айтып отырды. Өзбекстанда біздің көп жігіттер бұрын қызмет істеген - үлкен қызметтерде болған. Ал енді қазір де байқап отырсақ, біздің қазақ халқының І миллиондай өкілі бар екен. Сіздермен бірге жұмыс істеп жатыр, тұрмыс құрып жатыр. Біздің жігіттердің өскендерін де көріп отырмыз. Артықбай Үкібаев, Бегім Серіков, Қарсыбай Батанов, басқа жігіттерді көріп отырмыз. Оған да біз разымыз. Біздің өзіміздің қанымыз - өзіміздің халқымыздың осындай татулықта сіздермен бірге елеулі жақсы қызмет істеп, бірге тұрмысын жақсартып, шаңырағы көбейіп жүргендеріне қуанамыз.

-Орынбасарлар көп әр салада. Бастықтар болмаса да! - деді көпшіліктің бірі.

-Осы достық бұдан да былай нығая берсін. Ал енді Димекеңнің келуі, біздің келуіміз, үлкен шараға бірге қатысуымыз – біздің өзара туыстығымызды бұдан да былай жақсы деңгейге көтеріп, тағы да нығайтып алға апаруына себепші болады деп ойлаймын.

-Әрине.

-Сондықтан, өзбек-қазақ ағайындар, Сіздердің денсаулық-тарыңыз мықты болсын, аман болыңыздар, жұмыстарыңыз өнімді болсын, бұдан да былай өзбек халқымен бірге ұлғая беріңдер, біз сіздерге қонақ болып, осылай келе берейік, сендер де біздерге келе беріңдер.

-Иә, жігіттер, біз екі келгенде сендер бір-ақ рет баратын болыңдар, - деп қалды Төкең. Неге олай жарасымсыз-ақ әзілдегенін бір құдай мен өзінің іші ғана біледі.

-Бұл енді Сізге ғана тура келеді, Төке, - деп жауап беріп жатыр әзілмен Бегім Серіков.

-Иә, Еркін Тұрсыновичке бір ауыз сөз берейік. Мейман - құт деген. Осы, тура дәл дастарханға келген, - деді асаба.

Жызақ облысының Әкімі Еркін Тұрсынов кейбір қазақтар құсап орысшаламай-ақ:

-Рахмат. Мен бүгін Димаш Ахметовичті көріп, құдды Шараф аканы көргендей болдым. Шараф акамен мен он жыл бірге істедім. Бұл ақсақалдың қолын да көп алғанмын. Мен Москвада поспред боп істегенде Внуковада көп сессияға, Пленумға келгенде күтіп алғанбыз бұл кісілерді.

Қазақ халқымен біз дос едік ілгеріден. Дініміз бір, ішерге суымыз да бір, ата-бабаларымыз бірге жатыр. Қазақтың тойы өзбексіз өтпейді, өзбектің тойы қазақсыз өтпейді. Соның үшін, осы келген меймандардың саулығына, Димаш Ахметович қазақ халқының ұлы сиймосы - тұлғасы, бәрі құрмет етеді, ескілерден қалған, бізге Шараф аканың орнына қалған атамыз бұл кісі. Дайындық жасап жатқанда: “білесіңдер ме, Қонаев келеді” деп айттық. Халық қатты қуанып жүр, көңілдері көтеріңкі.

-Рас, айтты, - деп қоштады Бегім Серіков.

-Соның үшін, Димеке, Сіздің саулығыңызға, сау-саламат болыңыз. Міне, Сізбен бірге келген ортақ жолдастардың саулығына, Сіздер арқылы қазақ халқының саулығына, соның үшін, достық үшін, өзбек-қазақтың достығы үшін, меймандардың саулығы үшін ішсек…

-Рас, айтты!

-Ой, рахмат!

Бас әкелінді.

-Ой, рахмет, - деп Димекең ауыз тиіп Төлепбекке жылжытты.

Төкең:

-Зауытбек шырағым, қазақ бас, жамбас дегенде бар жақсы сөздерді айтамыз. Алдымызда қасиетті періштедей ағамыз отыр, шырағым. Бұл кісінің ықыласы түсіп маған берді, мен ықыласым түсіп, саған берейін, шырағым.

Зауытбек:

-Рахмет.

Төкең:

-Бақытты бол!

-Дұрыс, - деді Бегім.

Сөздің ауанын аңғарған асаба Бекең:

-Зауытбектің папасын көргем. Мына көрші ауданда Шардарада хатшы болды. Ел-жұртты риза қылды, - деп бастады.

-Осы күнге дейін халық аузынан тастамайды, - деді Төлепбек.

-Иә, аузынан тастамайды. Ал енді ұлы достық туралы тост айтылып жатыр. Ақсақалдың көкесінен сарқыт жеп отырсың. Бастан дәм таттың, енді облыстың басы бол, айналайын.

Зауытбек:

-Көп рахмет. Құрметті ағайын, туысқандар. Сіздерге көптен-көп рахмет.Мінеки, басымызды қосып, ағамызға құрмет көрсетіп жатырсыздар.

Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін, Димаш Ахметович. Шымкент облысына келгенде төрт күн қасында жүрдім. Бұндай кісінің қасында жүрмек түгіл, бұрын суретін көрсем де, соның өзіне тақиямды аспанға лақтыратын болдым. Бұл кісілер кетіп бара жатқанда - түс көргендей боппын ғой, сенбей де отырмын, - деп Шымкенттен шығарып салып ем. Сондай үлкен кісінің қасында отырып, бұл кісімен бірге дәмдес болғанымызға сенбей де отырмын. Мінеки, тағы жол түсті. Сол кезде: “амандық болатын болса, Төке, Зауытбек, осы командамен бірге, құдай қаласа, сол Ташкентке барамыз. Шараф Рашидовтың 75 жылдығына шақырып отыр, өзбек ағайындар!” - деп айтқан еді. Мінеки, құдайға шүкір, осыған да жеттік. Бағана Ташкентте де біраз сөздер айтылды. Көп әңгіме болды ғой енді. Осы сапардың негізгі мәселесін айтып жатыр, құдай біреу, кезек екеу дейді. Мінеки, кезек келіп, қайтадан бәрі орнына келіп, бәрін де әділеттілік жеңіп, бәрі осындай болып отыр, бұл тарихты ешкім өшіре алмайды. Тарихта, әлбетте, әділет жеңеді.

Мысалы: Өзбек ағайын Шараф Рашидовқа осындай үлкен құрмет жасап жатса, Дінмұхамед Ахметұлына қазақ халқы осындай құрмет жасауы керек. Ол жағынан біраз кемістіктер бар меніңше, осының өзі…

-Жөнделеді, - деді Төкең намыстанып.

-Әлі жөнделеді бәрі. Әлі қалпына келеді. Бірақ, Дінмұхамед Ахметовичтің бұл жерге келуі - бағана сіз айтып кеттіңіз ғой, бұл үлкен абырой, бұл - үлкен құрмет, маңызды міндет, қалыс ниет. Дінмұхамед Ахметұлы Шымкент облысына көп келетін, бірақ, көп келгенде осынау көрші аудандардан кері оралып кететұғын. Ал сіздер, мысалыға І миллион қазақ бар бұл жерде деп отырсыздар.

-Иә.

-Бұл кісілер бірақ, шет мемлекетте жүрміз деп есептеп жатқан жоқ өздерін. Бұл - өзінің ата-бабасының жері. Ал енді біз өзіміз де бүгін басқа мемлекет болып кеттік деп есептеп жатқан жоқпыз.

Қорамыз қоралас, қойымыз аралас дегендей, араласып жатқан ел. Біз өзіміз мынау Киров, Жетісай, Шардара, Мақтарал аудандарына келгенде бұл кісілермен көп араласамыз. Бегім Серікович те мысалы өзімнің туған ағамдай. Бұл кісі де қазақ-өзбекке бірдей.

Сол сияқты міне, өз ауылымызда отырғандай күтіліп отырмыз. Ал енді, мен осы тосты біздің халқымыздың ынтымағы, бірлігі кетпесін, біздің халқымыздың басынан бақ кетпесін деп аламын!

-Ой, рахмет!

Төкең бастап, өзбек-қазақ әңгімелері, өзбек-қазақ халқының ежелгі достық қалжыңдары айтылып, шақ-шақ күлкі естіліп жатыр. Енді бір сөз ретінде Төкең:

-Мен Димекеңнің қолын алғанда ілгеріде, көп жігіттер келіп, Сіздің қолыңызды алайыншы деп менің қолымды алушы еді, - деп мәз болып, бір жағы әзіл, өнеге тарата ақсақалдық әңгіме айтып отырды.

-Ол шындық, - деп қойды Бекежан, - Төкең бұрын Ақсақалға барып келдім десе, біз “жарықтық” деп қолын алушы едік.

-Төке, айналайын Төке, біз Димекеңнің қолын алуға жете алмадық, енді сіздің қолыңызды алайық. Жұғысты болсын, - деп талай адам айтты.

-Алматыға барып сізге сәлемдесіп, шақырып келгеннен кейін осы менің де қолымды алушылар да көбейді, - деп жатыр Бекежан Тоқсанбаев.

-Әй жігіттер-ай, - деп жымиды Димекең.

-Ол шындық, - деп Төкең де болар емес.

-Талай адам айтқан, - деп Бекежан да қояр емес.

-Енді өздеріңіз білесіздер, биыл мен көп жүрдім. Көп жүргенде, мына Алматы, Жамбыл, Шымкенттің әулие-пірлерінің бәріне барып шықтым. Әулиеге барып, құран оқыттым. Шынын айтқанда, жасыратын түгі жоқ оның, бәрін мен Жамбылдан бастадым. Жамбылдан өтіп, Бозжігіттің басына бардым. Аға сұлтан Бозжігіт, мына Ысты деген елден, мен Ыстыдан шығамын.

-Әулие емес пе, аға сұлтан болған адам ба? – деп Төкең сұрақ қойып еді, Димекең елең қылмай:

-Одан шешен қазақ болған жоқ. Былай айтқанда. Оның аржағынан мына Шымкентке келдік, мына Төкең, Зауытбек үшеуміз Түркістанға келдік. Қожа Ахметтің басына бардық. Онда өзі кімнің барын білесіңдер. Аржағынан өзіміздің Бәйдібекке бардық. Ұлы жүздің бабасы.

-Білеміз ғой, - деді Бекежан Тоқсанбаев.

-Оған бата оқыдық. Одан былай Домалақ Анаға келдік, одан Ташкентке келіп Төле биге құран оқыттық. Содан кейін Шараф Рашидовтың үйінде әруағына құран оқыдық.

Сонда менің айтып отырғаным – осы жерге келгенге дейін Түркияға барып, онда да біраз жерлерін көрдім, құран оқыттым. Ондағы әулиенің барлығы мынау Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті деп есептеледі екен, соның шәкірті деп айтылады екен. Онда барғаннан кейін бір қаласына бардық. Сонда бір керемет Мәулен деген әулие бар екен. Ол да Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті деп есептеледі екен, соның шәкірті деп айтылады екен. Ал енді соның мешітінде Мұхамедтің сақалы бар екен.

-Ойпырмай!

-Құдайдан тілеп, сақалына да дуа қылдық. Суретке түсіріп алдық. Одан шығып, түрік тілде сөйлейтіндердің бәрі шейх, патша дейтін кісіге жолықтық. Ол кісі мен кетіп бара жатқанда маған қалтаңа салып жүр деп тәспі берді.

Мен Алматыға келген соң, “сен Қажы боп кетіпсің” деп маған қолымнан келіп ұстағандар, қол ұсынғандар көп болды. Құран жазып берді маған әлгі шейх.

-Оһо!

-Ол кісінің аманаттап өтінгені - қазақтың баласы болса бізге жібер, мен дін оқуын оқытайын, ақшасын алмаймын, киімін берейін, тамағын берейін, үйіме жатқызайын, - деді. Оны өкімет шешер, оған біздің қатынасымыз жоқ. Бұларды айтып отырғаным әңгіме содан шығып отыр ғой. Онан кейін осы Қазекең мені күпитеді, енді әулие боп кетіпсіз деп…

-Ілгеріде, Димаш Ахметұлы, “мынау Тоқсанбаевты тексеру керек, бұл кісі - жүдә әдемі сөйлейді, мүмкін қорытпасы бар шығар” дегендерге “Мен Димекеңе шай құйып бергенмін” деймін, сенбейді. Бүгін жүдә шоқтығым биіктеп отыр, - деп Бекең Тоқсанбаев сөйлеп-сөйлеп алды.

Ғарышкер атындағы алаңда

1992 жылдың 8 қарашасы. Гагарин шаһары. Мырзашөл ауданы Д.Қонаевты қарсы алды. Музыка. Дәм-тұз. Гүл берілуде. -“Рахмет, бауырым!”, - деп күлімсірейді Димекең. Ақын Жолдас Сарманов жазған “Мырзашөл қазынаның толған жері” атты өлеңді Ерқасым Алданов орындады, “Қара бауыр қасқалдақ” әнін де қоса жұптап айтып жіберді.

-Ассалаумағалейкум! Біріншіден, біздің елімізге, біздің ауданымызға, өте құрметті тек қана Қазақстан, Өзбекстан, Орта Азия емес елімізге, дүние жүзіне аты белгілі әрі ғалым, басшы үлкен ағамыз келіп отыр. Мына келген аяғыңызға гүл бітсін Димаш аға, сау-саламат болыңыз, біздің шақырғанымызды қабылдағаныңызға үлкен рахмет!, -деп аудан Әкімі Бегім Серіков сөз бастады.

-Димаш ағаның жанында бірқатар қонақтар бар. Сол кісілерді таныстырып өтуге рұқсат етесіздер. Димаш ағаның жанындағы кісі Сұлтан аға Сүлейменұлы Жиенбаев – Димаш ағаның өзінің шәкірті, аудандық партия комитетін басқарған, Орталық Комитетте бөлім басқарған, сауда министрлігін басқарған, көп жылдар бойы Димаш ағаның жәрдемшісі болып, Министрлер Советі төрағасының орынбасары болған, қазір де, ол кезде де бірге жанында жүрген мынау Сұлтан аға - қадірлі қонағымыз. Аса қадірлі азаматтың бірі біздің жанымыздағы жолдас Назарбеков Төкең, Шымкент облысында кеңінен мәлім болып жүрген ағамыз, мен бұл кісіні сырттай көп жылдардан бері білемін, көптеген аудандардың бірінші басшысы болған, ауыл шаруашылығының жетік маманы, аймақтық басқарманы басқарған, одан бергі жерде аудандық, облыстық партия комитетінің хатшысы болған.

-Орман шаруашылығын да басқарған десейші, - деп дауыстады біреу.

-Ауыл шаруашылығы болған соң орман шаруашылығы да кіреді ғой, - деп күліп қойды Бегім мырза. “Мақтау аз болды-ау” дегендей:

-Ең құрметті ақсақал, қазір Шымкент облысы ақсақалдарының басы болып жүрген құрметті ағамыз, Төкең.

Ал енді, сондай-ақ Димаш ағамыздың жәрдемшісі, қолқанаты, хатшысы болып жүрген, керек кезінде мынау Әбдірайымов Серік болса, біздің құрдасымыз екен. Белгілі жазушы-журналист. Сол сияқты Димаш ағаның қасында қолқанат болып жүрген өзінің дәрігері Ахат Мүліков те осында қонақтармен бірге келді.

Мына сыпайы жігіт Қаражан Әбләзімов, біздің досымыз, Шымкент облысының Ташкент қаласындағы өкілі, былайша айтқанда елшісі, мынау екі елді біріктіріп, екі елдің экономикасын, бару-келуін, сауда-саттығын жолға қойып жатқан азаматтың біреуі. Ал енді бұл делегацияны сол самолет Ташкенге қонғаннан бастап басқарып жүрген өзіміздің ініміз Артықбай Үкібаев – Еңбек Ері Қынакеңнің үлкен ұлы, Президент аппаратындағы кеңесші, осы Димаш ағаның келуіне орай өтетін шаруаның басы-қасында болып жүрген азамат, білмейтін жолдастар болса, міне, Қазақстан, Өзбекстанға бірдей еңбек сіңіріп жүрген Артықбай мынау, алдымызда тұр, танысып алыңыздар.

Димаш аға, мынау екінші қанатыңыздағы қарияларды таныстыратын болсақ, біздің үлкен ағаларымыз, ақсақалдарымыз осында қатысып отыр, оның ішінде бірінші айтуымыз керек, міне, Қынабек Үкібаев, Социалистік Еңбек Ері, бұл кісі Мырзаның шөлін соғыстан кейінгі жылдары игерген, барлық әсем жерін жасатқан кісі, сонау Гүлістан жағынан осы мынау Мырзаның жаңа шөліне дейін елді басқарып, осы жердің игерілуіне, суландырылуына атсалысып, халыққа көп қызмет істеген кісі. Сізбен жасы қатарлас, үлкен бір құрметті ақсақалымыз, бүгін осында мына көрші Ақ-алтын ауданынан келіп, Сіздің құрметіңізге қатысып отыр.

Фарыш ауданынан, Шымқорған совхозынан келген Саттар Шахабаев ақсақалымыз бен ел ардагері Шәкен Төрегелдиев те осында, екеуі де елдің жоғын жоқтаушылар, барын жақтаушылар, елімізге кеңінен мәлім адамдар.

Өзіміздің құрметті ақсақалдарымыз санатында Ардагерлер кеңесінің бастығы Николай Васильевич Некрасовты, мынау тұрған ініңіз Әбдіғаппар Сардаровты да біле түсіңіз. Бекежан Тоқсанбаевпен Алматыға шақыра барғаннан таныстыңыз, мынау алдыңызда тұрған Кемал Жүнтаев - шөлге көп еңбек еткен ағамыз. Міне осындай асыл ақсақалдармен, жастармен, халықпен кездесіп тұрмыз.

-Өте жақсы, - деді Димаш Ахметұлы.

-Ал енді, Мырзаның шөлін игеру тарихын Сіз өте жақсы білесіз. 1956 жылы бүкіл халыққа белгілі КПСС Орталық Комитетінің Министрлер Кеңесінің қаулысымен осы жерлердің игерілуі басталған. Бұл жерді игеруді өте Сіздерге белгілі кісілер қазық қағып бастап беріп кеткен. Мұстахым Біләлович Ықсанов, Эрик Христофорович Гукасов, Қасымов жолдас, мынау Шардарада тұрған Үнембаев, жобаларды жасаған басқа бірқатар азаматтар осында еңбек еткен. Бұл Мырзаның шөлінде 500 мың гектар жер игерілген. Қазір, Димаш Ахметұлы, 500 мың, яғни жарты миллион гектарда 60 совхоз құрылды, мақта совхозы, мал совхозы, бау-бақша, көкөніс совхозы құрылды.

Ал енді біздің осы табаныңыз тиіп тұрған Мырзашөл ауданында 30 мың гектер жерді игердік. 8 совхозы бар - алты мақта, бір мал, бір жүзім-жидек шаруашылығы. Ауданымызда 51 мың халық тұрады, 37 ұлт, ұлыстардың өкілдері бар. Барлық халық бір мақсатқа жұмыла еге болып, қоян-қолтық дос-жоралықпен осы жерді игеріп, ауданымыздың экономикасын күннен-күнге көтеруге әрекет жасап жатқан еңбеккер жұртымыз бар.

Бір жылда 50 мың тонна мақта, 30 мың тонна бау-бақша, жидек, картоп өнімдерін тапсырамыз. Мал шаруашылығы, аудан экономикасы өркендеген. 18 мектеп бар, кәсіптік техникум, ауыл шаруашылығы техникумы бар, жалпы мәдениетті, экономикасы өсіп келе жатқан жерге келіп тұрсыз. Халқымыздың, былайша көңіл-күйін айтатын болсақ, халқымыз өте дос, бірлікке ұмтылған, достық, ынтымақ туын қолына ұстаған меймандос ел. Өздеріңіздей қонақтарды өзбек, қазақ бір болып күтіп аламыз, бір болып шығарып саламыз. Әр жылы екі-үш мәрте той жасаймыз, көкпарға барамыз, Наурыз тойын тойлаймыз, өнім тойын тойлаймыз, ұлттық-мәдени шаралар жасаймыз. Келешекке сенімді көңілді жасап жатқан елге, Сіздің осы халыққа бір көріп сәлем беруге келгеніңізге, бұл кісілер де Сізді бір көріп, дидар ғанибет қылғаныңызға мың рахмет. Енді сөзді Сізге берем, Димаш Ахметұлы.

-Сіздерге Қазақстанда жасайтын бауырларыңыздан үлкен сәлем алып келдім. Соны қабыл алыңыздар. Ал енді сендерге жолығайын, келейін деген ойым көптен бар еді. Оған шаруамен көп уақыт өтіп кетті, реті келген жоқ. Игіліктің ерте-кеші жоқ деген, міне, аяғында сендермен қосылып отырмыз. Жаңағы хабарға қарағанда, сендердің еңбектерің күшті екен, шаруаларың мықты екен.

Ал енді менің айтатын тілегім ақ қой, - келешекте бала-шағаларың өсе берсін, шаруаларың мықты болсын, сау-саламат болыңыздар, көбейе беріңіздер. Шамаларың келгенше қызмет істеп, тұрмыстарыңды жаңартуға кірісіңдер. Мен енді бірталайдан бері қарай мына өкіметтің қызметінен кетіп қалдым. Сонда да сендердің не істеп жатқандарыңды сырттарыңнан біліп жүремін, газеттен білемін, тікелей хабарлардан білемін, жаңа да бірталай жаңалық есіттік. Ал енді біз шынын айтқанда, екі республиканың халқының барлығы аман-есендігіне қуанамыз. Ел-жұртым аман-есен, қазақтың бәрі өркендеп тұрып жатыр. Әрине, қиыншылық бар, осы кезде ондайдан шығамыз деген үмітіміз, сеніміміз мол. Қазақстан, Өзбекстанда халықтың барлығы жұмыс істеп отыр, содан шығамыз деп.

Бүгін менің мұнда келген себебім, Өзбекстанға, өздеріңе бастық болған, менің ескі досым, ағайыным Шарафтың 75 жасқа келген тойына келдім. Ал бұл тойға байланысты мынау Өзбекстанда өткен жиылыстарда сөйлестік, журналистермен сұхбаттастық, сол хабарлар өздеріңе барып жатқан шығар, өздеріңе жеткен шығар. Ал менің қысқаша айтатыным, сендерге мен тілек тілеймін: ауырмаңдар, сау-саламат болып, шаруаларың өсе берсін! Құдай тілеулеріңді қабыл етсін, Әруақ риза болсын! Мен сөйтіп батамды беріп, жолға жиналамын.

Сөздің тізгінін Бегім Серіков алып жалғастырды:

-Құрметті жолдастар! Димаш ағамыз мынау үлкен мерекеге келгені - үлкен екі халыққа, Орта Азиядағы Мұсылман жұртына абырой болды - тойды жақсы өткізді. Димаш ағамыз жақсы сөйледі, зиялы ортада қонақ болды. Жалпы барлығы жақсы дәрежеде өтті, жолдастар. Халықтың алдында біз де кішкене хабардар етіп айтып қояйық. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрыптарымыз бар, дәстүріміз бар. Қонақ келсе, сый-құрмет қылуымыз керек, мынау Димаш аға күтіп алынды, енді Сіздің рұқсатыңызбен мынау отырған қаракөз халықтың атынан, ақсақалдарымыздың атынан, жастарымыздың атынан, осында қызметте жүрген бүкіл халықтың атынан, өзбек-қазақ халқының атынан Сізге кішкене шапан кигіземіз. /Баладай көңілмен ақтарылған халық ду қол шапалақтап, келіскендерін білдіріп жатыр/.

Димаш ата:

-Әуелі топыны киіп алайын! Желдеу болып тұр, - деп күлдіріп қойды.

-Размерін де тапқан екенсің, Бегім, - деді Саттар Шахабаев.

-Размері келген екен, шапандарыңызға да рахмет!, - дей берген Димекеңе:

-Енді бұл шапанмен бітпейді, Димаш аға, біздің елге келіп, енді бір ақ боз атты да мініп кетесіз, - деп тұлпар көлденең тартылды. Менің Амантай құрдасым осы жерде, ат тізгінін ұстап тұрды.

-Ал енді үзеңгіге аяғын салыңдар!, - деді қариялардың бірі.

-Ай, жануар, - деп кекілі-жалынан сипады Димаш аға. Рахмет сыйларыңа!

-Атыңыз құтты болсын! – деп жатыр Кемал Жүнтаев қария.

-Қабыл болсын!, - дейді Ілекең Омаров ақсақал.

Мен бірер сөз айтайын!, - деді Димекең.

-Ал мына сыйлағандарыңа рахмет, ат мінгізгендеріңе рахмет! Бірақ, мен бұл атты енді Алматыға алып бармай-ақ қояйын. Осындағы өздеріңдегі бір қызметті жақсы істеген кісіге, бір белгілі шопан ба, мақташы ма, соған тарттым мен. Соған осыны беріңдер.

Бегім Серіков:

-Қынеке, бір ауыз сөз айтып жіберіңізші, ақсақал.

-Елдің атынан! – деп Бекежан Тоқсанбаев елпелектеп микрофонды жақындатты.

Социалистік Еңбек Ері Қынабек Үкібаев сөз алды:

-Құрметті Димеке! Мен сіздің басып өткен жолыңызды, өмір-хаятыңызды жүдә жақсы білемін. Себебі, Сіздің кітабыңызды оқыдым. “Мое время” деген кітабыңызды 2 мәрте оқыдым. Совет халқы үшін 42 жыл қызмет істепсіз. Қазақстанды, қазақты бүкіл дүниеге таныттыңыз. Сіздің екі иығыңызда екі періште бар. Сізді бүкіл ел сыйлайды, ел сыйлаған адамды құдай сыйлайды дейді. Сізді Алла-тағала сыйлайды. Соның үшін халқымыз Сіздің құрметіңізге мінеки келіп, Сізге сәлем беруге барлығымыз, осы екі облыстың адамдары жиналып қауышып тұрмыз. Біз Ақ-алтын ауданынан келдік, Гагарин қаласындағы халықпен бірге Сізге көптеген тілек білдіреміз.

Қазақта Баба-ата деген өткен екен. Баба-ата деген кісі 110-ға келген екен. Димеке, сіз сол 110-ға келіңіз, Сіздің жасыңыз ұзақ болуын тілеймін.

-Баба-ата 110-ға келген екен ғой, - деп таңданды Бегім Серіков.

-Ия, - деді Артықбай Қынабекұлы.

-Аспанда бір Темірқазық деген жұлдыз болады екен. Бұрынғы уақытта асфальт жоқ, жол жоқ уақытта адамдар темірқазықтың жұлдызыменен бірге жүрген, сол айнымайтын жұлдыз екен. Сіз біздің келешектегі жастарға, жұлдыз Темірқазықсыз. Сіздің басып өткен жолыңыз, тура аспан жолы - асфальт жолдай. Сіздің кітабыңызды оқыған адамдардың барлығы Сіздің жолыңызбен, Сіздің қызметіңізді түсініп мақұл көрсе, түсінсе, сол адам жақсы адам болады.

-Дұрыс айтып тұр.

-Сіз бүгінге дейін дүние жүзіндегі талай халықты көрдіңіз. Көп жасағаннан сұрама, ақылды, көпті көргеннен сұра деген. Сіз бүкіл дүниені барып көріпсіз. Сізде ешқандай арман жоқ. Келешекте дүниенің қызығын, енді 75 жыл істедіңіз ғой, бұяғында 30-35 жыл, ай-хай, сол дүниенің қызметін, қызықшылығын көріңіз.

-Ай-хай! – деп жіберді Бекең.

-Ай-хай! – деп ду қол шапалақтап қолдады халық бұл тілекті.

-Мынау Қынекеңе сөз бергендеріңе рахмет, айтқан жылы сөздеріңізге рахмет. Менің айтайын дегенім: Осында жастар тұр, кәрілер де тұр, екі жол қалды. Мен жетпіске келгенде, үлкен бір шал бата беріп:

Желгізіп жетпіске кел,

Секіртіп сексеннен өт.

Тоқсанда тоқтама,

Жүзге барғанда қараймыз! - деген еді деп өмірге құштар, әзілге құмар қалыпта күліп тұрды Димаш аға. Халық күлді, шулап қолдап кетті сөзін.

-Өте бір зиялы ақсақалымыз Сізге бата бермекші, - деді Бегім де күліп.

-Ілияс Омаров деген ақсақал. Қадірменшілігі зор, білмейтіні жоқ, қажыға барып келген.

-Менің зор жиенім болады бұл кісі, - деді Бекежан Тоқсанбаев масаттана.

-Бата беріңіз!, - деді Бегім.

-Қажеке, батаңызды беріңіз! – деп Димаш аға қол жайды.

-Батаңызды беріңіз, қажеке!, - десті жұрт.

-Ассалаумағалейкум! Уа Рахматулла-һи уабаракату! Жиылған жамағат! Мына ақсақалымыз - Қазақстанның ең бірінші ақсақалы болып осы күнге дейін сексен жасқа кеп отыр. Мен де сексендемін, әзір. Менің құрдасым екен.

-Ай-хай – деді Бекежан Тоқсанбаев.

-Құрдас екен ғой! – десті көпшілік /Ырзашылық күлкі естілді/. Мен де көп жасағым келеді ғой, бұ да көп жасай берсін деп ақ тілек беремін енді. Яғни жақсылар, бәріңіз, хаммаларыңыздың жастарыңыз ұзақ болсын, істерің оң болсын, жақсылық мол болсын, қазақтың аты-намынан жақсылық тілейік. Заман тыныш болсын. Көп айтқанмен ақ тілектен артық сөз жоқ. Аллаһу акбар.

-Енді қалтама қол саламын, - деді Ілияс қажы.

-Қалтаңа қол сал, – дейді Бекежан Тоқсанбаев сырын білетін кісідей.

-Енді мынау, Меккеден әкелген тақиям бар еді, тәспім бар еді, осы тәспімді, тақиямды берейін.

-Ой, рахмет!, - деді Димаш Ахметұлы.

-Рахмет! – деп қалың жұртшылық ду қол шапалақтады.

-Ал енді былай болсын. Мұныңызға рахмет. Ал енді мына неден алып келген, - деп Димекең де қалтасына қолын салып еді, жұрт ду күлді.

-Жақында Түркиядан келдім. Сол жердің әулие жерінен баяғы, Мұхамедтің сақалы жатқан мешіттен әкелген тәспіні Сізге беремін.

-Оһо! – деген ризашылық күлкілер, қол шапалақтаулар естілді.

-Сақалыңызбен!

-Пайғам бардың мешітінің тәспісі!

-Енді 150 жасайсыз, Ілияс қажы! – деп шуылдады халық.

Бегім:

-Қалтасында дайын тұрғанын қарашы, - деп ырза болды, - Ілекең ғой дайындап келді, ал Димекең сезімтал, ақылды адам, білгендей-ау, алдын-ала салып келген бе?

-Ал, жолдастар, алайық, енді бәріміз Димаш Ахметұлымен суретке түсеміз, - деді Бегім. Бәріміз рет-ретімен суретке түсеміз.

Халық ақсақалдың қасына лап қойды.

-Барлықтарыңыз бірден келсеңіздер болмайды. Кішкене тәртіп сақтаңыздар, - деп Бегім ескерткенмен, халықтың ықыласында шек болмады. Жапа-тармағай қасына жақындап шапанының етегінен тәу етіп, балаларының басынан сипатып жатты, алық. Жымиып күліп ризашылықпен атқарып тұрды, жарықтық. Жүзінен иманы төгіліп, әсемдене нұрланып, шаршағанын ұмытып, халқына қолын созады, халқының құрметті, отты ыстық құшағында тербеліп, теңселіп, толқып тұрды. /Қуанған мен қорыққан бірдей екенін дәрігер Мүліков қана қалтқысыз сезініп тұрған шығар. Димекеңнің жүрек соғысын, қан айналысын қолмен ұстағандай жылдар бойы біліп жүрген/. Қарапайым халық оны қаперіне алар ма? Қонаевымен бірге қуанысып, шаттанысып жатты.

Суретке түсіп болған жұрт Қонаев бастап алаңнан жаяулап өтіп, “Целинник” мәдениет сарайының ішіне енді. Домбырашы Шағдар Ақылбеков күй тартып қарсы алды. Шертпе күй, өтпелі күй, өмірдің мәңгі еместігі, қысқалығы туралы өкініш күй, жұбату күй, құм елінің күйпазы Ақбала Жанғабыловтың - нағашысының күйлері.

-Аз да болса ән-жыр тыңдаңыз!, - деді Бегім Серіков. Автоматтың аузынан ағытылған кезексіз оқтай, домбыра шегін екпіндете қаққан қағыспен термелете арнау өлең басталды:

Көмейден көп ақтарған алғыстарын,

Ағайының күтіп алды – алыстағың.

Шараф ата тойынан шаршамай-ақ,

Мырзашөлге келдің бе, арыстаным!

Ай - ей - һей - һей!, - деп аласұрып тұрған айтыстың ақ бөрісі атанған Бөрібай Оразымбетов екен.

-Арыстаным, - дейді деп қоштады Зауытбек Тұрысбеков. “Еліңнің басын ұста шашыратпай”, - деп жалғап жатты Бөрібай.

-Батаңызды беріп кетіңіз! – деді Тұтқабай Тұрсынбаев ырымдап.

-Ой, рахмет!

-Ой, молодец! – деді Дінмұхамед Ахметұлы. Ақсақалдың назары Бөрібайға ауғанын көріп:

-Дінмұхамед Ахметұлы, Қасым Аманжоловтың 80 жылдығында Ақ боз ат мініп, бірінші орын алған, Қарағандыға барып! – деп дауысы көтеріңкі шықты Бегімнің. Мақтаныш сезімі кеудесін кернеді Бегімнің.

-Ой, айналайын! Жарайсың!

-Тағы бір ақынымызды тыңдайық.

-Тыңдайық!

-Ассалаумағалейкум Димаш ағам!

-Мырзашөлдің бар халқы ырза саған!, - деп Темірхан бастады. Орта Азия мен Қазақстан бахшы айтыс ақындары жарысының жүлдегері Темірхан Әліханов еді бұл.

Мәскеудің алдында да жасымаған,

Аман-есен жасай бер, асыл Адам!, - деп жалғастырып жатты.

-Бөрібай бата сұра!, - дедім мен. Ақын тоқталған жоқ.

Өзімнің де жайымды көрің деймін,

Мен неге жырың болып өрілмеймін.

Бегімдей қасқалдағың күтіп тұрса,

Неге бұл толғанбайды, Бөрің деймін.

-Ой! Жарайсың!

-Өзіңіздей асылдар пір тұтарым,

Ойлы сөзді қамтуға ұмтыламын.

Қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркіменім,

Мәңгі бақи болсын да ынтымағың.

-Ой! Жаса! Дұрыс!

Қазақ, қазақ болғанда арғымақтай,

Алдыңызда жанайын бір жасын оттай.

Билерім, төрелерім, әкімдерім,

Еліңнің басын ұста шашыратпай, -

-Қатырды!, - деп Бегім Серіков риза болып күлді.

-Көріп алдым мінеки атамды да,

Мынау шөлде шырылдап жатамын ба?

Шөлдеп жүрген Мырзаның даласында,

Бұл балаңа беріп кет батаңды да.

-Ой, рахмет.

-Ой, молодец!

Дінмұхамед Ахметұлы көпшілік жастарға қарап Бөрібайды қасына алып бата берді.

Темірхан: /ел алғысын өлеңмен білдіріп, іліп әкетті/.

-Ассалаумағалейкум, Димаш ағам!

Халқыма қадірменді, сыйлас адам.

Елім деп Мырзашөлді құрметтесең,

Ол бүгін көрсетеді сый да саған.

Халықтар еңбегіңді бағаласа,

Ел-жұртың мәңгілікке ырза саған-ай.

Жасынан ғылым жолын баққан ағам,

Ешкімнің ала жібін аттамаған.

Елімде еңбек қылып жарты ғасыр,

Кеудеге үш жұлдызын таққан адам.

Еш жерде қазақпын деп айта алмайды,

Өзіндей арыстарын мақтамаған.

Ырза жұрт дуылдата қол соғып, шуылдап кетті.

-Еліме өнер, білім, азығы деп,

Қағылған елдің алтын қазығы боп.

Желге ұшқан желтоқсанда жастар үшін,

Димеке, титтей де бір жазығың жоқ.

Қашанда биікпін деп тасымаған,

Мәскеудің алдында да жасымаған.

Басына сексен шыңның шығып тұрсың,

Жүз жаса, ел-жұртыңмен асыл ағам.

-Ой, жарайсың! – деді Бегім Серіков.

-Ой, молодец! – деді Димекең Қонаев.

Меймандос ел дастарханында

Мырзашөл қазақ ауданының Әкімі Бегім Серіковтің үйінде домбырашы Шағдар Ақылбеков күй тартып отыр. Көңілді күй. Қонақтар жайғасып жатыр. Әсем үстел, дастархан басы. Қонақжай шаңырақтың кең залы. Күй ойналуда.

Асаба Бекежан Тоқсанбаев сөз бастады:

-Димеке! Міне біздің - Мырзашөл ауданының орталығында, Бегім Серіковтің отанында, арамызда отырсыз. Бәріміз де Сіздің келгеніңізге қуаныштымыз. Ел де қуанышты. Ақ түйенің қарны жарылып, қуанышпен күтіп жатыр елдің, жұрттың барлығы. Кешегі Жызақтағы отырысымыз мағыналы қызық болды. Бүгінгі отырысымыз одан да тәтті, әрі мазмұнды, әдемі көрініп тұр. Өйткені, мұнда бір қатар кісілер келіп қосылып отыр. Бірқатары келіндермен келген.

Бөрекең, Бөрида Тоқбергенов келіп отыр. Осы Мырзашөлді игеруші, ең үлкен игеруші азаматтың бірі болған, осы отанның құдасы, Киров ауданынан келген Қазақстан Жоғары кеңесінің депутаты. Осы отырысымызға өте әдемі көрік беріп отырған мына, Қынабек Үкібаев – Сыр өңірінің үлкен ақсақалы, біз осы ақсақалдан өрбіп, осы ақсақалдан тәрбие көріп, өнеге алып келе жатырмыз. Бала-шаға ұрпақтарымыздың бәрі өзіміздей сыйлайды. Жаңағы сіз бетінен сүйген менің ұлымның атын Қынабек қойдық. Осы кісінің, әйтеуір қасиетті жолын берсін деп, ырымдап. Енді туғандарды, мінеки, Димаш Ахметұлы қадамыңызды құтты деп санап, өзіңіздің атыңызбен атай береміз.

Төлепбек Назарбеков от тигендей ыршып түсті:

-Рұқсат алдыңыз ба? Жаңағы атты қою үшін!

-Қазір аламыз, - деп Бекең саспай сөзін жалғай берді.

-Ал енді, отырысымызда және бір айта кететін жаңалық, өзіңізбен бірге депутат болған, ертеректе дәмдес болған Болсынай апайдың ауылынан келіп отырған, мынау Сәкең, Саттар Шахабаевты таныстырайын. Осы өңірде өсіп-көгерген, өнген, осы елім-жерім деп жүрген үлкен ақсақал, бұл кісін ел-жұрт біледі, - мына Ілияс ақсақал. Жаңақорғанда қиямет үлкен жиын болды. Иса болыс деген кісінің аты аталып, елдер жиналып, ас берілді. Сол кісінің жиені, менің де жиенім. Бұл кісінің баласы – Нәжимеддин. Жызақ облыстық атқару комитеті бастығының орынбасары болып істейді. Ағайын, осындай бір қуанышты күнде бірінші сөзді, - дей беріп еді, Зауытбек Тұрысбеков килігіп кетті:

-Александр Иванович Кошевойды таныстырайын. Жаңа қонақ Павлодар облысында Ертіс ауданының бірінші хатшысы болған. Сіз өзіңіз қойғансыз бұл жігітті кезінде, Димеке!

-Қай аудан дейсің?

-Ертіс ауданы.

-О! Это самый крупный зерновой район в Павлодаре.

-Сол жерде бірінші хатшы болған!

-Надеюсь, ты должен знать меня.

-А как же, мы встречались с Вами.

-Мына балаңыз Сыздықов – сол ауданның қазіргі Әкімі, халық депутаты. Бұл кісінің папасын білетін шығарсыз. Бірінші Май ауданының бірінші хатшысы болған.

-Бұл кісілер қашан келді, мұнда?

-Бұл кісілер осында, Сарыағашта демалып жатыр. Өзіңіз келді дегесін Сарыағаштан сәлем беруге келіп отыр. Келіндеріңіз де осында. Үйдегі келін….

-Түздегі келін ше? – деп қисая тартып күлді Төкең, Төлепбек Назарбеков.

-Жақсы болды таныстырғаныңыз. Рахмет! Біліңкіремей қиналып жатырмыз, - деді Бекең Тоқсанбаев сыпайы ақталып.

-Елге аты шыққан Инабат Ахунова отыр біздің ортамызда. Қарапайым жұмысшыдан совхоз директорлығына дейін көтерілген, депутат, әлемге танылған Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Орта Азия тракторшы қыздарының көшбасшысы Тұрсынай Ахунованың сіңлісі, осы тың жерде еңбек етуде.

-Ал енді, бүгін орталарыңызға пайғамбардан кейінгі пайғамбарларыңыз келіп отыр. Ал енді, бәрімізді үлкен құрметтеп келген осы ақсақалымызға - Қазақтың абыройына - бүкіл елдің ағасына, Димаш Ахметұлына сөз беремін. Жақсылап тыңдауларыңызды сұраймын. Оңтүстікте ырымшыл халық тұрады, құдай жолыңызды беріп өзіңіздей болайық!

-Сендер мына бүгін сіздерге мейман болып айналып келген біздерді құрметтеп қарсы алып отырсыздар. Бір күн болмадық, міне бүгін - бесінші күн. Қай жерде де жақсы қарсы алулар өтіп жатыр. Осы жолда айтылған ыстық ықылас, жылы сөздердің барлығына мен ризамын. Бірақ, мынаны да ойлау керек: Аяттың сөзінде жолығып қалады: Қажеке, сіз енді дұрыс түсініңіз, бір қажы, қажы емес, арамза молда ма, кім біледі, намаз оқыпты. Намазда келеді ғой артынан, әлгі “Ассалаумағалейкум Рахматулла” деген жері. Соны ұмытып қапты. Сонда “қатын, әлгі сәбіз сататын саудагердің аты кім еді?” - депті. Сол сияқты кеше айтылған сөздерді бүгін ұмытып қалуымыз мүмкін жастамыз. Ұзақ әңгіме айтып отыруға көп уақыт керек, ет те суып кетеді, мен қысқарақ айтайын.

Мұндағы шалдардың бәрі: “мен алпыс, жетпіске келдім” деп соғады, мақтанып айтады. 60-тан, 70-тен, 80-нен қорықпаңдар, қазақтың мақалы бар: “Еркектің жасы - екі елу” деген. Соған бару керек. Сонда бәрі дұрыс болады! Онан кейінгі айтарым, өздеріңе белгілі, мен көптен бері елдеріңе келе алмадым. Сендер басқа республика болдыңдар, енді бәріміз араласып кеттік, оны алалап айтып жататын ештеңе жоқ, ал енді өздерің айтасыңдар, “елу жылда - ел жаңа” деп. Ел жаңарып кетті, осы күнде бұрынғының бәрі кетті. Ел іші былықшылық заманға келіп соғылып қалды. Бірақ, бұл өзі жылдам бітетін мәселе, бұл көпке созылмайды. Енді көп созылмайды, тек қана, екі республика - Қазақстан мен Өзбекстан бәрінен жылдам шығады, басқаларына мен енді онша сәуегейлік айтпаймын, кірісе алмаймын. Тілім келмейді не айтуына! Бұл екі республиканың өндірістері мол, ауыл шаруашылығы мықты, осы мәселелерді шешетін мықты басшы жігіттер, мықты маман кісілері бар.

Бұдан біз жылдам арықарай шығып кетеміз, оған ешқандай қорқыныш жоқ. Сол себепті, бәріміз белді байлап, жақсы қызмет істеуіміз керек, онсыз болмайды.

Дегенмен, енді бүгін бір сағат, екі сағаттың ішінде бар жағдайдың бәрін біліп қойдым, танып қойдым дегенді айтуға шамам келмейді. Бірақ, бүгін міне ауданмен жүргізген Бегім інімнің еңбек мысалын көріп отырмыз, үлкен жұмыстар істепсің, інішек. Ал мұндай жерде, әлгі қазақша айтпақшы, айдалада қалған жерде қала салу деген оңай болмайды, біздің бәріміздің басымыздан өткен, осы 3-4 жылдың арасында қандай абыройлы жұмыстар өлкеден орын алған. Көне кездегі, ежелгі Мырзашөл дегеннің атын өздерің білесіңдер ғой, қайдан шыққан шөл екенін. Соның атын, затын өзгертіп, жаңартып, міне сендер қайтадан қала салып, елдің тұрмысын өзгертіп, үкіметке қатынас хаттар жазып, ауқымды жұмыстар жүргізгенсіңдер. Сондықтан, мен өз жағымнан, сендердің атқарған жұмыстарыңа үлкен рахмет айтам, ағайындар! Онсыз болмайды! Ал енді біздің қорытынды әңгіме, біз осы жерден жүріп бара жатырмыз. Неге келгенімді басында айттым, сендерге мәлім.

Өзбек тілінде Инабат сөйледі:

-Жаңа айтылып өтті ғой. Бірнеше мәрте съездерде отырғанымда, Олий Советке депутат болғанымда, рахматли Шараф Рашидовичпен бірге келетін, жанында жүретін, отыратын жүдә хәм көп адамдар бар еді. Бірақ солардың ішінде бір мехнаткеш-еңбеккер адамдардың отырғанын көріп, ұзақтан болса - қолын көкірегіне қойып, ілтипат білдіретін, жақындап жағдай сұрасып, біздің жанымызға келіп, сұрақ қояр еді, шынайы сәлемдесетін. Біз үшін бір шексіз, түгесілмес бақыт болып есептелетін еді. Шараф аканың сол мінезінен күш алып, біздің қайратымызға қайрат қосылар еді. Мен жүдә хәм яхши тушунаман, бу кишиларни Шараф акамен дос, аға-інідей. Бұл кісінің атын, еңбегін Ш.Рашидов әрбір сөзінде, мәжілісте сөйлегенде айтатын. Дінмұхамед аканы бірер мәрте емес, бес-алты мәрте, айтпай өтпейтін.

Бүгін міне соның, ыспатын-дәлелін көріп отырсыздар.

Мен бұл кісіге ұзақ жас тілеймін және дәйім осындай болып жүре берсін. Бұл кісілердің еңбегін, енді мен ойлаймын, бір де адам қыла алмайды. Халқымыз, мемлекетіміз, бүкіл еңбекшілер тарапынан болған ізет-құрметке, мен ойлаймын, кешірерсіздер, ешбір адам, пенде дәл бұлардай еге бола алмайды деп ойлаймын. Бұлардың қамқорлықтары, бұл кісілердің еткен еңбектері мен мемлекетке деген, Отанға деген өнегелі қарым-қатынастары үнемі мәңгі жадымызда, бүкіл еңбекшілеріміздің, осы жерге қатыса алмаған адамдардың да жүрегінде хамиша-мәңгілік қалған! Мен және бір рет Сізге, осы шөлқуарлар атынан алғыс сезімін ырзашылықпен білдіремін. Менің шөлге келгеніме, Дінмұхамед ака, 33 жыл болып барады, 19 жасымда келгенмін. Осы шөлде еңбек етіп, тер төккен көп-көп азаматтар, осы жерде отырған асыл адамдар маған ата болған, аға болған. Еңбек жолымда үнемі қарасып, жәрдемдесіп тұрған және де бір рет мынаны тілеймін: Рахмат, Димаш ака, ең дүниедегі керегі саулық тілеймін, саламаттық тілеймін. Өміріңіз ұзақ болсын, рахмат, және де еткен еңбегіңіздің рахатын көріп, жылдар бойы шаршамай жүріңіз. Үнемі бақыттыға серік болып жүріңіз. Рахмат. Сізбен бірге келген достарыңызға да сау-саламаттылық тілеймін, рахмат. Осында отырған барлық азаматтарға бақыт тілеймін, осы кісілердің жолын барлығыңызға берсін.

-Енді бір домбырамен орындалатын жақсы ән тыңдасақ, - деген ұсыныспен асаба ән орындатты.

-Павлодар облысы Әкімінің орынбасары ініміз Кошевой қатынасып отыр. Ендігі сөз Сізге.

-Рахмет.

-Дінмұхамед Ахметович, мы рады Вас видет здесь, когда Зауытбек нам сказал, что вы находитесь здесь, мы сошли своим долгом, встретиться с вами, увидет еще раз. Вы правы. Мы встетились с Вами 1986 году, последний раз, когда Вы были в нашей области. Мы с Вами беседовали о хлебе, накануне уборки нового урожая. И тот год мы действительно сдали большой хлеб. Сегодня на земле дружественного Узбекистана большой праздник - юбилей Ш.Рашидова, которого мы все уважаем, чтим, мы побывали на святыне Узбекистана - в Самарканде на днях. Мавзолеях, побывали в медресе, поклонились этим святым местам. И мы очень рады, гостепримству и казахского, и узбекского народа, особенно на этом милом краю. Народ здесь очень гостепримный, и хотелось бы поднять тост за юбилей Шарафа Рашидовича. Уважаемого человека! За вас, Димаш Ахметович, пожелать вам доброго здоровье, долгих лет жизни. Мы все Вас любим, уважаем.

-Спасибо!

-Рұқсат болса, ата-мұра, домбыраға тағы кезек берейік.

-Ақбала күйлерінен, Шағдаржан!

-Менің орындайтын күйім 1932 жылы шығарылған. Ақбала деген күйші өткен, менің нағашым, құмның елінен, тобықты, соның өздеріңіз білетін 1932 жылғы көп айтылып жатқан аштық туралы әңгімеге арнап шығарылған күйі. “А, қиын” – деген күй. Екінші орындайтыным Димеке, Сіздің келген салтанатыңызда бүкіл өзбек халқы, қазақ халқы қуанып жатырмыз ғой. Созақ ауданында Төлеген Момбеков деген күйші бар. Өзіміздің туысқанымыз, соның қызына шығарған “Салтанат” деген күйі. Қызды айтса, үлкен қариялар да елең ете қалады ғой. Сөйтіп, екі күй тартып берейін.

Күй орындалып болған соң, суырып салма ақын Бөрібайды тыңдауға ықылас ауды.

-Ақарыс, Бекарыстың, Жанарыстың, Ассалаумағалейкум, ұрпақтары!, - деп сәлемдесіп бастаған Бөрібай ақын әзілге бұрып:

-Мырзашөлде жүрген жай бір ақын ек,

Атымды атап шақырыпсыз, рахмет!, - деп бір күлдіріп алды да:

-Бісміллә! Атажан, ым қаққаны,

Мырзашөлдің аспанын бір жыр қаптады.

Ақарыс, Бекарыстың, Жанарыстың,

Ассалаумағалейкум, ұрпақтары!

Өлеңді лапылдатып жақын келдім,

Бастарың қосылды ма асыл елім.

Ассалаумағалейкум, аталарым,

Қымбаттап кеткен кебіс-мәсілерің.

Атажан, айтайын ба бір шынымды-ай,

Қара балаң қуанып бір құлшынуда-ай.

Бақыттан басым менің айналып тұр,

Әжемнің қолындағы ұршығындай.

Айт десе баса берем, жырды асырып,

Неге керек, Атажан-ай, құр бақырып.

Қос Президент – Назарбаев, Кәрімовтің,

Татулығы болсын да бір ғасырлық.

Басымнан қызыл сөзді асырмай бір,

Ойымды айтайыншы жасырмай бір.

Мырзашөлде бір-екі ақын бармыз біздер,

Әжемнің қалған қара шашындай бір.

Алдыңызда бір бұлақпын шашылмаған,

Көп ақыннан бұл балаңыз басым адам.

Өз тілегім: 100 жасаңыз, жүз жасаңыз,

Құрметті Алматылық, асыл Адам!

Мен-дағы ақындықтың жолын алдым,

Шапаны жоқ қолбала ақын болып алдым.

Өзіңізбен сәлемдескен оң қолыммен,

Әкемнің барып мен бір қолын алдым.

Жақсылықты ойыма түйіп алдым,

Бұл ғаламның сырларын бір жиып алдым.

Бетіңізден сүйген бұл гүл ерніммен,

Шешемнің де бетінен сүйіп алдым.

Алдыңызда сайрап тұр қара бала,

Болашақ болады да дана бала.

Кездескені - қара бала деп қоймайды ғой,

Ағарып кетемін-ау, бара-бара.

Мырзашөлде жүрген жай бір ақын ек,

Атажанды көргенде бір гүл атып ек.

Атымды атап ортаңызға шақырыпсыз,

Отырған бәріңізге рахмет.

Мұндайда жарқылдай ма жастар жағы,

Осы да үлкен тойдың басталғаны.

Арыстаны сен болсаң қазағымның,

Күтіп алды қасқалдақ дастарханы!

Күнбе-күн отырысты қыздырамын,

Құлағын домбыраның жүз бұрадым.

Ал енді ақындарың демалады,

Алынсыншы, сол үшін жүз грамың.

Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы сөз алды:

-Құрметті жақсылар! Меніңше, ең басты бақытымыз бағана Төкең бастаған үлкен кісілер айтып кетті ғой. Үлкен қазақтың ұлы перзенті, бүкіл мұсылмандардың ағасы Дінмұхамед Ахметұлымен бірге дастархандас болып, қасында жүрміз. Біз бүгін Дінмұхамед Ахметұлы, Сіздің арқаңызда тарихқа кіріп отырмыз.

Менің бір толықтырып айтатыным бар еді: алдың күні осы Шараф Рашидовтың 75 жылдығын тойлап жатқанда Димекең екі жерде үлкен, ұлы әңгіме айтты. Сонау мынау - Жызақтағы салтанат сарайында Өзбекстанның шертілген азаматтары жиналған жерде, 600-дей адам болды ғой, сол жерде…

-Болды, болды!

-Сол Рашидовтың кезінде хатшы болған, министр болған азаматтар жиналды ғой. Сондай-ақ осы қазіргі Президенттің кезіндегі елді басқарып отырған азаматтар да отырды. Ол жерде жәй шаруа адамдар болған жоқ. Сонда Димекеңе сөз бергенде елдің бәрі қарғып тұрды ғой. Қарғып тұрып, бұл кісіге сөз бермей, бірнеше минут қол шапалақтап, бірнеше мәрте осы кісіге құрмет көрсетті. Баяғы заман болса, мысалы, бұл түсінікті - қошемет дер едік, бұл жолы, меніңше, осы ел, осы халық өзіміздің туыстарымыз, мынау өзбек халқы, біздің Дінмұхамед Ахметұлын үлкен құрметпен, үлкен сыймен қарсы алды. Соны көрген өзім - менің бір өзім емес, сол жерде отырған барлық азаматтар, қатты бір толқынып, қатты бір қуандық. Дінмұхамед Ахметұлы қысқаша бес минутта, тура бұрыңғыдай баяғы күйге салып алып, өзіңіз айтатындай, сүйегіңіз қатпаған кезіңіздегі жағдайға салынып, бір керемет жақсы сөз айттыңыз.

Содан соң кешке Президенттің қонақасы болды. Президент сол жерде қайтадан сөз бергенде Дінмұхамед Ахметұлы қысқаша бір керемет сөзді айтқанда, сол жердегі азаматтардың бәрі…

-Қайтадан орнынан тұрды, - деді Бегім Серіков шыдай алмай.

-Қайтадан орнынан қарғып тұрды! Дінмұхамед Ахметұлы, әшейін тұрған жоқ, қарғып тұрды, алдындағы шарабын алып тастады.

-Президент барып соғыстырды! – деп қоштады Бегім Серіков.

-Ә, ия, Президент барып соғыстырды. Содан соң тағы да Ислам Каримов елдің көзінше, жұрттың көзінше, сол жерде қанша құшақтасып, қанша сүйісіп, Сізден, Дінмұхамед Ахметұлы, бір дем-қуат алды! Мен сөйтіп ойлаймын.

-Дұрыс, - деді Төкең, Төлепбек Назарбеков ақсақал.

-Бағана айтылып қалды. Ертең Президент “Сізді таңертең қабылдайын” деп отыр. Ол да меніңше, бір үлкен саяси, аса маңызды нәрсе. Бұл, керек болатын болса, тек бұл өңірге емес, қазіргі жалпы әлемге жайылатын нәрсе. Мінеки, Дінмұхамед Ахметұлы, өзіңіздің қазіргі саясатқа “өзім енді қосылмаймын” деп айтқан бір жағдайыңыз бар еді. Бірақ та, саясатсыз жүре алмайсыз. Өйткені, Сіз осы өзбек-қазақ, жалпы исі мұсылман халқының үлкен асқар тауысыз, Дінмұхамед Ахметұлы!

-Рахмет, - деді Бекежан Тоқсанбаев риза болып. Димекең үндемей отыр.

-Сол үшін Сіз аман болсаңыз. Сіз алдымызда жүрсеңіз Дінмұхамед Ахметұлы, біздің халқымыз, осы қазақ-өзбек, исі мұсылман халықтарының бәрі бірігеді, ынтымақта болады. Сол үшін осы тосты Сіздің денсаулығыңыз үшін көтергім келіп тұр. Осы қазақ-өзбек халықтары үшін көтергім кеп тұр! Төкеңнің де денсаулығы үшін де алып қояйық! Аман болыңыз! Мінеки!

-Айтқаның келсін!

-Рахмет!

-Сөз болды, жақсы бір. Рахмет!, - деді тағы да Бекежан Тоқсанбаев. Димекеңмен, Төлепбекпен үрімке соғыстырғанын себеп қылып әзілге бұрып:

-Оңтүстік Қазақстан ақсақалы Төке, Сізді енді көзіңізге мақтамаймын, кеше айттық, - деді.

-Рахмет.

-Төке, Сізден кейінгі ақсақал мен болдым ғой. Ағайын, енді, жұмыстарың түсетін болса, мен ақсақалдық қыламын, күлкі үшін айтқанда.

-Е, бопты сен болсаң, - деп күлді Ілияс қажы.

-Бұрыннан таныс, біліс болған соң нағашы-жиен әзілдесуде. Үш жүздің ақсақалысың. Мынау тұрған Бекет атаның да ақсақалысың! - деді көтермелеп Ілекең.

-Сайлады ғой, сайлағасын болды ғой! - деп жатыр жұрт.

Дастархан иесі Бегім Серікұлының құдасы Бөрида да ақ тілегін ақтарды:

-Димеке! Жолыңыз, пейіліңіз бәрі ашық екен. Досыңызға, оның әруағына құрмет, қызмет етіп келдіңіз. Рахмет, мың мәртебе! Сол сіздің жолыңызды бәрімізге берсін! Еліміз аман болсын, тыныштық болсын, ынтымақ болсын, Дінмұхамед Ахметұлы! Момын мұсылман халқы ауызбіршілікте жасап, жұмысымыз алға жүре берсін, бала-шаға аман болсын деп тілек білдіремін. Міне, құдай қосқан құдамыздың үйінде отырмыз. Бұл үйге тілейтін тілегіміз - жаңағы ең жақсы деген өзіме қандай тілек тілесем, бәріңізге қандай тілек тілесем, бұл үйге де сол тілекті тілеймін.

-Депутаттар қалай алады екен, көрейік, - деп әзілдеп қалды біреу.

Бегім Серіков таныстырды.

-Көп жылдар жаңағы Шымқорған тұрған Фарыш ауданын басқарған, Қызылқұм ауданынан, шаруадан, құмнан, шопаннан шыққан бірінші хатшы. Бірнеше жыл депутат, Орталық Комитеттің мүшесі, қазір көрнекті зейнеткер. Әлі де сол “Қызылқұм” кеңшарын басқаратын, өз табаныңыз тиген Ұзынқұдықта жасайтын біздің еліміздегі ең көрнекті бір ағамыз Сәке, Сәрсенбай….

-Ой, рахмет! – деді Қонаев.

-Баяғы 1961 жылы сізді бір рет қарсы алған, - деп Саттар Шахабаев сөз қосты. -Сізді екінші рет те күтіп алған!

Төкең, Төлепбек килігіп кетті:

-Димеке, Құдай-тағала әр адамға жеке-жеке абырой береді, мынау дүниеде. Советтер Союзында бірінші секретарлықтан кетіп оралған жаңғыз сізсіз. Айталық, басыңызға бақ оралып, одан кейін жиырма бес жыл басқардыңыз. Украинадан-Щербицский. Ал енді бұл ініңіз Щербицскийден де, сізден де өтіп кеткен адам.

-Үш рет хатшылыққа оралған адам! - деді Бекежан Тоқсанбаев. Отырғандар ду күлді. Димаш аға рахаттана күлді.

-Мен өзім сыртта жүріп ойлаймын, - деп әзілін жалғады Төкең. Мен өзім көңілдегіні жасырмайтын адаммын. Ай, Есімов, - дедім, сол ауданға пұл төлеп қойғансың ба? Көңілің келсе - кетесің, қайтқың келсе - қайта саласың. Содан кейін республиканский мекемелерді, мынау обком, совхоздарды басқар деп еді, тағы да кетіп қалдың, тағы қайтып келдің. Ал, Димеке, Сіз, бір барып, бір-ақ келдіңіз. Бұл кісі үш рет кетіп, үш рет келді, бір ауданға. Бұл - сондай адам.

Мұхамед Пайғамбар уалайкумассалам 40 жасында пайғамбар дәрежеге жеткенде, Әзірейіл, Жәбірейілді жіберіпті дейді, Құдай-тағалам.

-Барып сұрашы, Үмбетімен бола ма екен? Перзентімен бола ма екен? - деп. Мұхамед Пайғамбар айтқан екен:

-Үмбетіммен боламын, - деп.

Шараф Рашидов жіберген көрінеді, өз нөкерлерін Есімовке:

-Сәрсенбайдан сұраңдаршы: “Үмбетімен бола ма екен, Перзентімен бола ма екен” деп. Сонда бұл кісі де айтыпты:

-Үмбетіммен боламын, - деп. Сондықтан үш рет келді.

-Сау бол, рахмет, - деді асаба.

-Бұл ініңіз - Тасанбаевтың құдасы, Егемқұл Тасанбаевтың қызы - бұл кісінің келіні. Тасанбаев кішкене қиын халде жатыр, - деп қосты Бекежан.

-Иә, қиын халде. Тағдыр пешенесінде бар да!, - деп алып Б.Тоқсанбаевқа қарап:

-Ал, шырағым, сенің барлық асабалық еңбегіңді мен істеп отырмын, байқайсың ба? - деді Төкең.

-О, байқадық қой! Рахмет!, - деп елп ете қалды Б.Тоқсанбаев. Жұрт ду күлді.

-Бір шапандық болды ма дейім де өзім, - деп Төкең алмай қоятын емес.

-Төке, Сіз осы естіместі де, берместі де құлаққа құйып жақсы жеткізеді екенсіз, - деді Бекең. Серіков те мадақ сөзден есе жібермей:

-Бұл кісі де шегелеп айтушы еді. Сіз шегені қағып болып, үстіне бір, екі, үш рет ұрып қояды екенсіз.

Жұрт ырза болып күліп жатты.

-Тоқсанбаев басқара алмай жатыр, шаршап қалған ба?, - дейді өзара біреулер әдейі қайрап. Сөзден, ойдан жаңылмай-ақ асаба Бекежан Тоқсанбаев:

-Сәрсенбай Есімович келіп отыр. Сәрсекең де екі дауысқа еге, екі орынға еге жан ғой. Бұл да құдай бөлек жаратқан жан деп есептеймін менің өзім. Кейінгі кезде ақсақалдыққа бой ұрып жүрген, құдай сүйген кісінің бірі.

-Қаттырақ айтыңыз, - дейді Бегім Серіков қуақыланып, - Ақсақал естісін!

-Мынау Сәрсенбай Есімович турасында көптеген әңгімелер айтсақ та болады. Бірақ жақсы айттыңыз, біздің сөйлейтін сөзімізді Төлепбек ақсақал сөйлеп бердіңіз, Төке! Мың халла рахмет. Ал енді бұл кісіде осы отырғанда екі дауыс бар, біздің ауылымызда, Мырзашөл ауданындағы ауылымызда. Ал, енді Сәрсеке, Сізге сөз!

Ардақты ағамыз орнынан әдемі, жарасты тұрды:

-Рахмет, Құрметті аға! құрметті қонақтар! Айтылған, шақырылған едім. Жер шалғайлығы, техника ақауы боп қалды (Сәрсекең сөйлеп тұрғанда Кошевой мен Зауытбек тұлғасына қызыға қарап, тыңдап отырды).

-Мәшинесі түспегір подводить етіп қойды да, сәл кешігіңкіреп қалдым, кешірерсіздер. Мына Төкең, жүдә, мен жөнінде, басып өткен жолдарымды, балдарға қатысты әңгімеге шейін айтты. Шынында да өзі, бұл заман, қоғам өзгеріп тұрады екен ғой. Мұнда енді егделенген қариялар, ағаларымыз кеп отыр. 1961 жылы, Саттар ағам айтқандай, 26 сәуір күні еді, Димеке, 26 сәуір күні, ол уақытта біздің ауданымыздың хатшысы жолдас Жұрмағанбетов Мұқатай деген кісі болатын. Облыста Макаров деген кісі… /Мұхтар Әуезовтің “Өскен өркен” романындағы Карповтың прототипі).

Төкең:

-Жамбылға қарай ауысты ғой, - деп сөзді бөліп жіберді.

-Иә Жамбылда болған. Қазір қаза болды ғой. Макаров деген кісі облыс партия комитетінің хатшысы болатын.

-Виктор Иванович! - деп білгішсініп қосанжарланып қоймады Төкең.

-Иә, Виктор Иванович, - деді Сәрсекең сабырлы қалпын бұзбай, сол кісілерменен әсілі, түзілген маршрут - біздің совхозға дейін барып, бері қайту екен. Мен сонда әлі жас ғәнә директор едім. Оған енді отыз, отыз бір жыл болып тұр ғой. Сонда, общым Түйедала деген дала еді мынау бір. Қазір сол бұрынғы далада Шымқорған, Тимирязев совхоздарының территориясында, 7-8 район, 60-70 совхоз болып кетті. Қазір көбейіп кетті, нақ осы аудандардың аумағының өзінде Шымқорған совхозының 8 бөлімі болатын.

Әлгі қаракөл терісін бергіш Александр Степанович Месяцев деген кісі Шымқорғанда директор. Сонда сол Түйедалада - Сізге ақ үй арналып тігілген, дастархан жайылған еді. Сөйерде, сол өңірдің басшы деген, жігіт ағасы болып жүргендерін жинап алып Сіз:

-Енді кешірерсіздер, сәл көңілдегідей болмайын деді, Москваға да барып қайтуым керек еді. І-Май жақындап қалды. Мен енді тіпті осы жерден сіздерменен елдеріңізге, халықтарыңызға Сіздер арқылы сәлем айтып, қайтуды пландастырып тұрмын – деп едіңіз.

Сонда даладағы киіз үйдегі бір дастарханда болып едік, сонда оң қолыңызға таман сізге тиіп тұратын үстелден маған да орын тиіп еді. Сонда маған: “Енді бара алмадық совхозыңызға, халыққа сәлем айтыңыз. Аманшылық болса, келесі Майда келерміз”, - деп едіңіз. Сөйтіп, дәмнен татып отырып, сыпайылап “мына бір нәрсені ішіп те жібересің бе?” деген едіңіз. Сондағы суреттерді үлкейтіп салғанбыз, бірнешеу етіп көбейтіп алғанбыз, осы күнге шейін әрбір үйдің мықты жерінде сақтаулы. Сонда барғаннан кейін аға, назарыңыз түскен екен, Мәскеуге барған соң, бірер жылдан кейін Өзбекстанның құрамына осы үш аудан өтіп қалды. Маған әлгі совхозыма жақын жерден шаруа ауданы түзіліп, соған хатшы болып бару бұйырылды. Жаңа Төкең айтып жатыр ғой, “бара берді, бара берді, келе берді, келе берді” деп. Соның басы еді. Солай болғаны да рас, Димаш аға, үш рет бардым. Енді, қазақтар, Төкең құсаған адамдар біледі ғой, өзбектердің кейбіреулері де “тура әлгі Димекең құсаған, Қонаев құсап үш рет келді” деп те әңгімелеп жүрген сондай кезі болған енді.

Енді, содан міне, былтырға шейін әйтеуір істедік, әлі де қарап жүргенім жоқ, әлі де істеп жүрмін. Сөйердегі аттың төбеліндей елге жас уағымызда ағалық қылып, енді ақ сақалдығымызды жасап жүрміз. Шүкір, жаман емес, сондағы қалған елдер, жас таланттарымыз қазір мына жаңа әкімдік лауазымдарға еге болып, халықты басқарып жүр, мына Бегім сияқты інілеріміз. Сол отырған ел, сол отырған халық. Бәрі де жай жайында, бәрі де жаман емес, аманшылық, істеп тұрмыз.

Енді Димеке, бұ міне енді, жағдай - халетті көрдік, әзірге мына шұғыл өзгеріске тіркелді тірліктердің барлығы. Бұл енді біз сияқты әлгі қанына коммунистік партия дағдысы сіңіп кеткен адамдарға ауырлау болды.

Ол аздай шынында енді, қайта құру деген де боп қалды. Енді бәрібір, қандай жағдай болса да ел тыныш болып, сол өзіңіз сияқты ағалар елге көрініп тұрса жарасады. Біз көптеген ағаларды білетіндерденбіз. Көпті басқарғандарды білеміз ғой енді. Соның ішінде мына Қазақстанда, болса да - өзіңіз, Өзбекстанда, кешегі - Шараф Рашидов. Адамдар айтып отырды: “Шараф, бұл кісінің досы еді”, - деп. Біз енді залда отырдық, сіз сөйлеп жатқан уақыттарда сөз бар ғой, әлгі “Ақтың атын нақақ өшірмейді” деген, сол айтылғандай, өшкен шырақ қайтадан жанды ғой енді, Шараф атын аспанға көтердіңіз.

-Иә, иә! – деді Қонаев.

-Ал енді, дүниеде адам көп, құдайдың пәндаларының бәрінің өзінің атқарып жүрген міндеттері бар. Шараф Рашидов зор адам еді, бөлекше адамдығы осы да, бірнеше жыл өткеннен кейін қайтадан енді әруағы тіктелді. Бетіңізді көріп емес, Аға, елдегі болған әңгімені айтамын: “Бізді де алып барсаңыз, сол кісінің дидарын бір көрсек, теледидардан көріп жүрміз, сөздерін естіп жүрміз”, - деді жабыла ауылдастарым. “Ойбай, айналайындар-ау, сендер түгілі, мен зорға кірдім ол жерге, шақыруы болмаса, оған бір рұқсаты болмаса, қиын, бірақ бүгінде барып жақын алдында отырып, дәмдес болып, тілдесіп қайтпақшымын, келген соң, Сіздерді жинап, болған әңгімелерді айтып беремін” - дедім. Жаңа осыяққа жүрерде бірталай топ адам жиналды: “Бәріміз де барайық” деп. “Ау, енді ыңғайлы бола ма, ыңғайсыз бола ма? Солай еткен дұрыс болар” деп тоқтаттым.

Енді, Димаш аға, бұл көз алдыңызда бұлай айтқан орынды ма, орынсыз ба, сіздер енді құдайдың өзінің бір тапсырығыменен дүнияға келген, жаратылған бінә болған адамдарсыздар ғой, - деп ойлаймын. Мұншалықты, енді неше жағдайлы не замандар болып өтті. Мына кеше, Шараф Рашидовтың басында, сол залда отырды, әруағын аяқасты еткендер білмедім, жүдә ауыр болды-ау кейбір адамдарға. Біз сол кісіні жерлеген уақытта басында тұрғанбыз. Әсіресе, туған жері Жызақ облысының аудандарының бірінші хатшылары жүдә жақын тұрғанбыз.

-Иә, - деді Бегім.

-Білегімізге қызыл мата байлаған кезек, құрмет, қоштасу болған. Біз енді сол кісінің туып өскен елінің адамдары болып тұрғанбыз. Сонда кейбір айырым адамдардың айтқан сөзі болған еді, өзбекше айтты: “Шараф ака, сізді өлді дегенге мен сенбеймін. Сіздің өлуіңіз мүмкін емес. Қайерде жүрегіміз тоқтағанша Сіздің ісіңізді жалғастырамыз” – деп сөйлегендердің сөзін есіткеміз. Мына Бегім менен біз соған куәміз.

-Солай болды, - деді Бегім сөзді бөлмеуге тырысып.

-Артынан біраз уақыттар өткеннен кейін республикамызды Шараф Рашидов тұрғынлық - тоқырау жылдарында басқарғанда “мынадай болды, анадай болды”, “құдай ұрып қалды”, “асып кетті, тасып кетті” деген сөздер болды. Енді сол адамдардың бірталайы отырды ғой енді Жызақтағы залда.

-Тұрды ғой!

-Кеше залда, біз білеміз, танимыз ол адамдарды, енді көптен істеп жүрміз. Кейбір адамдардың реңі ұшып кетті. Ағарып кетті.

-Естері сәпсім шығып кетті! - деді Бегім.

-Сәпсім, біржолата құлап қалуға келді, мен ойлап отырдым, осының ішінен біреу-жарымы инфарк болады-ау деп.

-Құлайды-ау, - деп отырдық.

-Енді дүниенің түзілуі осылай. Бәндәміз ғой.

Дүния бола бермес барға жайлы,

Кездесер кейде шатлық, кейде қайғы.

Әзәлде бұл екеуі бастан егіз,

Екеуі бір-бірінен айырылмайды, - деген бір өлең сөздер кездесіп жүруші еді.

-Түһ! – деп таңдана басын шайқады азаматтардың бір қатары.

-Ал, енді, бұл бәндә болған соң астамшылық кездеседі екен дә. Енді Шараф Рашидовтың өмір жолдасы да жүдә ақыл-парасаты мол адам екен! Кеше сөздерін есіттік. Әне, Аллаһым, жеті-сегіз жыл қайғыға түсіріп еді, енді міне өшкендей болған шырағы қайтадан жанып, өлгені қайтадан тірілді.

Енді міне, қазіргі Президентіміз Ислам Әбдіғаниұлы да осындай әрекеттерінен жақсы құрметке бөленіп, ұпайы көбейіп жатыр. “Пахта мәселесі” деп қанша адамдарды, Гдлян мен Иванов соттатқан, кеше санын айтып жатыр ғой, біреуі 58 мың деп жатыр, біреуі қанша мың деді, ал солардың бәрін түп-түгел Президент босаттырып жіберді. Елдің алғыс батасын алды!

Енді міне бұл сияқты аты әлемге тараған әлгі құдайдың нұсқауыменен дүнияға келген адамдарды, апырым-ау, қолдап, қорғайтын әруақ демей не дейміз?! Міне, өзіңізді біз, Димеке, өзіңіз де әлгі, ойпырмай, Ілияс жәке, не десем болады?!

-Әруақ та!

-Арқалы әруақтың нақ өзісіз. Міне, Сіздің әлгі бір ауыз 1961 жылы айтқан дуалы сөзіңізбенен ел басқардым. Менің істеген ауданым - қазақ, өзбек, тәжік, түрікменнен құралған төрт ұлтты аудан еді. Жаңағы үш рет, төрт рет барып жүрген Фарыш деген ауданым - сол менің жиырма бес жыл басқарған ауданым. Бұл жаңағы Төкең тыныштық бермей айтқандай, сол “Шараф аға да әжептеуір құрметпен тілге алатын, қыдыр жүретін Түйенің даласында Димаш ағаның оң қолындағы дастарханда отырып ішкен 30 грамм конягімнің күші-ау” - деп әр жерде айтып жүремін.

Мына басы-аяғы бүтін әңгімедей құрылған ұтқыр, шешен сөзге жұрт ду қол шапалақтап жіберді.

-Сондықтан Димаш аға, келген қадамыңыз құт болсын мынау елімізге.

-Иә, жөн! - деді Ілияс бабай.

-Енді уақытыңызды білмеймін, өтініп сұраймын, біздің ауылымызды да көріп кетіңіз деп. Оған “уақытым жоқ” десеңіз, міне қазір, бүгін болған әңгімелерді халыққа түгел жеткіземін. Сау болыңыз, саламат болыңыз, денсаулығыңыз мықты болсын! Әле халық үшін елу жылдап, жүз жылдап жасаңыз!

-Ой, рахмет! - деді Қонаев.

Дінмұхамед Қонаев:

-Ал ендігі айтар біздің әңгіме мынадай: біз енді осы жерден жүріп бара жатырмыз. Мен мұнда басында - Шарафтың 75 жылдығына келдім деп айттым. Ол кісімен нешеме кісілер де айтты ғой, мен де осы жерде айтайын, 40 жылдан артық дос болдым. Оның не істегені, не қойғаны, маған бәрі мәлім, бәрі менің көз алдымда, бәрі маған белгілі. Өзбекстан шаруасын көтерем деп заманында ол таяқты да жеді, жақсылықты да есітті. Тіпті, құдай сақтасын, қара бет деп те шығарды. Ана кім, Икрамовтың журналист баласы, қандай оны жаман етіп жазды. Ал соның бәрі өтті, кетті, бітті. Оған тарих өзінің бағасын берді, өзінің орнына алып келіп қойды. Бұл орайда мен сендерге турасын айтайын, сендердің бақыттарыңа, өзбектің президенті Каримовтың істеген еңбегі өте мықты, өте мықты! Көп кісінің өмірі, ерлігі, жүрегі жарамайды бұған! Өзінің білімі бойынша, ақылы бойынша, өзінің халқының халін білуі бойынша - қанша адамды босатты, қанша адамды орнына қайтадан қойды, бұл қайбіреулердің қолынан келмейді. Басқа республикаларда не боп жатқаны маған белгілі. Олар өздерінің жағдайын айтуға шамасы да келмейді. Көп айтатын мысалды алыстан іздейтін ештеме жоқ. Мына тәжікті алып қараңдар. Тәжік халқына қанша қызмет істеді, Расулов. Маған ісі, өмірі белгілі, өнегелі адам еді. Ол да басшылыққа үш рет қайтып келді ғой.

-Иә, - деді Төкең қосылып.

-Оны Председатель кезінде Мәскеуге алып кетіп, Министрге орынбасар жасады. Одан қайтып алып келіп, секретарь жасады. Одан кейін босатып посоль етіп жіберді. Қайтадан шыр айналдыра алып келіп Тәжікстанға секретарь қойды. Міне, осындай былық-шылықтың арасында ол кісінің атын ұмытып, таптап тастады, тіпті қазір айтпайды да! Ал, осындай жағдаймен салыстырып қарағанда, өздеріңіз-ақ саралап біліңіздерші енді, мына Каримовтың жұмысы өте басқаша ғой! Мен шын жүрегіммен айтайын, бұл кісіге осы еңбегі үшін үлкен рахмет айту керек. Келешегің жақсы болсын деп айтар едім, бұл кісіге. Оған жеткізерсіңдер.

Ал енді мен мұнда келерде, өзі басында айттым ғой, бір-екі-ақ күн боламын да, қайтып кетем ғой деген ойым бар еді. Ол кісі менен сұрады: “бір-екі күн сабыр қылыңыз. Бүгін енді сенбі, жексенбі-демалыс, реті келмес, дүйсенбі күні жолығайын сізбен, 1-2 сағат сөйлесетін мәселе бар еді” деді. Сөйтіп сол кісінің айтуы бойынша мен қалып отырмын. Ертең ол кісіменен сөйлесеміз. Ал енді менің мысалы оған айтатынымның бірсыпырасы - осында істеп отырған қазақтардың барлығына жақсы көзқараста екенсіз, шамаңыз келгенше көмек көрсетіпсіз, Сіздерге қазақтың халқы риза деген сияқты ғой енді.

-Иә!

-Дұрыс!

-Қазақтың халқы сізге риза, Сізге тілектес. Ал сонда да, қосымша айтып тұрмын, қазақтарды ұмытпа! Қазақты өзіңнің өзбегіңнен кем ұстама, бәрі бірдей адамдар, ұлтқа бөлме, ағайыншылық мықты болсын, достық бірге болсын, бәріміздің ойымыз, мақсатымыз бір, діліміз бір, дініміз бір. Міне, сол кісіге менің айтатыным сол.

-Дұрыс.

-Е, басқасын әрине, келешек көрсетер. Мәселен, ол кісі менімен кішкене ақылдасатын шығар, оған да қарармыз. Әрине, біздің заман басқа болды. Менің сендерден жасыратын ештемем жоқ, мендей, басқадай бір кісінің істеген жұмысы емес, бүкіл халықтың жұмысы, өздеріңмен бірге істедік жұмысты. Басқасын санасудың керегі жоқ, мәселен, елу бесінші жылға қарағанда сексен алтыншы жылға дейін Қазақстан өсімі жеті есе болыпты. Қазақ ашаршылық, зұлматтан, соғыстан құрып кете жаздады ғой. 1955 жылы Қазақстанда 2 млн. 700 мың қазақ қалып еді, 1986 жылы сол қазақтың саны 7 миллионға барды, қазір 10 миллион болды, ал дүние жүзі бойынша біреулер айтады, 13 миллион дейді, біреу айтады 15 миллион деп. Қазақтың өзі, халқы өсті. Осылай! Бір кезде, өздерің білесіңдер, өздерің бірге істедіңдер, 43 қала салынды, 2 мыңнан артық совхоз құрылды, бүткіл жолдың барлығы асфальтпен бекітілді, темір жол салынды, үлкен білім ордалары көптеп салынды, жүздеген мектептер ашылды, 26 жоғары оқу мектебі ашылды. Мұның барлығы үлкен жұмыстар, мұның барлығы бір кісінің істегені емес, бұл жалғыз менің жұмысым емес, бәріміздің бірге істеген жұмысымыз.

Ал енді ауылшаруашылығын алып қарасақ, өздеріңе белгілі, Қазақстанда 1955 жылы 18 миллион қой болған, 1986 жылы қойдың саны 36 миллион болды. 36 миллион! Мүйізді мал 4 млн. еді, 9 млн-ға барды. Ал енді мына құс, тауық, шошқа дегенді біз есепке алмайтын да болдық. Оны да миллиондап санағанбыз. Құстың етімен елдің бәрін біз қарқ қылдық. Ал енді осы мына былықшылықпен осының бәрін бүлдіріп алдық. Бүлдіріп кеткен Горбачев, жасыратын ештеңе жоқ.

Қазір міне, осы жағдайға, халге келіп соғылып отырмыз, бұл аз уақыттық нәрсе, мұның бәрі бітеді, мұның бәрі құриды, оған ешқандай уайым жемеу керек, әрине, мына қиыншылықты ақылмен, сабырмен, еңбек етіп, өткізе білу керек бастан.

Ал енді менің сөз аяғында айтатыным, сендердің жұмыстарыңа мен тілектеспін. Абыройларың көтеріле берсін, бақыттарың көбейе берсін, шаруаларың өне берсін. Әруақ риза болсын! Шаңырақтарың өсе берсін. Соған мен бата берейін! Аумин!

-Аумин! - десті бәрі. Жалпы жағдайдың бір ығытында ел атынан Үкібаев сөз айтты:

Құрметті Димаш Ахметұлы! Біз енді Сізге айтатұғын жақсы сөзіміздің бәрін айттық. Сізді өзіміздің туған ініміздей, ағамыздай, адамымыздай көреміз. Өзіңіздің көзіңізбенен біздің халықтың есігін көрдіңіз. Енді Сізден бір өтінішіміз, мүмкіншілік болса - бір жылда екі мәрте келіп тұрыңыз біздің ауылға…

-Рахмет! – деді Қонаев жайбарақат, орнықты көңілмен.

-Бірақ, мүмкіншілік болмаса, бір жылда бір рет келіңіз.

-Рахмет! – деді шақыруға риза болып.

-Біздің де өшерден 20-25 км жерде үйіміз бар. Поселкеміз бар, районымыз, ауданымыз бар. Ол жерде де 500-600 жанұя қазақтар бар. Өзбектерменен ағайын, туысқан болып кеткенбіз. Сізді барлық халық өзінің ағасындай, атасындай көреді. Сол үшін Сіз енді Алматыда жата берместен оқта-сонда осындай ғанибет кездесулер, тамаша отырыстар қылып бұрыңғы жүрген жеріңізді көріп кетсеңіз, көңіліңіз де көтеріледі. Бір жерде отыра берсеңіз, қарыған адам шаршайды. Көңілді көтеру керек. Баратын жеріңіз бар, күтіп алатын еліңіз бар, соның үшін Сізге осы өтініш: жылына бір мәрте, екі мәрте келіп, бізді бір көріп, біз де бір дастарханда болып, сол дастарханда Сізге қызмет қылатұғын ниетіміз бар. Сол ниетке жетсек дейміз.

-Ақсақал, айтқан сөзіңізге рахмет. Енді, мына құдай бұйырса, май айында, әй, келемін.

-Келесі жылы! - деп шегелеп қойды Төкең.

-Келесі жылы май айында. Енді, әзір биыл келе алмаймын енді, жыл бітуіне көп қалған жоқ қой, аман-есен болсақ, май айында өздеріңе келемін, сәлем беруге.

-Ой, айналайын! Сондай қылсаңшы! - деді Қынекең қария Үкібаев, сөзі жерде қалмағанға мәз болып жасы үлкендігі ұстап.

-Рахмет! - деп жатты көпшілік.

-Қабыл болды! - деді Бекежан Тоқсанбаев.

-Ендеше, сөз түйіні - деді Үкібаев, - аман-есен Димекеңмен әрдайым осындай дастархан басында көрісіп, басымыз қосылып тұрайық! Құдай соған жеткізсін!

-Әумин!

-Аллаһу акбар!

-Әңгімені қорытайық, жолдастар! Енді қазір сөзді Отан иесі, ауылдың жас та болса ақсақалы, басшысы, Бегім Серіковке берейік. Сосын мен өзім ақсақал ретінде басқара беремін, - деді асаба. Серіков сөзін сабырлы бастады:

-Құрметті аға! Құрметті Димаш аға! Төкең жаңа айтып кетті ғой, басқалар да жақсы айтып жатыр, біз бүгін өте бақыттымыз. Тек қана мен емес, бүкіл халқымыз, бүкіл еліміз, ауданымызда жасайтын барлық еңбекшілеріміз бақытты. Себебі, мынау уақытыңызды бөліп, бағана халықпен жолықтыңыз. Ақсақалдарымызбен жолықтыңыз, еңбекшілерімізбен жолықтыңыз.

Ас-су ішіп дастарханымызда отырсыз. Сізге үлкен рахмет. Біз бақыттымыз. Сізге осы мынау үлкен ағамыз Қынекең, апамыз Инобат, ақсақал қажы Ілекең, мынау Сәкең ағамыз, інілеріміз Зауытбек, мынау қонағымыз, Павлодардан келген Кошевой, мынау құдамыз жақсы әңгімелер айтты. Барлығы біздің өз еліміздің ниетін білдірді. Менің ойымдағы әңгімелерді айтты. Менің айтатыным - Сіздің жаңа цифрларды айтып кеттіңіз, халыққа, тек қана қазақ халқына емес, бүкіл одаққа, бүкіл дүние жүзі халқына жасаған қызмет, еңбектеріңіз бір адамға емес, он адамға жететін қызмет. Ал осы Шараф Рашидовтың 75 жылдығына келіп, 4 қарашадан бастап осы жүрісіңіздің өзі ол бір төбе, абыройлы қызмет жасап отырсыз. Біз тағы да ел бірлігі, ынтымағы үшін үлкен бір қызметтер жасайтыныңызға сенеміз. Сол үшін мен не деймін, Аға, сізге үлкен денсаулық, күш-қуат, жақсы көңіл-күй тілеймін. Сіздің осы жаңағы айтқан насихат сөздеріңізді, барлық берген тапсырмаларыңызды біз жоғары дәрежеде орындаймыз. Өзбек Республикасында тұрғанмен бізге Республика басшыларының бәрінің көзқарасы оң. Ислам Әбдіғаниевич біздің ауданымызға осы қысқа уақыттың ішінде үш рет келіп кетті. Сессияларда кеңесіп тұрамыз. Көптеген ұлттарға, осы қазақ халқына деген өзінің мейірімі, пейілі өте жақсы. Біздің ол жерде Президент аппаратында өкіліміз бар. Ол мынау - Артықбай Үкібаев. Жақсы біледі. “Достық туы” деген қазақша газет шығады. Радио-телевидениеміздің уақытын кеңейттірді, бірқатар басқа демеу жұмыстар жасап жатыр. Біз Президентке разымыз. Кешегі Шараф Рашидов жөнінде жасаған жұмысы ерекше. Бұл ерлікке аттың басындай жүрек керек. Сол жүрек осы кісіде бар. Міне, өздеріңіз айтқан сөзін есіттіңіздер, істеген қызметін көрдіңіздер. Бұл үлкен, ұлы жұмыс болды. Міне, аға, осындай ұлы жұмыстың, жақсы жұмыстың басында бола беріңіз деймін. Денсаулығыңыз мықты болсын. Мен сөзді созбаймын.

-Рахмет!

/Қол шапалақтау. Ризашылық пейіл білдірулер/.

Осындай ізетке найза бойламай тұрған сәтте асаба сөзді жалғап кетті:

-Адам баласы тірі пайғамбарға да, өлі пайғамбарға да сыйынып жүруі орынды деп есептеймін. Басымнан өткен істі айтайын деп отырмын сіздерге. Өйткені әр уақытта арқалы кісілер қуаттамаса, ісіміз оңынан түспейді.

Менің басыма күн туғанда, бәріңіз білесіңіздер, сонда бір керемет тексеру жүріп жатқанда Димекең азаматтық сөз айтқан екен: “Бекеңе обал болды ғой!” деп. Сол үшін мен осы кісіні өте жақсы көремін. Қателікті жасаған адам да түзу адам болуы мүмкін. Жылы сөз жақсы. “Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады” деген екен. Ал енді бүгінгі күні менің балам келді атасының алдына, баламның бетінен сүйді, менің әйелім келді, әйелім бұл кісі қолын алғанда көзіне жас алды. Біздің отбасымызбен ырзашылық білдіруімізде көп сыр бар еді.

Менің айтайын дегенім, басыма күн туып, түнде ойлар мазалап, мазасызданып жатқанда, бісміллә деп Бекет пірге сыйындым. Мұхамет Пайғамбарға сыйындым. Сөйтіп, ұйқыға жатқанымда түсіме Айдай болып кірдіңіз ғой, Әулие. Айттым ғой кеше Өзіңізге! Сонда Сіз биікте тұр екенсіз. Сонау биікте, сол биігіңізге мені көтердіңіз, бір-екі көмекшіңіз: “Бұл қаяқтан келген адам” деп мені жерге түсірмекші болып еді, “неге үйтесіңдер, бері келсін” деп мені тартып алдыңыз.

Содан құранды оқып:

-А, бұл Ақсақалымыздың абыройы Алатаудай екен. Бұл кісіні ешкім оңайлықпен олай-бұлай жұлқылай алмайды екен-ау, - деп түрекелдім.

Бағана сіздің формыңызды көргенде, екі айтпайды, айтқаны келеді екен ақиқат дедім. Алты-ақ күнде ақталдым, айтқаны ақиқат дедім. “Бекең кетті судың түбіне” дегендер де бар осы отырғандардың ішінде. Болмады олай, қара тілек орындалмады, өздеріңіздің алдарыңызда жүрміз. “Сильный человек в Мирзачуле” болып (“Правдаға” шыққан өзі туралы сын мақаланы меңзегені).

Ал бүгін өзіңіздің қасыңызда жүрген кісілерді де мен тек адам дей алмаймын. Сіздің бір сөзіңіз өте, тіпті, енді осы бақайшағыма дейін сіңіп кетіп жатыр. Сіз де тек емессіз, Бәйдібектің тұқымы болғаннан кейін шығар, Төле би болатын болса, сіздің атаңыз болады, тегі бар адам ешқашан тек болмаған, сол түбіңіз, тегіңізден әулиелер шыққан, кейін елге, жұртқа басшы боп жүргеніңіз заңды. Бүгін Сіз бір ұлы сөз сөйледіңіз, мүмкін мені сыйладыңыз, болмаса, халықты сыйлаған шығарсыз.

-Қынекеңнен кейінгі осы елдің ағасы болыңыз. Сол қатарлы, - дедіңіз ғой. Дінмұхамед Ахметович, енді менің өтінішім бар. Сіз мені бір таудай праволы қылып кеттіңіз, осы Төлепбек ініңізбен менің иығымды бірдей, бойымды бойымен бірдей, сөзімді сөзімен бірдей сөйлесетін қып кетіңіз. Өйткені, Сіздің жасыңыз үлкен, сөзіңіз сөз болады! Сіз қалай десеңіз солай болады! (Күлкі).

Ел: “Тура Назарбаевты Сіз тәрбиелеп, өзі қойды” дейді. Біз Назарбаевқа да тура пайғамбардай сыйынамыз және денсаулығын тілеп жүреміз. Сізге майда әңгіме керек емес, ірі әңгіме керек, сондықтан, айтып отырмын: Жоғарыдағы адам төмен түсуге тиіс емес, жұмыстың бәрін істейтін - төмендегі адамдар. Егер төменде кемшілік жіберілетін болса, осы Төкең құсаған, мен құсаған кісінің мойнында болады. Сондықтан маған да бір кішкентай бата беріп, мені де осы жерде кішкентай теңестіріп қоюыңызды сұраймын.

Димекең жымиып күлді:

-Ал, енді Төле биді білесіңдер, Қазыбек інісі, Әйтеке би де інісі. Мен Төле би болған болсам, осы Бекежанды төртінші би қып кетер едім, төрт ауданға би сайлап кетер едім. Сондықтан, сізге, барлығыңызға, ақсақалдар сіздерге де, мынау еліміздің бақыты өссін деп, бала-шағаларыңыздың рахаттарын көру үшін ұзақ өмір тілеймін. Осындай дастархандардың басынан табылып тұруларыңызды тілеймін. Көп мен ділмәрлық жасамайын, осымен барлығыңызға денсаулық тілеп, мен осы әңгімені бітірейін.

-Ой, рахмет!

-Димеке, айналайын, бата…

-Барлығын осы екеуіңе тапсырамын. Менің берген батам - көбейіп өсе беріңдер, көбейе беріңдер.

-Ағаға бір шапан кигізейік!, - деді де Бегім Төлепбекке шапан кигізді.

-Шапаныңыз құтты болсын, Төке!, - деп жатыр көпшілік.

Шапан кигізу жалғасып, бірқатар меймандар шапан киді.

-Қынекең осы біздің үйде көптен бері болған жоқ, жиналған дүйім халықтың алдында шапанды кигізейік.

-Ал Қынеке, айналайын Әулием. Қанеки келсей бері, - деп Бекежан асаба елпелектеп жатыр.

-Мұсылманшылық жолымен қажыға барған, парызын атқарған Димаш Ахметовичке тәспі берген Ілияс қарияға - еліміздің ақсақалына, бұл кісіге де! Басқа ағайындардың бәрінің де рет-ретімен шапаны бар. Сый-сияпаты бар.

-Ал, бісміллә!, - деп шапан беру, сияпат тарату жалғасты.

Шаралар біткен соң Бегім:

-Димаш аға! Осы ретте, осы дәрежеде Аумин дейміз де, бата тілейміз! Тұрамыз.

-Иә, - деді Төлепбек інілік ізетпен.

-Бегім, келін, мынау Димаш Ахметұлы, шырағым, өзінің ырзалығын білдіріп, бата бермекші.

Димаш Ахметұлы:

-Алдымен былай болсын. Бүгін Тәшкеннен бастап, осы жерде де бәріміздің басымызды қосып аталы сөзін айтқан, мына Бегім. Енді міне тарайын деп отырмыз ғой. Қазақша айтқанда, той тарайтын уақытқа заман келді. Соған менің айтатыным, Бегім, келін, сендерге көп рахмет. Абыройларың өсе берсін. Менің тағы айтатыным, менің көтере айтатын бір, орысша айтқанда өзімнің лозунгым бар, ең аяғында қайда жүрсем де соны айтып кетемін. Өзіме бір шал айтып еді, жаңа да айттым ғой.

Иә!, - десті көпшілік.

-Желдіртіп 70-ке келіңдер, 80-нен секіріп өтіңдер, 90-ға тоқтамаңдар, 100-ге келгенде қарайып жатыңдар. Енді Қажеке, сізге жол берейін! - деп сыпайы жымия қарап еді, жарықтық.

-Қане, аумин, бабай! - десті көпшілік қол көтеріп.

Ілияс бабай:

-Бісміллә рахман рахим! Ағузу биллаһи раббил-ғаламин!

Ассалаумағалейкум уа рахматулла барахату. Алла-тағалам өміріңізді ұзақ қылсын! Мынау осы өзіңіз кеп отырған үйде бағана мен айтып кеттім ғой. Смаил деген жұлдыз болады екен, жеті қат аспанның үстінде, соның назары түскен адам патша болады екен, дүние жүзін сұрауына болады екен, соның қатарына іліккен адам екенсіз. Енді мен бірінші көруім еді, екеуміз құрдас екенбіз.

-Иә, -деп Қонаев тағы қостады.

-Маған сіз мына тәспіні бердіңіз…

Төкең:

-Екеуіңіз тәспіні ауыстырғаныңыз құрдастықтарыңыздан екен ғой, - деп қосыла кетті.

Ілияс:

-Иә, құрдас болдық, сосын енді жаңағы сөйлеген Қынекең де - бізбен қатар екен, бұл да сексенде екен. Оның айтқаны да, менің айтқаным да - екеуі бір болады енді. Осында Көктің ұлы деген елміз енді, осы жерде, Өзбекстанда, жарымыз өзбек, жарымыз қазақ болып жасағанбыз бірге. Сол жасаған адамның ішінде ол кісімен бәріміз Сізді шақыруды айтып отырмыз. Мен сол шақыруға қосыламын енді. Ол кім, мен кім демеймін. Неге десеңіз, бейтәртіптік болады ол. Ол менімен жасты екен, ол да 80-де, мен де 80-де. Ал енді мынау менің інім болады, көзін қысады, үйге деп айтсаңызшы деп. Сіз Қынекеңе келген күні сол әңгіме біздің үйде де, осы баланың үйінде де, менің үйім демей-ақ қояйын, болсын!

-Аумин!

-Аллаһу акбар!

Дүр көтерілген меймандар сыртқа шыға бастады, кіре берістегі дәлізге қойылған үстелде қолтаңба беру басталып кетті. “Өтті заман осылай” т.б. орысша, қазақша кітаптарын ұсынып анталаған адамдар, сыпайы кезек күтісіп тұр. Дәлізде Ілияс бабай:

-Димеке, қыдыр көрген адамсыз, сексенге келдіңіз. Енді Алла біледі. Мынау жердің көлеңкесі құсап жылт-жылт етіп тұрған өміріміз қалды енді. Сонымен, құдай қаласа, бір көрісейік енді, үміт етейік, Құдай жазсын! Көргенше, қайыр! Тағдырымыздағы Құдайдан ғой болса да, Құдайдан тілейік!

-Құдайдан тілейік!, - деді Димекең, сөйтті де:

-Еркектің жасы - екі елу дейді, соған жетейік, - деді, нықтап, әрі Ілекеңді жұбата бастады. Дауысы жарықшақтанып кетті. Жұрт құшақтасқан екі қарияға қарап, жапырыла күліп, қостап:

-Айтқаныңыз келсін! Екі елуге жетейік! – деп екі қарияның босаған көңілінің шегелерін бекітіп жатты.

-Келіндеріңізбен бір суретке алсын!, - деп өтініп, Бегім ойларын бөлді. Менің есімде Бегімнің “Өмірге құштар, оптимистично аттанып еді” дегені, сосын көңілі босағандай болып: “әттең отпуск алып үлгіре алмадым, альбомды, видеокассетаны апарып бере алмадым. Кеш бардым” дегені түсті.

Бегім тағы да қайталап:

-Димаш Ахметұлы, мына келіндеріңізбен, балаларыңызбен бейнеңізді видеоға бір алып қалайық! - деп балаларын, келіндерін, немерелерін қатарға тұрғызып жатты.

-Иә, - деп сыпайы қатарға тұрып, немерелерінің бәрінің қолынан ұстады. Видео түсіріліп жатты.

Далада - қалың көпшілік ду-ду..

Бөрібай жеделдете, термелете төге жөнелді. Домбыра екпіндете дауылдайды:

Шараф ата тойын да,

Өткізіп барасың ба?

Халқың қалды Мырзашөл даласында.

Бұл балаң ел алдында жана берсін,

Бұл балаңа шын бақыт қона берсін.

Ақын болып, ақ тілек мен тілейін,

Ал Аға! Ақ жолыңыз бола берсін!

Ей-һей! Ей-һей-һей!

-Рахмет, інішек! Рахмет, айналайын. Ал енді жүрейік, - деп ақынның қолын да қысып, басқа айналадағылардың қолын да қысып, жас келіндерге дейін түгел рахмет, алғысын айтып, қолдарын қысып, басын иіп, Бегімнің бетінен сүйді де, машинаға мінді. Соңғы машина… Зауытбектің Шымкенттен міне келген машинасы.

Меймандарды аттандырған соң…

Күтуші әйелдердің жетекшісі, дастархан мәзірін жасаушы Жаңыл Қожаевна сөз алды:

-Міне, біз қолымыздан келген жәрдемдерімізді жасап, үш-төрт күнде еш шаршағанымыз жоқ. Қайта біз қайратымызға қайрат қосып, осы келген меймандарды жақсылап күтіп алу әрекетінің үстінде болдық.

-Ой, рахмет!

-Сондықтан мен осындай асыл адамдармен дәмдес, сыйлас болғанымызға өте разымын. Менің бүгін айтарым, осындай тойлар бола берсін. Осында қаншама жақсы ниет, ақ тілектер айтылды. Мен де осыған қосыламын. Осы аудан барлық уақытта абыройлы болсын! Халық тыныш болсын! Бақытты болсын! Біз осы ауданымыздың қонағын күтіп, шаршамай жүре берейік! Баршаңызға денсаулық тілеймін.

-Ой, рахмет!

-Бәллі! – деді Стеджан Бақытов.

-Сау бол! – деді МАИ бастығы Ағабек.

Аудандық сауданы басқарушы Стеджан:

-Дұрыс, бақилыққа өткен өмірдің тірілерге өнеге тірлігін өткізіп жатырмыз. Пірлерді құрметтедім деп ойлаймын. Бірінші піріміз Шараф Рашидов болса, екінші піріміз Димекең. Осы Бекежан Тоқсанбаев, Жаңыл Қожаева мен Шараф Рашидовты тірі уақытында 3-4 мәрте Абай совхозының дала қосында /Бегімге қарап/ Сіздің С.Сегізбаев атындағы совхоздың кіре беріс жерінде қарсы алғанбыз.

-Иә!, - деді Бегім растап.

-Тамақ жеп болып, кетіп бара жатып, көмекшілері кетіп қалып, өзі бізге бұрылып:

-Рахмет! – деп иіліп кететін еді.

-Жарықтық!

-Ол кісілер сондай еді! – деді Бегім даусын көтере.

Сонда Бекеңе, Тоқсанбаевқа айтатын едім:

-Ай, Беке, бұл кісі бізге бұрылып рахметін айтты, бұл қалай болады? – дегенімде:

-Ей, сен бала, тыңда. Пір бас игеннен кейін біз де сол пірдің маңайында жүрміз, - деген еді.

-Құрметті Беке, сол өзіңіз айтқандай бүгін Сіз пір күттіңіз, тірісін де, өлісін де! Оны біріншісін осы ел біледі, екіншісі атам қазақ атын әлемдік деңгейде қорғаған. Мырзашөл - атамекеніміз барлық тарихты біледі. Мен осы көпшіліктің алдында саған тірі пайғамбардай тағзым етуге рұқсат етіңіз, Бекежан аға!

-Рахмет!, - деп жатыр Бекең.

-Мен осы жердің топырағына, суына, осы Мырзашөлге тағы да талайлар сәлем берсе дер едім. Міне ағайындар! Осы 4-5 күннен бері біздің елімізде қаншалықты үлкен бір дәуре-думан болып жатыр. Қаншалықты дархан дастархан жайылып жатыр. Бір күн дәмге мың күн сәлем дейді! Наннан артық ешкім жоқ! Нан десе бәріміз соған сәлем береміз.

-Рахмет! Егер осы Мырзашөл осындай болмаса Шараф Рашидов та тумас еді, Қонаев та келмес еді, о кісі де осы жерді көрмес еді. Ал енді ойлап қараңыз. Дүние жүзі бізге назар салып қарап жатыр. Кеше екі Президент – Нұрсұлтан да, Каримов та сөйледі. Екеуінің сөзінің барлығы – осы өзбек пен қазақтың бірлігі. Мен ойлаймын, бүкіл Азия елдерін де біріктіріп тұрған осы екі ел.

-Рахмет!

-Мен осы екі елдің азаматы болып, осы екі елдің ұлы болып, осы екі елдің жақсы ұлы мен қызы болып, мұсылман ретінде туғанымызға бақыттымын деп есептеймін.

-Рахмет!

-Құдай осы жақсы игілігімізді біздің келешектегі жастарға дарытсын!

-Рахмет! – десті, қыздар, жастар, әйелдер Жаңыл Қожаевна бастап.

-Бегім Серікович! Сізге үлкен рахмет! Сіз өлі әруақты ырза қылып, тірі пірді қосып, дастархан жайып, бүгін нан-тұз беріп отырсыз. Осы орайда ұмытылмас бұл істі дайындап, ұйымдастырған Сізге табынбаған мұсылман – мұсылман болуға тиісті емес.

-Рахмет, - Б.Тоқсанбаев, - даусын көтере, өте дұрыс айттыңыз!

-Ой, рахмет! – деді Бекең. Серіков те ризашылықпен.

-Мейлі, кейбіреудің ақшасы көп шығар, теңгесі көп шығар, түйесі көп шығар, дүниесі көп шығар, бірақ наннан ұлық ешкім жоқ. Мен осы тосты ел бірлігі үшін, нан үшін, дастархан үшін, келешек біздің осы азаматтарымыздың өсіп-өнуі үшін, тек қана осы жерде емес, ортамызда үнемі шаттық болсын, аудандағы барлық азаматтармен арамыз тату болсын, өзбек пен қазақтың, достықтың туы биік, асқақ көтерілсін және де Азияда елдеріміз ірі беделге ие болатын болсын! – деп көтеремін, басқа айтатын әңгіме жоқ!

-Рахмет сізге! – деді Бегім.

-Енді мына Димаш Ахметұлы отырған орындыққа отырған өзіміздің піріміз Сәке! Сізден бізге бақ қонсын, ырысыңыз жұғысты болсын, - дейміз.

-Рахмет!

-Жасы үлкен ағамыз! Осы елге, Мырзашөлге еңбегі, қызметі әбден сіңген. Бұл кісінің шапанын мен кигем! Ағаның өзі де біледі.

-Қане, Сәке, тұрыңыз!

-Рахмет!

Қол шапалақтау. Бегім шапан кигізді.

Көпшілік тағы қол соқты.

-Рахмет, төрем! Көп жаса!, - деді Есімов киюге жәрдемдескен келініне.

Б.Тоқсанбаев:

-Димаш Ахметұлы құсап айналайын деп, Стеджан мен Жаңылға өз қолыммен тапсырамын, - деп шапан, көйлек кигізіп жатыр…

-Шапаның! Көйлегің! Бұлардан біз ә деп бұрыннан киіп жатырмыз, киіп жатырмыз, енді біз де берейік! – деп әзіл тастады Бегім үйіндегі Ұлберсін жеңгей олардың сауда дүкендерінде істейтінін ескеріп. Жұрт ду күлді, қол соғуда.

(Мырзашөл ауданында, үйде Димекеңе, қасындағы қонақтарға әдемі, жарасымды шапандарды құрметтеп жауып жатқанда есіме “Салтанат” фирмасы басшысы Кенжебай Мамытовпен болған әңгімелер түсті.

-Бегім Серіков Мырзашөл ауданында әкім еді ғой. Біздің фирманың аты шығып жатқан соң, көп-көп шапан алған ғой. Димекеңдей кісіге - үлкен өлшемі керек, оюы, кестесі келіскен, айшықты, таза қазақша болуы керек. Өйткені, Өзбекстанда жүр еді ол кісі, Жызақта, Мырзашөлде кигіземіз, - деп қатаң тапсырыс берді. Қуана орындадық. Облыс Әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары кезінде Зауытбек Тұрысбеков те заказ берді.

Біреуін – Достық ауданы әкімінің орынбасары, біреуін – Жызақтан келіп әкетті. Үш шапан кетті.

-Жалпы Сіздің шапандарыңыз біраз жерге тарағанына қарағанда сапасы керемет болғаны ғой.

-Кереметін қайдам? Кигізуге жарағаны ғой, алғаннан кейін.

-Фирмаңыз тіккен шапанды Қонаев кигеніне қуаныштысыз ба?

-Бақыттымын ғой! – деп еді Кенжебай Мамытов).

Сәрсенбай Есімов:

-Бегім інім, осы залды ниеттеніп салып едім, бүгін бүйерде үлкен Түркістан мемлекетінің бірінші ақсақалы келіп дәм татты, осы жерде отырды деп, қуанышпен тілге алып жатырсыз, Жүдә, орынды. Енді Ақсақалдың әлгі сарқытынан дәм татайық деп кірдік бәріміз де ниеттеніп…

-Ниет қалыс, иә, иә, - дейді Бегім қостап.

-Имандылық, мұсылмангершілікке қайтадан қайттық. Ата-бабамыздың ескі дәстүрін жаңартамыз деп үлкен ниеттеміз. Келіп сол ақсақалдың орнына отырдық. Баяғыда Кисловодскіде демалып жүргенімізде бір күні Дамбай деген жерге бардық. Мақтарал ауданында прокурор болған бір қарашай Қазбеков деген жігіт сол Дамбайда саяжай-дачаның директоры екен. Сол шақырып бізді мейман қылды. “Сол өңірдің қазақтарының құрметіне бөленген адам едім, таныстарым көп еді, келіп қалыпсыздар. Осы жерге жатыңыздар” деп, үлкен төрт бөлмелі екі люкс бар екен, сонда алып кірді. Біраз іштік, отырдық, кейін ол айтты:

-Мінейерде, - деді, мына комнатада, бір мезгілде Шараф Рашидов бала-шағасымен жатты. Мына люксте Косыгин бала-шағасымен жатып еді, мына залда Шелоков жатып кеткен, - деді.

-О! – дестік.

-Өшердегі адамдардың барлығына сағат сыйлап подарка жасап, естелік қып кеткен. Енді, ақсақал, осы міне қазір бәрі бос. Сіздер демаласыздар, - деді. Бір-екі әлгі ірі мейманға арналған машина “чайка” бар екен, сөйерде даяр тұрады екен, ол “чайкасында” неміз бар. Біз, жаңағы жайы үшін ырза болдық. Бірақ, біздің өйерге барып қап жүргеніміз облыс Әкімі Тұрсын Омаровичтің арқасы.

-Кеше, Қонаев қабылдауында болды, - деді Б.Серіков сөз қосып.

-Ол кісі ояққа звонок қып қойған. Тыныш қана апар деген. Ол кісінің әйелі де бірге, сол үшін де берген болса керек жайды. Сонда маған “Мына люксте Косыгин жатқан”, “мына люксте Шараф Рашидов жатқан” деді. Мен айттым: “Енді Москваға жетіп барып Косыгиннің орнына жаттым” деп жүру маған оңай емес шығар. Осы жаңағы Шараф аканың жатқан койкасы қайсы, - дедім. (Ду күлкі). Бос тұрған койка бар екен.

-Нақ осы койкаға жатқан, - дегенде, мен айттым:

-Сонда о кісі әйелімен екеуі бірге жатты ма екен, жатсам сөйерге жатам, - дедім. Екеуміз де жатамыз ба өшерде, жоқ біреуміз жатамыз ба? – деп әзілдеп, қойшы, жаттық сол жерге.

-Сіздің жаныңызға біреу жатпаса болмайды ма?

-Ондай жайларда екеу болса – Мысыр шәр да! Міне бүгін, Бегім Серікович, осы өңірде Жызақ, Сырдария облысында әлгі қазақ атаның балаларынан “63-64 мың ел бар екеміз” деген сөз боп жүр. Сол өз еліміздің әзіргі ақсақалы бар ма, жасы бар ма, қойған талабын, мақсат-арманын айтып келетін уәкіліміз өзіңізсіз. Бүгін үйіңізде үлкен мереке, үлкен той, үлкен қуаныш, үлкен әруақты ел ерлері дәм татты. Менің шексіз қуанышым, менің шексіз ризалығым – мына Бекежан, менен бірер жас үлкен болса керек, мына үлкен адам Ілияс ағам осы үйге келіп дәм татып отыр, қажыға барып келген, бұ кісілердің алдында ризашылығымызды, пікірімізді айтып біз отырмыз. Енді ол кісінің орнына отырып, со кісі татқан ыдыстан дәм татып, со кісі аузына алып барған үрімкеден арақ ішіп отыру, бұл енді - үлкен мәртебе демеске әддім жоқ.

Бұл адамның барлығы сұм дүниенің мейманы ғой, белгілі жылдар ғана жасайды, жас та, кәрі де. Кеше бірге жүрген жолдастарымыздың жүдә көбісі жоқ. Демек, әлгі, дүние – жалған, бұл жүрген адамдардың барлығы керуен деген рас болса керек. Дүние базарын, өзіңіз бір адамша, елдің айтуларына да қарағанда, базарлаған адамдардың қатарында бар сияқтысыз. Ол жағын біз де жақсы базарладық, шүкір, жүгіміз жолда ауған жоқ. Енді міне, өзіңіз де жүк артып, сол үлкен базарға баратқан, үлкен ниеттегі адамсыз. Құдай жолыңызды берсін!

-Рахмет, Сәке, - деді солғындау дауыспен Бекең, қариялар керуеніне қосып тұрғанына ренжігендей. Көңіл жас қой!

-Бізді сыйласаңыз, Сізді құдай сыйласын дейміз енді. Енді міне алпыс алтыдан, алпыс жетіге басып бара жатырмыз. Бұл оңай жас емес. Ілияс Жәкемнің аяғын алып жүрміз.

-Міне, дұрыс әңгіме! – деп қойды Бегім Серіков.

-Енді құрметпенен мына үлкен ағаның орнына отырғыздыңыз. Енді Құдайға қарап, ел де бізді Димекеңдей сыйласын, ісіміз оңынан келсін дейміз. Басқа жолдастар да міне, осы Бекеңнің атырабында жүрген, “құс - қанатымен ұшады, құйрығымен қонады” деген сөз бар, қанат-құйрығы боп жүрген, бірге істеген жолдастары, бірге жүрген ортасы қолдап, қуаттасын деген, ардақтай берсін деген тілек бар көңілде.

Енді, ақыл-парасаты Бекеңнің жетеді. Сол құрметпен жоғары салада жетіскендігін біз қазір міне адамдардың сөзінен аңғарып отырмыз. Орынды, жақсы. Онсыз да ел аузында сөз жатпайды, бәріне түсінеміз, бәрін білеміз, байқаймыз. Мен Сізге шексіз ризамын! Ендігі менің сөзімнің аяғын асаба Бекең жалғастырады, Ілияс ағам бата береді.

-Рахмет, аға! – Бегім Серіков орнынан тұрды:

-Сәкеңнің осы сөзі үшін бір алып көрейік енді.

Бекежан Тоқсанбаев:

-Қонаев жолдас келіп, біздің өзбек ағайынымыз бен қазақ ағайынымыздың жүзін бұрынғыдан да жарқыратып, бұрынғыдан да биік шыңға көтергені үшін көп рахмет! Сондықтан, өзбек ортасындағы біз өзіміздің де осы бағамызды білгеніміз жақсы.

-Дұрыс!

-Әзір біреу мақтау үшін әуелі өзіңді біл, сосын мақтан. Осы Мырзашөл ауданы, Мырзашөл ауданы дедік. Аудан абыройын бір адам – Бегім көтерді. Мырзашөл ауданы халықтарының жүзін жарық қылғаныңыз үшін үлкен, ұлық кісіні алып келіп, ауылға, шай-су беріп, ат мінгізгеніңіз үшін, мынау ауылдың ақсақалындай тірлік қылған, жас болсаңыз да, Сізге көп рахмет!

-Рахмет!

-Жарайсыз! – деп қол соқты отырғандар.

-Енді мен мұндай ірі отырысты басқаруға жарағаным үшін бақыттымын деп тұрмын ғой. Мен үшін де қол шапалақтап жіберейік, - деп күлдіріп алған асаба:

-Енді, бауырлар, бұл жұмыстарды бір адам атқаруы мүмкін емес, мұны ел-жұрттың бірлігі атқарады. Жызақтағы киіз үйлер қандай әдемі болды. Елдің ынтымағы атқарады, елдің елдігі атқарады екен ірі шаруаны. Жақсы кісілердің - осы Мырзашөл ауданынан тәлім-тәрбие көріп жатырмыз деген үлкен ақсақалдардың сөзін көрші аудандарда естіп жүрміз. Оның ешқандай өтірігі жоқ, мінеки, - деп сөзін жалғады.

-Дұрыс, - деді Бегім Серіков.

-Бұл да болса осы Сіздердің қасиеттеріңіз, сіздердің туысқандық, бауырлық тірліктеріңіздің арқасы. Осыдан түйер ойымыз - адам өзі мықты болу керек. Мырзашөл ауданының дәу қазанының ортаймауына – ырыс, несібе тасып жүрген Бегім бұл. Меймандардың бірі, кеше: “Бүгін бізге қандай қызмет қылсаңыздар, ертең құдай сіздерге мұнан да көп қылып береді” деп еді.

-Төлепбек айтты, - деді біреу.

-Екі есе қып! – деп біреу қостады.

-Он есе!

-Құдай бұл жақсылықты мың мәрте қайтарып береді, - деді Ілияс бабай.

-Сондықтан ағайын, бұл қызметтеріңіз үлкен тірлік болды. Айналайын Бегім, міне, шын тілегімді, жүректегі пікірімді айтып отырмын. Кеше әлгі Рашидовтың әйелі “жүрегім сөйлеп жатыр” дегенде мен жылап жібергем, бұл – жүректің сөзі. Ал жүрек тура сөз сөйлейді. Ал енді, сондықтан көп адам, бүгін Бегім Серіковпенен, келін, Сіздерге қалай етіп рахметін айтарын білмей жатыр, сөзін жеткізе алмай жатыр.

-Ия, - деді Бегім.

-Бұл шаңырақ иелері де қуаныштарын бізбен бөлісіп, сіздердің әрқайсыңыздың қызметтеріңізге, ықыластарыңызға рахмет, - деп ниет білдіріп, шапан жауып, сый-сияпат жасап, көңілдеріңізді көтеріп жатыр, ағайын. Болмаса үйіңізде көйлек-шапан жоқ деп тұрған жоқ.

-Бар ол! – деді Бегім ішкі ойын Бекең дөп басқан соң.

-Бәрі бар. Сондықтан мұны жақсы түсініп алайық. Осы өзіміздің ынтымағымызға байланысты еліміздің бірлігі. Өзімізге байланысты еліміздің абыройын өзге мемлекетте жүріп сақтау…

Бір ақсақал бір таудың астында, жантақтың үстінде отырған екен. Жолда келе жатқан атты жолаушы бұрылып сәлем беріпті:

-Оу, ақсақал! Бұл жерде неғып отырсыз. Елсіз жер ғой бұл, - депті.

-Ей балам, мен бір итті бағып отырмын, - депті.

-Ойпырмай, - деп жолаушы атының үстінен бұлай қараса да, олай қараса да ешнәрсе жоқ.

-Ой, ақсақал-ау, ит те жоқ, күшік те жоқ, ештеңе де жоқ қой бүйерде – депті жігіт таңданып.

-Әй, шырағым, мынау екі елі аузымның өзі ит емес пе? Соны бағып отырмын, - деген екен қария. Осы екі елі ауыздан жақсы да шығады, жаман да шығады. Бұл иттен жаман сөз шығып кетпесін деп, жасым кеп қалған соң, осы жерге келіп отырмын, кешке таман барып үйіме жатамын деген екен.

Ду күлкі.

-Абыройымды жоғалтып алмайын деп, енді қалған қойдың жасындай ғана азғантай жасымда үйде аузыма ықтият болайын деп жатырмын. Қай жерде жүрсем де Құдай өзі көреді ғой, сол абыройыммен кетейін деп жатырмын, ағайын, - деген екен.

Шырақтарым, көз көргеніне сенеді, құлақ естігеніне сенеді деген, білдіңіз бе?

Құлақпен естігенге сенуге болмайды, көзбен көру керек. Майда сөз болмау керек. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Майдашыл емес Төлепбек Назарбековті байқадыңдар ма? Көп-көп жерде тура айтып, өзіне бұра тартып, түзеп отырды. Кәдімгі жүзге бөлетін, бұза беретін сөз айтуды қояйық. Бәріңізден бір өтініш жасаймын, - деді.

-Иә.

-Мүмкіндік болса, барлық уақытта жақсы өнегеге үйрету керек халықты. Ынтымаққа үйрету керек халықты. Реті келгенде халыққа, әсіресе жастарға түсіндіріп қоюымыз керек. Сондай әулие адамдар, жақсы адамдар келді, мейман болды, халық жиналған бұл жерде!

Айналайын! Қазағыма құдай бейбіт өмір берсін. Ал енді Бегім, сол елді басқарып отырған сізге де ұзақ өмір берсін! Мырзашөл ауданы төрағасы болсам, жүзге, руға бөлуші ел бұзар сөз айтатын адамды үйден шығармас ем. Біздің өз қолымызбен сайлаған адамымызсыз. Біз жүзге, руға бөлмеген уақытта қадір болады, сол уақытта елдік болады, кісілікті өзгелер таниды. Бірауыз болып бірігіп, тірлік істеп жүре берейік.

Жігіттер, “жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды” деген сөз бар. Мен Сіздерге айтайын, Ақсақалы дегеніміз - өте жауапты жұмыс. Оны әшейін Ақсақал деп беталды атай бермейді. Ақсақал деген - үлкен орын. Мына Димекең Қонаевты айтып отырмыз. Оның қасындағы кісілердің өздері 3-4 облыстарға биіктік қып жүрген адамдар. Саяси тұрмыстарға, кадр мәселесіне араласатындар.

-Рас, - деді Бегім.

-Ал енді мына біздің өзіміздің Қынекең Үкібаев ақсақалымыз - ардагер адам. Енді жасы келіп қалды. Ақсақалдық - қозғалыстағы қызмет. Ақсақалдыққа біздің Сәкең дап-дайын отыр. Мен Сәкеңе ақсақалдықты берсек демекшімін.

-Мен айтайын деп отыр едім, - деді Ілекең.

-Жо-жоқ, - деді Сәкең ағасынан тартынып.

-Оған өкпе болмайды. Ол менің бір ағалық сөзім еді. Қозғалыстағы, ел аралап жүретін адамсыз дер едім.

-Мен аяқтайын енді. Сәкең сөйлесе сөзді келтіреді, істесе істі қатырады. Сәке, айналайын, бір құдай артықша жаратқан жансың. Біздің ел үшін Қонаевтан кем емессің.

-Жаңа айттым ғой, Сәке, - деді Бегім де.

-Кем емес. Бұл адам да Пайғамбардай адамымыз. Ілияс ақсақал жөн айтып отыр. Ой, айналып кетейін Сәрсеке! Міне, Сіз дүниені сүріп көрдіңіз, ақсақал. Жегеніңіз алдыңызда, жемегеніңіз артыңызда болды. Абыройды да құдай сізге берген. Ақсақалдық жасаңыз!

Ілияс бабай:

-Жөн сөз осы болады, - деді.

-Екі-үш рет ауданға басшы болып келу деген - құдайдың ісі. Адамның ісімен келген жоқсыз. Құдайдың өзінің бұйрығымен келгенсіз. Қонаевқа тәу етеміз. Ал енді Рашидов ақсақал да өте зор адам болған. Ал енді біздің алдымыздағы өнеге, үлгі, солардың тура көшірмелері, солардың артынан келе жатқан жеткіншек Сәке, Сізге бүгіннен бастап бүрыңғыдан да ықылас зор болсын, - деп мойындаймыз.

-О! – деп қол шапалақтады көпшілік.

-Жәке, енді мынау ұсыныс қалай болады? – деді Сәрсенбай Бекежан Тоқсанбаев пен Ілиясқа қарап. Ілекең қажы сөйлеп берді:

-Жақсы болады. Көппен келісілген нәрсенің орны толады. Кәріліктің де орны бар. Жігіттіктің де орны бар. Ақсақалдықтың да орны бар. Бәрінің де орны бар. Ал енді /Тоқсанбаевқа қарап/ сенің айтып отырған бұл әңгімең өте дұрыс-ақ, неге десең, жаңа Қынекеңнің қартайғаны туралы айтқаның менің де жүйемді босатып отыр.

Зілсіз айтты, жұмбақтай айтты. Бірақ, жұрт әзілді түсініп қойып, ду күлді.

-Өзін айтып отыр, - десіп дуылдасты.

Ілекең Сәрсекеңе қарап:

-Бір столда да 1961 жылы жолың болып, Димекеңмен қағыстырып, соғыстырып тұрғаныңды айттың ғой. Кеше, бүгін де Димекеңмен дәмдес болып інісі Төкеңмен қатар есе, ерік, билік алдың. Міне, көрдіңіз бе! Сол айтпақшы дайраның /дарияның дегені/ бер жағындағы Қоңырат па, басқа ма, осы Сырдария, Жызақ атырабы ақсақалы деп Сәкеңе бата беріп, аумин дейік!

-Аумин!

Димекеңің айтқандарынан алған әсерлерім

…Атақты атбегі Бошай Кітапбаев, Қаратаудың күнгей етегіндегі Мақұлбек, Керімқұл деген кісілердің бәйгілерін еске алып, Кенен, Нартай, Шашубай сынды ақындармен болған кездесулерін сыр ғып айтар еді.

Димекең айтулы асаба деседі білетіндер. 1992 жылы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ташкент облыстарын аралаған сапары әлі ел есінде. Талас ауданынан сәскеде шыққан Димаш Ахметұлы жолда Қаратауда, Жуалы, Түлкібас аудандарына ат шалдырып, түннің бір уағында Төлеби ауданындағы Төлепбек Назарбеков деген кісінің үйіне маңдай тіреді. Келсек ығы-жығы адам, үлкен зал іші шоқ-шоқ гүл, о шеті мен бұ шетіне “қозыкөш” келетін дастархан қайысып-ақ тұр. Димекең: “Апыр-ай осынша шабылғаның қалай?” деп қатты қысылғаны бар. Сөйтсек Төлепбек ағамыздың алпыс беске толып отырған тойы осы күнге тұспа-тұс келген екен. Сол дастарханды Димаш Ахметұлы мен басқарайын деп қолқа салғаны, содан таң қылаң бергенге дейін тойды қыздырғаны ел есінде. Жәйшылықта ашылып сөйлей бермейтін Димекеңнің қара сөзге жорға екеніне және мақал-мәтелге ұста екеніне сол жерде ел көз жеткізді.

Өз басым ол кісінің қандай қасиеттерін қадірлейсіз дегенде, қарапайымдылығын, кішіпейілділігін дер едім. Бала көрсе еркелеткісі келіп тұратын бала-жандығы. Алдымнан жүгіріп балалар шықса ұялып қалмайын деп, қалтасына кәмпит салып жүреді екен. Сосын, кісі баласын жамандап, сыртынан ғайбат айтуға жоқ еді. Кешірімшіл, көпшіл мінез екінің бірінде бола бермейді. Бұйрық райда жұмсауға жоқ, ең әрі кеткенде “осылай етсек қалай қарайсыз” деп салмақты өзіңе салып отыратын және көсемсуді білмейтін.

Армансыз адам болмайды ғой. Димекеңде ше? Бұл туралы жиырма жылдай денсаулығының сақшысы болған, туған інісіндей жақсы көретін дәрігері Ахат Әминұлы Мүліковке әзілдеп: “Аха, осы ХХІ ғасырға жеті жылдай уақыт қалыпты. Төбесі көрініп тұрған жер екен, жеткізе аласың ба?” деп отыратын.

Бүгінгі қоғамдық өзгерістерді жіті қадағалайтын. Қоғамдық өзгерісті қолдайтындығын халықаралық қор құру арқылы білдірді. Қазір Қонаев қорының еліміздің көптеген облыстарында, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Қарақалпақстанда, Германияда бөлімшелері жұмыс істейді. Қазір Түркияда, Ресейде, Түрікменстанда, Әзірбайжанда, Монғолияда бөлімшелері ашылу қарсаңында.

Өзбекстандағы халықаралық Д.А.Қонаев қорының президенті жалақы алмай істейтін Қарсыбай Тажиддинов оның болашағын былай елестетеді.

Қоғамдық негіздегі, қордың болашағын өрісін қалай кеңітіп отырғанынан-ақ Д.Қонаевқа деген ел құрметін аңғаруға болады. Басты мақсат-тәуелсіз еліміздің іргесін нығайтуға қолдан келгенше атсалысу. Димаш Ахметұлының өсиеттерін орындап, аманаттарына адал болу.

Қазір жыл сайын жер-жерде Димекеңді еске алу күндері өткізіліп жатыр. Қор бұл орайда көптеген нақтылы шаруаларды жүзеге асырып жатыр. Шымкентте облыстың барлық аудандарынан өкілдер қатысқан ас берілді, Талдықорған облысының ардагерлері Алакөл ауданында бас қосса, Жамбылда жас жұмысшылар мен еңбек, соғыс ардагерлері бас қосқан “Ұрпақтар үндестігі” деген кеш өткізілді. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да Жызақ, Ташкент, Сырдария, Мырзашөл өңірлерінде жалғаса түседі және мұны жыл сайын тамыз айында өткізу дәстүрге айналдырылған. Бұған қоса мынаны айтар едім: Димекеңнің басына құлпытас орнатылды, деректі фильм экранға шықты, қазақ және өзбек тілінде естелік кітаптары Өзбекстанда да құрастырылып жатыр. Орысша “От Сталина до Горбачева”, қазақша “Ақиқаттан аттауға болмайды” деген кітаптары жарық көрген екен, ол Өзбекстан қазақтары үшін табылмай тұр.

Барлық газеттерде жарияланып, радио және теледидар арқылы берілген ардагерлердің “Ұрпақтар үндестігі” деген атпен Димекеңді еске алу күнін өткізу туралы үндеуіне халық үлкен қолдау көрсетіп отыр.

Мырзашөлдік азаматтарымыз “Әруақ риза болмай, тірі байымайды” дегенді ұмытпай, әлі де еліне қадірі асқан дана қарттың рухын көтерер игі, қосымша шараларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

Димекең елдегі экономикалық дағдарысты көріп, қалыптасып отырған әлеуметтік жағдайдан хабардар болған елағасы ғой. Мына тығырықтан шығар жолды айта алды. Бұған жарық көрген,оқырмандар сүйішпеншілігіне бөленген “Ақиқаттан аттауға болмайды” деген кітабында толық жауап береді. Ол кісі: “Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсырет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма!” деген тілек үстінде дүниеден озған еді. Міне, бүгін оған да бірнеше жылдар өтті. Есімі, еңбегі ғасырлардан-ғасырларға жалғасатынына сенеміз. Иманы жолдас болсын!

Мылтықбай Ерімбетов,

КСРО Жазушылар Одағының мүшесі.

Бөлісу:

Көп оқылғандар