ӘН - ҒҰМЫР

Бөлісу:

26.06.2018 4482

Тағдыр-талайы қызық һәм ғибратты адамдар болады. Сондай жандардың бірі – Астана қаласының тұрғыны, кешегі партия-кеңес қызметкері, зейнеткерлік еңбек демалысқа шыққанға дейін Целиноград автомобиль жол-құрылысы техникумында әрі оқытушы, әрі ширек ғасырдай уақыт директор болған 90 жастағы Кенжебай Бекпаев.

Мен ол кісімен «Қазақ әдебиеті» газетінің Ақмола қаласындағы меншікті тілшісі болып жұмысқа кіріскен 1997 жылы, қыркүйек айында танысқан болатынмын. Сол кездесуден соң, өмірі өнегелі адамның әдебиет пен өнерге жақындығына тәнті болып, бүгінге дейін ағалы-інілі туыстай араласып келем.

Кенжебай ағаның жүріп-тұруы қиын болғанымен, қай кезде де сезімі сергек, ойы айқын, әңгімеміз жарасты, сыр-сұхбатымыз таусылмайды. Ол кісі қай кезде де қол қусырып отырған емес. Бір барғанымда атақты жазушы, Нобель сыйлығының иегері Иван Буниннің, бір барғанымда Александр Куприннің, Джек Лондонның, Сергей Довлатовтың шығармаларын қазақшаға тәржімалағанын, келесі барғанымда кезекті ән жинағын шығарғанын қуана жеткізеді. Ара-тұра сауал қоямын да, Кенжебай ағаның әсерлі әңгімелерін тыңдаймын.

«Тыңда асықсаң, тракторға отыр...»

1955 жылы Ақмола облысының бұрынғы Алексеев, бүгінгі Ақкөл ауданында мектепте жұмыс істейтін. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Иванович Журин шақырып алды да:

-Саған комсомолдық тапсырма. Державин аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып барасың, - деді.

Мәскеуден тақауда ғана жоғары комсомол мектебін бітіріп келген болатын. Жалындаған жас кезі. Партия айтса бітті, қайда жұмсаса да тарта беретін. Сөз қайтару, жалтақтау деген болмайтын.

-Қашан жүрейін?

-Быстрее отьезжай, - деді бірінші хатшы.

Қараша айы, қар қалың, аяз үскіріп тұр. Машиналары әлденеше рет тоқтап, батып, зорға дегенде қазіргі Жарқайың, бұрынғы Державин ауданының орталығына жетті. Таңертең тұрса машина дөңгелегі сіреу мұз. Ол кезде бүгінгідей тас жол мен темір жол жоқ. Екі кісі сиятын кішкентай ұшақ почта тасиды. Телефон байланысы аудандық партия комитетінде ғана. Негізгі көлік - трактор. Қанатты сөздер құрастыратын әдеті бар еді. Сол жылдары қойын дәптеріне: «Тыңда асықсаң, тракторға отыр» деп жазып қойыпты.

Сонымен Баранкөл елді-мекеніне жетіп, орналасты. Күні кеше енші алған жер. Кеңселері – вагон. Аудандық комсомол комитетінің құжат-қағаздары сөмкесінде. Комсомол билетін ауыстырып жатқан науқан еді.

-Тың туралы қарама-қайшы пікірлер көп, - дейді Кенжебай аға. – Қазақстан сол жылдары орыстанды деп жүрміз. Қазақстан тыңға дейін де орыстанған. Тың болмаса, өзге бір науқан болар ма еді?!. Тыңның жақсы жақтары да болды. Біріншіден астық алқаптары көбейді, жаңа аудандар ашылды, шаруашылықтар салынды. Қателігі – агротехникадан. Жайылым жерлерді оңды-солды жыртып тастады. Ауыл-үйдің іргесіне дейін әкелді. Асыра сілтенді. Кезінде Ауғанстан соғысының кемшілігін ешкім айтқан жоқ. Ол да қателік. Алайда, Ауған соғысына қатысқандар Ұлы Отан соғысына қатысқандармен бірдей жеңілдік алады.

Тың көтерілген жылдары КСРО-да жалғыз партия болды. Мынауың теріс деп ешкім айтпады. Біз идеямен шыныққан, сол идеяға берілген адамдар едік. Менің тың жылдары, бір жарым жылдан соң ғана бір бөлмелі пәтерге қолым жетті. Сол жерден жаңа аудан орталығын салдық. Аяғымызда керзі етік, қыстағы көлігіміз трактор еді. Державинде бір жыл аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, үш жыл аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі әрі бюро мүшесі болдым. Көп ұзамай Державиннен темір жол өтті. Отанға көп астық берді. Державин бұрын шағын ғана ауыл болатын. Кейіннен дүрілдеген аудан болды. Бұл – тың әкелген жақсылық, жаңғыру емес пе?!.

«Бестөбем, менің Бестөбем...»

1978 жыл. Қыркүйек айының басы. Онда Ақмоладағы автомобиль жол-құрылысы техникумының директоры еді. Техникум студенттері Макин ауданында ауылшаруашылығы жұмыстарына қатысып, картоп жинап жүрген. Жастардың жұмысын көруге бара жатқан. Рульдегі шофер жігіт – Темеш. Баратын жерлері - екі жүз шақырымнан астам жол.

Күрең күз. Дала реңі қайта қоймаған. Түнде жақсы тынығып тұрған еді. Әдетте қат-қабат, қарбалас жұмыстан ұйқысы қанбай шаршаңқы жүретін. Мұндай жағдай ылғи бола бермейді...

Бала кезден Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса әндерін сүйсіне тыңдап өсті. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалқып» әндеріндегі тереңдік, кеңдік неткен десеңізші! Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы ше?!. Осынау тұлғалардың әндерін бойына сіңірді, тәлім алды, үйренді.

Маң далаға машина терезесінен қарап халық әндерінің бірін жәй ғана ыңылдап айтып отырған. Өнерді жанындай сүйетін ақынжанды жігіт қолы босай қалса, кітап оқуға отыратын. Кей кездері өлең жолдарын қағазға түсіріп те қоятын.

Бестөбем, менің Бестөбем,

Бес тауым ғой бес төбең.

Есігін алғаш мектептің,

Сенде ашып өскен ем.

Жастықтың салған іздерін,

Өзіңнен талай іздедім.

Жас сұлуға ең алғаш,

Ұсынғам сонда қыр гүлін, - деген өзі жазған өлең жолдары есіне түсті. Ырғақты, әсем саз тербеді жүрегін... Машина моторының гуілі де әсер етіп, үндескендей ме, қалай?!..

Аздан соң қасындағы жігітке бұрылып:

-Тыңдашы, әнге ұқсай ма, қалай өзі? – деді ән әсеріне елітіп.

-Естіп келем, қайталаңызшы тағы?

Дауысын шығарыңқырап айтып еді:

- Ән ғой бұл, ән ғой! – деді шофер жігіт те жайдары жүзбен.

Ұмытып қалмайын деп жол бойы ән әуенін қайталап айта берді, айта берді. Сөйтіп Макин селосына жетіп, аудандық партия комитетіне кіріп шықты. Техникум студенттерінің қал-жағдайын білді. Студенттер көп талап қояды екен, бір қыз бала киіміміз су, соны кептіретін жер керек депті. Өзгеше өрескелдік, тәртіп бұзу фактілерін естімеді.

Олар енді студенттер еңбек етіп жатқан ауылға жол тартты. Манағы әнді айтайын десе, әуен жоқ.

-Оу, Темеш, жақсы деп ең?!. Қайда ол ән, қалайша ұмыттым, а?! – деді Кенжебай мұңайып.

- Уайымдамаңыз... Қайтар жолда есіңізге түседі...

Студенттердің арасында екі-үш күн болды, әңгімелесті, арасында картоп та терісті.

Целиноградқа қайтар жолда жаңа әннің әуенін еске түсіріп, қайыра айта бастады. Кешке қаладағы үйіне келді. Музыкант Владимир Шевченко деген көршісі қолма-қол нотаға түсіріп, оранжировкасын жасады. Сөйтіп «Бестөбем, менің Бестөбем» аталатын алғашқы әні дүниеге келді. Содан бергі уақытта жан серігі – ән!..

Әнсіз, әуенсіз өмірін елестете алмайды. Әдемі әуендер жан дүниесін тербейді, мынау әппақ әлемге құштарлығын арттырады.

«Жанымда сен еккен жаз қалсын...»

Кенжебай Бекпаевтың әндерін, сол кездегі Ақмола автомобиль жол-құрылысы техникумының оқытушылары Мүгілсім Асқарова, Татьяна Руднева, Жұлдыз Осипова әуесқой сынды әншілер орындады. Көптеген әндері облыстық радио мен теледидар бағдарламасынан жиі айтылатын.

Композитор бүгінге дейін Михаил Лермонтовтың, Иван Буниннің, Марина Цветаеваның, Белла Ахмадуллинаның, Андрей Дементьевтің, Татьяна Снежинаның т.б. орыс ақындарының сөздеріне әндер мен романстар және фортепиано мен дауысқа арналған вокалдық шығармалар жазыпты. Ол әндері нотасымен бірге жеке-жеке жинақ. Сол ән-романстарының бірнешеуі Ресей елінің Мәскеу, Воронеж, Брянск қалаларында, концерттерде айтылып жүр.

Кейінгі кезде композитор қазақ ақындарының өлеңдеріне ән, романс жазуға ден қойды. 2015 жылы Қазақ радиосының музыка редакциясының тілшісімен болған сұхбаттан соң, 7 әні «Алтын қорға» жазылды. Олардың арасында Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың, Еркеш Ибраһимның, Ұлықбек Есдәулеттің, Қанипа Бұғыбаеваның, Марфуға Айтқожинаның, Риза Қунақованың, Дүйсенбек Қанатбаевтың, Марфуға Бектемірованың сөздеріне жазылған әндері бар.

Алдымда К.Бекпаевтың бірнеше ән жинақтары жатыр. Солардың бірі – 2012 жылы жарыққа шыққан «Сыр бойы» деп аталатын романстар.

«Кенжебай Бекпаев – танымал композитор. Оның әндері мен романстары Ресей және Қазақстан ақындарының сөздеріне жазылған, - деп жазады Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Пернебек Шегебаев кітап алғысөзінде.

Композитордың туындылары табиғаттың сұлу бейнелері мен адам өмірінің жарқын кезеңдерін суреттеуге арналған. Сондықтан ол көбінесе лирикалық, кей кездерде лирикалық-драмалық бағытты ұсынады.

Композитордың әндері мен романстарының музыкалық тілі қарапайым әрі ұғынықты, сол арқылы тыңдармандарға ерекше әсер қалдырады. Әндердің фортепианолық сүйемелдеуі әуенді қолдап қана қоймай, кей жерлерде композитордың ойы мен ішкі сезімдерін толықтырып отырады.

К.Бекпаевтың бұл жолы ұсынып отырған жинағы төрт романстан тұрады. Олар көрнекті қазақ ақындары Қасым Аманжоловтың «Айтшы жаным», Фариза Оңғарсынованың «О дүние-ай, оралды көктемдерім», Сағи Жиенбаевтың «Дүние қалдырмады көштен мені» және Әбдікәрім Ахметовтың «Сыр бойы» сөздеріне жазылған.

Композитор «Дүние қалдырмады көштен мені» романсын баллада стилінде жазылған дейді. Расында да, бұл шығарма өзінің асықпай жүретін «баяндау» мәнерімен баллада жанрын еске салады. «Сыр бойы», «О дүние-ай, оралды көктемдерім» романстары лирикалық әсем әуендерімен әсер қалдырса, «Айтшы жаным» романсы өзінің ерекше, жарқын музыкалық мәнерімен көзге түседі».

1980 жылдары көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Е.Рахмадиев Целиноградқа бір келгенінде, С.Сейфуллин атындағы кітапханада жергілікті композиторлардың концертіне қатысты.

Е.Рахмадиев педагогикалық институттің музыка факультетінің оқытушысы Ғалия Тохтахунованың орындауындағы К.Бекпаевтың «О, жастық-ай!», (Сөзі Қ.Мырзалиевтікі), «Жас шофер» (Сөзі Т.Рахимовтікі) әндеріне жоғары баға берді.

К.Бекпаевтың әндері мен романстары жайлы Қазақ ұлттық өнер университеті композиция кафедрасының меңгерушісі, композитор С.Әбдінұров, Қазақ ұлттық университеті музыка тану кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Әлпейісова т.б. өнер қайраткерлері жақсы пікір айтқан.

Бірде белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің жыр жинағын оқып отырған. Көзі «Анама» атты өлеңге түсті.

Мен жоқта желменен сырласпа,

Жүрегім желді күн жылаған.

Жазбақ боп тумысы жыр басқа,

Жаза алмай жастыққа құлағам.

Айтамын бір сөзді қиылып:

«Жанымда сен еккен жаз қалсын,

Анажан! Кеудемнің күйін ұқ.

Сол күймен жүректер маздасын!..» - деген жолдар жан дүниесін астаң-кестең етті. Неткен сырлы, сазды, мағынасы терең жолдар! Неше мәрте оқыды. Сол күні «Анама» әні дүниеге келді. Кейіннен 2015 жылы жарық көрген әндер жинағына нотасымен жарияланды.

«Ізденгеннен із қалады...»

Кенжебай ағаның тағы бір хоббиі – орыс жазушларының шығармаларын қазақшаға тәржімалау. Бұл ретте сүйіп оқыған және алғаш аударған туындылары - Иван Буниннің әңгімелері.

-Иван Буниннің әңгімелері ғажап, - дейді Кенжебай аға. - Қайран қалам, бір әңгімесінің өзі бір повестке бергісіз, айтылмаған ән сияқты. Буниннің «Күн өткендей», «Кавказ», «Степа», «Мадрид», «Түнек» т.б. әңгімелерін қазақшаладым. Буниннің шығармаларының біразын көрнекті жазушы Қалихан Ысқақов аударған. «Арсеньевтің өмірі», «Суходол», «Митяның махаббаты» да керемет қой!

Атақты жазушылар Александр Купринды, Владимир Короленконы, Сергей Довлатовты, жапон және қырғыз ертегілерін қазақшалады. Ол аудармалары мен қанатты сөздері «Фолиант» баспасынан 2015 жылы жеке кітап болып шықты.

Кенжебай ағаның талай жылдан жазып жүрген қанатты сөздері қаншама. Солардың бірнешеуі төмендегідей:

Ұяты бар ұтылып жүреді, ұяты жоқ құтылып жүреді.

***

Көп оқи беріп те өмірді бос өткізіп алуға болады.

***

Ұзақ сөйлесең де, ұсақ сөйлеме.

***

Жастық шақта жанбаған, қартайғанда тұтанбайды.

***

Оқығанның бәрі ақылды бола бермейді.

***

Қартайғанда адам жалғыздыққа үйренбейді, көнеді.

***

Ұл балаң – айбының, қыз балаң – ай-күнің.

***

Досың екеу болса, біреуі кітап болсын.

***

Ой ойласаң келедң, ойламасаң қайдан келеді?

***

Ізденгеннен із қалады.

***

Жақында Кенжебай ағаның үйіне бардым. Әдеттегідей қуана қарсы алғанымен, көңіл-күйінің болмай тұрғанын шаршаңқы жүзінен, қызарған көзінен байқамау мүмкін емес еді.

-Назар аударма, - деді жуып-шайып. – Сырқат қой сыралғы... Мына Көкшетау өңірінің тумасы, атақты Шал ақын, адам жасын санамалап келіп:

...Сексенде селкілдеген шал боласың,

Қайда деп он бес қайран дал боласың.

Тоқсанда өлі де емес, тірі де емес,

Бәріне көрінгеннің таң боласың, - деген ғой. Сол бабам айтқандай, тоқсан дегенің аз жас па, қарағым?!. Кейінгі айларда көңілім ала, ұйқым шала, мазам кетіп жүр. Тәңірі қазір алса да бейілмін. Аллаға шүкір!..

-Алатаудан құласаң да, көңілмен құлама дейді ғой...

-Сарыуайымшыл емес едім... Кейде жалғыз үйде қалғанда, сұрықсыз ойлар қамайтыны бар. Сыйлас достарымның көбі қайтыс болған. Жұбайым Рәзияның өмірден озғанына он екі жыл. Әжік-күжік әңгімелеміп, шер тарқатар жан қалмады. Елеп-ескермейді ешкім... Ана бір жылдары осындағы қазақ драма театрының бір қызметкері жеті-сегіз әнімді дискаға түсірем деп зейнетақымнан жиған қыруар ақшамды қағып кетті. Сендім өнер адамы болған соң... Қайдан білейін... Әндерімді жарыққа шығар деп өтініш айтқан кісілердің түгелі ақша сұрайды, тиынсыз қия баспайды.

Жүз елудей ән мен романс жазыппын. Солардың орындалуын қалаймын. Астанада жеке концертім өтсе деп армандаймын.

- Қамыға бермеңіз, аға! Деніңіз сау болсын! Жиендеріңіз Кәмила мен Әселдің қызығын көріңіз! «Ұл түтінге, қыз күтімге» дегендей, қызыңыз Гүлнар сізді қадірлеп, қас-қабағыңызға қарап отыр ғой.

Ерте ме, кеш пе, әндеріңіз орындалар, жеке концертіңіз өтер, – дедім өмір мен өнерге ерекше құштар, рухы биік ақеділ ағаға тілек қосып.

Толымбек Әбдірайым, жазушы

Бөлісу:

Көп оқылғандар