Тұрлыбек Мәмесейіт: Шетел әдебиетіне табынғыштардың көбі көшірме жасап жүр...

Бөлісу:

27.06.2018 5369

Тұрлыбек Мәмесейіт – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшелене алған қарымды қаламгерлердің бірі. Жазушының Таңжарық Жолдыұлы туралы зерттеулері қазақ әдебиетіне қосқан үлкен олжа. Түрлі әдеби жиындарда көп бой көрсете бермейтін қаламгердің бүгінде не жазып жүргенін, алдағы жоспарлары туралы білсек деп әңгімелесіп қайтқан едік.

-Тұрлыбек аға, қазір не жазып жүрсіз? Әңгімемізді осы сұрақтан бастап отырған себебім, біраз уақыт болды, көрінбей кеттіңіз ғой?

-Мен көпшіліке өз-өзімді жарнамалағанды жақсы көрмейтін жанмын. Оның үстіне, біздің қоғамда әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған бір науқаншылдық басым. Содан да шығар, әр жерде өтіп жататын жиналыстарға көп бара бермеймін. Барған күнде де ол жерде сөйлемеймін. Өйткені, онда барған соң болмаған дүниені болды деп, жалған әңгімені лепіріп айтып отыру – менің қазақы табиғатыма жат дүние. Одан гөрі үнсіз ғана жазумен айналысқаным дұрыс. Онсыз да жазылмай жатқан қаншама дүниелер бар. Ал жазушыдағы басты қағида – қандай жағыдай болмасын ойыңдағыны жазу. Ол қағаз бетіне түскеннен кейін далада қалмайды, түбінде бір оқылатын болады. Сосын, радиолар мен телеарналарға сұхбат берсең, айтқан ойыңды, сөзіңді қысқартып, кесіп тастайды. Сонда мен ойымды жеткізіп айта алмасам, телеарнаға бетімді көрсету үшін шығамын ба?!

-Ал, әлеуметтік желілерді, сайттарды қаншалықты бақылайсыз? Қалай дегенмен олар тәуелсіз дүниелер жазып жүр ғой?

- Бұрын Кеңес Одағы кезінде интернетсіз-ақ халық кітап оқып күн кешті ғой. Мен сіз айтып отырған сайттарды қарап жүрмін деп айта алмаймын. Өйткені, интернеттен, компьютерден алыстау адаммын.

Кеңестік кезеңде кітаптар ең кемі 20 мың таралыммен шығатын еді. Қазір мыңнан аспайды. «Интернет келіп оқырманымыз азайды», - демесек, іздеп оқитын жұрт әлі де бар. Кейде кітабымыз қолына түсіп жатса, хабарласып өз пікірлерін айтып жататындар бар. Ал Алматыға барсаң жазушылар одағында кездесіп қалған ақын-жазушылар әйтеу оқығандарын айтады. Қолдан келер ештеңе болмаған соң, мемлекеттің әупірімдеп шығарып берген аз кітабына мәз болып, өміріміз өтіп жатыр ғой. Біздің қатарластардың ішіндегі пысықтар агенттерді жағалап, кітаптарын шығартып, жарнамалап, аударма да жасатып жүр. Тіпті кейбірі интернетті де тәп-тәуір игеріп алды. Әйтеуір солар мәз болып жатады...

-Сізді оқырмандарыңыз «Таумен жаны да, жазуы да егіз қаламгер», - деп жатады?..

-Мен Хан Тәңірінің етегінде өскендіктен, тауды ойламай тұра алмаймын. Тау туралы жандүнием жылап отырып жазамын. Содан да болар, мені оқығандардың көбісі тауды жазатын жазушы ретінде біледі. Мен Оралхан туралы көп зерттедім. Алтайдың тауын Оралхан Бөкейден асырып жазған жазушы жоқ. Ол кісімен сөйлесуіме де себепкер болған осы тау десем болады. Маған кездескенде Оралхан: «Екеуімізге тау жетеді. Басқаны не қыласың?! Хан Тәңір деген ұлы тау ғой. Соның ұңғылы мен шұңғылын жазсаң бір ғұмырыңа азық», - деген еді. Содан бері тауды жазып келемін. «Хан Тәңірдің баурайындағы жалғыз шырша» деген кітабым Астанаға келгенде сол аңсардан, сағыныштан жазылған дүние еді..

.

-Таңжарық Жолдыұлы туралы романыңыз жақында қайта басылып шығыпты. Жалпы, тарихи тұлғаларға қатысы романдарды кейде тапсырыспен жазады деуші еді... Осы романыңыздың жазылуы жайлы айта кетсеңіз?

-Бұл тапсырыс емес, өз жүрек қалауыммен жазған роман. Өйткені, Таңжарық Жолдыұлы біздің елдің жиені болады. Оның үстіне мен сол Хан Тәңірдің баурайындағы шекара түбінде туып өскем. Ары-бері өткен қазақ тағдырының бәрі сол шекарамен байланысты болды. Бұл біздің бала санамызға ерте ес кіргізді деуге болады. Өйткені, Ресей мен Қытай XIX ғасырдың басында, қазақпен ақылдаспай-ақ, шекараны екіге бөліп тастады. Қазақтың басындағы трагедия содан басталды. Сол қасірет әлі жалғасуда. Романның I томы, Таңжарық Жолдыұлының Нарынқолда оқыған үш жылына арналады. Екінші томын Шыңжаңға барып, зерттеп жаздым. Таңжарықтың Құлжада газет ашқанынан бастап, түрмеге жатқанына дейінгі уақыт қамтылған. Сол үшін Күнес аудандағы Жолдының сайы деген жайлауында болдым. Одан кейін түрмеге қаншама рет бардым. Қазір сол түрменің орнына 7-8 қабат қылып жаңадан түрме салып қойыпты. Бұл романда Таңжарықтың өмір жолы баяндалғанымен, тұтас мазмұны – қазақтың трагедиясы деуге келеді...

-Әрине, қаламгерлердің өнімді еңбек етіп жатқаны жақсы ғой. Бірақ, сол том-том романдардың оқылатын дәуірі ме? Өзге елдер телеграфтық стильге көшіп жатыр. Бұл бір жағынан оқырмандардың уақытын сыйлау дегендей?...

- Нанымды дүниеге қай кезде де сұраныс бар деп ойлаймын. Әрбірден соң менің романдарым қиялдан, ойдан құралған сюжеттерден тұрмайды. Жоқтан бар қылып, қолдан трагедия жасап жазып жатсам – бір бөлек әңгіме. Менің жазып жүргендерім 30-40 жылдардағы елдің басынан өткен аумалы-төкпелі кезеңдегі тарих тағдыры. Яғни, өзіміздің тарихымыз. Ал, өз тарихын оқуға оқырмандар қашан да уақыт табады деп ойлаймын. Жалпы, көлемді дүние оқылмайды деген ойдың өзі қаламгерді жазудан шектейді. Жазған дүниеңді оқырмандар көлеміне қарап емес, жеткізу шеберлігіне, шындығына, тіліне қарап оқитынын да ескеру керек. Өз басым өмір бойы баспада редактор болып қызмет еткен адаммын. Сондықтан басы артық сөз, басы артық ой деген дүниені жазу барысында бірден байқаймын. Оқырманды жалықтыратын көп томдық емес, көп сөзділік...

- Сіздің шеттегі қазақ әдебиетін, соның ішінде Шыңжандағы әдебиет жайлы зерттеуіңізге не түрткі болды?

-Мен Таңжарықты зерттеп жүргеннен кейін шетелдегі қазақ әдебиетін оқыту туралы тапсырма берілді. Университетте екі жыл қатарынан «Шетелдегі қазақ әдебиеті» оқытылды. Осы зерттеуім барысында Шынжаңға барғаным туралы жоғарыда айттым ғой. Сол сапарда өңірлік ақын-жазушылардың көптеген кітаптарын әкеліп, соның бәрін бір жүйеге салып, студенттерге оқыттым. Онда Мағаз Разданұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Күнгей Мұқажан сынды тамаша қаламгерлер бар. Солардың бәрінің шығармашылығымен студенттерді таныстырдым деуге болады.

- Қазақ прозасының Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлин салған екі үлкен мектебі бар. Бірақ, соған қарамастан проза неге әлсіреп кетті?

- Бүгінгі жастар арасында кешегі кеңес кезеңдегі әдебиетті «тапсырыс пен табынудан қалған әдебиет» деген менсінбеушілік басым. Ал қазақтың шұрайлы тілі сол кеңестік кездегі әдебиетте сақталып қалғанын жоққа шығармау керек қой. Сіз жоғарыдағы айтқан телеграфтық стиль қазақ әдебиетіне тіл жұтаңдығын алып келді. Сондай бір дүниелер арқылы бүгінгі қазақ әдебиетіне төңкеріс жасаймыз деудің өзі артық. Өйткені, қазақ әдебиетінің негізі – шұрайлы тілде ғана жатыр.

Көркем әдебиет деген – шұрайлы тілімен, әдемі сөзімен, орамды ойымен, дөп басқан тұрақты тіркесімен өзгелерден ерекшеленді ғой. Өйткені оқырман түсініп те, тұщынып та оқуы керек. Ал қазіргі жаңашылдар бұлардың бірін қаперіне алмады. Мысалы, қазіргі қазақ әдебиетіндегі аты жиі аталып жүрген көптеген жазушылардың тілі жұтаң. Шығармаларынан қазақы иісті, тілді көре алмайсың. Қысқаша айтқанда көркемдік жоқ. Қаламгердің бәрі ылғи бір сөзді диалогтардан тұратын шығарма жазып, оны жаңалық санаса, дебиетті не үшін онда көркем әдебиет деп айтамыз? Былай қарасаңыз әдебиетте неше түрлі бояу бар. Оны шебер жазушы өз шығармасына қандай стильде болсын бере алады деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда шетел әдебиетіне табынғыштардың көбі көшірме жасап жүр. Оны өздері де сезетін шығар...

- Өзіңіз сын саласында да жазып жүрсіз ғой. Жалпы, жазушы біткен оқыса да, оқымаса да әр сұхбатында, мақаласында шетел қаламгерлерінің атын атап, түсін түстеп өздерінің деңгейін сол арқылы көрсеткісі келіп жатады. Сонда, біздің әдебиеттен шетел әдебиетінің несі артық?

- Әрине, шетел әдебиетін оқып тұру керек. Жалпы, шетел әдебиетін оқығанда әр кезде әр қилы әсер етеді. Өзім таза қазақи адаммын. Сондықтал олардың жазғандарын мен басқаша қабылдаймын. Хэмингуейдің, Джек Лондонның шығармаларын қайталап көп оқыдым. Мысалы, Джек Лондоның «Ақ азу» деген қасқыр туралы жазған шығармасын оқып отырып, таң қаласың. Кейбіреулер М.Әуезовтың «Көксерегін» Джек Лондонға еліктеп жазды дейді. Бірақ, мен олай демес едім. «Көксерек» таза қазақы түсінікпен, біздің ұлттық санаға жақын жазылған. Ал Джек Лондонның қасқырлар туралы жазғанын оқығанда мүлде басқаша, бізге жат, өзгеше тәсілде ойлайтынын байқауға болады. Тіпті кейбір жеріне мен мүлде тұщына алмаймын. Жалпы, шетелдіктердің шындықты көруі басқа да, біздің көруіміз мүлде басқа. Бердібек Соқпақбай, Сайын Мұратбек, Тәкен Әлімқұлсыз бүгінгі қазақ әдебиетін елестете алмайсың. Өйткені, оларды Алла-Тағала жазушы етіп жаратқан. Оған тәнті болмау мүмкін емес. Жастар соны көп оқыса тілі жатылар еді. Шетел әдебиетінен әдіс-тәсіл алғандары дұрыс. Бірақ, соны қазақ әдебиетімен әдемі бір синтез жасау арқылы беру керек шығар...

- Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева

Бөлісу:

Көп оқылғандар