Ұқсас кейіпкерлер әлемі

Бөлісу:

27.06.2018 8252

Әлемдік ақыл-ойдың түпкі бастауы, қайнар көзі біреу ғана, яғни Адам ата мен Хауа анадан тараған бауырластықта десек, тым қисынсыз да болмас еді. Адамзаттың саналы қоғамы сан ғасырлар бойы дамуы барысында Жер шарының әр түкпіріне қанат жайып, түрлі факторларға байланысты өзгешеліктерге ие болды. Түрлі субмәдениеттер қалыптасты. Олар бір-біріне ұқсамайды. Алайда кез келген алшақ мәдениеттер арасынан да таңғажайып ұқсастықтарды табуға болады. Соның бірі – халықтар арасындағы фольклорлық кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеттері арасындағы мотивтік, сюжеттік ұқсастықтар.

Бір елдің фольклорлық туындылары көршілес, туыстас елдердің фолклорымен ұқсас болып жатуын біз туыстығы мен тілдері жақындығына немесе ұзақ жылдар көршілік қарым-қатынаста, араласып жатуымен түсіндірген болар едік. Алайда ара қашықтық тым алшақ жатқан халықтардың әдебиеті оның ішінде фольклорлық туындылары ұқсас болып жатуын мотивтердің бір елден екіншісіне көшу, таралу, ауысу құбылысы деуге болады.

Осындай көшпелілік нәтижесіндегі ұқсастықты біз қазақ фольклорындағы «Ер Төстік» мифтік ертегісі мен ежелгі гректің «Одиссея» мифтік дастаны арасынан көреміз. Мұны Жер ғаламшарындағы адамзат ұрпағының әр түкпірде бірдей ойлап қиялдауының нәтижесіне саямыз ба, әлде ежелгі түркілер мен гректердің өзара рухани байланысына жатқызамыз ба?

Ендігі кезекте екі шығармадағы ұқсастықтарға келейікші: Ер Төстік те, Одиссей де алып күш иесі, нағыз батырлар. Ер Төстік Шалқұйрыққа мініп жалмауыз кемпірден қаша шапқан кезде екпінінен ғаламат қара дауыл тұрып, ат құйрығына оралған қазандай қара тастың салмағына шыдай алмай жер астына түсіп кетеді де Жылан бапы, Темір хандар еліне тап болады. Ал Одиссей кемесі қара дауылға ұшырап, толқын айдап жалғыз көзді Полифем дәудің ордасына келеді.

Жолда кездесіп серік болатын Желаяқ, Көлтауысар, Тыңшы сияқты кейіпкерлер мен грек мифологиясының Зевс, Тезей, Уран т.б. кейіпкерлері іс-әрекеті көп жағдайда бірдей.

Ер Төстік те, Одиссей де тыныштық үшін дүлей күштермен шайқасады. Құдайлардың құдайы Зевс қарсылас дәулерді түгел еңсеріп, көзін жойса, Ер Төстік Жалмауыз кемпірдің баласы Шойынқұлақ пен оның баласын өлтіріп, бесігімен теңізге лақтырады.

«Одиссеяға» ұқсастық – тек «Ер Төстік» ғана емес, қазақтың көне эпосы «Алпамыс» пен орта ғасырлық «Қобыланды батырында» да бар екенін көреміз. Мысал үшін, Алпамыс батыр таңғажайып жағдайда дүниеге келіп, қалыңдығына үйленіп, жорыққа кеткенде зорлықшыл дұшпанның әйеліне күшпен үйленгелі жатуын «Одиссея» поэмасынан да көреміз. Мұның өзін біз грек және түркі мәдениеттері арасындағы ондаған ғасырлардан бергі рухани байланыстың жемісі деп білеміз.

«Қобыланды батыр» жырында жас жігіттің шын мойындалған батыр атағына ие болуы өзіне тең қалыңдық іздеуден басталады. Бұл – тек Қобыландыға ғана емес, көптеген батырлар жырына тән оқиға. Осы жолда көптеген тағдыр сынақтарынан өтіп, жауларын тізе бүктіріп барып ойлаған арманына қол жеткізеді. Грек поэмасында Одиссей де қалыңдық етіп Пенелопаны алу үшін бірнеше адаммен жарысады. Осы тақырып батырлар жырының алғаш туындауына, әрі қарай ұлғая түсуіне негіз болғанын көреміз.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар