Ерсайынның «Есенині»

Бөлісу:

02.07.2018 5535

Әлі күнге дейін орыстар тыным бермей келе жатқан тайқы тағдырлы тұлғаның бірі – Есенин. Жаратқан иесі осы бір жиырма жасында он бестегі баладай, ал жиырма төрт жасында он жетідегі бозбалаға бергісіз, «жирен шашты, алтын басты», бейкүнә көз қарасы кісіні еріксіз баураған, лап етіп тұтанып, лаулап жанып, айналасын ғаламат от-жалынымен шарпыған құдіретті ақынды, отызға жете бергенде қыршынынан қиды. Міне, содан бері ғасырға жуық уақыт, отандастары Есенин феноменін, өмірбаяндық контентін ары-бері сапыра сүзіп, жүндей түтуден жалығар емес.. Есениннің жырлары, жазған хаттары, өсек-аяңы аралас ертегідей естеліктер, байқаулар («Есенинская русь», «Есенинский "Клен" т.с.с). Әсірелесек, тіпті басқан ізіне дейін санауға көшті. Театрлардағы қойылымдар да қоздай түсті. Он бір сериалы кино түсіріп (2005), ақын ажалына сан-сақ ши жүгіртті. Безруков – Есенинге бәрекелді де, бәтқорлау да айтылды. Ақын өлімінен шындық іздеді. Бірақ әлі ненің шындық, қандай шындық екенін білмей дал...

Ресейде өнердегі есениниананың қазіргі легін әкелі-балалы Безруковтар, сахна модерны Роман Виктюктің театры бастап келеді. Бәрі де Есенин деп сөз сапырады, Есенин деп жыр оқиды, Есенин деп ән шырқайды, Есенин деп би билейді. Соңғы қойылымы «Сергей мен Айседорасын» Виктюк феериялык әрі махаббат гимні деді. Не керек, көршідегі өнердің заманауи жанрларының ыңғайы келгендерінің бәрінде де – от-ақынның, шоқ-ақынның ғұмыры мен жыры!

Енді міне Есенинді драматург-режиссер Төлеубайдың Ерсайыны қазаққа көрсетіп отыр. Екі актілі «Есенин» трагедиясын өзі жазып, облыстық қазақ драма театрында өзі сахналады. Бұл - тың ізденіс. Өйткені, Е.Төлеубайдың өзі секілді дарынды режиссерлерден ерекшелігін білеміз. Онысы - тарихи- аңыздық белгілі тұлғаларға, алаш арыстарына, ел дегдарларына адами реңк беру. Жосықсыз ақылман-абыздық, көзсіз қобыланды-тарғындық, әулие- әнбиелік, періштелік қисынға келмейтін, ақылға сыйымсыз қасиеттермен дәріптеуден арылу. Алла Тағаланың олар да кәдімгі ет пен сүйектен жаратқан пендесі екенін айту. (Төл туындыларымыздың төрге оза алмай тұралап қалуындағы көп себептің бір себебі осы). Ал Ерсайынның басты кейіпкерлеріне: адамға тән осалдық, адамға тән құлқын-құштар, әуес-аңсар, нәт-нәпсі, ішкі бітіспес қайшылықтар, пендеуи қылықтар тән! Мысалы, «Абайы» жалған дүниеден озар шағында ішкі қайғы-қасіретімен, «мыңмен жалғыз алысқанын түсініп», «кінәнің бәрі өзімнен» дейді. «Міржақып» та пенделік қызық – рахаттың пәтуәсіздігіне налып, «қазағын оята» алмай жан азабына түседі. «Гамлеті» мен «Кейкі батыры» да адамдардың алаяқтығымен арпалысып жүріп, жарық дүниедегі жалғыздық азабымен баз кешеді. «Талғампаз қауым талай тұлғаның тауқыметке толы тағдырын театр арқылы тәуір таниды», - дейді, Е.Төлеубай бір сұхбатында.

Ендеше, екі маусым бойы жүріп жатқан Қостанай театрынан біз көрген Есенин қандай тұлға? Әлімхан Мырзахан (Есенин) бізге кімді көрсетті? Қазақ көрерменіне Ерсайынның «Есенині» не берді? Осындай сауалдар бүгінгі көкірегі ояу қай қайсымыздың да көкейімізде тұрғаны анық еді.

Қойылымда 7 кейіпкер бар. Сахна шымылдығы деревнядан небәрі 17 жасында Мәскеуге келген бозбала Сергейдің (Ә.Мырзахан) көшеде сыған қызына (Г.Сәрсенбаева) жолығуымен ашылады. Қалтасындағы тиынын санап тұрып Сергей: «Келдік қалаға. Ендігі өмір басқа. Әркімге жалындырып қойған заман ай» - деуінен-ақ бір пұшайман хәлдің басталарын сезгендей боласың. Сыған қыз Есенинге: «Тыңда, ғұмырың қысқа, даңқың ұзақ. Өмірің ауыр, қатындарың тәуір. Басың баспанаға, байлығың шайлығыңа жарамас» дегенде, Сергей: «Досым бола ма?» - дейді. Сонда ол: «Адам атаулыда дос болмайд, жол сапарлас жолдас қана болад. Ең жақын досың, ең жақын қасың. Бұл құдайдың үкімі, алданба». Сергей: «Ажалымды айт» - дегенде: «Ажалыңды өзің табасың. Ажалың ішіңде», - дей келе сауалына орай: «Сенің түбіңе талантың жетед, талантыңа табынасың, таланасың. Тағдыр» - дейді. Барлық драма да, түйін де сығанның осы сөздерінде тұр! Қорғасындай ауыр сөздер жүректі шым еткізгенімен, бұдан әрі сахнада не болатынын, ақыры немен тынарын бейхабар көрерменге сездіріп қойған сыңайлы. Қойылымның шымыр арқауын әлсірете ме дейсіз. Бірақ драма тілінің өткірлігі, тапқырлығы және нақпа-нақтығы мұны ұмыттырып жібереді. Сыған қыз ақын талантына тәнтілігімен оның саусағына жүзік салады. Кейін бұл жүзікті Есенин Галинаға береді. Спектакльдегі үш әйел: Айседора, Галина, Зинаида, досы Анатолий Мариенгоф және саяси басқарманың агенті Яков Блюмкин ақынның өмір – тағдырына тікелей қатысты тұлғалар. Режиссер ақынның ойран тағдырын осы бесеуі арқылы сомдауға ұмтылған. Құдай Есенинді алабөтен жаратқан, келістіре түр-тұлға берген, ең бастысы - үрзада жүрек, алапат ақындық құдірет дарытқан! Оның рухы күшті болды. Соның тартылыс күшінен айналасы шыр көбелек айналды. Есенин десе әйел атаулы балауыздай еріп, өртене жанып, сезім түйсігі шырқырап, естен танды. Бірақ Есенинің ақындық қуаты әйелжандылығында емес. Әйел алдына ол тәкаппар. Ақындық өнерінің шешуші факторы Әйел болған жоқ, бар болғаны ақындық қуатының индикаторы, тән азығы ғана... Есениннің есіл-дерті - астана төрі. Астана ақындығын асқақтатып, атақ-даңққа жеткізіп, рахатына шомылатын орта. Оттай лапылдаған балаң жігіт: «Россия бесігім. Россия табытым» - деп, жүрегін кернейді. Отаны, туған жері миын кеулейді. Ақынның дәл осындай жан бітімін сахна үстінде Есенин - Әлімхан әрбір сөзі, интонациясы және іс-қимылымен аңғартуға ұмтылады. Ерсайын әйелдерден алдымен ВЧК киімін киген Галина Бениславскаяны бірінші планға шығарған. Дерек-дәйектерге сүйенсек, Галина Есенин үшін жан- жұлынымен беріліп, өмір бойы шылауына оралып, ақыр аяғында арманда кеткен әйел. Ал Галинаның басқан ізін аңдушы саяси басқарманың агенті Яков оған ынтық. Қыр соңынан қалмай өзіне қаратумен әлек: «Сен биліктің көзі, үкіметтің қолы екеніңді біл» деп, сес көрсетіп алып: «Ақындарды аңдып отырмасаң болмайд. Бұл қызмет. Қай қоғамда болса да ең қауіпті қатерлі ішкі жау осылар. Ең зиянды қауым, зиялы қауым» деп қоғамның жанды тініне тілін тигізе сөйлейді. Галинаны ақыннан бездіргісі келеді. Бірақ Галина Яковқа: «Мен өзімді өзім таппай жүрген жанмын. Жалғыздықтан шаршадым. Біреудің ашынасы болып өмір сүре алмаймын. Мен де адаммын. Мен де әйелмін. Мен де өз сүйгенімді қалаймын», - деп, бойын да, ойын да ала қашады.. Ақыры Галина ақыннан опа таппай әрі тұрмыстағы күйіктен ақынның қабіріне барып өзін-өзі атып өлтіреді. Актриса Әсел Шәкіржанова режиссерлік трактовканы бұлжытпай орындаған сыңайлы көрінді.

Бір қарағанда Есенин жүрген бір қатынқұмар, тентек, бұзақы, маскүнем.. Ішкен - жеген, ойына келгенін істеген жынды шатыс неме екен ғой деуіңіз хақ. Бұл бір қарағанда шындыққа да жақын. Оған басқа емес, Есениннің өзі де, жазған жырлары да куә. Жан досы Анатолий естелігінде Есенин ешкімді өліп - өшіп сүймеген. Керісінше өзгелер Есенинді өліп-өшіп сүйген дегенді айтады.. Осы орайда әр актер өз образының ішкі иірімін мірдің оғындай шолақ сөздермен ашуға тырысқан. Кейде тіпті «Талтай, шалқай, жат, тұр, тағы не?» (Анатолий Галинаға) - деген тіркестер анайы, селт еткізеді де, ұяттың көрпесін серпіп те жібереді. Бұл автордың ұтқаны да, ұтылғаны да. Автор-режиссердің белгілі штамптан аулақ, қазіргі заман логикасын ескергені шығар. Сондықтан ба диалогтардың мазмұнында сентенциялық сипат бар.

Төлеубайда бір қыжыл бар. Ол Есениннің (Әлімхан) де, оның «қатындарының» да аузындағы сөздерде. Ондағысы: билік өнер адамдарын ақылдылар санатына қоспайды. Бағалай алмайды, шынайы қадірін білмейді. (баспанасыз екені тегін қайталана бермеген-ау) Бір қарағанда Есенин де «оңып» тұрған жоқ. Жүрген жері сауық-сайран, арақ ішіп, ащы-тәттіні қомағайлана асап, құштары мен құмары бойбермей аласұрып, ұшып-қонған күйіп-піскен «делқұлы». Бірақ айналып келгенде, адам жанының мазасыз күйі, ішкі сезім, сенім қасиеттерінің айнымалы, тұрақсыздығын табиғи түрде байқатады, сездіреді. Содан соң ойланасыз. Ерсайынның тек Есенинге тән мінез-құлық арқылы, орыстың ұлттық характерін айшықтауға ұмтығанын көресіз. Десек те, қойылымның бюджеті көтермеді ме, драмалық қақтығыстарың шиелене түсер сәттерінде шолақ қайырмалау басым. Осының салдарынан актерлер бауырын жаза алмағандай әсер етеді екен. Әйтпесе, ана құрсағынан билеп туған, адамның биік рухын бимен бейнелеген модерн-реформатор Айседора Дунканның бірер қасиетін жарқыратып жіберуге театр актрисасы Гүлмира Уәлиеваның амплуасы да, әлеуеті де жеткілікті еді. Сондай-ақ қойылымда алдымен Есенин Зинаида Райхпен (Зәмзәгүл Бегайдарова) жап-жақсы тіл табысады. «Менің музам менің поэзиям!» дейді Есенин, Зинаида болса: «Тек қызғанба. Мен актриса, сен ақын». Ал екінші актіде бәрібір қызғаныштың қызыл итіне жем болар сәтінде Сергей: « Қыз -қызығыңды біреуге сыйлап, қатын қулығыңмен мені алдайсың. Әйелдердің бәрі осылай ма, жоқ әлде сен ғана осындаймысың? Айналам толған қатын, жәлеп! Мені бәрі сатты» дегенде Зинаида: «Сатқын сен. Әр бұтаның түбіне бір сарыған сорлы» -деген сияқты ащы салғыласуға ұласып кетеді. Есенинге ұл мен қыз туып берген, заманында әйгілі театр әртісі болған трагедиялық тағдырлы тұлға Зинаида Райхтың қайсарлық қыры, басқадан өзге адамдық даралығы керек еді! Әйтсе де автор өз позициясынан айнымақ емес: пенделік фактор (басқа күйеуге тиіп кеткенін бетіне салық қылуы), әйелдің әйелдігі..

Егер дәйек-деректерге сенсек, Есенин отбасы, ошаққасы үшін жаралмаған секілді. Байқасаңыз, ақын біткеннің дені «қарағайға қарсы біткен бұтақ». Сергей аз-көп емес, әйел затымен бес рет некеге отырыпты. Бірақ өмірдегі іс әрекеті – қазақ ұғымындағы «бала белде, қатын жолда» деген тірлік. Көбіне әйел жанын таптап өткен Есенин.. Есенин үшін әйелдер кейде..поэтикалық элементтер ғана. Ол тән тілін мен жан тілін «көзбен көріп, ішпен білген». Ақынның ғашықтығы мен ынтазарлығын қарапайым пендемен салыстыру қисынсыз. Айбергеннің Төлегені «саясында болдым мен сан шынардың, мен жүз қызға ғашық болған шығармын» демей ме? Бірақ Төлеген бұл жерде қазақ қыздарының ақ адал жанына іңкәр, сағыныштан ғашық. Оныкі сағыныш махаббаты! Ал Есенин үнемі ақындық қуатына дем беруге әйел іздеген...Бұл туралы досы Анатолий Мариенгоф: «Плохо это… Влюбиться надо… Лирически бы… Только вот не знаю в кого..» - сказал поэт . Он никогда не умел писать и не писал без жизненной подкладки» - деп жазған. («Роман без вранья») Бір күнделігінде Есенин әйелдерге қаншама жақын болғаныммен бірде біреуін шынайы сүймеппін, менің сүйетінім жалғыз ғана өнер деп ағынан жарылғандай болған.

Трагедия кульминациясында Сергей Яковқа « Айғайлап аштыққа ұрынып, ұрандап ұлтты құрттыңдар. Ұлтты ұрыға, қоғады тонауға айналдырған қорқаулар. Қайран Россия!» десе, өлер алдында: «Жалғанның ең ауыры басыңда баспананңның болмағаны. Баспана үшін құл қылған қоғамға, қаңғып өлу жақсы онанда. Көше кезген иттен айырмашылым жоқ онда» деп ашынады. Дәл осы бүгінгі күннің де сауалы, бүгінгі қоғадағы ахуал...

Қойылымның анықтамалық парақшасында: «қара түнек қараңғы қоғамда өмір сүріп, не бары отыз жыл ғұмырында не өскен ортасынан-қоғамнан, не жардан, не туыстан, не махаббаттан опа таппаған ақынның ауыр тағдыры көрсетіледі» депті. Келіспейсіз. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Ресейдің қоғамдық санасын қара түнек қараңғы деуге ауыз бармайды. Себебі, ол орыс поэзиясының күміс ғасыры. Пушкиндер өткен заман. Есенинді әлемдік ақындық аренаға шығарған, мемлекеттік құрылымға төңкеріс жасаған ел болатын. Сондай-ақ, Есенин сияқты албырт, лаулаған оттай жанған адам жардан, туыстан, махаббаттан опа іздеген де жоқ. Опа табуы да мүмкін емес. Пенделік рахат ғұмыр кешу Есенинге жат қасиет еді. Өлімі қаншалықты трагедия болса да, келте ғұмырында ұлы ақын болу арманына жеткен бақытты адам.

Біздің қойылымнан білгеніміз Ерсайын Есенинді жан-жақты тереңінен бойлай зерттеген. Спектаклдегі Айседора, Галина, Зинаида, досы Анатолий, агент Яковқа қатысты диалогтарда айтылатын мінездеме, сипаттамалардың бәрі де тарихи дерек- дәйектерге үндесіп жатыр.

Небәрі он-он екі жылдың ішінде жүрегінің үні, жанының демі, тәнінің қаны поэзияға айналып кеткен Есенин болмысынан сыр тарту, етінен ет кесіп алумен пара-пар.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

жазушы, "Қостанай таңы" газетінің Бас редакторы

Бөлісу:

Көп оқылғандар