Аңдардың тілі (орыс ертегісі)
Бөлісу:
Баяғыда бір граф болыпты. Оның жалғыз ұлы бар екен. Бозбаланың қолынан ештеңе келмейтін олақ болғандықтан, бәрі оны нағыз ақымақ деп санапты. Граф бір күні ұлын алыстағы әйгілі шеберден өнер үйреніп келуге жұмсапты.
Бір жыл өткен кезде бозбала ормандағы аң-құстардың қоршап-қаумалауында үйіне оралыпты. Таң-тамаша болған әкесі ұлынан сұрайды:
– Иә, бір жыл ішінде қандай пайдалы өнер үйреніп келдің ұлым?
– Мен ормандағы аңдардың, үйдегі итттер мен құстардың, тіпті шалшықтағы бақалардың да тілін түсіне алатын өнер үйреніп келдім, әке, - дейді баласы.
– Мұндай өнерсымақпен қалай өмір сүрем деп отырсың? – деп ақырады сонда ашуға булыққан граф. - Шық, ақымақ, бұдан былай сен менің ұлым емессің! – деп баласын үйінен қуып жіберіпті.
Үйден қуылған бозбала басы ауған жаққа тентіреп кете барады. Ақыры жүре-жүре ну орманға жетіпті. Демалып отырып қараса, екі ақ көгершін ұядан құлап кеткен балапанын айналсоқтап, шырқырай ұшып жүр екен. Бозбала балапанды жерден көтеріп алып, ұясына салады. Көгершіндер бозбалаға қатты риза болып, рахметін жаудырыпты:
– Біздің де саған көмегіміз тиетін күн болар, жақсылығыңды ұмытпаймыз, - деп қала беріпті.
Бозбала ары қарай-жүре-жүре кешке таман бозбала бір биік те қорқынышты қамалдың жанына келіпті. Қамал қақпасының алдынан аласа бойлы ақбас шалды кездестіріпті. Бозбаланың осында бір түнеп шықсам деген өтінішіне ол күрсіне жауап қатады:
– Жаның қымбат болмаса, қона бер! Себебі, бұл қамал – ежелден қарғыс атқан жер, - деп күбірлейді де күрсіне аяңдап кете беріпті.
Қамалға кіріп қонып жатқан бозбала түн ортасында иттердің жан түршігерлік ұлыған үнінен оянып кетеді. Қорқынышын басып, дауыс шыққан жертөлеге түссе, ондағы үш дәу итті көріпті. Бозбала олардан қорықпады, керісінше иттермен ит тілінде сөйлесіп, жөн сұраса бастайды...
Шал таңертең бозбаланы аман-сау көргеніне таң-тамаша қалыпты. Тіпті қолына асыл тастар толы қобдиша ұстап алыпты. Бозбала шалға мұның мәнісін айтады. Сиқырланған үш ит жертөлеге жасырылған қазынаны күзетіп жатады екен. Бозбала қазынаны қазып алса сиқырлықтың күші қайтады екен. Сөйтіп ол иттерді босатып жіберген екен. Мұны естіп қуанышы қойнына сыймай қуанған шал бозбаланы сарайда қалдырыпты, әрі оны туған баласындай жақсы көріпті.
Бірде бозбала қамалдың маңында серуендеп жүріп, екі бақаның құпия әңгімесін естіп қалыпты. Сөйтіп ол кешке таман ауыр оймен қамалға оралып, шалдан сұрайды:
– Маған тек шындықты айтыңызшы, осы елдің королі қандай қиындыққа тап болып еді?
Шал сонда былай деп жауап береді:
– Иә, бір іс болған, оны қайдан біліп қойдың? Бұл бір өте күдікті де көлеңкелі тарих. Бұдан көп жыл бұрын біздің король алыс елдерге саяхатқа шығып еді. Содан кері оралмады. Артында қалған мұрагерлері бір-бірімен тақ үшін таластып, елді қинап бітті. Ақыры бұлардың қылығынан әбден жалыққан халық ендігі жаңа корольді көктен түсетін бір құбылыстар арқылы анықтаймыз деп шешті. Жұлдызшылар болса, сол сәттің дәл ертең болатынын болжаған еді.
Бозбала да осынау ғажайып сәтті көргісі келеді. Шал екеуі таңертең мерекелік салтанатқа сай сәндене киініп, қалаға аттаныпты.
Сәнді киінген бейтаныс бобалаға көздері түскен қалалықтардың бәрі оған таңырқай қарапты. Дәл осы сәтте бозбаланың иығына аспаннан қалықтап келіп аппақ қос көгершін келіп қоныпты. Бұл баяғы өзі құтқарған көгершіндер еді. Мұны көктегі құдайдан жеткен ғажайып белгі деп түсінген қалалықтар бірден бозбаланы қаумалап алып: «Бізге король болыңызшы!», - деп жалыныпты.
«Мұндай биік мәртебеге лайықтымын ба, жоқ па?! Таққа отырсам, елді басқара аламын ба!», - деп, бозбала абдырап қалады. Осы сәтте көгершін корольге қызмет дегеннің өзі де осы екенін, еш қаймықпау керектігін оның құлағына сыбырлаған соң, келісімін береді.
Содан бері бозбала корольдікті әділдікпен басқарып келе жатқан көрінеді. Қос көгершін иығында отырып оған үнемі ұтымды кеңес береді екен.
Аударған Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: