Қуандық Шаңғытбаев. Ауылдың оты жамырап...

Бөлісу:

24.07.2018 13031

Қуандық Шаңғытбаев (1925-2000) – 1925 жылы 21 наурызда Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің классигі. Әр кездері Ақтөбе педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Қазақ біріккен баспасында редактор, Ақтөбе облыстық «Социалистік жол», «Ақтөбе правдасы» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағында хатшы, «Қазақфильм студиясында сценарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы, Қазақ радиосы әдеби хабарлар редакциясының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші болып істеген. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай», «Құтырғаннан құтылған» секілді драмалық шығармалардың авторы. Омар Хайям рубаиларын, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, Р. Бернс өлеңдері мен комедияларын қазақ тіліне аударған.

Қазақстан халық жазушысы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Ар» (1945 ж. Мұхтар Әуезовтің алғы сөзімен), «Аққу әні» (1968 ж.), «Армысың, республика!» (1974 ж.), «Лирика» (1976 ж. таңдамалы), «Жыр жаһаны» (1980 ж.), «Гүлтолқын» (1982 ж.), «Саршатамыз» (1983 ж.), «Махаббат пен ғадауат» (1995 ж.) т.б. жыр кітаптары жарық көрген.

АР

Тәңірім сен! Жаббар, саған бағынам,

Жалбарынам, жалғыз саған жалынам.

Патша тәжі жолда жатса, қайрылмай,

Теуіп өтіп, тап алдыңа табынам.

Сен сау болсаң, сана, сабыр сарқылмас,

Әділетімнің толы арнасы тартылмас.

Қара дүние қаптап келсе, қаймықпан:

Ажал қаупі ар күшінен артылмас.

ТУҒАН ЖЕР

Сүйемін тунгі орманның

Ордалы нуын оңаша:

Төңірегім – баяу толған үн,

Көргенім – кілең тамаша.

Сүйемін таңғы майсада,

Малынған шықтың маржанын.

Салынып тұрса сай-сала,

Көмкеріп көк тал жан-жағын.

Сүйемін жазда жабыққа

Тырсылдап тиген жауынды,

Құлдырап қаңбақ жазықта,

Дүрілдеп өткен дауылды.

Сүйемін кешкі самалды

Сұлудың жұпар лебіндей,

Саябыр тартып сам алды,

Көкжиек кетсе көрінбей.

Сүйемін қала шамдарын

Түндерде жанған самала...

Сау жүрсін сылқым шалдарым,

Сау жүрсін сырбаз сал ана.

Жырлаймын туған жерді мен,

Бөлмеймін бұ жақ, о жаққа;

Сыйлаймын тұтас елді мен,

Айырмай орыс, қазаққа.

ЕДІЛ

(Жауынгер монологы)

Мен туып-өскен едім жағаңда, Еділ,

Асылым, ақ бесігім, анам да Еділ.

Япырмау, сүйсе де жұрт туған жерін,

Тең түсер мекен бар ма саған да, Еділ!

Жуды ғой кіндігімнің қанын суың,

Пейіштей панам болды жасыл нуың.

Көк меруерт көбігіңе бетім жуып,

Тыңдаушы ем толқыныңнан дүние шуын.

Таң атса шымқай шұғла көкке бойлап,

Күн қонса құба белге қалқып жайлап,

Желп еткен ерке самал лебін жұтып,

Мен өстім телі тайдай жағаңда ойнап.

Ұрланып арасында орманыңның,

Құшқанда қыл белінен жан-жарымның,

Көзінен айдыныңды көруші едім,

Үңіліп шырағына арманымның.

Жасымнан ертегіңді айттың тынбай,

Қаһарман ел ерлігін өстім тыңдай.

Телегей дәстүріңнен таптым дәрмен,

Мен де бір тентегің ем толқынындай.

Қайтейін, қандай ауыр қатал шындық!

Күн емес отыратын сені жыр ғып:

Жағаңда жортуылдап бүгін жау жүр.

Өрт пен оқ... құрбан құрбы... қандай сұмдық!

Мен сонда айрылам ба сенен, Анам?

Болмақ па жырың, сырың, күйің тамам?

Жетім боп, зар боп саған, өтсем өксіп,

Не қызық, не тіршілік онда маған?

Сенсіз мен жүрем шалқып қайсы арада?

Естілер сенің үнің қай салада?

Қай жерде тірі болып жүрмекшімін,

Айрылып сенен мақрұм, жайсаң Ана?

Жоқ, Еділ! Ет жүрегім бала жастан

Қатал-ақ қас душпанға қара тастан.

Кек емес кеудемдегі, – өшпенділік,

Қарашы жүрегімді жара басқан.

Жоқ, Еділ! Болмайды ойнақ жатқа жағаң.

Сүрен сап түсті, міне, отқа балаң

Алжаспан әділеттің ақжолынан

Антым сол сен үйреткен жаста маған.

Еділім, енем менің, өскен жерім,

Қаусатпай жау жасағын шешпен белім.

Қайыссам қасарысқан қан қасапта

Шіріген жумыртқаңмын. Кешпе мені!

ПЕЙЗАЖ

Қанатын баяу қағады,

Күнгейге тартқан тырналар.

Жайылып жырақ маңады

Аңызды алтын қырда мал.

Апкүрең отты шарапқа

Толғандай аспан бокалы,

Самалды салқын алапқа

Жұпарын сеуіп шашады.

Жаяу жел таспа өреді

Құбақай жолдың шаңынан,

Аяңдап қана ереді

Аттылы бала соңынан.

Қонды күн қоңыр кезеңге

Алыста жатқан аласа.

Дамылдап алып өзенде,

Қайтадан ұшты қараша.

Ауылдың оты жамырап,

Самсады сосын самала:

Түн түсті самсоз салбырап

Күздегі делсал далаға.

Тек қана шопан шалғайда

Бейуақыт тыным көрмейді,

Басып ап насын таңдайға,

Үркерді санап көлбейді


ҚЫЗ ҚУУ

Төрт өрме қамшы сарт етті,

Арғымақ атқып жұлқынды,

Жанары қыздың жалт етті,

Жарысып желмен ұмтылды.

Жігіт те шықты сыдырып,

Орамал таңып басына,

Жұмылған бейне жұдырық,

Жабысып ердің қасына.

Топылдап тиген тұяқтан

Тозаңы жердің өрілді.

Дүйім ел тұрып бұл жақтан

Күледі гулеп көңілді.

Сырбай-ау, әне, қарап бақ:

Қуалай өрлеп даланы,

Айтылмай жүрген махаббат

Құйын боп ағып барады

.

ЫМЬІРТТА

Көл Шалқар, кеште көрдім айдыныңды,

Төсіңнен тостың маған ай нұрыңды,

Томсарған тунығыңнан тұрдың есіп

Бір тыныш, жүрегіме жәйлі жырды.

Үргедек, қонып жатты ерге ымырт,

Батыста байып баяу семді қызғылт.

Шоршыган шорағайлар арасында

Келемін қайығымды есіп жым-жырт.

Кербез кеш бар екен-ау мұндай, тоба!

Мүлгиді жиектегі тұнған қоға,

Қырдағы қиқу салған қызғыш сорлы,

Ақыры, жік-жапар боп тынды-ау о да.

Тұрғанмен айналада бағы өмір,

Бәрін де қымтап, қымқап алды іңір,

Қыршындай көп қызығын көре алмаған,

Күн кетті бұл дүниеден тағы да бір.

ЖАҢБЫРДАН КЕЙІНГІ АЛМАТЫ

Алматының өзі, шіркін, тұрған жыр!

Төкті-ау бір күн дүркін-дүркін дүр жаңбыр,

Көшелерде күміс жалын жалтылдап,

Толықсыды қоңыр-шымқай гүл жамбыл.

Жаңбыр сосын таусылды да басылды,

Сырлы инағаш манар тауға асылды,

Қолшатырлар қанаттарын жинады,

Торғын аспан мөлдіреп кеп ашылды.

Ару қала салқындап тұр жеп-желең,

Көшелерге көл орнады көлденең.

Көл бетінде ақ торқа бұлт шомылып,

Көл түбінде аспан жатыр көлбеген.

Осы сәтті күн қимайтын секілді,

Әйнектерге қонды нарттай екінді.

Жібек жұпар бұрқырайды жан-жақтан,

Шалқиды, айхай, самал сүйіп бетімді.

Гүлге толы, нұрға толы Алматым,

Сөн тұрғанда, қайтем аспан жәннатын?

Қадіріңді білмейміз ғой кейде біз,

Еһ, Алматым, махаббатым, ләззатым!

ҚҰЛЫН

Өрттей қаулап, нарттай лаулап қыр гулі,

Май бұрқырап турған кезде қырмызы

Мәрмәр тұяқ, меруерт кекіл, қан күрең

Құлын келді дүниеге бір күні.

Ойнай келді, қунай келді балаша,

Тулай келді тіршілікпен таласа.

Төбелінен сүйіп алғың келетін,

Қолыңды иіскеп, алақаның жаласа.

Көрілгенде келте жалын сілкетін,

Құйын өтсе, құты қалмай үркетін.

Аңқау еді, емшек іздеп, таба алмай,

Енесінің төсін түгел түртетін.

Аңқау еді, адал еді, ақ еді,

Күнә-күпір, пәс-пәледен пәк еді.

Атқан таңның, батқан күннің парқына

Түсінбей, тек таңырқайтын бала еді.

Бұ жалғанда жау бар ғой деп ұқпайтын,

Көк талмайтын, кісінейтін, ұйқтайтын.

Күн шуақта елтең-селтең жүгіріп,

Жаңбыр жауса, енесіне ықтайтын

Ертелі-кеш енесі еді ермегі.

Ондай жомарт, мейірбанды көрмеді,

Оқта-текте оқыранып бір қойса,

Барша бақыт сол болатын жердегі.

Тағдыры не? Таңдайында тас тұр ма?

Жем боп ертең кетер, мүмкін, қасқырға.

Жал-қүйрығы оқаланып, ойқастап,

Жүрер әлде бір Тахауи астында.

Бірақ әлі білмейді ғой түгіңді,

Қызық керек оған мына бүгінгі:

Сімірді де бір тостаған қымызын,

Қызып алып, сәби тағы жүгірді.

Шамырқанып тал бойында ат қаны,

Шапқылады, байыз-баян таппады...

Осы кезде көкек айдың аспанын

Көк-ала бас көбік бұлттар қаптады.

Көкті лезде қола құйып торлады,

Кетті бұрқап бұйра бұлттың орманы.

Бұлан-талай бір бұлағай басталды,

Ақырғандай мың арыстан тордағы.

Ағыл-тегіл кетті от пен дүр ұшып,

Құлын қалды лезде ғана бүрісіп.

Бір уыс боп енесінің ығында,

Дір-дір етіп, зәре-құты тұр ұшып.

Кенет аспан шарт сынғандай гүрс етті,

Тап алдынан тарғыл түтін бұрқ етті.

Селк етті де, тұра қашты құлыншақ,

Сорлы бие сол орнында сылқ етті.

Өлді ене, кетті сәби серігі!

Өтті жаңбыр, тынды дүлей сел үні.

Жазығы жоқ, жаны таза жетімнің

Өміріне өксік кірді со күні...

Өмір оған түгел дарқан, тегін-ді,

Сенгіш еді, көрмеп еді өлімді.

Жүгіріп кеп енесіне періште,

Сора берді дертіп жатқан желінді.

Әй, Қуандық, бұ да саған бір ақыл,

Бар қызыққа бәйек болмай, тұра тұр,

Қарашы әне: аспанда — нұр, жерде — гүл,

Болмағандай түкте сұмдық сұрапыл.

КӘРІ БҮРКІТ

Талғардың тарғыл тасына

Шалдығып қонды шәу бүркіт.

Тұлдырсыз тақыр басына

Қарашы тұрды қар бүркіп.

Қариды төсін қауырсын,

Қымтанып желден, қомданса,

Долданса тауда дауыл шын,

Болады қамсау ол қанша!

Күс басқан мүйіз түяғын,

Тайғанақ тасқа қадайды.

Тарап бір қойып қияғын,

Қиырға сосын қарайды.

Қарайды селқос, азынап,

Қауқар жоқ шәулі шөгелде.

Жас дүние жатыр жазылып,

Жарқырап жырақ төменде.

Ерігіп ерке түлегі,

Етекте еркін ұшады,

Ауаны жайдай тіледі,

Дауылға толып құшағы.

Шабыты шалқып, шаңқылдап,

Бұлттарға періп кетеді,

Жалқындай сосын жарқылдап,

Жалтылдап жарып өтеді.

Саңқылдап шыққан қатты ұран

Кернейді таудың қойынын,

Шоңқиып шыңда қарт қыран

Шолады бала ойынын.

Кеп-кеше ғана қантүбіт

Қаперсіз момын баласы

Алыстан бүгін аң түріп,

Қансүрек бопты, қарашы!

Кеп-кеше ғана қанаттап

Қияға өзі баулыды...

Самғайды енді мазақтап

Омалып қалған шәуліні.

Салады сүрен қиырдан

Таудағы тентек жас құдай.

Бұл отыр тайып тұғырдан,

Баянсыз бетпақ жастық-ай!

Жас кезі қайда, жас кезі?

Жаңаның жанса от күші,

Қиядан шалып аш көзі,

Түйілсе қайта топшысы.

Ойламай оңай олжаны,

Тәкаппар туған тарланың

Тарлаудан тауып құлжаны,

Қандамас па еді бармағын?

Шалықтар еді-ау шығандап,

Мұз қатып балақ, бауырға,

Айналып көкті ұрандап

Жауында, жойқын дауылда...

Баршындап әбден ол енді,

Жас келіп, міне, шаршапты.

Ілетін түрі жоқ енді

Таутеке түгіл, қарсақты.

Етекте кенет тірнегі

Саңқ етіп, дауыл сұрады,

Бүлк етті баршын бүйрегі:

- Бітпес, - деп, - таудың қыраны!

Бітпейді таудың қыраны

Сөнбейді қайсар от қайрат,

Жанары жіті, қырағы

Түлектер жүрсе көкте ойнап.

Үлкенге қуан, Қуандық,

Кіші бол, күшің жеткенше:

Құрметте сөзін құран ғып,

Шәулі боп өзің шөккенше.

***

СОНАР

Есіктің алды қан сонар.

Балалар ойнап шулайды.

Сонарда асыр салса олар,

Тулайды менде ну қайғы:

Балалық бір сәт сағынтып,

Әйнектен ұзақ қараймын.

Қаптатып бетке қалың түк,

Өтіпті-ау күндер талай мың.

Япырмау, мен де бір уақыт

Шынымен бала болдым ба?

Сонарда шана зулатып,

Домбығып қолым тоңдым ба?

Терезе бетті қариды,
Журекте сыздап шанышады.

Балалардан өзін таниды

Көңілдің балғын бал шағы.

Ойынның кезі сап болып,

Қартаяр әлі булар да,

Торлаған ойға тап болып,

Жанары толар мұнарға.

Бұтақтар сынбай тұр шаққа.

Параққа сонар барабар:

Келешек алыс ұрпаққа

Хат жазып жатыр балалар.

* * *

Ей, туған жер, кіндік қаным жуған жер,

Дізе түріп, дүзде қаңбақ қуған жер.

Түңғыш менің тұсауымды кескен жер,

Тәй-тәй басып өмірде алғаш тұрған жер!

Ен-тұрқыңды кейін көрдім, шалқарым

Ғарышкерім, дарқан диқан, малқарым,

Жарты әлемге жатқан жалпақ жайылып

Ақиқатым, мехрабым да алтарым!

Күнің қиыр тау Алтайдан атады,

Атырау барып, айдынына батады;

Өрісі кең, ырысы бай, мейірбан

О, туған жер, бақтиярлар отаны!

Бұйра-бұлғын боз көдесін қуған жел,

Самал түнді, сайран сабат, думан бөп

Көз тұндырған көлеміңнен айналдым

Қазақстан, ғажабстан, туған жер!

ШАҢҒЫТБАЙ ҚОРАСЫНДА

Кіндік қаным тамған жер, тиген өкшем!

Жатыр, міне, тып-типыл жермен жексен.

Жыңғыл жондым бұл жерде, сақа құйдым,

Енді, міне — құлазып қалған тепсең.

Иірмекіл бұл жерде ойнаған ек.

Ыза мен дық болмайтын ойда бөлек.

Тәутұқыр мен баспадан, қанталапай...

Бәрі де жоқ: жұп-жұрдай мұз-қара көк.

Не болмады бұл жерде, өтпеді не?

Тіршіліктің асуы, өткелі де.

Басталды ғой мен үшін осы арадан,

Басталды ғой өмірдің көктемі де.

Түсті-ау мұнда талайлар отқа, суға;

Болды-ау мұнда боқтасу, достасу да;

Болды-ау мұнда айт, аза, ант пен алғыс;

Қауышу мен танысу, қоштасу да.

Соқпай мұнда өткен жоқ қапа, зар да,

Болды мұнда опасыз, опадар да.

Отқасалар, отырмақ, ойын-оспақ...

Ұзатқанда сыңсыды-ау апалар да.

Жатыр енді жалаңаш жабдан жайым,

Кәрі жұртта тұр тұнып арман, уайым.

Діңкем құрып түнерем, дым шығармай,

О, бишара ақ бесік, айналайын!

Ойран болып ақ бесік жатыр әні,

Байғыз зарлап ойраннан шақырады.

Садақасын ұрлатқан дәруіштей

Жасын сығып Қуандық аһ ұрады.

Құралай қайғысы

Берен дүзде бөртіп жусаң қынажай,

Жеткен мәуірт көктем жерге шыдамай.

Бесқонақтың ықтап жаңбыр, қарына

Тұрды жалғыз жас босанған құралай.

Жаратпай-ақ жауыз етіп Жасаған,

Жан біткенге неге осы қас адам?

Киік отын күйсеп турған Ананы

Атып қалды бір қансүрек есалаң.

Дәл тимеді атылған оқ. Садаға!

Көзді шарпып, кетті лағып далаға.

Тұра қашты құла дүзге құралай,

Жолатпайын деп дажалды балаға.

Беті ауған жақ — меңіреу, мылқау маң дала.

Безіп берді, түкті көрмей қаңғалап.

Кете берді; естіледі тек қана

Бишараның даусы ғана маңыраған.

Маңырай-маңырай қу далада маңып жүр.

Бір жүгіріп, бір жығылып лағып жүр.

Тебіндеген теңбіл көктің үстінде

Қос емшектің ақ уызы тамып жүр.

Жиі-жиі сүрінеді көз көрмей,

Жүгіретін қауқары жоқ өзге елдей.

Кең танауын керіп желге тосады,

Жалғыз жатқан лақтың исін сезгендей.

Қаңғи берді сүріне де қабына,

Жеткісі кеп жетім қалған лағына.

Бейуақ бір сәт шалып қалды қулағы

Сәби даусын жатқан жақын маңырап.

Тапты ақыры. Басты мауық, наласын;

Иіскеді-ай құшырлана баласын.

Соқыр сорлы мекіреніп лағына

Тоса берді дертіп келген мамасын.

МЕНІҢ АВТОПОРТРЕТІМ

Білмесең, ей кімсана, даламын мен,

Көргенде кең даланы баламын мен;

Далада аунап алам, ойнап алам,

Кездесіп кеткен сонау бала күнмен.

Шыжыған шілде қақтап шөлмін ғой мен,

Кенезем кеуіп жатқан иенмін ғой мен.

Бір тамған тамшы суға тарығатын

Каңсыған Қарақұммен теңмін ғой мен.

Ұқсаймын шалқып жатқан шалқарға мен,

Шипамын диханға да малқарға мен.

Жарды жеп, жағаны ұрам, іздеп арна,

Арман да, ақ тілек те, аңсар да мен.

Басы – қар, бауыры – абат таумын, байқа;

Заңғармын о заманнан, заумын, байқа;

Дос болсаң, қоң етіме мейірім жоқ,

Ал егер нәкес болсаң, – жаумын, байқа.

Сондаймын: қазақпын мен жаны жайсаң,

Өткен жол, көрген күннің бәрі – лайсаң.

Келемін керіп тастап кеудемді мен

Татар дәм, көрер кезге басып алшаң.

Бөлісу:

Көп оқылғандар