ӨЗ отыңды өшірме туралы...

Бөлісу:

06.08.2018 11719

«Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді.

Және қай жанрда жазбасын олардың бірде-бірі

қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын.

Оралхан бір оқылатын жазушы емес.

Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы,

түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер»

Дулат Исабеков

Оралхан Бөкей!

Қазақтың аса көрнекті жазушысы еді. Биыл тірі болғанында, шығармасына ынтық жұртымен бірге 75 жасын дүркіретіп атап өтер ме еді...

Суреткердің қай шығармасын оқысаңда, оның әсем әуезділігіне балбырап, өзіне ғана тән қолтаңбасының иіріміне түсіп, ынтық көңілмен өмірге деген сүйіспеншілігің оянады түскендей әсер қалдырады. Сонысымен қызық жазушы емес пе, тәйірі. Өткен жолы Орағаңның «Өз отыңды өшірмесін» тағы да бір рет оқып шықтық.

***

Оралхан Бөкей шығармаларының басты ерекшелігі – ұлттық бояуға қанық болып қазақтың танымы мен түсінігін, болмысы пен бітімін, ойлау жүйесі мен дүниеге деген көзқарасын танытуы. Қай туындысын оқысаңыз да, онда суреттелетін керілген кең даланың әсем табиғаты болсын, қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі болсын, отбасы құндылықтары болсын, әйелдер бейнесі болсын ұлттымызға тән төл мінезбен біртұтас мазмұнда өрбиді.

Автордың «Өз отыңды өшірме» шығармасының негізгі тақырыбы – Түркісібтің салынуы, ондағы жұмысшылардың тағдыры болғанымен, негізгі идеясы – жеке кейіпкерлердің бейнесі арқылы қазаққа тән қасиеттер мен тектілікті, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың мән мағынасын түсіндіру болса керек.

Романның мазмұны бүгінгі күн мен баяғы күндердің оқиғасы алма кезек баяндалатын лирикалық шегіністен құралған. Алғашқы тарауда Кеңгір батырдың бейітінің қасында қайтыс болған әйелі Гүлияға арнап зәулім мола тұрғызбақ болған Дарханның көңіл-күйін суреттеуден басталады. Бейіттің қасында жалғыз отырған Дархан өмірдің өткінші екенін ойлап, көзі жұмыла қалса артында не қалады деген сұрақты өзіне-өзі қояды.

Шығарманың негізгі кейіпкерелері Омар бай, оның қыздары, Дүрия мен Гүлия, қарадан шыққан Оспан, Дархан, Қамбар, жылқышы Бати.

Омар бай – қазақ байларының жинақталған типтік образы. Дуалы ауызды, сән мен салтанаты келіскен, көпшілікке беделді тұлға. Заман ағымының өзгергенің ескерген Омар бай ұл-қыздарын қалаға оқуға аттандырады. Бұл оның көзі ашықтығын аңғартады.

Омар байдың қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген қыздары Дүрия мен Гүлия – қазақ қызының үздік образдарының бірі. Шашын он күн тарап, бес күн өрген, бойына ұяңдық пен нәзіктікті, инабаттылық пен даналықты үйлестіре білген қазақ қызының идеалы Дүрия мен Гүлия екені даусыз. «Мүмкін қазақ үшін ең ақырғы Ақжүніс, ең ақырғы Жібек осы ма деп қимай қарап, қимас тілекпен шығарып салармыз», - деген үзіндіге зер салсақ, автор жаңа заманның келуі нәтижесінде қазақ әйелі теңдікке қол жеткізгенімен, болмысына тән асыл қасиеттерін жоғалтуға мәжбүр болғанын жасырмайды. Рас, екі сұлу да Қамбар, Дархан сынды сүйген жігіттеріне қосылды. Алайда, әке аманаттаған «өз отыңды өшірме» деген өсиетін орындай алды ма?

Дархан – еңбегі мен білегіне сенген, Түркісібті салуға маңдай терін аямай төккен совет үкіметіне берілген жұмысшы. Гүлия сұлудың махаббатына өмір бойы адал болған жүректің иесі.

Оспан – қарадан шыққан, советке қызмет еткен қара күш пен зұлымдықтың иесі, айлалы, жағымпаз, мансапқор.

Бати – батыр тұлғалы, сөзшең. Жылқышы. Жаңа өкіметті мойындамаған қарапайым халықтың өкілі.

Бұл үш кейіпкер де Гүлия сұлуға ессіз ғашық болған еді. Алайда, Гүлия Дарханды таңдайды.

Шығарманың аты «Өз отынды өшірме» деп аталды. Кейіпкерлер мақсаттарын жетті ме? Әке өсиетін кім орындай алды? Кім ер? Кім жігерсіздік танытты? Түркісібті салған Дархан ер ме? Әлде соғыста қаза тапқан Бати ер ме? Жоқ, меніңше, бұл шығармада Жалғыз Ер атанған – Дүрия! Өз отың өшіргісі келмей күрескен Дүрия емес пе еді?!

Жарқын Әлі

Бөлісу:

Көп оқылғандар