Бүтін бітім немесе Бес анық кітабының мәні
Бөлісу:
Бүгінгі күні, жаһандану заманында мәдениеттердің өзара ықпалдастығы күшейіп жатыр... Соңы не боларын кім білсін?! Мәселен, Батыс елдерінің өмір сүру үлгісі, оның ішінде, киім кию, тамақ ішу үлгісінен бастап басқа да қарапайым өмірдегі дағдылар күн сайын біздің еліміздің мәдениетіне сіңіп кетті. Бұның бір жағынан оң ықпалы бар болса, екінші жағынан ұлттық болмысымыздан ажырап кету қаупін тудыруда. Сол себептен дәл осы сәттен бастап ұлтымыздыздың болашағына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз шарт. Ол үшін «Отан – отбасыдан басталады» деген аталы сөзді ескеріп ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген жөн. Әр ата-ана өз баласына ұлт құндылықтарын, салт-дәстүрді, тіл мен дінді, тарихты, туған жердің қадір-қасиетін бесіктен бастап құлағына сіңіріп өсіруі міндетті. Өйткені тәуелсіздігіміз бен елдігімізді нығайту, ұлтымыздың жарқын келешегін қамтамасыз ету – тәрбие мен өнеге көрген ұрпақтың қолында.
Жаһанданудың қауіп-қатерінен қорғап, болмысыңды сақтауға, ұлттық ерекшелігіңді айрықшалауға көмектесетін екі кітап болса, соның бірі – «Бес анық» дер едік. Авторы – ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Ғалиұлы Арын!
«Бес анық» кітабында ұлттың келбетін анықтайтын бес құндылық туралы жүйелі ой-пайымдар жазылған. Автор «бес анық» деп мыналарды таниды: Бірінші анық – Тіл; Екінші анық – Дін; Үшінші анық – Дәстүр; Төртінші анық – Тарих; Бесінші анық – Атамекен. Шынында бұл бес құндылық қазақтың ұлт ретіндегі қасиеті мен болмысын, танымы мен тамырын, жаны мен рухын көрсетеді. Осылар арқылы бізді өзгелер де танып-біледі. Бұл еңбекте Бес анық, яғни, тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекеннің мән-маңызын арттыру, қазақтың қастерлі ұғымдары арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді ояту, төл құндылықтарды қайтару мәселелері қозғалады.
Бес анықтың әуелгісі – Тіл. Тіл – ұлттың жаны. Жалпы қоғамда ана тіліміздің тағдырына қатысты мәселелер қызу талқыға түскенімен, оның ұлттың ең бірінші байлығы екендігі әлі де ескерілмей жатыр. Ұлағатты ұстаз Мұхтар Арын «Бес анық» кітабында тілді киелі ұғым ретінде түсіндіріп, оның негізгі қызметі ұлттың рухани қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу екенін баян етеді. Сонымен қатар автор, мектепте балалардың ана тілінде білім алуының артықшылығы туралы пікірін білдіреді: «...Орыс мектебін бітірген балалар тілдің ұлттың рухы деп аталатын терең сырын еш уақытта сезінбей кетеді. Олар қазақтың байырғы ертегілерін, батырлар жырын, дастандарды, бер жағына келсек, Сыпыра жырау, Қазтуған, Асан қайғыларды, Махамбет пен Абайды, күні кеше өмірден өткен Әуезовті, оның «Абай жолын» түсіну үшін тек қана қазақ болу керек. Қазақ тілін жай біле салу аз. Өйткені, оларда қазақтың психологиясы бар, соның қалай екенін сезіну талап етіледі. Орыс мектебін бітірген балалар осы жағынан жұрдай болып, ешқашан ұлттық сезім болмағандықтан, далада қалып қояды». Бұл қазіргі таңда оқу бағдарламасындағы тілге қатысты реформаларды енгізу мәселесінде қарастырылуға тиісті құнды тұжырымдардың бірі. Автор ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұсынғандай, балаға 12-13 жасына дейін білімді ана тілінде беруді қолдайды. Себебі бұл уақытта баланың сана-сезімі ұлттық рухта тәрбиеленгені дұрыс. Бала ана тілі арқылы ұлтының психологиясын, танымын, болмысын танып білсе, келешекте халыққа адал қызмет ететін азамат болып өсуі де заңды.
Тіл мен ұлт тағдырын бір-бірінен ажырағысыз деп қарастыра отырып, Мұхтар Арын ұлттың жарқын болашағы тілдің жағдайына байланысты екенін айтады: «Тілдің қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Ұлтымыздың өркениеттілігі, мәдениеттілігі жөнінде әңгіме болған кезде жалпы ұлттың мәдениеттілігі тілдің мәдениеттілігімен тікелей байланысты екенін аңғарамыз. Ал тіл мәдениеттілігі дегенің – тілдің қазақ деп аталатын қауымның қоғамдық немесе жеке басының, өмірінің барлық жақтарын қамтуы, аса оқымысты, дарынды тіл болуы. Құр әншейін отбасының айналасында ғана қолданылып, басқасына шамасы жетпей жатса, онда ұлтымыздың жағдайы да сондай болып қалады». Осылайша кемел келешекті мақсат еткен ұлт жанашыры тіліміздің өрісі мен қолданысын кеңейтіп, қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне айналдыру идеясын алға тартады.
Екінші анық – Дін. Біздің ұлт болып қалыптасу тарихымыз ислам дінімен тікелей байланысты. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің мазмұны да ислам құндылықтарымен сабақтас болып келеді. Автор тілден кейінгі анықты дін деп алуының маңызы зор. Себебі біздің дінімізде адамды ізгілікке, тазалыққа, әділдікке шақыратын, еңбекқорлық пен адалдыққа тәрбиелейтін, адамшылық мұраттарды алға тартатын құнды дүниелер көп. Егер ұрпақ тәрбиесінде әр отбасы ислам дініндегі ұлағатты ұстанымдарды пайдаланса, жүрегі мейірімділік пен қайырымдылыққа толы ұрпақ өсірері сөзсіз.
Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан жан түршігерлік жағдайлардың көбі жүректе иман мен Аллаға деген сенімнің жоқтығынан деп айтуға толық негіз бар. Алланы ұмытқан адам өзін-өзі жоғалтып, баласын тастауға да, ұрлық жасауға да, кісі өлтіруге де, одан соң елін де сатып кетуге дейін бара алады. Бұл қасіретті жағдайларды болдырмас үшін ұлды да, қызды да отбасында имандылық пен арлылыққа, Аллаға сенуге үйреткен дұрыс. Бұл ретте Мұхтар Арынның Аллаға сенім жөнінде мынадай пікірі үлкен мәнге ие: «Жалпы, Алла – әрқайсысымыздың жүрегімізде деген мәселе. Адамның арына, ұятына сену керек. Осы Аллаға сену ұлғайып барады-дағы жалпы сенім деген сезімді тудырады. Осыдан барып басқа сенім түрлері шығады: болашаққа сену, адамның белгілі бір қасиеттеріне бас иіп сену, адамға сену, баланың әкеге, әкенің балаға сенуі. Адамаралық күнделікті тұрмыста сенім дегенің адамға қуат беретін күш. Адам мен адамды жақындататын, адамды біріне-бірін танытатын, жақсыға сеніп, жаманға сенбеуді ажырату үшін де керек нәрсе бұл. Сондықтан иман деген нәрсе, иманжүзділік дегенің сеніммен байланысты. Діннің қуатты, күшті жері – адамның бойында сенім деген сезімді тәрбиелеу». Расында да барлығы Аллаға сенуден басталады. Аллаға сенген адам адамдарға да сенеді, уәдеге де берік болады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда адамдардың бір-біріне деген сенімі азайып бара жатыр. Туысқандық қатынастардың әлсіреуі, ерлі-зайыптылардың түсініспеушілігі, ананың баласынан бас тартуы, жастардың басқа ағымдардың жетегінде кетуі де жүректе сенімнің болмауынан туындап отыр. Сол себепті ұрпақ санасына имандылықтың сәулесін шашып, Аллаға деген махаббатын ояту әрбір ата-ананың паразына айналуы тиіс.
Аллаға сенім туралы айтқанда жүректі бірінші айтамыз. Себебі сол сенім жүректің түбінде болады. Кез келген шешім қабылдағанда, бір істі қолға алмас бұрын жүрекке жүгінетіміз осыдан. Білімді де сол жүрекпен бойымызға қондырамыз. Автор діннің пайдалы тұсын білім, ғылым саласында да қолдануды ұсынады. Баланың жүрегіне жетпеген жаттанды білім ұмытылып қалатын уақытша дүние екенін ескертеді: «Кеңес дәуірлеген тұста пайғамбарымыз Мұхаммед Ғалиссаламды құбыжық қылып, мазақтап, жаратпайтындай жағдайға алып келді. Тіпті оның атын айтуға да қорқатын едік. Ал шындығында ол – үлкен ғалым адам. Оның артына қалдырып кеткен мұрасы – «Мыңбір хадисінде» қаншалықты ғалым екендігі айқын аңғарылады. Мысал үшін, ол ғылымды, білімді бірінші орынға қойған адам. Білім туралы хадисінде білім екі түрлі болады дейді, біреуі – жүректегі білім, ол өте пайдалы; екіншісі – тілдегі білім, ол таңда, тәқір алдында пенденің күнәсіне дәлел болады дейді. Сонда түсіне білген адамға құр әншейін, жүрекпен қабылдамаған нәрсені білім деп айтуға болмайды деп тұрған жоқ па; құр жаттанды нәрсе білім бола алмайды, ол тілде ғана бар, жүректе жоқ, жаттанды дүние. Кейінгі кезде жаттауға әуес боп кеттік, ақыл, ой, жүрек деген нәрселерді алып тастаймыз, біздің біліміміз тілдің ғана ұшында жүреді». Бұл әсіресе тест түрінде алынатын емтихандардың зиянын әшкерелеп тұр.
Автор дін туралы айта отырып, Абай мұрасына ерекше тоқталады. Мәселен, Абай шығармаларындағы ислам құндылықтарының молынан ұшырасуын оның рухани әлемінен зор тағылым алуға болатыны туралы жазады: «...Айтып отырғаным – дін менен Абайдың арасында толық үндестік бар екендігіне дәлел. Демек, біз Абайды ұлы классик, ғұлама ғалым, кемеңгеріміз, данамыз деп уағыздайтын болсақ, оның үстіне оның кейбір ойлары Мұхаммед Ғалаиссалам пайғамбарымыздың айтқанымен ұштасып жататын болса, онда дінді де, керек жерінде Абайды қалай пайдалансақ, солай пайдалануымыз керек». Абайдың рухани қазынасы дінді дұрыс түсінуге көмек болатын бірінші құрал екені анық. Себебі ұлы ақын құранды терең меңгерген және оның мағынасын дұрыс тәпсірлеген. Бір ғана отыз сегізінші қара сөзін алсақ, Аллаға сенім туралы, Алланың тоқсан тоғыз көркем есімі, көркем мінез, имандылықтың шарттары жайында мол мәлімет алуға болады. Бұл қара сөз Алланы тануға апаратын төте жолдың бірі деп айтсақ қателеспейміз. Міне, ғалым Мұхтар Арын да дін анығын айтқанда осы мәселелерді ескергені күмәнсіз.
Үшінші анық – дәстүр. Қазақ халқын басқа халықтардан даралап тұратын ұлттық салт-дәстүрі бар. Бұл бізге көнеден ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатыр. Төлқұжатымыз іспеттес қызмет атқаратын дәстүрлердің жиынтығы бізді басқалардан ерекшелендіріп қана қоймай, ұлтымыздың текті қасиеттерін, болмысын сақтауға атсалысып жатыр. Бұл салт-дәстүрлерде ұлтымыздың тұтас өмірі бейнеленген. Алдымен автор дәстүр сөзінің мағынасына үңілуді ұсынады: «...Меніңше, дәстүр ұғымына жаңаша көзқараспен қарасақ, онда ол үш нәрсемен сипатталады. Біріншіден, дәстүр дегенің – жалпыхалықтық. Олай деуге себеп – оның өзі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, халықтың әлеуметтік, психологиялық, мәдени толып жатқан басқа да тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты. Екіншіден, дәстүрдің тағы бір сипаты – тұрақтылығында. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, орнықтылығымен ерекшеленеді. Үшіншіден, дәстүр ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Егер осы сипаттамаларға тереңірек үңілсек, онда ұрпақтан ұрпаққа сол ұлт өмірінің желісін үзбей біріктіре отырып берілетіндігін аңғарамыз». Дәстүр не екенін түсіну осы сөздің мағынасын ашудан басталатыны анық. Ұлтымыздың салт-дәстүрлерінің мазмұны адамгершілікке, ізеттілікке, құрмет пен байсалдылыққа негізделеді. Автор дәстүрлеріміздің құндылығы жөнінде былайша толғанады: «...Сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, дара фәниден дара бақиға аттанғанға дейін адам баласы, пайғамбар Ғалаиссалам айтқандай, өмірдің тәрбиесінен өтеді. Өмірдің тәрбиесі дөп отырғанымыз – дәстүрлер. Жақсы дәстүрлер көп ретте тәрбиелік ережелер түрінде қолданылады. Әрбір ұлттың өзінің психологиялық, дүниетанымдық, әлеуметтік жағдайларына байланысты өзіне ыңғайлап жасап алған ережелері бар. Соны ұстанған адам түптің түбінде жаман болмайды және соның өзі ұлттық мүддеге сәйкес келеді».
Дәстүр – қазақтың рухы мен келбеті. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз жойылса, ұлт ретінде өмір сүруді тоқтатамыз деген сөз. Бұны алдын алу үшін жас ұрпақты сол қастерлі дәстүрлерді берік ұстанып өсіру керек. Автор бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақтың дәстүрлерінің ерекшелігі туралы айтады: «...Қазақ халқы да дәстүрден құр алақан емес. Тамаша әдет-ғұрып салт-сана жеткілікті. Олардың қай-қайсысы да адамдыққа, иманжүзділікке, мәдениеттілікке, дүниетанымды кеңейтуге тәрбиелейді. Біз дәстүрлердің бірқатарынан ажырап қалып, енді-енді қауышып жатырмыз. Үзіліп кетіп, халқына қайта оралып жатқан дәстүрлердің табиғи түрде дамып, ештеңеге ұшырамаған дәстүрлерге қарағанда әлсіздеу болатыны өзінен-өзі түсінікті. Халқымыздың бойындағы тамаша қасиеттерді басқа халықтар да біледі. Мәселен, әлі де болса жұрнағы бар, адамдық қарым-қатынаста жоғары бағаланатын дәстүрлерімізді санамалайықшы: үлкенді сыйлау, жас адамға иек артып, «ақыл – жастан, асыл–тастан» дейтініміз, қонақжайлылық жағына келгенде «алыстан алты жасар бала келсе, ауылдың алпыстағы қариясы сәлем береді» деп құрметтейтіні-міз...». Сонымен қатар, бүгінгі күні жойылып бара жатқан дәстүрлерді қайтару керектігі жөнінде былайша сөз қозғайды: «...Кейбіреулер тамаша дәстүрлеріміз туралы сөз болғанда киіз үйдің ішіндегі өткен заманның нәрселерін жиіркенішті етіп көрсеткенді қолай көреді. Бұл, меніңше, дұрыс көзқарас емес. Егер тарихи қалыптасқан отбасы мүшелерінің үй ішілік дәстүрлерін алып келіп, бүгінгі тұрмысымызға пайдалансақ, онда мәдениетіміздің шырайы біраз көтеріле түсер еді. Дәстүр мен киіз үй мәселесін біріктіре қарау керек. Дәстүр киіз үйге ғана тән, ал көп қабатты үйге келмейді дегенге келісе алмаймыз».
Төртінші анық – тарих. Ұлтымыздың әр перзенті туған елінің тарихын білуі міндетті. Тарих – ұлттың пайда болуы мен даму жолынан хабар беретін маңызды тәрбие мен тағылым құралы. Білімпаз тұлға Мұхтар Арынның тарихты бес анықтың бірі етіп таңдап, мән беруінің себебі де осы. Бала тәрбиесінде ата-ана балаға төл тарихын құлағына құйып өсірсе, ұлтын сүйетін отаншыл рухты азамат ретінде толық қалыптаса алады. Автор тарихты танып білудің пайдалы тұсы туралы былайша жазған: «Ұлттың тарихын білу керек деген сөзді өзіме жақындатып пайдалансам – өзімді-өзім тану деген сөз. Әр адам өзін-өзі тануы керек. Жалпы ұлт дегенің кейбіреулерге абстракт нәрсе сияқты болып көрінеді. Ал шын мәнісінде кім өзін сол ұлттың өкілімін деп санаса, сондай сезімді қалыптастырғысы келсе, онда сол ұлттың тарихы арқылы адам өзін-өзі тануы керек. Яғни, тарихтың ішінде жүрген бір бөлшегі екенін сезінуі қажет. Сонда ғана ол өзінің ұясын тапқан құс сияқты, өзінің жерінде, елінде, өзіне тән үлкен тарихи, қоғамдық ортада жүргенін сезінеді. Сонда ғана адам өзін толыққанды адаммын деп санай алады. Ал енді қай ұлттың өкілі екенін білмей, айдалада лағып жүрген, қайда барарын білмей адасып қалған адам ешуақытта ешкімге жақсы нәрсені алып келе алмайды, одан тәуір сезімді күту қиын».
Автор ұлттық тарихтың жазылу мәселесіне аса ыждаһаттылықпен мән беруді ұсынады. Шежіре мен тарихтың айырмашылығына тоқталады. Тарих ғылымының бір жүйеге түсіру керек екенін айтады. Себебі тарих ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Тарихтағы өзекті проблемаларды айта келе, Мұхтар Арын қазақтың әлі күнге жүзге бөлініп жүргендігі туралы өз пікірін білдіреді. Өкінішке қарай, халқымыз тарихын дұрыс танымағанынан әрі түсінбегенінен жүз деген ұғымның мәні ұқпай жүргеніне қынжылады: «...Ал ұлттық сезімді бойға дарыту үшін әр түрлі қажеті шамалы нәрселерден кұтылуға тура келеді. Мұның біріншісі – «жүз» деген ұғым. Жүзді дұрыс түсінбегендіктен де көп зиян шегіп жүрміз. Әдетте шежіре арқылы атаны тарату жүзеге асырылады. Халқымыздың кез келген бөліктерін ата тегіне, қан мәселесіне қарай қарастырады. Қазақ «Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс – үш жүздің баласы» деп есептейді. Жүзді әркім әр түрлі түсіндіреді. Біреулері «үшеуі де жүзге келіп өлген екен» дейді. Екіншілері «әкесі үшеуіне енші бергенде жүз үйден берген екен» деп те айтады. Қысқасын айтқанда, осындай адамның ақылына қонбайтын нәрселерді тілге тиек қылып, жүзді ата текке айналдырып жібереді. Шындығында олай емес. Біріншіден, жүз деген ұғым қазақ деп аталатын бүгінгі ұлттың, халықтың тарихына тек қана XVII ғасырдың бірінші жартысында енген». Бұл парасатты пайымға мән бергеніміз дұрыс. Себебі осындай қате түсініктер бірлігіміз бен елдігімізге нұқсан келтіреді.
Осылайша тарихи деректер сұрыпталып, тек сапалысы кітап түрінде жазылса ұлттық ойлау жүйеміз бір қалыпқа түсер еді. Бұндай күрделі мәселелерді ескере отырып, тарихымызды қайта жазу тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы іргелі істердің бірі болмақ.
Бесінші анық – Атамекен. Халқымыз туған елді, жерді қастерлі ұғым деп санаған. Бұл жөнінде қайраткер тұлға Мұхтар Арын былайша жазады: «...Жалпы қазақ халқы мекен мәселесіне өте терең ілтипатпен қараған халық. «Атамекен» сөзі қазақ халқының сол жерді ерте кезден иемденіп келе жатқандығын білдірсе керек. «Кіндік кесіп, кір жуған», «кіндік қаны тамған» деген сөздер бар қазақта. Бәрі де өзінің тұрған мекеніне жылы жүрекпен, терең ілтипатпен қарағандығынан туған сөздер».
Атамекеніміз, яғни, Қазақ елі – баршамызға ортақ ұғым. Оның әр тауы мен тасы, шөбі мен көлі әр қазақ үшін қасиетті, қадірлі болуы міндетті. Автордың түсінігінде отанымыздың әр перзенті тұтас қазақ жерін сүюі керек. Бұл идея бүгінгі таңда өте өзекті болып келе жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі туған жер ұғымымен байланысты екені белгілі. Сондықтан Мұхтар Арынның тұжырымына мән бергеніміз абзал: «Біз төртінші анық – тарих туралы сөз еткенде жеке-жеке бөлшектеп, ата-бабасының тарихы, руының тарихы деп қарамай, ұлттық ауқымда қарау мәселесін баса айтқан едік. Дәл осы сияқты мекен мәселесінде де бөлшектемей, ұлтымның атамекені деп қараған жөн дегенді ұстанғанды қалаймыз. Мәселен, «Жем бойында тудым», «Жетісуданмын» деп, сол жер ғана атамекенім деп бөлектенудің қажеті жоқ. Егер ұлттық деңгейге көтерілгім келсе, онда Қазақстанның қай түкпірін де атамекенім деп санауым керек. Ақтөбеде отырып, Көкшетау, Қызылжар, Жетісу, Алтай, бәр-бәрін де өзіме тән деп қарауымыз керек. Бұл үшін атамекенімізді, ұлтымыздың мекенін жақсы білуіміз қажет». Ұрпақ бойында отаншылдық рухты тәрбиелеу кезінде осы айтқан ойларды елеп-ескерсек еліміздің еңсесі биік болатыны анық.
Қорытындылай келгенде, бүтін бітімді Мұхтар Арынның «Бес анық» кітабы – ұлттың ең қымбат құндылықтарын дәріптеуге арналған пайдасы көл-көсір, шапағаты орасан зор еңбек. Кітаптың тәрбиелік маңызы айрықша, тілі жеңіл, кез келген жастағы оқырманға түсінікті. Бұл еңбекті бала тәрбиесінде әрбір қазақ отбасы пайдаланса, ұлтын сүйетін, халқына адал қызмет ететін ұрпақтың өсіп-жетілуі сөзсіз.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
жазушы-зерттеуші
Бөлісу: