Гүлбақыт Қасен. Періште гүл

Бөлісу:

18.08.2018 7192

Бәрі әдемі

Суреттеп сөз баяндап жеткізе алмас...
І. Жансүгіров

Бәрі өзгеше:
Бұл жайлаудың ақша бұлты, аспаны,
Көз ұшынан көрінеді Алатаудың асқары.
Мөлдір бұлақ, бал қарағай, жасыл шырша, көк шалғын,
Қолмен әрлеп қойылғандай күнгейдегі тастары.

Табиғаттың тұнып тұрған сұлулығы таң маған,
Саф ауасын жұтсам қанша құмарым бір қанбаған.
Сауыр мекен, дәл өзіңдей жер ұйығын таппаспын,
Күлімсіреп кірпігіме байланса да бар ғалам.

Бәрі әдемі:
Әсіресе, қарағайлы шымылдық –
Тұңғыш көргем таңғажайып бұл суретті, шынымды ұқ...
Мейіріммен нұр құйылып, түсірген бе аспаннан,
Байланғандай әр ағашқа шәрбат ырыс, шырын құт.

Жартас. Қия.
Қалай бірдей тіп-тік өскен қарағай?
Жарасымды қона қалған шырша-сырға жағалай.
Үлбіреген таудың жасыл шымылдығы, пердесі –
Күн еңкейіп, сығалайды саңылаудан жаңа Ай.

Бәрі құмар :
Тамып жатыр шүпірлеген жұлдыздар,
Ынтызарға кедергі емес қараңғылық, түнгі ызғар.
Кім біледі сиқырлы орман, ертегі бір өмір бар?
Рас. «Шымылдық қарағайға» жасырынған үр қыздар...

Мен де бәлкім, заңғар шыңға сұлу сырды жасырам...
Бал қарағай.
Ал, қарақ-ай!

Тау жаңғыртар асыл ән.
Бақ-өмірдің түрілмесін шымылдығы жап-жасыл,
Жайлау төрі, сағынғанда құшағыңа асығам!

Өмір-өзен құралған бұлақтардан...

Тамшыдайын мөлдіреп тамсам Нұрдан,
Тылсым дүние.
Байтақ жер тамсандырған.
Табиғатқа қалайша құмартпайсың,
Құлап аққан бұлаққа ән салдырған.

Бұлақ суы бұрқанып тасып құлар,
Әр құпия тамшысы ғашық қылар...
Шың басынан қол бұлғап сүйген жардай,
Аяулы Арман жетуге асықтырар.

Бір тәкаппар өрлік бар құламада...
Терең тартпай ой-таным тұра ала ма?
Неткен шебер Жаратқан?!
Таңғажайып –
Ауа да әсел, жер де әсем бұл арада.

Мақам жыр жүр бұлақтың ағысында...
Үндестік бар қазанат шабысында.
Беу, дариға, домбыра күмбірлесе –
Тасқын күй бар қос ішек қағысында.

Әр тамшысы тұратын сынақтардан,
Сыңғыр үні судың да сыр ақтарған.
Бұрқанбұлақ.
Жыр бұлақ.
Ғұмыр-дәрия –
Өмір-Өзен құралған бұлақтардан...

Гүл – тағдырым,
Гүл – тұмарым, Өлеңім

(циклды жырлар)

І

Қалың қайғы
Қаптаса да, тас ғалам,
Тереңдегем,
тамыр ала бастағам.
Сиқыршының таяғы да қауқарсыз –
Мен əлемді əдемі етіп тастағам...

Əсемдігім –
Жарық нұрдай түнекке,
Аяз қысқан...
Болмашы бір дір еткем.
Жүрегі жаз маған іңкəр жандар бар –
Махаббатпен, мейіріммен гүл еккен.

Гүл – тағдырым.
Гүл – тұмарым, Өлеңім,
Қара тасты ақ өлеңге бөледім...
Қауызымды сұлулықпен көмкеріп,
Өлсем дағы Əдемі боп өлемін!

ІІ

Жайнаған қызыл кілем,
Гүлді көрем,
Күн сүйген гүл-періште – бұл бір Өлең.
Нәркес көз мөлдірейді қарақаттай,
Қызғалдақ нәзік жібек үлбіреген.

Бейне бір ерке сылқым еркелеген,
Ұялшақ құрбыларын ерте келген.
Жанымның алауындай – нарттай келбет,
Қоңыржай самал сүйіп, жел тербеген.

Төгеді бұлбұл жаздың әнін әсем,
Жерімнің жаралдың ба бағына сен?
Қызыл гүл, жүректегі тұмарымсың,
Өзіңсіз сұлулықты танымас ем...

Ынтызар, құштар көңіл ынтығады,
Қырмызы қауызына жыр тұнады.
Сезім мен махаббатты ең аяулы –
Қорғаған Көктем-қыздың гүлтұмары!

ІІІ

Маржан ба екен,
Гауһар ма екен тізілген?
Қуаныштың жасы ма əлде үзілген?..
Қып-қызыл гүл, айтшы маған жасырмай -
Не байқадың,
Нені білдің жүзімнен?

Мен де өзіңдей
Сұлулыққа құмармын,
Ақын қызбын.
Көктеміме тұмармын.
Адамдарға Бақыт сыйлай алсаң сен -
Мөлдіреген жыр тамшың боп тұрармын.

Нəзік жаның...
Нəзік жаным...
Бірдейміз.
Көктем сайын құлпырамыз, гүлдейміз.
Əлі қанша маусым бізді аялар?..
Аз ғұмырда
Не күтіп тұр?
Білмейміз...

Нəзік гүлім,
Нəзік гүлмін...
Бірдейміз!

ІҮ

Құштар емес биіктік аласаға,
Мың бір бояу қарамен жанаса ма?
Табиғаты жаралған нәзіктіктен,
Жасандылық...
Гүлдерге жараса ма?

Бойын кернеп тектілік,
Тамырын нәр,
Тазалыққа кіршіксіз жаны құмар:
Гүл – шынайы.
Көргенде таңқаласың –
Адамдарға жасанды жарығы бар...

Жапырағына жанымның жазып бүгін,
Жанып кеттім.
Жарық па?
Жазықты кім?..
Жас тамса да мөлдіреп,
Өзгермейтін –
Азаматтан мың артық
Нәзік гүлім...

Жүрек гүлі

Бұлт бүркеген бір күнім – бір ғасырдай,
Сағынышым өзіңе жүр басылмай...
Мамыра-жай сәттерге қол созады,
Көктем қыздың қып-қызыл сырғасындай –
Жүрек гүлі...

Бесін ауып барады...
мың ойланам,
Жүрек гүлін тоңар деп кім ойлаған?..
Құралайдың салқыны сезіледі,
Мұң тұмшалар жүзімді нұр ойнаған.

Сиқыр үнмен тербеген әнші бағым,
Төгілер ме арайлы, жан шуағың?
Мамырдағы мұз қатқан сезімімнің
сіміреді мөп-мөлдір тамшыларын –
Жүрек гүлі...

****

Гүлге неге ауа берді аңсарым?..
Неге сонша тамсандым?
Жаз болмайтын, гүл өспейтін шаһардың
Ханзадасы,
Бəлкім, мені аңсадың...

Гүлге неге сырғалы мұң тағамын?..
Неге тамшы тамады?
Ынтық болсаң,
Тезірек кел, өтінем -
жапырағымның түсі өзгеріп барады...

Байқадың ба, Гүл көзінде жас барын?
Сілкіп тастар қас қағым...
Е-ее, Ханзадам,
Жүрегіңде жаз бар ма?
Үндемейсің...
Мен де өзгере бастадым!..

****

Егіз гүлім,
жез қоңырау мүсіндес,
Күй кешемін өзім ұғып түсінбес.
Қоңыраулы үнің жетер алыстан –
Сағындырып бір күн ерте, бір күн кеш.

Күндер қайда, түндер қайда бір кешкен?..
Еске салар бəрін, бəрін гүлдестем.
Тағдыр менің қалауымды құп алса -
Жаныңда бір сыңғыр қағып жүрмес пе ем...

Түсінемін:
Гүлге мəңгі гүлдеп тұру жазбаған...
Қас қағым сəт, бақ сыйлаған аздаған.
Бүр жарамыз Көктем,
сосын тек Жазда-
Шарам қандай?
Еркелік пен Наз ғана...

Періште гүл

Тағдырымның жазуын теріс көрмей,
Табиғаттың сыйымен келіскендей.
Күні-түні көз ілмей қорғап тұрған –
Әппақ гүлім, ақ нұрлы періштедей.

Әппақ гүлім, жаныңның әппағын-ай,
Сырым қалай сақталсын ақтарылмай?
Жұпарыңды аңқытып емдеп алдың –
Қажытқанда екіұшты ой, мақтан ұдай.

Жаратылған болмысың дара шығар,
Жаның бірге – қиналсам аласұрар.
Періштелер қолдаса дәл өзіңдей,
Мүмкін талай арудың бағы ашылар...

Періште гүл,
Айналдым қалыбыңнан,
Жаратылған мың арай, қалың нұрдан...
Жүрек қылын қозғадың ақын қыздың –
Өлеңі мен Ары үшін жаны құрбан.

Бөлісу:

Көп оқылғандар