Рәбиға Сыздықова: Бала бір тілде ойлап, сөйлеп, түс көруі тиіс…
Бөлісу:
Ғалым, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ұстаз Рәбиға Сыздықова 1924 жылы тамыз айының ортасында Батыс Қазақстандағы Ойыл қалашығында қызметкер отбасында дүниеге келген.
Үштіктің үкімі
Рәбиға апамыздың әкесі Сәтқали (Сәтіғали) Құтқожин өз ауылдарынан қашық емес жердегі үкімет салдырған мектеп – «Қызыл үйде» бірінші сыныптан бастап оқыған. Бұл 6-7 жылдық мектеп белгілі бір оқу бағдарламасы бар, оқушылардың сауатын ашып, білім беретін орын болған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында салынып, «орыс-қазақ мектебі» аталған. Басында оқу тек орыс тілінде жүргізілген. Алған білімдерінің толықтығына қарағанда, орта мектептің бағдарламасымен жұмыс істеген. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды ғалымдар, Иса Қашқынбаев сынды дәрігерлер осындай мектепті бітіріп, Қазан, Омбы, Мәскеу, Петербург жоғары оқу орындарында оқығаны белгілі. – Әкеміз орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін Орынбордағы оқытушылар семинариясына түсіп, соңғы курсында жүргенде оқуын тастап кетеді, – деп бастады әңгімесін Рәбиға апа. – Себебі, құжаттарда көрсетілмегенімен, анамыздың айтуына қарағанда, жастығының астынан ақ патшаға қарсы жазылған қағаздар шығыпты. Бұл жерде оқып жүргенде әкеміз Морзе әліппесін үйреніп, едәуір білім алады. Оқудан кеткеннен кейін байланыс бөлімінің жұмыстарына қатысады. Ол Орал, Астрахань және сол маңайдағы жерлердегі байланыс бөлімінде жұмыс істейді. Ақтөбе облысындағы Ойыл қалашығында байланыс бөлімінің бастығы болып орналасады. Қазан төңкерісінен бұрын Ойылда жылына екі рет жәрмеңке болатын. Кейін Ойыл Алашорда Батыс үкіметінің астанасы болған. Әкеміз сол жерде бірнеше жыл аудандық байланыс бөлімінің, яғни, пошта, телеграф, телефон, т.б. бастығы болып істейді. Менің, екі жас үлкен ағам – Хамит пен екі жас кіші сіңлім – Роза үшеуміздің табанымыз алғаш рет осы қалашықтың топырағына тиген. Зұлматты 1937 жыл болатын. Оқу басталмай тұрып, тамыз айында әкемізді НКВД (Ішкі істер министрлігі) адамдары ұстап, түрмеге алып кетті. Оны өз көзімізбен көрдік. Сіңлім Роза екеумізді анамыз орталықтағы дүкеннен нан әкелуге жіберген. Нанымызды алып келе жатсақ, қаланың шетінен (әкеміз жұмыстан босатылған соң ауылдың шетіндегі балшық үйге көшкенбіз) ат арба көрдік. Екі жағында екі адам, ортасында әкеміз отыр. Ол бізді көріп басын изеді. Біз таңырқап қарап қалдық. Арба жанымыздан зыр етіп өтіп кетті. Содан әкемізді көрген емеспіз. Кейін әкеміз «халық жауы» деген жаламен үштіктің үкімімен қараша айында Ақтөбе қаласында атылыпты… Анамыз – Жеміс Қалуқызы қарапайым шаруаның қызы болған. Жолдасы ұсталып кеткенде, үш баламен қалған ана балаларының адал, қажырлы, еңбекқор болып қалыптасуына ерекше мән берді әрі осы қасиеттердің бәрі өз бойында да болды. Бойымда қажырлылық, намысшылдық, адалдық, еңбекқорлық сияқты қандай ізгі қасиет болса, бәрі де – анамнан.
«Стахановшылар»
ХХ ғасырдың басында Рәбиға апаның әкесін Ойылдан Ақтөбенің Табын ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп ауыстырған. Онда ат арбамен бірнеше күн жүріп көшіп келгендері есінде. Ол кезде, сірә, 4-5 жастағы бала болуы керек. Кейін әкейді жаңадан ашылып жатқан Арал ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп жібереді. Бұл жерге Ақтөбеден пойызбен келді. Екінші сыныпты сонда оқыды. Әр нәрсенің екі жағы болады ғой: пайдалы жағы да, әттеген-айы да. Бұл – 30-жылдардың бас кезі, елімізде оқытушылар жетіспейтін. Екінші сыныпта басынан аяғына дейін қара киінген, толықша келген татар әйел оқытты. Бір байқағаны – ол кісі көп сөйлемейтін, бірақ өлеңдер жаттататын. «Пионер» газетіндегі өлеңдерді түгел жаттататын. Содан соң есептер шығартатын. Қазақша білмейтін мұғалімнің бір пайдасы – қазақ өлеңдерін оқуды, жаттап жүруді үйренді. 3-сыныпқа келгенде әкейді не Арал ауданы жабылып қалды ма, не басқа себеп болды ма, әйтеуір Ақтөбе облысының Темір ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп жіберді. Бұл да кезінде орыстар мен татарлар көп қоныстанған, жәрмеңкелі қалашық болатын. Күзде оқуға келгендерінде бірдеңе оқытты ма, есеп шығартты ма, әйтеуір сондай бір нәрселер болды. Содан соң фамилиямызды атап, 5-6 балаға: «Енді 3-сыныпта емес, 4-сыныпта оқитын боласыңдар. Сендерді аттатып жібердік» деді. 4-сынып оқитындардың саны аздау болып, 2-сыныптан көшкен балаларды бірден 4-сыныпта оқытты. Болашақ ғалым сол жерде мектептің 7 сыныбын бітірді. Мектепте оқып жүрген кездегі естен кетпейтін қызық оқиға мынау болды: сірә, 1934-35 жылдардың шамасы болуы керек. Төртінші-бесінші сыныптар ма екен? Бір күні мектепке келсе: «Стахановшылар, стахановшылар!» деп шулап жүр. «Ол не?» десе, жақсы оқитындардың аты-жөнін «Мектептегі стахановшылар» деп тізіп, есіктің сыртына іліп қойыпты. Ең басында «Құтқожина Рәбиға – стахановшы!» деген апамыздың тегі тұр. Содан біразға дейін «стахановшы» аталып жүрді. Стаханов деген Дон шахтасында көмір қазу нормасын артығымен орындаған жұмысшы екен. Соны үлгі етіп, жақсы оқитындарды да «стахановшы» деп атаған екен. Бір-екі ай осы атақпен жүрді. Қазір ойлап қараса, бұл – күлкілі ғана емес, қисыны келмейтін атақ қой. Әрине, осындайлар болып тұрыпты.
Білім алуға бетбұрыс
– Әкеміз ұсталып кеткен жылдары анамыз үш баламен жоқшылықтың зардабын тартты, – деп жалғады әңгімесін Рәбиға апа. – Хамит ағам Темір ауданындағы педтехникумның 3-курсында оқитын. 1938 жылы оқуын бітіріп, Ақтөбе облысының темір жол бойындағы Алға стансысына мұғалім ретінде жіберілді. Бастауыш мектепте жыл жарымдай жұмыс істегеннен кейін 1940 жылы наурыз айында әскер қатарына шақырылып, Батыс Украинаның Золочев қаласындағы танкистер дайындайтын бөлімде әскер қатарында болды. Енді анам, сіңлім – үшеумізді асырайтын өзім болып қалдым. Сол жылдың наурызында ағамыздың көрсетуі бойынша, «жақсы оқиды» деген құжаттарды, техникумның 2-курсына дейін оқыған қағазымды алып, ағамыз жұмыс істеген жерге бардым. Бірден төртінші сыныптың оқытушысы болдым. Өте қиын болды. Өзім баламын ғой, небәрі он алтыдамын. Келесі жылы төртінші емес, екінші сыныпқа сабақ беріп, мұғалім болып жұмыс істедім. Есейіп, он жетіге келдім. Қырық бірінші жылдың жазында демалысқа шығып, оқыған жеріміздегі ағайымыздың үйіне, Темірге келдім. Бір күні таң алдында неміс фашистері ескертусіз кіріп, еліміздің батысын бомбалап жатқанын естідік. Сол күні-ақ дереу жиналып, анам мен сіңлім тұрып жатқан Алғаға жол тарттым. Соғыс басталған екен. Сонда қыстай, күздей жұмыс істеп шықтым. Отын, азық-түлік жағы өте қиын болды. Жалақым үш адамға, отын сатып алуға, пәтерге төлеп тұруға жетпейтін болғандықтан, әкеміздің туған інісі – қарапайым жұмысшы, Темір қаласында қалған Еркінғали ағамыздың қасына көшіп келдік. Сонда өзім оқыған мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналастым. Көп ұзамай бесінші, алтыншы сыныптарға география, ботаника сияқты пәндерден де сабақ беретін болдым. 43-жылы жазда ағамыз Хамит оң қолының шынтақтан жоғары жағынан айырылып, үйге келді. Келе орыс мектебіне тарих пәнінің оқытушысы болып істей бастады. Ағамыз келіп, отбасымызды асыраудың жүгі біраз жеңілдеген соң мен жұмыс істеп жүрген жерімнен үш айға рұқсат алып, Ақтөбеге бардым. Ондағы екі жылдық оқытушылар институтына түсіп, оқып жатқан студенттермен бірге мемлекеттік емтихан тапсырдым. Оны 44-жылы бітіріп шықтым. Көп ұзамай Ақтөбеге қызметке шақырылып, №12 мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Әрине, ол жұмыстың үлкен міндет екенін, жұмысы көп екенін білгенім де жоқ. Не істеп, не қойғанымды өзім де түсінбеймін. Әйтеуір сабақ кестесін түзіп, балаларды тәртіпке шақырамын, мұғалім болып та жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде, 1945 жыл келді. Мамыр айында соғыс бітті. Осы жылдары менің бүкіл арманым, ойым, жоспарым – әрі қарай оқу болды. Сол арманым күтпеген жерден орындалды. 1945 жылдың тамыз айында аудандық комитет шақырып: «Соғыс бітті, есімізді жидық. Биыл ұлы ақынымыз Абайдың туғанына 100 жыл толады. Соған Ақтөбеден бес-алты адам делегация жіберуіміз керек. Оқытушы ретінде екі адамды жіберіп отырмыз. Бірі – облыстық оқу бөлімінің басшысы – Рахила Сәрсенова. Сосын жас мұғалім ретінде өзіңізді ұйғарып отырмыз» деді. Алты адам болып пойызға міндік. Бес-алты күн жүріп, Алматыға жеттік. Алматыны тұңғыш көруім. Ең басты көргенім, ғажаптанған дүнием көп болды, армандап жүргенімнен де үлкен нәрселерді көрдім. Конференцияны ашқаннан кейін бірінші сөзді Мұхтар Әуезовке берді. Ол кісі Абай туралы бір сағаттық баяндама жасады. Есімнен танбағаныммен, қайран қалдым: «білім» деген осы екен ғой! «Бір нәрсені білу» деген осындай екен ғой! Абай туралы білгенім, оқушыларға түсіндіріп жүргенім – мыңның бірі екен ғой. Абай қандай ақын болған, қандай жаңалығы бар – барлығын түсінікті тілмен айтып бергенде іздеген білімімнің, ұмтылысымның дұрыс екенін бірден сезіндім. Осындай жерге келіп, тыңдап, оқуым керек екенін түсіндім. Сол жылы тамыз айында оқытушылар конференциясына делегация мүшесі ретінде бардым. Конференция бұрынғы Дзержинский мен Киров көшелерінің қиылысындағы №25 мектепте өтті. Онда «Қазақ тілі» оқулықтарындағы олқылықтар, оқушылардың қабылдауына қиындық келтіретін тұстар турасында сөйледім. Сөзімді аяқтап болған соң оқулық авторлары – Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаевтар келіп (ол кезде ол кісілерді танымаймын), ризашылықтарын білдірді. Біраздан кейін Ахмеди Ысқақов келіп, сабырлы қалыппен немен шұғылданып жүргенімді, қандай мақсатым бар екенін сұрады. Мұғалімдер институтын бітіргенімді, отбасы жағдайыма байланысты оқи алмай жүргенімді, енді майданнан оралған ағама отбасымызды тапсырып, оқығым келетінін, Мәскеу жақын болғандықтан, сол жақтағы жоғары оқу орындарының біріне құжат тапсырғалы жүргенімді айттым. Мұғалімдер институтын қызыл дипломмен бітіргенімді естіген Ахмеди Ысқақов Алматыдағы ҚазПИ-дің 3-курсынан бастап оқуға шақырды. Қуана келісіп, екі айдың ішінде айырмашылықтарды тапсырып, оқуға орналастым. Әрине, оқу өте қиын болды. Өйткені бұрын ешқандай білім алған емеспін. Керек десеңіз, толық орта білімім де жоқ. Өз бетіммен оқыдым. Бұрын-соңды институтта профессордың лекциясын тыңдап көргенім жоқ. Бір семестр бас алмастан оқумен, жаттығумен болдым. Бәрін де ойдағыдай тапсырдым. Әрі қарай кішкене жеңілденіп, есімді жиып, ізденіп, өз бетіммен оқи бастадым. Білімге деген талпынысым күшейіп, көп білу үшін ғылыммен айналысу керек екенін түсіндім. Бізге І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Р.Г.Лемберг, Н.И.Тимошько сияқты профессорлар сабақ берді. Мұнда да өте жақсы оқып, қызыл дипломмен бітірдім. Сондықтан болар, аспирантураға қалдырды. Аспирантурада оқып жүріп, ҚазПИ-дегі қазақ тілі филологиясында мұғалімдер ұжымының мүшесі ретінде жұмысқа алды. Сол кездері Абай атындағы институтта және екі-үш жыл бұрын ашылған Қыздар институтында «Орыс және қазақ тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәнінен лекция оқыдым.
Көрісу мен қоштасудың арасы…
– Аспирантураның соңғы курсында жүргенімде қасында жолдасы бар бір жас жігіт жатақханаға, мен тұрған бөлмеге келді. Ойынды-қалжыңды әңгімелестік. Жігіт: «Мынау – менің жолдасым, жақында Мәскеуден келді. Жалғыз тұрады. Іші пысады екен. Кешке шығып, парктегі биге бармақшы болса таныс қызы жоқ. «Қазақ қыздарының біреуімен таныстыршы. Кешке биге барып, 1-2 сағат әңгімелесейік» деп еді. Содан ертіп келдім» деді. Жолдасы соғыс кезінде Мәскеудегі жоғары дипломатиялық мектепті (қазіргі МГИМО) бітіріп, Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп жүргенінде Қазақстанның Орталық комитеті жұмысқа шақырады. Өйткені өзімізге де білімді кадрлар керек. Сол кезде, сірә, «БҰҰ-дағы жоғарғы қызметтерде Қазақстанның да өкілі болуы керек, Украина, Белоруссия сияқты Қазақстанның да аты тұрсын» деп әрекеттеніп жатқан болса керек. Содан Мақаш Сыздықов Орталық комитетке кіші қызметкер ретінде орналасқан екен. Бойшаң, аққұба, көркем, сыпайы жігіт болатын. Бірден ұнады. Бұған дейін де жігіттер болған шығар. Бірақ есіл-дертім білім алу, оқу болғандықтан, елең қылмадым. Ал мына жігіт қазақша, орысша, французша, түрікше, өзбекше еркін сөйлейтін, жарқын жүзді, өте мәдениетті көрінді. 1948 жылдың көктемі болатын. Менің де жасым келіп қалған. Сол жылдың күзінде үйлендік. 1949 жылы баламыз Әсет туды. Мақаш кейін Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясына, диссертация қорғайтын үш жылдық оқуға сұранып кетті. 1951 жылы халықаралық құқық бойынша кандидаттық диссертация қорғап келді. Жоғарғы партия мектебінде халықаралық қатынастар мен халықаралық құқықтан сабақ беріп жүргенінде қыстыгүні қатты науқастанып, төрт айдай ауруханада жатты. 1954 жылы мамыр айында, 32 жасында қайтыс болды. Ол – бірінші жолдасым еді. Мақашпен отбасылық өмір де болған жоқ: ол үш жыл оқуда, мен жұмыста болдым. Өлеңде жырланғандай, «бар өміріміз қоштасу мен көрісу» болды. Демалыста Алматыға келетін. Оқу кездерінде академияға, диссертация жазуға кететін. Мен жұмыс істеп, осында қалатынмын. Осы көрісу мен қоштасудың арасында тату-тәтті, жақсы өмір сүрдік.
16 жол өлеңнің «әлегі»
– Кейін, 1962 жылы, Қазақстанның халық әртісі – Шахан Мусинмен танысып, сол кісінің қосағы болдым. Балаларын тәрбиеледім. Қырық жылдай бірге өмір сүрдік. 1999 жылдың 26 желтоқсанында ауырып, қайтыс болды. Кейінгі қосағыммен жұмыс істеу тәртібіміз, дағдыларымыз, жұмысымыз әртүрлі болғанымен, жақсы тіл табыстық. Ол кісі көп қиыншылық көрген. Жиырма екі жасында «Наркомға хат» деген өлең жазып, онда: «Қоймаңда астығың, майың, етің – бәрі толып тұрғанда, қазақ неге аштан өлді?» деген ойды өлең шумақтарымен өріп, жолдастарына оқып беріп жүреді екен. Бірақ жарияламаған. Кейін 1936 жылы үкіметке қарсы ұйым құрған жастардың басшысы ретінде ұсталып, бірнеше ай қамалады. Көп кешікпей ондай ұйым болмағандықтан, шығарып жібереді. Шахан Ауылшаруашылық институтында оқып жүргенінде әкесі қатты ауырып, екі інісін, қарындасы мен анасын асырау үшін ауылға кетеді. Бірнеше айдан кейін оны қайта ұстайды. Сонда баяғы «Наркомға хат» деген өлеңі жауап алушының алдында жатады. «Жақсылап тұрып орысша аударған екен. Менің өлеңімнен екі есе артық» дейтін. «Осыны неге жаздың? Демек, Кеңес үкіметіне қарсысың!» деген желеумен 1937 жылы түрмеге қайта жабады. Жас болғандықтан, атпаған болуы керек. Ататын кінәсі де жоқ. Колымаға, нағыз итжеккенге жер аударып жібереді. Онда алтын қазады, ағаш қырқады, өзге де қара жұмыс істейді. Содан Сталин өлгеннен кейін ғана ақталып, елге оралады. Шахан осындай тағдырын, көрген бейнетін еске түсіргенде қалжыңдап «Сіздер жергілікті профессорларды тыңдап, білім алып жатырсыздар ғой. Мен Варшава, Петербург, Мәскеу, т.б. қалалардағы профессорларды тыңдап, оқып келген адаммын» дейтін. Өйткені әлгі саяси тұтқындармен бірге жер аударылып, лагерьде бірге болған. Жамбылдың өлеңдерін орыс тіліне аударған атақты ақын Андрей Алданмен бір корпуста қамауда болған. Қашқаны үшін қарауылдың бірі атқан кезде қансырап жатқан жерінен сүйреп әкеп, ажалдан аман алып қалғаны туралы айтып отыратын. Ол жерде Қазақстаннан жалғыз өзі болыпты. Өлімнен, аштықтан, аурудан үш рет аман қалғанын, бірінде еврей, екіншісінде грузин, үшіншісінде орыс құтқарып қалғанын жыр қып айтатын. Әкеммен тағдырлас болғанын әрдайым жадымда тұтып «Бүкіл ғұмыры жазықсыздан-жазықсыз түрмеде өтті ғой» деп түсінуге тырыстым, отбасының күйбең тірлігіне араластырмадым. Тату-тәтті өмір сүрдік. Қайтыс болар алдында ризашылығын білдіріп, алғысын айтып кетті. Өз қолымнан аттандырдым. Басын қарайттым. Қызы – Мақпал Мусина алпыс жылдан бері қызым ретінде мамалап жүріп жатыр. Ресейде тұрса да, жиі-жиі келіп-кетіп тұрады. Репрессия зардабын тартып, 16 жол өлең үшін 18 жыл сотталған Қазақстанның халық әртісі Шахан Мусинді ең алдымен ақын ретінде таныдым. Ақындығы арқылы арманын жеткізді, өз өмірін баян етті, көрген азабын, қиындықтарын айтты, соны қалай көтергенін жазды. Жас кезінен ақындықпен айналысса, ірі ақындардың бірі болатын еді. Каторгада жүргенде не қағаз жоқ, не қарындаш жоқ, өлеңдерін ойша шығарып, жаттап жүрген екен. Кейін есіне түскен өлеңдерін қағазға түсіріп, тастай берген. Соларды шығарып, жариялағысы келетін. Көз жұмған соң ол өлеңдерін жинап, топтастырып, алғы сөз жазып, жеке кітап етіп екі рет бастырып шығардым. Қазір қызы өлеңдерін орыс тіліне аудартуға әрекеттеніп жүр.
Әуезовтің ризашылығы
Тағдыр қызық қой. Кейде күтпеген жерден ойыңа келмеген әрекеттерге баруға тура келеді. Кейде көктен тілегенің жерден табылып жатады. Енді бірде әрі қарай талпынуға, өмір сүруге, жұмыс істеуге өзгелер ықпал етеді. М.Әуезовтің Абай туралы баяндамасын тыңдағанда ерекше қайран қалғаны әлі күнге дейін есінен кетпейді. Көктен тілегені жерден табылғандай. Сөз жоқ, ғылымға бет бұруына осы себеп болыпты. – 1957 жылы Ұлттық Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына жұмысқа шақырылдым. Осы институтта табан аудармастан күні бүгінге дейін жұмыс істедім, – дейді Рәбиға апа. – Бастапқыда берілген тақырып партия тарихына қатысты болатын. Ол тақырып маған онша ұнай қоймады. Одан еш нәрсе жаза алмадым. Содан басқа тақырып алмақшы болдым. Қандай тақырып таңдарымды білмей жүргенімде академиядағы филологиялық кеңестің мүшесі М.Әуезов: «Осы Абайдың қарасөздерінде бір қызық морфологиялық тұлғалар бар «барарға керек, бармақ керек» деген сияқты. Осылар қайдан келді? Қазақтар солай сөйлейтін бе еді? Абайдың қарасөздері тілдік тұрғыдан зерттелген жоқ, соны зерттесе қайтеді?» деді. Сөйтіп, кандидаттық диссертациямның тақырыбын М.Әуезов ұсынды. Мен «Абайдың қарасөздеріндегі морфологиялық тұлғалар» дейтін тақырыпта кандидаттық диссертация бастап, жыл жарымда (1959 жылы) қорғап шықтым. Мұхтар аға ол тақырыпты ұсынбағанда қалай болар еді? Бір конференцияда менің баяндамамнан кейін сөйлеген М.Әуезов «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік – тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» деген болатын. М.Әуезов ұсынған тақырыпты кейін де жалғастырдым: докторлық диссертациям да («Абай өлеңдерінің тілі») Абай шығармашылығына арналды. Осы тақырыпқа байланысты кейін бірнеше іргелі зерттеулер («Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абайдың сөз өрнегі») жаздым. Бұл тақырып қазақ әдебиет тілінің тарихын зерттеуге, әдеби тіліміздің әсемдігін, сөз байлығын, орта ғасырлардағы ескерткіштеріміздің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеуге түрткі болды. Білімді толықтыра түсуге, тынымсыз оқып, іздене беруге ықпал еткен, ақыл берген І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Қ.Жұмалиев сынды ұстаздарым да болды.
«Халық жауының» қызына қысастық
– Аспирантура бітірген уақытым «бекмахановшылдықпен күрес» басталған кезбен тұспа-тұс келді. «Халық жауының қызы» ретінде ҚазПИ-дегі, Қыздар педагогикалық институтындағы жұмыстарымнан қысқарып, 6 ай жұмыссыз жүрдім. «Оқытып жүрген пәнінің бағдарламасы, оқулығы жоқ» деген себеп айтылды. Атылып кеткен «халық жауының» қызы жастарды тәрбиелеп, оқытуға құқы жоқ екенін сездім. Мені ұстаған да жоқ, айыптаған да жоқ. Өйткені еш қатысым жоқ. Әкемнің «халық жауы» деген адам үркитін атпен атылып кеткенін ерекше сезіндім. Осы кезде Әбу Сәрсенбаев басқарып отырған қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарын шығаратын «Учпедгиз» (қазіргі «Мектеп») баспасына кіші редактор ретінде жұмысқа орналастым. Көп ұзамай редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет еттім. «Тіл – қоғамдық құбылыс» деп аталатын алғашқы мақаламды осы баспада қызмет етіп жүргенімде жаздым. Осы кезде орыс мектептерінің жоғарғы сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығын (1952-53), «Үлкендерге арналған әліппе» (1958,1963), «Ересектерді оқыту программасы» (1958), т.б. оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға, бағдарламалар түзуге қатыстым. Дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу қағидалары туралы, яғни, қазақ тілінің нормаларын қалыптастыруға қатысты еңбектерім де осы кезден басталды.
Тілді сақтайтын – мектеп
– Қазақ тілін сақтайтын – ешқандай үкімет те, ұран да, үндеу де емес, бір-ақ нәрсе, ол – қазақ мектептерінің сақталуы. Мектеп табалдырығын аттаған баланың сөйлеген тілі ана тілі болады. Баланың ең алғашқы көбірек сөйлейтіні, үй ішінде сөйлейтіні, ойлайтыны, түс көретіні бір тілде болуы керек, үш тілде емес. Сол ана тілі болуы керек. Мектепте ең болмағанда бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқыту керек. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебін көбейтіп, аша беру керек. Тіпті қазақ баласы аз жерде де қазақ мектебін ашуға болады. Бұрын орыс мектебін сөйтті ғой. Қазақ мектебіне немқұрайдылықпен қарайтын болсақ, үш ұрпақтан кейін ол тіл құриды. Бүгінде Сібір түркілерінің тілі жоқ. Отыздан астам түркі тектес халық болған. Қазір солардың көбінің өз тілі жоқ. Адамдары бар, бірақ салттары да, тілдері де жоқ, керек десеңіз, аты-жөндері де орысша болып кеткен. Міне, осыдан сақтану керек. Өмір деген – әйтеуір тіршілік ету, тамақ ішіп, тынығып, ұйықтап өту емес. Адамзатқа әдемілік керек. Әдемілік – өлеңдерде, көркем әдебиетте, суретте, музыкада. Адам баласы мал сияқты тек тіршілік ету үшін жаратылмаған. Адам баласы өмір сүру үшін ғана емес, сол өмірдегі барлық жақсылықты, қызықты көру үшін туады ғой. Саясатқа еріп, осыдан айырылып қалмайық. Академик неге алаңдаулы? – Мені қазір екі нәрсе қатты толғантып жүр: бірі – өзім алпыс жылдан астам жұмыс істеген, кезінде бүкіл Кеңес Одағындағы тіл білімі институттарының ішінде Мәскеу мен Ленинградтан кейін үшінші орында аталып келген қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тағдыры. Қаржының тапшылығынан ба, әлде өзге де себептермен бе, мықты мамандардың басқа оқу орындарына ауысып кетуінен бе, табиғи өлім-жітімнен бе, институттың беделді қызметкерлері азайып, жастар жағынан мықты мамандар тартылмай, институт әлсіреп қалғаны байқалады. Мұндай институт өз алдына ғылыми-зерттеу ошағы болып сақталуы керек. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Шынында, қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. А.Байтұрсынұлы айтқандай, сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады. Сол халықтың аты жойылады. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тілмен бірге аталып келген халық та құриды. Адамдар болғанмен, олар қазақ болмайды. Мені алаңдатып жүрген екінші мәселе – үш тілді бірден оқыту. Бұл жайында жоғарыда да тоқталып өттім. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосу керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Жапон халқы ақымақ емес қой, бес-алты жылға дейін шет тілді қоспай, тек ана тілінде ғана оқытады. Бүгінгі таңда әлем бойынша ғылым, техника жағынан барлық елден озық тұрған, Америкамен тайталасып отырған – жалғыз Жапония. Жапон халқы ана тілі арқылы дүниені де, өзін де, өзінің қабілетін де жақсы таныды. Одан еш ұтылған жоқ.
Көпті көрген, ұлылардан тәлім-тәрбие алған Рәбиға апамыздың көңілге түйгені көп. Елі, елінің болашағы жайлы келелі ой айтып отырған апамыздың ғұмыр жасы ұзақ болуына тілектеспіз!
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
aikyn.kz
Бөлісу: