Көкбөрі Мүбарак. Жаныма сая дауыстар
Бөлісу:
Жаныма сая дауыстар
Лүпілдеп қала оттары,
Жүрегін басар ентігіп.
Өзімнен- өзім ақталып,
Қинала әзер желпініп.
Селкілдеп сесті жолдар да,
Аяққа жылай зымырап.
Бірін де таппай таулардан,
Атыңды таппай жылынам.
Қарашығы ашық түндерден,
Селкілдеп келсе елесің?...
Жұлдызға баяу гүл берген,
Түнім боп қайтып келесің.
Шырмалар көзі жолдың да,
Табылмай ол да қуыстан.
Қасқаяр болсам алдыңда,
Отыңа үнсіз тыныстап.
Жаныма сая бір дауыс,
Тоғысып айдың ізімен.
Ешкім жоқ мұнда тыңдағыш,
Ақыннан туған тірі мең!
Меңсіз ең, мүмкін меңді едің,
Меңі едің ақын ағаның.
Жұлдыздар жойқын терледі,
"Дірілдеп қара!" қарағым.
Жүрегің үнсіз қол соққан,
Таппаған сені кеште де.
Жұлдызды түрткен саусаққа,
Кигізе алмай ештеңе.
Түбірден толқу
Көзіңдегі қарашықтан ай қозғалып көргендей...
Қолыңдағы тамырлардан көк тамыры бедерлерін бергендей...
Жаныңдағы дауылдарға бақалы әлем сенгендей,
Шуыл қағып дабыл ойнап жүрегіңе төнгендей...
Теңіз бетін қышыта ұшып сұрғылт көзді құстар да,
Теңіздің бар ашуын ептілікпен тергендей...
Қабат- қабат толқындарды атқылап,
Менің түсім теңіз жарып енгендей...
Бура-бура бұлт моншағын түртіне ұшып тырналар,
Қойыныңа жып- жылы боп келгендей...
Мынау қандай кеш еді, табынысып тауларға
Үркек қияқ жалт- жалт қарайтын...
Мынау қандай бояу өзі сіңіріліп шашыңа,
Әр шашыңды өкси тұрып санайтын...
Мынау қандай ымырт түгел, қойыныңа балалап...
Балапаны бірін- бірі талайтын...
Қып- қызыл боп балапанның ойыны,
Түннің бұған ұмсынып кеп қарауына жарайтын...
Ыңылдаған домбыра ма, гуілдеген соңғы жан...
Қолымдағы жас моншақтап жалығатын домбырам...
Балапандай пыр-пыр еткен тастардың,
Барлығының құлағында жаңғырам...
"Үңіл қағып Ібір-Сібір қияғы...
Жас толқындар есін әрең жияды..."
,- деген едім сонау бала күнімде,
Құс қанатын лайлай жағып сияны...
Сол дауыстар міне қайта оралып,
Барша көлге құс қанатын құяды...
Лапылдаған қанаттардың ішінде ,
Ақын болып отырмын мен ұялып...
"Мұнша құсты дүрліктірген кім бұл?" деп,
Ұлы құдай өкпеге әрең қияды...
Ұлы құдай болғандықтан еркемін,
Теңіздерді толқытуға ғана жетті зияным...
Жол
Көктоғай тұрды қабарып,
Мені алып кетпек бораным...
Сатып алып жатты саудагер,
Сұңқардың қанат тозаңын.
Қуды ма мені бажақ бұлт,
Көзіңді оям деп бүгін де.
Көлкілдеп іскен көбік су,
Шашыратып түкірігін де...
Саумалап әппақ ғимарат,
Терезеден қауға сәуле іліп,
Үйде жатқан қыздың үкісі,
Жүректі түртер әуре қып.
Маңғаз бір мүйіз қозғалып,
Өгіздер ұзан болғанда...
Ертістің қытығы бүлк етіп,
Бозбала бүркіт қонғанда...
Танауым тұрды делиіп,
Қыр мұрнымды тұрдым сипалап...
Кереге далам кеңиіп,
Көзіме қойды бір қарап...
Салагерменен жарысып,
Құлақ түбіменен өтті де ой.
Ақылға қонбай көбелек...
Гүлдерге қонып кетті ғой...
Мерген
Алтайда бар еді бір мерген,
Қып- қызыл көзімен көзімді ататын...
Алтайда бар еді бір мерген,
Қып- қызыл далама қызарып бататын...
Алтайда бар еді бір мерген,
Мен алғаш таныстым туыла...
Алтайда бар еді бір мерген,
Теңбілдер оятын бұғыға.
Алтайда бар еді бір мерген,
Тұлпардың қасқасын булайтын.
Алтайда бар еді бір мерген,
Қып- қызыл балықты уыстап тулайтын.
Алтайда бар еді бір мерген,
Білесің өзің де жарығым!
Алтайда бар еді бір мерген,
Жезтырнақ сүйетін сарынын.
Ескілеу жұмбақты өртейтін,
Алтайда бар еді бір мерген,
Меңділер өлседе... меңдері өлмейтін...
Алтайда бар еді бір мерген...
Алтайда бір мерген болатын,
Жалбыздың буына шашалып...
Алтайда бір мерген болатын,
Іңірдің көзінше бос арып.
Алтайда бар еді бір мерген,
Жас қыздың ұятын оюлап...
Алтайда бар еді бір мерген,
"Күн!" еді есімі қойылған ...
Таңға ұмытылу
Емшегін қызыл керіштің,
Сауғысы келген анам- ау,
Бақбағын сүзіп қоныстың,
Жүрек желдерінше қалаған!...
Ағарып анам тұратын ,
Тәкаппар еді және де ол.
Үліңгір мойнын бұратын,
Шешемді иіскеп сәлеммен.
Боз бидәй басы жұлынып,
Шаншылар жүрек тұсыма.
Даладай болып кідіріп,
Сөйледім түнгі құсыма.
Шаңыраққа тиіп қанаты,
Қайтатын түнде ол әзерге.
Өлеңнің тұяғын боратып
Мені атап баратын әлемге.
Бармағым басы былқылдап
Қаламның балдай ұшына,
Саусағым қыздай сыңқылдап,
Сүйсініп қойдым құсыма.
Аспаннан есік қағылды,
Өлеңдерше киініп келер қаз...
Жарғанат секілді жарыңды,
Аспанға тапсрып өлең жаз.
Қазақтың қызы
Қазақтың қызы тұмандай әсем,
Бөрі көзді әлем жан-жағы...
Қазақтың қызы мұнардай бәсең,
Бұлдырап жүрек маржаны...
Қазақтың қызы алтайдан сұлу,
Алтай да қыздан сұлулау...
Буынын әппақ бал қаймақ жуып,
Лүпілі желше сыбырлап...
Қазақтың қызы даладай билеп,
Тобылғы түнде бұлқынып...
Қазақтың қызы қалада сирек,
Тобылғыларыммен бір туып.
Қазақтың қызы сүйеді екен,
Шаңқылын қара қыранның.
Қазақтың қызы киелі ме екен,
Киелі дедің, қуандым.
Қазақтың қызы аймалар көріп,
Күңгірттеу өлең жолымды...
Қазақтың қызы ойлана беріп,
Езуінен ақ таң сөгілді...
Сөгілген таңның шетінен жүзіп,
Жаңағы бүркіт келеді.
Қазақтың қызы бетімен жылып,
Сәуллерді өңдеп береді.
Алаурап тұрған төбемде мынау
Шаңырақтың көзі - қызыңның көзі.
Камзолы құсап кереге тұр- ау,
Шым шиге орап сұлудың сөзін.
Қазақтың қызы қаймақтай қалың...
Қазақтың қызы балдан да туар...
Қазақтың қызы шаңырақтай ауыр,
Қазақтың қызы қаздан да жұқа,
Сымбатты әуен
Сымбатты бір бөрі әні үңіл- гүңіл,
Түктері де өзінше жыбыр- жыбыр,
Тұяғы да шалғайдан дүбір- күбір,
Бөрі жалды көк жота күдір- күдір.
Алыстан бір көк тырна тырау- тырау,
Бөрі жүні туғанда қылау- қылау,
Бөрілердің жартысы жырау- жырау,
Алыс қырда... көк кеште уандым- ау!
Қызыл гүлдер жапқанда қызыр- қызыл,
Бөрі тісі ақсиып ізіл- тізіл,
Бір қарт бөрі шертолғақ айналдырып,
Әуелерді қозғайды үзір- күзір.
Айдың өзі бөрінің анасы ма,
Ай мұрны бөріше қара- құла,
Қос жас бөрі үйленсе, күндегіден
Көбірек бір төгілер шара тұма.
Табиғат та шара су төге, неге,
Жас бөлтірік аранын кере- кере,
Адамдарға айналып түн ішінде ,
Бөрі қыздар сүйенген керегеге.
Бөрі қызын құшақтап, құлай- бұрай,
Ғажаптанып исіне, құбай-құбай...
Құбай- құбай исінен қанып ішіп,
Бөрі исіне жеттім мен шұбай- құлай.
Бөрі иісті әлемде ауа мең- зең,
Боп- бозғылт жас ағызар қара көзден...
Сымбатты бір ән салған бөрі қызы,
Жүрегімде шоқиған бала кезден.
Бөрі қызын байқастап, іздей түзде-ей,
Сары сирақты жыл құсын тізген күздей.
Күздің қолын тартқылап, "қоя бер құсты,
Сол бөрі қызын табысшы,
бізбен бірге- ей!"
Күз де өзі де жалығып құс тізгеннен,
Бөрі қызы исін түрткілеп
үш күн жерден,
Күздің өзі кірпідей жануар ғой ,
Жетіп келген табиғат түшкірген соң...
Бөрі ішінде таласып осы қызға,
Кәрі арланның соғылып басы мұзға,
Жатыр екен...
күз тағы түртпектесе,
Қылшықты ерін бөрі қыз шошынуда.
Бөрі қыз да сөйледі іләй- білай:
-"Басым менің болама бұлай құрай,
Ай сәулесін бес дағар құйып алып,
Қалың малға атаңдар құрай- жұрай!"
Бөлісу: