Қытайдағы қазақ әдебиеті – тұтас қазақ әдебиетінің ауқымды бір саласы. Қытайдағы қазақ әдебиеті – өз алдына даму тарихы, жүріп өткен жолы, бастау бұлағы, тағдыр-тәлейі бар кешенді әдебиет. Қытайдағы қазақ әдебиеті алуан түспен көмкерілген түкті кілем тектес. Әр алуан гүлдерге толы мюалы бақ іспеттес. Осылай айтуымыздың өз жөні, өз себебі бар. Өйткені оның қайнар көзі мен тоғысар жолы тарам-тарам. Сосын да әдебиеті барынша шұрайлы һәм құнарлы. Бұл тараптағы әңгіменің ауаны алыс. Десек те...
«Бәріміз де мейірімі мол, құлашы кең фольклор деген әженің құшағынан шыққанбыз», - деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Қытайдағы қазақ әдебиетінің бастауы – ол әрине, сол жұрттың төлтума ауыз әдебиеті. Мызғымаған дәстүр мен далалық өркениеттің ұштасуынан туған, қағаз бетіндегі емес, шын өмірде қара қазақпен бірге өмір сүріп жатқан мың жылдық мұралар. Қытайдағы қазақ әдебиетінің түптамыры осында. Қытайдағы қазақ әдебиетінің сырын, құпиясын әуелі оның фольклорынан, мифологиясынан, салт-санасынан, далалық философиясы мен мәдениетінен іздеген абзал. Бұл ұзын сонар әңгіменің қысқа қайырымы.
Қытайдағы қазақ әдебиетінің ендігі жансусары, арқа тірегі – Қазақстан әдебиеті. Арғы-бергі тарихты қопара айтпағанда, кешегі Абай, Шәкәрім, Машһүр Жүсіп Көпейұлы бастаған, Алаш ұранды әдебиет бір белеске шығарған, Совет үкіметі кезінде құлашын кең қармаған ақындар мен жазушылардың, суреткерлердің сүбелі туындысы, және осы кезеңде аударылған орыс һәм әлем әдебиетінің жауһарлары Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің тез өсуіне, тез жол табуына өлшеусіз үлес қосты. Бұл Қытайдағы қазақ жазушыларының ертерек кәсібиленуіне, шығармашылық техниканы меңгеруіне айтарлықтай көмегін тигізді.
Ақын Тілек Ырысбектің «Шинжияң ол Жұң Го емес досым» деген тамаша өлеңі бар. Жұң Го деп отырғаны Қытай елі. Яғни ҚХР. Шинжияң – ол байырғы Шығыс Түркістан. Ал Қытайдағы қазақ әдебиетінің арқауы ежелгі түркі жұртының бесігі, Өтікен қойнауының бір пұшпағы Шығыс Түркістан екені анық. Сондықтан да Қытайдағы қазақ әдебиеті деген де шартты ұғым. Біз үшін Шынжаңдағы қазақ әдебиеті деп атаған барынша танымға жуық, ақиқатқа жақын. Себебі, жоғарда біз сөз еткен Қытай қазақ әдебиетінің алуан түрлілігі осы Шынжаң топырағы мен Шынжаң мәдениетімен тікелей қатысты.
Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің үлгі алған, үйренген саласының бірі – қытай халқының әдебиеті. Бес мың жылдық жазба тарихы мен әдебиеті бар елдің қазақ қаламгерлеріне берері көп болды. Олар қытайдың ежелгі әдебиетінен бастап, қазіргі заман әдебиетіне дейін қаузап оқыды. Керекті дүниесін алды. Әрі қытай тілі арқылы әлем әдебиетін оқыды, аударды. Бұл тұрғыдан келгенде Шынжаң қазақ аудармашыларының еңбегі, Қазақстан қаламгерлерінен бірде кем емес. Тек қана әлем әдебиетіне арналған «Көкжиек» журналы арқылы, ұлттық баспасөз құралдары арқылы дүние әдебиетінің бет алысын, негізгі жаңалықтары мен мәселелерін бақылап отырды. Кейінгі жылдары ағылшын тілі арқылы бұл үдеріс тіпті де дами түсті. Бұл Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің көкжиегінің кеңеюіне айрықша әсер етті.
Шынжаң шын мәнінде көп ұлттар мекендейтін мекен. Ондағы қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, тәжік... сынды рухани өнім бере алатын халықтар, бір-бірімен тығыз мәдени байланыста болды. Әсіресе ұйғыр халқының аудармалары мен шығармалары қазақ қаламгерлерінің нәр алатын бір тамырына айналды. Өйткені, ұйғыр жұртының төл әдебиетінен тыс, аударма әдебиеті мейлінше мол, мейлінше бай болды. Туыстас тілдердің арасындағы осы бір алуан түрлілік қытай қазақ әдебиетінің түрленуіне, түлеуіне өз ықпалын тигізді.
Бұл айтып отырғанымыздың негізгі парасы Қытай қазақ әдебиетіне әсер еткен сыртқы мәдениеттің ықпалы хақында. Ал шын мәнінде ежелгі мекенінде қазығын ерте қағып, тамырын терең жайған қазақ әдебиеті ең әуелі өз топырағынан түрегелді. Өз мінезімен, өз болмысымен бой түзеді. Үйрене жүріп үйретті. Үйрете жүріп үйренді. Тұтас қазақ әдебиетінің шалқар көліне айналды. Өзінеше бітімі бөлек арна қалыптастырып, алаш руханиятының айбарын асырды. Соның нәтижесінде Қытай қазақ әдебиетінде, бір ғана роман жанрында жүзден аса шығарма дүниеге келді. Бұл сан мен сапа әлі де өсу, өркендеу үстінде. Бүгін сіздерге осыдан алпыс жылдан аса уақыт бұрын жазылған, Қытай қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман туралы шағын мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Қытай қазақтарының тұңғыш романы өткен ғасырдың 50 жылдары жазылған. Авторы Қытай қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, «Қара сөздің қайығы» атанған Күнгей Мұқажанұлы. Романның аты – «Игілік». Автор романды 1959 жылы қазан айына қарай, ҚХР-ның құрылғанына 10 жыл толуына орай жоспарлап жазған. Және осы уақыт аралығында романды жазып аяқтап, шығаруды жоспарлаған. Романды қолжазба күйінде айналасындағы зиялы қауым өкілдері оқып танысқан. Жоғары бағасын берген. Өкініштісі, дәл осы кезеңде Қытайдағы аты шулы «Мәдениет революциясының» дауылы басталып кетеді де, жазушы Күнгей Мұқажанұлының басына қара бұлт үйріледі. Күнгей Мұқажанұлына «Оңшыл», «Ұлтшыл», «Төңкеріске қарсы элемент» деген сияқты ат қойылып, сол кездегі саяси шолақ белсенділердің әсіре сілтеуімен қуғын-сүргінге ұшырап, соңында қамауға алынады. Содан табаны күректей жирма жылға жуық уақыт айдаудан көз ашпай 1973 жылы шілде айында ғана босап шығады. Босағаннан кейін де саяси сенімсіз тұлға атанып, көп сүргіннен кейін 1976 жылы ғана Алтай аймағы Бурылтоғай ауданына қызыметке алынып, бұрынғы абыройы бірте-бірте қалпына келе бастайды.
Күнгей Мұқажанұлының «Игілік» романы – «Мәдениет революциясының» тепкісіне ұшырап «кертартпа роман» атанғанымен, ол бәрібір Қытай қазақтары әдебиетіндегі тұңғыш жазылған роман болып саналады. Сол кездегі саяси науқанға сай қудаланғанымен, «Игілік» романы шын мәнінде коммунистік партияның рухында жазылған шығарма еді. Романда ҚХР-ның азаттығынан кейінгі Алтайдағы қазақ өмірінің тыныс-тіршілігі, егінші-малшы халықтың саяси өмірге бейімделуі, адамдар арасындағы араздық пен татулық, бірлік пен қастық сынды тайталасқан танымдар көркем тілмен кестеленіп жазылған болатын. «Игілік» романы – шымыр сюжет, қызықты оқиға, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер бейнесі арқылы, сол дәуірдің келбетін көрсететін сүбелі туынды екені анық. Әнтек, автордың жирма жылға жуық қуғынға ұшырап, мәдени сахнадан қуғындалуына байланысты көп жылдар бойы кешігіп, баспа бетінде 1983 жылы ғана жарық көреді.
1950 жылдардың бел ортасында жазылып, араға аттай отыз жыл салып, 1983 жылы ғана жарық көрген Қытай қазақтарының тұңғыш романының тағдырын қысқаша қайырсақ осылай болып шығады.
Сөз соңында, оқырмандарға Қытай қазақ әдебиетінің бастауында тұрған қаламгердің бірі – Күнгей Мұқажанұлының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет бере кеткенді жөн санадық.
Күнгей Мұқажанұлы 1929 жылы 11 маусымда Алтай аймағы Бурылтоғай ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын «Алтай» газетінде тілші болып бастаған. Алғашқы шығармалары «Алтай», «Шынжаң» газеттерінде жарияланған. «Мәдениет революциясынан» кейін шығармашылық жолын қайта бастаған Күнгей Мұқажанұлы «Тайталас» повесті арқылы солақай саясатты сын тезіне алады. Одан кейін «Алтай әңгімелері», «Ортеке», «Игілік», «Тайталас», «Тіршілік», «Өгіздің терісі», «Мен жүрген таулардың биігі-ай» сынды әңгіме, повестер кітабы жарық көреді. «Махаббатқа жол», «Қоржын» сияқты пьесалары сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді. Қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шәріпхан Көгедаевтың өмір жолын арқау еткен көп томды «Өр Алтай» романын жазады. Күнгей Мұқажанұлы мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға да бел шеше араласып, көптеген жауапты, лауазымды қызыметтер атқарады. Жазушы, ақын, драматург, фольклоршы Күнгей Мұқажанұлы 1990 жылы 2 тамызда Алтай қаласында қайтыс болады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.