Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қазақ-қырғыз арасындағы көңіл айту дәстүрі...

28.04.2024 2083

Қазақ-қырғыз арасындағы көңіл айту дәстүрі 12+

Қазақ-қырғыз арасындағы көңіл айту дәстүрі - adebiportal.kz

«Ауыр қайғыны, көңілдегі күйзелісті жеңілдететін де, солардың кірін кетіретін де өлең-жыр, музыка сазы деп түсінген халық естірту мен көңіл айту жайында әр түрлі шығармалар тудырған…

Естіртуге арналған әңгіме, күй, өлең-жырлардың бәрі не көңіл айту, жұбатумен аяқталып отырады. Көпшілік азалы үйдің қайғысына ортақтаса көңіл білдіреді. Қазаның ауыр екендігін ескертумен қатар, жылап-сықтап қайғырмау, қажымау керектігін, бұдан еш нәрсе өнбейтіндігін, өлімнен ешкім де қашып құтылмайтындығын айтып жұбатады.

Естірту, көңіл айту, жұбату өлеңдері тақпақ, жыр түрінде де келеді. Азалы адамның көңілін аулай ақыл айтады».- деп жазады батыр әрі академик Мәлік Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты еңбегінде.

Ассалаумағалейкум!

Аманбысың ау Кененім.

Көріскелі кеп едім.

Қайтыс бопты қайтесің, 

Базар, Назар бөбегің. 

Алатауды жаңғыртты, 

Зарланып салған әуенің. 

 

Жал құйрығың жетілсін, 

Өткенге кімдер өкінсін. 

Ата-анаңнан айрылған, 

Өзің де Кенен жетімсің.

Әйешің қайта ұл туып, 

Мойныңа қайта ау секірсін...

- деп басталатын қырғыздың даңқты ақыны Оспанқұл Бөлөбалаевтің Кенен Әзірбаев атамыздың Базар, Назар сынды екі ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтып жатқанында, қайрат айтып, басын көтертетін атақты көңіл айту толғауы, осы бүгінге дейін ел ішінде ыстық-ықыласпен айтылып келеді.

Қырғыз ақыны Оспанқұл

Ежелден қанаттас, көршілес,  қатар өмір сүрген екі халық - қазақ-қырғыздың ортақ дәстүрі, ортақ салттары өте көп еді.

Осы жерден дау бастасақ!

Біз кейде жерден жеті қоян тапқандай кейбір дүниелерді жаңалық көргіміз келе ме, әлде мақсатты түрде қырғыз сынды халықты жат секілді елестеткіміз келе ме, сондай бір ішімізден өтірік таң қалыс жасап алатын әдетіміз бар. Ал, тарих парағын ақтарып қарасаңыз қырғыз бен қазағыңыз күні кеше ғана бір тудың астына жиналып, бір хандықтың құрамында болған екіге айырылып қалған егіз халық екенін анық көресіз. Негізі біз екі бастан жат халықтар емеспіз. Тәуке заманында қатар тұрып жауға шапқан қос халық, Шоқан Уәлихановтың заманында бір-біріне ептеп жатқа айналғандай. Әлде Шоқанның түркі дүниесі, түркі әлемі дегеннен сауаты аздау болған ба, естеліктеріне қарап отырсаңыз бір аспаннан түскендей қырғызды қазақ өмірі көрмеген халық секілді жазатыны бар екен. «Манас» жыры туралы автор бүй дейді: «Бұл поэмада Шу, Ташкент, Іле және Ыстықкөлдің маңындағы үш халық - қырғыз, қазақ, ноғай тағдыры суреттеледі. Олардың араласуы мүмкін емес, өздері айтқандай, олардың көлге келуі 70 жылдан аспаған. Қырғыздарға ноғай аңыздары жат емес. Олар Едігені біледі және олардың аңызы да қазақтарға ұқсайды. Таңқаларлығы, ноғайлар ортазиялық көшпенділердің барлық поэмаларында кездеседі. «Ташкенттік» ноғайлар Манаста аталады. Жәнібек, Асан Қайғы мұнда да танымал.» (Ш. Уәлиханов «Ыстықкөл сапарының естелігі») делінеді сонда. Қарасаңыз Шоқан атамыз Патшалық Ресейдің оқуына тойып алып, солардың қырғыз-қайсаққа қараған көзімен қарап отыр ма, әйтеу бөтендік, әйтеуір жат көзқарастың шымылдығымен қырғыз туғандарға қарайтын ұстанымын танып отырасың. Сол таным кейінгі оқыдым-тоқыдым деген қазаққа да жұққандай.

Бұл пікірдің біз қозғайық деп отырған тақырыпқа қатысы қанша деулеріңіз мүмкін. Қазақ-қырғыз арасындағы көңіл айту дәстүрі екі халықтың бір-біріне таң қала таңатын жоралғысы емес. Мысалғы, жоғарыда Оспанқұлдың Кененге көңіл айта келген әрекетін біз қазақтар іші жылып, екі халықты бір-біріне телудің, екі халықты жақындастырудың бір символикалық дәлелі ретінде көрсеткіміз келе ме, сондай бірдеме. Ал, шындығында көңіл айту, жоқтау салу, аруақ күзету деген дәстүр қырғыздың да ата дәстүрі, олардың да кісі қайтқанда қаралы күй жамылып, жыл бойы жоқтайтын дала мәдениетінен бөлінбестей алып қалған еншісі. Біле-білсеңіздер, жоғарыдағы қырғыздың даңқты ақыны  Оспанқұл қазақтың туған жиені, қолына алғаш қомыз емес, домбыра ұстағаны үшін Кененге көңіл айта келген жоқ, керек десеңіз Кенен көп қазақтан қарағанда сол Оспанқұлды күткен екілді. Оспанқұл Кененің қайғылы жағдайын кеш естіп, кешігіп келген себепті, Кенекең теріс қарап жатып алып, көңілін бермеген деп келеді. Беті бері қарап, сөзге келмеген Кененге үйінен аттанып бара жатқан Оспанқұл  ат үстінде тұрып, үй сыртынан «Ата еке ау!» деп басталатын, қазіргі қазақ дәстүрлі әніндегі көңіл айтудың классикасы саналатын «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы» деген әйгілі толғауы дүниеге келген екен.

Егер қырғыздың қанында бұл дәстүр болмаса, қазақтың көңіл айту, жоқтау дәстүріндегі салт бойынша, қазаққа келіп өлең арнап, қаралының көңілін тауып, басын көтертуге еркі жетер ме еді.

Дүниеде мынадай қызық бір ұстаным бар. Алал-арам деген түсінікпен өзін мұсылман санайтын жұрттардың жейтін, жемейтін ас-суы, малы, аң-құсы ажыратылып, сол бойынша тұтынады. Енді Еуропа жұрты түгіл, иісі мұсылман деген халықтың түгелге жуығы жылқы етінен бас тартқанда, ішінде екі-ақ халық жұрттан өзгеше шығып, жылқы малының сүтін ішіп, етін жейді екен. Ол екі халқыңыз – бірі қырғыз да, бірі қазақ екен. 

Еттің атасын жейтін монғолдар да жылқы етіне келгенде теріс қарайды. Бұл – бір. Сосын қырғыздың қазіргі айтыс ақындары кез-келген қазақтың айтыскерінің тілін байлап, ауызына құм құя алады. Бұл – екі. Көкпаршыларына енді сөз жоқ. Қайбір жылы біздің ұлттық құрама Қырғызстанға барып, дұғалары қабыл болмай, қашқандай болып елге масқарасы шығып, қайтып келгені бар еді. Бұл – үш. Киіз үйін айтыңыз. Қымызды патенттеуге таласқан әбжілдігін айтыңыз. Тіпті «Қара жорғадан» біз жеріп жүргенде, оны да Алатаулық ағайын қырғыздың ежелгі ұлттық биі деп де шықты. Әрине шығуға, таласуға толық қақысы бар. Себебі, қазақ пен қырғыз салт пен дәстүрге таласып менікі, сенікі дейтіндей біреуі Марстан, біреуі Айдан түскен халықтар емес. Сөзін, жырын, әзілін айтып жатқанымыз жоқ бұл жерде. Осыншама жақын, етене жұрт бола тұра олардың қазаққа көңіл айтуын сонша таң қала қабылдауымыз, біздің тек қырғыз туғандарымыз туралы сауатымыздың Шоқанның деңгейінде қалып, сол қалыпта жат санап қалғанан ба дейміз. 

Төменде Оспанқұл Бөлөбалаевтың замандасы, тіпті ұстазы есебіндегі қырғыздың өз заманының ұлы ақыны аталған Ақиев Қалықтың інісі қайтқанда шығарған жоқтауында бүй дейді.  

«Бир атадан эки бир тууган элек, иним Бектурган 1928-жылы каза болуп, ошондо сөөк чыга элек- те, өлүктүн үстүндө күйүттүү жүрөк менен кошуп турган кезим эле:

Ажал, өлүм чиркин бу,

Алланын жазган каламы.

 Өлгөндөн сон тирүүгө

Угулду ачуу кабары.

Кайран жанын өткөн сон 

Кайрылып тирүүн табабы?

 

Алла Таалам жараткан, 

Асмандан тийген ай жалгыз. 

Күндүзү жарык күн жалгыз,

Күүгүмдөн кийин түн жалгыз. 

Дүнүйөдө мен өндүү 

Толуп жатат мин жалгыз. 

Барды-жокту жараткан. 

Падыша, Кудай, сен жалгыз. 

Айланып учар канат жок, 

Ар жерден көрдүм эр жалғыз. 

Аталаш сенден ажырап, 

Алсыраган мен жалгыз!

Айтыс қуған екі жұрт, қымыз ішетін екі жұрт, жылқы етін жейтін екі жұрт, көрші отырған екі жұрт – бір-бірін түсінбеуі, бір-бірінің қайғысына ортақтасып, көңіл демеспеуі мүмкін бе? 

Осы Ақиев Қалықта өмірден өткенде Кенен Әзірбаев атамыз:

Кайран Калык андагы,

Кара тоодой салмагы. 

Ырдап турса тил безеп,

Булбул эле таңдагы. 

Ырчыларды торолткон, 

Ырдын эле байрагы.

Эки элге бирдей таанылып, 

Эчен жолу сайрады.

Жашымды төгүп жамгырдай,

Жаткырып муздак табытка, 

Тоо талантты жоготуп, 

Топурак салдым Калыкка

-деп қырғыздар арасында сақталып қалған қырғыз халқының перзентіне арнаған жоқтау жыры екен.

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» дейтін Абайдың да осы иісі көшпендіге ортақ өлімді қадірлеген және өлім болған қаралы үйдің қам-көңілін қапысыз түсініп, көңілін демеген сұңғылалықтан туған өлең демеске дауың бар ма? Абай атамыздың да Әбішінен айрылып, қайғының терең тұңғиығына батып кеткен тұсында, тосын сауал тастап, адам ойын, ойлау формасын өзгертіп жіберетін Қиясбайдың тапқырлығы, адам менін қапсыз түсінетін сезімталдық демей көріңіз. Ол туралы деректер былай дейді:

Абайдың оқыған ұлы Әбіш Алматыда дүние салды деген хабарын Мағауияның хаты жеткізгенде, қатты күйзелген Абай үйде отыра алмай, Ақшоқының басына шығып кетіпті. Қайғы жанын жегідей жеп, айрықша күңіренген Абайдың қасына елдің қасқасы мен жайсаңы келіп көңіл айтса да, үнсіз мелшиген қалпы төбе басында жападан жалғыз отыра беріпті.

Бір уақыттан соң оның қасына Қожанасыр мінезді досы Қиясбай келіпті:

- Абай аға, Ел Әбіш деген ақылды баласынан айырылып қалды. Елге көңіл айтпайсыз ба? – депті.

- Қазақтың қара тіліне сендей шешенді көрсем, бұйырмасын! – деп Абай, көз жасын тыйып, Қиясбайды өзі қолтықтап, ауылға қарай беттеген екен. - деп келеді. Ойға қамалып қалған Абайды Қиясбай қалай алып шыққан. Адам пендесі қиын сәтте көңіліне демеу болар күш іздейді, жылулық күтеді. Кейде тіпті қатты қайғыдан қалай, не істерін білмей де қалады. Көп естеліктерде, фольклорда, аңыз-әңгімелерде ұлынан, жарынан айырылған би-бағылан, хан-сұлтандардың өмірге өкпелеп, жаратқанға реніш айтып теріс қарап жатып алатын сәттері көптеп кездеседі. Осындай шақта көкіректегі запыранды шығарып, көңілдің қара бұлтын сейілтетін және жоқ көңілдің кілтін табатындар тағыда сұңғыла, ақылды жандар болады.

Шоқанның атасы Уəли хан қайтыс болып, бес дуанға намаз айтылғанда арғынның атақты Байдалы шешені жаназаға келе алмапты. Қысқа жіп күрмеуге келмей, «əне-міне келемін» деп жүргенде ханның қырқы да өтіп кетеді.

Ханның тірі кезінде Байдалы шешенді кейде хан шақыртып алып, кейде өзі амандаса келіп, бірнеше күн жата-жастана әңгімелесіп, қайтарында ат мініп, шапан киіп деген сияқты құрметпен қайтады екен.

«Қадірлес қария еді, ат ізін салмағаны несі, келіп көңіл айтпағаны несі?» деп ханның қаралы жесірі іштей өкпелеп жүреді екен. Бұл реніштен хабардар Байдалы бір жағдайы келген күні құла биесіне мініп, құран оқып, ханымға көңіл айтпаққа жолға шығыпты.

Байдалы орда сыртына таман келгенде, алдынан ат ұстағалы адам шықпапты. Байдалы шешен орда артында аз тұрыпты да, ханымның өкпелеп адам шығарып, ат ұстатпай отырғанын сезіп былай депті: 

Ханы өліп, 

Қайғырып жатқан, Айғаным.

Қара жамылып, 

Ай-күні батқан, Айғаным. 

Ханға сүйеніп, 

Құқай көрмеген, Айғаным. 

Қамқаға оранып, 

Шоқай көрмеген, Айғаным. 

Мен бір сөз айтайын, тыңдашы, – 

депті.

Қара жамылып жоқтау айтуға оңтайлана берген Айғаным құлақ түріп тына қалыпты. Байдалы да тақпақтап төгілте жөнеледі:

Тоқсан деген бел болды, 

Ауыл алыс жер болды.

Тіс таусылып иек тұр, 

Саудыраған сүйек тұр. 

Ер қартайды, бақ тайды, 

Екеуледі, ой ханым. 

Қатын жаман, бала ынжық, 

Төртеуледі, ой ханым. 

Келін қатал кер болды, 

Ағайын жат ел болды, 

Алтаулады ой ханым. 

Кəрілік пен кедейлік, 

Егіз келді, ой ханым. 

Мұның бəрін санасақ, 

Сегіз болды, ой ханым. 

Ауыл алыс, жер шалғай, 

Келе алмадым, ой ханым. 

Құла бие құлындап, 

Желе алмадым, ой ханым.

Осыменен он болды.

Шығар жолды осыдан 

Өзің тапшы, ой ханым. 

Келдім енді, кетемін, 

Ықылассыз ордаға 

Ене алмадым, ой ханым! – 

деп атын тебініп жүре бергенде Айғаным жүгіре шығып шешеннің шылбырына оралады. Құрметтеп аттан түсіріп алып, қолтықтап ақ ордаға кіргізеді. Төрге жайғасқан соң Айғанымның жоқтау айтып, жылауға ыңғайла бастағанын байқаған шешен: 

– Е. ханым, сіз жоқтау айтқалы отырсыз, біз тоқтау айтқалы отырмыз. Хан көпшіліктің ханы, оның қайғысы да бәрімізге ортақ. Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ. Қайғы деген жылан бар, Өзекті шағып өртейтін. Қайрат деген қыран бар, Қайғыға тізгін бермейтін. Үміт, сенім, тілек бар, қуантып куат алдырар. Жылау деген азап бар қуратып отқа жаңдырар. Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ, қайратыңды қолдағалы келдім, Айғаным, – дейді. 

Әдетте, мұндай қадірлі кісі келгенде ханым қара жамылып жоқтау айтып, ол тынғанда, сəлдесі қара қазаңдай төрдегі молда сарнап, құранын күңіренте жөнеледі екен. Қаралы ханым одан сайын езіліп, егіліп, орнынан қозғалмай кайғырып ұзақ отырып алады екен. Бұл жолы мұның бірі де болмайды. Байдалының келу орданың қалыпты тіршілігін қайта оралтқандай əсер етеді. Сыйлы қонағын өзі күтетін дағдысымен Айғаным орнынан тұрып шай қойғызып, мал сойғызады. Жел қағып, жол соғып, шөлдеп келген шешенге сары шарадан сапырып, өз қолымен қымыз құйып береді. Ханымның қабағы ашылып, жүзі жадырай бастаған соң шешен де еркін жайғасып, шешіле, көсіле сөйлейді. Ауыл аймақтың амандығынан басталған əңгіме желісін кең тартып, құлашын еркін сермейді. Шешеннің нақылмен өрнектелген ақыл сөзі Айғанымға əр алуан ой салып, көңілі сергиін дейді. Көңіл кірін кетіргелі ханым да өз тарапынан өкпе-назын іркілмей айта бастайды делінеді деректерде.

Көңілдің кірбің тартқан көбігін самалды сөзбен толқытып жағаға шығаратын ескіден қалған қаншама есті әңгіме, есіл естеліктер бар. Адам құлақтан азып, көңілден семірмей ме. Құлаққа құр қақсаған емес, көңілдің қалауын тауып, суын жеткізе қайрайтын да сол көңіл айта келгеннің ыстық ілтипаты емес пе.

Әйгілі Әбіш Кекілбай ағамыздың да Әулет сынды ұлы мезгілсіз мерт болғанда Алматов Алмас жырау айтты делінетін мынадай аталы сөз бар: 

«Ардақты Әбіш аға, өзіңіз білетін сөз ғой, «ағайын мен ағайынның арасын майын мінген ат айырады, оқылмаған бәте айырады» дейді екен. Кешіккенімізге айыптымыз, ол жайында соңыра айта жатармыз, «қазалы үйдің босағасында жыл тәулігіне дейін арыстан жатады» дейді екен бұрынғылар, бір келе алмаған адам уақыт өткен сайын ызбарланған сол арыстанның айбатынан жасқанып шегіншектей береді екен. Алланың дидарласуға жазған күні бүгін екен, Әулеттің иманы саламат болсын, деп тыныстады.» Алмас жырау мен бірге келген Амандық Көмеков жыраулардың көңілқос жыры абыз Әбіштің көңіл көгаршынын мәпелеп, ішке қатқан шерін жібітіп, көзінен ағыл-тегіл жас болып аққанын жазушы айналасында болған аға-бауыр арасында осы күнге дейін аңыздай айтылады. 

Қырғыздың қазіргі заман жазушысы Әбдікерім Мұратовтың «Жесір жеңгемнің жоқтауы» деген шағын әңгімесі бар. Сол әңгімеде бизнесімен болып, жер дүниені кезіп жүрген бауыры немере ағасының қазасына қырқы өткенде зорға уақыт табатыны айтылады. Ішкіш, айналасын зәтте қылған ағасының қазасына қайғырғысы келмесе де, жеңгесінің көңіліне бола көңіл айта келемін деп, ағасын жоқтаған жеңгесінің қаралы халін көріп, аруаққа деген ілтипатына таң қалады.

«Мен құранның қысқа сүресін дауысымды жай шығарып, іштен күңгірлетіп оқи бастағанымда, жеңгем жоқтауын күрт тоқтата салды. Оқып болып екі қолыммен бетімді сипаған соң, салт бойынша: «Пенделік екен. Абам жақсы кісі еді, жаны жаннатта болсын», – деуім керек еді. Аузыма сол бір ауыз сөз түспей-ақ қойды... Небір-небір алқалы жиындарда, небір-небір бизнес-форумдарда, халықпен кездесулерде сандуғаштай сайрағаныммен, жеңгемнің алдында тілім байланып, бір сөз айта алмай отырғаныма өзімді-өзім жек көріп кеттім.»

«Осылай еді ғой, Осылай айтатын еді ғой мәпелеп!» көңіл күйінің үстінен түскен жырауға Әбіште қалай сөз тауып қарымта жауап бере алған. Қаралы көңілді жан «мәпелеуді» ең жақын, ең жақсы көрген адамынан күтеді. Сөзіне тоқтайтын, аузының дуасы бар адамынан күтеді. Жоғарыдағы қырғыз жазушысы жазған шығармада да, жеңгесі ай бойы көрмеген қайынына сондай назымен, сондай ішкі жеңгелік ренішімен жоқтау айтады. Көңілін басқан қайғыдан жақынына жоқтау айту арқылы арылғысы келеді. Бірақ, көңілқос айта келген қайнысы аузына сөз түспей абдыраған қалпы, бет көрісіп, дұға бағыштауды місе тұтып үйіне қайтады.

Осы тектес әңгіме болсын, аңыз болсын, нақты өмірде болған әсерлі естеліктер болсын қазақ-қырғыз арасында өлімді әсіре қастерлеп, қаралы жанның көңіл түйіншегін шешуге бар ынты-шынтысын салатын ұлық салты екен. Сөзге тоқтаған, сөздің жүйесі мен қуатына мойынсал болған. Жан жарасын демесе келген ағайынның, ажал ғайып алдында иілмейтін пенде жоқ екен дегеніне иланып, үш арсыздың тірі адамға мәңгі жолдас екенін қабылдау сынды ежелдің ең күнінен келе жатқан хатқа түсіп, тасқа бастырылмаған дала заңының өз ережесі екен ғой. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар