Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асқар Алтай. Тасқын тып-типыл қылған «...Табыты»...

25.04.2024 2667

Асқар Алтай. Тасқын тып-типыл қылған «...Табыты» 14+

Асқар Алтай. Тасқын тып-типыл қылған «...Табыты» - adebiportal.kz

Оқырман арасында авторды таңғалдыратын сұрақтар беретіні бар... 

Өткенде «Былғары табыт» романымды оқыған бір жас жігіт: «Сіз, қазір елімізде болып жатқан топан су туралы осыдан бес жыл бұрын жазып қойыпсыз... Оны қайдан білдіңіз?» деп сұрады. Қапелімде не дерімді білмей: «Жоқ. Былай ғой енді... интуиция шығар! – деп тосылып қалдым. – Ондай су қоймалары әр ауылдың маңайында бар ғой. Романда да сондай бөгетті бұзып кеткен судың ауылды шайып кеткені суреттелген. Бірақ ол жерде ондай су тоспасы да, тасқын да болған емес» деп қысқа қайырдым.

Бүгінде кең байтақ Отанымыздың алабында тасқын су дес бермей, қаншама баспана су астына кетіп, халқымыз басына ауыртпашылық пен сынақ түсіп отырғаны жүректі қан жылатады!.. Бұл қиыншылықты да ел болып еңсеріп, жұрт болып жұмыла көтеріп жатқанымыз шындық. Тек, бүгінде осы сел-тасқынның салдарымен ғана күреспей, болашақта себебімен күресетіндей әрекет жасауымыз керек. Ол үшін Үкімет тарапынан келешек су апатына байланысты ғылыммен ұштастырылған кешенді шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуы тиіс. Онсыз байтақ жерімізде тыныштық, момын жұртымызда береке болмайды. 

2020 жылы мамыр айында жазылып біткен «Былғары табыт» романымдағы су тасқыны туралы тарауынан үзінді жариялап отырмын. Ол кезде де «Пандемия, Ковид-19» деп тасқыннан бетер қауіпті вирус жайлаған алмағайып уақыт еді.  

А.Алтай

... Осы бір сәт дір етіп жер сілкінді...

Бәрі отырған орындарынан қозғалып, қапелімде не істерлерін білмей қалды. Кенет  қара суға малшынған қара жер аса қатты сілкінді. Сілкініс ұзаққа созылды. 

Ақжамбы шәйін үстелге қояр-қоймаста шалқасынан құлап қалды...

Үшеуі де орындарынан тұра алмады. «Бісмілла!..» деген үрейленген дауыстары ғана шықты.

Оқыс сықырлаған ағаш үй қабырғалары қисая берді... 

Сол сәтте ғана үйдің сақыр-сұқыр дауысы мен сілкіне дірілдеп, толқын жүгірген жер қозғалысынан Сұңғат оянып кетті. Жалма-жан тұрам дегенінде шатқаяқтап, бір жанына қисая еңкейген қабырғаға сүйене берді. Басы қабырғалар бір жағына жантайғаннан аласарып кеткен төбеге тиіп, шығар есікке еңкейе ұмтылды.

Марқаның ақ самырсынынан көтерілген бөрене үй құйылған бетон іргетасынан ажырап, бір жанына қарай қисая құласа да, біржолата шашылып қалмады. Белағаш мәтшасына шейін жымдаса қиюласқан дөңбектер жібермей қалды. 

Үш қабат әйнекті пластик терезелер ғана шатынай сынып, босаға жақтаулары үшбұрыштана ауып, ашық қалған есіктер қоқайып, топсаларынан шығып кетті. Үй ішіндегі жиһаздар сырғанай жылжып, шкафтардың қайсы бірі қисая құлап, қайсы бірі қабырғаларға шалқая сүйеніп қалды. Ыдыс-аяқ атаулы сыңғырлай сынып, даңғырлай соғылып жатты.

Сұңғат тәлтіректей жүріп ес жиды. Жердің соншама қатты сілкінгенін бірінші рет көріп, бірінші рет шошына сезінді. Жүрегі атқалақтап кетіпті... Анасы мен қарындасы, жас жары отырған ас бөлмесіне ұмтыла жетті.

Жер сілкінісі әлі де басыла алмай, жыланбауыр толқын жүгіріп, адамдар буыны босап, бойларынан әл кетіп, жер тырмалап жатыр еді...

Ақжамбы анасына жеткен Сұңғат еденде – сырмақ үстінде екпеттеп жатқан күйінде қолтығынан демей берді. Шешесінің бетін сынған шыны кесіп кетіпті.

Уатай мен Раушан да орындарынан жер тізерлеп ұмтылыса берді. Бәрі де «Алла! Алла!» десіп, қисая жапырайған үйдің табалдырығынан еңбектееп,  тысқа қарай аттасты.  Толғанбай жата кететін сейнектен еңкеңдей өтіп, есік көзін ала жасалған сатылы, төбесі шатырлы ашық сәкіге шықты. Сәкі қисайса да аман екен.   

Құйып тұрған жаңбыр астында сәкі үсті пана болды...

Сұңғат алдымен қандай әрекет жасауға ойланам дегенше, есіне Былғары сайдағы тоқтау бөгет сарт етті. Жер сілкінісінен қозғалып кетіп, әлі де  басылмай тұрған оның жүрегі су-у-у ете түсті... «Бөгет бұзылды-ау!..» деген қауіп жер сілкінгеннен қозғалып кеткен жүрегіне бірден салмақ салды. «Ауылды көшіру керек! Адамдарды құтқару керек! Тасқын келеді қазір...» деген суық ой денесін түршіктіріп жіберді. 

Жалма-жан Былғары сайдың аузы шығар тау жаққа қарады. Сайдың жаңбырсыз күнде де байқала бермейтін бұрма біткен ұры аузы мынадай қалың жаңбырда қайдан көзге шалынсын... Қарауытқан кит жонды жоталы тау сұлбасы зорға шалынады.

Сұңғат шошып тұрғанын білдіргісі келмеді. «Шлюз шыдаса екен!.. Дамба бір сағатқа болса да жарылып кетпесе екен!» деген ой сапырылысып өтті. Санасында аласапыран су тасқыны басып келе жатқандай болып кетті. «Әкімдер ғой кінәлі! Ақшаны игеру керек деп қоймады ғой...» деген ой найзағайдай соқты.

– Уатай! Раушан! Апамды қолтықтап түсіре беріңдер сәкіден, - деді де, өзі бір-ақ қарғып, дөнен өгіздей дөңкиген «Лексус» машинасына қарай жүгірді.

Осы кезде Ғазиз бастаған Толғанбай мен Отан бала да көрінді. Олар да жүгіріп келеді екен.

– Ауыл!.. Ауылды оятыңдар! Қырға... тауға шығыңдар! Тауға! - деп жанұшыра айғайлады.

Олар да қауіпті түсініп келе жатса керек, тайғанақтап жан-жаққа безіп барады. Көшіп кеткеннен қалған әр жердегі он шақты үй күшті жер сілкінісінен ес жия алмай жатыр еді.

Студенттер қонған ағаш үй Сұңғаттың үйімен бірге жаңадан салынған болатын. Ол үй де қисайса да, құламай аман қалыпты. Сол үйдегі қыз-қырқынды жастар да үрпиісіп, есік алдындағы сәкіге шығып алыпты.

Студент жас жігіттердің бірі «ағалап» Сұңғатқа қарай ұшып келді. Оған да «Ғазиз ағаларыңа еріңдер! Үйлерді аршыңдар! Адамдарды құтқарыңдар!» деп қысқа бұйрық берді. 

Саманнан тұрғызылған ескі үйлер түгелге жуық құлаған. Өзен боп аққан жаңбыр суы да жерге кіріп кеткен іргетасын шайып, саман қабырғалары дым тартып, әрең тұрған баспаналар болатын.

Бала Отан бөгеттің бұзылғанын сезіп қана қойған жоқ, шошына оянып, жер сілкінісінен қоқаңдай қозғалақтаған трактор ішінде әкесін құшақтап, жылап жіберген. 

Жер қозғалуы тоқтаған бойда көз алдына Толғанбаймен барып жүретін Былғары сайдағы суға толы бөгетті сөгіп, жарыла бастағаны көрінді... 

Ғазизге:

– Су! Су! Әке, бөгет... бөгет жарылды! Су келе жатыр, - деп сыбырлаған.

Сонда ғана санасына сәуле жеткен Ғазиз тұра ұмтылып еді... 

Ал сүрініп-қабынып келе жатқан әкесімен бірге жүгірген бала ойына аңыздағы Көкөгіз оралып еді... Маңқиған Көкөгіздің қозғалып қалған алып бейнесі жарқ етіп оралып өтті. Сауырынан су төгілмес жойдасыз жоянның арқасы қышып сілкінгені баланың жас жүрегін ғана шайлықтырмай, Алтай-Сауыр өңіріндегі бар тіршіліктің иманын қасым етті.   

Жанталас қорқыныш билеген тіршілік басталып берді...

Сұңғат анасы Ақжамбы мен қарындасын, жарын көлікке отырғыза салып, тау бауырындағы биік тепсеңге қарай тартты. Ғазиз бен Отан қисайып, құлап жатқан үйлердің үйіндісі астынан жаңбыр астында адамдарды сүйреп шығаруға тырысты. 

Бала Отан да шамасы жеткенше қолғабыс беріп жүр. Зар еңіреп жылап жүр...

Кейбір үйден аман-есен шыққан еркектер мен ересектер де жүрек тоқтатысып, үйінді аршуға кіріскен. Қолға күрек табылмай әуре қылған. Құлаған қора-қопса астында қалып, лом атаулы жерге сіңген. Жалаңаш қолмен ағаш-шұғашты, сырғауылдарды жабыла көтерісіп жатты.

Сұңғат та батпақтатып жетті. Келе жылап жүрген ұсақ бала-шағаны ұстап, жылы көлікке тығып, ескілеу джипті толтырып, тепсеңге ала жөнелді. Толассыз құйған топан жаңбыр астында аман қалған бірен-саран кәрі-құртаң мен бел-омыртқа, қол-аяқ сындырған сырқат жандарды да отырғызып, тасумен болды. 

Өлген-жіткендерді үйінді шетіне сүйрей салып, тірілер топырақ астында қалғандарды шығарып жатты. Құдай сақтағанда үйлер опырылса да, төбеге салған Марқаның қызыл қарағай мәтшалары сынбай, құламай қалған қабырғаларға сүйеніп, көп жұртты аман алып қалыпты.

Сұңғат сайдың ұры аузына әлсін-әлсін қарап қояды. Әзірге Былғарының ұры ауызы – құр ауыз қалпы құрғап тұр. Бәлкім, бөгет жер қозғалуға шыдаған шығар... Тасқын келе қоймас! Ауыл аранды ауызда болса да, көп үйлер қиыс қой. Аман қалармыз!   

Суға кетсе – Былғары табыт обасы кетер...

Көрден шыққан сол мәйіттер кетсін!.. 

Жер астына қайта көмілсін!..

Үзік-үзік ой-сезім Сұңғатты іреп-іреп өтті. Ол өз ойынан өзі шошынса да, солай болса екен деп шын тілегені ақиқат. Қатер басқа төніп келіп, қорқынышты құтқару сезімі жеңген сәтте қабағат күш біткен адам тауды қопарып, тасты бұзар қуатқа ие болады... екен. 

Қазір де құба түс басқан қорымдай жайрап жатқан аядай ауылда көз-жасқа орын жоқ, тек тәңіріден күш-қуат толассыз жауған жаңбырдай құйылып, жұпыны ғана тіршілік кешкен, ешкімге елеусіз ауыл адамдарына көмектесіп еді. 

Студент жастар да жасқанбас қарулылық танытты... 

Ауыл түгелдей аршылып та қалған. Көбісі жараланған болып шықты Екі адам мен бір сәби көз жұмыпты. Жұрт жаңбыр астында мәйіттер басына жиналысып тұрған. 

Оқыс үн шықты. Үрейлі үн.

– Алла-а!.. Алла-а!..

Бұл жастар арасында үрейлене айғайлаған Аян атты жігіттің дауысы еді. Анасы Қазығұрттың қойнауындағы Аршалы бастауына қонып, сол таза бастау басында періштеден аян түсіп, ішке біткен бала болатын –  Аян. Әкесі есімін «Тазажан» қоям дегенде анасы қарсы келіп, «Аянбұлақ» қойғызған жігіттің жанары қырандай өткір-ді... Былғары сайдың ұры ауызына көзі оқыс түсіп кеткен-ді. 

Жұрт жапатармағай жалт қарасқан... Бала Отан да үрейлене қарады.

Алғашында төпелеп тұрған тамшыдан ешкім ештеңе аңғара алмады. Кит жонданып жатқан жоталы тау сілемі ғана қарауытып шалынған.

Ұры ауыздан қап-қара тартып, үйме-жүйме қаңбақтай болып шыға келген дүр-дүлейді адамдар арасынан Отан мен Аян екеуі ғана байқап еді.   

– Тасқын! Тасқын! 

– Көшкін! Көшкін! 

Отан менен Аян дауысы қосанжарласа шыққанда ғана көпшілік шу ете қалысты.

Сұңғат та:

– Машинаға... Машинаға!.. - деп айғайлап, көлігіне отыруға жүгірді.

– Әйелдер мен қыздарды... Қыздарды! - деп Аян тағы ара сөз тастап үлгерді.

Бос көлікке әйел заты сығылыса мініп алысты. Еркектер жағы ауладағы көліктерге ұмтылды. Тағы бірер шетелдік ескі көліктер мен мотоциклдерге сиысып жатты. Бұл кезде Сұңғаттың джипі тепсеңге де жақындап қалған.

Адамдар да төніп келген тілсіз жаудан құтылмаққа жанталаса жарысып, үрейден зәресі ұшып, көліктерге өзара  мінгесіп-ұшқасып жатқанда, Толғанбай сытылып қала берген еді. Оған көңіл бөлген бала Отан ғана... Оны бірақ люлкалы мотоциклге жармаса мінген жұрт та, әкесі Ғазиз да тыңдаған жоқ. Қорқыныштан баланың дауысын да ести алмай, құлақтары тас біткен-ді.

Баланың зарлай жылап, «Толи-и-ик!..Толғанба-а-ай!..» деп бұлқына салған байбаламын да елеген ешкім жоқ. Тек аңтарылып тұрып қалған Толғанбай құлағына ғана еміс-еміс шалынды. Торғайдай үріккен топ жерде жатқан үш мәйітке де қарай алмады. 

Мәйіттер басында қарақшыдай қалқия күзетіп Толғанбай ғана қала берді...

Ал бұл кезде Былғары сайдан қара айғырдай арқырап шыққан топан су тасқыны Былғары табыт басына кедергісіз жетіп, ойранды салып жатты...   

Былғары сайдың ішін көлтауысар мешкейдің құрсағын кергендей лықылдаған су жер сілкінген кезде бөгетті жыра айырып жіберген еді.  Сайдың сал-сала тармақтарына дейін толып тұрған, кісі қолынан жасалған кішігірім теңіз ақтарылып сала берген.. 

Сыздықтап қана жіберіп тұрған тосқауыл шлюздің шомбал бетонын жарып жіберген жер сілкінісі лықылдай толқыған су қуатына шыдас бере алмады.  Биік бөгеттің үстінен ақтарылған тасқын жарылған жерден шлюзді жыра қопарып, жаңқа құрлы көрмей бетон-метонымен жұлып алып, төңкеріп тастап, лақтырып жіберген. Сол бетінде жолдағы жүз жылдық шілік-талды, қайың-бұталы қапталды түп-тамырымен қопарып, алып көмейіне жұмарлай жұтты. Жартас-жаламаның жуан жарықшақ тастарын жырмалай аударып-төңкеріп әкетті.  Жұмыр тастарды допша қағып, сайдың ұры аузындағы бұрма қапталға келіп бір-ақ соғылған.

Тура таутоспа болып жатқан қара жартас құзды тік бұрма алапат тасқынның бар қуатты күшін бір өзіне қабылдады. Арындап келген сай толы ұлы су үйіріле айналып,  енді мүлде адам айтқысыз атқы болып серпілді де, ұры сайдың Былғары табыт жазаңына құлайтын тар аузынан қап-қара жалды дүлей топан күйде атқақтай атылып еді. 

Алғаш Аян мен бала Отанның шошына көрген қорқынышты көрінісі осы болатын. Қап-қара болып, тар ауызды толтыра атылған зор-зоман атқы кез келген пенденің зәре-құтын ұшырушы еді. 

Атқы алып атанның аузынан атқақтаған жын секілді еді... 

Бұл бір Су иесі Сүлейменнің адамдар жолын кес-кестеп, қолдан бөгет байлап, жуасытпақ болған жынының ақырған ашуы сияқты. Оны бірақ төбе үстінен алапатқа қайран қалысқан жұрт қайдан білсін?! Нені сезсін?!

Су иесі Сүлеймен қаһарына мініп, көк аспаннан алдымен алапат нөсер бүріккен  жаңбыр жаудырды. Жаңбыр суы өзі де толып тұрған жалған көл бетін теңіздей лықсыта көтеріп жіберді. Су иесі Сүлеймен аспаннан ауыр салмақ – жаңбырды бас көтертпей төктіріп, мызғымас қара жердің белін қайыстырды. 

Қайқайған қара жер атан өгіздей қозғалып кетіп, сона шағып алғандай сілкініп салғаны... 

Алтайдың ақиық қыраны таң алдында оқыс оянғандай ұлы тау дүр сілкінді. 

Мұнарлы өңірдің мойылдай көрінетін мөлдір жанарлы Марқа сұлу да шарасынан аса толқып, Табалдырық мәрмәрінен айдындана лықси жөңкіліп, Қалжыр өзенін толтырып, аңға шүйілген қыран қанатының суылындай  судырай ақтарылды.         

Сілкіністің ақыры Былғары сайдың шайтандай шошынып, Былғары табыттың қарғысты бақсыдай кесапатқа бой алдыруына ұласты...

Жолындағы кедергі атаулыны қара дүлей құшағына басқан лайлы тоспасу ұры ауыздағы жылғаны жауып, арнаны апыра-жапыра қопарып, арса-арса алып жыра жасай лықсыды. Жан-жағын көртышқанша кеміре жеп, жыра түбін тереңдете қопара берді. Тау бауырлаған жұмсақ топырақ жыралана жырылып кеп, тап Былғары табыт басынан бір-ақ түсті.                                           

Жынын шашып лықсыған жойқын су мың-мыңдаған жылдық обаны жалмауыздай обып қойды... 

Жеті метрлік тереңдікте жапыра тиген тасқын қабірхана басындағы швед тракторы мен телешкесін допша домалатып, қабірдің өзін тас-топалаңымен қопара ағызып, жер дүниені ора-мора опырып жөнелді. Сайдың ұры аузынан үсті-үстіне лақылдай құйылып, қопарылған арнаны бұрынғысынан да бойлата қазып, бойына жиып алған бар дүниені тас пен құмдауыт топырақ арасына тоғыта ағызып әкетті.

Темір қорабын телешка үстінен жұлып алып, алтын-күміс жамылған қос мәйітті бар байлығымен жұмырына илеп тығып, тас топаны мен құм шегеніне шіл қауырсынындай шашып жіберді. Дәу трактордың өзі қағаздай бүктетіліп кетті. 

Қабір түбін қопара бетіне шығарып, орнын ұлы жыраның бір қуысы қылып иірім жасады. Алтын сәйгүліктер мүрдесі мен алтын арбаны ағызған лайлы дүние  тас-талқанын шығарып, төменгі жазыққа қарай жөңкілді. Таудан қопарыла ұшып, сумен домалай жеткен тау-тау тастар легі ауыл жатқан жазаңды басып, төмендегі тасжолға дейін ақтарыла берді. 

Жолында жұртта қалған атағаштай сопайып тұрған Толғанбайды да жұтып қойды... Онымен бірге жер сілкінісінен ауылда құрбан болған үш мәйіт те жыл-жылас жоғалып кетті.

Ұры ауыздан ақтарылған ащы запырандай тоспа су тоқтар түрі жоқ. Былғарының қысаң сайы арасынан теңіздей толқындап келіп, жартастарды қопарып, қазып алған жырасын тереңдете ұлғайтып, қанатын құстай керіп, толып ағып жатты. Тасқынның алды тасжолды мүйізтұмсықтай сүзіп өтіп, опырайта жырып, Қара Ертіс аққан еңіске қарай құлдилап кете барды.

Сол бетінде барып Боран ауылына соқтықпаса не қылсын...

Тасжолға жеткенше төбе-төбе қойтас үйіп, ауыл орнына терең ұра-жыра тастап, таудан тамырымен жұлып әкелген арша-шырша, тал-терек әр жерде әртүрлі нәрселерге тіреліп қалып жатты. Жаңбыр астында жансыз дүниеге жан бітіп, жан-жағын барлай, жан-жағын аңдай қарап тұрғандай еді.

Табиғаттың адам қолымен жасалған алапат күші төбешік басында суық жаңбырдан қорған таппай, қалтырап тұрған адамдарды сынап жатқандай да еді... 

Лек-легімен атқалақтай шығып жатқан тасқын таусылар еместей көрінді. Жұрттың бәрінің де ішінде Сұңғатқа деген қыстыққан ашу шыға алмай,  көкіректерінде көлдей лықсып тұрды.

Былғары табыт моласы да тып-типыл жоғалып, орнында опырая ойылып, тасжолға үңірейе тартылған ұлы жыра ғана өзен болып толқиды. Мыңдаған жылдардан жеткен бабалар мұрасы бір-ақ сәтте қорыс-қопасы шығып, жым-жылас жоғалып, Былғары табыт ауылы адам танымастай өзгеріп сала берді.

Уақыт біршама болып қалып еді. Сағат енді тоғыз болған. Қу жанды құтқарумен жүріп, уақыттың да қалай өте шыққанын да жұрт білмей қалыпты. 

Зайсан көлінің батыс бетінен бері баттаса басып жатқан бұлт көбесі сөгілді. Жаңбыр да селдете жауғанынан тартынып, толастай бастады. Дүние тасқынның баяулағанын күткендей сыңай танытып келе жатты.

Су аяғы жете алмас төбешік тепсең үстінде еркектер дірдек қаққан еді...

Ақжамбы әже мен әйел затын, ұсақ бала-шағаны үш-төрт жеңіл көліктің ішіне тығып, өздері көлік ішінде жүрген оны-мұны көрпе мен киім-кешекті пана тұтып, айдын көл болып жайылған жаңбыр аралас бөгет суына іштері өртеніп қарап тұрды. 

Сұңғат қалтасындағы телефон оқыс шыр ете түсті. Кешеден бері құлаққа ұрған танадай болған бас біткен елең етісті. Әркім дірдек қағып тұрса да, өз қолтелефондарын алысып, жан-жаққа шала бастады.

– Дулат,  дамба жарылды...

– Апат... апат болды!.. Шығын бар.

– Қаржау, ауыл жоқ... ағып кетті.

– Қорадағы мал түгел кетті... Тұяқ құтқару мүмкін болмады...

– Екі адам мерт болды... Судан емес, жер сілкінуден... Иә-иә!

– Толғанбай суға кетті... Өлі-тірісі белгісіз... 

– Тасжолды су алып кетті... 

– Әкімдерге хабар беріңдер! Біз енді береміз. Телефон жаңа қосылды.

– Біз төбе үстіндеміз!

Сырттағы үстері жаңбырдан сүңгі-сүңгі ер-заматтардың қолтелефонмен қысқа хабарласулары жалғасып кетті.

– Профессор комада?.. Астана жаққа хабарластыңдар ма? Апам аман. Қуаттың сүйегін бермеді... Кейін алатын болдым. 

Сұңғат інісі Дулатпен сөйлесіп тұр еді. 

– Ғазиз осында... Иә! Аршын келген жоқ. Политсай Парыз да жоғалған ба? Мүмкін емес. «Тәж жоғалған?..» Қалайша? Жер сілкінісінен шошыған шығар. Содан бір жерді паналап қалмап па? Ауылды қараңдар! «Елдің есі шығып жатыр»... Иә, сабыр сақтаңдар! Декабрист тінтіп шықсын! Ауыл адамдарынан сұраңдар!

Сұңғат аңырып қалып, асыға сөйлесе жөнелді.

– Тәжді қалай да табу керек... Күршімге хабар жібердіңдер ме? Полицияға деймін. Мүмкін оларды біреулер тонамақ болып, ұрлап кеткен шығар... Иә, бәрі мүмкін! Ол да шығады Қалжырдан... Баяғыдағы Петербордан келген әйел мен археолог еркекті тонағандары сияқты... Декабрист Қаржау ай қарап жатып па? Жарайды. Әкімдермен сөйлесем, өздері де естіген болар ендігі... Тасқын тоқтаса, елді біржақты қылармыз. Жолға сосын шығармын.

Сұңғат пен Ғазиз сөйлесіп жатқанда құлағы қалқайып тұрған Отан бәрін де зерек ойлы затымен тез бағамдап үлгерді. Ол үсті малмандай болса да тістене шыдап бағып, оңашалау барып, Қалжыр жаққа тау бөктерлете көз салды. 

Байдалының басына қарады. Бұлт биіктеп, шошақ төбесі көрініп қалыпты.

Жаңбыр да сіркірегенін тиып, сіркелеп тамып, маңай ашыла бастады. Қалың бұлт етегі жылдам көтеріліп, Зайсан қаласы орын тепкен Сауыр сілемдері ақшаңқан түске боялып үлгеріпті. 

Тасыған бөгет суы қарқыны да қайта бастапты. Өкірген өзен аңыздағы алып пілдей өзі жыртқан терең арна табанына түсіп, таң бозынан бері ауыл-аймақты баса көктеп өткенін ұмытыпты. Жуаси ағып жатыр. 

Жол-жөнекей шошайта үйіп тастаған жуан ағаштар мен шырқата шашқан қойтастар боз бетеге біткен жер бедерін өзгертіп-ақ жіберіпті. Десе де, Былғарының ұры ауызынан кішігірім бір өзеннің суы әлі де келіп жатыр. Бөгетті бұзған тасқын тау қойнауынан сарқыла алмай жатқаны анық аңдалады.

Отан өз көзімен көрген көк гауһарлы алтын тәж жоғалды дегенге сене алмай тұр. Көз алдынан жалт-жұлт жарқыраған бас бармақтай гауһар тас келе берді. 

Әлгі асыл тас көгілдір сәулесін төкті...

Бала сана қуатымен көгілдір түске бойлай ене бергенін өзі де білмей қалды...   

Ғайыптан берілген қуат күші Отанды көк тастың соңынан ерте жөнелді. Гауһар сәуле Қалжыр ауылынан шашырай шықты. Сәуле сағымдай ағып, таспадай созылған Күршім тасжолына түсті. Лезде көкжасыл жарық Бөкенбай тауы тұмсығын айналып, Сырымбет бидің сүйегі жатқан көп бейітті Доғалбайға қарай тартты. Доғалбай иінімен Терісайрық шығып, Егіндібұлақ ауылына қарай сынаптай сырғыды. 

Әйгілі құлама жартасты қия құз – Түйеқұлағанға жетіп бір-ақ тоқтады. Көгілдір сәулеге бөккен көкніл нұр ұйыған уыздай діріл қақты. 

Гауһар тас маңайын көгілдір түсті жұмбақ сәулеге бөктіріп, Түйеқұлаған құз-қия жартасының жиегінде біржолата тұрып қалды. Жап-жазық далада келе жатсаң тап аяғыңның астынан пайда бола кетіп, өзің де құлап кетуге шақ қалатын ғажайып құлама құз жары – табиғаттың қолмен қашап жасаған тылсым бір құбылысы еді... Жазық ернеуінен қап-қара жартас тіп-тік біткен құз кемерінің ұзына бойы үш жүз құлаштай бар-ды. Жазықта жатқан тылсым жаратылыс – Түйеқұлаған құзы да көгілдір түске шомылып, ерекше көз тарта қалыпты.

Бала жер бетімен Түйеқұлағанға жүзіп жетіп, бармақтан тамызған бір тамшы адам қанына ұйый тоқтайтын көшпелі алтынның сағымындай дірілдеген көгілдір нұрға толы Гауһар тасты алтын тәжді сана көзімен айнытпай сезінді...

Дереу Ғазиз әкесіне қарай жүгірді.

– Әке! - деді жеңінен жұлқи тартып. – Бір нәрсе айтам... Былай жүріңізші!

Сұңғат пен Ақжамбыны ортаға алып тұрған топтан әкесін жұлқылап жүріп, жырып шығарды.

– Не айтпақсың сонша?! 

Әке дауысынан реніш білінді.

– Тәжді таптым!

– Нені? 

– Тәжді!

– Қойшы!?

Ұлы үндемей тұрды да, салмақпен сөйледі.

– Көрдім. Көк жарық... 

– Қайда?

– Түйеқұлағанда.

Ғазиз сонда ғана ұлының сөзіне мән берді. Ұлының кейде көріпкел сияқты шындықты сөйлей салатынына қайран қалушы еді. 

Отанға еңкейіп, жасырынған адамдай ұлына сыбырлап айтты.

– Ешкім естімей-ақ қойсын!.. Екеуміз ғана білейік! 

Ғазиз баласының жасырына сөйлегенді ұнататынын жақсы білетін. Оның үстіне ертең өтірік болып жүрсе, елден ұят болар деп күдіктеніп те қалып еді.

– Анық көрдім, әке! Сенбейсіз бе?

– Сенем ғой, бірақ...

Отан сөзін бөліп жіберді.

– Тұйеқұлағанда олар.

– Оны білуші ме едің?

– Толғанбаймен талай барғам.

– Ойпырмай, алыс қой!.. 

Бала Жады Толикпен жолай Ақбұлақ ауылына қонып барғандарын айтпай қалды... 

–  Жарайды онда. Қазір жолға шығамыз. Ары қарай мамаңа барамыз. Олар не болып жатыр екен? Жер қатты сілкінді ғой...

Сұңғатқа қарай асыға жөнелген оған ере беріп, Отан әкесі мініп жүретін мотоциклге бұрылды. Ғазиз төбе төсінен түсуге жасқанып тұрған көпшілік арасына енді.

– Апа! Сұңғат! Күршімдегі үйім құлапты... Әйтеуір Қырмызы аман екен. Телефон соқты. Мен жолға шықсам ба деймін. 

– Бар, балам! Сұмдық болып кетті ғой мына дүние! 

– Бізге де көмек келетін болды. Марқа өңірі қатты сілкініпті, бірақ ел-жұрт аман көрінеді. Негізгі шығын осы ауылдан екен. Жаңа аудан әкімімен сөйлестім. Тасқын су аяғы Боранды айналып өтіпті. Оған да шүкір деп тұрмын!.. Ертіске барып құйыпты.

Сұңғат әнші Ғазизді бар жайға жылдам қанықтырды. Ол да асығыс аттануға бел буды.

– Қырмен кетесің ғой, - деді Сұңғат.

– Байдалымен шығам. Қароймен бір-ақ асам. Төте, - деді Ғазиз де.

– Ақырын жүр. Бала Қалжыр бойы балшық... тайғақ.

– Оны білем, Сұңғат. Апа, Отанды ала кетейін. Мына аламан-тасыр басылған соң, өзім әкеп тастаймын.

– Қарағым, бүйірімді жылытып жатушы еді... Қайтейін! Барсын! Аман жетіңдер!

Ақжамбы кемпір қасында немере-шөбересінің жоқтығын байқатпай ғана білдіріп алды... 

Сұңғат әйелінен ажырасқан соң, немерелері шешесімен Зайсандағы қайн жұртына кетіп қалған. Жас Уатай бала көтерер түрі жоқ, құдай әзірге берер емес. Отанның бүйір жылытып жүргені де содан.

– Сау болыңыздар!

Ғазиз жалпылама қоштасып, үш дөңгелекті көлігіне жүрді.

– Аман болыңдар, ұлым!

Ақжамбы кемпір көзіне жас алды... 

Күн де ала бұлттана ашылып, батыстан желдетіп келе жатты. Бір жақсылық нышаны білінердей жылы жел соқты. Жұрт та күн райын болжауға қауқары жетпей, өзді-өзі тұтқиылдан кеп тиген апаттан ес жия алмай, қорадағы ұсақ мал мен іріқара сиыр, жылқыны үш мәйітпен қоса жұтқан алапатқа шағым да айта алмай тұр еді. Бір-біріне мәнсіз басу айтысып, ешкімге елеусіз күйде ғайып болған Толғанбайды да жоққа санамай, тіршілік бастауы қайдан басталарын аңдай алмай аңырулы болатын. 

Күн айнасы сығараңдап жерді өпкелі топырақ та жылдам дегди бастады. Аңызғақ жел де мидай езілген Ертіс бойын кептіруге көшті.

Баланың жүрегі шым-шым шаншып қалды...

Бала Отан мотоцикл жанында кеше ғана бұйығып жатқан Былғары табыт ауылына қарап тұр еді. Ойран-ботқасы шығып, орнында үйме-жүйме тастар мен таудан ағып келген мол салынды ғана жатқан мекен жанарынан жас сорғалатты... Әр жерде тасқынға шыдап, тамырын жұлғызбаған тал-теректер ғана ауыл болғанынан белгі беріп қалыпты. Жер сілкінісінен жантайған бөрене үйлерге дейін тасқын сыпырып-сиырып алып кеткен. 

Таңертең соңдарында атағаштай состиып қала берген Толғанбайды ойлап, жүрегі ауырды... Оны есіне де алмай, естері шыққан әбігер жұртқа баланың жасық реніші де бар.   

Лөлкесіне ұлын отырғызған Ғазиз таутекеше арбиған көк мотоциклімен тайғанақтап, төбешік үстінен төменге түсті. Тау бауырлаған құмсақ бетті  таптауырын жолға бұрылды да, төменде жатқан тасжолға қиялай қосылуды көздеді. 

Теректіге қарай боз бетеге жүзімен бет алды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар