Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Максималар мен қоғамдық ойлар......

01.04.2024 2032

Максималар мен қоғамдық ойлар... 12+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың жоталы түсініктері әсер етті десем еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айырықша айтуға болады. Ларoшфукoның әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы осы он жылдың мұғдарында) қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, теология мен философияға қатысты  ойларымның екінші бөлімін өздеріңізге  ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым!

***

Ұлт тарихы – адам мінезі мен көзқарасының «қағбасы». Осы жағынан келсек, 1931-1938 жылдар, ондағы майып болғандар статистикасы – сан емес, сана мәселесі. Дәлірек айтсақ, мендегі үрей мен ішкі тойымсыздықтың қазіргі статистикасы.

***

Құдай жаратқан дүниенің бәрі еш мінсіз болса, міні көп шайтан қайдан жаратылды? 

***

Абай мен Сүгір шығармашылығын тосап жемісіндей араластырып жіберіп біразға дейін тұндырып қойсақ, түбінен  Асқар Сүлейменовтің танымы мұнартып көрінер еді.

                                                                                                                                                                              ***

Өнердің де қарашаңырақ ұстар өз мирасқоры болады. Осы жағынан келсек, Нұрғиса Тілендиев музыкасы шаңырақтағы сары уызға бұйраланған сүт кенже перзенттің бетіне ешкім жел болып тимеген бұла мінезі сынды.

***

Авторитарлы елде білім қайғыдан басқа ештеңе де әпермейді.  Мүбәдә, солай десек те Оруэлдің «1984» романы іспетті жақсы кітап жазу үрейге жүкті билік үшін сутегі бомбасымен пар.

***

Дүниеде тағынан тайған қайрат пен мешел көзқарастың өзін зор санауынан артық қандай трагедия бар.  Жалған патриотизм – көнетоз шалбар жыртығынан көтені жылтыраған халықтың өзін алапат күшті, әлдеқайда бақуатты сезіндіретін қоздырғыштар қоспасынан дайындалған синтетикалық допингі іспетті.

***

«Төбеден түскен төрт кітап» туралы тіс жарып ештеңе де айта алмаймын.  Бірақ шын қаламгердің Құдайдың қаламсабы екендігін айқайлап тұрып айтқым келеді.

***

Шындықты «жалаңаш» және «киінген» деп екіге бөліп қарастырар болсақ, арамдықтың адалдық атын жамылып күн көретіні бесенеден белгілі ғой. «Дүниеде қалам мен жазудың жезөкшелігінен артық еш қасірет жоқ», – депті неміс философы Фердинанд Лассаль. Осы сөзді оқығанда төбеме жай түскендей біразға дейін басымды ұстап, теңселіп отырып қалдым. Рас, «жалаңаш» шындық «Ертөстік» ертегісіндегі Шойынқұлақтың баласын басыңды бәске байлап шымшып жылататындай жаныңа қас, өміріңе қауіп. Ал әкелмек әлегі мен қиянаты қара сандық ішінде жасырылған тоғыз балапанға пар. Кейде маған ұлт пен рух, әділет пен намыс іспетті сөздер косметологиялық дезодорант пен одеколон секілді елестеп кетеді. Рахат енді... Қорқақ басың мен қатыбас кеудеңе бұрқыратып тұрып бір себесің де жүре бересің. Шіркін, бұл «бұрқыраған иіске» кімдер арбалып, кімдер алданбады дерсіз? Кімдердің ақ төсегі бұлғанбады дерсіз... Ерінін қызартқан елдік, әтір май жаққан әділет – бәрі-бәрі айналып келгенде жұрт алдында жақсы көріну үшін ғана табылған айлакер амал. Бұл жасанды «иіс» – жанның жезөкшелігінен шыққан, барынша сыланып-сипанған «киінген» шындық. Бірақ мезеті келгенде ол да шешінеді. Әсіресе мансап пен марапат алдына келгенде өзін-өзі ұстай алмай балауыз шамдай біртүрлі балқып кетеді. Сонымен шын жезөкше вокзал мен көше мүйісінде жүрген жоқ, керісінше жаны жезөкшенің бәрі әдебиет пен өнерде жүр. Осыларға алданып, осыларға арбалып қалмаңыздаршы өзі. Фердинанд Лассаль да мұны әбден көзі жетіп, көкірегі сыздаған соң айтып отыр-ау деп есептедім…

***

 Академик Ғарифолла Есім: «Абай осы заманда өмір сүрсе, түрмеде отырар еді», – депті. Философ бұл сөзді нендей факторға сүйеніп айтып отыр? Айтқаны анық болса, шын шошиын дедім. Абайды соттау – ұлттың ажал алдындағы ақырғы бойжасауы.  Бұл – мемлекет құрғанымыздың да, мәдениет пен өркениет жасағанымыздың да қып-қызыл өтірік екенінің белгісі. 

***

Менің бұл ойыммен біреу келісер я келіспес. Әңгіменің сырлы ағысын бұзбай негізгі баян етпек дүнием мынау еді. Ән – дауыс емес, жоғары пайым мен ішкі түсінік ғана. Әнші сол түсінікті молынан жеткізуші кейіпкер санатында (Осы жердегі «түсінігі мол» сөзінің мысалына Ғарифолла мен Жүсіпбек марқұмдарды куәлікке тартсақ болады. Аталған жампоздардың ән салғандағы парасаты мен пайымы қандай).  Ендеше қазіргі қазақ музыкасындағы деградация  дауыста емес, таным мен түсінікте болып отыр.  Әнді аспап емес, адам айтатын болған соң, оған адамгершілік пен ішкі пайым да жанама түрде қатысады ғой.  Ән – адамгершілік пен парасат айнасы.  Осы жерде Фридрих Ницшенің «Қанмен жаз, сол кезде қанның рух екенін түсінесің» сөзін сәл өзгертіп «Әнді адамгершілікпен айт, сол кезде әннің парасат екенін түсінесің» деп айтқан болар едік. Ендеше вокалдық дауыс – бар болғаны таным мен пайымнан кейінгі үшінші фактор. Қайталап айтамыз, үшінші фактор. Әгәрәки, осылардың орыны өзара алмасып кетсе ән табиғаты мен драматургиясы жойдасыз бұзылады. Осы жағынан келгенде жүрекке жетпес, айқайы басым ажарсыз дауыста  өнерпаздың  жетілмеген жілік майы мен төмен өресі жатыр. Ондай ән Тайбурылдың  43 күн кемдігіне пар. Қалай десек те білімсіздіктен шығатын әшекейсіз ән мен төмен талғам өнер атаулының күбірткі құртына айналып, күн салып зорайып барады…

                                                                                                                                                                                  ***

Барлық автократқа тән ортақ бір ауру жүлгесі бар.  Олар билікті балға, халықты шеге секілді сезініп, бірде-бір шындыққа объективті қарай алмайды. Сталинге байланысты мына бір деректі жап-жаңа ғана оқып, жағамды ұстадым.  XX ғасыр басында бихевиоризм секілді су жаңа ғылым саласының негізін салған Владимир Бехтерев деген ғажайып тұлға болған. 1927 жылы қатты күйзеліске ұшырап, түн ұйқысынан айырылған Сталин осы ғалымды өзіне жекелей шақыртып алады ғой.  Бехтерев бірінші басшы денсаулығын әбден жіті қарап, тексерістен өткізгеннен кейін, оған паранойя (есі ауысқан) деген нақты диагноз қояды. Осы ғылыми қорытынды жауабын естіген сәтінде-ақ Сталиннің күре тамыры білеуленіп, Бехтеревті бірден жазым қылып, денесін өртетіп жібереді. Енді осымен ғана тынши салса жақсы ғой. Ғалымның ұлын да өлім жазасына кесіп, барлық еңбектеріне қатаң тыйым салады. Ең қасіреті Сталин осы паранойя санасымен елді бұдан кейін де 26 жыл басқарған. Қайыра айтайын, бақандай жиырма алты жыл басқарады ғой. Мұны арнайы жазып отырғаным, біздегі бір қарияның 2000 жылдардан кейін саяси карьерасында сыр берген альцгеймер симптомын айтамыз деп талай «Бехтеревтердің» бағылан басы қидаланып кетті. Сосын не болды дейсіз ғой? Не болушы еді әйгілі Ежи Лец айтпақшы «Ергежейлілер елінде ел басшысына тек үлткейткіштер (лупа) арқылы ғана қарауға рұхсат етіледі» дейтін жаңа қағиданың жаппай низамы болды…

***

Сталин дегеннен шығады ғой. Біздегі ауыспалы мінез пен алаяқ танымның жауабын ана жолы Ақтоғайға барған сапарымда Карлаг музейінде тұрған күнделік жазбадан таптым. Ол  Карлаг түрмесінде ғұмырының соңына дейін отырған бейбақ жанның Сталинге қатысты зар еңіреп жазған күнделік дәптері екен. Сонда әлгі күнделік жазбада не айтылған дейсіз ғой.  «...Әттең, шіркін, Сталиндей жан жаратыла ма? Ол кісінің елге сіңірген еңбегі көп. Біздің мына тағдырымыздан Сталин жолдас мүлде бейхабар ғой. Мұны маңындағылары әдейі жасап отыр. Әйтпесе мүлде басқаша болатын еді. Мен ол кісінің шын көсем екендігіне риясыз сенемін...». Бір дәптерге жуық көне күнделіктің негізгі мазмұны мен ой жосыны осыған саяды. Құдайшылығын айтыңызшы, содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де осы лепес пен адам ақымақтығы өзгерді ме? Кешегіні айтпағанда, бұл мазмұн мен лепес қазіргі қазақ даласында да тек сыртқы мұқабасы мен көлемін өзгерткен  ресми газет бейнесінде отыз жыл бойы толассыз жарияланып тұрды емес пе?

                                                                                                                                                                       ***

Бұл шағын ғана жазбам жасы баршын тартқан қарияның автобус орындығында отырып қалғып кеткен жас жігітке «неге ғана орын бермейсің, қазіргі жастардың еш ұяты жоқ» деп құлақ тұндыра айқайлаған оқиғасының негізінде жазылды. Сол кезде менің санама басқа бір себептің сәулесі жарқ етіп, «шынтуайтына келгенде кімдердің өзі ұяты жоқ?» деген сауал төңірегінде ойға қалдым (Бұл әлеуметтік сұрақтың жауабы маған әлдеқайда әріде жатқандай сезіледі). Әйгілі данышпан Сенека: «...Болып жатқан оқиғаның барлығы – сөзсіз болуы тиіс нәрсенің белгісі», – дейді. Рас, себепсіз еш нәрсе жоқ. Мұны дәрменсіз жастардың әлдебір әділетсіздікке іштей қарсылығы мен бұлқынысы, дәлірек айтсақ, «өш алу» әрекеті десек те болатындай. Әлеуметтану ғылымы қоғамда әділетсіздік белең алғанда қорғансыз топтың қолынан келері тек кіжіну мен қырсығу ғана екендігін көлденең тартады. Біздің бұл жердегі (яғни автобустағы) оқиғамыз көп себептің тек бергі беті ғана. Ал арғы жағы адам жаны шошырлықтай ірі факторларға толы.  ...Біздегі осы үлкен кісілердің түсінігі қызық. Оларға салсаң қолыңа құман, иығыңа сүлгі іліп, мәңгілік солардың қызметіне жегілуің керек. Бұған енді әмәнда үлкендердің ғана айтқаны дұрыс деген «классикалық пәлсапаны» қосыңыз. Ал осы бір «ғажайып» пәлсапаға сәл қиғаш келсеңіз болғаны басыңызға бәле үйіріліп «бұлардың сірә дә ұяты жоқ, үлкендерді еш сыйламайды» деген секілді нөпір сөздің астында қаласыз.  Көкем-ау деймін, осы жерде сіз қандай сыйластық туралы айтып отырсыз. Сыйламайды дейсіз налып... Сыйластық бір жақты ғана (тек үлкендер үшін) деп кім айтты сізге? Ол екі тараптың яғни жас пен кәрінің өзара үндестігінің ортақ бірлігі емес пе? Осы ортақ құндылықты табаныңызбен таптап тұрып, «жастар үлкендерді сыйлау керек» деген көтензор, көне мораліңізге жол болсын енді. Сонымен, өмірдің ұлы гармониясы неден бүлінді? Үлкенге құрмет қылу түсінікті жәйт... Ал ініге ізет ше? Әлде бұл үлкендер қарым-қатынасының әдебіне кірмей ме сонда? Сыйластық дедік… Айтыңызшы, аға болып ініге жасаған сіздің нендей ізетті істеріңіз бар? Береген қолым алаған десек, сыйламайды деп реніш сайламас бұрын алтын басыңызды ардақ тұтардай кішіге қандай өнегеңіз өтіп еді.  

Шіркін, шалдар-ай, қандай қатыгезсіңдер осы…

                                                                                                                                                                     ***

Ғылымдағы Спин-доктор (spin – ағылшын тілінен аударғанда «айналдыру» әм «дөңгелектеу» ұғымы) ақпаратты тек жағымды жағынан емдеу деген мағына береді. Бұл жердегі ақпаратты «емдеу» сөзі дәл қазіргі Қазақстан үшін саяси биліктің халықты алдарқатып ұстау деген ұғымына көбірек келеді.  Қазақты қалайда біріне-бірін қарсы қойып,  төбелестіріп  қоятын амал табу – ақ патшадан бері келе жатқан «асыл мұраның» бірі.  Кейде елді өсірмес ермектік, бір ергежей тақырыпты көкпар қазандығына тастап қойып, миығынан күліп қарап отыру да осы тәсілге жатады. Біздің билік басқаға шамасы жетпесе де осындай іске келгенде бапандай енді… «Шыңғысхан қазақ па әлде моңғол ма?» Осы бетімізді шиедей қылып, жаға жыртысып жағаласындай тақырып па? Бұл бірің өліп, бірің қал дейтін арамза қулықтың астарында жатқан, бүгулі бір бармақ емес пе?

***

Мен о дүниедегі құдіреті күшті Құдайдың кімнің зиялы, кімнің зәлім екенін арнайы анықтау үшін өткізетін сират көпірін көрген жоқпын.  Көрмеген соң да ештеңе айта алмаймын. Есесіне мына дүниеде көрдім...  Бір басы «Қаңтар», екінші ұшы «Жаңазөн» деп аталатын қияметке пар әлгі қыл көпірден көбіміз өте алмай омақаса құлап қалдық. Ал Ақорда болса сол «көпірден» айналып өтетін амал іздеп өз бетімен әуре... 

***

Адам ажалдан емес, ешкім оны еміреніп есіне алмаған мезеттен бастап шын өледі. 

***

Өлім төрт әріптен түзілген қарапайым ғана түсінік болғанымен, ақыр соңы ар мен ұжданның нағыз айнасы ғой.

Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
...Жан біткенге жалынбай.
Жақсы өліпсің, япырмай!

«Оспанға» деп ат қойған Абайдың осы бір өлеңі өз басыма өлім, сосын өмірдің ең соңғы салқар көшін қалайша салтанатты аяқтау турасында айтылып тұрғандай сезіледі.
Хакімнің бұл төрт жол ғазалы құлпытасыңа емес, әдетің мен мінезіңе, ұлы ұстанымдарыңа бәдізделіп жазылса ғой, шіркін...
«ЖАЙНАҒАН ТУЫҢ ЖЫҒЫЛМАЙ»...
Ол енді нендей ту?
Ар мен кісіліктің көкке шаншылған алаугер туы ма?
«ЖАСҚАНЫП ЖАУДАН ТЫҒЫЛМАЙ»... 
Бұған қара жер бетін шимайлаған мағынасыз ғұмырымыз хакімнің
«Жасқанып жаудан тығылмай» ерлігіне шын жауап бола алар ма екен?
Әлде «қашқан жауға қатын да ер» дейтін  «әдемі шындық» әзәзіл Мефистофельге шыбын жанымызды біржола саудалап жібердік пе екен?..
«ЖАН БІТКЕНГЕ ЖАЛЫНБАЙ...» Адамның аз ғұмырында қол жеткізген алдамшы дәулеті мен оның сәбидің шылдырмақ ойыншығындай арзан медаль мен алған сыйлығына келгенде бірде-бір «жан біткенге жалынбадым», «адам салмадым» деп айта алатындай ардагер мінез біздің бойдан табыла қояр ма екен? Бенджамин Франклин «Көбінде адамдар жиырма бес жасында өледі, тек жетпіс бес жасында жерленіп жататыны болмаса» депті. Шынымен-ақ, сүбелі сөз.
Рас, өлім, ең әуелі, дененің өлуі емес, ар мен ұяттың өлуі десек, адамға екі сөйлегеннен, ең бастысы, екі рет өлгеннен артық қандай ұлы қасірет болуы мүмкін (Айталық, ақынның өз ажалымен аттануы оның  бір өлгені болса, «елбасы», «көшбасы» іспетті  абыройсыз  тақырыпқа қалам бұлғауы оның шын өлгені емес пе?) Осыған қарап «ЖАҚСЫ ӨЛІПСІҢ, ЯПЫРМАЙ» мәртебесінің миллионның біріне ғана бұйыратын бақ пен сыбаға екенін етене түсінгендей  боласың…

                                                                                                                                                                          ***

Талант – тылсыммен туыс. Адамның көкпен бәрібір байланысы бар. Шын өнерпаз өз тыңдаушысын алдауға көшкенде ғарыш та оны жазалауға көшеді. Әнші дауысынан, ақын қиялынан айырыла бастайды. Ол – ол ма, ақыр соңында ар мен абыройдан бірдей айырылып, бәрінен жұрдай болады. Алдау мен қиянатты тек адам баласы ғана емес, тау мен тас, су мен топырақ та есіне сақтайды. Сондықтан шығар, қандай қиянаттың болсын  ұмытылып, біржола ел есінен  жойылып кетуі  еш мүмкін емес…

                                                                                                                                                                         ***

Соңғы кезде парақтаған кітаптар ішіндегі ең қызықтысы психиатор Роберт Джей Лифтонның «Технология промывки мозгов: Психолгия тоталитаризма» (Сананы улау» технологиясы: Тоталитаризм психологиясы) мен Маргарет Сингердің «Култь среди нас » (Біздің арамыздағы культтер) еңбегі. Ал саяси теоретик Ханна Арендттың «Истоки тоталитаризма» (Тоталитаризмнің шығу тегі) деген кітабы тіптен ғажап. 

Осыларды оқып отырып ойым төмендегідей тұжырымға келді. Біріншіден, біздің «Нұр Отан» партиясының саяси партиядан гөрі оның негізгі пәлсапасы ұжымдық сектаға әлдеқашан айналып кеткендігін аңғардым. Мұнда тек мәртебелі «пайғамбар» мен құрметті «сахабалар» диалогы ғана қалғандығын, сосын қоғамның стандартты әкімшілік билігінің типтік (біртұтас) бейнеге ұласып кеткендігін толықтай көруге болады. Оны былай деп қарапайым ғана түсіндіріп көрейін.  Кеңес одағы дегеніміз Ресей мемлекеті емес, коммунистік жүйе ғой. Ал жүйе дегеніміз адамның ойлау формасы мен шын портреті емес пе. Әгәрәки біз бүкіл саяси корпусты бір адамның ғана ағзасына айналдырып, оны кәдімгі айна алдына апарып отырғызатын болсақ, одан шығатын бейне тек Назарбаевтің ғана суреті болар еді. Бұл – тек саяси биліктің ғана емес, барлығымыздың бүгінгі төл дертіміз. Неге дейсіз ғой? Отыз жыл бойы көргеніміз, еліктегеніміз, табынғанымыз, насихаттағанымыз бір адам ғана болғандықтан, біздің бәріміз де кішкентай назарбаевпыз (Тек аты-жөніміздің төлқұжат бетінде басқалай жазылып тұрғаны болмаса).

Екіншіден, жоғарыдағы еңбектер, автократтарға тиесілі тегін дүниелердің (мысалы, машинаға ешқашан бензин құймау, тіпті дүкеннен нан сатып алмау секілді күнделікті қарапайым ғана орындалатын алыс-берістің болмауы) кісі табиғатын адам нанғысыз трансформацияға ұшырататын айтады. Сөйтіп, билікті келесі біреуге бейбіт түрде табыстамақ тұрмақ, қарапайым ғана бір затты өзгеге көзі қиып беру ұғымының өзін түбегейлі ұмытып қалады екен. Үшіншіден, автократтардың шексіз билігі маңына жағымпаздар мен екіжүзділер отрядын миллиондап топтайды дейді. Әрине, шындықтың жүзі тұтылған қоғамда донкихоттық ерліктің дәуірі туып, лыпадан лашық жасау қалыпты нормаға айналады емес пе. Ең қызығы, бұл атжалмандардың барлық іс-әрекеттері жезөкшөлереге қатты ұқсайды. Тіпті олардан да өткен жиіркенішті десек те болады. Олар (бейшара жезөкшелер) вокзал маңының жеркепе немесе құжыра үйлерінде ғана тәнін саудаласа, бұлар ақорданың VIP- залдарында ғана шешінеді. Жезөкше өзінің жезөкше екендігін еш жасырмай жайып салса, бұлар керісінше. Жұртқа мораль соғып, асқан тақуа мен кемеңгер образын өлгенше сомдайды… Қысқасы, отыз жыл бойы ордалы жыландай болған осы «тақуалар» мен «кемеңгерлердің» мұнафиқ әлпетін ит тартқан терідей қылатын уақыт әбден жетті. Сосын қаймана қазақ оларды тойына шақырып, бас ұстатып сөз беріп, төрге оздырып тайраңдатпақ тұрмақ, қолын алуды қор санайтын халге келтіруіміз керек. Неден қорқамыз?..  Неден қорқасыз? Шындықтың шапағы аз да болсын көтеріліп келеді емес пе? 

***

Әлеуметтік психология саласының білгірі канадалық ғалым Пенелопа Локвуд «Супержұлдыздар және мен: роль-модель үлгісінің жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі» атты мақаласында бүй дейді: «Қыз балалар үйдегі ерінің дөрекілігіне төтеп беретін қайсар ана, еңбекқор ана я болмаса атағын шығару үшін сексуалды тартымдылығын қолдануға әуес супержұлдыздар сияқты жағымды және жағымсыз үлгілердің екеуін де күнделікті көріп өседі. Бұл адамдардың барлығы қыз баланың өзінің потенциалды мүмкіндіктерін бағалауына зор әсер етеді. Сондай-ақ оларға міндетті түрде еліктейді». Осының бізде екіншісі, (яғни сексуалды тартымдылығын қолдануға əуестік) алға шығып бара жатқандай сезіледі. Біздің телеарналардың жаппай айналысып отырғаны да осы. Сұлулықты көбіне әйелмен байланыстырып жатамыз ғой. Осы жерде мен қазіргі қазақтағы бас оздырған әйелдер турасында ғана бірер сөз айта кетейін. Белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаева, Әлия Бөпежанова, Зәуре Батаева, Әсия Бағдәулетова секілді жан­дардың білімі сұлулық баламасына айналған кезде ғана біздің есіміз түзеледі. Экран есер «жұлдызқұрттарды» емес, «интеллектуалдық әлпет» пен «интеллек­туал­дық сұлулық» дегенді орнықтырып, осы ұғымдарды ұдайы насихаттауға тиіс. БАҚ осы бағытта жұмыс жасамаса, осы тозғанымыз – тозған енді…

                                                                                                                                                                               ***

Мақпал Жүнісовадан қайраткер, я ибалы нәзік әйел бейнесін көргісі келетін адам қатты қателеседі. Ол бар болғаны кісі кейпіне ұласқан әннің өзі ғана. Оның түйеден түскендей сөйлей салатын, басы бар да аяғы жоқ орашолақ ойы – ескен желдей ерке әншінің ақжелең көңілі мен ішкі табиғатының нышаны. Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам. Оның тік шапшыған байтақ дауысы мен әр нотаны сорғалатқан нәзік дірілі сопының хал ішіндегі бейне бір дәргейі дерсің. Мақпал сыйлайтын рухани ләззат мінәжат пен катарсиске пар.  Әнді әуез бен мәтіндік шеңберден шығарып,  мантра мен экстаз деңгейіне дейін жеткізген мұндай өнерпазды бұрын-соңды еш жерден естіген емеспін. Сол үшін де Мақпалды қазаққа бере салған Құдайға мың мадағымды жаудырамын... 

                                                                                                                                                                                     ***

Соғысты оқпен я әскери қақтығыспен ғана өлшеуге болмайды. Соғыс – тек қана оқ мәселесі емес. Көрнекті сыншы Тұрсынжан Шапай «...қазақты өзін-өзінен жеркендіріп, бездіріп жіберу  1917 жылдан бастап өркендеген бизнестің жаңа түрі болатын. Қазақты боқтағандар кезінде шен алды, шекпен киді, қызметі өсті, абыройлы, атақты болды. Ел басқарды… Қазақты тепкілеп, тірідей жерге көмсең, қазір де жақсы тұрасың…. Өйткені, бізде шетсіз-шексіз, қиырсыз,  қисынсыз, пәтуасыз демократия-дүр...». Мінекей, мына айтылғандар соғыс емес пе енді? Қазаққа қатысты майдан  жоспары да қазір осы бағытынан бір тайқыған емес.  Бұл – бір территория ішінде қаққа бөлінген тіл мен түсініктің, рух пен менталитеттің өзара соғысы. Мысалы, ауған орыстың алдына дастарқан жаю шын қазақтың жүйкесі мен жүрегіне бомба тастау екендігін, орыс тілін білмейтін оралманның ішкі күйзелісі тұтқынға түскен сарбаздың мұңымен пара-пар екендігін «соғыс» емес деп айтпай көріңізші. Қазақтың талай мықтысы оқтан өлмесе де жүйке мен жүрек шебіне жасаған орысшыл биліктің осы бір жансебіл майданынан мұрттай ұшып, келмеске аттанып жатыр...  Оқсыз жердің бәрі тыныштық емес. «Біздің елде тыныштық бар соғыстан да қауіпті...» деп Мұхаммед Солихтың да айтып отырғаны осы емес пе…

                                                                                                                                                       ***

Дауыс – адам рухының айнасы іспетті. Асылық айтқандығымыз емес, кез келген кісінің әу деген жалғыз-ақ ауыз үнінен оның кім екендігін толық бажайлауға болады. Желігі басылмаған алып ұшқан аусарлықты, биік парасат пен ішкі мәдениеттің бар аумағы бәрі-бәрі адам дауысынан аңғарылып тұрады. Әрине, мен бұл интуициямның растығын ешқандай да ғылыми негізбен дәлелдеп бере алмасам да психофизиканың негізін салушы Густав Фехнер мен Карл Густав Юнгтің синестезия ұғымына қатысты ғылыми тұжырымдамасын бұл жазбама жанама мысал ретінде ұсына аламын. Қалай десекте осы ойымның ондығына тиіп, дәл төбесінен түспесе де аталған түсінікке ең жақын келетін ұғым хроместезия термині. Хроместезия – музыканың түсі мен бояуын көру. Бір сөзбен айтқанда әуеннің  ішкі мағынасын ұғу. Адам көмейінде сыңғырлаған әр әуеннің түсі қандай бояумен белгіленетінін білмеймін, алайда сол үннен адам болмысы мен ішкі танымы жайлы мол мағлұмат алуға болады. Өмірде өтіріке көнбейтін жалғыз-ақ дүние болса, ол музыка шығар. Рас, сіз кейде жабырқап жылайсыз я шаттанып қуанасыз. Көкірекке көтеріліп, көзге жас болып құйылған сол қайғы мен қуанышты бұрмалауға әсте адам әмірі жүрмейді. Бақсаңыз бұл екеуі де адам ауызынан әріптер тізбегі емес, тек әуез ғана болып сыртқа шығады.
Ал, сөз шіркін олай емес. Әр ахуалға қарай жүз шалқып, мың құбыла береді.
Егер де адам кеудесін домбыра шанағына балайтын болсақ, оның перне бетінде тартылған қос ішегінен пенде пешенесінің әуезін ғана естуге болады. Қайталап айтамыз, әр тағдыр – әркімнің өз әуені. Көрген құқайың мен тартқан кермегің бәрі-бәрі көмейіңе тұнып, үніңе өз нышанын тастап отырады.  Адам әнді айтпайды, әуенді себеп қылып өз тағдырын ғана баян етеді. Тағдыры жоқ дыбыс тұзы кем тағамдай біртүрлі су татып тұрады.  Әнді биіктетіп тұрған да осы пешенең мен тәлайыңнан түйген ішкі пайымың мен талғамың емес пе?!

                                                                                                                                                                              ***

Шын өлең түс секілді. Тәпсірін уақытқа қалдыр…

                                                                                                                                                                               ***

Бір досым: «Ой мен сөйлемді тым күрделі құрасың. Сондықтан сені ешкім де оқымайды. Қазір адамдардың бәрі жүйкеден шаршап, тозып жүр. Барынша түсінікті бол, төмен түс», – дейді. Мен болсам, керісінше қырсығамын. Тозудың басы ойланбауда жатыр. Олар ойланбаған соң тозып жүр деймін көгеріп.  Өзім үшін мұрат мұнарасында тік шаншылған екі талғам биігі бар. Екеуі де, әрине, Асқар Сүлейменовтың сөзі. 

«Өнердiң түбiне сорпа бетiндегi майдай қалқыған түсiнiктi идея жетедi... «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай боп қиналса, несi ерсi? Алсын қамау терiн» деп, бір аямай шенесе, екіншісі «Оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтырат», – дейді. 

Рас, талғамнан құлау таудан құлағаныңмен бірдей абыройсыздық емес пе?

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 жалғаса бар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар