Жас ақын-жазушылар жастанып оқитындай екі кітап
Бөлісу:
Ой-толғам
Жүз елу қаралы жас жауынгер жайғасқан алып лайнер Мәскеудің халықаралық «Шереметьево» әуежайынан көтерілді де, іркес-тіркес қазбауыр бұлттарды қанатымен іле, қайқая бұрылып, Германия мемлекетіне қарай бет түзеді.
Сонау жетпісінші жылдардың соңы. Мамыр айы. Түс әлеті. Он сегіз жасқа енді іліккен жастардың албырт көңілі алып ұшып, қатпар-қатпар шексіз ғаламның алыс түкпірлеріне самғататындай. Кең ұшақтың іші абыр-дабыр, у-ду.
Негізі, Душанбеден шыққан едік. Тәжікстанға Қарағандыдан пойызбен жеткенбіз. Мұнда болашақ сарбаздар еліміздің өзге де облыстарынан қаптап жиналыпты. Осындағы полктардың бірінде киініп, оншақты күндей «карантин» деп аталатын мерзім аралығында саппен жүру жаттығуларын қайталадық.
«Ту-154» орыс астанасына жанармай құйып алу үшін қонған-ды.
Ара-арасында елеңдеп, аяқ жағымда жатқан жол қапшығыма қарап қоямын. Өзін алдында бір-екі рет жоғалтып алып, қайта тапқан кездерім де бар. Ішінде бағалы ештеңе жоқ секілді. Сүлгі-сабын, орамал, котелек, кружка, қасық... Тек түп жағында оқуға құмартқан екі кітабым жатыр. Солар қымбат...
Межелі жерге жетіп орналасып, әскери тірлік басталған соң кітаптарды төсектің бас жағына тығып жүрдім. Қалт еткенде жеткенше асығамын. Жанымдағы жігіттер «Күнде-күнде шұқшиып немене оқып жүрсің?» деп таңырқайды. Бұл кезде қасымызда ешбір қазақ баласы жоқ еді, бәріміз нешеқилы қалалардағы түрлі бөлімдерге тарап кеткенбіз; жаңа жолдастарым – орысы, украины, венгрі, полягы, болгары бар, кітаптарды ұстап, авторлардың атын, басқа да сөздерді: «Өй, мынауыңның әріптері орысша ғой! Таха-у-у-и-и... Эбиш-ш-ш...» деп, тілдерін «сындырып» ала жаздап дауыстап оқып, мәз болды. «Не туралы?» деп сұрайды. «Ә... Түсінуге сәл қиындау. Әдеби трактаттар» дей саламын. Сын жинақтары еді. Әлі өзім де толық меңгеріп үлгермеген дүниені аузымды қайшылап: «Бұлар – көркем әдебиет проблемаларына арналған эстетикалық концепциялар, шығармашылық баға стратегиясын жасауға бағыталған теориялық мақалалар» деп ежіктеп тұруға ерінемін. Әйтеуір, «керемет дүниелер» деймін. Жолдастарым қос кітапты олай-бұлай аударыстырып көріп, апырай, бұлардың нендей сиқыры болды екен дегендей, аңтарыла қарайды.
Расында, әңгіме немесе хикаят, роман да емес, сонша неге қызықтым деп ойлап көрсем, Тахауи Ахтановтың «Керуен» және Әбіш Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» деп аталатын еңбектері байсалды пайымымен, шығарма болмысын, талант табиғатын, жазушының бағытын, оның азаматтық позициясын жүйелі талдауымен, бұлар туралы батыл ой түюімен, тосын байламдарымен, мірдің оғындай дәлдігімен, тұңғиық тереңдігімен баураған сияқты.
Үш бөлімнен тұратын алғашқы кітапта – отыздай, екі бөлімге топтастырылған екінші жинақта оншақты мақала бар. Алдымен кез келген дүниенің сыртқы пішіні еліктіріп, ішкі мазмұнға, кейіпкер психологиясының әлеуметтік, философиялық астарларына біртіндеп бойлай бастайтының секілді, бұлардың да формасы, мақалалардың орналасу реті көз тартқаны анық.
Кітаптардың екеуі де кезінде Алматыдағы «Жазушы» баспасынан бірі – 1969, екіншісі 1972 жылы шығыпты. Екеуінде де күні бүгінге дейін шешімі табылмаған «мәңгілік» сауалдарға жауап ізделеді. Мысалы, «Керуенде» «Қазақ әдебиетінде ұлттық ерекшелік бар ма?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғалған. («Әдебиет кәмелеті» мақаласы). Автордың айтуынша, кейбір сыншылар қазақ прозасының өзгеден айрықша қыры ретінде – ерен мықты, алып тұлғалардың бейнесін жасауға, белгілі бір нысанды әсірелеп суреттеуге әуестігі деп дәлелдесе, басқа теорияшылар – қазақ прозасының ең басты сипаты ақыл айтуға құмарлығы, құрғақ дидактикаға құрылған ділмарлығы деп айдар тағады. Сондай-ақ қазақ прозасының негізгі қасиеті елжіреген егілме сыршылдық деушілер де бар екенін айтады. Шынтуайтқа келгенде, бұлар мақтанатын нәрсе емес, керісінше, кемшілік, көркемдік дәреженің төмендігін байқататын «мінездеме», ендеше аталған жәйттер ешқашан да ұлттық ерекшелік бола алмайды деп байлам жасайды.
Рас қой. Дәм-татуы жоқ көбік сөздің көп екені өтірік емес; сол «дағдыдан» күні бүгінге дейін арылдық па өзі... Кейбір кітаптар өзге тілдерге мол таралыммен аударыла бастаса, әлгіндей «мылжыңдығымыздың» сыры ашылып, ұятқа қалмас па екенбіз деп ойланасың...
Біз оқыған орта мектептегі әдеби кеш, диспуттардағы талқылаулар белгілі кітаптарды көбінесе сыпыра мақтау, тамсану үрдісінде өтетіндей еді. Ал мына еңбектерге қарасаң, сыншы әрбір шығармаға мүлде басқа қырынан келіп, оның нәзік иірімдеріне терең бойлап, іс мәнісін жіліктей талдап, қопара көрсетеді. Мұндайда шынның жүзін енді көргендей, көкейдегі әлдебір күдігің сейілгендей күй кешесің. Өз-өзіңнен жеңілейіп, мейірің қанады.
Тахауи Ахтанов осы мақалада қазақ прозасының бастауында тұрған екі ірі құбылыс – Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлин мәнеріне қысқаша шолу жасапты. Сөйтіп кең құлашты, биік өрелі, алып Мұхтардың «Абай жолын» айтпағанның өзінде барлық әңгіме, повестері қазақ өмірінің айнасы бола алатынына тоқталады. Бұлар жазушының реалистік қырын танытуымен бірге үлкен романтик екенін де көрсетеді, яғни көтеріңкі романтика мен сыршыл лирика қатар еседі дейді. «Мұхтар Әуезов – Европа әдебиетінің, жалпы дүние жүзі көркем ойының ең биік мәдениетіне суарылған адам. Бірақ оның суреткерлік түпкі тамыры қазақтың халық топырағында – оның эпосында жатыр. Сол топырақ оған эпикалық кең өріс, аршынды құлашқа қоса – романтикалық көтеріңкілікті, сөз құдіретіне деген құлшылықты мирас етіп берді... Ал осы реализмге ұласқан романтикалық көтеріңкілік қазақ прозасының елден ерек, айрықша қасиеті бола алмай ма? Мүмкін бұлар бүгінгі бүкіл прозамыздың бірден-бір сипатын белгілей алатын шығар?» деп сұрақ қояды. Бұдан соң қазақ прозасы серкелерінің бірі, Әуезовтің аға замандасы Майлин стиліне үңіледі. «Осы қайталанбас тамаша шебер біз «қазақ прозасына тән» деп жүрген көтеріңкі романтикадан, қызыл сөзден тіпті аулақ болған» дей келіп, Бейімбет қолтаңбасы Әуезовтен мүлдем бөлек, ағыл-тегіл сезімге сараң екенін, оның әрбір құбылысты, әр характерді тап басып, дәлме-дәл суреттейтінін айтады. Демек, ол – бұл жағынан таза релист. Рас, Майлинде бір шығармамен тұтас бір дәуірді, халық өмірін мол қаусырып аларлық эпикалық кең құлаш жоқ. Әйткенмен, ол заманындағы қазақ қауымын іштей үңги қаузады. Бұрын әдебиет менсінбеген қазақтың «қатын-қалаш», «жаман-жәутік» дегендердің адамдық кескінін танытып, сырын ашып берді. Олай болса, әдебиетіміздегі ұлттық ерекшелікті Майлин ықпалындағы дүниелерден іздеген жөн бе?..
«Керуен» авторының, әсіресе, кітаптың өне бойында айналып соғып отыратына қарап, «Абай жолы» романын зерделей оқып, құлшына зерттегенін аңдаймыз. Және, бір қызығы, өзі: «Егер шын мәніндегі қазақтың көркем прозасы осыдан басталады демесек те, бұл осы кезге дейінгі қазақ прозасының көркемдік шыңы деп айтудан қорықпас едік. Шынында да, «Абай» романы қырық-отыз жылдық өмірі бар қазақ прозасының көркемдік тәжірибесінің жиынтығы, жетелі елдер мәдениетін бойына сіңіріп толысқан шағының белгісі. Бүгінгі күнгі көркем ой өрнегінің ең шебер үлгісі» деп бағалайтын осы шығарманы ара-арасында қатаң сынға алады: «Феодалдық-патриархалдық қоғамда байлардың негізгі жұмысшы күші кедей ағайындары болды. Олардың ауыр еңбегіне байлар тиісті ақы төлемейтін. Сауын, аттың майы сияқты болымсыз нәрселермен ғана алдандыратын. Оның өзін де ағайынға қарасудың бір түрі деп санайтын. Бұл жағдайлар «Абай» романында толық жете көрсетілмеген»... Немесе: «Романдардың бірінші және келесі кітаптарында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып кетеді, сөйтіп, жеке адамның адамгершілігі таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды... Ру тартысын суреттеуге романда өте көп орын берілген, бұл керексіз қайталаулар туғызып, романға көркемдік жағынан да зиянын тигізеді. Автор бір-екі әсерлі эпизодпен ру тартысының негізгі себептерін ашып беріп, оның есесіне жоғарыда айтылған олқылықты толтыра түсуіне болар еді» дейді. («Халық сапары» мақаласы).
Осындай жолдарды алғаш көргенде «Аллау, бұ кісі үлкен ұстаз Мұхтардай алыпты сынауға жүрегі қалай дауалады екен?!» деп іштей таңырқаған да болуым керек...
Мұндай кемшілікті көрсететін сәттер Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз романына қатысты тіптен молырақ. «...автор ел аузындағы сөзді өте көп біледі. Көп жерде оны әдейі келтіріп те отырады. Ол халықтың характерін ашуға өте қажет... Тек соларды орынды пайдаланып, лақап екенін ескеріп сын көзімен қараудың орнына, өзі де сол лақапқа елігіп, тіпті, шамаға келмейтін нәрселерді баяндап кетеді. Бүгінгі жазушының кешегі лақапқа биіктен қарайтыны байқалмайды, қайта жазушы шыншыл да сыншыл болудың орнына сол лақаптың жетегінде кетеді. Сөйтіп заманның нақтылы суреттерінен гөрі дақпырт басыңқырап кетеді. Мысалы, бай болса оның жылқысы мыңдап емес, он мыңдап саналады, кеше қайыршы болып жүрген қазақ қалаға барып саудаға араласса – ап-аз жылда байлықтан көше алмай қалады, пара бергендер алтынды дорбалап өлшейді. Мұның бәрі де реалист жазушыға жарасапайтын жәйттер» – деп нақты мысалдар келтіре отырып, автордың санаға сыймайтын «асыра сілтеулеріне» қынжылады, тіпті, кейде осынысын қаттырақ айтып, «сойып» салады. («Шоқан басталар шақ» мақаласы).
Сол секілді Ғабит Мүсірепов шығармашылығы туралы: «Оянған өлке» романы жазушы творчествосындағы аса ірі белес. Бұл шығарма художниктің ұзақ жылдардағы ойлануының, ізденуінің, өз халқының өткені мен бүгінгісіне, болашағына толғана ой жүгіртуінің жемісі, – дей келіп, осынау сөз зергерінің де олқы тұстарына тоқтала кетеді: – Жазушының шеберлік әдісіндегі бір кемшілігі – аллиторация қуып, сөздің жеңіл, екпінді ырғағымен ой тоқтаттырмай дедектетіп әкететіні. Әдетте прозада дыбыс, ырғақ қуаласа ой жағы олқыланып қалады». («Биік белесте» мақаласы. Мұндағы бір тосын дерек Ғабең ғұмырбаянының қалтарыс-қыры жайында: «Ғабит отызыншы жылдары бірнеше повесть бастайды. Әртүрлі себептермен сол басталған повестері аяқталмай қалады. Сол повестердің аяқталмауына негізгі себеп болған жазушының әлі де шеберлігі жетіспеуі, алған тақырыбын меңгеріп алып кетерліктей ой-өрісі, білім биіктігі жетпеуінен сияқты»).
Бұл орайда тоқтала кететін жәйт – жинақ авторының белгілі нысанды сынға алғанда оны мінеу үшін емес, көзқарасын іске шынайы жанашырлықпен білдіретіні, адал ниеті анық байқалып тұрады. Және жеке пікірді ешбір күлбілтелемей, батыл түрде бетке айтқаны аңғарылады. Мәселен, аталған сын-ескертулерді Сәбит Мұқановтың да, Ғабит Мүсіреповтің де оқығаны даусыз. Соған қарағанда, Тахаң жоғарыдағы «Абай жолы» романына қатысты ойын кезінде Мұхтар Әуезовтің де өзіне ашық білдірген-ау деп топшылаймыз...
Әлбетте, Тахауи Ахтановтай тұлғаның тырнақ астынан кір іздемейтіні, ауызды қу шөппен сүртуге құштарланбайтыны, қайта, ұлттық руханият көкжиегін кеңейтетін тәуір шығарма көрсе соны өзі жазғандай қуанатыны түсінікті. Әйткенмен, «Өсу жолында» деген мақалада бірқатар тәуір дүниелерге тоқтала келіп: «...жақсы нәрселер бар. Бірақ... Осы «бірақ» оңай «бірақ» емес. Көптеп шығып жатқан сүреңсіз кітаптарды, шалажансар туындыларды да айтпай-ақ қоялық. Белгілі стандартқа машықтанып алған, қарадүрсінмен төпей беретін жазушыларды да былай шығарып қоя тұралық. Ал жалпы прозамыздың, яғни оның танылған немесе жаңа танылып келе жатқан талантты өкілдерінің іздену жолы қалай? Осылардың әрбір туындысы әдебиетке шын жаңалық болып келіп жатыр ма? Дәп осы араға келгенде, ай, қиналып қаламыз» – деп бас шайқайды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл ой да жақсылық ешқайда қашпас, алдымен кем-кетігімізді азайтып, көркем әдебиет деңгейін түсіріп дағдыланбайық деген тілектен туындайтыны анық. Әйтеуір, ешқашан үстірт байлам жасай салмайды, жауапсыз сөйлемейді; өзі егжей-тегжейлі зерттеп, жанын ауыртып, ұзақ толғанған жәйттерді ғана қузайды. Сондықтан шығар, әрбір уәжі көкейге қона кетеді.
Әдетте біз «әлемдік әдебиет, дүниежүзілік кеңістік» дегенді жиі айтамыз. Тахауи Ахтановтың аталған жинағындағы «Іздену, зерттеу – басты шарт» деп аталатын мақаласы сондай биік межеге лайықты кесек, әрі қызықты, ғибратты дүние. Автор мұнда тереңнен толғап, өзінің шығармашылық лабораториясы сырын ашады. Әр шығармасының қалай жазылғанын, жұмыс процесінде қалай ізденетінін, ағынан ақтарылып ортаға салатын мақаладан тек қазақ қаламгеріне тән мінез, ұлттық колорит аңғарылатындай. Одан соң ғаламға танымал жазушылардың өзі жұмыс үдерісіндегі құпияларын дәл мұншалықты аша қоюы неғайбіл. Тахаңның «Көп оқу, көп зерттеу керек. Бірақ өсу, жетілудің ең дұрыс жолы – көп жұмыс істеу. Өзге шебердің әсем өрнегіне қанша үңілгенмен, өз қолыңа аспап алмай тұрып өнерді меңгере алмайсың. Жұмыс үстінде жазушы шеберлігін ғана шыңдамайды, ойы толысып, өрісі ұлғайып, керек десеңіз, өмір тәжірибесі де молығады; кейде өз геройымен бірге жазушы да өседі деген рас сөз» деуі әрбір жас талаптың көкейге түйетін жәйі.
Әбіш Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» кітабынан да жеңіл ғана қарпып қарағанның өзінде ұшан-теңіз білімнің, мол даярлықтың лебін сезінесіз. Әрбір нысанын жетік игерген сыншы шығарма «тамырын» дөп басып, «диагнозды» сонша дәл қойып береді. Қысқа эссе деуге тұрарлықтай екі-үш сөйлеммен-ақ сипаттап отырады. Мысалы, Тәкен Әлімқұловқа «мінездеме»: «Әдетте тапшы талант талғампаз болмайды; ондайлардың жатса-тұрса ойлайтыны – барымен базар қылып, қатардан қалмаудың, кеуделеп болса да ілгеріден көрінудің қамы. Тәкен таланты тапшы болмаған соң да талғампаз. Оның еңбекшілдігі – бұрқыратып көп жазатындығы емес, не жазса да көп толғап, көп тебіренетіндігі... Ол – лирик. Оның бояу әлемі аса жұмсақ, аса нұрлы. Бірақ лиризм Тәкен әңгімелеріндегі драмалық кернеуді еш әлсіретпейді, қайта ол адам жанындағы шарпысқан шар тарап сезімдер мен ойлар қақтығысын – рухани драманы терең түсініп, нәзік жеткізуге, шығарманың гуманистік сипаты мен оптимистік үнін айқындай түсуге көп әсер еткен. Тәкен Әлімқұловтың жаңа кітабы оның әлеуметтік өмірді, адам жанын жетік біліп, жіті зерттейтін азаматтық көрегендігі мен өмірдің күрделі құбылыстарын, адам жанының қат-қабат шындықтарын жеріне жеткізе тереңдеп көрсете алатын суреткерлік тегеурінін айқын таныта алған туынды». Сол секілді Тахауи Ахтанов шығармашылығы жайындағы лебіз: «Т.Ахтанов ұшқары көзге соншама интимдік көрінетін оқиға-құбылыстардың өзінен-ақ адам психологиясының үлкен-үлкен әлеуметтік астарын танытып тастайды». Олжас Сүлейменов жөніндегі пікір: «Олжас – сыршыл. Ол, бірақ, сыршылдықтың тілі – күйректік, күңгірттік деп білмейді. Ол қасіретті де найзаның ұшында кеткен қаһарманның әлі кеппеген, шылқыған қызыл қан көйлегіндей қылып, алаулатып жырлайды. Ол нені айтса да, осы от жалын тілінен айырылмайды»...
Мұнда да оқушыны айрықша тартатын тосын ой, ұтқыр шешім жеткілікті. Айталық: «Кино мен футболдың, эстраданың жұлдыздарындай ақындар да, өлеңдер де модаға айнала бастады. Жұрт бүгін мына ақынды мақтаса, ертең оны көзге ілмей, іле-шала екінші ақынды мақтайтын болды. Осының бәрі неліктен?» деген сауал тасталады. Осы ойдың жалғасындай: «Сыншылардың міне туады, әне туады деп күтіп жүрген ақындары, әрине, жаңа Пушкин немесе жаңа Маяковский... әйтеуір, солар тектес бір ұлы. Прозада да жаңа Толстой мен жаңа Чеховты күтіп жүрген жай бар. Ал Пушкин тұсындағылар тек жаңғыз-ақ соған табынып па екен? Жоқ, ол кезде де әркім өз әулиесіне мінәжат қылған көрінеді. Толстой өлгенде орыс шаруалары осындай бір жақсы адам өліпті, оның не істеп, не қойғанын біз білмейміз деп журналдарға хат жазған. Рас, ол кезде шала сауатты Россияда кез келген кісі Пушкин мен Толстойдың кім екенін біле бермеген. Ал қазіргідей сауатты ел жаңа Пушкин шықса бірден таныр ма еді... Кім біліпті!» деген мәселе әлі де «күн тәртібінен» түсе қоймағаны анық.
Автор «Өлең көкжиегі» деген мақалада жас ақындар (әлбетте, сол кездегі. Сөз ретінде айта кетейік, аталған кітаптары шыққан кезде Тахауи қырық алты жаста, ал Әбіш – отыз үште екен. Қ.М.) – Қайрат Жұмағалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Жанғали Набиуллин, Кеңшілік Мырзабеков, Темірхан Медетбеков, Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Мұхтар Шаханов, Еркін Ібітанов, Тұрсынзада Есімжанов... жырларын терең талдап, анализ жасайды. Виссарион Белинскийдің: «Думать, что поэта составляет один талант – значит грубо ошибаться. Разумеется, прежде всего поэтом делает человека талант; но к этому также необходимы еще и характер, и образование, и направление, которые зависят от общества, среди которого является поэт» деген сөзін келтіріп, әдебиет әлемінде қанаттасқан дарынды іні-қарындастарына ой бөлісіп, бағыт-бағдар сілтейді. – «Демек, қоғам және ақын – поэзияның ежелгі болмысы. Ақынды қоғам талабы өсіреді. Ақын поэзияны өсіреді. Қоғам талабы өзінен-өзі даритын күн нұры емес. Тіпті, өсімдік екеш өсімдік те топырақ құнарын жер қойнынан өзі тартып, өзі сіңіреді. Ақын да қоғам талабын үлкен рухани белсенділік, творчестволық ізденіс үстінде игереді. Белинский қоғамның ақынға ықпал жасайтын жолдарын санап та береді. Мінез-құлық, білім, бағыт... Әрине, қоғамның суреткерге ықпал ету жолдары жаңғыз бұлар ғана емес, өнер үшін, яки өнерпаз үшін бір-ақ өмір бар, ол – ізденіс, үздіксіз іздеу, табу, ашу. Бұдан жалыққан жерде әуелі өнердің күні, сосын өнерпаздың күні таусылады. Өнерге тек осындай қатал тағдырдың тезіне шыдауға тегеуіріні жететін нағыз ержүрек адамдар ғана келуге тиісті... Өнерде «өлі нүкте» болмайды. Онда тек кемелдену мен кері кету ғана бар. Мұны жас ақындарымыз естерінде мықтап ұстауы қажет»...
Жинақтағы «Сын неге сынала береді?» деген мақалаға қарап отырып, бұл жәйттің де күні бүгінге дейін жауабы табыла қоймағаны еске түседі. «Қазақ сынының бойына кемел ұйымдастырушыға тән көрегендік, байсалдылық, орнықты құлық әлі қалыптасып болған жоқ, – дейді автор. – Сынды субъективизм жайласа, әдебиетті сапасыздық, сұрқайлық жайлайды. Өйткені субъективті сын дау-дамайсыз жүрмейді. Ондай ит-ырғылжың даудың тұсында сойыл да, шоқпар да екі-үш шығарманың үстінде болады да, талай олқы, талай кеміс тым-тырыс жата береді. Әдебиеттегі кездейсоқ элементтердің субъективті сынды жанындай жақсы көретіні сондықтан... Дилентантизм мен дүмшелік – қашанда іріткі күш. Олар өздері бір қосылып өмірдің еш құбылысына төтеп бере алмайды. Сондықтан олар өміршең тамырларға жармасады»...
Бұл, әсіресе, бертінде «гүлдене» түскен жағдай шығар.
***
«Керуен» мен «Дәуір мен бетпе-бет» өзіммен бірге үйден шыққаннан бірталай уақыт аралығында Өзбекстан, Тәжікстан жерін ендей өтіп, кезінде Тахауи Ахтанов қарсы соғысқан немістің Веймар, Эйзенах, Вайсенфельс қалаларында иықтағы қапшықта жүрді. Бұлардың да өз «тағдыры» бар екен. Кейінірек қолды болған. Сөйтсем, әскерден қайтқан сарбаздар, өзге ұлт өкілдері болса да, жоғалтқан кітаптарының орнына өткізген көрінеді. Полк кітапханасының әкімшілігі шығынды орнына келтірмесең кету қағазына (обходной лист) қол қоймайды. Алайда сонда барған сайын көзіме оттай басылатын бұл дүниелерді бір күні тағы да таппай қалдым. Енді қазақ балалары әкетсе керек. Сыртта жүргенде, кәдімгі суға шөлдегендей, ана тілінде кітап оқығың келіп, қатты аңсайтын кездер болады. Демек, кітаптарым кәдеге жараған екен деп қуандым.
Эстетикалық-сын жанрындағы суреткер мен оқырман арасындағы алтын көпірдей кітаптардың шығармашылық тұлға қалыптастыруға ықпал етуімен қатар қоғам өмірінде де елеулі орын алатыны даусыз. Бұлар кісіні нәзік талғампаздыққа тәрбиелеп, ойды екшеуге, дүниетаным аясын кеңейтуге баулиды; қазақша айтқанда, көзіңді ашады.
Қазір дәл осындай кітаптардың аса қажет екені, парасатты, сарабдал ойдың жетіспейтіні туралы ойлайсың. Сондықтан бұларды қайталап шығарса да артық болмас еді.
Әрине, аталған еңбектердің де кем-кетігі кездесуі әбден мүмкін. Тахауи Ахтанов кейінгі сұхбаттарының бірінде: «Сынды да аз жазғамыз жоқ. Талай әріптестерім теріс қарап кеткен сәттер де болды. Қайтесіз, бәрі де әдебиеттің, өнердің тазалығы үшін айтылған пікір ғой. Кейде пендешілікке басып «Абай жолымен» маңайлас, тетелес шығарма жазған деген де кезіміз болған» депті. (Арыстан жалды заңғар жазушы. – Алматы: «Білім» баспасы, 2013. –512-б.).
Қазір қазақ әдебиетін осынау адамдарсыз елестете алмайсың. Бұлардың қаншалықты алып тұлғалар екенін уақыт өте келе сезіне түсетіндейсің.
Бір өкініштісі, екі кітаптан алған әсерді авторларына көзі тірісінде айта алмаппын.
Ойға келмепті.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
жазушы
Бөлісу: