Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы 50 жаста

Бөлісу:

20.10.2018 6452

«Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі көркем әдебиет сыншысы, публицист Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті.

Алаш жұртына Амангелді Кеңшілікұлының есімі қарымды қаламгер, сұңғыла сыншы ретінде бұрыннан белгілі. Оның Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Кеңшілік Мырзабеков, Рахымжан Отарбаев сынды қазақтың марқасқа ақын-жазушылары туралы жазған ой-толғамдары оқырманның жадын жаңғыртып, әдебиеттің ғажайып әлеміне жетеледі.

«Әдебиет порталында» Амангелді ағаның әлем әдебиеті туралы жазған мақалалары жарияланып келеді. Мәселен, «Кафканың үйі» (эссе), «Гогольдің өлімі», «Абай мен Бельгер» секілді тың толғамдар оқырманның рухани азығына айналып, парасат пайымын биіктетті.

Қаламгердің 50 жылдық мерейтойына орай өткізілген іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кешке арнайы келіп, мерейтой иесін құттықтады.

Кешті танымал сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жүргізді. Алғаш болып құттықтау сөз алған Мәулен Әшімбаев өз әкесі Сағат Әшімбаев пен той иесінің әкесі Кеңшілік Мырзабековтің арасындағы достыққа тоқталды. Сондай-ақ, ол Амангелді Кеңшілікұлының қазақ әдебиеті айдынындағы орны ерекше екеніне назар аударып, әдеби сыншылық аясы кең өнер екенін тілге тиек етті.

«Амангелді Кеңшілікұлы әке ізін лайықты жалғап, қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Оның сын жанрындағы еңбектері мен эсселері өзінің терең мазмұнымен оқырмандарды қалың ойға жетелейтіні сөзсіз. Өкінішке қарай, қазір қазақ әдебиетінде сыншылық жанры бұрынғы деңгейінен төмендеп кеткені жасырын емес. Кезінде Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев сияқты үлкен жазушыларымыз қалыптастырған дәстүрді бүгінде санаулы жандар ғана жалғастырып келеді. Бүгінгі мерейтой иесі солардың бірі де бірегейі деп ауыз толтырып айтуға әбден болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, сахна төріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, бүгінгі қазақ әдебиетінің қайнар бұлақтары Төлен Әбдік пен Қажығали Мұханбетқалиұлы бастаған қаламгерлер шығып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады.

Кеш барысында осы мерейтойға арнайы келген танымал ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаламгер туралы ізгі лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Айта кетейік, Амангелді Кеңшілікұлының мерейтойы республикалық көлемде аталып өтуде. Бұған дейін Атырау, Қостанай, Түркістан облыстарында арнайы кештер ұйымдастырылып, оқырмандарымен кездесті.

Суреттерді түсірген: Нұрлан Нұрышев

аdebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар