Ыбырай Алтынсариннің ғибратты әңгімелері

Бөлісу:

02.11.2018 122566

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.

Үнді

Үнді жұртының бір адамы бір жақтан үйіне қайтып келсе, үйдің қасындағы ағаштың басына кептіруге іліп қойған еті жоқ. Ағаштың айналасын әбден жүріп, қарап болған соң, орамға шығып жолай дауыстап сұрайды:


- Аласа бойлы, қолында қыскантақ мылтығы бар, соңында тарақ-құйрық кішкентай иті бар, бірі қарт адам көрдіңіз бе? - деп.

Бұл кісіні әркім көрген екен, сілтеумен барып тауып ұрысын ұстапты-мыс. Ауылдас адамдары үндіден «ұрының түсі-түгін қайдан білдіңіз» деп сұрасыпты. Сонда үнді айтты дейді:


- Ұрының аласа бойлы екенін білгенім, менің қолыммен ілген етімді, ол ағаштан аяғының астына тас қойып, соның үстіне шығып алыпты. Қарт екенін білгенім, жүргендегі ізінен байқадым - адымының арасы тым жақын екен. Мылтығының қысқа екенін: етімді ұрларда, мылтығын ағашқа сүйеп қойған екен, сонда мылтықтың аузы ағаштың кішкене қабығын жырып кетіпті, жер мен сол жырылған қабықтың арасынан шамаладым. Ұрының қасында иті бар екенін, және ол иттің өзі кішкентай, құйрығы тарақ-кұйрық екенін білгенім, етімді ұрлап жатқанда, ит анадай бір кұмайтырақ жерде отырған екен; соның құмға түсіп қалған ізінен, және былғаңдатқан құйрығының табынан байқадым депті-міс.

Қанағат

Әзірет Әлиден бір жұт келіп сұрады дейді:


- Толық байлық қайтсең табылады?


Әли айтты:


- Қанағат ете білсең. Қанша мал көп те болса қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды; қанша мал аз да болса барына қанағат ете білсе, бұл адамның көңілі жайлы, тынышырақ болады; - соның үшін Әзірет Әлі,- байлық - қанағатта,- деді.

Тәкәпәршілік

Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесе келе жатып, алдында не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:


- Еңкей, енкей - деп.


Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:


- Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар; ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнанда артық неше соққылардан құтыларсың. Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:


- Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды; және көзіммен көрдім: басын жоғары көтерген тәжәппәрлердің нешеуінін, әлек болғанын - деп.

Түлкі мен ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып абайсыз да бір терең апанға түсіп кетіпті. Шығайын десе шыға алмай тұрғанда, ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға келіп, түлкіні көріп:


- Әй түлкі батыр, неғылып тұрсың? - депті.


Түлкі айтты:


- Ой неғыласын, батыр, жаным рахат тауып тұрмын: қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен,- деді. Мұны естіп ешкі мен де салқын су ішейін деп, секіріп апанға түскенде, түлкі-екең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, мүйізінен секіріп қырға шығып, жөніне кетті дейді.

Жаман жолдас

Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт, аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты: есітуі бар еді, аю өлген кісіге тимейді деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты:


- Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті?


Ауру айтты дейді:


- Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді,- дейді.

Алтын шеттеуік

Бір үлкен мейрам алдында, әкесі балаларын қуанту үшін үйіне әртүрлі жеміс алып келді. Леночка деген кіші қызы сол келтірген көп жемістің ішінде, сырты алтындаған шеттеуіктерге қызығып, соны маған бер деп қоймады.

Шешесі айтты:


- Бұл шеттеуіктер тек әдемілікке істелген, мыналарды ал,- деп, бөтендерін беріп еді, Леночка жылай бастады:


- Мен қара шеттеуікті алмаймын, алтын тыстысын аламын, оның ішіндегі дәні де тәтті шығар- деп.

Шешесі тіл алмайтын қисық баланың дегенін істегеннен артығы жоқ екенін ойлап, Леночкаға алтын тыстыларын, бөтен балаларына бөтен шеттеуіктерді таратып берді. Леночка қуанып шеттеуікгерін дереу шаға бастады, қараса, бірінің де ішінде дәні жоқ, бос қабықтар екен. Мұны көріп қасындағы балалар мазақтап күле бастады. Сондаатасы айтты:


- Бұл шеттеуіктер жеу үшін істелген емес, тек көзге әдемі көріну үшін қойылған; мен шеттеуіктердің бос қабығын алып, сыртын күміспен бояп қана қойып едім, екінші рет не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа, асылы ішінде болар,- деді.

Білгеннің пайдасы

Бір қарт ұста күні-түні тынбай іс соғып отырады екен. Оған көрші, заманындағы бір зор бай, Броун дегеннің баласы ойнап жүріп қызыққа күнде ұстаға келіп, іс соққанына қарап тұрады екен. Бір күні ұста мырзаға айтты:


- Төрем, қарап тұрғанша, тым болмаса, шеге соғуды үйренсейші, кім біледі, бір күндерде сол өнердің де керегі болар.

Бала нем кетеді деп, күнде мазаққа шеге соғып жүріп, бірнеше күнде жақсы соғуға үйреніпті. Мұнан соң бірнеше жылдар өткен соң, жұртында қатты жаугершілік басталып, Броунның мал-жаны таланып бітіп, өзі қатын, баласымен қашып шығыпты. Сонымен, ішерге-жеуге, киюге де кем-тар соғып, бір қалада жүрген уақытта, қаланың әкімі бұйрық шашты: әскерге көп етік керек, жақын жердегі қалалардың сататын мығы таусылды, мық даярласын, деп. Сонда манағы мырзаның мазаққа үйренген өнері есіне түсіп, патшалық етікшілерге хабар салды:


- Егер көп мық-шеге керек болса, мен пөдіретін аламын,- деп.


Етікшілер істеген мығын керіп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне дейін кемдік көрмей өтіпті-міс.

Баланың айласы

Бір әлім адам жапанда келе жатып, аяғы астында бір үлкен тасқа сүрініп жығылып, ойлады: бұл тас адамға зиян келтіретін тас екен, жолдан алып тастайын деп. Сол оймен тасты көтеріп еді, астынан бір сандық шықты, сандықты ашып еді, ішінен бір жылан шығып, шағамын деп әлімге ұмтылды, әлім айтты:


- Мен сені қараңғы, тар жерден, тұтқыннан шығардым, жақсылыққа жамандық бар ма?


Жылан айтты:


- Бар.


Әлім айтты:


- Олай болса біреуге жүгінелік, төре саған тисе шағарсың,- деп.


Жылан да бұл сөзге тоқтап, екеуі келе жатып, түйеге жолықты. Түйеге бұлар істерінің мәнісін айтып еді, түйе айтты:


- Жақсылықка жамандық бар; не үшін десеңіз: мен адамның қанша ауыр жүгін, мүлкін тасып, өмірімше қызмет істесем де, адам қай уакытта шамамнан тысқары жүк артады да, жүре алмасам ұрып-соғып ренжітеді.


Жылан мұны есітіп, әлімнің мойнына бір оралды. Мұнан шығып жеміс ағаштарына келіп жүгінді. Бұл ағаш та айтты:


- Жақсылықка жамандық бар; не үшін десеңіз: менің жемісіммен қанша адам күн көріп пайдаланып тұрса да, жемісімді жан ауыртпай қолымен алмай, түбімнен қатты орып, жемісімді жерге түсіріп алып жейді, - деді.


Жылан әлімнің мойнына тағы бір оралды. Онан кетіп бір итке жолығысты.


Ит те айтты:


- Жақсылыққа жамандық бар, мен иеме қанша түн-күн ұйықтамай мүлкін, малын, өзін бағып қызмет қылып едім, ақырында мен қартайып аурулы болған соң, таяқтап ұрып мені қуып жіберді,- деді.

Жылан және бір оралып, енді шағамын деді.


Әлім айтты:


- Енді тағы біреуге-ақ жүгінейік, төрелік тағы саған тисе, шаға бер.


Сонан шығып бір топ ойнап жүрген балаларға келді. Ішінде бір бала әлімге сәлем берді. Әлім сәлемін алып, сол балаға істерінің мәнісін айтты.


Бала есітіп болып:


- Әй, ата, бекер сөйлейсің осы қолыңдағы кіп-кішкентай қобдиға мойныңа үш оралған әйдік жылан сыюшы ма еді? – деді.

Сонда жылан да айтты:


- Бұл сөз рас,- деп.


Бала тіпті нанбады, «бұл сөзге көзбен көрмей кісі нанып болмас» деп. Сонда жылан баланы нандыру үшін иіріліп барды да, манағы қобдиға кіріп жатты. Бала сонда тарс еткізіп сандықты жауып бекітті де, Әлімнің қолына берді, «апарып алған орынңызға қойы-ңыз» деп.

Дүние қалай етсең табылады

Француз жұртының бір білімді адамы жазады:


- 1791 жылда, өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған сон, бірге келе жатқанымызда, әдетше манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады.

Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:


- Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді, сөйтіп тұрып мұндай жаман іспен өзінді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшілік қылғаным жоқ; елден, қала-қаладан қыдырып жүріп, әуелі боқтық, салам арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жыйып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабриктерге сатып, соныменен азды-көпті ақша болған соң бір есек, бір арба алдым, мұнан соң әуелі аздап, бара-бара кебірек, әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім. Жасым жас, ісіме нық, жинақты және еріншектікті білмегеннен соң, осы күнде екі әйдік тас жұртым бар, фабрикамды балама бердім, үмітім бар, балам да аштық көре қалмас деген. Себебі: баламды да жасынан бос жүруге, еріншектікке, қиналмай мал табуға үйретпедім. Осы айтқанымша машақаттанудан қашпасаң, сен де бай боласың Антон,- деді де, жөніне жүріп кетті.

Антон бұл сөздерді есіткен соң терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып тұрып қалды.


1815 жылда Брюссель деген қаладан өтіп бара жатып, бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкеннің ішінде бірнеше приказчиктерге олай-бұлай етіңіз деп, бұйырып тұрған бір купецтің кескіні көңіліме таныс реуішті көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды-тұрды да, қасыма келіп айтты:


- Айып етпесеңіз сұраймын, мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқу оқып жүріп, жұма сайын Версальдегі үйіңізге барып жүрген жеріңіз бар ма еді?


Сонда ойыма түсіп, таң қалып:


- Сен Антонбысын? - дедім.


- Ра-с,- деді Антон,- мен сондағы көрген тіленші Антоныңыздың өзімін. Сол жүргеніңіздегі бір күн қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме кіріп кетіп, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім, ісіме нық, малыма күтімді болдым; ақырында, сол кісінің айтқаны келіп, мінекей, осы зор дүкеннің иесі болдым,- деді.

Байұлы

Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына, біреу атына мінгенде. бір бала жыламсырап қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып:


- Сен неге атыңа мінбейсің? - деді.


Бала қамығып:


- Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, - деді.


Сонда Байұлы аттан түсіп жаяу әкесіне барып:


- Мен атқа мінгенде, ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем сіз ұрыспайсыз ба? - деді.


Әкесі:


- Кімге бересің? - деді.


Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп:


- Тайыңды кімге берсең де ерік өзіңде,- деді.


Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп, көп балаға қосылды. Сол уакытта бір аксақал жақсы кісі қонақ болып жатыр екен, Байұлынын әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді:


- Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер.- деп.

Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру сонан болды деседі.

Айуанның естесі көп бірақ адамдай толық ақылы жоқ

Ит адамға шын дос жануар. Дүние жүзінде иттің неше атасының ұлы бар: біреуі қора, біреуі үй күзетеді, біреуі малшы орнына мал бағады, біреуі аң, құс алып береді, біреулері, тіпті, ат орнына жегіліп те жүріледі; бұлардың бәрін де екінші кітапта уақытымен айтармыз. Англия жұртының ең үлкен Лондон деген қаласында өрт болған уақытта, күйіп жатқан үйдің ішінде қалған балаларды алып шығуға үйретілген иттер бар. Соның біреуі Боб деген ит он екі баланы өрттен алып шығыпты. Бір күні бір үй жанып, өрт сөндіргіш адамдар келген уақытта, бір қатын жылап тұрды, балам жанып жатқан үйде қалды деп. Өртшілер әлгі Бобты жіберді: Боб баспалдақпен үйге кіріп, түтін ішінде жоқ боп кетіп, біраздан соң баланы көйлегінен тістеп қана алып келді. Шешесі қуанып баласын алды, өртшілер иттің өрт шалған жері жоқ па деп қарап тұрғанда, Боб өршеленіп жанған үйге қарай тағы ұмтыла беріпті. Өртшілер ойлады шамасы үйде тағы бір бала бар шығар деп; сонымен Бобты және қоя берді. Біраздан соң Боб, ауызында бір тістегені бар, үйден жүгіріп шыға келді. Қараса, әкелгені бір үлкен қуыршақ екен.

Ізбасты

Қыпшақ Ізбасты би, он жасар күнінде көш үстінде көп адаммен бір түлкі қуысып, бәрінен бұрын жетіп түлкіні соғып алды. Артынан келген жасы үлкен кісілер түлкіңді бізге байла деп еді, Ізбасты бермеді. Қазақшылық әдетте жасы үлкенге мұндай соғып алған түлкіні байлаушы еді, мынау бала бізге байламайды деп, заманындағы ханына арызға келісіпті. Сонда Ізбасты ханға айтты дейді:


- Ойдан қашты бір түлкі, тауға қарап демалмай, жабыла қудық кеп кісі, бәрі де қалды ере алмай; сол түлкіні кім алар, жалғыз жеткен мен алмай; ағайыннан дұшпан жауым жоқ, алдына салып айдап жүр, алтайы түлкі көре алмай; ұялып, тақсыр, жүрмеңіз, мұның төресін оңдап бере алмай.

Жамандыққа жақсылық

Қызылбас патшасынын, Абдулла деген уәзірі бар еді. Соның заманында жұрт бұзылып, бір күн уәзір патшаға келе жатқанда халық қамап: - «Дегенімізді істе, істемесең өлтіреміз» деп, ішінде бір батырырағы уәзірді сақалынан алып жұлықты. Уәзір ашу етпеді, бұлардан шыққан соң патшаға барып, жұрттың тілегін беріңіз деп өтініп тілегенін патшадан алып берді және өзінің көрген кемшілігі үшін ешкімге жаза бермеңіз деп оны да тілеп алды. Ертеңіне уәзірге бір саудагер келіп:


- Тақсыр, кеше сізді ренжітіп сақалыңыздан жұлыққан кісіні айтайын деп келдім, ол Нағым деген менің көршім еді, алдырып жаза беріңіз, - деді.

Бұл сөзді есіткен соң уәзір саудагерді қайтарып, Нағымды шақыртып алды. Нағым: «Менін кешегі ісімді біреу айтып танытқан екен» деп, қорыққанынан үрейі кетіп, келе-ақ уәзірдің аяғына жығылды. Уәзір Нағымды жерден көтеріп алып айтты дейді:


- Мен сені жазаландыру үшін шақырмадым, бірақ, көршің саудагер жақсы кісі емес екен, сенің білместігіңді маған келіп айтты, екінші рет ол көршіңнен сақтанып жүргендей екенсін, соны айтайын деп шақырып едім, енді аман бол! - деп ішкергі үйіне кіріп кетті дейді

Бір уыс мақта

Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына отырып, ақыл айтты:


- Балам, дүниедегі жаратылған жәндік-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды,- деп.

Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімін жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:


- Әже, осы қиқымның ешнәрсеге керегі бола қалмас, - деп.


Шешесі:


- Балам, сол да жерде қалмайды,- деді.


Осылайша сөйлесіп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтеріп ұшырды, мұны бір торғай көріп қуып барып, мақтаны тұмсығына тістеп қана алып, ұшып кетті.

Қыз әжесінен:


- Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады? - деп сұрады.


Әжесі айтты:


- Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді,- деді.

Бақша ағаштары

Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.


- Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? - деп сұрады баласы.


- Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы.


- Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы.


- Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.

Асыл шөп

Злиха мен Бәтима деген біреудің қызметінде тұрған екі қыз бала төбесине бір-бір жәшік жеміс көтеріп қалаға келе жатыпты-мыс. Злиха ахлап-ухлеп шаршадым дел, Бәтима күліп, әзілдесип келе жатады. Сонда Злиха айтты:


- Сен неге мәз болып қуанып келесің, төбеңдегі жәшіктің ауырлығыда менің басымдағыдан кем емес, өзіңде менен күшті емессің?


- Мен жәшігім ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым деді Бәтима.


- Ай, ондай болса шөбіңнің атын айтшы, менде ауырымды жеңілдетейін - деди Злиха.


- Ол шөп сенің қолыңа түспейме деп қорқамын аты: сабыр деген - деді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар