Мәшһүр мұрасы хақында

Бөлісу:

06.11.2018 12271

Қазақ әдебиетінде дидактикалық сарында жазылған шығармалардың тәрбие құралы ретіндегі мән-маңызы зор. Олардың басым көпшілігі адамзатты ізгілік пен адамгершілікке шақырады, имандылық пен көркем мінезге баулиды. Әдебиеттің ежелгі мұралары «Күлтегін» мен «Тоныкөк», «Оғызнама» мен «Қорқыт ата кітабы», Жүсіп Баласұғұн мен Әл-Фарабидің даналық өсиеттері, Йассауи бабамыздың хикметтерін көкірек көзімізбен үңіліп оқысақ, санамыз бен рухымызға қажетті нақылдардың інжу-маржандарын кезіктіре аламыз. Мәселен, Жүсіп Баласұғұнның «Құтты білік» еңбегінде дана билеушінің образы сипатталады. Кітапта оның бойында әділдік, мейірімділік, жомарттық, көрегендік, кеңпейілділік сынды көптеген асыл қасиеттер жинақталады деп баяндалады. Ал ақиқатында ақыл таразысына салып пайымдасақ, тек патшаның бойында емес, әрбір адамның жүрегінде жоғарыда аталған қасиеттер болуы міндет.

Осылайша ежелгі рухани қазыналарымыздан бастау алатын дидактикалық шығармаларды бүгінгі күні оқып-үйрену, ұрпақ тәрбиесінде көмекші құрал ретінде пайдаланудың қажеттілігі туындап отырғанын көре аламыз. Әсіресе, бүгінгідей ұрпақ тәрбиесінің шегесі босап, жұрт рухани уызға зәру болған шақта ауадай қажет...

Әдебиеттің ұлы тұлғалары Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасын жеке-жеке тақырып бойынша сараласақ, үлгі мен өсиетке, тәрбие мен тағылымға құралған туындыларын бөліп қарастыра аламыз. Бұлар ХХІ ғасырда да өзегін жоғалтпаған құнды мұралар. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп есімдерінің бірге аталуының сыры тереңде. Себебі қазақтың үш алып тұлғасы да ұлттық ойлау жүйемізді сақтап, дініміз бен дәстүріміздің берік сабақтастығын бұзбай бүгінгі ұрпаққа табыстаған ұлылар. Алаштың үш ғұламасының еңбектері ғылыми зерттеулермен пара-пар. Себебі бұл еңбектерде дінтану, жантану, тәнтану, педагогика, психология, тарих, этнография сияқты көптеген салалар қамтылып, түрлі сауалдарға нақты жауаптар берілген.

Әсіресе, «Рухани жаңғыруға» бет бұрып отырған бүгінгі таңда Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп мұраларын оқып-танудың маңызы артып келеді. Заманның өзі осыны талап етуде деп айтсақ қателеспейміз.

Бұл ретте заманынан озып туған ұлттың аяулы перзенті, сұңғыла білімі мен білігі арқасында әулиелік деңгейге жеткен ғұлама философ, әдебиетші, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығына тоқталуды жөн көрдік. Жастайынан алғыр зейінімен ерекшеленіп, шаршы топта әділ сөз айтқандықтан қалың көпшілік оның есіміне Мәшһүр деген атты қосақтап айтқан. Міне, еліне, жұртына ардақты Мәшһүр Жүсіптің өнегесі мен өсиеті, қадірі мен қасиеті әлі де халықтың жадында. Оның тәлімін ұлтымыз әлі де тұтынып, қажеттілігіне жарататыны сөзсіз.

Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағында әдеби мұрасы тақырып бойынша жинақталған. Оның ішінде айрықша зерттеуді талап ететін 11, 12, 13-томдарында ғұламаның қара сөз үлгісіндегі еңбектері мен мақал-мәтелдер, шежіреге қатысты деректер, нақыл сөздері мен мақал-мәтелдер топтастырылған.

Оның ішінде тәлімі зор туындылары «Ғылым-білім» туралы әңгімелер деген атпен ұсынылған. Бұл әңгімелерде ғылымның пайдасы, көркем мінез, жантану, тәнтануға қатысты көптеген тағылымды ойлар айтылған. Идеясы жағынан ғылым-білім әңгімелері Абайдың қара сөздерімен үндес, мағыналас болып келеді. Екі дана да ғылымды Алланы танумен байланыстырады. Бұл орайда Мәшһүр де, Абай да жүрекке жеткен білім ғана шын білім екендігін айтады. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп: «Ғылым-білім немен болады? Әуелі жаратушы Құдай тағаланы танумен болады» дей келе, Құдайды тану дегеніміз алдымен адамның өзін тануы деген пікір білдіреді. Абай 38-қара сөзінде де ғылымның пайдасын айтқанда осы мәселелерді сөз еткені белгілі.

Сонымен қатар «Ғылым-білім» әңгімесінде адам жаны мен тәні арасындағы байланысты терең философиялық ой-тұжырыммен түсіндіреді: «Дене – бір қараңғы үй, жан – ол үйді жарық қылып тұрған нұр. Біреудің жаны сығырайып зорға жанып тұрған шырағдан сықылды. Кейбіреудікі май шам сықылды, кейбіреудікі тас шам сықылды. Кейбіреудікі – керосин майының жарығы сықылды. Кейбіреудікі – онан да жарық: машинамен жағылатын электрі бар жарық сықылды...» Бұдан ғылымды меңгерген адамның жаны нұрға толы болып, басқалардан дараланып тұратынына көзіміз жетеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жанмен қатар, дене яғни тән туралы да сөз етеді. Екеуінің ажырамас байланысы туралы тың тұжырымдар келтіреді. Мәселен, адамның дұрыс өмір сүруі үшін: таза ауа, жақсы тамақ, қозғалыс, ұйқы, жақсы көңіл күй, ашудан аулақ болу қажет екенін айтады. Осы алтауы адамның саулығы мен амандығын қамтамасыз ететін қасиеттер деп түйіндейді автор. Бұл ойларға заманауи көзқараста мән берсек, бүгінгі іскер қоғамның кәдесіне қажетті пікірлер екенін көреміз. Бұндай сипаттағы сөздер қазіргі таңда батыс психологтарының кітаптарында көп жазылады. Ал Мәшһүр бабамыз болса бұны ХХ ғасыр басында айтып кеткен болатын. Демек, біз өмірімізге қажетті ілімді сырттан іздемей-ақ, Мәшһүрдің еңбектерінен оқып алуымызға мүмкіндік бар екенін ескеруіміз керек. Бұл тағы бір мәрте ғұлама еңбектерінің өзектілігін дәлелдейді.

«Ғылым-білім» туралы әңгімелердің келесі бір тобы мінез түзету хақында. Адамға білім қалай қажет болса, үлгілі тәрбие де соған сай болуы тиіс. Мәселен, бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіп былайша жазады: «Ғылым-білімнің ең әуелгі пайдасы – хұсен, құлық тахсылы дүр. Адам өзін көркем мінезге үйрету керек. Бұрынғы өткен ғазилер: «Мұсылман ұғлыға жақсы қылық қыл, тіліңді хош, шырайыңды жылық қыл. Ағуздан саш (шаш), ерінде дүрр миғыны. Егер ол болмаса: «Хамуш илайғыны». Қазақша переводы: «Сөз білмесең, үндеме//Шығанақта тұрарсың!» Аталған тұжырымда көркем мінездің басты белгілері жақсы қылық, әдепті сөз, жылы шырай деп атап өтеді автор. Сонымен қатар көркем мінез ғылым-білім арқылы болатынын да аңғартады.

Мәшһүр Жүсіп көркем мінез туралы айтқанда, әдептілік жөнінде құнды пікірлер келтірген: «Ердің шарапатлы болуы – ғылым біліммен, әдепті болумен. Әдеп – діннің қақ жартысы. Әдепсіз болған соң, дін жарты болып қалады екен». Мінез немен бұзылады деген сұраққа автор былайша жауап береді: «Мінез бұзылғанда, ашуланшақ болумен бұзылады. Адам әуел бастан, құлын жастан ашуды жұтып үйрену керек. Мінезді екінші бұзатұғын нәрсе – күншілдік. Күншіл болудан күн бұрын аулақ қашып, алыс жүріп үйрен. Мінезді үшінші бұзатұғын нәрсе – қырыс дүние. Дүниеге махаббаты кеткен адам, көзі-соқыр, құлағы – саңырау болады. Мінезді бұзатұғын бұзғыштың бірі – тәкаппарлық. Мінезді бұзатұғын бұзғыштың бірі – нәпсіқорлық. Мінезді бұзатұғын бұзғыштың бірі – өтегендік, өрлік. Мұндай кісінің мінезі адыр-бұдыр келеді. Мінезді бұзатұғын бұзғыштың бірі – кінә сақтап, кекшіл болу. Бұрынғылар айтқан: «Қас жақсының өкпесі//Торғын орамал кепкенше.//Қас жаманның өкпесі//Басы жерге жеткенше!»

Білімі мен мінезі келіскен адам нағыз зиялы екені анық. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегенді айтқанда зиялының идеалды тұлғасын нақты түсіндірсе керек. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы білімді кісі алдымен халқына мінезі арқылы жағатыны туралы жазады: «Адам деген – бір жалаңаш нәрсе, оны жұрт көзіне киім түсіреді. Сонда мінез, ғақыл сөз болар киім есепті. Осылар көркем болса, жұрт көзіне сүйкімді, көрікті көрінеді. Егер мінезі жаман болса, ақылы жоқ болса, сөз ретін білмей сөйлесе, киімі жаман кісі есепті болып, жұрт көзіне сүйкімсіз, жексұрын көрінеді».

Қысқасын айтқанда, ұлттың ұлы ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы дидактика мен өсиет сөзге бай. Бүгінгі күні ұлттың санасын ояту, ұлттық кодын анықтау мен тарихын тану үшін ұлы тұлғалардың еңбектерін оқып-үйренуі міндет. «Рухани жаңғыру» Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды алаш алыптарын танудан басталады. Өз тарихын жете білген елдің иек астындағы ертеңі жарқын болмақ...

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Бөлісу:

Көп оқылғандар