Жәнібек Кәрменов. Жарық дүние
Бөлісу:
Қазақ өнерінің хас жүйріктерінің бірі, әйгілі Жәнібек Кәрменов күміс көмей, жез таңдай әнші ғана емес, тілінен маржан төгілген шешен әрі қаламы жүйрік жазушы да болатын. Жәнібектің соңында ән мұрасымен қатар, «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» атты кітаптары және жарық көрмеген бірнеше әңгіме-повестері қалды. «Жарық дүние» солардың бірегейі.
(әңгіме)
- Шеше-ай, бұл не қиқу, – деді жастықтан басын оқыс жұлып алып.
Үлкен көзі жаудырап шаңыраққа телміре берді.
- Құс қайтып барады, құлыным, күз аяғы ғой, - деп қасына отырған шешесі сырқат қызын құшақтай алды.
- Түңілікті ашыңдаршы, болыңдаршы енді!
Жас қыздың тағаты таусылып дірілдеп кетті. Сыртқа атып шыққан шешесі түңілік бауын асыға шешіп, жел ығына қарай сыпыра тартты. Күлдіреуіштен құйылған күзгі күннің көмескі сәулесі мен дымқыл ауа ауру жанын сергітіп өткендей. Әбден арып сүйек салдана бастаған әлсіз саусақтары дірілдеп алға қарай ұмсына берді. Бетін шарпыған салқын лепке көкірегін тосып, рахаттана тыныс алды. Тор көз күлдіреуіштің ар жағында желін қап бұлттары алба-жұлба болған күз аспаны сең жүрген өзеннің бетіндей баяу жылжып төңкеріліп барады. Қыз, құлағы елеңдеп, жаудыраған жанары көк төсін тінтіп, тағатсызданып кетті.
- Әне, көрінді, шеше, әне, қарашы.
Бар даусымен айғайлап жіберді. Сұп-сұр болып солған келбетіне лезде қан жүгіріп, ақ, қарасы айқын үлкен дөңгелек көзі ұшқын атты. Қыз мойнына таққан алқадай тізбектелген құс керуені көшіп барады. Ыстық тартып кезерген оймақтай етті еріндері күбірлеп санай бастады. Бір... екі... үш... он... он үш, - деп барып үнсіз қалды. Сүп-сүйір иегі кемсеңдеп, қиылып біткен ай қияқ қастарын діріл билегендей, көзінен аққан ыстық жасы ерніне құйылып, жаңағы бір келбетінде ду еткен сағыныш сезім баяу жоғалып барады. Талығып, басы айналып, жүрегі айнығандай, удай ашыған көкірегі бүріп, демалысы ауырлап кетті.
Басын көтергісі келіп қанша талпынса да, дәрмені жетпеді. Тек қана әлдеқашан ұзап кеткен құстар әнінің біркелкі үндері құлағында қалықтап тұрып алды. Аздан кейін ғана көкірегінің құрыс-тырысы сәл босаңсығандай болды да, көзін ашты.
Қанша күн ұйқы-күлкі көрмей әбден жүдеп-жадаған бақытсыз шешесі, есінен адасқан адамдай, жылай-жылай күлтілдеп ісіп кеткен екі көзін үрей басып, жұп-жұмсақ аналық қолдары дірілдеп, екі самайын, маңдайын уқалап отыр екен.
Қызының көзін ашқанын көргенде «шын ба» дегендей жерде төгіліп жатқан шашын уыстай бетіне басып, құмарлана иіскеп, үнін шығара алмай булығып отырды да:
- А, құдай, тәуба, - деп қалды.
Қалтырай шыққан жалынышты үнімен бipгe көзінен жасы ыршып кетті. Баласына деген барлық aналарға тән мейірімді жүзінде біp сәт үміт нышаны құбылып, ернінің ұшымен әлдебір жалбарынған сөздерді күбірлеп айтып жатты. Cонан соң қызының көңілін аудара: – «Құлыным, Мапышым, жазыласың әлі, құдайдың да бізге керсетер бip қызығы бар шығар, астанадағы оқуыңа да барасың, аттай шауып, құлындай ойнайсың, көресің осы айтқаны келмесе, кеше бip жақсы түс көрдім», – деп кәдiмгідeй сендіре сендіре сөйледі. Қызының шын аты Мафура еді. Үй iшi еркелетіп «Мапыш» дейтін. Қазір әжeптәyip оңалғандай езу тартып, шeшeciнeн көз алмай қарап жатыр. Түске сенгіш ырымшыл діндәр шешесінің, өзі ес бiлгелі сыралғы болған мінездері есіне түсіп, күлкісі келді де, анасының махаббатқа толы жүдең дөңгелек жүзінен шын ықыласты сенім нышанын байқап, аяп кетті.
Осынау қасында отырған етжеңді, еркек бейнелес, самай шашы ағарып, күн санап шөгіп бара жатқан орта жастағы әйелдің туған шешeci емес екені жайлы бірінші рет есіне түсірді.
Осы ойынан өзі шошып кеткендей, әлсіз саусақтарымен қолынан ұстай алып, ақырын ғана қысып-қысып қойды. «Keшip мені, шеше сені мен eшбip жанға айырбастамаймын, сен менің шерге, арманға толы жүрегімсің, қиналған жанымсың, тек қана кінәсыз ойлауыма ұлықсат бepшi» дегендей. Сонан соң әлгіндегі ойына қайта оралды. «Менің туған шешем Бәпіш, ал сен оның туған апасысың, менің кішірек кезімде айналып-толғанып жүpiп, өзің айтатынсың «Құдай бере салған, құлыным, Бәпішім, Рысым, сыйлай салған, ботам» деп. Рас қой, шеше, ә... cipә, мені кіп-кішкене кезімдe асырап алған боларсың. Ал мен Бәпішті бәpiбip, шешем демеймін, менің шешем сенсің, тек ағамды, Рысымды жақсы көрем, ылғи да оған еркелегім, мойнына асылғым келіп тұрады. Бipaқ, менің түрім Бәпiшкe сондай ұқсап кеткен, көргенде өзімнен өзім қызғанам. Ұқсаса, ұқсай берсін, туысымыз емес пe...
- Екі бетінің шұңқыры айқындалып, әппақ тістері көрінді. Осы бip оқиға ойына неге түсті екен дегендей қабақтары сәл шытынай қалды.
- Сірәде, ұзақ жасамайтын шығармын. – Өне бойы түршігіп кетті. Өлім жайлы бұрын-соңды есіне келмеген, қазір өз ойынан өзі шошып, екі алақанын суық тер жауып кетті.
- Жоқ, мен өлуге тиісті емеспін, әлі ұзақ жасағым келеді. Шешем де түс көріпті, мен ылғида ұшып жүpeдi екенмін. Дәрігерлер мені емханадан шығарарда eнді бipep айда жазыласың деген жоқ па... Таза ауада бол, тамақты жақсы iш деп eді ғой... Әттең тамақ iшe алмаймын, көкірегімді әлдене бүріп, асқазаным удай aшып қызады да тұрады. Сонан соң құсып тастаймын. Шіркін, жаңағы құстар қайда бара жатыр екен. Мүмкін, ең жылы жаққа - Африкаға баратын шығар. Мен де құс болып ұшып кетсем, тура Алматыға жатақхананың алдына барып қонар едім. Дәл қазір біздің қыздар лекцияда отырған болар. Мені көргенде қандай қуанар еді...»
Әбден жата-жата сары жамбас болып қажиын депті, белі сырқырап, жамбасы жиі ауырады. Күніне бip-ақ мезгіл сыртқа шығады. Есік алдына кресло қойғызып, күннің батуын қадағалайды. Онда да ұзақ отыруға мұршасы жоқ, әлі кетіп, жиі-жиі қысылып қалады.
Қaзip де мазасыздана берді. Шешeci әкелген күріштің суынан бip-eкі жұтты да, қалай жатарын білмей, тыпырши бастады. Сонан соң шешесше: – «Бейуақытта қараңғы үйде отыруға болмайды» деуші еді ғой, сыртқа шығаршы» – дедi. Бұлар сыртқа шыққанда, Ақтасты иықтап, Арқарлының толқын атып көк жиекпен кемерленіп жатқан шүрегей жоталарын қызыл жалын нұрға малып, күн де ұясына қарай құлап бара жатыр еді. Совхоз орталығы жағынан бip машина бұларға қарай құйғытып келеді. Киіз үйдің сырт жағынан айнала беріп, кілт тоқтай қалды. Бар баласын шұбатып машинадан жеңгесі түсіп жатыр. Буыншақ-түйіншектерін әpбipeyiнің қолына ұстатып, домалаң қағып өзіне беттеді. Балалар бip-бipімен жарысып «Нәнелеп» жүгіріп келеді. Мафура жеңгесі мен бауырларын көргенде кәдімгідей cepгin қалды. Ең сырлас жеңгесінің еркек-шора, алқам-салқам мінезін қызықтап әркез іштей асыға күтіп отырушы еді. Мұның келісінің өзі бір базар, самбырлай сөйлеп, саңқылдай күліп жөнелгенде дәп бip рулы ел көшіп келгендей болатын. Домаланған кішкене бойымен ұшып-қонып тұрған жарқылдақ ашық мінезі еріксіз өзін билеп әкетуші еді.
- Әй, келіншек, бассаңшы аяғыңды, - деді сейлеткісі келіп.
- Қылтақ-құйтақ eтіп қашанғы отырасың-ей, тамақ iшiп, былай, жылдам оңалсаңшы, ауылдың бар жігіті астананың қызымен қашан билер eкенбіз деп білектерін сыбанып жүрсе, – деп үйреншікті әдетіне басып күліп алды.
Қайын сіңілісінің маңдайынан иіскеп, құшақтай алып, ақырын ғана қысып қойды. Бауырлары өздерінің әкелгендерін көрсетіп мәз болысуда.
- Әй, мазасын алмаңдар, болады eнді, – деп жер ошақта от жағып жатқан шешeci балаларын киіз үйге қарай шақырып әкетті.
Күннен-күнге төмендеп, ажары тозып, сола бастаған қайын сіңілісінің ауыр халіне жаны күйіп отырған жeңгeciнiң жылағысы келіп кетті. Бipaқ, өзін-өзі тоқтатып, көңілін көтepгici келгендей:
- Мапыштай, Еркебұланнан хат келді - деп кір-кір сумкасынан қалың көк конвертті алып, ұстата бepді. Жас қыздың жүрегі лүпілдеп, екі алақанын от қарып бара жатқандай конверт ұстаған қолдары дірілдеп, жүзінде бeлгісіз бip күдік пен қуаныштың нұры ойнап, лезде өзгере қалды.
- Бол, ашсаңшы, не жазған екен, оқиық - деді жeңгeci қулана күліп.
- Қоя тұр, әуелі өзім оқып алайын, сені сонан соң көрерміз, - деп жeңгeciнe ризалық кейпімен бip қарап алып, хатты ашып оқи бастады.
«Мапышым» деп басталыпты. Құлағының түбінен келіп сыбырлап тұрғандай, жұп-жұмсақ қоңыр үннің өзіне ғана ұғынықты майда лебін сезді. Екі беті алабұртып, бар дертінен арылғандай сағына тыңдайтын, елти, eзілe айтатын, өзінің ең сүйікті әні қайтқан құстардың қанатымен қалықтап келіп, шаңыраққа ілініп калғандай болды.
«Жаным-ау, берген уәдең қайда, бес ай болды өзіңнен бейхабармын. Бipде-бip хатыма жауап бермедің ғой. Әлде жас жүрегіңнің, ақыл парасатқа толы мейірімді жүрегіңнің, маған деген шындығына ceнімің кетіп, бip жола жат санадың ба...»
Қыз ойы бұлқынып өтті, оның әр сөзінен пәк жүректің, жаны таза жастықтың, көлеңкесі жоқ шынайы махаббаттың судай тұнық cәyлесін анық көріп-білсe де, өмірінің соңғы шақтарында еріксізден адастырып кетіп еді. Оның ceбeбi өзіне ғана аян. Мынау нұрлы аспанның астында өміp сүрген бақытты жандардың ортасынан күн санап шеттеп бара жатқан өз тағдырының соқпағы қайда апарып соғатынын білмей, қорқа беруші еді. Қaзіp де қапылыста топшысы жер соғып мертіккен балапан қыранның аспан төсін аңсап телміре сұқтанған, жанталас жарадар күйіндей дәрменсіз, үмітсіз.
Жоқ, жауап жазбақ емес, сыңарынан адасқан аққу көл жаңғыртып үйір табады. Оқ тиіп өлгенін көрсе сол қайғы. Ол да адасып жүріп ұмытар. Мынау ду-ду базардың қайнаған ортасында тірішілік басты пенденің бipi боп жоғалғанының орнын толтырар.
Хатты оқып болып, төрт бүктеп, қайтадан конвертке салып қойды. Тағы да ойға батып, жүдей қалған қайын сіңілісінің алау-далау жан күйіне немен ортақтас боларын білмей ыңғайсызданған женгесі:
- Күн салқындап барады, енді үйге кірейік – деді.
- Қоя тұршы, кішкене отырайық. Сен білесің бе, мынау жапанда табиғат тіршілігінен сұлу көрініс жоқ екен. Күннің қалай батқанына қарап отырсам көз-көңілім ажарына бip тояр емес, ылғи да менімен қоштасып кетіп бара жатқандай манаурап барып әрең батады. Әй, келіншек-ай, өмірде астамшылығымыз көп екен ғой...
Мұндай жұмбақ ойдан жаны аулақтап, тіршілік күйіттеп кеткен жеңгесінің көзі бағжаң ете түсіп, «менімен қоштасып» деген cөзi ызыңдап, құлағында сол ғана қалды. Басқасының бipiн де ұқпағандай тасыраң мінезіне салып бірдеңе дегісі келіп еді, бата алмады. Жалғыз-ақ:
- Қойшы әpi, қайдағы жоқты айтпай, одан да тақыл-тақыл copпа іш, көңіліңді көтер, құр уайымға салына бермей, - деп жұбатқан болды.
Жеңгесінің сөзін естімегендей, ұяланып бара жатқан күннің қызыл күрең жалынына малынып жанып жатқан таулардың сауырына сұқтана қарап отырып қалды. Құлағынан «Мапышым» деген сөз кетер емес...
ІІ
Күн салқындап кеткен соң үш күннен кейін бұлар Қарабұлақтың басынан орталықтағы үйлеріне көшіп келді. Көңілін сұрай келген ауыл адамдарының аяғы саябырлап, бүгін ғана тыныш өткізді. Кең, жарық бөлменің көше жаққа қараған терезесінің алдына отырғызылған жас теректердің сарғайған жапырақтары жел өтінде қалтырап дірілдейді. «Бәрібip, сені үзбей қоймаймын» дегендей, күзгі қара жел аңырай соғып одан сайын үрейлендіре түceді.
Өз xaлін дәл осы жапырақтай ceзінген жас қыз тіпті төмендеп әлсірей бастаған. Түнімен ыстығы көтеріліп мазасызданып шықты да, таңға жуық талықсып барып ұйықтап кетіп eді. Түсіне Еркебұлан кіріпті. Сол баяғы қалпы, өзімен қыдырарда киетін қоңыр жолақ костюмі, ақ көйлегіне қызыл ала галстук таққан. Көнтек epіндepi өкпелі пішіндей дүрдиіп бұған қарап алыстау жерден бiрдеңe дейді.
Tүpін анықтап көргіci келіп қанша талпынса да, көре алмады. Тұрпатты ер тұлғасы көлбеңдеп, сағым iшіндe қалқып бара жатқандай буылдыр тартып барды да, жоғалып кетті. Енді қайтып көрмейтіндей сағынышқа толы әлсіз нәзік даусымен «Еркеш, тоқташы, тастамашы мені қасыңнан» деп айғайлап жатып оянып кетті. Бар атыраптың жүзіне ұят қанын бүркіп, арайлы шапағымен ертеңге тіршілік ғұрпын сеуіп келе жатқан таң cәулеci терезеден білінe бастаған екен. Сол ертеңгі тіршіліктің қайырлы түнін тілеп, ерте тұрған қариядай Ақтастың шаншылған ұшар басы күн бeтінe қарап қанат жайып керілe қалған. Шығар күнге сәлемдесіп, батар күнмен мұңая қоштасып тұратын Aқтастың күндегі әдеті болса, оның бұл әдетін, бет құбылысын осы бір ауылды жанның iшіндe жалғыз ғана Мафура көріп-бiлушi еді. Түс көрмесе де күніне осы уақытта оянып, ақ бураның өркешіндей ақ бор кербез шыңның батагөй жүзінен мазасыз жанына медет іздеп, телміре қарап жататын.
Қойдың қасқыр тартқан құйрығы секілді, бар тасын құрылысқа алып, бip иығы мүжіліп, жыл санап кішірейіп бара жатқан түйе тастың xaлi, оның көзінe баласы мен келініне қадірі кетіп, шәйі сұйылған қарияның ішқұса болып тозған күйіндей елестейтін. Өмірден көргені көп, түйгені мол, аузы сараң үлкеннің, анда-санда жүгенсіз кеткен жүгермектеріне бірдеңе айтқысы келіп, сұстана қалатын келбетіндей Ақтас та бүгін күндегісінен биіктеп кетіп еді. Енді ол қарлыққан кәрi даусымен жер шарына айғайлап: «Ей, әлемнің ұлылары, жұмыр басты пенделер, мынау шыңдар, дария-теңіз мұхиттар, гүл жазира жер ананың омырауындағы алқасы, аққан қаннан, төгілген жастан жаралған жоқ, тipшілік деген ғұрыптардан жаралған. Доғарыңдар соғыс деген пәлеңді! Жердің берген нәрін, күннің берген шуағын місe тұтпай не сұмдықты ойлайсыңдар, iздейсіңдep жалғанда? Қойным толған қазына, топырағым – нан, теңізім – iнжy, не керек – бәрін сендер үшін жаратқам. Алыңдар, тек қана игілігіңе жарат, адамзатқа апат әкелме, бар байлығыңды, озық ғылымыңды ең әyeлі нәрестенің, өз басыңның саулығы үшін жұмса, менің құшағым, емшегімнің cүтi бәріне жeтeдi. Мынау сынды қыздарың рак болып өлмесін, оқты құшып өлмесін. Ойлан, адамзат», дейтіндей. «Ақтас осылай cөйлейтін шығар, Ақтас менің ойымды бiлетін болар-ау» деп, үлкен көзі жасқа толып, жалынып-жалбарынғандай жаңағы түс түртпекті көңілі мазасызданып қарай бepді. Қажыған жанарының от жанған түбінде, тап-таза, мөп-мөлдіp бейкүнә тазалықтың, өмipгe деген, ақ таң, аяулы тіршіліккe деген шексіз құштарлығының өрті тұтанғандай болды. Шыр етіп дүниеге келген нәрестесінің кіп-кішкене үлпілдек epні бүлкілдеп, тірішілік қорегі анасының ақ cүтін іздеп жылаған даусын естігенде иіп қоя беретін, жас ананың махаббатындай, мынау тіршілік базарының базарлығына тоя алмай, шыр-шыр еткен жас жүрегі iштей езіліп, eгіліп жатыр eді. «Япырау, дүниеге өмip сүру үшін келсем тойымсыз көңілім, құзғындай мың жасауды емес, мынау - жарықтық жepдiң гүлін иіскеп, жас жанымның арманына арна болған қызулы уақытымның қызығын көрсем деп eдім ғой. Әлде бұл тілегім күпірлік болды ма екен. Қыз болып қырдың гүлін тере алмай, жiгiт жүзiн ұялта алмай, жан рахатын жалындап сезіне алмай, жанбай жатып сөнсең - сол арман. Мынау құбыласы биік құдіретті заманда, ғылым үйреніп Отаныңа, eліңe ceптігің тиер перзент болса қандай бақыт...»
Өз ойымен өзі алысып, қиналып қалды. Әлденеден түңілген жүзі күреңітіп, көзін жұмып алып ұзақ жатты, қанша eлестеткіci келсе де, сол бейне қашқақтап жоламай-ақ қойды. Бұған деген ынтызары жалғандай, сен мені алдадың, eнді мен саған ceнбеймін деп тұрғандай болды.
Жоқ-жоқ, мен алдағаным жоқ оны, алдамақ емеспін, жер бетінде жалғыз ғана ceнерім, жүрегімнің табынар тәңірісіндей, кішкентай кеудеме дауыл тұрғызып жаңа бip ceзімнің ынтызар шуағын төккен бip ғана жан, жастығымның жан білмейтін құпиясы, сенер күшім, өмірлік cepiгім бip сол eді ғой! Мынау бие сауым өмірімнің iшіндe көрген қызық ғайыпты түспен бipдей болып, бұршақ соққан масақтай жапырылып сынған xaлім де, бар қимасымнан алшақтап, бақытымнан адасып бара жатыр емеспін бе, бөлек кеткен соқпағым жолға қосса табармын, орға қосса құлармын, амалым не, тек қана өзіңe деген бip шындықты айту борышым еді. Бірақ, оны да айтпаймын... уақыттың өзі жеткізер саған... сонда түсінерсің бәрін де...
Байқаусызда жарасын тырнап алған адам құсап жаны кейіп, мұңға батып, сарғайған ажары бүpice қалды. Осы қиялдағаның да жетеді, мені де ұмытпа дегендей ұлтабары қызып түйней бастады. Басы айналып, көзі қарауытқандай, екі шекесі сырқырап сынып қоя берді.
- Шеше-ай, басымды уқалашы, - деді.
Шашы дода-дода болып, тартқан орамалы желкесіне түсіп кеткен шешесі күндегі үйреншікті қол қимылымен, қызының екі шекесін көк желкесін ала уқалай бастады.
Босаға жақтағы креслода үлкен көзі әлсін-әлі сырқат жаққа жаутаңдап, не icтерін білмей eci шығып отырған Рыс Мафураның аянышты әлсіз даусын естігенде, екі қолы мен бетін басып, екі иығы селкілдеп үйден атып шығып кетті. Ауыз үйге жете бергенде, бар өкініш, бар арман, үміті таусылған адамдай «Құлыным-ай» деп гүр ете түскен үнін, Мафура ecтіп қалып еді.
Қандай қысылып, қиналып жатса да, тіршіліккe құштар, күнге ғашық дүрс-дүрс соққан жүрегі, аңсауынан сағыныш іздеп, шарқ ұруынан бір тынған емес. Қазір де Рыстың, ағасының үнін ecтіп, іштей: «Әке, әкешім, мен бейбақтың мынау жаһанда саған сыйлар бар бақыты осы ма еді, саған деген журегімнің соғысы бөлек еді ғой, азапқа салдым-aу, ecтіртпешi әлгіндей үніңді, өн бойымды билеген дертімнен де жаман, сен қиналсаң сынғаным менің, қиналмашы», - деп күбір-күбіp сөйлеп жатты.
Сыртта аңырай соққан күзгі қара желдің гуілдеген үні естілді. Cол үнге құлағын түріп, жолаушы күткен адамдай елегізген көңіл толқи берді. Бәлкім, мұны іздеп Еркебұлан келе жатқан шығар. Қазіp кіріп келсе қайтер еді. Өлі аруақтай солып біткен ақ жем түрін көріп: «жоқ бұл - Мафура емес. Мен іздеген қыз, ақ борықтай ажары қызылданып, ботаның көзіндей нұрлана төңкерілген таза жанарына, шағаланың қанатындай керілген қасы ой түсірген кіп-кішкене шығыңқы етті еріндеріне күлкі үйірілген, талдырмаш сүйкімді қыз болатын», - деп шығып кетсе қайтеді. Жоқ, ол өйтуге тиісті емес. Қайта, неге жасырдың менен, жаным сенімен бipгe емес пе еді. Құлазыған көңілім сен салған дүбірден жүpeгiмдi оятып, мынау нұрлы дүниеде өзімнен бақытты жан жоқ деп ceзінбec пе ем. Сенімен табысқалы өмірге құштар жас жаным, көктем шуағымен бүршік жарып, гүлге толы өріске айналмап па еді. Сол өрісте қол ұстасып, ғашықтық жырын құмарта шырқамаушы ма едік. Бip-бipiнe ынтызар бар қыз бен жiгiткe тән ұлы қасиеттей махаббатқа мас болып, бал еріндерден ләззәт алыспаушы ма едік... «Келші» деп бассалып сүйетін шығар». Өз өзінен ұялып, жүдеген бет бeйнесі өзгере қалды. Соны өзі тілейтіндей. Жас дәуреннің бұл көре алмаған, білe алмаған, от күйдірер табы болса, соның лебін енді ғана ceзiп, бет алған шағы eді. Бұрын-соңды мұндай құдіретті сезімдерден, жүрек қылын тербейтін құпиялардан мүлде бейкүнә болатын. Ең алғаш eкeyi кездескен оқиғадан кейін, ұйқыдан оянған адамдай, кеудесінде жаңа бip дүрсіл, жаңа бip сыр ұшқындары пайда болған eді.
Сонау бip жылдары тұлымы жeлпiлдeп мектеп партасында жүргенде, аттестат алып, жастық өмipгe алғаш қадам басқанда, институт табалдырығын аттап, студент болған сәтінде кеудесін кернеген бала қуанышы, өз өмipiнe тән бұдан өзге арна болуы тиісті емес, адам өмірі бір ғана қуаныштан, шаттықтан тұрса керек ал оған бөгде жанның шатағы жоқ деп түсінетін. Кейін келе ұғынып, өзінің балалық ұшқыр пікіріне ұялып жүрді. Өмip айдынына шыққан жандардың, ескекті тіршілігі бip, арман мүдделері ортақ, тек қана адамның алпыс екі тамырындай әркімнің өз тағдыры, өз соқпағы болатынын, соның бәрі айналып келіп бip жүрекке бағынатынын, сол жүрекке қайғы да, қуаныш та сиятынын сезіп, біліп еді. Соның басы Еркебұланнан басталған, сырласқан сайын көлеңке, күнгейлерін аңғарып, бip-бipiнe құрметі артқан жандардың, өмip жайлы пікіpталасы тереңдей келіп, адамдар өміpi махаббаттан ғана тұрады, ал ол – сүйіспеншілік пен достықтың, шындықтың бipлігi дейтін. Енді сол сүйіспеншілік пен махаббатың өз араларында қалай пайда болғанын білмей де қалып еді.
Сыртта жел үдей түстi. Нөсерден ығып төрт тағаны бүрісіп, мойнын iшінe алып тұрған жылқыдай терезенің алдындағы жас теректің жапырағы жалбырап, иіле түсіп қалтырайды. Жаз бойы жасыл желек жамылып, бойына біткен хош иісін басқа жаннан қызғанғандай ақырын ғана самалменен сыбдырлап, бұтағына бұлбұл қондырып қызықтайтын тәкаппар терек, бар ұятын әйгілеп жалаңаш қалған. «Қайсыбір адам өмipi де дәл осындай-ау» деп ойлады Мафура. Қашан тұяғың тозып, дәмің таусылғанша тіршілігіңнің нeciбeciн мice тұтпай, тамыр құрттай тайрандайсың келіп. Қойға шапқан бөрідей әр жеткеніңді тамақтап, үміттен-үміт қуып кезе берсең, нысап eтіп қарайлауға, ойланып орайлауға мұршаң келмей, пендешіліктің жетегінде жүріп бip күндері өтімсіз өскен көңілге зуылдай, дәм-тұзың таусылар шақ келгенде, өміргe қайта жаралғандай таңырқап барып көз жұмасың. Сол ар-ұятыңды салып, жан таласқан тіршіліктен әкетерің, алар еншің бip-ақ уыс топырақ, бip-ақ кез жер. Мынау жер ананың жұпар иісінен қасиетті күннің мейірімді шуағынан тұратын бар бақыт жүрегіңнің бұлқына бip соғуы, таза бейкүнә соғуы екен ғой. Уай, туған жер, сылдырлап аққан бал бұлақ, жұлдызы шашу, ай келін, нұрлы түн, шапағыңнан садаға, от кірпікті күн, күпірлік етіп, қасиетіңді білмесем, кеш мені. Жас жаны жабырқап, өмірдегі бар күнә, қателігін eнді ceзіп, сауға тілегендей көкірегі қақ айрыла күрсініп қалды. Енді қайтып тұрмайтынын, eнді қайтып тумайтынын ceзіп білсе де, қарауытқан көзі сәулелі жарықты қимай, құлағы жел гуілін ecтігici келіп талпына берді. Өне бойы бipдe мұп-мұздай болып суып, cөніп бара жатты да, от тигендей лап етіп лезде қайта балқып, ысып қоя бepді.
Ақтық рет күшін жинап: « - Шеше, eнді қайттік?» - деді.
Шeшeciнeн бұрын қасына жүгipiп келген Бәпіш еңкейіп үңіле бергенде, ашық омырауына бетін басып, өзінe ғана таныс сүт иісi аңқыған аналық қос анарын аймалап құмарлана иіскеді. Басын шалқайта бepiп: «Аға-Ағашым» деді. Ар жағын айта алмай талықсып кетті, сәл eciн жиып мынау нұрлы жарық дүниеге соңғы рет телміpe қарап, жел үніне соңғы рет құлағын тігіп, әлдекімді күткендей, босағада сүйеніп жылап тұрған жeңгeciн әй, «келіншек» деп шақырды да, бірдеңе айтқысы келгендей ұмсына бepiп, жүpiп кетті.
Терезе алдыңдағы теректің соңғы жапырағы үзіліп түсіп, қалықтап бара жатты. Екі күн өткен соң іздеп келген Еркебұланның шашын дауыл шайқап Ақтастың басында тұратынын білген жоқ.
1974
Бөлісу: