Маржан Ершу. Меңдекештің Рузиясы
Бөлісу:
Қазақтың талантты ақыны, қаламы қарымды журналист Меңдекеш Сатыбалдиев (1937-1973) - өзінің отыз алты жылдық ғұмырында жасындай жарқ етіп, халқының жүрегіне мәңгілік қонақтаған тұлға. Ақынның жары Рузия апай да жуықта бақиға озған екен.
«...Қара нөсер құяды мүлдем бұзық,
Қыр төсінде қураған гүлдерді үзіп.
Қайтқан құстың ілесіп қанатына
Кете барған секілді күндер қызық.
Май тоңғысыз жоқ жаздың мақпал түні,
Байланып- ақ қалыпты бақтар тілі.
Көшелердің күлкісі күрт тыйылып
Көрінбейді қыздардың ақ балтыры.»
Бұл Меңдекештің «Күзгі көңілсіздік» атты өлеңінен үзінді. Өлеңде күз келбетінің көрінісі, табиғат пен адам арасындағы байланысы әдемі суреттелген. «Қайтқан құстың қанатына ілесіп кеткен май тоңғысыз жаздың мақпал түндері мен байланып қалған бақтар тілдерінің» күзгі көңілсіз күрсінісі де ойға батырады. «Күлкісі тыйылған көшелерде, ақ балтырлы қыздардың көрінбей кетуі» бұл ақын қиялындағы уақыттың өлшемі. Жастық пен қарттықтың арасындағы алшақтық. Меңдекеш күз туралы жырлай отырып , адам жанының нәзіктігін, табиғат заңының бұлжымайтын заңын да санамен саралайды. Күздің сары жапырақтары жыпырлай ұшқан қазан айының бір күнінде ақынның жұбайы, музасы Рузия да сексеннен асқан шағында татар дәмі таусылып өмірден өтті.
Мектепте жүргенде, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өтетін облыстық олимпиадаға қатыстым. Бір жылы екі облыс – Гурьев пен Маңғыстау облысы қосылып біріккен тұсы болды. Маңғыстаудан, Атыраудың аудандарынан келген Рахат Қосбармақов, Амандық, Жазира сияқты т.б. жас ақындар қосылып алып, әдебиет, ақындар жайлы пікір таластырамыз. Сол олимпиададан мен «бұзылып» оралдым. Мені «бұзған» сол ортамызда болған пікірталас. Фаризамен ауырып жүрген мен, бетімді 180 градуспен Меңдекешке бұрдым. Кейін Атырау университетін бітіргенде, «Меңдекеш Сатыбалдиевтың поэтикасы» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғадым. 1998 жылы «Ақ Жайық» ЖШС баспаханасының директоры Әбділдә Мұқашевтың демеушілігімен Меңдекеш туралы «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек» атты кітабым шықты. 2000 жылы Академик Зейнолла Қабдоловтың жетешілігімен «Меңдекеш Сатыбалдиевтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Мен сол кезде Рузия апайдың ерекше қуанғанын көрген ем. Көзінде қуаныштың да жасы бар еді. Аспирантураға барған жылы кітапхана жағалап жүріп, менің ойламай қалған бір білместігім болды. Бір күні түнде түсімде Меңдекешті көріп шошып ояндым. Маған біртүрлі ренішті жүзбен қарайды. «Бұл кісіні дәріптеп жүрсем, маған не реніші болады екен, осы ақындар да қызық», - деп қоям іштей. Түсім екінші, үшінші рет қайталанғанда қорқайын дедім. Басыма ойлар келе бастады. Меңдекеш ағаның басына бармаппын осы кезге шейін, бұл ісім ұят екен. Кейін бұл түсімді Рузия апайға айтып бердім және Кеңсайға, Меңдекеш ағаның зиратын іздеп барып, құран оқытып, айналасына өзімше тазалық жұмысын жасағанымды да айтып өттім. «Ал сіздің түсіңізге кіре ме?», - деп сұрадым. «Мен қанша жылдан бері түспен жолдаспын», - деді ол кісі күліп. Бұл жай күлкі емес, мұң тұнған күлкі еді. «Неге екенін білмеймін Меңдекеш өлерінің алдында «Менің жарым болсаң сен» деген өте ауыр өлең жазды, сөздері сүйектен өтеді, ал содан соң «Жесірдің жоқтауын» жазды, тура маған арнап жазып кеткендей», - деп күрсінді. «Менің жарым болсаң сен» өлеңін есіме түсірдім. Барлық ер жігіттің арманындағыдай жыр еді бұл:
... Менің жарым болсаң сен,
Аруағын шошындырма бабамның,
Қабағына мұз қатырма анамның.
Мұның бәрін жүрдім-бардым тыңдасаң
Кемігені деп білемін бағамның.
Менің жарым болмасаң,
Сұр жыландай бейне әйел маскалы,
Арам оймен арбап құшақ аш-тағы,
Қойыныңда мен ұйқыға кеткенде
Құтырынып ойла менен басқаны...
Жүз еріп жат ұқсап мейлі тоң майға,
Мейлі тіпті тиюді ойла он байға.
Айбалтамен қанша жатам қасыңда
Моламыз да қатар тұрмас ондайда...»
Ал «Жесірдің жоқтауы» өлеңі қазақ дәстүрімен жазылған тек жас келіншектің айтар зар-мұңының қылын шертіп тұрғандай:
«...Баяғы менің күнім жоқ,
Сырлы аяқтай сыным жоқ.
Түтін де түзу шықпайды,
Бықсыған сайын бұрынғы от.
Өзіңсіз дәурен сүруге
Құмырсқа құрлы қырым жоқ.
Түнім де менің түн емес -
Жұтаған елдің жұртындай.
Өлі де емес, тірі емес
Соққанмен жүрек құр тынбай.
Сен мені қайда тастадың,
Алатаудай бұлаңытқан асқарым?
Қалайша қысқа жырладың
Айрылысқан аққудың
Аяқталмаған дастанын?..»
Өлеңнің салмағы қандай! Қайғы жамылған қаралы жас жесірдің жоқтау жыры Рузия апайдың жүрегімен үндесіп жатқандай. «Алғашқы жылдары тым қиын болды -, дейді әңгімесін жалғай түсіп. - Түсім бе, өңім бе білмеймін?! Есік қағылады. Ашсам, Меңдекеш тұрады ақсия күліп. Мен оған қараймын. Елес бейне көз алдымда жоғалады. Кейін елес-бейне көз алдымнан өшіп жүрегіме әбден орнығып алғандай. Балалар есейіп ер жетсе, Меңдекештің бейнесі түсіме сол жалынды жас қалпында енеді, мен болсам кемпір болдым ғой . Бір түсімде Меңдекеш үстінде ақ көйлек, бақ ішінде жүр екен, жанында бір сұлу қыз бар», - дегені. Мен Рузия апайдың көңілін ауламақ болып әзіл айттым: - Баяғыда бір жас әйелдің күйеуі қайтыс боп кетіпті. Әйел байғұс күйеуін сағынып жоқтап жылай береді. Апта, ай өтеді. Жылауын тоқтатпайды. Содан ағайындары жаны ашып, молдаға хабар береді. Молда келген соң, мән-жайға қанығып, кітап ашады. «Қамықпа , жылама қарағым! Күйеуіңнің жағдайы жақсы, жұмақта жүр, қасында хордың қызы», - дейді. Сонда келін одан сайын тоқтамай боздап, бір кезде қолымен жерді бір ұрып: «Тез, тозаққа жібер!», - деген екен. Рузия апай екеуміз күліп алдық, әзіл деген де жақсы ғой. Меңдекеш ақынның махаббат туралы да толғанысы терең. Махаббаттың түрі бар. Махаббат та иесіне тартады. Адам қандай болса, сезімі де сондай күшке ие.
Маңғаздардың махаббаты -
Елден бұрын ертерек оянады.
Сарбаздардың махаббаты -
Қызыл қанға белшеден боялады.
Кербездердің махаббаты -
Жаңғырып жатады төсегімен.
Енді ездердің махаббаты -
Өртенеді өлексе өсегімен.
Пақырлардың махаббаты -
Ауса күндік тиын мен тебеніне.
Ақындардың махаббаты -
Өлерінде көшеді өлеңіне...
Меңдекеш ақынның махаббаты, музасы Рузия сұлу ақынның көп арасынан іздеп тапқан жақұты, шырын-балы еді. Меңдекеш арманын, асығын қайдан іздеді? Мұның жауабын ақынның өлең жолдарынан табар ек:
«...Мұнара бастарынан,
Мөлдірлік дастанынан
Сені іздедім!
Аққудың қанатынан,
Ақ бұлттар қабатынан
Сені іздедім!
Сені іздеп көз қарайып,
Майысқақ талға қондым.
У жайын қозғамайық
Сен шырын- балда болдың!»
Бірақ амал не, шырын-балдың ғұмыры қысқа емес пе қашанда ?!
«О, тағдыр, қырын келме сен,
Сыры да бөлек бұл әннің.
Құзғынның жасын берме сен
Бергін сен жасын қыранның» -,
деп жазған Меңдекеш ақын отыздың алтысында қыран жаспен қапылыста көз жұмды. Өлеңнің магиясы ақынды тартты ма ?! Әлде Алласы аузына салды ма? Тірілерге жұмбақ бұл. Өлең мен ақындық арасында тылсым бір күштер бары ақиқат, түсіне алмайтын, түсіндіре алмайтын бірақ сезіндіре алатын.
Меңдекештің жетпіс жылдық мерейтойында мені толқытқан бір оқиға болды. Алматыға, Рузия апама келсем, үйдің ішін тәтті иіс алып кетіпті. Қандай тамақтар дейсің ғой?! Жетпісінші жылдары, сол жастық шағында пісіретін дәмділері. Мен қайран апамның алыста қалған қайран жастығын, Меңдекештей арысын қатты сағынған жүрегін бірден ұға қойдым. «Бұл тамақтарды Меңдекеш ағамыз сүйсініп жеген-ау» деп қоямын. «Әрине -, дейді Рузия апам қуана күлімсіреп, ол кезде бәрін өзіміз қолдан дайындайтын едік қой. «Түнімен ұйықтамадыңыз ба?», - десем: «Иә, баяғыда қонақ шақырарда түнімен дайындалатын едік қой. Меңдекеш қонақжай еді, үйімізден кісі үзілмейтін. Ертең үйге адамдар келсе, дастархан толып тұрсын дегенім ғой», - деп жайдарлана күліп қояды. Жүзінде шаршаудың ізі де жоқ. Шын жүрекпен беріліп жақсы көру, өлгенше сүйіп-қадірлеу, құрметтеу – бұл өзі адам баласына керемет күш-қуат, жүзіне шырай береді екен-ау. Өйткені, бұл нағыз адамдықтың өзі емес пе?! Адамдықтың белгісі – шынайы аппақ сезім ғана. Шынайы сезім дегеніміз – аяулы махаббат емес пе?!
Меңдекеш ақынның 80 жылдығы қарсаңында «Атырау» газетінде мақалаларым шықты. «Интернет-сайтқа шыққан екен деп, қарарсыздар, - деп Расул ағаға сілтемесін жібергем. Бір кезде Рузия апай қоңырау шалып тұр: «Расул теледидарға үлкен қылып шығарып берді, содан оқып шықтым. Газетке рақмет, қысқартпай жақсы берген екен, көлемді мақала ғой жазғаның. Меңдекеш ағаңа көп еңбек сіңірдің, Алладан қайтсын!», - деді. Енді не дейін?! Қадірлі Рузия апай! Меңдекештің жырымен сізді де жоқтармыз енді...
Маржан Ершу
Бөлісу: