Ұлы даланың ұлы тарихқа тағзымы
Бөлісу:
Жер басып жүрген адамның бәрі, мейлі ол қарапайым пенде немесе тұтас бір елдің бетке ұстар тұлғасы болсын, бәрібір мінсіз болмайды. Бүкіл қазақ тәу ететін ғұлама Абай да айтқан ғой «ат көтермес мінім бар» деп. Ұлылығынан да солай деген болар...
Дананың осы сөздері даму тарихымызда із қалдырған тұлғаларымызды, кейбір қателіктерін қазбалап, мансұқтай бермей, адам ретінде түсініп, құрметтеуіміз керек деген ойға жетелейді. Қалай болғанда да ол тұлғалар жіберген қателіктері үшін тиісті жазасын алды: мезгілсіз қаза тапты, қастандық құрбаны болды, атына кір келді, ең жаманы, кейбіреуінің ұрпағы ата-бабасы ғұмырын арнаған ұлт мүддесінен алшақтап, жолдан адасты, кейбіреулерінің ұрпағының бойында қазақтық еш қасиет қалмай, тозып кетті. Бәлкім бұл – сол тұлға қателіктерінің салдарынан зардап шеккендердің көзінің жасы, көңілінің наласы жібермегендіктен шығар... Зауал деген сол.
Қазақ тарихында өмір жолдары қарама-қайшылыққа толы небір тұлғалар өткені белгілі. Олардың кейбіреуін орыс империясының саясаты, кейбіреуін кеңес дәуірінің саясаты бізге жеккөрінішті етіп көрсетіп бақты. Сол заманның идеологтары құрған оқулықтар өздерінің шындықтарына сай келетін тарихты ұсынды. Сол тарихқа сәйкес келетін әдеби туындылар жазылуы қадағаланды. «Тасқа басылғанға» сеніп өскен халықтың ұрпағы, осылайша, сан жылдар бойы Кенесары ханды, Науан қазіретті, Құнанбай қажыны, Мұстафа Шоқайды, басқа да көптеген тұлғаларды қатыгез, қиянатшыл, сатқын санап келді. Солардың ішінде Жәңгір хан да бар.
Заман өзгерді. Зорлықшыл саясаттың ығына жығылып, күн кешкен дәуірдің бет-бейнесі ашылды. Көп жағдайға басқа қырынан қарай алатын болдық. Бұрынғы оқулықтар бойынша айдан анық сияқты көрінген жайлардың бізге белгісіз, бүркемеленген жақтары бар екені байқалды. Бір адамды тап күресінің көшбасшысы етіп көрсету үшін екіншінің қаныпезер, ұры, барымташы болып көрсетілгенін білдік. Біреуді биіктету үшін, екіншілердің жасанды түрде аласартылғанына көз жеткіздік.
Біртіндеп ұлт тұлғаларын ақтау жұмыстары қолға алына бастады. Құнанбай қажы туралы кітап жазылып, кино түсірілді. Махамбеттің тап күресінің жетекшісі емес, ұлт-азаттық қозғалыстың ту ұстары екенін ұғындық. Яғни, ол – ел басына нәубеттің қайдан келгенін түсініп, Жәңгір ханға емес, оны хан сайлаған отаршыл империяға қарсы шыққан батыр. Ал империя саясаткерлері оны бар болғаны қазақ кедейлерінің қазақ байларына қарсы жорығының жетекшісі етіп көрсеткісі келген.
Қазбалай зерделесек, мұндай мысалдардың талайын табуға болады. Соларға заман биігінен қарайтын кез келген сияқты. Өзімді толғандырған ойды жария етуіме бауырлас көрші елге барып қайтқан бір топ жастың сол сапардан алған әсерлері, алып-ұшқан көңіл-күйлері себепші болды...
Негізінен бұл сапар өткен жылғы биік деңгейлі кездесуден кейін ойластырылған. Өткен жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай екі ел басшысы бірлескен мәлімдеме жасағаны белгілі. Сол салтанатты жиында тарихи көршіліктің арқасында қол жеткен табыстар туралы бірқатар мәліметтер жария етілді. Қазақстан облыстары мен Ресей Федерациясы субъектілері арасында ынтымақтастық туралы 400-ге жуық келісімдер бар екені, сауда айналымы $11 миллиардқа жеткені, Еуразия экономикалық одағы шеңберінде болашаққа бағдарланған жобалар іске асырылатыны айтылды. Бұл екі елде жұмыс ауқымы ұлғаятынынын, әлеуметтік жағдай жақсарған соң бауырлас халықтар арасында бару-келу де көбейетінін білдіргені анық. Соның бір нәтижесін көру үшін көрші ел президенті Елбасын Қазанға келуге шақырған болатын.
Биылғы жаздың басында бауырлас татар еліне ресми сапармен барған Елбасына Қазан федералдық университетінің құрметті докторы атағы берілді. Салтанатты рәсімде Татарстан президенті Р.Минниханов бұл жай бауырлас елдер арасындағы ежелгі байланыстар, әсіресе, ағарту, кітап шығару ісіндегі тарихи фактілерді жаңғыртатыны туралы ой толғаған.
Н.Назарбаевтың Қазан университеті студенттерімен және осында білім алып жатқан қазақстандық жастармен кездесу барысында айтқан Қазақстан мен Ресейдің жас көшбасшыларының форумын өткізу идеясын іске асыру көп ұзамай-ақ бастау алды. Татарстан халықтары Жастар ассамблеясымен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мақсатында Қазан қаласына барған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» республикалық жастар қозғалысының мүшелері екі елді байланыстыратын тарихи фактілердің біреуін танып, елге өздері үшін Жәңгір хан есімін ашып оралды.
Құрамында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Джумурбаев, осы қозғалыстың Павлодар және Алматы облыстарындағы штабтарының басшылары Элина Паули мен Руфина Усанова сияқты түрлі этностар өкілдері бар делегация Қазан университетінде сақтаулы Жәңгір хан туралы құжаттарды көріп: «Біздің бабамыз университет қорына бірегей тарихи қолжазбалар тапсырыпты. Білімді дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін оған 1844 жылы Қазан университетінің құрметті мүшесі атағы беріліпті!» деп мақтана айтты бізге.
Олардың сан ұлттың өкілі екенін әдейі айтып отырмын. Бірақ олар өздерін «қазақпыз» деп сезініп, Жәңгір хан бабаларының Қазан университеті профессорлары аса жоғары бағалаған қадамын мақтан етіп отырғаны сүйсінтті. Олар, әрине, бірді-бірге айдап салғыш империялық саясаттың құрбаны болған Махамбет пен Жәңгір хан сияқты екі ұлы тұлғаның трагедиялық тағдырын білмейді. Олар үшін – екі ғасыр бұрын білім алам деген барша жұрт ат басын тірейтін Қазанның ғұламаларын қазақтың бір билеушісі мойындатқаны мақтаныш.
Ол рас, Жәңгір хан – бір сөзбен сипаттауға келмейтін күрделі тұлға. Оның аты аталғанда ұдайы бір-біріне қарама-қайшы пікірлер айтылады. Мысалы: «Ресей империясының қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай хан болып, патша өкіметінің саясатын Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі» делінеді. Және «Ішкі Орданың іргесі бекіп, ішкі әлеуметтік-шаруашылық жағдайы нығайған тұсы - Жәңгір хан басқарған 1823 - 1845 жылдар» деген де пікір бар.
Сол сияқты, бәрімізге тарих оқулығынан таныс, «Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тыйым салынады... Бұған салықтың көбеюі, жер бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі сияқты мәселелер қосылып, Бөкей ордасында Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады» деген фактіні де білеміз.
«Жәңгір хан билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып, балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді» деген тарихи фактіні де жоққа шығара алмаймыз. Ол мектептің алғашқы шәкірттерінің бірі, белгілі этнограф-ғалым Мұхаммед-Салық Бабажанов: «... Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін хан ақшасын да, оқу-білімнің пайдасын түсіндіру ынтасын да аямады. Сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектептегі 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» деп жазғаны белгілі.
Осы жерде мынадай параллель ойға оралады. Кезінде Ш.Уәлиханов туралы шыққан фильмді көргендердің есінде қалған болар: Шоқан қазақ халқының мүшкіл хал-күйін императорға жеткізбек болып, оның қабылдауын бірнеше күн күтеді. Сыпайы жымиып, қалбаң қағып қарсы алатын сарай қызметшілері ұлт мұңын арқалап барған тұлғаны қайта-қайта кері қайтарады. Әрине, алтындатылған есіктің ар жағында отырған императордың әмірімен екені бізге түсінікті...
Қазақтардың шабындығы мол шұрайлы жерлері тартып алынып, казактарға берілгеніне байланысты Жәңгір ханның Астрахань генерал-губернаторы А.С.Осиповтен: «...воспретить кордонным казакам Уральского войска открытою силою действовать против прибрежных киргизцев» деп, қандастарына араша сұраған хаты, тіпті Николай патшаға жазған жазбалары сақталған. Бірақ, ол кезде қалың бұқара Жәңгір ханның мұндай әрекеттерін білмегені және болып жатқан қиыншылықтарға соны кінәлағаны анық.
Әрине, қазіргі заман биігінен, отарлау саясатын жүргізіп отырған әміршіден еш қайыр күтуге болмайтынын біз білеміз. Біздіңше, оны хан да түсінген. Өз заманының озық ойлы адамы болған ханның мектеп ашуының астарында оның жарқын болашақтың кілті білімде екенін түсінуі, оқытып шығарған шәкірттерінің ішінен ұлтты ұшпаққа жеткізетін тұлғалар шығады деген үміті жатқандай...
Жәңгір ханның атына байланысты қарама-қайшы деректерден хабарсыз жастар Қазан федералдық университетімен танысуды қазақ билеушісінің құрметіне қойылған мемориалдық тақтадан бастапты. Ассамблея бастамашылық жасаған «Ұлы Дала елінің киелі мұрасы» республикалық жобасына қатысатын бұл жастар қазақ тарихына қатысты осындай фактімен бетпе-бет келулерін үлкен сәттілік, өмірлеріндегі елеулі оқиға санайды. Қазанда тұратын қазақтар мен оқып жатқан қазақстандықтар бұл жерге бас иіп, келіп тұратынын да осы сапарға барғандар айтып келді.
Татарстанда тұратын қазақтар қауымдастығының басшысы Сағит Жақсыбаев қонақтарға Жәңгір ханның өмірі, әсіресе, қазақ балаларын оқыту үшін жасаған еңбегі туралы, сондай-ақ мемориалдық тақтаны орнату тарихы туралы кеңінен әңгімелеп беріпті. Бәрінен де қуаныштысы, ол жастарға Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір ханға университеттің құрметті мүшесі атағы берілгендігі туралы дипломның көшірмесін сыйға тартады. Дипломға Қазан университетінің сол кездегі ректоры, белгілі математик Николай Лобачевский қол қойған.
Жәңгір хан мен оның айналасын талай жыл зерттеп, қаламынан осы тақырыпқа арналған, танымдық мәні зор тарихи-әдеби мақалалар мен «Жәңгір хан» атты роман туған Тілекқабыл Боранғалиұлы «Жәңгір хан және Қазан университеті» атты мақаласында: «Ресей ғылымының қара шаңырағы Қазан университеті... тек лайықты тұлғаларға ғана есік ашатын. Жәңгірден кейін, 1829 жылдың мамырында мұнда неміс ғалымы, атағы жер жарған Гумбольдт болды. Алтай мен Каспийге саяхат жасап бара жатқан жаратылыстанушыға Мусин-Пушкин университеттің құрметті мүшесі дипломын тапсырды» деп жазады. (Жәңгір хан Қазан университетіне 1826 жылдың күзінде Мәскеудегі І Николай императордың тәж кию салтанатына қатысқаннан кейін барған – Автор).
Аталған мақалада Жәңгір ханға берілген дипломның мәтіні толық келтірілген. Біз үзіндісін ғана ұсынып отырмыз: «... Ішкі Қазақ ордасының ханы, генерал-майор Жиһангер Бөкеевтің біздің отанымызда ағарту ісінің таралуына көрсеткен ынталы жәрдемін құрметтей, оның шығыс тілдері жөнінен сіңірген ерен еңбегін бағалай және жоғары мәртебелінің Қазан университетіне деген ерекше ілтипатын шынайы қадыр тұта отырып, Кеңес 1844 жылғы 29 мамырдағы отырысында оны бірауыздан өзінің құрметті мүшесі етіп сайлады».
Бізде мектеп оқушылары Жәңгір хан атымен Махамбеттің поэзиясын оқыған кезде танысады. Дауылпаз ақынның оған қарата айтқан арнауы балалардың есінде толық сақталмаса да, «Хан емессің, қасқырсың...» деген уытты сөздер ұмытылмасы анық. Орыс халқында «Словом можно убить» деген сөз бар. Соның біздегі мысалы осы – тап осы уытты сөздер ханға деген көзқарасты қалыптастырады.
Адам – заманның перзенті, адам – өзі өмір сүретін ортаның өнімі. Сондықтан бұрынғы заманның тарихын бүгінге жеткізушілердің де сол кездің, сол кездегі биліктің ықпалында болғанын түсінуге болады. Империялық саясат біреуді жағымды етіп көрсету үшін, екіншілерді жасанды түрде жағымсыз бейнеге айналдырғаны бүгінде белгілі. Жан-жақты ізденіп оқитын адамдар болмаса, оларды көпшілік біле бермейді.
Мысалы, біз «Ақан сері - Ақтоқты» спектаклінен «жағымсыз» кейіпкер ретінде біліп, «жек көретін» Науан қазірет туралы Сәкен Жүнісов 1994 жылы Диқан Қамзабекұлына берген сұқбатында: «Науан – отаршылдыққа, шоқындыруға қарсы тұрған азамат. Патша өкіметі шоқындыруды Сібір жұртынан бастаған шақта, Науан Інжілді болыстардың етегіне салдырып, суға тастатқан. Осы үшін оны Енесайға он жылға жер аударған. ...Өмірінде халыққа тек жақсылық жасаған. Мектептер ашқан. Тіпті тек бірыңғай қыздар оқитын мектеп те ашқаны мәлім. Менің «Ақан сері» романымда, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында Науан қазірет өз дәрежесінде көріне алмады» деген екен.
Тағы бір мысал. «Ұлылар мекені» атты кітапта оқырман «Абай жолы» арқылы білетін, Абайдың беріспес қарсыласы, бас кейіпкерді соққыға жығуды ұйымдастыратын Оразбай туралы тарихи фактілер келтіріледі. Романда тек жағымсыз жағынан суреттелген Оразбайдың ұлы ақын дүниеден өткенде «Ой, бауырымдап» жылап: «...Абай өлді дегенше, Оразбай қоса өлді, арысың құлады! Күнің сөніп, айың батты демейсің бе, ойбай! Енді не болдым! Ойбай, Абай! Мен неге артыңда қалдым!» деп аңырағанын оқып, оқырман таң қалары анық. Шындығында, заманының көкірегі ояу байларының бірі болған Оразбай көзқарастары қайшы болғанмен, Абайдың даналығын мойындаған. Зерттеушілер Оразбай «Абайдың сағы сынбасын» деп қандай ірі қадамдар жасағанын көптеп келтіреді.
Ал біз білмейтін мұндай фактілер қаншама!
Осы тұрғыдан алғанда, ел билеген кезінде оның болашағын ойлап, қазақ жастарының көзін ашуға ұмтылған және бұл істе үш ұлы тұлғамыз – Абай, Ыбырай, Шоқаннан да бұрын батыл қимыл жасаған Жәңгір ханның ағарту ісіне сіңірген адал еңбегін қазіргі ұрпақ біліп, мақтан етіп, өнеге алуы орынды.
Айтқандай, жастардың барған негізгі мақсаты орындалып, байырғы заманнан бауырлас екі елдің жастары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Ресми құжатқа қол қою рәсіміне Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің депутаты И.Шарипов, қазақтардың «Қазақстан» ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы С.Жақсыбаев, басқа да ресми тұлғалар қатысады. Ал бізден барған делегация мүшелерінің өздері үшін ресми қызмет жетістіктері мен осы жолы танып білген тарихи-мәдени танымының құндылығы барабар екені байқалды.
Мені осы жай толғандырды.
Биыл көктемде өткен Ассамблея сессиясында бастау алған «Қазақтану» жобасы елімізде тұрған барша этностардың қазақ халқының тарихын танып, мәдениетін бойға сіңіруін, тілін үйреніп, салт-дәстүрін құрметтеуін көздейді. Жастар қанаты өкілдерінің Қазанға сапарында жас ұрпақтың қазақ ханының қадамына тәнті болып оралуы - «Қазақтанудың» жеңісі, рухани жаңғыру бойынша атқарылған бір игі іс деуге болады.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы,
филология ғылымдарының кандидаты
Бөлісу: