Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Өлеңнен ұшып жеткен құс
Бөлісу:
«Гүл!...» деп өлең бастап ем өткен күні, Қаламымның ұшына ара қонды».
Сұраған Рахметұлы
(Құсни саз)
Кісіліктің жұпары дегеннен шығады, сәби кезімде (өткен ғасырдың елуінші жылдары) әке-шешемізден, айналадағы адамдардың бойынан, олардың сөйлеген сөздерінен, мінез-құлықтарынан бір жұмбақ хош иіс сезетін сияқты едік. Қырыққа жеткен соң ғана біле бастадық, бала кезде сезінген сол жұмбақ иіс көшпелі Қазаққа ған тән адамдықтың ақ жұпары екен ғой. Қазір сол иіске теңеу таппай қиналам.
Қос жолаушының баянөлгийлік қазақтар екендігін ақсақалдың жолдорба үстіндегі үкілі шоң тымағынан бірден тани кеттім. Сонау бала кезімде айырылып қалған аяулы туыстарымдай, біртүрлі ыстық тартып барады. Ерекше күйге бөлене тақап барып, иіле сәлем бердім, толқуымды ірке алмай, іле сыртқа шықтым. Жасырып неғылайын, әлденені аңсап, жылағым да келіп кетті.
Содан, алабұртпа сезімді сәл-пәл бастым. Айналаны бір сәт рахаттана бажайлап тұрып, сапырылысқан көптің ішінен жүріс-тұрысы мығым, қалқан жауырынды ерекше бір азаматқа көзім түсті. Ешқандай асыра айтқандық емес, әлгі қариялардағы секілді жұпар сағым оның кескінінен де көңілге көркем шалқиды! Өзін танитын да сияқтымын. Ол да жылы жымиып, маған қарсы келе жатыр...
Баспасөздерде өзінің әдебиетке қатысты ғылыми мақалаларымен, арагідік өлеңдерімен жарқ етіп көрініп қалып жүретін талантты ақын, Моңғолия Жазушылар одағының Баян Өлгий аймақтық бөлімінің бастығы, аймақтық Ақпарат-баспасөз орталығының директоры, бірнеше жыр жинағының авторы Сұраған Рахметұлымен солайша жолығыстым. Алдында көрген иманжүзді екі қариям Сұрағанның әке-шешесі екен. Баян Өлгийден келіп, Теміртау қаласына түпкілікті қоныстануға бет алыпты.
Сол жолы мен Сұрағанның Ұлан-Баторда жарық көрген «Өрен жүйріктің сілекейі» атты жыр жинағын қолқалап алып қалдым. Одан балалық шағымның иісі аңқып тұрғандай көрінді.
Ол кезде (балалық шағымды айтам) біз домбыраның үні мен ағарғанның иісіне бөлене, шаңырақтың астында, кең даланың қойнында бұла өстік. Қойының құмалағына дейін ермен мен жусан аңқыған сол заманда бес түлік бірдей сауылатын, ши екеш шидің өзі де сүтті болатын. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген бекер сөз, батпандай құйрығын көтере алмай, шоңқиып қалған саулықтарды да талай көрдік. Жаз – жайлау, қыс – қыстау үнемі жүз-жүз елу шақырымға дейін көшіп-қонып жүретінбіз. Мата дегеніңіз көйлек-дамбалға ғана болмаса, бастан-аяқ киім атаулы малдың жүнінен тоқылып, аңның терісінен тігілетін. Күздігүні, әр қыстақтағы қойшы-бақташы балалары тау-таудың ішінен жиырма-отыз шақырым жердегі фермалық мектепте түйісерге құлқынсәріден түйе желдіртіп, ат жорғалатып бара жататынбыз. Торсығымыз – уыз-айран, дорбамыз қуырылған бидай-тын. Сондағы мектебіміздің өзі де қызыл тастан қаланған қырық жылғы бір қыстақ еді. Шаруаның бәрі жылқының, түйе мен өгіздің күшімен атқарылатын. Қырыңнан кербездене арқар қарап тұрса, ойыңнан қылшық-жүні қызыл алтындай жайнаған түлкі жортып бара жатады. Сондағы дүрегей күшіктерінің өзі түн баласы арландарға еш қаймықпай қарсы шығып, алты қыр арпалысып барып өлетін.
Ең бастысы, ол кезде жұрт шетінен мейірімді де қайырымды, қайсар да іскер, өнерпаз да шебер әрі ақынжанды аңқылдақ болатын. Қисса-дастанды еліге тыңдап, жаппай мейірлене еңіреп жылап отыратын. Тіпті жылқы баласының өзі айналаға адамның көзімен қарайтын мөлдіреп. Біздер сонда көрші ауылдың қыздарына ағаларымыздың кілең өлең аңқыған хаттарын құпия апарып талай қымсындық. Бірер ай сағынысып қалған апа-жеңгелеріміздің өзара қауыша қалған кездегі сыңси жылап, суырыла жырлап көрісе кеткенін көргенде, төбе-құйқамыз шымырлап, кәдімгідей кемсеңдеп қалатынбыз.
Он екі-он ұш жасқа дейін, солайша, көшпелі өмірдің небір қызығы мен шыжығын көріп өстік. Әрине, оны байырғы бабалар кезіндегі ұлан-ғайыр Ұлы Көш түгілі, Абай кезіндегі ұзан көшпенділікпен де салғастыруға келмес. Әйтсе де, кеңестік үкімет шаруашылығына қаншалықты сәйкестендірілмесін, көлемі қаншалықты шағындалмасын, бәрібір, ол да қазақ рухының өлмеуіне аса қажетті өзінше бір көшпелі көркем тірлік болатын. Орыс коммунизмінің оқымыстылары мықтап қателесті. Олар коллективизация қырғынымен де құрта алмаған ауылдағы қазақты елуінші-алпысыншы жылдары шүлдірлеген қала-қалаға «жаппай сауатты етуге урбанизациялап» жіберген жағдайда, қазір – Қазақстан деген елдің болу-болмауы екіталай-тын. Сол кезде қазақтың қазақтығын шүкір-қадария сақтап қалған басты бір керемет – көшпелі өмір салты мен бес түліктің бес киесі (ол киелерге Астананың қақ ортасынан ескерткіш орнату керек) еді.
Қазір біз сол бес түлік пен аң-құстың, баяғы аңқылдаған көшпелі асыл қауымның өшкен ізін сипалап, өлең кұсын иіскелеп, ескі жұртын егіле іздеп жүрміз. Өкінішті... Аз уақыт ішінде жабайы капиталистік қайырымсыз қоғам да орнап үлгерді. Жұрттың бәрі жып-жылдам меншікқұмарлыққа беріле менменденіп, сауда мен саясатқа салына, ар-ұят жағынан барған сайын азып барады. Баяғысынша аңқылдаған аяулы да асқақ бірлі-жарым көшпелі нағыз қазақты енді Нарын шағылдарының бір бұйратының түбінен немесе Бетпақдаланың ит арқасы қияндағы бір түкпірінен ғана табуға болатын шығар.
Ең сорақысы, біз мыңдаған жылдар бойғы айбары орасан көшпелі өмір салтына орай Тәңір өзімізге арнайы дарытқан Ақындықтың, яғни өлең болып жырланып, өлең болып шырқалып тұратын ұлы далалық Жұпар Рух жасампаздығынан мұқым ұлт деңгейінде жаппай айырылып, аңырап қалдық. Ал ақындықтан айырылу, қазақ үшін, белгілі бір мөлшерде – адамдықтан да айырылу. Тұтастай алғанда, біздің қазіргі жылаңқы да көкайыл поэзиямыздың ұлттық колориттен басы бүтін адаланып бара жатқандығының басты себебі де сонда жатса керек.
Енді ойлап отырмын, анау әлгі сұрланған автобекетте Сұрағанның әке-шешесін көргенде, сұм тірліктің сұрынан күрт безініп, бірден жылағым келіп кеткені де – бала шағымда көз жазып қалған бұрынғы көшпелі қазаққа тән кісілік самаласын жоқтау түрінде еріксіз іштей лықсып келіп, бірақ сыртқа шыға алмай булыққан мұң-шерімнің өрттей лаулаған алапат қуаты екен-ау. Ол, сонымен қатар, менің бала кездегі аруақты жұртымнан аумайтын қасиетті тағы бір қазақ жұртының әлі күнге дейін, сол тап-таза табиғи күйінде, сол баяғы Баян Өлгий аймағын жалпағынан жомарт та мәрт жайлап жатқанына әрдайым ерекше сүйсініп, тәубә айтып жүретін қош көңілімнің тәп-тәтті өксігі де болар. Қалай десек те, байқап жүреміз, жалпы алғанда, Өзбекстаннан қайтқан қандастар қазақы салт-дәстүрден гөрі, сауда ісі мен бау-бақша күтіміне пысық болса, Ресейден қайтқан бауырлар қазақтың әдебиеті мен өнерінен гөрі қара шаруа мен техникаға үйір. Иран мен Ауғанстаннан келгендері – әсіре діндар. Тек, Қытай мен Моңғолиядағы туыстарымызда ғана көшпелі өмір салтына сай байырғы ұлттық ерекшеліктер молынан сақталған.
Ата-бабалық салт-дәстүрмен өнер атаулыны аялау жағынан да, көшпелі өмір салтының құндылықтарын қастерлеу жағынан да маған, әсіресе ежелгі ата-бабалардай рухани-парасаттылық дамуды мұрат тұтқан Баян Өлгий қазақтары тым жақын, тым ыстық.
Енді сол ақынжанды аңқылдақ елдің ақын перзенті – «Анасы сүйген бетінен самала-нұр тамып тұратын» Сұрағанның кейін өзі қайта сұрыптаған өлеңдеріне кезек берелік:
ТҮН. АЛАУ
Тас төбеде қиылып,
Андыз-андыз гүлдейді от.
Түн парағы жиылып,
Баса түсті-ау зілдей боп.
Ең соңғы рет күйініп,
Жаңа батқан күндей боп.
Жалын басы иіліп,
Көлеңкені үрлейді от.
Қияңқы өскен қияқты
Қылаң самал қорғайды.
Түкті айдаһар сияқты,
Түн жұтады торғайды.
Жарық...
Түнек...
Жарасым?
Торғайдай бақ-мәзірге?..
Ой мен түннің арасын Бөліп тұрмын әзірге.
* * *
Бір іс қалды артымда...
Тындырмасам.
Түнді аздап кідіртіп, күнді ұрласам.
Ескі жылдың кісінеп иісі келер,
Бұтадағы ұйыққан үнді ырғасам.
Қайда жүрсің, қайтқан қаз, шылбыр Қашаң,
Құлағымды тінтіп жүр түнгі ұрғашы ән.
Бақтың басқан ұясы айнада тұр,
Айырылармын амалсыз шыңғырмасам.
Дымын құртқан қайран бақ Талайғының,
Қолыма кеп қонбайсың... Қалай мұның?
Бықсып көшкен бұлттардың жыртығынан
Биікте өскен алманы жалайды күн.
* * *
Бір байғыз шақырады...
Өтпелі әннің сұлбасы ол (жапырағы?..)
Ай етпеттей құлаған
Көл бетіне:
Алтай шыңы төбесін батырады.
Бұл байғұс – әнші қайғы,
Құзды суға – құлатқан – сәншіл Айды.
Бір ізгі үн саз кешіп,
О, тәңірім!
Сыбызғының көзінен тамшылайды.
* * *
Көңілді үскірік жеп, түтін тырнап,
Жатқанда дала жаурап
Құтырдың. Қап!
Дүрмекті сансыз дүлдүл жалына Іліп,
Күн қайтты мендегі аз бітімді Ұрлап.
Кеудесін күрең аттың қырау құрсап,
Бауырын теуіп қойып
Тұр-ау бір сәт.
Бүркіттің жанарында бел көшеді,
Жырық шың, жылы қолат
Жылан құрсақ.
Шамшырақ шалғы – аспанда, Шаңырақ бек.
Сүлдердің жаны – қызыл, қабірі – Ақ көк.
Қобыздың бес жүз жылғы кілтін Басты,
Бір қозы ен даладан маңырап Кеп.
...Бөрі ізі қой тіліне тисе ертегі
Сол ізді қозы жұлып күйсер Тегі.
Меселі он саусақтың қайтқаны ма?
Кешегі Тәттімбетті ми шертеді.
Бүгін...
Басты мақсаты материалдық-техникалық даму ғана болып табылатын отырықшылар салтының мүңгір жылымына көкірек-көзіне жете әбден батып алған біз секілді прагматик пақырлардың қымыздай жұпар, қылыштай өткір мұндай өлеңдерді толғануы әсте мүмкін емес. Түнде сықырлауығынан жұлдыз сығалап, күндіз шаңырағынан ару Күн алтын бұрым түсіретін, табалдырығынан бірден дархан Дала басталып кететін көшпелі өмірдің әулиелік қошына болмыс-бітімі ерекше бөленіп өскен, жаны жайсаң жан ғана Тәңірге тарып туған табиғатты, қазақы қайран өмірді осылайша құпия аңқытып, құлпырта, сұлу да сұңғыла сөйлей алады.
Туған елі – Қазақстаннан жырақ жүріп, ежелгі Көк түрік бабаларымыздың Атамекенінде олардың қасиетті балбал-бәдіздеріне тәу ете, заманалар өткен сайын жан дүниесі жетімсіреп елегізе түскен жұрттың оғланы ретінде, ақын бауырдың Иісі әлемдік Алтай-Түрік байтағының қарт тарихына, қасиетті қаракөк тұқымына үңіле қарап, бір сәт «Бәдіз» деген өлеңімен өрт күрсінуі де заңдылық:
БӘДІЗ
Байрақ ел, қамаулы ой Қайрақ Түрік.
Қайтқан бақ... қан езеді май қаптырып,
Жүзінде ұстараның
Мұң ұлиды,
Сирағын қақпандағы шайнап тұрып.
Жұлдыздың қиқымынан қима зерлеп,
Тарының қауызына сыйған өрнек.
Жебенің қырындағы тірі алау,
Сандалған сары табытын миға жерлеп.
Аңыртас, даладағы лағыл арлар,
Кеш қайтты ниеттердің
Табынан зәр.
Үзіліп үзеңгіден қалған рух; Көтінде көкпек ала дағы барлар.
Бейне бір күпті көңілінің бетінде баяғыдан бері сары жасыл іріңдене күлтілдеген жан дүние жарасын бір қарулы қол бытыр-р еткізе жарып жіберіп, өзегінен өлі етіне дейін суарып алып бергендей, беу-беу, рахаттанып қаласың!..
Тегінде, өлең дегеніңіздің өзі – тылсым қуат. Ол – ертек нұрына шомылған ақиқат. Оған үміт пен мұраттың арасы – қас қағым сәт. Оның ырғағы сықылықтан да әсем, ұйқасы – дос құшағынан да берік. Ал мына бір өлең – бір кездері Нөкістен қоңырқай ыңылдаған баяғы Төлеген-мұңның қазақ төбесінен мыңдаған шақырым бұлдыр-бұлдыр ұшып өтіп, Баян Өлгийдегі сұрапыл дәт өмірге деген Сұраған-іңкәрлікке көздің жасындай мөлдір айналып кеткендегі ғажап құбылысы:
Қараөткелдің аузында қалған ұмыт,
Қайран күлкім, мен сені іздеп келем.
Жапырақ жыр, қаз даусы, тізбекті Өлең,
Қалқып ұшып сөнеді сынық талдан.
Қыс, хабар, Мұң
Өмірдегі өлшемі ұстам-ардың.
Қараөткелдің маңында ұмыт қалған,
Қайталанбас үнімді құстан алдым.
Осы маңда тамаша бір ғұрып бар,
Рахмет!
Аяулы бұлдырықтар,
Босанады боз жусан, шыңғырып тал...
Рахмет, аяулы күллі жұптар.
Сұрағанның шағын ғана жыр жинағын ай аралата парақтап қойып отырамын – құдды, әр қауырсынында алуан образдар мен аллегориялық күрделі де әсем ойлар кемпірқосағы құбыла ойнап тұрған қанатты жаратылыс, өлеңнен ұшып жеткен құс – «Атамның сипап әжімін, түндіктен түсті ақсақ Ай», «Жетім шамның жарығы үрейіме түсіп тұр», «Алкеуде бойдақ жайпаған алғашқы түнді ойла, қыз», «Ұстараның жүзіндей сауал қойдым, жарақаттың аузындай жауап алдым». «Айдың түбі – сөнген сүт-қара жарық», «Торғай түні тамады аспан жақтан», «Бұтаққа қонған іңір-құс», «Кәрі әженің жүзіндей қараңғы арай», «Біреуден бәлкім үркесің, байлаулы жүрек, қыңсылап», «Айыр өркеш құздар тұр, арасында Ай мыжылған», «Денемде бар сұрқай үрей, суға тамған сиядай», «Құба желдің сүйгені – құрғақ ерін», «Кісінейді уақыт – құлынды күн», «Кекілін жайған жалбыр шам», «Тұяғында жанымның жазуы бар қызыл табан құнаным есінейді», «Сіміріп жатқан күндізді, неткен қараңғы бесті іңір!..»
Сұраған – жоғарыдағы алты өлеңімен-ақ Алаш әдебиетінің тарихына анық қалатын ақын. Тек, тіміскі тіл мен күлем көзден, біздегі қайырымсыз коғамның былықтарынан сақтасын.
Тфа-тфа, кесапаттан аулақ!.. Алайда, анда-санда осы елге өзімнің байтағым-ардағым деп еркелей келіп жүретін Сұраған ақын ше, ол бұл жақтан не көріп, не түйсініп кетеді екен десеңізші! Сұрағаннан сұрамай-ақ қоялық, оны өзінің «Тіл» дейтін мына бір өлеңі айтып береді:
ТІЛ...
Қасірет пен бетпе-бет кеп Соғысып,
От шайнайды, опық жейді ол Шоқ ішіп.
Қара күндер, Қара діндер Мас сәттер.
Қарақұрақ қарманады боқ үшін.
Кеңірдекте тірелген кеп Түйткілдер,
Жүректерде құлдырау бар, миыңда Өрт.
Өңшең тірі өліктермен біргесің,
Жаның жалын,
Заманың қас Күйің дерт...
Бұдан әрі бұрқай соғып Не дерім?
Жабырқау күз, жуды жаздың бедерін.
«Тілің қайда, қарағым-ау? – деп едім:
«Жұмыршақта ұйықтап жатыр», – Деді Ерін...
Әрине, бұл – қазақстандық кеп, өзінің Ата Тілін ит тірліктің табанына, капиталистік ашқарақ қоғамның аранына салып берген, көпдінді, «көпұлтты» қазақстандық қазақтардың кебі. Бұл – отырықшыл құндылықтарын ғана «өркениет» деп, көшпенділік құндылықтарын «керкепиет» деп адасқан-алжасқан нақ біздің түйсіксіздігіміздің соқыр тамыры, намыссыздығымыздың хайуандық жұмыршағы, тексіздігіміздің қанды жас сорғалаған шежіресі, «толеранттық тіспен» тіл қыршыған сорлы далбасалығымыздың кеспірі. Өйткені, Баян Өлгий қазақтары үшін қазақ тілінің проблемасы жоқ. Ежелден солай.
Тілі құрыған халықты ұстап тұруға діннің де қауқары жетпейді. Үкімет үйінде жылдар бойы құр күпиіп, кіл орысша әкірең мүңкіп жүргендердің тірлігіне қарай отырып, жағдайы Ата Заң кітабының ішіндегі гербарийге ұқсаған Ата Тіліміздің болашағын ойласаң, төбе шашың түгілі өзге түгің де оқыс тікірейіп, шошып кетесің. Шошымайтындар Сұрағанның «Ойран» өлеңін оқысын:
ОЙРАН
Өлеңінен,
Сөйлемдер нүктесінен.
Өкініші көп күндер шықты есінен – Ұлар күннің дүрліккен
Арасынан,
Ерте жазған бір хаттың Бүкпесінен!
Тың қасырет табылды күтпеген Бір,
Қайта айқасты баяғы сүт пенен Кір.
Ескі жара, ескі жол Ешкі қылық,
Еске келіп тығылды бітпеген Жыр.
Тік жазулар көз жасы, Былғап кеткен
Сұп-суық жүз қарайды күллі Ақ беттен.
Мына бір сөз – кекеудің егеуіндей Мына бір сөз –
Жаныңды тырнапты еппен... Күн күркіреп жай түсті
Бір жақ шеттен,
Қызыл тілде қыбыр жоқ Құрғап кеткен...
Бұдан көк аңқыған көшпенділік руханиятын («сүт») отырықшылықтың технология («кір») ғана сасыған озбыр формациясы аяусыз басып-жаншып тастағандағы тақсіретіміз де, сөзіміздің самалын бұзып бітірген «тік жазуды» (кириллиция) Көк Түрік әліпбиіне алмастыруда көсем таппай сандалғандағы қасіретіміз де Сұрағанның жүрегін аяусыз тілім-тілім еткені айқын көрінеді.Енді ақын бауырым өлең-жыр өзінің асыл жұртында өлең-шөп аңқыған өзінің асыл топырағына күніге мың қайтара аунап жүрсе де, біз жақтан жұқтырып алған күлгін күдік пен сары қайғыдан кұлантаза сауығып кете алар ма екен? Мәселе сонда!
Жастар арасындағы нашақорлық, жер-жердегі жұмыссыздық, сала-саладағы парақорлық, «ипотекалық» баспанасыздық, капиталистік-буржуазиялық тақталастық пен бақталастық, алыпсатар-алаяқтық, шет-шегі жоқ қымбатшылық, қожайындардың еңбекті қанау есерлігі, шенеуніктер өктемдігі, халық байлығын «инвесторлық-олигархиялық» тонау, кеңсе-кеңселердегі трайбализм, «бес қаруы сай» криминал, жоғары жаққа алдиярлаған әкімдіктер, интеллегенция оппортунизмі, тарихтанудағы конфабуляция, «аузы қисық болса да бай баласы...» тенденциясы, орыс-казак қауымдастығы басшыларының жасырын шовинизмі, жас ұрпақтың кітап оқудан ат-тонын жаппай ала қашуы, алтыбақан ала ауыз оппозиция, көшеге шығып кеткен жезөкшелік, экологиялық жағдайдың мүшкілдігі, саяси-әлеуметтік және білім салаларында ділімізге жат батыстық көшірме реформалар, «балабақшадан бастап жалпыға бірдей полиглоттық болашақ» идеясының қазаққа қауіпті тұстарының ескерілмеуі, «көпұлтты» еліндегі қазақтың өз «диаспоралық» дәрежесі, «қазақстандық ұлт» саясаты, қарақұрым алашұбар конфессиялар мен діндер, шетелдердің азғын экспансиясы, сол орайда қолданылар «жеріттік (жеріт – «черт»: жерітуші, жиіркенішті, сайтан) өнерді үйрен де жирен» атты бағзы ұлттық иммунологияның құрып кетуі...
Айта берсең ашыныс пен қорқыныш жеткілікті. Соның бәрі ең әуелі – Ата Тіліміздің адыра қалуының кесірінен. Өйткені, баба қазақтың әлемдегі ең көркем де дана тілі – Ататектің ар-ұяты, адамдықтың рухани ең жоғарғы болмысы ретіндегі бақсылықтың аңқылдаған жойдақсыз рухы, ақындықтың қылпыған қош ақыл-есі, періштеліктің ерен-жұпар дүниетанымы. Сондай аспани кемел тілмен үнемі кәміл өмір сүрумен болған жағдайда халқымыз бүгінгідей қандыкөз, ашқарақ, имансыз, жындысүрей қоғамға еш ұрынбас еді.
Аңдап қарасақ, Түркия мен Еуропада «тері тартқылап» жүрген қандастарымыздың елжірек үлкендерінің іштей тілектестігі ғана болмаса, олардың тіл білмейтін ұрпақтарынан бізге мүлде қайыр жоқ. Әйтеуір, аман болсын дейміз де. Қарақалпағымыздың да түптің түбінде алашапанданып кетер әлпеті бар. Бері қарай қайтарға жалпағынан даңғыл жол ашпасақ, Қытайдағы ирреденталдық қалың жұртымызда бүгін-ертең бірыңғай шүршітше шүлдірлеп шығады. Біздің «қазақтығымыз» әлгіндей. О, Тәңір ием!..
Кейде жергілікті бәзбір ағайындардың: «Шіркін-ай, анау Моңғолдағы жүз мыңдаған жұпар аңқыған бауырларымызды түгелдей көшіріп алсақ қой, қазақтығымыз біраз нығайып қалар еді!» – деп тамсанатыны бар. Ондай жаңсақ пиғылдан Құдай сақтасын! Егер, мұндағы ырың-жырың ит-құс тіршілігіміздің жынды көбелектері олардың далалық дархан көңіліне күйік болып енбесін, күйе болып түплесін десек, біз ол қандастарымыздың өзімізден аулақта, өздерінің сол Туған Жер – Кіші Отандарында ұдайы имандария өмір сүре бермегін Жасағаннан күні-түн тік тұрып тілеуіміз керек! Өйткені, ол жұрт байырғы асқақ та аңқылдақ Қазақтың нақ өзі! Оны «Қызыл кітапқа енгізіп» сақтауымыз қажет, келешек үшін!
Десек те, ақындары көп елдің арманы өлмейді. Арманы тірі елдің болашағы жарқын. Бір үміт бар, сенімнен де үлкен. Жүздері жалындаған аса талантты жас ақындар шықты әдебиет майданына. Жарас Сәрсек, Танакөз Толқынқызы, Маралтай Райымбекұлы, Талғат Ешенұлы, Әмірхан Балқыбек, Мұрат Шаймаран, Жанарбек Әшімжан, Дәурен Берікқажыұлы, Бақыт Беделханұлы, Рүстем Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Мұратхан Шоқанұлы, Бақытжан Алдияр, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Есей Жеңісұлы, Ақсұңқар Ақынбабақызы, Әлібек Шегебай, Нәзира Бердалы, Болат Мүрсәлім, Тоқтарбек Қамзин, Батырболат Айтболат, Алмат Исәділ, Асанқадір Исабек, Саят Қамшыгер, Тоқтарәлі Таңжарық, Бауыржан Қарағыз, Сәтжан Қасымжанұлы, Гүлманат Әуелхан, Құралай Омар, Қайырбек Шағыр, Маржан Ершуова, Сағыныш Намазшамова, Роза Сейілхан және – «Жүрсіннің жүйріктері». Білімді- білікті, еркін ойлы, қуатты толқын. Солардың көш басында – Сұраған. Міне, мен оның кезекті бір өлеңіне көз жүгірте бастадым:
...өзіңді жеп,
Өзіңмен келісе алмай,
Саяқтаусың, аяғы кеміс аңдай.
Қаламыңның ұшында ит таласты,
Жеңісе алмай.
Оу, қойсаңшы,
Дала да кең, күн жайлы, нысап та аман,
Бар мен жоқтың арасы – үш-ақ қадам.
Есіңді жи, көк ала түз көңілім,
Көкшіл Күнді көзіңмен құшақтаған!...
Тағы да сол, жарты миы орыстана, жарты миы намыстана, ит тірлік кешіп жатқан қазақстандық Қазақтың трагедиясы! Далалық дархандық пен қалалық қараулық арасындағы кешегі, бүгінгі және ертеңгі алапат сары ала мұң!.. Соған қарамастан, Күн көзінен бағзы бір әуен еседі! Құлағыңның түбінде қоңыр қаз бырт-бырт жайылып жүреді! Шалқаңнан түсіп алып, сонау-у балалық шағыңды іштей ыңылдап, езіле ойлай бастайсың!..
Бөлісу: