Қазақтың ескі сөзі – көненің көзі

Бөлісу:

26.11.2018 11091

Ағартушы Фатима Ғабитова жинастырған әдеби мұра хақында

Қазақ әдебиетінің тарихи тамыры терең болғанымен, сол әдеби жауһарларымыздың көбі уағында қатталып қағазға түскен емес. Талай сүлей сөз, есті сөз кәрі құлақ қарттардың өзімен бірге кетті. Құйма құлақ жандардың арқасында ауыздан ауызға көшіп, заманнан заманға, адамнан адамға жеткен сөз – фольклорлық мұрамыздың қатарын толықтырып, бүгінгі күні жүз томдық “Бабалар сөзі”, жиырма томдық “Әдеби жәдігерлер” сияқты іргелі академиялық жинақтар шығып, халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен құндылығын арттырып келеміз.

Десе де осынау мол қазынаның жиналуына, қағазға түсуіне себепкер болған ХХ ғасыр басындағы Алаш оқығандары еді. Алаштың азаматтары есте жоқ ескі заманның сөзін жинап, қазақтың ғасырлық мұрасы болған бабалар нақылын, ән-күйі мен тұрмыстық-салттық жырын хатқа түсіріп, нотаға салды. Ұлы Шоқан бабамыз да тұтас түркінің ұлттық құндылығын шоқ жұлдыздай қысқа ғана ғұмырында қағазға түсіріп, бедерлеп кетті. Сосын, Алаш заманы туғанда, оқыған игі жақсыларымыз елдің мәдени-әдеби қазынасы болған мұраларымызға ден қойып, оларды жеке-жеке жинақ қылып, баспадан шығарды. Бұ қатарда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт ұлықтарының қызметі зор. Заманында Нәзипа Құлжанова жинастырған мұраларды Фатима Ғабитова жалғастырып, ел игілігіне ұсынған екен. Бұл турасында әдебиетші өзінің “Жамбылмен екінші кездесуім” мақаласында: “1932 жылдың майы. Мен НарКомПроста халық ауыз әдебиетінің бөлімін басқаратынмын. Бастығым – Ғабит Мүсірепов. Менің алдымда бұл бөлімді Құлжанова Назипа апай басқарған екен. Науқас болу себепті кеңсеге келе алмай, тек өз үйінде, арабша жазылған қолжазбаларды (Әбубәкір Диваевтың жинағын материалдарын) латын әрпімен көшіруден басқа ештеңе істей алмапты. Құлжанова Назипа апай маған түрлі адамдар жинаған халық ауыз әдебиеті мен ескі қолжазбалар (екі папка) тапсырды. Бұл материалдардың көпшілігі Диваевтікі еді”, - депті. Осы күні архив қопарып, кітапхана “кеміріп”, күні-түні сарғайған ескі қағаздың ортасында отырып, ғылыми айналымға түспегендерін жүйелеп, жарияға ұсынып жүрміз. Сирек кездесетін қолжазбалар арасынан ағартушы, фольклорист, әдебиетші-ғалым һәм ақын, журналист Фатима Ғабитованың еңбегін байқадық. Рас, өз заманында Фатима Ғабитова қазақ руханиятына бір кісідей үлкен үлес қосқан, қазақтың рухани көшін алға сүйреп, ескі заманның есті сөзін Ұлттық ғылым академиясының қорына, яғни сол замандағы академияға қарасты Орталық Ғылыми кітапханаға өткізген. Бүгінгі жария заманы – сол Алаш мәдени кезеңінің құндылықтарын халыққа толық ұсыну керек. Жуықта ғана жарияланған

Елбасы Н. Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы архив мәселесі, архив ісінің келешегі туралы келелі ойлар айтылыпты. Егер, осы мақаладағы архивке қатысты ойлар толығымен жүзеге асса, Алаш мұрасына қатысты көптеген деректердің беті ашылып, ақтаңдақтар мәселесіндегі түйткілдердің түйіні тарқар еді. Өркениетті елдерде ақпараттық һәм цифрландыру жұмыстары алға қойылғандықтан, ғаламтор жүйесі арқылы әлемнің кез келген нүктесінде отырып ақ, жұмысыңды жөнге келтіресің. Өзіміз Алаш мұрасын түгендеу қамымен Қазақстанның шекарасын шығып, Ресейдің Омбы мен Томбы, Орынбор, Самар, Петербор мен Мәскеу, сосын Белорусь пен Өзбекстан архивтерінде болып, біраз мәліметтерді алдық. Кейінірек осы цифрландыру жүйесінің шапағатын көріп, кей деректерді архивтердің сайттарынан алып, қажетімізге жаратып отырмыз.

Фатима Ғабитова – қазақтың тағдырлы қызы. Оның шыққан тегі – татар. Әкесі – Ғабитов Зейнолла, анасы – Ғайнижамал Қисматуллақызы. Сүйегі татар болғанымен, бар ғұмыры осы қазақ даласында өтті. өмірдің ащысында, тұщысында осы қаймана қазақпен бірге көрді. Сосын тағдырдың жазуымен Біләл Сүлейұлы (ағартушы, өз заманының даңқты қайраткері, әдебиетші); Ілияс Жансүгірұлы (қазақтың аса көрнекті ақыны); Мұхтар Әуезов (қазақтың ұлы жазушысы) сынды қазақтың үш алпауыт тұлғасымен әр жылдары шаңырақ көтеріп, өмірге ұлттық рухы биік, парасатты ұрпақ әкелген АНА! Қазақтың Фатимасы – Жетісу өңірінің Қапал қаласында дүниеге келген. Қапал – іргетасы 1847 жылы қаланған, заманында ставка статусын иеленген шаһар болған. Осы Қапал қаласының жаңа мектебін (қадим әліпбиімен оқытқан), сосын мұғалімдер мектебін тәмамдаған. Фатиманың әкесі Зейнолла қапалға белгілі көпес болған-ды. Шешесі Ғайнижамал 27 жасында жесір қалып, үш қызы – Рәзия, Мәрзия және Фатиманы жалғыз тәрбиелеп, өсірген екен. Көпес Зейнолланы қызғаныштан өзінің туыстары қасақана өлтіріпті. Фатима үйінің сүт кенжесі болған.

Біз қазіргі уақыт та әдебиетші Фатима Ғабитованың өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметі турасында зерттеу жұмысын бастап, ағартушының артына қалған әдеби мұрасын жинастырып жүрміз. Болашақта әдебиетшінің әдеби мұрасын бас құраған жеке жинақ шығаруды жұмыс жоспарына енгізіп қойдық. Ал, бүгін оқырман назарына Фатима анамыз жинастырған халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бір парасын ұсынып отырмыз. “Совет заманында біз “младописьменная литература” қатарынан шыға алмаған едік қой. Яғни евроцентристік көзқарас бойынша мәдениеті өркендемеген, әдебиеті жетілмеген, фольклор деңгейінде қалып қойған халық болатынбыз” (Т. Кәкішұлы). Міне, енді сол советтік пікірдің қате, тұжырымның қисынсыз екенін көріп отырмыз. Ендігі міндет – алтын толы сандықтағы әдеби жауһарларды ерінбей-жалықпай, талан-таражға түсірмей халыққа, оқырманға ұсыну.

Ақшолақтың әмірі

Жымпитыдағы Қаратай тұқымдарынан патшаның шенеунігі Ақшолақ болған, қатын үстіне сұлулығына қызығып он үш жасар қызды еріксіз зорлықпен алады. Осы күнге дейін елі біледі.

Қыздың зары

Ай.... аға еке ау, аға еке ау

Нағып көзің қияды,

Сатқаның ба көп малға,

Жетпей жасын он беске:

Бергенің не бір шалға,

Бай шешектей солдырып,

Кеткенім бе арманда,

Не арманы бар екен

Өз теңіне барғанда.

Қабырғам менің қатпаған,

Ес білмеген шағымда,

Лайықпа едім тоқалға,

Қарамай кеттім ажарға.

Е.. уу һе.... у

Ару едім елдегі

Айдыңдағы қудай шалқыған,

Құрбы ішінде көрікті едім

Қорғасындай балқыған.

Сорлы басым қор болдым,

Асқан сұлу даңқымнан

Е...уу һе....у

Су құйғандай басылды

Жанған көңілім талпынған.

Теңімді таппай барамын,

Шалқыған айдын қалқымнан

Е...уу һу...у.

Не қыларға біле алмай

Құрыды менің дәрменім

Өрт көңілім басылды

Дүниенің білдім жалғанын.

Базарға малша сатылып,

Мұратыма/сүйгеніме/бармадым.

Сұлулықтан не көрдім,

Қайғылы қапа арманым,

Е...уу һ...у.

Сыртымнан менің асық боп,

Ақшолақ салды қармағын,

Он үш жаста зарлатып,

Не қылғаны Алланың,

Күшіктен жаман қор етіп,

Жүргізгенше жылатып,

Өлтіріп неге алмадың

Беу үш қатынның үстіне

Қалай қатын боламын,

Жетім қалған тайлақтай,

Жетекпен кетіп барамын,

Жұртта қалған мойнақтай,

Жылай кетіп барамын.

Зарымды кімге шағамын,

Жай түскендей басыма

Өртенемін жанамын,

Аппақ сақал қу шалға,

Үш қатынның үстіне,

Танымаған жат елге,

Өлмей қайтып барамын.

Шалқар көлден адасқан,

Құба үйрекпен тең болдым,

Уызынан шіріген,

Бір жұмыртқа мен болдым,

Қызыл гүлдей шағымда,

Жас жетпеген уағымда,

Тең құрбымнан кем болдым,

Амалым қайсы қайтейін,

Қу ағашпен тең болдым,

Шарасыз кетіп барамын,

Қуарған шалдың өміріне,

Мен бақытсыз кес келдім,

ІІ қыздың зары

Ақшолақтың досы Нарымбай, Ақсақ салтанат бай сәлем қат пен Ақшолақтың ағайын қарындасын көп малға екі қатын үстіне алдырады көнбесе Ақшолақ зорлық пен арбаға салдырады.

Ақболдық

Менің сатқан адамның үйі жансын,

Дос дұшпаны табалап мейірі қансын,

Беңдем десе қудай мен сорлыны

Нарғымбайға жеткізбей бүгін алсын.

Жыламаңыз құрбылар менің үшін,

Мен жылайын басымның кемі үшін

Бір күн қызық көрсетпей көкпар тартып,

Зорлық етіп жібереді ненің үшін.

Ой қайтейін қайтейін қайтейін,

Арызымды мұңымды кімге айтайын,

Тым болмаса бір күнге берші мұрсат,

Қайғы шерім тарқатып қоштасайын.

Қош аман бол мен кеттім құрбыласым,

Кім көреді ағылған көзім жасын,

Үш қатынның үстіне бір қу шалға,

Мен жыламай дүниеде кім жыласын.

Құрбыларының қоштасуы

Қателік – қателік қатты қудай,

Қайғысы құрбы жанның батты қудай,

Бауыры ер адамның тастан екен,

Қарамай көз жасына сатты қудай.

Қателік – қателік қасқа қылды,

Жүрегін ер адамның тастан қылды,

Нарымбай көзің көріп қол ұстама,

Құрбыдан жүрген ойнап басқай қылды.

Ақболқының асқы жары,

Жарлы жігіт қоштасқаны,

Құрысын кедейліктен кісі өлмейді,

Өлмеген күнің құрсын іс өнбейді.

Жарлылық жалғыздықпен жаман екен,

Аяқты ұрмай соқпай кісендейді.

Тең болды менің өмірім өлім менен,

Жүр едім өзің сүйген көңлің менен,

Түлкінің алпыс екі амалы бар,

Ішінде ең жақсысы көрінбеген.

Ақболқын көп жылама қош аман бол,

Айрылды амалсыздан алысқан қол,

Жоқ екен талпынсақта біздерге жол,

Қош бол Ақболқын жан разы бол.

Исмайыл аузынан

Аяулы Фатима анамыз жинастырған, хатқа түсіріп, архивке өткізген ескі сөздердің бір парасы осы. Бұл әдебиет үлгісі болашақта зерттеу нысанына айналып, авторы туралы деректер табылса, “аймақтық әдебиет”, “өлкелік әдебиет” аясында жұмыстар жүргізілсе, әдебиет тарихымыздағы тұлғалардың саны артып, бір шырақ жанар еді. Өкінішке қарай, жанатын шырақ, есімі жаңғыруға тиіс тұлғалар өте көп.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Бөлісу:

Көп оқылғандар