Айгүл Кемелбаева. Қадыр Мырза Әлидің жұмбақтар әлемінен

Бөлісу:

17.12.2018 7837

Жұмбақтар жанрының ғылыми негізі мен әдеби үндестігі хақында

Әлем халықтарының жұмбақтар жанрын мейлінше зерттеп, жинап, ана тілімізге өлеңмен аударып жариялаған біртуар қазақ ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Жұмбақтар» атты кітабы ерекше құндылығымен баурайды.

Бұл – энциклопедиялық сипаттағы дүние болғандықтан оның көркемдік табиғаты туралы бірінші эссе «Абай» журналында жарық көрді. (А. Кемелбаева, «Жүз жұрттың жұмбағы», «Абай», №3. 2005).

Жұмбақ – фольклордың өшпес, соны жанры. Ол тұрмыстағы үйреншікті, ең бір қарапайым, болмашы дерлік заттардың, қоршаған ортадағы құбылыстардың біртұтас қалпын, оның бөлшектері мен ұсақ-түйегіне шейін поэтикалық кейіпте көре білуге мәжбүр етеді.

Жұмбақ – сырт нышаны шолақ бітімді сөз, қазақтар оны өлең қоспай тағы айтпаған. Ол найзағайдай жалт еткенде көздеген нысанасын айқара жалаңаштап кетуі де мүмкін. Бірақ жұмбақтың жаратылысында бүркемелеу, ибалы, құпия мезеттер де бар. Фәни мен бақидың жұмбағы таусылмайды.

Жұмбақтардағы ғылымда құпия сөздің қалдығы деседі. Уақыт өте келе бағзы құпия тілдерді, мистерияларды, діни салт-жораларды адамзат жады ұмытқан соң жұмбақ таза көркем шығармашылық құбылысқа айналған деген болжам бар.

Адам аяғы жерде, көңілі көкте, топырақ басып туғанмен аспанға басы айналмай тұра алмайды. «Бесігі бұлт, / Бейіті жер». Әзербайжан халық жұмбағындағы жаңбыр образында түркілік сана қорқытшылдық сарыны, өлімнен шошыну бар.

Алыс космоста алмаз, асыл тас қисапсыз көп екенін байлыққұмар адам баласына ең әуелі жұмбақтар жанры ишаралады. Көне дүние жұлдыздарды аспанның хрусталь күмбезіне қадалған гауһар тастар деп қабылдаған. Американдық астрофизиктер мың бір түн сюжетіндей қиялды қазіргі заманғы аса күрделі технологиялық құралдар арқылы ғылыми негіздеген. Кәрі жұлдыздар – қызыл алыптардың ішінде баяу ядерлік процессте алмаз тозаңы пайда болады екен. Алмаз тозаңы жұлдызаралық кеңістікте асыл текті кристаллдар тым мол болуға тиіс. «Бір табақ алмас / Бір түннен қалмас» деп жұлдыздарды жұмбақтайды әзербайжан халқы.

Фольклор түбі шындық.

«Арқардың өз мүйізі өзіне ауыр емес» деп мойындайды Қадыр ақын өзінің тағы бір сүйікті жанры афоризмдерінде, сірә, қалам мерейін мегзеп. Шығармашылық бір ауыр жүк сияқты, шынтуайтында ол – өнер бағы. «Мүйізімен шық тасыған» (бұлан), литван халық жұмбағы, бұл нағыз поэзия! Мынау метафора суреткерліктің рухани парызымен үндес. Бұланның бұта тәрізді мүйізінде шық тұнады. Шық – су, тіршілік көзі. Ірі ақын – жазушылар туған жұрты үшін ізгілік рухын өшірмейтін, көркемдік өнер әлемін көгертуге, нәрлендіруге жаралған құдайдың сүйген құлдары.

Алтайлықтар көктегі күміс айды былай жұмбақтайды: «Мұз үстінде бұланның жағы». Фольклордың кербез тілі бұлансыз құладүз тәрізді. «Бұз үстіне от жағып, / Бұзбай бұлан пісірген» түркілік болмысымызды Қазтуған жырау ұрпаққа мирас еткен. Сөз киесін әсіре сүйген халқымыз бұла образдарға жүрегі елжіремей тұра алмайды. Сұлулықты сүю – тәңіршілдік.

Әубәкір Ахмеджанұлы Диваев, тегі башқұрт, қазақ әдебиетінің қас үлгілерін 45 жыл жинаған.

Керегенің басында кепкен бауыр,

Кесіп алсаң таусылмас неткен бауыр.

Түнгі аспандағы әлі толмаған жартыкеш айдың сырт пішіні мен оның мазмұнын қазақ, қарақалпақ бұлайша тұспалдауы «Ер Төстік» ертегісінен алшақ кетпейді.

Космогониялық жұмбақтар туралы бірінші эсседе біршама қазбалай айтылды. «Бір шелек қатық» / Әлемге жетеді» деген түркмен жұмбағынан ай сәулесін жатырқамай танимыз. Айдың мұндағы ас түрінде суреттелуі мал баққан көшпелі санаға сіңісті, жады қазақпен бірдей.

Жағалдайдың түйесі Жар жағалап келеді. Сауырында таңбасы Күйіп-жанып келеді.

(Күн)

Мынандай ұланғайыр таңғажайып кейіптеуге көне гректердің өзі өлгенше сұқтанары сөзсіз. Қазақ халық жұмбағында эпостық жырдың элементі, этнографиялық дерек пен тұрмыс-салттық бейненің астарында ұлы ойдың ұшығы. Жұмбақта дүниенің қозғалыста екені, биік күн еңкейіп бататыны, оның ыстық лебінен жер жүзі түрленетіні құдіретті бір шумаққа сыйып тұр. Жағалдай – архетип, ол малшы қазақтың есімі тәрізді көрінгенмен, шынында Жаратушы бір Құдайдың символы, өйткені оның түйесі – жарық дүние де, сол түйенің сауырындағы таңбасы – күн екен. Қазақ болып туғанымызға ризашылық қылу керек, бізде ұлы әдебиет баяғыдан бар.

«Еуропа фольклордан шыққан. Елшіліктерге хат жаздым. Әсіресе, араб, еврей халық жұмбақтарын табу қиынға соқты. Дінге байланысты пұтқа табынған дәуірлердің мұраларын құртып жіберген. Тек «Мың бір түн» кереметпен аман сақталған. Венгрияда үлкен жұмбақтар кітабы жарық көрген», – деді Қадыр аға бір сөзінде.

Низамиде Бахрам Гур атты патша бар. Парсы тілінде «Гур» сөзінің бір мағынасы – көр, қабір, мола болса, екінші бір мағынасы – құлан, жабайы есек, оның бір атауы онагр.

Оноре де Бальзактың «Шегірен былғары» атты әйгілі романының астарында адам өмірінің таусыншақ, өткінші тұспалы жасырулы. Француздың ұлы жазушысы таңдауы түскен шегірен былғары – онагр, құланның терісі болатын. Бальзак неге бұлан, теке, жолбарыстың немесе өзге аңдардың терісін алмаған?! Себебі үлкен әдебиетте әрдайым құс жолындағы жұмбақ болмыстың негізі, ділі, стилі һәм шындығы сақталынады. Онсыз суреткерлік жалған.

Ал орыстың классикалық әдебиетінде орыс жанының жұмбақтығы туралы әфсана жиі айтылады. «Пойди туда, не знаю куда, принеси то, не знаю что» деп аталатын орыс халық ертегісі бар. Міне, жұмбақтың көкесі! Патша бір жас жігіттің асқан сұлу келіншегіне қызығып, соның алдында алтын мүйізді бұғыны да тауып әкелген одан құтылуды көздейді. Бұйрық «Қайда екенін білмеймін, сонда бар, не екенін білмедім, соны тауып әкел» болды, сөйтіп, патша аузына келгенін сандырақтайды да, Федотты барсакелмеске жұмсайды. Бұл керемет жұмбақтың шешуін адам түгілі, жанды мақұлықтан аң мен құс та білмейді.

Адамзат нәсілі алғашқы тас дәуірінде үңгірлер мен жартастарға салған таңбаларындағы «аңдық стильдегі» суреттер жұмбаққа толы, онда натурализм, диспропорция, фантасмагория тылсым үйлеседі.

Ежелгі грек мифологиясындағы Сфинкс – жаналғыш құбыжық, ол құрбандарын жұмбақ жасырып қинайды. «Я услышу забытое слово Любовь / На забытом, живом языке...» деп жазады Сфинкс атты өлеңінде Александр Блок.

Ғылымда жұмбақтарды көне патшалықтардың құпия сөзінің жұрнағы деген ойды орыс ақыны растап тұр: «на забытом...языке...» А.Блок Сфинксті әйелдің атымен, дәлірегі, өзінің қалыңдығы Любовь Менделееваның есімімен атауының сыры неліктен екенін поэзияны қастер тұтар қауым сезеді.

Оның «Гамаюн» атты өлеңіндегі болашақты болжап айтатын адам жүзді құс көне орыс мифінен алынған. Ол антропологиялық-зооморфтық кейпі жағынан жұмбақшыл Сфинкске ұқсас. Мұндағы вещая поэт – пайғамбарлық, ақындарға біткен қасиет.

Жұмбақ жер бетін мекендеген барша халықтардың шығармашылық өнері. Ол қас-қағым ұшпа сәттің әдемілігін ойға тұтып, таңбалап қалады. Мысалы, ақша бұлттар мен күнді хақас халық жұмбағында былай суреттейді: «Ақ қайыңдардың арасымен / Ақ көз қашып барады». Енисейлік қырғыздар – хақастардың теңеуінен космогониялық жұмбақ атаулыға айрықша тән асқан сұлулық айқын. Көк жүзінде көріксіз ештеңе жоқ.

Ақ қайың – поэтикадағы сұлулық сиволы, онымен не қосып айтыласа да романтикалық реңі асқақ. «Жеті жүз жұмбақ» атты кітапта қазақ ақындарының жұмбақтары қоса берілген («Жалын», 1985). Сонда белгілі ақын Мұзафар Әлімбаевтың: «Өзі көзі, Көзі өзі» деген күнді бейнелеген метаграммалық жұмбағына үндес, «ақ көз» – күн. Сол жалғыз көздің өзі құдай жаратқан әлемді нұрға бөлейді.

Мифологиялық құпия белгілер жұмбақтардың бір сыры. Жер стихиясы – қозықұйрық, жаңғақ, капуста, бұршақ, шық т.б.

Аспан әлемі – күн күркіреу, найзағай, жаңбыр т.б. Анимизм – әуелгі жабайы діндердің негізінде әр заттың жаны бар деп қарауға негізделген. Бұл идея фольклорда сол күйінде көрінеді. Мифологияда қозықұйрық сиқырлы, ол өлмес ғұмыр береді (Мысалы, чжи, қытай) немесе одан алғашқы адамдар өсіп шығады (Индонезия). Терістік халықтарының ұғымында әлі тумаған балалардың жаны құстар, қозықұйрықтар түрінде жерге түседі. Ал кейбір халық саны қырғын көп, жері тығыз Оңтүстік-Азия елдерінің (Вьетнам) мифологиясында әуелгі аспан жердің үстінде қозықұйрық тәрізді ілініп тұрады. Оның тарлығы сонша, жіп иіргенде ұршық аспанға тіреліп қалардай. Дүниетаным осындай аңыздардан көрініп-ақ қояды, кеңдіктің не екені маңдайға жазылмаған, антропоморфизм.

Қадыр ақын өз кітабында қазақ балаларына қозықұйрық туралы 14 жұмбақ ұсынған. Бірінші мақалада соның 4-і берілсе, қалыс қалғаны 10 жұмбақ екен.

Қозықұйрықтар «Сондай қалың малақай / Киіп алған балақай» (украин), «Өзінен тымағы зор» (монғол), «Ақ жаңбырды сүйеді, / Шатыр қалпақ киеді. / Қалпағы бар, басы бар, / Қышымайды иегі» (өзбек), «Аяғы жоқ, қолы жоқ, / Қалпағы бар қазандай» (башқұрт), «Ормандағы, тоғайдағы, бақтағы / Жаңбырдан соң телпектілер қаптады» (орыс), «Шыдамсыз да сабырсыз, / Өседі тез тамырсыз» (марий), «Үн шығармай, ақырын / Орманда өсер пақырың. / Жабылмайды қайтадан / Ашылса қол шатыры» (қытай), «Бассыз қалпақ, / Аяқсыз етік» (Жайық қазақтары), «Аяғы бар сыңары жоқ, / Дәу қалпаққа құмар» (чех), «Тамыры бар, / Жапырағы жоқ» (түрік).

Қозықұйрықты әлем халықтары ең әуелі адамға ұқсатады екен. Осы халықтардың жұмбақтарының бәрі ғылыми негізге құрылған, шындықтан шет емес, жалған айтпайды. Сондықтан жұмбақтарда бүйректен сирақ шығару салты жоқ, оның асыл өзегінде натурфилософиялық түйін жатады.

Жарық дүниедегі жанды тіршілік иесінің түп-тұқиянына үңіле қарауды жаңа заманда ақ китті суреттеу үшін күллі энциклопедиялық дерек көздерін сүзіп алған Герман Мелвилл үйретті. Ұлы жазушы мұншалық сүйіспеншілікті грек- римдік классикасы мен мұсылмандық шығыс әдебиеті тұлғаларынан, бір сөзбен айтқанда, өзінің ізашарларынан мұраға алғаны анық. Әдебиеттанудың бір сүймегі – пәнді терең білуге ынтызарлық, заттың шығу тегіне мән берушілік.

Ендеше жұмбақтар жанрындағы қозықұйрықтар образы ғылыми мәліметтерге қаншалықты сәйкес келеді? Ши шығаратын қиғаш тұсы табылар ма екен?!

Оның бір атауы – саңырауқұлақ. Саңырауқұлақтардың жер бетінде 100 мың түрі бар. Олар жануарлар мен өсімдіктер сияқты өз алдына дара патшалық, өсімдіктерге жатпайды. Жеуге жарамдысы, жарамсызы бар. Оны айыра білудің маңызы зор – өмір мен өлімнің арасы. Улы қозықұйрықтар адам өміріне аса қауіпті, бір тістегенде жыланның шаққанынан бетер өлтіріп жібереді. Олардың көбінің, әсіресе, азыққа пайдаланатын ең бағалысы – ақ түстісінің қауіптісі – егіздің сыңарындай айнымай қалатындары бар. Басын сындырса түсін өзгертпесе бұл жарамдысы, ал улысының әуелі түсі қызғалттанып, артынша қарайып кетеді.

Дегенмен табиғатты жаратушы Аллатағаладан өткен әділдік иесі жоқ. Қозықұйрық тобының улыларын жоюға болмайды екен. Олардың ұрық тұқымы ағаштардың тамырын торлап, дым, ылғал сіңіреді. Ормандағы әр қозықұйрықтың орны бар. Оның ұрық тұқымы – мицелий өрмекшінің торына ұқсас және жер астына терең тығулы. Егер «Туа саған шала, / Сыңар аяқты бала» (эстон) бір түп қозықұйрықты еппен жерден суырып, дәлірегі бұрап шығарса оның табанындағы өте жұқа, қылдай ақшыл жіптерді байқауға болар еді. Бұл осы ұрық тұқымының бір бөлігі. Ал кәрзеңкелерде үйіліп жататын, жұрт теріп алатын томпиған ірі саңырауқұлақтар олардың өзі емес. Жеміс беретін денесі, бұлардың көмегімен, яғни, осындай бүркеу арқылы қозықұйрықтар өздерінің тұқымы – ұрықтарын таратады. Ұрықтары болса өте ұсақ.

Олар ертегілік образға ерекше бай, гном да өзі, Қызыл телпек те өзі. Жарбиған бір тұтам бойы бір қарыс, ал ұрық тұқымы – мицелийімен саңырауқұлақтар сақалы қырық қарыстың өзі дерлік. А.Н.Афанасьев (1826-1871) жинаған орыс фольклор жинағында «Қозықұйрықтар» атты шағын ертегіде Бұршақ патша қозықұйрықтармен соғысқаны туралы айтылады. Сол арқылы олардың сипаты, қасиеті беріледі. Сөйтсек, олар да адамдардан аумай қалыпты: ақсүйектер, мұжықтар, аспаздар һәм жаугерлер болып бөлінеді екен. Орыс тілінде олардың атаулары көп: боровик, белянки, рыжики, стряпушки, волнушки, опенки, грузди. Қозықұйрықты түсіне байланысты атайды.

Ал Оңтүстік Американың джунглиінде, адам аяғы сирек басатын бір жерінде қоңыраубас сактиофор деп аталатын таңғажайып саңырауқұлақ өседі. Ежелден бұл тұқымдастардың жауыннан соң көкке шыққан өрімдей дүр етіп қаптап шыға келетіні аян. Ал мынау түрі тіпті ұшқыр өседі. Ең қызығы, оның қалай өсетінін жай көзбен көріп, бақылап отыруға әбден болады. Екі сағаттың ішінде әлгі саңырауқұлақтың жуандығы біреу үрлегендей қампиып жарты метрге жетеді екен. Оның қызғылт сары басының астынан селдір ақ жамылғы шымылдықтай түсіріледі, осы кезде саңырауқұлақтан жаман иіс шығады. Жергілікті үндістер оны «Бетіне ақ перде тұтқан әйел» деп атайтын көрінеді.

Саңырауқұлақтың «трюфель» деген сортын аспаздық өнер қатты бағалайды. Оңтүстік Италияда бір адам орманнан 7 кг 300 г. салмақ тартатын трюфель тауып алған. Ол Шарль Перро туған заманнан соңғы 300 жылда алғаш табылған аса ірі, сирек кездесетін олжа болып шықты. Құны алтыннан қымбат көрінеді, әлгі адам шала байып қалса керек. Трюфельдің 1 қадағы 3000-ден 5000 евроға дейін болса, ендеше соны 7-ге көбейту керек. Трюфель – ең жақсы қалталы саңырауқұлақтар тобынан. Пенициллин антибиотигін осы аскомицеттерден алады. Саңырауқұлақтарды өзге де дәрілер, шарап ашыту, нан ашыту, ірімшік сыр үшін қолданады.

Әлгіндей дәу қозықұйрықтың астында сэр Джонатан Свифттің ойынша, тұтас бір лиллипуттар патшалығы сыйып кетер еді-ау.

Қозықұйрықтардың бір тылсым қасиетін суфийлар білген. Атам замандарда олардың галлюцинация шақыратын түрін асқа пайдалану салты болған. Еліртіп, желіктіріп, шабыт қоздыратын, асқан қуанышты күйге түсіріп, көзге елес тудыратындығы үшін, әлбетте. Авестада құдайлар ішетін сусынды даярлаудағы бір қоспа кәдімгі мухомор (шыбын қыратын улысы), ол галлюцинация, елес тудырған.

Академик А.Ф.Лосев: «Діні жоқ миф болады. Дін мифсіз мүмкін емес» деп жазды.

Адамның миы басында. Әлем жұмбақтарында қандай зат адамның басынан айнымай қалған? Көне кельт сөзі «кап», яғни бас, осыдан «капуста» сөзі шыққан, теңеу сырт пішінінің өзара тым ұқсас болуынан туған. «Капут» деген латын сөзінің мағынасы да бас. «Жалбыраған шашы, / Жынды әйелдің басы» (ғағауыз) деп капустаны жұмбақтау әбден қисынды.

Капуста «Мойны қылдай, / Басы дыңдай» (нанай), «Сыңар аяқ қаз / Тұрған жері саз» (татар), «Жалғыз аяқ қаз / Құламағанына мәз» (марий).

Адам образын көбінесе аңдардан гөрі өсімдіктерге үйлестіретіні рас. Мысалы, Ақ қайың – «Аққұба қыз мәлім, / Бұрымы оның қалың» (финн), «Ойда, қырда, төскейде / Кім киеді қос көйлек?» («удмурд»). Табиғатта қайыңнан өзге бірде-бір ағаштың қабығы ақ емес. Ежелгі Русьта қағаздың не екенін білмеген кезде, жазуды ақ қайыңның қабығына жазған. Орыс балаларының сүйікті ертегісі – «Маша мен аю». Ертегілер мен жұмбақтардың тілі бір. Маша ата-апасына арнап пісірген тоқаштарын қайың қабығынан тоқылған ыдысқа салушы еді. Қайың қабықты аяқ-табақта, седепте ас бұзылмастан ұзақ сақталынады екен. Фольклор бүтін халықтың кіршіксіз, саф таза жады болғандықтан, онда ешқашан өтірік қиыстыру, жалғандық кездеспейді.

«Жұмбақтар» кітабының келесі бір мағынасы, метафорасы мол жұмбақтары – жаңғақтар. Ол жұмыр пішінімен Жер мен Күндей, толған Айдай дөңгеленген.

«Она всплывает точно грецкий / Янтарно-розовый орех» (Г.Иванов. «Она всплывает, точно...»). Бұл орыс поэзиясындағы айдың бір сипаты. А.С.Пушкин:

«Тьму прекрасных кораблей барок, каторог и шлюпок из ореховых скорлупок...»

деп жазады. Неткен ғажап ертегілік сана! Дана һәм бала Пушкин!

Сонымен жаңғақты әр түрлі ұлттар былайша ишаралайды: «Мезгілсіз піспейді, / Піспей түспейді. / Шыңнан құласа, / Шекесі іспейді» (әзербайжан),

«Буркасын лақтырып, / Қарғыды батырың» (дарғын), «Ауық-ауық / Жұмыртқа жауып, / Жоғарыдан түспейді / Тапқан тауық» (испан), «Сырт киімдерін сол жақта тастап, / Софы бізге жоғарыдан түсті» (кашмир), «Бір ғажайып нәрсе көрдім / Тас сауыттың ішінен» (ұйғыр), «Титтей қазанның түбі тәтті» (қалмақ), «Құмырада ботқасы, / Ботқа оның тәтті асы. Құмыраны ашпасаң, / Бар әңгіме басқаша» (орыс). Мұнда жаңғақтың қабығының қаттылығы, сырт кескіні, дәні мен дәмі қаз-қатар көрініс тапқан.

Грек жаңғағының отаны Азия, оны Еуропага грек саудагерлері әкелген. Жаңғақ ағашы 400 жылдан аз өспейді. Екі мың жылдан аса өскен жаңғақ ағаштары бар. Оңтүстік қазақтары оны киелі ағаш санайды. Оның көшеттерін беталбаты отырғыза беру қатерлі, сол түтіннен адам өледі деп ырымдайды, жорасын жасап барып талын егеді. Табиғатта барлық құбылыс өз ырғағын, күшін, шындығын бұлжытпай сақтайды.

Шығыс славяндарда жаңғақ ағашы верва, алмұрт сияқты жын-сайтанның ағашы. Овидийде Церера құрметіне өткізілетін Цереалия мерекесінде жаңғақ лақтырысатыны туралы дерек кездеседі. Көне армян мифінде жартас жарылып, жер астына түсіп кеткен кейіпкер әділетті дүниені аңсайды, ескі дүние қирап, жаңа дүниеде бидай дәні жаңғақтан ірі болуға тиіс деп болжайды.

Венгрдің ұлт-азаттық қозғалысының батыры, атақты ақын Шандор Петефи 1848-1849 жж. небәрі 25-26 жасында өлді. Айтпақшы, оның жырларын қазақ тіліне сүйіп аударған тағы Қадыр Мырза Әли. Оның ажалы туралы аңыздар көп. Сүйікті ақынының ерте өліміне жерлестері сенгісі келмеген. Петефи жаңғақ сатушының кейпінде елді кезіп жүреді екен, ол кәдімгі жаңғақтар емес, генерал Гергейдің сатқындығы туралы өлең жасырулы қағазы бар көрінеді деген сыбыс тараған. (Р.Белоусов. «Из родословной героев книг» атты кітаптан).

Ертегі әлемі қарабайыр күн кешуден азар да безер қашатын сияқты. Золушка асқабақтан күйме мінсе, қызғалдақ гүлінен туған Дюймовочканың бесігі жаңғақ қабығынан, көрпе қылып райхан гүл жапырақтарын жамылады. Грек жаңғағы қабығы қорғаннан иесі кем?

Ганс Христиан Андерсеннің қиялы ең сұлу да нәзік дүниелерді таңдап алатыны ғажап. Қызғалдақ, яғни тюльпан гүлдің арасынан туған тырнақтай қыз бала неге өзге гүлден шықпайды? Тюльпан – арабшадан енген сөз, мағынасы – тюрбан, сәлде. Әкесі Зевс құдайдың басынан бір қызы – Афина Паллада туғанын грек мифологиясы нақты айтады.

Ертедегі манускрипт, қолжазба кітаптарды көшіргенде сияны кейбір ағаштардың безінен жасаған. Емен жапырақтарының кішкентай жаңғақтарынан сия жасайды. Оның сөлі қоңыр-қара түсті болған, содан ақ нәрсеге қарамен жазу дәстүрі қалыптасқан, аққа қара басқандай ап-айқын дүние солай туған.

Жұмбақтардың бір қасиеті, танымдық өрлеуді сүйеді, заттардың қадір- қасиетін, сипат-сырын тексеріп, анықтай беруге талпынады. Себебі, жұмбақты дәл шешу үшін ең әуелі оның жасырған атрибутын түйсінуге зерде керек.

Бұршақтар көптеген елдердің негізгі қорек көзінің бірі. Өзі айрықша әдемі, көркем өсімдік. Иванушка Әумесер жұмбақтың көкесін, пәлсапасын білді дедік. Оның бақытқа жетуі жұмбақты тануында болып шықты. Оған бұршақ егілген даланы ұрылардың күзету тапсырылады, ал қолға түскен ұры оған сиқырлы сыбызғы береді.

«Жұмбақтар» кітабында ас бұршақ бір төбе. Ас бұршақ – «Бір бесікте бес бауыр» (алтай), «Ағаш, / Ағаш сайын бұта. / Бұта сайын ұя. / Ұя сайын жұмыртқа / Егізден һәм сегізден» (татар), «Біреуі мені шақырады, / Жалт бұрылсам, / Адам жоқ» (суахили, пішен бұршақтың атылуы), «Бір табын малым бар, / Шетінен қасқа» (әзербайжан), «Қара тұмсық ақ бала» (эстон).

Латыштар мен литвандардың мифтік аңыздарында Рагана, сиқыршы әйелдің ең сүйікті асы – бұршақ, ол сонымен бал ашатын болса керек.

Бұршақтың омонимі – табиғатта көктен жауатын бұршақты «Тарсылдатып түседі, / Жер бетіне жетеді. / Жер бетіне жеткен соң, / Ғайып болып кетеді» (қазақ), «Уақыты жоқ ұзақ ойлар, / Там үстінде тайлақ ойнар» (әзербайжан) стихия, бұлғақ түрінде түсіну көптеген халықтарға тән. Ортағасырлық Батыс Еуропада оны мыстандықпен, Ібіліспен байланысы бар сиқыршы әйелдер, тіпті періштелердің өзі егістіктер мен жүзімдіктерді қарлы бұршақтан қорғайды. Мұса пайғамбар перғауынмен ұстасқанда оның құдайы мысырлықтарға он түрлі жаза жібереді. Соның бірі еврейлер тұратын Гесемнен өзге жерде талқандап, қиратып кететін бұршақ жауады.

Мұз түйіршікті бадана бас бұршақ жауатын бұлттарды адамзат апат, пәлекет ретінде қарайды, оны зиянкес, жұт деп таниды.

Лирикада бұршақ өзгеше сипатталып, махаббат қайғысының жан мұздатар күйін білдіреді: «Сердце тоскует, слезы льются / Градом из томных очей» (Г.П.Каменев. Сон).

Жұмбақтар географиялық кеңістікті, космос пен ғаламның ұлылығын, көркін дәріптейді. Қадыр Мырза Әли жинаған жұмбақтардағы кемпірқосақ бейнесі міне: «Әсем көпір жоқ ешқандай салмағы / Көкжиек пен көкжиекті жалғады» (орыс), «Айылындай аспанның / Бұл не көпір аспалы?» (алтай), «Осы жерде еңкейіп / Су алады Бағдаттан» (армян), «Моңғолдан келген үлгі, / Қытайдан келген сүлгі» (алтай), «Төгіп алған алыстан тасығанын, / Иінағаш

көкке енді асылады» (словен), «Кім аспанға баспалдақпен шықты? / Кім елекпен су тасыды? / Кім істікке сұғып май қуырды?» (қабарды), «Ұзыннан – ұзақ, / Ауаға тұзақ» (өзбек).

Жұмбақтарда табиғат құбылыстарының шынайы әсемдігі ғана сөз болмайды, бір-біріне селбесуі, зиянсыздығы, яғни біртұтас ұлы дене екені қоса тұспалданады.

Фольклор мен поэзия шық бейнесін, оның мөлдір, пәк тамшыларын құлай сүйеді.

Шық – «Мөлдірейді түнде, / Шыдамайды күнге» (удмурд), «Түні бойы түседі, / Сулап шөптің жөргегін. / Күннің өзі ішеді. / Түннің сығып бергенін» (молдаван), «Кеште – су, / Түнде – су, / Танертең – бу» (орыс), «Біледі әсте өз ыңғайын: / Түнде бар, / Сосын ізім – ғайым» (татар), «Кешкісін дүниеге келеді, / Түнімен өмір сүреді, / Таң атқан соң өледі» (беларусь), «Көктің қабағы ашылды, / Жұлдыз әбден шашылды. / Күн барлығын терді, / Айға қайырып берді» (Чех халық жұмбағы).

Бұл теңеулерде шықтың физикалық құбылысы, сән-салтанаты түгел. Күн күркіреудің құдіреті, қаһары мен қасиеті әлімсақтан белгілі.

«Жұмбақтар» атты кітапта бұл құбылыс кеңінен суреттелген. Күн күркіреуі – «Аспаннан күбі түсті, / Күбінің түбі түсті» (қазақ), «Аспанның түбі түсті, / Түбінен күбі түсті» (түркмен), «Айда азан шақырса, / Әлемге естіледі» (қырғыз), «Азынаған ол қатты / Тоқсан бие толғатты» (қалмақ), «Ағайымның қақпаны / Шарт-шұрт етіп ашылды, / Ағайымның мылтығы / Жалт-жұлт етіп басылды» (башқұрт), «Тасығандай жүз бір өзен лепіріп, / Қара бұлттар сасудайын сасады, / Ақырғаны алты қырдан асады» (беларусь).

Әлем халықтарының тілінде фольклордың бейнелі арсеналы осындай, шұбыртпалы синонимдік қатар, метафоралардың сұлу шеруі десе артық емес.

Күн күркіреген соң найзағай жарқылдайды – адамзаттың ең иіс алмас, надан туғанының өзі сол мезетте құдайдың құдіреті туралы бір ойланбай әсте қала алмайды.

Найзағайда өмірдің оты мен өлімнің елесі бар. Оның романтикалық көздің жауын алар кескіні мен жаза туралы философиясын төмендегі жұмбақтар айғақтайды. Найзағай «Таныс бізге түр-түсі, / Аппақ аспан түлкісі. / Жалт етер де жоқ болар, / Жүрген жері шоқ болар» (беларусь), «Балғасыз ұрды, / Шырпысыз жанды» (украин), «Әлсін-әлсін сөгіп көктің көбесін, / Әрлі-берлі зуылдатты жебесін» (орыс), «Көшкенін сиретеді, / Түскенін күйретеді» (монғол),

«Алтын қамшы бұқтырады, / Дүние тік тұрады» (алтай), «Сілтеп еді қылышын,

/ Хиуаға жетті бір ұшы» (түркмен), «Алтын шыбыртқы / Бұлтты шұбыртты»

(саха), «Әуелі жарқылдайды, / Артынан арпылдайды» (мордва).

Найзағай жаз айларында ойнайды, жаңбырдың басы, жер шөлі қанады, жасыл желекті дүние құлпырады. Артынша жаңғырық – «Алтын білек, / Ағаш білезік» (удмурд), «Бүкіл тілде айта алады, / Естігенін қайталады» (монғол),

«Дауыстасаң жауап береді, / Кездесуді қауіп көреді» (беларусь) о дағы Құдай жаратқан дүниенің шырайына шырай қосады.

Аспан және жұлдыздар – «Тұнық көлде мың шырақ» (поляк) нұрландырған жаздың жұмсақ, мамық күндері жайнаса көкек келеді –

«Жұмыртқа да баспайды, / Балапан да бақпайды» (башқұрт халық жұмбағы), түпнегізде ол зияны жоқ, қайта өте пайдалы құс, орман-тоғайды жаңғыртып сол көкек шақырады.

Даланың көкшалғын жазығында көбелек ұшады: «Гүл үстінде гүл тұрады,

/ Күнге құлпырады» (неміс).

Мұхтар Әуезов: «Жалпы, жұмбақты сөз образының кілті есебінде тануға болады. Жұмбақ ақындықтың ұрығы дәні тәрізді. Бұл жақтарынан тексеріп тану да ғылымның міндеті» деп жазды. Демек, Қадыр аға «Жұмбақтар» атты кітабымен бір институттың, тұтас ғылым академиясының еңбегін бір өзі ғана, жападан-жалғыз жасап отыр.

Қазақ прозасының негізін салушының бірі, классик жазушы Мұхтар Әуезов: «Жазба әдебиетінің күшеюімен қатар жұмбақ азаяды деген ойлар теріс болып шықты» деп түйіндейді. Жұмбақ жанры мен проза асқан сұлу образдарға, қиялдың құдіреті мен шынайы реалистік дүниетанымға бірдей құштар.

«Жұмбақтар» атты кітаптағы бір ғана тропикалық таңсық жеміс ананастың суретін алайықшы. Ананас – «Бет-аузы толған көз» (виссия халық жұмбағы). Грек мифологиясындағы тауыс құсқа ұқсап тұр.

«Сиыр күзеткен жүз көзді Аргус. Мифте Гера алып күзетшінің жаудыраған жүз көзін тауыс құстың құйрығына көшірген делінеді. Қатігез көркем аңыз», деп жаздым мен «Майя» атты повесімде (А.Кемелбаева. «Майя», IY тарау,

«Жалын» журналы, 1997).

Кез келген деректі заттың қыр-сырына назар салу адам баласын асырады, өзін-өзі тануға, тәңіршілдікке үйретеді.

Асылында адам өмірінің өзі бақбаққа ұқсамай ма. Бірақ адам өмірі тозғанмен, жаны, рухы өлмейді.

«Жұмбақтар» атты кітапта бақбақты былай жасырған: «Отын жайдым жүз құшақ, / Құшақтасам бір құшақ» (ұйғыр). Бақбақты тозғанақ деп те атайды. Бар мен жоқтың пәлсапасын дөп беретіні үшін, сірә. Мен өзім жазушы ретінде айрықша сүйетін «Ғибадат» атты әңгімемде: «Бақбақ басындай толып тұрған ойдың ордасы. Бақбақ басындай толған өміріме бір сүйініш керек-ті» деп жаздым («Қазақ әдебиеті», №43.26.01.2001).

Адам баласы Аллатағаласына ризық бергені үшін ризашылық қылуы керек. Суреткерлік бір киесі сонда – адам баласын надан қоршылықтан айнытып, рухани оздырғысы келетін ниетінде. Қадыр Мырза Әлидің бұл кітабы қанша көсіп алсаң таусылмайтын қайнар тәрізді. Өйткені оның алтынқазығы – әлем халықтарының фольклоры.

11-17.02.2006

Бөлісу:

Көп оқылғандар