Бағашар Тұрсынбайұлы. Мәңгі ғашық
Бөлісу:
«...Өмірімді білгісі келген ұрпақ, Өлеңімнің жолынан оқып алар...»
Қ. Бұғыбаева
Ханифа... Қанипа! Әбдірахманова... Бұғыбаева!
Мұңы мың қатпар, қуанышы «тобықтан аққан сызашықтай», сағынышы бір ұрпақтың қазынасына пара-пар, махаббаты бір сәтке пәсейіп, салқындамайтын мәңгі ғашық жүректің сәби көңілін айту үшін, ғазиз жанын түсіну үшін дәл сондай мұң, сағыныш, махаббат, көңіл керектігін естен шығара береміз. Жеті жасында оң аяғы жазым болып, соның қайғысы жас жүректі қаусата соққанда Әбу ағасы сейіл болыпты.
Жас көңіл байызын, панасын тауыпты. Кейінірек есейген уақытында өзі мәңгі қарыздар адамдардың қатарына Әбу, Ләзиза деген аяулы есімдерді ешқашан ұмытылмастай етіп жазды. Бір емес, екі мәрте тар құрсағын кеңітіп, дүние есігін қызғалдақ болып ашқан екі перзентінің есімін Ләзиза деп қойған (Бір қызы бес айлығында көз тиіп қайтыс болған. Кейін өмірге келген кенже қызының атын тағы Ләзиза қойыпты). Ал Әбу ағасына алғаш ауылына келген сәтінде жазған арнауынан бастап, кейін шын түсінген, риясыз, алғыс көңілімен ондаған өлең бағыштады. Өмірінде өлеңнен қымбат ештеңесі болмаған, өлеңнен артық бір нәрсе бар деп ойламаған Қанипаның ең үлкен сыйы, рахметі, әрине, нәзік жүрегінен шыққан жырлары еді.
Қазақ әдебиетінің тарихында бір-екі адамға жақсылық жасаған, бір-екі жас талаптың бағын ашқан тұлғаларды көп кездестіруге болатын-ақ шығар. Бірақ бірнеше буынның тұсауын кескен, әрі үнемі талантты жастарға батасын беріп, сонысы әдебиетіміздің бір кезеңінде жақсы дәстүрге айналған Әбу Сәрсенбаев пен Әбділда Тәжібаевтың қариялық қасиеттері солардан кейін қайталанбаған құбылыс болып қалғандай...
Жүрегі нәзік, танымы мен түйсігі терең ақынның қаламгерлерде аса сирек кездесетін кішіпейіл болмысы, төменшік назары көп адамның менсінбеушілігіне жол бергенімен, оның жырлары қазақ өлеңсөзінің байтағында замандастарының палитрасына ұқсай бермейтін төтенше ажарға ие болыпты. Қанипаны өлеңнің төріне баба салтын ұстанып, қыз деп шығарған жоқпыз. Оған шырайлы, екпетті өлеңдері өзі лайық болды. Біз құрметтеуге мәжбүр болыппыз. Әбу Сәрсенбаев жас ақынның өзіне арнаған өлеңіне елжірей қалған жоқ. «Қалаға кел, аяғыңды емдетем» деп, кітабын жас талапқа ұсынып тұрып, қолтаңбасымен қоса мекенжайын қалдырғанда ішкі түйсігі тағы бір жақсы ақынның келе жатқанын сездірген шығар. Ауруханада жазған «Сағыныш» деген өлеңін Қанипа былай аяқтар еді:
Көгімнен шуақ төгіп тұршы, күнім,
Сезімнің ашылмаған бүршігімін.
Қолдағы мына таяқ мен сүйенген –
Туған жер, өзіңде өскен бір шыбығың...
Ең алдымен шат көңілін мұң еткен балдағының өзіне осыншалық ақындық көңілмен қарай алғанына таңғаласың. Қанипаның осы ақжарқын, таза болмысы есіңе түсіп, оны поэзияға жетектеп келген, Құдаштың, Әбу мен Тұманбайдың назарын еліткен ең алдымен туған жерінің шыбығы, сосын ақынның махаббаты, сағынышы екеніне күмәнің болсайшы...
Төлқұжатында аты-жөні – Ханифа Әбдірахманова екен. Әбу ақсақал: «Қазақта Әбдірахманова Тұрсынхан деген ақын бар. Сен екінші Әбдірахманова болма» деген сөзінен соң арғы атасы Бұғыбайдың атына жазылыпты. Сүйген адамын қалтқысыз жақсы көретін, сенген кісісіне өлердей берілетін, сыйлағанның құлы болатын мінезі, жүрек түпкіріндегі жанға аяулы сезімдерін ақ қағазға құрбысына ақтарылғандай жайып салатын Қанипаның бұл әрекеті оны жақсы білетін жандар үшін таңсық емес еді. Ханифа деген есімі әлдебір көршісінің қызына ұқсастырып қойылған деседі. «Тура жол» деген мағынаға ие осы бір қастерлі есімі де қазақы тілдің икеміне көніп, Қанипа болыпты. «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Жарқын бейне» бағдарламасының Қанипа Бұғыбаеваға арналған санында ақынның алпыс жылдығында толқып, елдің алдында көзіне жас алған бейнесін көргенде, даусын естігенде ақкөңіл, кісі баласынан қиянат көрмесе, өзгеге ондай зәбірі тимеген, баладай аңғал ақын дүниеден өткеніне имандай сенесің. Тура жолда тура жүрген ана, ақын өтіпті. Оның өлеңімен, өмірімен толық таныспауға енді хақың да жоқ еді...
* * *
Бүгін әлдебір жан Қанипамен таныстығын айтып мақтанар. Енді бірі онымен сырлас, мұңдас болғанын жанына медеу етер. Бәрі жарасымды көрінеді. Өйткені дүниеден озған кез келген пендемен олай мақтана алмайсың.
Әрбір ақынның өлеңіндегі жан толқынысына назар салсаң, өлмейтін жыр, өзі өлсе де өлеңі қалса деген арман-арыз жатады. Тіпті ешкім ақын деп көзге ілмейтін ұйқас қуалаушылар мен өлең жасаушылар да осылай армандайды екен. Арманға шек жоқ. Тағдырға дауа жоқ. Соңғы үкім – әділет. Құдай аузына сөз салған таланттылардың тілегі халық жүрегіне жетіпті.
Көтермейді көңілімді көне жыр,
Шертші, бауырым, уақыт күйін, әне, бір.
Ырғағыңмен жан дүниемді сілкілеп,
Оятып ал көп ұйықтатпай мені, өмір.
Шың басынан жанатындай бір шырақ,
Алтын құстың қанатындай күн шуақ.
Оят мені бейғам, қалың ұйқыдан
Жыр жолдары, маза бермей шымшылап...
Әдетте шығармашылық иесі дүниеден озғанда екінші ғұмыры басталды деген жаттанды сөзді көп айтып жатамыз. Қанипа Бұғыбаева ақырғы сапарға аттанғанда осы бір сөз айтылды ма, жоқ па білмеймін. Бейқам, қалың ұйқыға кеткен Қанипаны – (өлеңдерін!) енді өмір болып оятып алғымыз келеді. Бақиға кеткендер үшін – өмір жас. Әрбір ұрпақ – өмір! «Оят мені» деп ақын тек жыр жолдарына, ақындарша айтқанда, шабытқа ғана айтып тұр деп ойламаңыз. Өзім өлсем де, өлеңім тірі болсын, ояу болсын деген ішкі тілек-наздың, арман-арыздың бәрі осы өлеңде тұр. Өмір деген – біз... Ояту деген – оқу...
Лирикалық монолог – ақын атаулының ең таңдаулы тәсілі. Жан біткенді елжіретер сыры, өзек өртер мұңы, шадыман көңілі, кейісі мен реніші жырының тұла бойын толқытып, жүрегіңе жетеді. Әлденеден запы болып, жаратылыстың тағы бір құбылысынан жанына медеу тауып, неше алуан күйге түседі. Соның бәрі Қанипа қаламынан өлең болып зерленеді. Бұл жағынан алғанда Бұғыбаеваның ақындық қабілетінде бүгінгі ақындарда көп кездеспейтін, табиғатқа етене жақындық һәм халық ақындарына тән табан асты өлең айту қасиеті бардай сезіледі. Сондықтан да оның жырларынан құйылып түскен бүтіндікпен қатар, буыны мен бунағынан адасқан, кейде ұйқастарының өзінен айтыскерлердің өлеңдерінде кездесетін жайдақтық сезіліп қалады. Бұл мін емес, міннен гөрі табиғилығын ескергенде артықшылық болып шығуы да ғажап емес. Жасанды сөз, жасанды өлең, мінез оның қаламына жат.
Өз мұңымды өзгеге сездірмедім,
Оңып бара жатқандай тез гүлдерім.
Табиғаттың еске сап әр маусымын,
Кел, келе бер мінезді мезгілдерім.
* * *
Мәңгі ғашық! Өмірге! Өлеңге! Көңілге! Сезімге! Әрқайсысын тарқатып айтсаң түн жетпейді. Әсіресе Қанипаның күйін айтсаң, Жамбыл атасы сияқты неше күн жырлар едің. Тағдыр Қанипадан ештеңе аяған жоқ. Шаттықты да, шаршауды да, қуанышы мен сәулелі мұңды да молынан беріпті. Тұрмысы туралы ештеңе айта алмаспыз. Бірақ өзі жақсы көрген Қасым Аманжолов сияқты «ұқсата алмай» жүргендей сезіледі. Дәл Қанипадай ақындардың басында болар хәл екені түсінікті.
Теңіздегі жалғыз қайық секілді көкшіл шәйі – бұйра толқыннан жасқанған көңіл. Бұл күйде ақын сол қайықты көрді, я көрмеді. Бірақ көңіл-күйіне, ішкі арпалысы мен сеніміне, үміті пен күдігіне тура келетін сезімі жалғыз қайықтың жанталасын есіңе салады. Теңіздегі қорғансыз қайыққа айналған ақынның рухани дидары – өлеңге қапысыз таңбаланған «асыл проекциясы».
* * *
Жан сырымды мазақ болдым желге айтып,
Жел желігіп кең далаға берді айтып.
Ғашық болу құпиясы жүректің
Құпиямды жұртқа жайғам мен қайтып?
* * *
Өзге тілек баурап алды, өзге арман,
Сүю дерт қой, дертің кімге сөз болған.
Жатыр бәрі жүрегімнің түбінде
Жүрек түбін қорқамын мен қозғаудан!..
Мағжан: «ақында дос болмайды адамзаттан, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деп жырлапты. Тіпті ақында дос болса да, сырын қаламына айтады. Кейі жалған, кейі шын. Ақынның серігі – мұңы. Өлеңі – сыры. Бірақ сырын қанша айтса да, қанша жан түпкіріндегі құпиясын жайып салса да мұңы сейілмейді. Өзін ылғи әлсіз, әлжуаз, қағажу көрген жандай суреттейді. Бәлкім, жараланғыш жүрегі айналасындағы жағымсыз бар құбылысты тікелей өзіне қабылдаған шығар. «Тамылжытты көктем құсы тамшыдай, мен айтсам-ау деген сыршыл әуенді», я «...билейтіндей бұраң белі солқылдап, мен билесем деген биді қайыңдар» деп жырлауының мәні неде? Бәлкім, өзін қайталау дерсіз? Жоқ мәселе онда емес. Бар түйткіл жан азабында тұрған жоқ па?! Бұл – ақынның өзіне көңілі толмауы. Бәлкім өзіне деген өкпесі. Адам ғана алдын орап кете бермейді, тіпті, табиғаттың өзі де онымен тайталасатындай. Оны сезіну үшін табиғатты ақынша түсіну керек шығар. Өлеңдегі көңіл-күйге түспей, оны түсіну қиын. Жазуда қаншалықты маңызды болса, оны түсінуде де көңіл-күйдің орны ерекше. Біреулер бәлкім оны шабыт дер. Демек, түсіну үшін де шабыт керек.
...Барлық жанға түсіргім кеп сәулесін,
Жүрегімді қолыма алып жүгірдім,
– деген адам. Бейне бір біздің ғасырға тура келген Данкодай. Бірақ соңында бәрінен көңілі қалып, шаршаған, қалжыраған күйге түскен. Неге? Адам баласы бір-біріне қуаныш сыйлап қана қоймайды, қайғы әкеледі, шаршатады. Адамдардың бәрін жақсы көретін жүрек ақында болмаса, бізде де жоқ. Тек Абай ғана айта алған сөзді қайталау оңай, орындау қиын. Кейде Қанипа тым өкпешіл секілді сезіледі. Адресі белгісіз өкпе артқан жырлары, жұбатулары өзімен-өзі алысқан, өз сезімін жеңуге талпынған жүректі байқатады. Ақынның екінші даусы оп-оңай бірінші дауысқа айналады. Қай даусын айтсаңыз да айқын, анық.
* * *
Досым болсаң, бөгелмей бұрып өтем ат басын, Шыққан күнім мезгілсіз көкжиекке батпасын. Тіршілікті тербеген таңғы ұйқыдан оятып, Қағып тұрар ойларым болашақтың қақпасын...
* * *
«...Өлімнің де өз өмірі болады. Кей адамның тірлігінде өз бағасын ала алмай, істеген еңбегін көріп үлгере алмай, орта жолда көз жұмады. Оның өмірінде қолы жетпеген бақыты өлген соң жанатыны, содан ба екен. Елі елеусіз қалдырмай тірілігінде күндеген, қызғанған достарының өзі жер қойнына кірген соң, енді ол адамның тірлігі кесел келтірмейтінін білген соң, бір кезгі даттағанын ұмытып, мақтауға көшеді.Өлгеннен соң мерейі тасып, бақыт жанатындар көбінде, тірлігінде еңбек еткен дарындылар тобы. Тірлікте адам бір-біріне жылы сөзді, кең өмірді қимайтыны несі екен?..» Ақын күнделігінен. I/IV-1988
* * *
Біреу келіп, біреу кетіп, биіктік пен тереңдік толқын сайын алмасып тұрған уақыт көшінде болашақтың қақпасын қағар Қанипаға тиесілі болған бір замандардағы көркем ойлар енді біздің жүрегімізде. Бізді өзіміз болып тербетеді, толқытады. Бәлкім, адамзат деген – Адам сафиден бастап, дүние тіршілігіндегі соңғы перзентке дейін тұтас бір организм шығар осы. Қанипа да, Қанипаның жырлары да жанымыздың бір бөлшегіндей сезіле беретінін қайда қоярсың?..
Бөлісу: