Несіпбек Айтұлы. Азаттығым

Бөлісу:

14.12.2018 8793

АЗАТТЫҒЫМ

Атажұрттың қазығына байланған соң кіндігім,

Арқандаулы арық аттай шыр айналған тірлігім.

Таң атқаннан күн батқанша өз басымен әуре,

Арпалысқан бұл жалғанда ұғып жатыр кімді кім?

Қанатымды шаңға малып тіршіліктің қамы үшін,

Тауық та бір, мен де бірмін теріп жеген тарысын.

Бостандықтың бір тал шашы түсер болса егер де,

Қынабынан суырылар қылшылдаған намысым!

Жеткен жан жоқ қуғанменен сұм дүние шетіне,

Пәни менен бақи барда бөлінесің екіге.

Азаттығым, тиер болса суық ызғар бетіңе,

Жүрегімді қалқан етем соққан желдің өтіне!

ҰЛЫ ҚАЙҒЫ

Өмір өтті арпалыспен, тартыспен,

Кездерім көп артық кеткен, кем түскен.

Бабалардан маған дейін ұласқан

Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.

Қасіреттен қаны қайнап қарайған,

Күн астында күңіренген талай жан.

Бізден асып болашаққа жалғасар

Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан.

Ұлы қайғы жанымды жеп жегідей,

Жеті түнде ұлиды кеп бөрідей.

Тірлігіме сонда қатты налимын,

Иттің тісі жырымдаған терідей.

БІР БЕЛГІМІН

Мен дағы бір белгімін ғасырдағы,

Дүркіреп дәурен көшер басымдағы.

Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан,

Көз жазбай көргенімнен жасымдағы.

Өмірім өлеңіммен бірге өрілген,

Өрнегін келтіре алмас кім көрінген.

Ақынның құпиясы өзіне аян

Ұясын жүрегінің мұң кемірген.

Жалықпас қуаныштан, қайғыдан да

Тіршілік мінезінен айныған ба?

Байлығы жолдас болмас бұл жалғанның

Қаламнан қайыр күткен ойлы жанға.

Жан сая іздемедім салқын белден,

Қайтемін рахатты әркім көрген.

Сіміріп сөз тұнығын – шөл қандырғам

Бабалар жүзіп ішкен алтын көлден.

Мұраға баға жетпес ие болған,

Бірімін бақыттының кие қонған.

Алланың әмірімен ойда жоқта

Еншіме ризамын тие қалған.

Асқақтап, асып­таспай әлдекімше,

Жырладым шама­шарқым келгенінше.

Ұлтыма қызмет етсем армансызбын,

Күзетіп босағасын өлгенімше.

Соға ма сөз­семсерін осал адам,

Күнім жоқ жоқтан барды жасамаған.

Дос түгіл, қарыздармын дұшпаныма

Оқ атқан Бекежандай Қособадан.

Халқын кім жақсы көрмес жаны сүйіп,

Безбүйрек болмаса бір қаны сұйық.

Адамның жүрегіне елі сыйған

Кетеді дүниенің бәрі сыйып...

ӨЗІМ БІЛЕМ

Жылаймын, сәлден кейін қайта күлем,

Айтарын жүрегімнің айта білем.

Біреудің жүрген жоқпын жетегімен,

Біреудің үрген жоқпын айтағымен.

Аузыма Құдай салған сөзімді айттым,

Қақаған қысымды айттым, жазымды айттым.

Қаперге көп нәрсені алмадым да,

Қатерге өзім барып, өзім қайттым.

Ұл едім елім аман аттандырған,

Көп жортып, кер жотаға ат шалдырған.

Тірсегін тажалдың да қиып түсер,

Аңшыны талай көрдім қақпан құрған.

Үн­түнсіз бұғып жатқан қанды қақпан,

Сыртыңнан оқпен бірдей аңдып атқан.

Ежелден тізе қосқан осы екеуі

Сұңқарды, тұлпарды да сан құлатқан.

Жылаймын ағайынның азғанына,

Жыртылып ескі тондай тозғанына.

Ор қазып ешкімді де құлатқам жоқ,

Өкінем абайсызда озғаныма.

Бастырса зердесінің көзін Алла,

Парықсыз пенде, шіркін, сөз ұғар ма.

Өлеңнің қазынасы – кеудем менің,

Не барын өзім білем қазынамда...

ТҰҢҒЫШ САПАР

Есімде. Әкеме еріп жолға шықтым,

Көрінген көкжиектен белге асықтым.

Шанаменен Шәуешекке келе жатып

Сапардың ұзақтығын алғаш ұқтым.

Сүйреген шанамызды кершолақ ат

Зулайды ұшатындай берсе қанат.

Арқамда Тарбағатай тауы қалды,

Болғайсың дегендей бір сау­саламат.

Жалғасып салған ізім жан­жақпенен,

Жер бетін содан бері шарлап келе

Келбетін жарық дүние танып білдім,

Сырына ой жіберіп салмақпенен.

Көппенен кемдік көрмес араласқан,

Жақсыға жақын жүрдім бала жастан.

Кең жайып құшағымды жарқылдадым

Есігін адамдарға маған ашқан.

Көргенін мен де көріп сан ұрпақтың,

Іздеген керегімнің бәрін таптым.

Бөлісіп қолда барды достарыммен,

Ащының, тұщының да дәмін таттым.

Жар сүйдім, бала сүйдім ел қатарлы,

Өмірдің өзі түзу жолға салды.

Еліме еңбек етіп азды­көпті,

Менің де маңдай терім жерге тамды.

Жалғанда шыр айналып дөңгелеген,

Періште болған емес пенде деген.

Тапсын деп ырыздығын тіршіліктен,

Тәңірім таңдайыма берген өлең!

Телміріп түкпіріне қара түннің,

Қаламға сүйеніп сан таң атырдым.

Кім білсін халқым қалай бағаларын,

Өзгеше тағдыры бар әр ақынның.

Кісімін тірі жанға қас қылмаған,

Есесін жіберген жоқ ешкім маған.

Қылтасын қай қазақтың қандамаған,

Ақситқан азу тісін қасқыр заман.

Ұялап, несін айтам, көңілге мұң,

Жүректі жібек құрттай кеміргенін.

Белгісіз қанша жерге созылары

Басталған сол сапардан өмір жолым.

КІНӘЛАЙ КӨРМЕ

Күлімдеп тұрып күндерді қарсы аламын,

Сезбеген болам тағдырдың салқын қабағын.

Арнасы терең, ағыны қатты өзендей

Ағады тулап, барады зулап заманым.

Жұта алмай еркін даламның жұпар самалын,

Арманның құсын кеудеме қанша қамадым.

Туған ел үшін тамыздық етіп жанымды,

Өшкенше атым үміттің отын жағамын.

Өрнегі жұмбақ өмірге қайран қаламын,

Шешуін таппай өтермін мен де, қарағым.

Кінәлай көрме, қайтадан жалғай алмасам,

Ғайыптан бір күн үзілген гүлдің сабағын...

АЛЛАНЫҢ ЖҮЗІ ҒАНА

Пенденің қарекеті тұрмыстағы – Аумаған тасбақаның тырмысқаны.

Алдыңда дайын тұрар қайда барсаң Терінің сен илейтін бір пұшпағы.

Қашпайды ырыздығың бұйырған бір, Пұшпақтың қолға тиген иін қандыр.

Ойлама толастамас, тоқтамас деп Төбеңнен көк нөсердей құйылған нұр.

Дәуренің алтын емес тозбайтұғын, Шоқ емес үрлей берсең қоздайтұғын.

Күлкіден көбік шашқан көңілге де Кез келер күзгі желдей боздайтұғын.

Тірлік жоқ күн мен түндей алмаспайтын, Пәле жоқ жердегіге жармаспайтын.

Көктегі ғайып құсы төмен түспес, Алланың жүзі ғана шаң баспайтын...

ЕКІ ТУЫП КЕЛМЕЙСІҢ

Дүние сыры бір ғана Құдайға анық,

Түн айналып келеді, күн айналып.

Қайта тұнар тасыған асау өзен

Арнасынан шалқыған ылайланып.

Жыл құстарын шұбыртып жылап кеткен,

Көктем қайтып келеді шуақ төккен.

Қайталанар өмірде барлығы да,

Еш нәрсе жоқ мәңгілік тұрақ тепкен.

Қайталанар жаз бен күз кезегімен,

Қаһарлы қыс қар бүркіп өзегінен.

Қуаныш та, қайғы да сан тосады

Тар соқпақты тағдырдың кезеңінен.

Тіршіліктің тірегі – адамдықта,

Қайталанар жақсылық, жамандық та.

Сатқындық пен қастықтан көз ашпайсың,

Дос ниеті бұрылса арамдыққа.

Барлығы да кісінің пейілінде,

Қайталанар өмірдің тойы күнде.

Ұшқан бақыт басыңнан қайта қонар,

Жүрегіңді толтырып мейірімге.

Шуақ түсіп тұрғанда көктен жерге,

Қайта келер өкпелеп кеткендер де.

Қайта жібір көңілің тас боп қатқан,

Не табасың жақынды жек көргенде?

Қайда қашып ортадан кетем дейсің,

Атажұрттың төсінде мекендейсің.

Қайталанбас өмірде өзің ғана

Екі туып келмейсің, екі өлмейсің?

БІР БАРЫП...

Сарғайып шөліркеген боз даладай,

Сыйғызам сағынышты сөзге қалай?

Жарқылдап төгіп өткен көк нөсердей

Көштің­ау, қайран дәурен, көзден оңай.

Төсінде ойнақтаған торғын белдің

Қадірін білмеппін ғой сол күндердің.

Кетіппін тым алыстап желген сайын

Елпілдеп жетегінде тағдыр­желдің.

Бүлкілдеп қайнап жатқан тұнық тұма,

Шіркін­ай, шыныменен ұмытты ма?

Тамшысы емес пе екен мөлдіреген,

Көзіме келе қалған тұнып мына?..

Кеткенде құлағыма жел сыбырлап,

Қайнайды өн бойымда қан шымырлап.

Неге осы туған жерді аңсай берем,

Кеудемде бозторғайдай жан шырылдап.

Түйінін шешемін деп бұл жұмбақтың,

Қаншама күліп шыққан күнді ұрлаттым.

Жылаған жүрегімді жұбата алмай,

Қосылып домбыраға күмбір қақтым.

Жауабын іздеуменен айналамнан,

Құсқа да құлақ түрдім сайрап алған.

Сылдырап сылаң қағып сайдағы су,

Ойланып жатып алды ойдағы орман.

Тілдестім тауменен де, таспенен де,

Қалмады амал­айла басқа менде.

Бұлттардан сұрап едім жылжып көшкен,

Түнеріп тұрып алды тас төбемде.

Уайымның соққан желі үскірік­ау,

Самайға сағыныштан түсті қырау.

Астында көк аспанның аласұрдым,

Тарылып қара жердің үсті мынау.

Шешімін таба қалсам әлдеқандай,

Боламын өзімді өзім алдағандай.

Түйіні бұл жұмбақтың тарқатылмас,

Бір барып топырағына аунап алмай...

САҒЫНЫШ

Жеткізбей алыс қалған тау етегі,

Бұл күнде сағыныштың зары өтеді.

Секілді жаздың бұлты жайлаудағы,

Ойласам көздің жасы сау етеді.

Жабырқап жаным неге егілмесін,

Ауылым, түсімдесің, өңімдесің.

Қайтейін, тоқтататын дәрменім жоқ

Бұлдырап белден асқан өмір көшін.

Қарашы жүрегімнің ауырғанын,

Қаға алмай қанатымды ауырладым.

Дүр етіп ұшып кеткен бір топ құстай,

Қай жаққа ғайып болдың, бауырларым?..

ТУҒАН БҰЛАҚ

Алыстап кіндік кескен жерден жырақ,

Аңсадым атам Айттан қалған, бұлақ.

Өзіңнен айырылғалы секілдімін,

Қоштасып ұшқан аққу көлден жылап.

Тіршілік кімге тұрақ таптырғандай,

Суыңа балдан тәтті кеттім қанбай.

Шомылған айдың нұры тұнығыңа

Періште түнде келіп бет жуғандай.

Бұралып биге басып балғын құрақ,

Жағаңда жатушы еді шалғын құлап.

Күрсініп көкжиекке қарай­қарай,

Бұл күнде күңгірт тартты көз бұлдырап.

Адам боп жер бетіне жаралғалы,

Дүние мың құбылды жанардағы.

Амал жоқ сылдырыңды сағынбасқа,

Жалбызың болмаған соң жағаңдағы...

АНЫҚТАЙ АЛМАС ЕШКІМ

Арсалаң, Сұлушоқы – жер төресі,

Өткізген балалықты өлкем осы.

Әрқашан өзіне ыстық көрінеді

Арқардың ойнақтаған кер төбесі.

Арқаның аңсағанда сай­саласын,

Жылдарға алыс қалған ой саласың.

Бозторғай боз даласын ұмыта ма,

Төсінде жұмыртқасын шайқағасын?

Қалдырған қынасында қасқыр түгін,

Білуші ем таудың сырын, тастың тілін.

Қыдырып, қызық қуып жүруші едім,

Сүзілтіп сұлу қыздай ат кірпігін.

Өзекке өкініштен шоқ тамады,

Жастықтың жәрмеңкесі тоқтағалы.

Адасқан үйірінен асау көңіл

Құлындай кісінейді ноқтадағы.

Ұяға балапандай бауыр басқан,

Бұл күнде алыстадық ауылдастан.

Жоқтыққа жомарттықпен жауап беріп,

Пейілдің қара суға балын қосқан.

Әркімге өз мекені – жер шоқтығы,

Анықтай алмас ешкім өлшеп мұны.

Жүрекке алып ұшқан ем таба алмай,

Өлерміз сағыныштан өлсек түбі.

КӨЛ ЖАҒАСЫНДА

Жарық күнді көргеніне көңіл мәз,

Жалт­жұлт етіп өте шықты өмір­жаз.

Сары күздің келгендігін хабарлап,

Көл жағалап қаңқылдайды қоңыр қаз.

Алтын шуақ елес беріп түстіктен,

Жылы жақты ойлап отыр құс біткен.

Етек­жеңін қымтанады кең дала,

Әбігер боп күзден кейін қыс күткен.

Алабұртқан аспан асты көңілсіз,

Іштен тынып, тұнжырайды көл үнсіз.

Қамыс­қурай салғыласып желменен,

Маза бермей ызыңдайды дамылсыз.

Әлдеқашан бесін ауған. Күн қайда?

Көніп алған уақыт айтқан ыңғайға.

Көмейіңе өксік келіп тығылып,

Күзбен бірге күрсінесің мұндайда.

Бөлісу:

Көп оқылғандар