Маржан Ершудің жаңа аударма еңбегі жарық көрді

Бөлісу:

27.12.2018 5121

Қаламгер Маржан Ершудің «Қожанасыр жырлайды» кітабы жарық көрді

26 желтоқсан күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, драматург, аудармашы, прозаик, сатирик Маржан Ершудің аударма кітабының тұсаукесері өтті. Нобель сыйлығының иегері, түрік жазушысы Орхан Памуктің "Сезім музейі" романын қазақ тіліне тәржімалаған қаламгер бұл жолы Махмұт Каяның Салжұқ дәуірі стилінде жазылып, 2017 жылы жарық көрген «Қожанасыр жырлайды» атты кітабын ана тілімізде сөйлеткен екен.

Бұл кітапты аударудағы мақсаты – қазақ фольклорына да етене кейіпкер Қожанасыр туралы түсінікті түрік әдебиетіндегі дүниелермен байытып, толықтыру, түрік ауыз әдебиетін жас буынға насихаттау болыпты. Кітапта Қожанасырдың белгілі, белгісіз әзілдері жаттауға жеңіл, ыңғайлы өлең форматында, көркем сурет иллюстрациялармен безендіріліп ұсынылып отырған бұл кітап оқырмандардың ыстық ықыласына ие болады деген сенімде екендігін аудармашы ерекше атап өтті.

Тізгінін белгілі аудармашы, жазушы Төрегелді Тұяқбаев ұстаған тұсаукесерге тілші ғалым Шерубай Құрманбай, Ораз Қауғабай, Зафер Кибар, Оңайша Мандоки, Шыңғыс Мұқан т.б. қаламгер, зерттеуші, журналистер мен оқырман қауым өкілдері қатысты.

Тұсаукесерге ҚР Мәдениет министрлігінен және Астана қаласы әкімшілігінен арнайы келген өкілдер қаламгерге шығармашылық табыс тілеп, сый-сыяпаттарын ұсынды. Қазақ тіліндегі көркем әдебиет айдынына жол тартқан жаңа кітаптың қадамы құтты болсын!

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар