Қадыр Мырза Әлі. Қаңтардағы қыр жолы
Бөлісу:
АЛЕКСАНДР ДЮМА ЖӘНЕ АСТАРХАН АЛАБЫ
Бір сәт шықпай ойынан,
Бұйра толқын, Ақ жазық,
Атыраудың бойынан,
Отыр Дюма хат жазып:
«Кітап болып ермегі,
Қанша білім игерсін,
Бірақ Дала көрмеген
Түк көрмедім дей берсін!
Армансыз бір демалып,
Аунау қандай жаз құмда.
Бақасындай Сенаның,
Бықып жүрген қаз мұнда!
Салты бөлек басқа үйдің
Ерте тұрар,
Кеш жатып.
Жағасында Каспийдің
Салдық көбін қаусатып!
Киіз үйден жасаулы,
Көз сүзеді үміттер.
Шалма тастап асауға,
Шіренеді жігіттер.
Жас балалар жарысар,
Жайдақ мініп атыңа.
Алып келген алыстан
Қызығады затыңа...
Жүрек шіркін шерменде,
Жаттап сезім дәрісін,
Желігесің көргенде
Желмаялар жарысын.
Түстім ұзақ, асықпай,
Басқұншақтың тұзына.
Көз жүгірттім
Асықпай
Қалмақтардың қызына.
Жатырқағыш қарағым,
Жат мінезден азатпын.
Қиылып-ақ қарадым
Қыздарына қазақтың!
Қалай қонақ сыйлайды
Сахараның сүйрігі!
Қос табаққа сыймайды
Қазақы қой құйрығы!
Ақсүйектер баяғы
Ас еместі ас депті.
Дәмін татқан жаяның
Жемес еді басқа етті!
Күн қызарып батады
Қызғылт нұрын шұбатып.
Жапан қалғып жатады
Жұтып алып шұбатын!
Көргенің жөн көзіңмен
Қолыңның бір босында.
Қырдың халқы сезінген
Қызық тірлік осында!
Кітап болып ермегі
Қанша білім игерсін,
Бірақ Дала көрмеген
Түк көрмедім дей берсін!»
ҚИРАҒАН ҚҰЛПЫТАСТАР
Кімді аяйды есіргендер,
Қызғаңдар?! -
Қасиетті ұғымдарды сызғандар?
Бәрін, бәрін,
Барлығын да бұзады,
Бақилардың тыныштығын бұзғандар!
Мұның өзі қиял ма, әлде елес пе?
Ескерткіштер қирап жатыр дөңесте.
Құлпытасқа қол көтеру, қарағым,
Аруақтарға дүре соғу емес пе?
Жи, бауырым,
Жи, бауырым, есіңді!
Жауыздыққа куә болды өсімдік.
Табытынан суырып ап аруақты
Тепкіледі деген осы!
Не сұмдық!
Тәнті болған елді билеп-төстеуге
Тиранның да аузы бармас «хош!» деуге.
Бауырым-ау, қорлау үшін адамды
Бұдан басқа болады енді не істеуге?!
Менің өзім бұған күдік келтірмен:
Жаза болып жарытпайды сол түрмең.
Қалай солай өлтіреді тіріні,
Бір өлгенді екінші рет өлтірген!
Қирап жатқан ескерткіштер көп тегі,
Қарағым-ай, қарғауға сөз жетпеді!
Құлпытасқа түскен сызат,
Жарқыншақ –
Шапалақтың таңбасындай беттегі!
Кімді аяйды есіргендер,
Қызғандар?!
Ар-ожданын тумай жатып сызғандар?
Бәрін, бәрін,
Барлығын да бұзады
Бақилардың тыныштығын бұзғандар!
КӨНЕ КӨРІНІС
Сол баяғы ғұмырды,
Салады еске аулалар.
Босатқанда шығырды,
Салдырлайды қауғалар.
Екі темір тіреуге,
Есулі сым керілген.
Кілем жайып біреулер,
Кейбіреулер кір ілген.
Тас дуалға тіреліп,
Тағы бір шаң шұбады.
Біреу күліп кіреді,
Біреу күліп шығады.
Үй күзеткен төбеттер
Ерінеді үруге.
Ол үйлерге
Бөбектер
Қорықпайды кіруге.
Торы бие құлынын,
Тісіменен қасып тұр.
Оғаш емес қылығың,
Қонақ болсаң, басып кір.
Бағы жанған
Арқаның
Баяғы алыс-берісі...
Жаңа сойған марқаның
Жаюлы түр терісі.
Ертелі-кеш сабылып,
Басылмайды ел аяғы.
Баяғы сол ауылың,
Ниет те сол баяғы...
ІРГЕТАС
Шежіреміз қию-қию,
Шырғалаң.
Шырғалаңды ұқпай менің жүр балам.
Жер үстінде бір шаһарым ер жетіп,
Жер астында шөгіп жатыр бір қалам!
Ерім менің!
Жерім менің шерменде.
Жырта қалсаң,
Жыр шығады көрден де!
Қырық эпос -
Қырық батыр жайында...
Қазақ жазбай,
Біреу жазып берген бе?!
Таусылмайтын парасат бар термемде,
Термешіге дайын тұрар төр менде.
Тылсым дала басқаныкі болған да,
Тегін тастап, Көшіп кете берген бе?!
Опасыздар шыңдығымды жырмалап,
Ойдағыны бойдағыға жүр балап.
Жеткенімді қалай жазсаң олай жаз,
Өткенімді жазба бірақ бұрмалап!
Айналайын, арғысынан кім безген!
Ақиқатқа қарау керек бұл көзбен.
Теріс тарих қажет емес Тұныққа
Теріс түскен сұлбадай бір күмбезден!
Өкінішті
Көп нәрсені кеш білген.
Оқымысты!
Көмек күтпе еш тілден!
Тарих қымбат қандай болса сол күйде,
Тәуір тарих сұрамаймыз ешкімнен!
Сарғайдық қой артын күтіп әліптің,
Сырын неге жасырамыз алыптың?!
Жаман болса жаман болсын,
Жарқыным,
Өз тарихын өзіне бер халықтың!
Әр дәуірдің болады өз шәйірі
Ақ-қараны алатын тез айырып.
Заманынды қайырмасаң қайырма,
«Жаманымды» берсең еді қайырып!
Елімізге керек емес ертегі!
Ертегіні өз балам да шертеді.
Тарих керек!
Іргетасы ол халықтың,
Іргетассыз қаланбайды Ертеңі!
ЖҰБАТУ
Мен отырмын сөзіңе құлақ түріп,
Ал сен болсаң бөркіңді лақтырып,
«Үш ұлың бар,
Сен мені түсінбейсің!
Түсінбейсің!» - дейсің, дос,
Жылап тұрып.
Түсінемін,
Түгелдей ғалам көшіп,
Бара жатқан сияқты қараң да өшіп.
Тұяқсыздың халін мен жақсы білем,
Жақсы білем,
Әйткенмен амал нешік!
Бастағалы көп болды осы әніңді,
Бекерге сен қажайсың қосағыңды.
Бұзасың ба сол үшін жылы ұяңды?
Таптайсың ба сол үшін ошағыңды?!
Көрінбеші бомба боп жарылғансып,
Отырған жоқ, меніңше, жарың қаңсып.
Жұласың ба сол үшін шашын талдап?
Қыласың ба сол үшін бәрін мансұқ?!
Мен, әрине, түсінем, күйіңді бұл.
Махаббатқа қашан да сиынды гүл.
Перзент дейсің,
Жылайсың,
Егілесің,
Бірдеңе деу өзіңе қиын бүгін.
Перзент,
Перзент,
Алдымен ана күткен,
Әке күткен,
Ел күткен,
Дала күткен.
Жоқтығы оның қасірет,
Күйік делік,..
Бақыт па екен бірақ та бала біткен?!
Табар болсам күйіктің егер емін,
Деп ойлайды біреулер көгеремін.
«Бұл баланың барынан жоғы жақсы!»
Деп жылаған әкеге не дер едің?!
Қандай пайда кей ұлдан -
Қара күштен -
Қатарынан бөлектеу дара пішкен?!
Әкесі жоқ,
Бес-он сом шешесінің
Пенсиясын тартып ап арақ ішкен!
Ұл дейміз бе залымды,
Арамды да?!
Тыныш қоймас түбекті,
Аралды да!?
Ұл дейміз бе кәззәпті,
Қанішерді
Тап беретін біреуге қараңғыда?!
Келе жатқан қасиет әлімсақтан -
Жігіт түтіл,шықпайды шалың саптан.
Ұл дейміз бе қашқынды,
Опасызды -
Отан сатқан,
Жер сатқан,
Елін сатқан?!
Ал сен болсаң бөркіңді лақтырып,
Қасіретіңді айтасың жылап тұрып.
«Мұндай ұлдың барынан жоғы жақсы!»
Дегендерге көрші бір құлақ түріп.
Түсінбейін мен неге?!
Түсінемін!
Сен мен үшін бейтарап кісі ме едің?!
Сен жыладың -
Жылқы боп шұрқырадың,
Мен жұбатып өзімше кісінедім.
Түсінбейін мен неге?! Түсінемін!!!
АЯЗ БИ
Аяз биім!
Аруағым, табынарым.
Ар мен ақыл - бас иіп, бағынарым.
Алдыменен сені ұғып,
Сені сыйлар
Маңдайына жазылған бағы бар ұл.
Мақтағанда талай дос,
Талай қасың,
Айналмаған, апыр-ай, қалай басың?!
Ойлап тапқан өзіңді дана халық
Деген шығар біздерді абайласын!
Пәлсафаны ең қымбат үлес көрген,
Парасаттым,
О бастан күрескер ме ең?!
О, Аяз би!
Білсе де сені жақсы,
Биігіне шыққан соң кім ескерген!
Көксеп кетсем ұсақты,
Кешір мені!
Көп жағдайды көңілден өшірмедім.
Ұмытады өскендер
Емтиханда
Кімнен қалай есепті көшіргенін!
Ұмытады барлығын ірім менің:
Балшық басып,
Балағын түрінгенін,
Тапсыра алмай
Бір емес,
Бірнеше рет
Зачет сайын мың өліп-тірілгенін!
Жоқ-ты өзінде соншалық мұрат биік.
Болатын-ды тіл алғыш,
Бірақ тұйық...
Ұмытады ол енді қыдырғанын
Жолдасының шалбарын сұрап киіп.
Ұмытады қазанды қырғанын да,
Ыңғайпаз деп әкенің ұрғанын да!
Ұмытады достардан қарыз алып,
Пәтер жалдап біраз жыл тұрғанын да!
Сырларым бар осыдан түйген менің:
Өсу үшін ол түктен именбеді...
Енді, міне, ұмытады
Бір мықтының
Қайтып келген қызына үйленгенін!
Көміп кеткен тәрізді арды құмға,
Ұмытқан ол ерлердің нарлығын да!
Бригадир,
Нұсқаушы болған кезін
Бәрін, бәрін ұмытқан,
Барлығын да!
Емес енді бүгінде осал аға
Пысқырмайды киіз үй,
Шошалаға.
Сен сияқты,
Аяз би,
Көн шоқайын
Іліп қойса болмай ма босағаға!
Сен, Аяз би, жемісі даналықтың,
Ойлап тапқан өзіңді
Дала мықты.
Кемеңгерлік бейнесін қайдан алмақ
Өзі сондай болмаса со халықтың?!
БҰЛ ЖЕРДЕ
Құлан да болған бұл жерде,
Бұлан да болған бұл жерде.
Құлан мен бұлан қалмастай
Лаң да болған бұл жерде.
Ауыл да болған бұл жерде,
Қауым да болған бұл жерде.
Ауыл мен қауым қалмастай
Дауыл да болған бұл жерде!
Базарлар болған бұл жерде,
Мазарлар болған бұл жерде.
Халықтың көрген түсіндей
Хазарлар болған бұл жерде!
Ғұндар да көшкен бұл жерде,
Құмдар да көшкен бұл жерде.
Қуанышпенен сыйыспай,
Мұңдар да көшкен бұл жерден.
Тоғайың көшкен бұл жерден,
Ноғайың көшкен бұл жерден.
Ноғайдың орнын сипалап,
Ағайын көшкен бұл жерден.
Шаңдағың көшкен бұл жерден,
Қаңбағың көшкен бұл жерден.
Қаңбақты қуып шаңдатып,
Қалмағың көшкен бұл жерден!
Күмбез де болған бұл жерде,
Мың көз де болған бұл жерде.
Күмбезді мың көз өртеген
Бір кездер болған бұл жерде.
Азабың қалған бұл жерде,
әз әнің қалған бұл жерде.
Азабын қосып әз әнге
Қазағың қалған бұл жерде...
ШОПАН
Тұрмын деп астанада, нән қалада,
Алмаймын таңдана да, паңдана да,
Біз жүрміз автобуста сығылысып,
Сен болсаң бір өзіңсің маң далада.
Айнала қызыл гүлден кілем төсеп,
Күтесің қонағыңды, келем десе...
Біздердің жайлауымыз — балкон ғана,
Ал саған бүкіл жайлау — өлең төсек.
Белгілі: қыс қиын де, күз қиын де,
Сен емес жатып алар мызғиын деп.
Суды да, ауаны да, мұз-қарды да
Көресің барлығын да қыз күйінде.
Ақындар қайтып алға жылжымасын,
Оқысаң ойсыз елең — қынжыласың.
Алдымен уыз таңды өзің жұтып,
Алдымен жауқазынды сен жұласың.
Шығарып шопан жайлы қызық аңыз,
Қойшы боп кетсек пе деп қызығамыз.
Суы жоқ тастақ сайға жатып алып,
Өзіңнен қалған Күнге қызынамыз.
Сүңгісе көкала үйрек көлшігінде,
О, көңіл, көріп соны көншідің бе?!
Біздерге,
Қалалыққа жетпегенмен,
Бір өзен бүкіл сенің меншігіңде.
Ауыл жоқ қой бағатын өгізбенен,
Астыңда алағызған семіз дөнен.
Бәрі де сенің үшін қызыметте:
Анау бұлт — көшпелі душ сені іздеген.
Алқынып қара тер боп терлегенің —
Ол сенің абыройыңды бермегенің.
Сондықтан бірінші боп сөз аласың,
Сондықтан өзіңдікі төр дегенің.
Жоқ біздің алабөтен бұлдарымыз,
Даланың өнер қуған ұлдарымыз.
Арналған өздеріне ән менен күй —
Біздің де ертелі-кеш тыңдарымыз.
О, достым, өзін қырмен бір санаған,
Сен үшін жазылмаған жыр садаға!
Алыс деп әсем қала өкінбес ем,
Табиғат жақынырақ тұрса маған!
ҚАҢТАРДАҒЫ ҚЫР ЖОЛЫ
Титықтаған қойшылар,
Тынған түздің бораны:
Түйдек-түйдек бу шығар
Тұлыбыңа оранып...
Қас батырдан қаһарлы,
Ояздан да озбырлау
Аппақ дала,
Ақ орман,
Аттың үсті боз қырау.
Бұлдырайды, әне, ауыл
Буға ұстаған әйнектей.
Құлагердің танауы
Қайнап кеткен шәйнектей!
Жырақ завод түтіні
Жын-перінің шашындай...
Отырған ел күтініп
Қалмайды енді шашылмай!
Қазіргі үйің соғатын
Қүнан қойын сояды.
Ойқастаған тоқ атың
Оқыранып қояды.
Шолақ тонды,
Күртелі
Әжейлерің бұйығы
Әдеппенен сүртеді
Әжімді көз қиығын.
Көрсет мейлің,
Көрсетпе:
Босағандай бұрауың,
Жібітесің бір сәтке
Сен де кірпік қырауын!
Елдің еңіс-үстірті
Есінде әлі баланың...
Айдашы атты ысқыртып
Ғарышында даланың!
Бөлісу: