Шернияз Жарылғасынұлы. Қызыл тіл сөз сөйлесем безерілген
Бөлісу:
ТОСТАҒАНДЫ ҚОЛҒА АЛЫП
Тостағанды қолға алып,
Айқай салған жиырма бес;
Шаншатұғын найзадай,
Қылтың еткен жиырма бес;
Шабатұғын қылыштай,
Жылтың еткен жиырма бес.
Жиырма бестен өткен соң,
Орда бұзған отыз бес.
Отыз бестен өткен соң,
Қынсыз қылыш қырық бес.
Қырық бестен өткен соң,
Емен шоқпар елу бес.
Елу бестен өткен соң,
Әрмен-бермен алпыс бес.
Жетпіс беске келген соң,
Сексен беске жеткен соң,
Ұлың жүрер ұялмай,
Қызың жүрер тіл алмай,
Сол мезгілде жүрерсің
Белге соққан жыландай.
Сексен бестен өткен соң,
Тоқсан беске кеткен соң,
Шөңге болар түсіңіз,
Жылап тұрар ішіңіз,
Бойдан кетер күшіңіз.
Сол мезгілде болғай-ау
Сыйлайтүғын кісіңіз.
АЙ, ҚАЗЫ БИ, ҚАЗЫ БИ
Ай, Қазы би, Қазы би,
Үш таңбалы Майлыбай,
Жайылса жонға сыйғысыз,
Әлім деген ел едік;
Он екі ата Байұлы,
Біз екеуіне тең едік;
Қонысым жақын болған соң,
Бізбен он үш деп едік.
Тауда жүріп тас кескен,
Құландай тауда жайлаған,
Тумыш атым бұйырғанға байлаған,
Сонау жүрген Адайдың
Түбінде атам бір-ді, - деп
Айқайлап арын арлаған,
Біз теңдіксіз несін жеп едік?
Ай, Қазы би, Қазы би,
Әлі де боса ойланыңыз.
Біз зиянсыз қорғамыз
Былтырғы өткен жаз күні
Біз Әлімге барғанбыз.
Қимағаннан қонысты,
Қайтып саған келгенбіз.
Келген кісім сен болсаң,
Көзге түрте бермеңіз
Енді қорлық көрсек те,
Анау жатқан Әлімге
Біз уәде бергенбіз.
Ай, Қазы би, Қазы би,
Көзіңді сал пайда,зиянға-ай.
Шыға қалмас мүйізің,
Кетені қуып қиянға-ай.
Сұңқарым қашты қолымнан,
Қарамайсың сөзге, ұялмай.
Аса бір қорлық көрмесе,
Қонысын кісі қиярма-ай?
Сұлтан Сиық деп келгенде,
Ел ішінде ел дегенім
Қарсы өзіме жау шықты,
Жылқыдан Кете сау шықты.
Мәлікенің айтқаны
Өтірік жала, дау шықты.
Назар алған жылқысын
Шернияздан алам дап,
Мәліке деген жау шықты.
Ай, Қазы би, Қазы би,
Жылда бір келсем жеріңе,
Зәуде келген қонақтай
Тәңір алдына барғанда
Қонақты күткен жалақтай,
Байұлының ішінде
Иланар кім сені ақтай?
Сен би дегенге мақтанба,
Теңдесіп сөйлер жер болса,
Айбынар кім, кім ақсай?
Ай, Қазы би, Қазы би,
Жұрттан озды аруағың,
Атаңыз батыр бұранда-ай,
Ниетпен келдім, аға деп,
Тимес пе пайда жеріме-ай?
Атаңның сөзі аз болар,
Сабыр етсең азырақ
өлмеген құлға жаз болар,
мен айтып болдым сырымды-ай.
Мен де атадан туғанмын,
Адаммын деп жүргенмін,
Мен-дағы қарап тұра алман,
Сен сүйкенсең ұрынбай.
Алдыңа арым жібермен
Үш таңбалыМайлыбай,
Тұқымым бітіп қырылмай.
КӨЛ ҚЫЛЫП ҚҰЙДЫМ ТАЛАЙ СУДАЙ АҒЫН
Көл қылып құйдым талай судай ағын
Сөйлей көр өлмей тұрып, тіл мен жағым
Дүниенің машақатын шектім талай,
Алмасын тірлікте ердің бағын.
Қызыл тіл сөз сөйлесем безерілген,
Заманы жылдан-жылға шегерілген.
Әр жерде алқа көрсем, тұра алмаймын,
Осындай қызыл тілге шеберімнен.
Өзім де сөз айтуға шебер-ақпын,
Сөйлеуге ернім епті емерілген.
...Мал қолда, жан ұяда тұрған шақта,
Тұрады айтқан сөзің жарасып-ай.
Немене айтып-айтпай, Тәңір деген,
Дүние бастан өтіп барасың-ай.
СӨЗ СӨЙЛЕЙМІН БӨЛМЕЛЕП
Сөз сөйлеймін бөлмелеп,
Әр нұсқадан термелеп.
Сөйлеген сайын кетеді
Қызыл тілім өрмелеп.
Өлген адам тірілмес,
Әркімге келер бір кезек.
Құлағың сал да, тыңдай қал,
Қалағаның сөз болса.
Сөйлемей қалар деп пе едің,
Біздің тұқым елгезек.
Асылдарға ой керек,
Шығаруға сой керек;
Жиырма бестің күнінде
Бозбалаға той керек;
Әр нәрсенің жөні бар
Сұлу қызға бой керек;
Жұртпен теңгеріп тұруға
Әділ төре, хан керек;
Ханның көркін сұрасаң,
Қара орман ел керек;
Жұрт жабылып ішетін
Айдын-шалқар көл керек;
Көл жағалай қонуға
Көкорай шөпті жер керек;
Ел үстіне жау келсе
Көк бөрідей ер керек.
Ер астына мінетін
Бәйге бермес сұр керек;
Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдидан салса, төске озған.
Ұзақшыл тарлан, тар мықын,
Қысқа мойын сұр көжек.
Аттан аттың несі кем,
Өзі тарлан көк болса?
Ерден ердің несі кем.
Айтқан сөзіне берік болса?
Хандардан ханның несі кем,
Халыққа әділ ерік болса?
Жалы кетсе мойнынан,
Арғымақ ат шаба алмас,
Нардан туған жампозға
Арыса кіре сала алмас,
Көмексіз болса ер жігіт
Жалғыз теңдік таба алмас,
Жалғыздың ісі оңа алмас,
Көптің ісі жоғалмас.
Асыл сойдың баласы
Тартысқан жерде сөз табар,
Жайқын-жайқын жүйрік бар
Бауырын жазып бір шабар
Азып туған жаманды
Түйе үстінен ит қабар.
Екі сырттан ит болса,
Қой алдырмас қорадан.
Екі жігіт тең болса.
Ат жібермес арадан.
Қарындастың қайғысын
Қарап жүрер даладан.
Заман да келді қырыннан,
Қамыңды же бұрыннан.
Бұрынғы заман билерде
Арзан бір бар ма еді бұзылған?
Сөйлеп жүрген тіл мен жақ,
Құр қалдырмай ырымнан.
Бәрімізге ай ортақ,
Қайырлы болса, бай ортақ,
Жақсы болса, би ортақ,
Көп жасаған көне ортақ.
Жаман адам не керек,
Жақсының елге бәрі ортақ.
Ел жабылып ішуге
Айдын-шалқар көл ортақ.
Ай батқан соң, күн ортақ,
Күн батқан соң, түн ортақ.
Алдыңғы өскен ағаға,
Жақсы болса, іні ортақ,
Жаман болса, кім ортақ?
Сөз тыңдауға мен ортақ
- Ай жігіттер, жігіттер,
Жердің жүзін қарасаң,
Мұнша неге кең болған?
Жеті мүше денеміз
Бір-біріне тең болған.
Төрт аяқты айуандар
Неге адамнан кем болған?
Жарық үшін күн болған,
Тыным үшін түн болған.
Тамашалап қарасаң,
Ай мен жұлдыз, күндіз, түн,
Орман, тоғай, от пен су,
Таң-тамаша, кім қылған?
Құрт-құмырсқа, ұшқан құс
- Бұ да басқа түр болған.
Асқар, асқар, асқар тау,
Етегінен балапан
Басына шарлап шыға алмас,
Бауырынан күзен ін қаза алмас,
Сұңқардан сұлу құс болмас,
Жүні қатпай ұша алмас,
Бидайықтан сұлу құс болмас,
Бағуы сыйлы болмаса,
Ең игісі түк те алмас.
Ағайынның ішінде
Бір жақсысы бар болса,
Түртіп оны көре алмас;
Ол жақсы қолдан кеткен соң,
Басқа қиын іс түссе,
Ел қыдырып таба алмас.
Асқардан ұшқан су бүркіт
Еділдің аңын іле алмас.
Өліп жатқан сұққардың
Жүніне қарға қона алмас.
Кешегі айтқан көп жаман
Бір жақсыдай бола алмас.
Басыңнан ұшса дәулетің,
Айналып қайта оралмас.
Жақсысынан айрылса,
Құр жамандар оңбайды;
Аңдып жүрген дұшпаны
Қанатын тігіп қомдайды.
Батпансынған бай да өлер,
Зулап өтер басыңнан
Баяны жоқ дүниелер.
Болжалды күн болған соң.
Дүниеден кім қалған?
Батыр өткен шабынған,
Жүйрік өткен шабылған
Кербез өткен тағынған,
Сұлу өткен жағынған,
Не жайсаңдар өтпеген
Озған жүйрік табыннан.
Неше шешен ақындар,
Жау жүректі батырлар,
Жас басынан қағынған.
Шалқыған заман бар еді,
Іздегенің табылған.
Малдан есеп берген соң,
Шыр айналып жүрген соң,
Аузы ала алашым
Сол күндерді сағынған.
Бөлісу: