Қарагер құлын ақ қарда қызынған денең...
Бөлісу:
Жылқы – адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болды. Ұлтымыздың жылқыдай тегеурінді, екпінді, арынды болуы – қанымызға сіңген қасиеттей. Сондықтан да сәйгүлік десе, елеңдемейтін қазақ жоқ. Жыраулар кезеңінде жылқы тақырыбында жазылған толғаулар мен дастандар – әдебиетіміздің алтын қорына енді. Қазір де киелі жануарға жыр арнап жүрген қаламгерлер жетерлік. Ендеше, сол ақындардың өлеңдеріне назар салып көрелік.
Элегия
Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз үгіліп, қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң кетемін ұйықтап,
Ұйықтап кетсем түсімде сәйгүлік көрем...
Мінем де шабам алдымнан аңғарлар қаптап,
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап.
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам,
Мен болсам – арман,
тұлпарым – арманнан да әппақ!
Жосылтам, шіркін!
Борайды жаңа өлең қардай, –
Тұлпарым қандай сол шақта
және мен қандай?!
Аңсар бар жанда ес-түссіз! –
Тым-тым алыста
Тек мені күтіп жатқан бір ақ әлем бардай...
...Аққу сындымын бүгінде айдыны – қырау,
Ақ әлемге барып жерлер ем қайғыны мынау –
Өңіме қарай, бір кезек, шаппайсың ба енді,
Түсімде көріп жүретін сәйгүлігім-ау!..
Светқали Нұржан
Тебiнде
Ықтасын болмай тау iшi,
Ызғарын ұлытып.
Сары аяз қарып бет-жүзiн, мұз қатып кiрпiк,
Қайың құрығын сүйретiп қайқаңға шықты
Жылқышы малға «һай-һайлап»,
Түз-тағы үркiп.
Елтiрi тымақ кигенi, қасқырдан iшiк –
Суықтан қамсау.
Сары аяз – қас қылған күшiк.
Алашабырланып қоян жон беткейдiң қары –
Ажырап қалған бейнебiр басқұрдан үзiк.
Иiнiнен өтiп құлама, иiрлi жардың,
Тебiндеп кешке шыққаны үйiрлi малдың.
Төсiнде қырдың тебiсiп құлын мен тайы,
Сергiтер бойын, қандырып иiн құмардың.
Үйiрдi мынау үйiрген айғыры күштi,
Шау тартса дағы әлiгүн айбыны сұсты.
Қарагер құлын қалқиған шалынып көзге,
Тегi бiр айғыр есiне тай күнi түстi...
...Аршып тастады айғырдың тұяғы қарды,
Жылқышы көзi жiтiрек –
Қияны шалды.
Бетеге, жусан белде жоқ,
Қыр астын қармап,
Жұғын да болмас жұмырға қияғы қалды.
Қараңғы iңiр қара шат төрiнде жатқан,
Бiр сүйкем жұлдыз шаңытты көгiнен аққан...
Тобықтай оймен толғанар жылқышы шалым
Көп малға қарап қырдағы тебiнде жатқан.
Шыңылтыр аяз алмайды-ау тызақтап тағат,
Сiңiп барады қойнауға түсi аппақ алап.
Әлiмсақтан-ақ тектi мал,
Әлi кеткен бе,
Әйтеуiр қаны сұйылып ұсақтап барат.
...Бұзылып күнi,
Бiлiндi үскiрiп алдан,
Борасын жаяу жүгiрдi – ұшқыны қардан.
Кешегi белдi жылқының ұстыны қалған:
Дәмелi көптiң жылқыдан мiнiп кеткенi –
Ау жетпес шабан,
Алдаған түс қылып арман.
Жылқышы шал да айтып қап iлкiде шынын:
– Жыға танымас кей тантық жылқының сынын!..
Жүйрiктiң сойын бұзғаны бөтен жұрт келiп,
Ұға алмай ұрпақ бұрынғы үлгiнiң сырын.
Қазақы жылқы азайған,
Арғымақ қайда?
Дүйiм жұрт жатыр даурығып, дау құрап ойда.
Рысактардың буданы – ел сүйген тұлпар,
Жүгiртiп мәз бол...
Сабаумен салғылап, қойма!..
...Мал бағу қиын – ес кетiп, жан шығарасың...
Тебiнiп атын жылқышы, қамшыға басып.
Тұлпар шығатын құлын бар,
...Тұғыр да болар,
Жабысы келiп тайына қанжығаласып...
...Жүйрiгi жауыр болды ма, тұғыры – тұлпар?
Дем-күшi еске алынбай: тығыны шырқар.
Озбаса тұғыр –
Иесiнiң сезiгiн секем
Көтерме сүйрер деген бiр ұғымы қымтар.
Көтерме қалмас тоқ үмiт, ұзын дәмемен...
Қарагер құлын ақ қарда қызынған денең!
Тақымға басып құрықты,
Көңiл түбiнен
Жылқышы сонда суырда шыжымдап өлең...
Нұржан Қуантайұлы
Сал күреңнің тұрманы
Сал күреңнің тұрманы төрге ілінген,
Белгі беріп тұратын өр күнімнен.
Анда-санда тер сіңген ат әбзелін,
Бір иіскеп-ақ,
Шаршасам сергідім мен.
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді,
Сағыныштың таусылмас әсте легі.
«Шаншар қасқа», «Ақкекіл», «Бозжорғалар»,
Жіберетін көтеріп пәсте мені.
Пай-пай шіркін күліктер құлын мүсін,
Екпініңмен тапап ем зұлым мысын.
Талай-талай шапқанмын...
Бір бәйгеге,
Шаптырмай-ақ кетем бе ұлымды шын?
Тұрманына тұлпардың телміремін,
Пырақтардың тәңірім бер біреуін.
Өзім ерттеп берер ем сайлап бәрін,
Ұлым шықса жетелеп тел күреңін.
Қоздырады қазақы ер делебемді,
Жылқы мінез, тарпаң жан көне ме енді?
Шырт-шырт сынған қымызды сапыра алмай,
Бос қаңқайтып қоям ба тегенемді?
Ер-тұрманы тым жетім сәйгүліктің,
Төрде ілініп қаншама бәйгі күттің.
Тақымыма бір тимей,
Сауран сойы,
Ортасында кетем бе қайғы, үміттің?
Әділбек Ыбырайымұлы
Жылқылар
Тым іңкәрлі көзін қадап, өбердей,
Алауымен жан жырыңды жебердей,
Мың жанардың бірі сынды,
Еленбей,
Неге қалғып бара жатсың дегендей:
Ұйқастары сай-саладан шұрқырай,
Түннен ағып түседі өлең жылқыдай.
Жау қолынан шыққандай-ақ ширығып,
Арғымақтар елегізіп, дүрлігіп
Тартып берер,
Тұяғында жанады от:
«Еркіндіктің мекені осы дала»,-деп.
Сусылдаған жалындай бір құлпырып,
Мен тірілем,
Қанатым дүр сілкініп!
Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,
Еркін аққан ендігі жыр –
Күреңім.
Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,
Жылқылардың біле тұра мінезін...
Ондай ұлы еркіндікке кім шыдар,
Теңіз деген –
Түн шайқалтқан жылқылар.
Емшек сүтін дірдектетіп
Соқада,
Бір ақынға иігені шын шығар.
Емген шығар,
«Сан ғасырлық сырды айтып,
Мың тылсымын жеткізер – деп, тіл қайтып?».
Тұлпарларға
О, далалық ғашықтық.
Ғашықтық ол жүрекке де сыймайтын.
Қалаларды таптап өтіп,
Төрінен,
Бірақ шыққан сәтіңдей бір тебірен!
Ал, домбырам, аққан жұлдыз бейнелі.
Зар желісті пырағымдай еңіре.
Бір құмары қанбай кетсе пәниде ер
Тақымына түспей кеткен әрине ол
Саңлақ қой,
Сағым сынды саңлақ!
Өрт-жалынан жан-дүнием жамырап
Тигенде әттең, шаңға оранып артымда,
О, қу жалған қалар еді-ау аңырап...
Ұларбек Нұрғалым
Жылқыда
Керең түнді түрткілеп, шырқын алып,
Айдалада жүруші ем жылқы бағып.
Әндетемін тау-іші «әгу-айлап»,
Әтірінен гүлдердің бүркіп алып.
Боз дала да боз бала мекеніндей,
Қиялдарға ілесіп кетемін кей.
Кеуде тұста бір үміт үркектейді,
Жаңа туған құлынның секеміндей.
Ессіз ем ғой, онда мен кісі ме едім?
(Енді өмірді басқаша түсінемін!)
Ауылдағы аруға алаң болып,
Жапан түзде жылқыша кісінедім.
Қиял күрең жортады, пысқырынып,
Қайда бастап барады ұшқыр үміт?
Қара айғырдай қызғаншақ болып барам,
Көз алдымда ана бір сұсты жігіт.
Шұрқыраған жылқымен жастық кетті,
Асау күндер байырғы бастықты, өтті...
Тұяғынан жылдардың тас бұрқырап,
Жүрегімді сол ару тас қып кетті.
Жанат Жаңқашұлы
Қарагер
Дүбіріңнен дүрліксе дала-дастан,
Кісінесең жаңғырып барады аспан.
Екі тумас қарагер - қанатым ең,
Елсіз белдің желімен жағаласқан.
Тынысыңнан ойнаған тылсым үнді,
Пысқырғанда естуші ем тың сырыңды.
Қас-дұшпанның алданбай құрығына,
Қашаған-жыл сындырмай қылшығыңды...
Сүріндіріп осқырып, осалды бір,
Түн ілдіріп жеткенде тосаң дүбір.
Жауыздықта босатпай арыныңды,
Ауыздықпен алысқан асау ғұмыр.
Торсық шеке, тобылғы өң, доға сағақ,
Ілкі іңірде бұлт көшіп, жон асады ақ,
Жылқы терін сіңірген құладүздің,
Жалқы демін ішемін оңаша қап.
Көне жұртта қалса да көне өлеңім,
Күлігім-ай, сен маған бөлек едің.
Шідерлігің қанаған тағдырыңмен,
Ұлтымды еске түсірдің неге менің?
Біржан Ахмер
Сурет torange.biz сайтынан алынды
Бөлісу: