Асылбек Байтанұлы. Әуезов әлемі - дипломаттың көзімен

Бөлісу:

30.01.2019 3741

Дипломат, шығыстанушы, зерттеуші-публицист Мұхтар Кәрібайдың «Дүбірлі дүние» атты жинағы қолымызға түсті. Дипломатия, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орны, кешегі облыстық қала Ақмоланың мемлекет астанасы – қазіргі Астана қаласына айналу жолы, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ дипломатиясының қанаттанып нығаюы және оған үлес қосқан айтулы дипломаттардың ілкімді істері т.б. мағлұматтарды тартымды мазмұнмен, ұғымға жеңіл тілмен жеткізген кітаптың ішіндегі дүниелердің ішінде назарымызды барынша аударғаны – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың шығармашылығына жазылған талдаулар циклі болды. Мұхтар Әуезов – қазақ ақыл-ойының асқар биігі. Ол жазып қалдырған өлмес туындылар – қазақтың рухани жаны, жадысы. Академик жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы соңғы сексенге жуық жылдың көлемінде жазылудай-ақ жазылып, зерттелудей-ақ зерттеліп келе жатыр. Бұл жақсы. Бірақта алыс елдерді айтпағанда, көрші орыс халқы өздерінің «Әуезовтері» Толстой мен Достоевскийлердің әр туындысы қалай, қашан жазылды, қандай өзгерістерге не себепті ұшырады дегенге әлдеқашан жауап беріп, қаттап, оларға қатысты әрбір жәдігерлікті, географиялық нысандарды т.б. шоттап, инттелектуалдық туризмнің көзіне айналдырып тастаған. Тіпті, биліктің сырттай қорғауы болмаса, үкіметтің қаржылай қолдауына да зәру емес. Яғни, үзіліссіз үдеріске еніп кеткен, дәуірлермен үндескен мәдени құбылыс.

Ал біз Абайымыз болсын, Әуезовіміз болсын, көбінесе, мерейтойы кезінде ғана еске алып, жапа-тармағай жар сала жазып, жариялауға кіріскенімізбен, келесі секе алуға дейін қоламтаның қозындай жылы жауып қоя тұратынымыз бар екендігі рас қой. Онымен қоса, осындай науқаншылық тұсында бірнеше әдебиеттанушы ғалымдар мен тарихи тұлғалардың пікірлері мен зерттеу жазбаларымен шектеле саламыз. Осы тұрғыдан алғанда дипломат маманның айтып отырғанына қосылмасқа әддіміз жоқ: «Әуезов қана емес, жалпы Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, шығармашылығы әдебиетші, лингвист ғалымдар мен тарихшылардың және жекелеген заңгерлердің зерттеу объектісіне айналумен шектеліп қалған сыңайы бар».

Бұл мақалалардың иесі – нанын әдебиеттану немесе тіл білімі, тіпті журналистикадан тауып жүрген адам емес. Мүлде өзге сала – дипломатия саласының адамы. Сондықтан да Мұхтар Әуезовтің бәрімізге мектеп оқулығынан бастап-ақ таныс болған, фильм де түсірілген «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қорғансыздың күні» туындылары туралы дипломаттың зерттеп талдауы, өзіндік ой-пікірлеріі қызықты.

Мұхтар Әуезов шығармашылығының бастапқы кезеңі – әлемді шарпыған алапат оқиғалар, төңкерістерге тап келді. Бұл кезеңде қазақ даласында болып жатқан аумалы-төкпелі алмағайып өзгерістердің жылдамдығы сондай, азаматтық позицияны нақ айқындап, саяси көзқарасты біржола бекітіп, белсе кірісудің өзі оңай болмағандай көрінеді. Мұхтар Әуезов осы кезеңде ұлтының азаттығын, елінің тәуелсіздігін мұрат тұтқан зиялылар шоғырының, «Алаш» партиясын құрушылар қатарынан табылды. Мұхаң өмірінің осы бір кезеңі жайында жазушы, зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбайдың нақты деректерге сүйене отырып жазылған еңбектерінде бүге-шігесіне дейін талданған. Дипломат зертетуші бұл тұрғыда, яғни шығармашыл тұлғаның азаматтық позициясы туралы қандай пікір айтпақ. «Дүбірлі дүниеден» үзінді алып қарастыралық: «Мұхтардың азаматтық позициясының айқындалуы мен саяси көзқарасының қалыптасуын оның өмір сүрген ортасы ерекшеліктері мен сол кезеңдегі қазақ даласында болып жатқан әлеуметтік-қоғамдық һәм саяси оқиғалардың мазмұнымен біртұтас алып қарағанда ғана тереңірек түсінуге болады».

Иә, біз тек Мұхтар Әуезовке немесе өзге де тұлғаларға, олардың шығармаларына, азаматтық ұстаныма бүгінгі күннің көзімен баға беруге ұмтылатынымыз, мақтап немесе даттауға кірісетініміз рас қой. «Менің әдебиет пен саясат жолында бұрын қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен «байшыл, алашордашы» одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі» болғам. Бұл сияқты дәл сынды жазушылар – Қаз АПП тобының төңкерісшіл, марксшіл сыншылары», - дегізіп, Мұхтар Әуезовті «ағынан жарылтқызып», ерікті азаматтық позициясы мен саяси көзқарасынан еріксіз азаматтық позиция мен саяси көзқарасқа көшуі – бір ғана тұлғаның басындағы кеп емес еді ғой. Қайта, Ахаң бастаған ұлт көсемдерінің ақылымен Мұхтар Әуезов осындай позициялық шегініске барып тірі қалғаны, ХХ ғасырдағы қазақ руханиятының зор бағынің бірі осы тағдыр болғаны көпке мәлім. Дәл осы «позиция» мен «көзқарас» тұрғысындағы дипломаттың талдау тұжырымына көз жүгіртейік: «Тұжырымдай келгенде, Әуезовтың Ашық хаты – тұлғаның ұлағатты өмірін тануға апарар тарау-тарау жолдардың бір тарамғы; Әуезовтың, ол арқылы ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының, тұтас халықтың қайшылықтарға толы қиын-қыстау өмірінің шытырманын ажыратып, шындығын ұғуға мүмкіндік беретін өте күрделі тарихи құжат; кеңестік қасаң идеология тұсында біржақты бағаланып, ұлты үшін күрескен рухы мықты жандардың «біржола жеңілгендігінің», кеңес үкіметінің «жасампаздығына» бас игендігінің айғағындай насихатталды. Десе де, шығармалары, өмір жолы көрсеткендей, жазушы өзінің бастапқы мұратынан, алғашқы сара жолынан, алдына қойған мақсатынан айнымай, тар мағынадағы таптық көзқарастың көбесін сөгіп, адамзаттық ақыл-ойдың шырқау биігіне көтерілді». Иә, «асыл пышақ қап түбінде жатпайды» демекші, пролетариаттық әдебиеттің сойылын соғушылар Мұхаңды өз қатарларына арылтып қостық дегенімен, ақыл-ой алыбының сырт көзге ғана солай екенін дипломат зерттеуші жақсы ашып көрсетеді.

Ашық хат жазып «арылудан өткен» Мұхаңның әрбір туындысында жалпыадамзаттық проблемалармен астасқан ұлы гуманизм, әділетсіздікке қарсылық, азаттық, әділеттілікке деген аңсарлы ұмтылысқа толы өлмес туындыларындағы кейіпкерлер тағдыры мұны әйгілеп тұрғандығын «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Қорғансыздың күні» жайындағы талдауларда жақсы ашып көрсетеді. «Қараш-Қараш оқиғасында: «Сол уақытта асығып тұрған саусақ жіңішке суық темірді нығыздап қызып қалғанда, қарғыс оғы күрс етті... үлкен денелі болыс шіреніп барып шалқасынан құлап түсті», - дейтін эпизод бар еді ғой. Осыған мән берген зертттеуші мынадай ойды ұсынады: «Автордың осынау «қарғыс оғы» деген бірауыз сөзінде, жалғыз түйінінде бүтіндей шығарманың тұжырымы жатыр. Бұл қарғыс оғы барша зұлымдық атаулыға, әділетсіздік пен арамдыққа, қатыгездік, жауыздықпен қатар жүретін қылмыс атаулыға қарсы атылған кек оғы».

«Замандар оқиғасы, қоғамдық құбылыстардың қалпы дәл сол сияқты болмаса да өзгерек бір сипатта айналып соғып отырады» деген ұғым бар. Мұны «бумеранг заңы» деп те жататыны бар. Адамзат баласы өткеннен сабақ ала отырып, бүгінгі болып жатқан оқиғалардың нәтижесі мен салдарын бағамдап, тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Олай болмаған жағдайда «Помпей түні» қайталанбайды дегенге кепіл бар ма? Осы ойымызды Мұхтар Кәрібайдың төмендегі пікірімен сабақтайық: «Қараш-Қараштағы» адамдық болмысты қорлап отырған алапат әділетсіздікке ендігі төзудің, ары қарай көнудің мүмкін еместігі, шыңырауға құлатар шекке алып келген ширыққан шындық Бақтығұл шаңырағының басында ғана емес, кез-келген уақытта дүниенің қай түкпірінде болмасын адам баласының басына түсуі хақ. Біздің ойымызша, М.Әуезов шығармасының ұлылығы да осында».

Ендеше, «Кетбұғадай билерден кеңес сұраған», «Ей, Абылай, сен он бір жасыңда...», - дегізіп көмекей жырау хан алдында қаймықпай айтарын айтқан, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген дегдар халықтың кешегі ұрпағы неге азды? Бүгінгісі нешік? Бақтығұлдың тағдыры безбенге салынғанда сатымсақ билер неге әділетсіздік танытты. Оның жауабы мынау: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін, қара қылды қақ жарған биік тұлғалы билер институтының түпкілікті жойылып, оның орынана қарақан бастарының қамын ойлаудан аса алмайтындай төмен деңгейге құлдыраған опасыз бисымақтардың пайда болғандығын білдіреді... Осы індеттің қоғамда батпандап кіргендігінің өкінішті белгілері қазіргі уақытқа дейін көрініс беретіндігін жоққа шығара алмаймыз».

Шығарманы талдағанда даралау мен жалпылау тәсіліне жиі жүгініп жататын үрдіс көптен қалыптасқан. Зерттеуші Мұхтар Кәрібайдың «Қорғансыздың күні» – көмескіленбейтін қасірет» атты мақаласынан да осы тәсілді аңғарамыз. Автор бір адам, бір отбасы тағдырын жалпыхалықтық ракруста алады: «Қорғансыздың күні» трагедиялық әңгімесінде жиырманың үстіндегі жас Әуезов бір үйдің басына түскен зіл-батпан қасірет оқиғасы арқылы түпсіз терең дағдарысқа құлдыраған қоғамның сорақы бейнесін, адамдық қалыптан шығып, азғындап бара жатқан кейбір ел жуандарының опасыздығын, қырдағы кедей-кепшік, қарапайым адамдардың бастан кешіп отырған орасан тауқыметінің терең тамырларына дейін жалаңаштап, айқара ашып, қапысыз баяндайды».

Осы ойды одан әрі дамыта отырып зерттеуші әңгімедегі қорғансыздар тағдыры ұлы суреткердің отаршылдық қамыты қажытқан қазақ халқының тағдырын нышандағаны екендігін айтады: «Шындығында, «Қорғансыздың күніндегі» қорғансыздар Ғазиза, оның соқыр шешесі, кәрі әжесі емес – отарлық қамытынан мойны үзілуге шақ қалып тұрған жалпы, ұлт, әлеумет, халық».

Өткенге салауат, бүгінгі баға жеткісіз байлығымыз, бойтұмарымыз – Тәуелсіздік – келешек ұрпаққа аманат! «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегідей қорғансыздық – ендігәрі ұлтымыздың, әлеуметіміздің, халқымыздың басына үйірілуді мәңгілікке жазбасын дейік.

Ұлы жазушының ұлылығы – ол өз шығармасындағы мәңгілік тақырыптар, мәңгілік мұраттар мен проблемаларды көтеру арқылы халықпен, дәуірлермен бірге өмір сүріп, жасай беретіндігі. Мұхтар Әуезовтың ұлылығы да осында. «Әуезов зорлық пен зомбылық, қатыгездік пен қиянатшылдықтың тамыры тым тереңге жайылған ащы шындықты айқара ашып көрсетіп, мұндай қоғамның өркениетті әлемдік қоғамдастық қатарына қосыла алу-алмауының зор қаупін ескертеді», - деп атап көрсетеді зерттеуші.

Расымен де өркениетті елдердің алдыңғы көші қатарынан көрінуді мақсат еткен Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі әлеуметі зорлық пен зомбылықтан, қатыгездік пен қиянатшылдықтан, өзге де жағымсыз кесепат-кесір қылықтардан аулақ болмасақ – аталған лекке қосылу қиын екендігін өлмес туындыларды түсіне зерделеп, олар жайындағы ілкімді талдауларды түйсіне оқығанда көз жеткізе түскендейміз.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар