Азаттық жыршысы Адам Мицкевич

Бөлісу:

01.02.2019 4348

«Поэзия – құлшыныс бар жерде ғана бастау алады» деген В.Маяковскийдің тәмсілі көпшілікке мәлім. Бұл пікірге келісетіндер де, қарсы шығатындар да табылар. Алайда, әдебиет пен поэзия – әу бастан адам жанын ізгілендіруге қызмет етсе, әрі қоғамдық құлшыныстың, рухани толысудың, биік мінберден кесімді сөз айтудың құралы болса, жоғарыдағы пікірді құптауға болатындай.

Өткен ғасырда біздің танымдық көкжиегіміз «реттелген» әрі «сұрыпталған» ортақ әдеби кеңістіктің аясында ғана дамығаны жасырын емес. Сол секілді өзге халықтардың әдебиеті де белгілі бір «тәртіппен» насихатталып, ұлттың рухани шөлін мейлінше басып отырды. Қай заманда да ақын-жазушылар саяси элита ретінде халықтың жоғын түгендеп, билік пен бұқараның арасында алтын көпір бола білді. Дәуір бейнесін боямасыз жырлаған қаламгерлердің ішінде Польшаның тумасы, белгілі ақын, қоғам қайраткері Адам Мицкевичтің орны бөлек.

Мицкевичтің есімі Еуропа және Азия елдеріне кеңінен танымал. Ол ақиқатты, ар мен намысты, өз ұлтының ғана емес, бүкіл адамзаттың ұлы құндылықтарын жырлаушы қаламгер ретінде тарихта қалды. Мицкевичтің дәуірінде Польшаның саяси және әлеуметтік жағдайы мәз болмағанымен, Ресей елін белгілі бір дәрежеде азық-түлікпен, мал-мүлікпен қамтамасыз етіп тұрды. Дегенмен, мұндай жағдай поляк ұлтының зиялы қауым өкілдерінің наразылығын тудырып, ара-тұра бас көтеруіне себеп болғаны шындық. Осы тұлғалардың қатарынан Мицкевичтің де көрінуі заңдылық еді. Себебі ол аталған ұлт жанашырларының өткір сөзін, тың идеясын, бағыты мен бостандық жолын өлең тілінде жеткізуге тырысты.

Қаршадайынан ел ішіндегі дүрбелең мен азаттыққа деген алаңдаушылықты көріп өскен қаламгердің арманы да осы мүддемен сабақтас еді. Шыны керек, ақынның түпкі мақсаты – Франция секілді ұлы революция жасап, Польшаның бостандығын қайта орнату болатын. Осы орайда, шайырға француз қайраткері Сен-Симонның ерлігі мен еңбегі де әсер еткенін айта кету керек.

1822 жылы елде жаппай қуғын-сүргін басталып, жалған әрі жасанды себептермен ұлт қаймақтары түрмеге тоғытылды. Солардың ішінде Ковно гимназиясында оқытушы қызметін атқарып жүрген Мицкевич те болды. Жергілікті үкіметтің бұл қадамы – ұлт жанашырларының ғана емес, бүкіл халықтың трагедиясына айналды. Біраз жыл қуғын-сүргіннің азабын көрген ақынның өлеңі де, ойы да одан сайын өткірлене түсті.

Осы кезеңдерде бабаларының дәстүрін ұлықтайтын «Қарттар» және ежелгі литвалықтардың ерлігін дәріптейтін «Гражина» атты көлемді шығармасы жарық көрді. Сондай-ақ, бұл кезеңде «Жастыққа ода» жырын жазып, өлеңсүйер қауымның ыстық ықыласын бөленді. Ақынның Одессаға барған сапарда жазған «Қырымдағы сонеттері» де шығармашылық тұрғыдан шыңдалғанын көрсетті. Сонет жанры Польша поэзиясына таңсық болса да, бұл шығарманы Мицкевич жоғары шеберлікпен жазғанын аңғару қиын емес. Сөйтіп, ол Польшаның реалистік әдебиетіннің сеңін бұзып, жаңа формадағы әдеби бағыт әкелді. Өз ұлына деген шексіз махаббат пен азапты кек туралы жырлаған «Валленрод» өлеңі мен «Литваға соңғы сапар» эпопеясы да оқырман қауымның үдесін шығып жатты. «Аюдаг» өлеңінде:

«Кеудеңдегі махаббат бұлтқа айналып,

Көк аспанды құбылтады бір күні...»,

немесе

«Ән қалады, бізден соң Сөз қалады,

Өлмес-өмір осылай қозғалады.

Жанартаудай бұлқынып, жаным күйіп,

Жүрегімнің қарашы маздағаны»,

– деген жыр жолдарынан ақынның биік өресін, поэтикалық қуатын аңғарамыз.

Ақынның үйі

Мицкевич «Поляк ұлтының кітаптары» және «Поляк пилигримдерінің кітаптары» деген еңбектерінде өз ұлтының басына түскен қиындыққа төзе білуге, азаттықтың ақ таңы ататын күннің алыс еместігіне сендіріп, теңдік пен туыстық туралы ой қозғады. Ал бұл кітаптармен бірге жазыла бастаған «Пан Тадеуш» кітабы тек екі жыл өткеннен кейін ғана жарыққа шықты. «Пан Тадеуш» (1834) – Польшаның ауылдық өмірін суреттеген кең эпикалық шығарма. Ақын туған жерінің табиғатын сүйсіне жырлады, сондай-ақ аң аулау сценасын кеңінен суреттеді. Ауыл соты, граф Робактың, орыс капитаны Рыковтың және поэманың бас кейіпкері Тадеуштің колоритті фигурасын сомдаған.

Қазақ тілінде Р.Сәрсенбаевтың басқаруымен «Жастық жыры» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Ал орыс тіліндегі аудармаларын Пушкин, Лермонтов, Бунин және тағы басқа ақын-жазушылар жасады.

Асылында, шайырдың шындық жолындағы күресі поляк ұлтының мәңгі есінде қалары анық. Себебі ұлт үшін жасалған еңбек, жанкештілік пен ерлік еш уақытта ұмытылмақ емес. Әсіресе, сөздің жаны мен құдіреті – әдебиет саласында.

Біржан АХМЕР

Бөлісу:

Көп оқылғандар