Жанат Жаңқашұлы. Менің Қарқаралым

Бөлісу:

05.02.2019 5931

«НұрОтан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық конкурсында поэзия номинациясы бойынша бірінші орын алған топтама өлеңдер.

Қарқаралыдағы барша ет-жақыныма, жусанына, көліне, көдесіне, тасына, әр тозаң топырағына арнадым!

«О, туған жер, алтын діңгек босағам»

Қ. Аманжолов

Кеудемді тіліп тұңғышта жұтқан оттегім,

Шыр ете қалып, шынарың болып көктедім.

Аршаңның иісі аластап сәби тәнімді,

Шілдесуымды жаңбырмен құйған көктемім.

Жусаннан болды жаялығым мен жамылғым,

Қарағай іші тас жарып шыққан тамырмын.

Күлкімді Күнге сүйгізіп,

Ұйқымды Айға бақтырған –

Көзіндей анау шағырдың.

Туған жерімнен жаралған мынау тас тәнім,

Қасымнан кейін төбелі менмін қасқаның.

Қарқаралымның таулары сынды өр кеуде,

Содан ба екен, сорасын төккен аспаным.

Кірпігім менің қарағайлардың қылқаны,

Ән айтсам оным: тау менен заңғар бұлт әні!

Қарқаралыдан ақындар туса алапат,

Әкімдер тумас,

(Туса олар өзін құртады!)

Жүрегім менің бүлкілдеп бұлақ көзіндей,

Ел менен жердің сүйемін бәрін өзімдей.

Қарқаралым бірақ, қарт анам сынды,

Алаңдап,

Мені ойлап жатқан көз ілмей.

ҚАЗЫБЕК БАБА РУХЫНА

Қаз дауысы қалықтап,

Қыдырдай боп қадірі,

Алатаудай заңғарым,

Заманынан зады ірі.

Хан біткеннің қасқасы,

Би біткеннің əділі!

Күміс сақал -- кеудеңе,

Құлап аққан бұлақтай,

Қос жанарың түнекті тінткілеген шырақтай.

Сен Алаштың Ақ туын,

Аман сақтап қалғансың,

Құлатпай!

Қонтайшының қолқа етін суырып,

Қолтығын сөгіп кеткенсің,

Сен жеті атаңнан жілік майы үзілмеген,

Қаракөк тұқымды тектенсің.

Көктен жерге уахи алып жеткенсің,

Жерге сосын аспандай боп кеткенсің!

Əулием менің,

Əз бабам,

Кие боп қонып қаздағы əн.

Қомсынып тұрған қонтайшы дағы даусыңа,

Арбалып қалып,

Алжасып кете жаздаған!

Сен ханға қаратып айтып,

Қараға даусың жеткіздің,

Алашыңды қыл өткелден өткіздің.

Саған қарап садағына қол салған,

Сардар ұлдар,

Борышымыз көп біздің.

Қаз дауысың талып жетті,

Киең шығар деп білдім,

Шындық деген жүзіменен жүру депсің өткірдің.

Уа, Би-ата, біздің заман өтіріктің ордасы,

Мені өтірік өлтірді де,

Ботақандай көрге тірі көп кірдім.

Əруағыңнан айналайын,

Тəңіріқұт би едің,

Кепиетті қара нарым, киелім!

Зəузатыңнан Тəттімбет кеп тербеп өтті күй елін,

Мəдиді айтсам сырқырайды неге сүйегім?!

Уа, Қаз дауысты Қазыбек би,

Қазаққа ұстын ұл едің,

Тіліңде еді тілегің,

Түкті еді жүрегің!

Сен бізді Тәңірге аманат еттің,

Азатпыз,

Əлсін-əлсін сыздайды тек білегім...

***

Қасым Аманжоловтың зираты басында оқылған өлең.

Көк жүзінде күркіреп жасын дүбір,

Көз алдыма келеді Қасым-ғұмыр.

Ақтайлақтан алдырып Алатауға,

Алаш анаң қаңғыртты басыңды бұл.

Кермек жастан кенезем суғарылып,

Мені арбайды ақынды буған үміт.

Өзінде емес, өзгеден туған болса,

Тас тұғырға қояр ед тұлға қылып.

Соны ойлаумен сорыма келем еріп,

Өремізге бермейді өлең ерік.

Адыра қып Алатау, Алматыны,

Жұртымызға жүр аға жөнелелік.

Көшен* жетім, көшкенбіз қалаға біз,

Ауыл жайлы айтайын саған аңыз.

Сарыобалың соңыңнан сарылып жүр,

Сағынышын ұрлаған сары-ала күз.

Еркім бармай, екеуміз егіз деуге,

Күңіреніп күй төкті қобыз кеуде.

Ақтайлақтан аттанам мен де бір күн,

Алатауда адасқан сені іздеуге.

Туған жердің түйіп ап топырағын,

Қабіріңде құлазып отырамын.

Бейітіңнен беймаза бір күй құлап,

Құран емес, өлең ед оқығаным.

Құлазыса көңілді қинайды үміт,

Көрге сыйдың, кең жерге сыймай жүріп.

«Қасым ғұмыр» Құдайдың Ұлы өлеңі,

Маңдайыңа жазылған шимай қылып!

***

Әке,

Қалыңыз қалай сіздің?

Қажытты ма күздегі қолайсыз күн?

Мен ауылды сағындым, сағыныштың –

Сары мұңын санада солай түздім.

Орақ қалай,

Олжа ма, бітік пе екен?

Алдыңыздан ақ жарма күтіп пе екен?

Менің жаным қамығып, құрысқанда,

Өзің жайлы ойларға үтіктетем.

Қалам ұстау азап қой, ұйқы қашты,

Сізге тарттым, ойламай күйкі басты.

Жеміттермен айқастың, жағаластың,

Көзімді өмір қайтейін сүйтіп ашты.

Көк тіреген Антейдей тіреуішім,

Күйіп-жанып жүресің біреу үшін.

Менің көкжал әкемді көріңдерші,

Бөлтіріктің терісін іреу үшін.

Қайраған сол, наркескен намысымды,

Алысам деп талайдың сағы сынды.

Өміріме бағдар боп алдымда жүр,

Александр портының шамы сынды.

Естіп едім...

Сәт мүлгіп, сәт есінеп...

Адам-ата жайында қатесі көп.

Адасқанын түсінем,

Тұңғыш адам,

Ақыл айтар алдында әкесі жоқ.

***

Ана,

Мен сенің білегіңде ұйықтадым,

Əлдиің əлі күнге сүйікті əнім.

Тасқа басқан таңбадай,

Күнбасты адам,

Мейір шашып тұратын иықта Күн!

Кіп-кішкентай ерінім емсем деген.

Иегімнен иіскеп кемсеңдеген.

Пыс-пыс еткен танауы бөбегіңе,

Мұңыңды айтып бердің бе, ел сенбеген.

Қолдан түспей көрсетіп қиынымды,

Талдырдым ба, анашым иығыңды?

Періштесі жұбатты дейтін бе едің,

Күлкі келіп кергенде миығымды.

Ақ мамаңды түрткілеп бөбек ерін,

Сезеді іштей шуақка бөленерін.

Дүниеге МЕЙІРІМГЕ сеніп келген,

Өлерде де тек соған сенер едім.

Мен сенің бөбек едім білегіңде,

Мен сенің өлең едім жүрегіңде.

Сен мені əлі күнге алақанмен,

Тербейсің намаздағы тілегіңде.

***

Жиренсақал,

Жиегі жидек, дәмі бал,

Көліңді қосып ойласам,

Анамның көлдей қалы бар.

Елімді қосып ойласам,

Сендей де жирен шалы бар.

Өлеңді жерді ойласам,

Өзімнің жаным жабығар.

Әй, бұл тарпаң Жанаттың,

Қайыңдай сабау жалы бар.

Тағысын, тағы, тағы бар,

Жиренсақалда бәрі бар,

Бәрінен де сен де осы,

Серіағамның* жастық шағы бар.

*Серік Ақсұңқарұлының жастық шағы Жиренсақалда өткен. «Адам-ата – һауа-Ана» кітабының дені осы жерде жазылған.

***

Қабарған бұлт - Қарқаралым,

Қансыраған кəрі шың!

Құрлықтағы қарт аралым,

Сен Абылдың зарысың!

Сен Мəдидің əнісің де,

Жасановтың күлкісі.

Менің жаным шыңғырады тəн ішінде,

Сана ішінде бір кісі.

Көлдерімнен сорды көрсең,

Ол да адамның сорасы!

Тірі аруақ болдық өңшең,

Өркениет – адамзаттың моласы!

Заманақыр келді білем,

Құл сабады Төресін!

Мəди жатқан жер түбінен,

Мəді* шығады, көресің!

*Ақырзаман келгенде көктен Иса, жерден Мәді шығады. Мәдһи, Мәди, Мәді – арабша дұрыс жолға бастаушы, Алланың жолымен алып жүруші деген мағына береді.

***

Қарағайлы,

Кеннен қалған мына тау,

Менен қалған мына тау.

Сыздауықтың орнындай,

Үңірейіп жатырсың,

Әй, жебір құрт, жебір құрт,

Іріңіңді сордың ба-ай?

Сорып-сорып сүлікше,

Білеудей боп толдың ба-ай?

Бауырымен жорғалап,

Баукеспе ұры, шолжың бай,

Емшектауды сорды да,

Сүтін де бітірді,

Құтын да бітірді,

Сүтке тойған бұзаудай,

Құйрығын көкке шаншып ап,

Әй, ойқастап құтырды,

Зауалды күнің келер деп,

Көкте Тәңірі көрер деп,

Қарағайлының басына,

Қара қайғының басына,

Айменен қойдым үтірді.

***

Қарқаралы,

Қазылық,

Шөккен нарым,

Қара орманым – тау киген шекпен қалың.

Басыңнан бұлт кетпеді мен қайтейін,

Ойымда ойнақ салып от пен жалын.

Төбесі Қазылықтың мұнартады,

Тасы да тарғыл біткен, шұбар тағы.

Қарқаралы дегенде дәйім дайын,

Қияметтің құр кетпес қыл арқаны.

Кеуде кекке, жаным ал мұңға бөгіп,

Айқай салғым келеді шыңға келіп.

Сары уайым шәйірдің еншісінде,

Сары алтынын қу менен сұмға бөліп.

Қиял қанат не керек ұшпағасын?

Қияны ойлап сұңқардай сұстанасың.

Қасымның шерлі өлеңін оқи берем,

Мәдидің айта берем «Үш қарасын».

Қара бұлт желіні сыздап ыңыранып,

Мөңірейді шыңыңа шығып алып.

Бұлт астында бүркеніп ғұмыр кешкен,

Мінезіңнен айналдым Ұлы халық!

***

Уа, Кент тауы,

Қара-Шордың құтты мекені,

Ұлдары бұдырайған торсық шекелі.

Қыздары – Хиуадағы қызыл базардың,

Ақ қардай тәтті шекері.

Қарағайыңның қылқанынан шер тамса,

Тасты жарған талқандап.

Әулие, бақсыларың,

Күнді тұсап,

Айды өргізеді дейтін арқандап!

Көктемде жусаннан қымызына қор алып,

Арқыратып ашытқан,

Сарқыратып сапырып,

Сабадан қымыз тасытқан –

Елің бар деуші еді?!

Қайда сол?

Мыңғырған жылқысын,

Бұлттай сапырып,

Күндей күркіреп ақырып,

Жетім-жесірді сары табаққа шақырып,

Жүретін сахи байларың бар дейтін,

Қайда сол?

Телескоп көзімді төңкеріп,

Қалта сайлардың түбін тінтіп ем,

Боқтықсайлар мен мүңкіген,

Борсыған көз жастан басқа іркіген,

Түк таппай,

Торығып ем,

Уа, Кент тауы,

Сен сонда мені жұбатуға,

Бақанай* көкем боп жолығып ең!

*Бақтыбай Жүнісов – Заң ғылымдарының докторы. Қарқалыдан шыққан сахи-жомарт, меценат.

***

Кеудемізде қазақтың шері қалған,

Мені де арман арбаған, сені де арман.

Періште қып туып ең Қарқаралы,

Пенде қылып жіберді пері жалған.

Топырағыңды киелі тұмар қылып,

Менде кеттім жыраққа мұнар мініп.

Сенің тарлан тарихың тектілікке,

Түбінде ерді қоятын құмар қылып.

Дала жатыр қобыздың шертіп қылын,

Дегелеңнен дерт қалған дертіп бұрын.

Қасиетті және де қасіретті,

Мұндай жер жоқ кезсеңде жер түкпірін.

Өр болмаса қайтеді өрендерің,

Ханыңа да келмейді төмендегім.

Қасым көкем асқақ қып сомдаған ғой,

Сенен аумай қалсын деп өлеңдерін.

Алаш дейді сендегі ел тебіреніп,

Елім деген ерлердің шебі берік.

Ес-түсінен айрылған шығар деймін,

Асан қайғы заңғар тау сені көріп.

Ол да шерлі зәузатын ел етем деп,

Жәннат нұрға жұртымды бөлетем деп.

Қайран қалып, бір ауыз айтты ма екен:

«Толағайлар туатын жер екен» деп.

Қыран болу қиын ба тау ұлына?

Кие қонса туған жер бауырына.

Біздің елде елім деп еміренбеу,

Ерлер үшін екшелмес ауыр күнә.

Шығысым шоқ, болғанда батысым от,

Қазылық тұр зәу көктің сатысы боп.

Тауда туған жігіттің заңғар болмай,

Бәкене боп өтуге хақысы жоқ!

***

Балығың мылқау,

Халығың момын, Беталыс*,

Ақиқат дейтін ауылдың сенен шеті алыс.

Зымыран саған запыран құсып кетіп ед,

Зарың сол сенің,

Шеріңді енді қотара іш!

Зарың сол сенің,

Қалдым-ау, дейсің қапыдан,

Балықтарың сәлем айтады,

Саудагерлердің атынан!

«Беталысымыз жақсы» дейді кеше бір шенеунік,

Ал менің ішім запыран!

*Қарқаралыдағы зымыран құлаған ауыл.

***

Мереке*, мынау,

Сен туған жер ғой Балқантау,

Балқантау деген бағзыдан қалған тарпаң тау!

Қазыбек бабам Сыр бойын тастап келгенде,

Мекені болған салқам тау!

Айдаһардай тасқа басқан бауырын,

Асқар таулардың етегі екен ауылың.

Балқантау маған:

Қазыбек,

Мәди,

Тәттімбет,

Және де сенсің, бауырым!

*Мереке Инербаев. Досым.

***

«Ортама келген кете алмас,

Ортамнан кеткен оңалмас!»

Оразғұл баба

Ортаңа келгенді көрдім,

Шібішін жетектеп,

Сілікпесі шығып жеткен-ді.

О, туған жер,

Сен алақанға салып,

Бүріскен сұрақ белгіден,

Жасап едің леп белгі!

Сен малына мал қосып,

Жанына жан қосып жебедің,

Сұратпай беріп керегін,

Теңселіп келгенді,

Тепсінген байға теңедің!

Ортаңнан кеткенді де көрдім,

Оңалып кетті демеспін,

Асқақтап кетіп,

Шалқақтап келді,

Басында жатыр анау бір тарғыл дөңестің.

Сарыобалы –

Сенде Оразғұл бабамның құты бар,

Ортаңа келген оттай құтырар,

Ортаңнан кеткен Күндей тұтылар!

***

Уа, Қарқаралым,

Айнала тау қоршаған,

Бұл биіктік маған да сор,

Сор саған!

Менің шерлі сағынышым мен мына бір,

Күре тамырымнан басталады жол саған!

Топырағың тәнге айналып,

Әнге айналып жүрегім,

Аумай қалған аспаныңнан түр-өңім.

Көкжиекке көз салсам,

Қабағындай әкемнің –

Қарқаралы сілемің!

Мен де сенің ерте өрген елігің,

Алматыдан – Қасымың,

Ақтоғайдан – Серігің,

Сағындырғанда,

Сағымнан туған періште яки перімін!

Қарт болам мен де,

Таяғына сүйенген,

Содан кейін, маған керек суйем жер!

…Өнген жерім болғаныңа сүйем де,

Өлген жерім боларыңа сүйем мен!

О, туған жер, сен соны білемісің?!

2018 ж

Қарағанды

Суреттер «National Geographic» журналынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар