Шоңның шұғыласы

Бөлісу:

07.02.2019 5723

Тастың тілін, құстың үнін, жердің гүлін, күннің нұрын байқасақ, бәрі де сөйлейді, сыр айтады. Суреттер, сірә сөйлейді. Сарғайған суреттерге қарап отырып, өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көп жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Қадірлі оқырман, әуелі мына суреттерге зер салып, зейін қойып қарап алыңыз. Жиырмасыншы ғасырдың жайсаң жүздігіне кірген жампоз қаламгер, ауылы аралас, қойы қоралас, тарихы салалас, болмысы балалас Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың ғибратты ғұмырының бір сәттік көріністері көзіңізге жылы ұшырауы әбден мүмкін. Бұған да 32 жылдың жүзі ауғалы жылжып келеді. Қалай, қандай жағдайда түсірілген еді бұл фотосуреттер?

Кеңестік кезеңнің өзінде ұлттық журналистиканың ұстаханасы атанып, одақтас республикалар арасында оза шауып, таралымы үш жүз мыңға жеткен жастар басылымы – «Лениншіл жас» газеті 1986 жылы жаңа бастама көтеріп, «Сұхбат-телефон» деген айдар ашты. Бұл айдар аясында еліміздің ең танымал зиялы қауымының белді-белсенді өкілдері сырласу сұхбатына қатысып, өз ойлары ғана емес, халқының көкейіндегі көп-көп мәселелерді, көкейтесті жайларды ортаға салып, рухани жаңғыруға елеулі үлес қосты. Басылымның сол кездегі редакторы, сайыпқыран қаламгер, сардар басшы Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз әр кез жаңаға құштар, ескіге сұсы бар, өр мінезді өрен, ер мінезді берен азамат еді. «Сұхбат-телефонның» атын да, затын да өзі тауып, тұсауын кесті. Бұл айдар аясында жарық көрген мақалалар ұлттың жүрегіне ұраншыл намыс дәнін септі. Дүрбелең дәуір дүбірлеп келе жатты.

Айдардың атауын бекіткен соң Сәкең мені өзіне жеке шақырып, «Қазан айының үшінші онкүндігінде Қырғызстанның Қазақстандағы әдеби-мәдени күндері өтеді, оны Шыңғыс Айтматов бастап келеді, «Сұхбатты» Шықаңнан бастасақ па деп отырмын, қалай қарайсың?» деді. Сәкең айтса, сөз қысқа, дайын екенімізді білдірдім. «Ендеше дайындал, бұл әңгімені екеуімізден басқа әзір ешкім білмесін» деді ол тұжырып. Сол сәттен «Сұхбатқа» дайындықты бастап кеттім.

Ертеңіне таңертең жұмысқа келген бойда Сәкең мені шұғыл шақыртты. «Менің Шықаң туралы айтқаным айтқан, ол туралы пейілімді білесің. Бірақ әруақ аттағандай болып отырмын, түнімен ойланып шықтым. Әуелі өзімізден бастайық, кім бар?» деді сәл мазасызданып. Бірнеше ағаларымызды атадым. «Әбекең дұрыс, арқалы, арыстан ақын, айта алатын адам, сол кісіден басталық» деді нықтай сөйлеп. Осылайша «Сұхбатты» ең алдымен Әбділда Тәжібаев ағамыздан бастайтын болдық. Бұл «Сұхбат» қыркүйек айының аяғында, Алматы жазының келбетіне әлі де әжім түсе қоймаған кезінде өтіп, «Қаламмен жазылғанқарумен өшпейді» деген атпен газеттің екі бетке жуық көлемінде жарық көрді. Оқырмандардың қабылдауы қызу болды, редакцияға бес жүзге жуық қоштаған, алғыс айтқан, ұсыныс берген хаттар келіп түсті.

Бұл сұхбат сол жылғы, 1986 жылғы дүрбелеңнен соң, меншікті тілші Төлеужан Есілбаевтың «Правда» газетінде шыққан «Паутина» деген мақаласында «ұлтшылдық иісі аңқыған мақала» деген тіркеске тиек болды. Халқымызда: «оқ қағары бар» деген сөз бар ғой. «Правда» тілшісі мақаланың аты мен авторын атап көрсетпегесін де, «қырағы көздерден» қағыс қалдық. Әйтпесе, «дүр дәуірдің дүмді диірмені» балаң бидайды күлдей уатып, талқандай тартып тастайтыны кәміл еді. Бұған «қапа болып», үндеместерге жасырын үн қатқан қатарластар да арамызда бар болып шықты.Бұл енді басқа әңгіме.

Қырғыз елінің әдеби-мәдени күндері жоғары деңгейде өтті. Алматы аяғынан тік тұрды. Ол кезде Шыңғыс ағамыздың жүзін бір көруге құштар жандар топ-тобымен Жазушылар одағының, театрлардың алдында сап түзеп тұратын. Онымен бірге фотоға түсу құрметіне ие болғандар аты бәйгеден келгендей қуанып, айдыны тасып, айлапат жігерге бөленіп, арқаланып жүретін. Біз жұмыста сақадай сайланып, іс-қимылымызды ойланып, асай-мүсейімізді қолға алып, Сейдахмет ағамыздан пәрмен күтіп, өкшемізді көтеріп отырдық.

Бір кезде Сәкең кабинетке шұғыл кіріп келіп, «Сұхбатты» келістік, ол кісіні жолынан қалдырмайҰзынағаштың ұзын жолында күтіп алып, Фрунзе шаһарына дейін шығарып салып, жолай аламыз, жаныңа Рахымбайды (газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалиев) ал, басқа жанға ешнәрсе айтпа, осында белгілі бір қаламгер қоса келіп, (ол халқымыздың қадірлі перзенттерінің бірі, жазушы Ақселеу Сейдімбеков болатын. Ө.О.) мені де осы сапарға бірге ертсеңіздер деп өтінді. Сыпайы түрде келіспейтінімді айттым. Бұл біздің жоба, әзір басқалар білмей-ақ қойсын, ал қозғаламыз» деп асығыс шыға берді.

Сәкеңнің қызметтік көлігі ақ шаңқан ГАЗ-24 машинасына отырып, заулай жөнелдік. Басшымыз тапсырмасын пысықтап келеді. Шыңғыс ағаның қасында Мариям жеңгей (қырғыз-қазаққа бірдей белгілі болып, жүректен орын алған: «Сағынғанда бір келерсің, сарғайғанда бір келерсің Алатооыңа» деген атақты әннің кейіпкері болған осы Мариям жеңгей еді.- Ө.О.) мен жеті жасар ұлы Элдар бар екенін білдік. Ұзынағаштың алға қарай ала жөнелетін қайқаңына көтеріле тоқтап, Алматы жаққа күн салып қарап тұрмыз. Бір кезде сағым ойнаған сара жолмен жүйіткіп келе жатқан 10-46 ФИА нөмірібар қара «Волга» жалт етіп көзе түсті. Алдынан жүгіре қозғалдық. Машина тоқтап, ішінен Шыңғыс ағамыз шықты. Жапырлап қол беріп жатырмыз.

«Сайдахмат, ұрыста тұрыс жоқ дейді ғой қазақ туғандар, ендігі әңгімені жол үстінде айталық, бұл бір тосын сұхбат болғалы тұр, тапқырлықтарың ұнады, қозғалалық» деп Сәкеңе қарады. Сәкең: «Шықа, Сіз біздің көлікке отырсаңыз, мен жаныңызға отырайын, мына жігіт Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Өтеген деген ініңіз, ал мына жігіт Рахымбай деген фототілшіміз, ол сіздің көлікке отырсын» деп жауап күте қарады. «Бопты» деді Шыңғыс аға. Сөйтті де, біздің көлікке бейімделді. Сәкең қонақтың қасына, мен көлік алдына отырдым. Тездеп радиожурналистердің қолтығында жүретін қара сөмкелі дауыс қабылдағышты ашып, іске қостым.

Осылайша ұзындығы 170 шақырымға, мерзімі жөнінен 5 сағатқа созылған сұхбат-сыр басталып кетті. Қағаздағы алдын-ала дайындалған сұрақтарды кезегі бойынша дауыстап оқимын да, микрофонды оған қарай бейімдеп, құлағын іске қосамын. Шыңғыс аға асықпай, байыппен, ойлана жауап беріп отыр. Әңгіме, негізінен оның қаламгерлік еңбектері, жаңа туындылары, әдебиет пен өнер туралы ойлары, тарих туралы пайымдары мен екі ел арасындағы рухани байланыстар төңірегінде болды. Көкейде жүрген тіл мен діл, дін мен тәрбие жөніндегі сұрақтарға да жауап алдық. Олар туралы бұл жерде жан-жақты айтып жатудың реті келмес.

Бір кезде Қордай асуына келіп шықтық. Асу аяқталатын сабырлы, сауырлы бір жерге тоқтап, аяқ суыттық. «Қордайдың сағындым ғой қоңыр желін деп шырқаған ғой Кенен ағамыз, жарықтықҚордай, Құдай қаласа, бұдан да өттік, талайды көрген тарихи асу ғой бұл» деп Шыңғыс аға тебірене сөйледі. Дастархан жайдық. Дайындалып шыққанбыз. Сәкең дастарханды ашты. Рахымбай дайындалып еді, басшымыз ас үстінде суретке тартпай тұра тұр деп ыңғай бермеді. Мұнда да сұрақ-жауап жалғасып жатты.

Күннің райы түсі оңған қырмызы матадай бола бастаған кезде қонақбата жасап, орнынан тұрып, жол жүруге ыңғайланды. Алдымыздағы жылмиып жатқан жатаған төбелердің еңісіне қарай көк есегін тепеңдетіп кетіп бара жатқан бір балаға көзіміз түсті. Сәкең: «Шақыршы ана баланы» деді маған. Сәл алға шығып, дауыстап шақырдым. Тоқтап, есегінен түсіп, бас жібінен ұстап бері қарай жүрді. Келіп ибалықпен сәлем берді. Сәкең алға ұмсына шығып: «Балам, мына ағаңды танисың ба?» деді. Айтуын айтып қалғанмен, бала қалай жауап береді деп қобалжыған болу керек, сәл күйгелектеніп қалды.

Бір сәт тыныштық орнай қалды. Мариям жеңгей де қызыққан түр танытып, жанымызға жақындады. Бала қонаққа сәл көз тоқтата қарап, «Танимын, бұл кісі қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов аға ғой» деді, «суретін көріп жүрмін ағаның, кітабын да оқыдым» деді салмақпен сөйлеп. Сәкең баланы құшақтай алды. Қарасам, Шыңғыс ағаның жанары да боталап кеткен екен, ол да баланы бауырына басты. «Қаламгердің бақыты осы ғой» деді жүзі нұрланған Сейдағаң.

«Ауа, урматту Сайдаш, мен үшін бұл үлкен сый, қазақ туғандарға шоң рахмат» деді толғана сөйлеп. Сонан соң: «Балам, күн батар кезде қайда бара жатырсың?» деді балаға. «Сиырымыз жоғалып, соны іздеп бара жатыр едім» деді ол. Шықаң: «Балам, мекен-жайыңды айт, енді сиырыңды іздемей-ақ қой, сиыр менен болады» деп жүргізушісіне жазып ал дегендей иек қақты. Ол жазып алып жатты. Қаламгер сиыр жіберген болар, ол жағын діттеуге сонда назар аудармай қалғанымыз журналист үшін айта жүрер кемшілік болды деп ойлаймын. Әрине, сол бала қазір атпал азамат болған шығар. Мүмкін осы мақала көзіне түссе, бір хабарын берер деген үмітім де бар.

Бала сол Қордай асуының иегіндегі «Алға» деген ауылдың мектебінде 9-шы класта оқып жүрген шәкірт екен. Сол жерде баланы ортаға алып бірнеше кадр түсірілді. Мынау сол суреттер еді. Енді суреттер сөйлесін: 1.Қаламгерді жазбай таныған бала, оның көк есегі, жанында тұрғандар: Мариям жеңгей, мен, Шыңғыс аға, Сейдахмет Бердіқұлов, есек үстіндеқырғыз елінің қазіргі танымал дипломаты, сол кездегі жеті жасар ұлы Элдар. 2.Баламен қоштасқаннан кейінгі көңілді сәт: Шыңғыс аға, Мариям жеңгей, Сейдахмет ағамыз, мен. Бұл кездесуден соң «Лениншіл жас» газетінің1986 жылғы 1-ші қараша күнгі нөмірінде менің «Жол мұраты – жету» деген бір беттік сұхбатым жарық көрді. Оны қымбат қағазға 100 дана етіп бөлек шығартып, Сейдахмет ағамыз арнайы Фрунзеге барып, Шыңғыс Айтматовтың өз қолына тапсырып, қуанып, ағаның асыл алғысын ала келді.

Тағы да жолға шықтық. Сұрақтар жалғасты. Күн байырқалап, жыр даңғылы Жамбыл бабамыз айтқан: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, болады жын соққандай кешке жақын» деген өлеңнің егіз жолы еске түсті. Қара жолдың бойындағы қарақұрым тіршілік қозғалысы сараңданып, алыстан көрінген қазақАлатауының терістік беті қоңырқай тартты. Ағамен қимай қоштасып, әкесін алыс жолға аттандырған баладай болып жол бойында қала бердік. Қара «Волга» қадірлі қонақты ала жөнелді. Шығыс ағаның көлігі екі жүз метрдей жүріп барып тоқтай қалып, алдыңғы есігі ашылып, Шыңғыс аға сыртқа шықты. Сәкең сабырсызданып: «неге тоқтады екен, тез баралық» деп алдыға түсті. Шыңғыс аға асықпай басып, аяңдап келе жатыр.

Қасымызға келіп, Сәкеңе қарап: «Сайдахмат, сен абыржыма, бәрі дұрыс, рұқсат болса мына Өтеген бауырыммен суретке жеке түсейін деп едім, сол үшін тоқтадым» деді. Мен әрі қуанып, әрі абыржып, Сәкеңе қарадым. Ол: «әрине, Шықа, әрине, ініңізді танығандай болдыңыз ғой, рахмет, түсіңіздер» деп Рахымбайға қарай иек қақты. Шықаң мені бауырына басып қысты да, құшақтап тұрып суретке түсті. 3. Бұл суретте Шыңғыс аға және мен. Біздің арт жағымызда «Лениншіл жас» газетінің көлігі. Шыңғыс аға: «Өтөгөн бауырым, менің мекен-жайым Фрунзе шаһары, Тоқтағұл көшесі, 9-шы үй, жолың түссе, соқ» деп жылыұшырай қарады. Сосын көлігіне отырып жүріп кетті.

Осы бір сәт есімнен шыққан емес. Әйтеуір Шоң көкемнің шұғыласы түсті. Ұлы қаламгерге қай жағымнан жақтым деп ойландым. Ойлана келе, көлік ішінде өз жанымнанқойған бір сауалым еске түсті. Онда: «Қазақ жауға шапқанда ұрандап шабатынын білесіз. Сіздің жауға шапқандағы ұраныңыз қандай?» деп сұраған едім. Сонда Шықаң көзін жұмып, ұзақтау ойланып отырып: «Менің жауға шапқандағы ұраным – «Бәйтерек» болады» деп көзін ашып, сәл отырып: «Тұрар Рысқұлов ағамның да ұраны «Бәйтерек» болатын» дегені бар. Бұл ұранды кейін зерделей келе, екі тарихи тұлғаның арасындағы ортақ ұранның ізін аша алмадым. Менің де ұраным «Бәйтерек» еді. Сол жерде бұл ойыма келіп тұрса да,әдеп сақтап айта алмадым. Тарихтың қилы-қилы соқпағында небір жұмбақтар жатыр ғой, бәлкім ұлы тұлғаның сезімтал жүрегі бауырмал лүпілмен белгі беріп, өзгеше соқты ма екен? Кім білсін, барлығы бір Аллаға аян.

2008 жылғы маусым айында ұлы қаламгердің жүрегі соғуын тоқтатты. Қапылыстағы қаза болды. Жұмбақ өлім болды десек те, тіліміз жазықты болмас. Жайсаң жанды мәңгілік мекеніне – Ата бейітке ақтық сапарға шығарып салуға Бішкекке келген жер қайысқан қаралы топтың қатарында келе жатып, 1986 жылғы кездесуді еске алумен болдым. Сол сапардың сұлбасы сағыныштың сазындай болып жанымды және бір тербеді. Екі жағын бәйтеректер көмкерген піл сауырлы, түйемойын төбенің беткейінен, Мәскеуде оқуда жүргенде үрейлі үндеместердің қолына түсіп, арманда болып, атылып кеткен әкесі Төреқұл Айтматовтың жатқан жерінен, заманымыздың заңғар қаламгері,«Адамзаттың Айтматовы» Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовқа да топырақ бұйырды. Әкелі-балалы Айтматовтар енді қатар жататын болды. Тапты, табысты бір-бірімен. Туған жерлерінің тылсымы да, тыншымы да түйінін түйді.

Олардың бейтінің басында ұраны болған Бәйтеректер енді қырғыз Алатауынан жүгіре жеткен самал желмен тербеліп, оның жас өрен жапырақтары туған жерінің ұлы перзенттерін жер бесіктегі мәңгіжайларында тербетіп, болашаққа тіл қатқандай сыбдыр қағады.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бөлісу:

Көп оқылғандар