Асылбек Байтанұлы. Ақын мен технократ

Бөлісу:

07.02.2019 5562

Қазаққа технократ керек пе, әлде ақын керек пе? Осы сұрақ төңірегіндегі түрлі ой-пікірлер әлеуметтік желілерде жеткілікті деңгейде талқыланды десек те болады. Қоғамымыздың бүгінгі, келешектегі бақуатты тіршілігі үшін технократ пен ақынның қайсысы көбірек пайда келтіреді? - деген сұраққа құрылған бұл дилемманың жолайырығына жеткендегі таңдаудың топанына қарасақ, «ақын керек» дегендердің қарасы анағұрлым мол, айтқан уәждердің салмағы басым да болған екен. Әрине, халық айтса, қалт айтпайды.

Ендеше, халықтың басым бөлігі неге технократты емес, ақынды таңдады? Технократ кім, ақын кім дегенге бір ой жүгіртелікші. «Ақын – поэзиялық туындыларды (өлең, жыр-дастан, поэма) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері», - дейді Уикипедия анықтамалығы. Ұзын-ырғасы осы болғанымен, ақынның қоғамдағы орны, арқалар жүгі, атқарар миссиясы, ықпал-беделі бұл анықтамадан әлдеқайда ауқымды. Қазақ поэзиясының жарқын жұлдыздарының бірі Төлеген Айбергеновтің:

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл — тоғыспас жолдар торабын, -

деген өлең жолдарында шын ақынның шынайы тағдырының шындық қалпы жатыр. Ақын – адамзат қоғамын материалдық құндылықтар мен биологиялық әл-қуат көздерінің ойсыз тұтынушысы болудан сақтандырып, қалғыған рухты оятып дем беруші.

Төлеген Айбергенов

Нахақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,

Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.

Төлеген ақын айтқанындай, «кес кестеп барып кеудесін оққа тосқан» ақындар да аз болмаған. Қазақтың Махамбеті, татардың Мұсасы, башқұрттың Салауаты, венгрдің Шандоры қатарлы ақындардың өр тағдыры – зорлықшыл өктем күштерге деген халықтың мәңгі өлмес рухына айналды. Ақындар туралы айтылар аңыз да көп. Ақынның өлеңі түгілі, өмір жолының өзі халық назарында.

Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,

Бірақ сен қызықпа, қыз!

Қызықпа, қыз!

...Ілікпе, қыз,

Ақынның тұяғына.

Зымиян да осылар...

Зиялы да.

Ақындарға қатысты айтылатын аңыз бен шынайы ақиқатты ажырата білген жөн деген ой айтады ақиық Мұқағали. Жалпы, бірен-сараны болмаса, ақын қауымының өкілдері кәсіпорындарда жұмыс істей бермейді. Ақынның жаңа өндіріс технологиясын ойлап табуы, индустрия майталманы ретінде даңқы шығуы қазақ ғана емес, бүкіл әлем әдебиеті тарихында сирек десек, қателеспеспіз.

Мұқағали Мақатаев жары Лашынмен

Бірақ, бұған қарап, ақындар – қоғамдағы ең пайдасыз, масыл қауым деген түсінік әсте тумайтыны және анық. Анық білеріміз – кез келген адам ықылас-ниеті болса технократ болуы мүмкін тіпті жақсы технократ болуы мүмкін. Ал кез келген адам – ықылас-ниеті болса ақын бола алуы мүмкін бірақ ешқашан жақсы ақын бола алмайды. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген аксиома. Жұрттың бәрі технократ Стив Жобс немесе Ломоносов, әлде ақын Абай, Гете емес.

Ал технократ кім? Грек тіліндегі techne – «кәсіп», kratos – «билік» деген сөздердің қосындысынан шыққан аты айтып тұрғанындай, технократия – жалпы қоғамды ғылыми-техникалық ұтымдылық қағидалар арқылы басқаруға болады деп тұжырымдайтын қоғамдық-саяси ой бағыты десек, бұл қағиданы ұстанушылар қоғамның билігі инженер-техник ғалымдардың қолында болуы тиіс деп біледі.

Технократия жетістігі (ғаламтордан алынған көрнекі сурет)

Заманауи ғылым мен техниканың көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамуын мойындасақ та, қоғамның ертеңін технократқа табыстап, көзді жұмып қарап отыруға бола ма? Технократтық пен руханиятшылдық, анығында ақындық бір адамның бойынан табыла ма? Бұған әлемдік ғылым дамуы тарихынан қандай мысал келтіре аламыз? Осы бағытта біраз шолу жасап көрелік.

Математик ақындардың көшін әйгілі грек географы, математигі, астрономы Кирендік Эратосфен (б.з.б 276-195) бастап тұр. Эратосфеннің география ғылымын дамытудағы еңбегі ересен екені мектеп оқулығынан-ақ бізге белгілі. Ғалым Эратосфен сондай-ақ эпик ақын болыпты. «Гермес», «Гесиод» поэмаларын, «Эригон» атты элегия және эпиграммалар жазған.

Эратосфен

Қазақ даласынан, оның ішінде ежелгі Фарабтан, яғни Отырардан шыққан ондаған әл-Фарабилердің ішінде Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түркидің (870-950 ж.ж.) әлемдік өркениетке қосқан еңбегі ерекше. Физика, астрономия, математика, саясаттану, филология, музыка т.б. ғылымдағы жеткен жетістігі мен ғылыми жаңалықтары бүгіндері дүниежүзі халқының игілігіне айналған ғалымды осы еңбегі үшін «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» атайды. Даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің ақындық өнері туралы да айтылар мағлұматтар аз емес. Ол түрлі жанрдағы өлеңдер жазумен қатар, сөз өнеріне қатысты «Риторика», «Поэзия өнерінің каноны туралы трактат», «Поэзия өнері туралы», «Өлең және ұйқас туралы сөз» және т.б. еңбектерін қалдырған.

Әбу Насыр әл-Фараби

Орта ғасырлық әйгілі математик, астроном, философ Омар Хайямның (1048-1131) ақындық талантына әлем халқы қанық. Қазіргі Иранның Хорасан аймағы, Нишапур қаласында дүниеге келген жан жақты тұлға Омар Хайямның рубайлары қазақ оқырмандарына да жақсы таныс. Ғалым «Алгебра мәселелерінің дәлелі», «Евклид кітабындағы қиын постулаттарға түсіндірмелер» деп аталатын күрделі еңбектердің кітаптардың авторы. Омар Хайям өзінің рубайларында діни дүмшелікке, жалқаулыққа, қоғамдағы әділетсіздікке қарсы ойларын ашық жазады.

Омар Хайям

Ғалым болдым, дарын болдым дегендер,

Ілімімен дана болды кемеңгер.

Қараңғыдан жол таба алмай адасты,

Ертегі айтып кетті ұйқыға сенімдер, -

деп жырлаған өлеңдерінен оның шынайы реалистік бағытын аңғарамыз. Өзі өмір сүрген кезеңде бұған дейін ғылым мен білімнің өркендеп қанат жайған ислам дүниесінің алтын дәуірінде тоқырау пайда бола бастаған тұста ғалым ақын осылай жазса керек-ті.

Орта ғасырлық иран математигі, астрономы және философы Баха ад-Дин Мұхаммед ибн әл-Хусайн әл-Амили (1547-1622) «Арифметиканың түйіні», «Арифметикалық ережелер мен геометриялық нұсқаулар туралы трактаттар», «Құбыланы анықтау туралы трактат», «Глобусты зерттеу туралы трактат» т.б. ғылыми еңбектер жазған ғалым Жердің білігімен айналатынын болжамдаған. «Сүт пен қант» атты сопылық әдебиет сарынындағы поэмасы – ең көлемді туындысы. Бұдан өзге көптеген ғазалдары мен рубаиларын араб, парсы тілдерінде жазған.

Геометрияда үлкен жаңалықтар ашқан орыстың әйгілі ғалымы Н.И.Лобачевский (1792-1856) ғылымнан қолы қалт еткенде поэзиямен шұғылданатын болған. Әлдебір теореманың шешімін іздегенде поэзияға бойлау күш-қуатты еселейді деп есептеген ғалымның біршама өлеңдері мұрағаттарында сақталған. Пушкинтанушылар орыс поэзиясының атасы А.С.Пушкиннің «Поэзияға да дәл геометриядағыдай шабыт керек», - деген айтылымы оның Қазан қаласына келіп Н.Лобачевскиймен жүздескеннен кейін жазылған деп анықтаған екен.

Орыстың тағы бір үлкен ғалымы Софья Васильевна Ковалевская (1850-1891) да математиканы поэзиямен бірлікте қарастырыпты. «Бұл – фантазияны барынша қажет ететін ғылым. Жан-жүрегің поэзияға жуық болмаса, математик бола алмайсың», - деген сөзді айтқан ғалым өмірінде көптеген өлеңдер жазып қалдырыпты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, орыстың әйгілі ғалымы М.И.Ломоносов математика, физика, химия ғылымдары бойынша зор табыстарға жеткенін білеміз. Ресейдің замануи ғылымының негізін қалаған Ломоносовтың ақындық таланты да жаман болмапты. Ғалым шабыты келген сәтте өлеңдер мен одалар жазуды жаны сүйген екен.

М.И.Ломоносов

Қазақ ақындарының арасында да техника саласына ат ізін салғандар аз емес. ХХ ғасыр әдебиетінде із қалдырған көптеген ақындардың алғашқы мамандығы өндірістік, геолог, құрылыс т.б. инженерлері болғаны белгілі. Олардың қатарында Кәкімбек Салықов, Олжас Сүлейменов, Иранбек Оразбаев (Иран Ғайып), Бақытжан Қанапиянов т.б. көрнекті қаламгерлерімізді атауға болады және бұл тізімді біршама ұзартуға мүмкіндік зор.

Демек, технократтық – ақынға жат икем емес. Біздіңше, қай заманда болмасын, технократқа да, ақынға да мүмкіндік, қолдау, орта керек. Біз «әлемнің екінші ұстазы» әл-Фарабимен мақтанамыз. Дұрыс. Бірақ Әбу Насыр бабаның шығармашыл тұлға ретінде шыңдалып шарықтауына мүмкіндік берген түркі даласындағы Фараб па, Бағдат пен Дамашық па? Мүмкіндік пен орта тұрғысында – әрине, араб өркениеті.

Алапат ақынның қуаты – ұлттың бойындағы әлеуетті оятып, кемел даму жолына түсіре алатынан А.С.Пушкинді мысалға алсақ болады. «Шошқа бағуға ғана жарайтын тіл» делініп, өзін озық білімді, мәдениетті деп санайтын элитасы французша, немісше сөйлеп, қаламгерлерінің жазғандарының жартысы еуропа әдебиетінен көшірме цитаталар болып жадау күй кешіп келген төменшік тілден таңғажайып поэзия тудырған А.С.Пушкин орыс халқының рухын оятты, қасаң түсініктерді быт-шыт қылып, жол салды. Рухы оянған жеке тұлға яки мемлекет өз ішкі қуатына деген сенімділікке, жаратушылық жасампаздыққа, өзгенің озығын үйренуге, жаңаны игеруге деген ұмтылысқа, сөйтіп бәсекелестікке ұмтылмай ма! «Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды!», - демекші, Абайы жоқ елдің Сәтбаевы да болмайды... Олай болса, қазаққа әрдайым рухы биік, қаламы қуатты, ақын да, жаңашыл ғалым да керек.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар