Біржан Ахмер. Құнанбайдың мөрі

Бөлісу:

08.02.2019 4511

Бірер жыл бұрын Семейдегі Абай музейінде Құнанбай мөрінің бедерлемесі көпшілікке таныстырылған еді. Музей қызметкерлері оны Омбы мұрағаттарынан тапқанын айтты. Құнанбайдың қоғамдағы қызметі мен билікте жүрген кезеңдерін зерттеп, қолда бар деректерге көз жүгіртсек, бұл мөрдің құндылығы жоғары екенін аңғарамыз. Себебі сол заманда жазылған құжаттарды зерделеу арқылы аға сұлтанның айтар ойын, мінез-машығын, болмыс-бітімін, ел билеу әдісін жан-жақты тануға болады. Ендеше, Құнанбай мөрінің тарихы және орыс билігіне жіберілген хаттар мен арыз құжаттар төңірегінде сөз қозғап көрелік.

Аға сұлтанның өмір жолын зерттеушілер: М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, М.Бейсенбаев, С.Байжанов, Ә.Марғұлан, Т.Жұртбайдың еңбектерін оқи отырып, Құнанбайдың қаншалықты күрделі тұлға екенін танимыз. Романдағы қаһарлы Құнанбай, естеліктердегі әділ Құнанбай секілді сан қилы мінездемелер бізді бір ғана пікірге түйістірмей, керісінше тереңірек әрі жан-жақты қарастыруға меңзейтін секілді. Осы орайда, Т.Жұртбайдың «Құнанбай» атты зерттеу кітабынан Құнанбайдың ел басқару ісі мен мөрі туралы толымды деректерді табуға болады.

Енді жалпылама шолудан Құнанбайдың жеке басына қатысты деректерге көшейік. Сібір қазақтары мен Шекара жөніндегі басқарманың шешімімен қыр еліндегі аға сұлтандарды сайлау рәсімін 1849 жылдың маусым айында өткізу жоспарланады. Сайлау 16 маусым күні өтті. Онда Құнанбай Өскенбаев үш жыл (1849-1852) мерзімге аға сұлтан болып сайланды. Бұл шешімді генерал-губернатор 22 қазан күні бекіткен еді.

1846 жылғы Қарашоқы мен Тоқпанбет қыстауына таласқан қақтығысты ұмытып, бітімге келген Бөжей болыстықтан дәме етеді. Әуеліде өз орнына Майбасарды ұсынып, ол болыс сайланып кеткен соң айнып кеткен Бөжейдің тайғанақтығын Құнанбай кешпейді. «Айтқанынан қайтпайтын көк ауруына басып», Майбасарды болыстықтан түсірмейді. Жұрт дойыр да дөрекі, ұры да жық Майбасардан әбден ығыр болып, зықылары шығады. Бөжейдің өзіне қол көтереді. «Күңнің ұлының» қатарында жүрген Майбасардың басынғанына Бөжей шыдамайды. Батыс Сібір генерал-губернаторына арыз жолдайды. Ашынған, болыстықтан ысырылған ол: «Құнанбай... 1849 жылы аға сұлтандыққа сайланғаннан кейін атағы мен қызмет бабын пайдаланып, адамдардың келісімінсіз інісі Майбасарды болыс етіп сайлады. Соңғы болыс сайлауында оны бүкіл елдің жартысы ғана қолдады. Олардың өздері де Құнанбайдың туыстары. Олар аға сұлтаннан қорқып, жоғары дәрежеге сай рубасыларын атап өтті», – деп шағымданады.

Бұл мәселенің түп төркініне үңілген тергеушіге Құнанбай: «Бөжей көпестікпен әуестенеді. Демек, саудасымен айналыссын», – деп кекесінмен уәж қайтарады.

«Старшина Жамантаев: Майбасарға көпшілік қарсылық жасаса да, оның үлкен ағасы Құнанбай Өскенбаев өзінің таңбасын басып, бекітіп жіберді», – деп куәлік берген.

Майбасардың жай-жапсары «Абай жолы» романының «Қайтқанда» тарауында: «Бөжейлердің Құнанбаймен іштей суысуына себепші болған да осы Майбасар. Бұдан екі ай бұрын зықысы әбден шыққан ел Бөжейді салып, Құнанбайдан: «Майбасарды орнынан түсір», – деп тілеп еді. Құнанбай Майбасардың мінезін білсе де түсірмеді. Ол өзінің қара күші, зілі сияқты болатын осындай бір Майбасардың жүруін мақұл көрді. Үлкен бір есебі: «Анау жұртты шақар айғырдай мойын салып қуып ықтырған уақытта, ел арыз айта өзіме келеді, өз бауырыма қайырып беріп отырады», – деп топшылады», – деп суреттеледі.

Құнанбайдың ол күдігі орынды да еді. Өйткені аға сұлтандықтан айырылып қалған төрелер мұның үстінен домалақ арызды тоғытып жатқан. Оларға қарсы еруліге – қарулы ретінде Құсбек Таукин сияқты негізгі бақталастарын сүріндіріп, оларды сенімсіз ғып көрсету үшін Құнанбайдың өзі Омбыға ұзақ қатынас жолдайды. Онда: «Жау жағадан жармасқанда, бөрі боп етегінен тартқылаған Бөжейдің Майбасарды соққыға жыққанын баса айтып, өзін патша бұйрығын адал орындаушы адам етіп көрсетіп: «Майбасарды сабаған Ералинді тергеуге келген Логунов ештеңе шығара алмады. Бұл іс Логуновтан алынып, Семейде жүрген Сухомлиновке тапсырылып еді. Ол менің өзімді кінәлауға көшті. Сондықтан да Сухомлиновты тергеуден алыстатып, істі басқа біреуге табыс етіңіз», – деп өтінді.

Құнанбайдың көзқарасы мен айла-шарғысы бұл қатынаста толық ашылады. Қатынас таза ақ парақтың екі бетіне бірдей әдемі әріп үлгісімен жазылған. Көлемі он беттей. Хат соңында өз мөрін басқан. Біз Құнанбайдың ойлау жүйесімен және сол кездегі көңіл күйімен хабардар болу үшін хаттың ұзын-ырғасын сәл қысқарта ұсынуды жөн көрдік.

«Сібір қазақтары мен шекара басқармасының бас чиновнигі міндетін атқарушы мәртебелі мырзаға!

Қарқаралы округінің аға сұлтаны, хорунжий Құнанбай Өскенбаевтың мәлімдемесі, 1852 жыл,17 көкек.

Бұрынғы Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков мырза Қарқаралы округінің аға сұлтаны етіп мені тағайындауды мақұл көргені мәлім. Мырза ол туралы 1849 жылы 18 қарашада № 3000 арнайы жарық берді. Ол маған аға сұлтанның міндетін таныстырды және қызметке кіргенім жөнінде ант алды. Мен: өзімнің қарауымдағы халықтың хал-ахуалын бақылап, тікелей өзім шешетін істерге баса назар аударып, қазақтардың арасындағы барымта мен ұрлықты, жауласушылықты, тағы да басқа заңға қарсы қылмысты әрекеттерді болдырмауға уәде бердім. Өз міндетіме кірісе отырып: оны қатаң пайдалану, халықты бастары біріккен қозғалыстан сақтандыру, тиісті көмек көрсету, шаруашылықтың тиімділігін көздеу, ешкімді де өз еркімен билік құруға жібермеу, қазақтардың арасындағы тәртіпсіздікке тиым салу, тәртіпті қасақана бұзушыларды «Бұратана халықтарды басқару туралы» низамның 202 және 207 бабына сәйкес заңға тартып, сотқа беру жөнінде нұсқау алдым...

Мәртебелі Батыс Сібір генерал-губернаторы 1851 жылы Қарқаралы округіне келгенде жеке менің өзіме қазақ халқының тұрмысына барлық жағынан да көңіл аударуды тапсырды. Мен өзімнің қызметіме кіріскеннен кейін маған берілген пәрменді пайдаланып, 1850 жылы Күшік Тобықты болысы қазақтарының үш руының өкілдерімен – 5-ауылдық старшиналары Бөжей Ералинмен, Қаратай Сапақовпен кездестім. Олар болыстың ішіне іріткі салып, өкіметтің бұйрығынан ауытқып жүр еді. Арам пиғылды және зиянды адамдарды маңайларына жиып, «басқаруға жеңілдік тууы үшін» - деген сылтаумен болысты екіге бөлу туралы жат пікір білдірді. Олар халыққа жау, бүлікшілдер болғандықтан да, мен өз құқыма сәйкес заңға тарттым. Жылқы, түйе ұрлаған айыптары бар... Оған Аягөз, Көкпекті округтерінің адамдары арыз айтып келді. Тексеру де өтті. Старшина да түгелдей ұры ұстайды. Олар жасырып зұлымдық жасайды...

Менің дұшпандарым – Құсбек Таукин, Жәңгір Шамин, Шалғынбай Біралин сияқты сұлтандар маған қарсы жауыздық әрекеттер ойластырып жүр, олар басқа сұлтандарға алдағы сайлауда мені осы қызметтен шеттету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып қалыңдар деп елшілер жіберуде. Ал заседатель Сарғыз Доғақов – жоғарыда аталған Күшік Тобықты болысы қазақтарының туысы, ол қарапайым халықтың арасын жікке бөліп, өзінің міндетінен ауытқып, дау-жанжалды тексермей, оның ушыға түсуін күтіп отыр. Әр болыстан шешекке қарсы егуді үйрететін бір баланы оқуға беру туралы жоғары жақтың нұсқауына немқұрайлы қарап, «шоқынып кетеді» - деп қол сілтеумен келеді...

Ал Бөжей Ералин мен Байсал Әйтиевтің маған жақын туыс болып келетіндігіне қарамастан, олардың сол қылмысына сәйкес заң жолымен жазаладым. Қысқаша айтқанда, әркімді өзінің лауазымына сәйкес сыйлауы тиіс және олар заң адамына қарсы қолдарын көтермеуі керек. Мен өзімді қорғауға қақылымын...

...Осы шағымдарды тексеріп, бақылау жүргізу үшін, мәртебелі тақсыр, сізден шекара басқармасының кеңесшісі Төлеуберді Қазыбаевты бізге жіберуіңізді өтінемін. Ал Сухомлиновты, мәртебелі мырза, тергеуді жүргізуден шеттетуіңізді сұраймын. Өйткені ол өзіне тапсырылған алғашқы істі аяқтамай, 20 күн Семейге демалысқа кетіп қалды, мен одан күдіктеніп қалдым. Екіншіден, ол тергеу кезінде жауап берушілердің (Бөжейдің – Т.Жұртбай) ауылында ұзақ уақыт бойы жатып алды. Үшіншіден: ол Күшік Тобықтының екіге бөлінуін қостайды: төртіншіден: «жауапкердің ауылында жатпа» деген менің және халықтың тілін алмағаны үшін, сондай-ақ менің өзімді түсініктеме беруге Омбыға шақырып, артық жол жүрісін ұсынғаны үшін. Сондықтан да, Мәртебелі мырза, алдияр тақсыр, өзімнің жеке бір басымның қайсыбір қамы үшін емес, халықтың игілігі үшін бұл мәселелерді сізге жеткізіп отырмын.

Осыны мәлімдеп, қатынас қағаз жазғаным үшін Қарқаралы округінің аға сұлтаны, хорунжий Құнанбай Өскенбаев мөрімді басамын. (Мөрі бар)».

(Хат Абай музейінің қорынан алынды)

Міне, аға сұлтан осы қатынасты жолдағаннан кейін бұрынғыдан да шалт қимылдап, тізесін қатты батыра түседі. Тіпті тергеушіге де қол тигізіп, оны мырзақамаққа алады. Сухомлиновтың тергеуі жақсылық әкелмейтінін сезген Майбасар Ащысу өзенінің бойында Сухомлиновтен Василий Полютинге жасырын пакет әкеле жатқан казак-орыс Ворошиловты ұстап алып, почтаны құртып жібереді. Ворошилов жаяу қалады. Кейін жауап алғанда ол: «Мен еш уақытта ондай қылмыс істегенім жоқ. Мен Ворошиловты танымаймын. Орыс тұрмақ бір қазаққа саусағымның ұшы тиіп көрген емес. Мұның бәрін ойдан шығарып жүрген Бөжей», – деп жалтарады.

Құнанбайдың мәлімдемесі мен почтаның тоналуы туралы хабарды естіген Батыс Сібір генерал-губернаторының міндетін атқарушы, генерал-лейтенант Гасфорд 1852 жылы 9 мамыр күні: «а) Күшік Тобықты болысындағы аға сұлтан Өскенбаевтың қарсы болуына сәйкес; ә) сол болыстың қазақтары Тұрсынбаев пен Мұсабай Құлыншақовтардың бір топ адаммен барып болыс Майбасарды сабағанын және хат жүргізуші Кривошейінді қамауға алғанын ескеріп, тергеу жұмысы шекара басқармасының асессоры Сухомлиновтен алынып, Батыс Сібір бас басқармасы стол бастығының көмекшісі, колледж секретары Гусевқа тапсырылсын...», – деп бұйрық береді.

Ал Сухомлиновтың тергеу біткенше Құнанбай мен Майбасарды уақытша өз міндеттерінен босату туралы рапортын мақұлдаған. Зады Гусевке почтаның тоналу себебі және бір болысты екіге бөлудің қандай жолы бар екендігін анықтауды қоса тапсырған.

Енді тергеу ісі Гусевтің қолына көшеді. Гусев мал-жан санағын өткізіп, Құнанбай – Бөжей – Майбасар арасындағы қақтығыстарды зерттеп, почтаның тоналуын анықтау үшін он ай уақыт жұмсаған. Құнанбай-Бөжей арасындағы тергеуді белсенді түрде жүргізген де осы Гусев. Ол өзінің әрбір тексерген мәліметі хақында Омбыға күнделік тәріздес хат жолдап, тиісті нұсқаулар да алып отырған.

Бірақ Құнанбай да мұндай жалаға көнбей, өз атынан және бірлі-екілі ел билеушілері атынан алдияр тақсырға арыз-хатын жолдайды. Бұл хатта Құнанбай Гусевтің оған жала жауып тұрғаны, Гусевтің ісіне күдік келтіретіні, сондай-ақ ол қазақтарды қамауға алғаны жөнінде жазған. Осылайша, хаттың төменгі жағына Құнанбай мөрін басады.

(Құнанбайдың хаты)

Бірақ Құнанбайдың бұл арызы жоғарғы билік тарапынан қолдау таппайды. Ақыры осындай талас-тартыстан кейін Гусев 1853 жылы 13 ақпанда тергеуді толық аяқтағаны туралы Гасфордқа рапорт берген. Сол жолғы толтырылған хаттаманың көлемі – 400 бет. Ол мәліметтер 1846 жылдан бергі оқиғаны қамтиды. Гусевтің дәлелді тергеулері Құнанбайды аға сұлтандықтан түсіріп, Омбы түрмесіне қамаумен аяқталады.

Романда сот тергеушілерінің аты аталмаған. Тек Қарқаралыдағы «піскен бас майыр» ғана патша өкіметі ісіне араласады. Ол Құнанбайды шанамен Омбыға жөнелтеді. Барлық қағаздар Керекуде пешке өртеледі. Алшынбай майорға мол пара беріп, тергеуді аяқсыз қалдырады да, барлық жанталас сонымен тәмамдалады. Алты айдан соң Құнанбай Шыңғысқа қайта оралып, Бөжеймен бітіседі.

Түйін. Жоғарыда айтылған құжаттармен таныса отырып Құнанбай заманына, Құнанбай әлеміне, Құнанбай билігіне бір табан болсын жақындай түскеніміз анық. Құнанбай – Бөжей – Майбасар арасындағы қақтығыстар «аға сұлтан» шенін иемдену жолында өрбіп, күннен-күнге шиеленісіп кеткенін байқау қиын емес. Әркім өз мүддесі мен абыройын қорғап, бір-бірін «сүріндіру» үшін жазылған арыз-хаттар да осы пікірді қуаттайды.

Құнанбай би, болыс, аға сұлтан кезеңдерінде биліктің үш тұтқасын – қазақтың дәстүрлі заңын, патша өкіметінің «Сібір қазақтарына арналған низамын», шариғат жолын қатар ұстанды. Міне, осылайша ол өз заманының ағысымен жан-жақты әрекет етті. Қалай десек те, Құнанбай – аса күрделі тұлға, сұңғыла саясаткер, қараша халықтың мүддесін ойлаған қайраткер ретінде тарихта қалары ақиқат.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Т.Жұртбай. Құнанбай. (Тарихи және әдеби тұлға). – Алматы: «Алаш», 2004

2. А.Шәкәрімұлы. Құнанбай туралы. «Абай» журналы, 1992, №1. 6-15 б.

3. М.Бейсенбев. Құнанбай мырза

Біржан АХМЕР

Бөлісу:

Көп оқылғандар