Ұларбек Дәлейұлы. Айғыр дауысына елітеді Алтай...
Бөлісу:
(топтама өлеңдер)
* * *
Желтоқсан желпіп шағи көрпесін,
Шыңдар қанатын серпіген.
Ақ мұнар басқан Алтай өлкесі,
Айғыр дауысына елтіген.
Қарағай текті қаны ғасылым,
Араға бірер таң салар.
Қаңтар түнінде қарығы ашылып,
Көктейтін еді аршалар.
Соңғы деміңе қосақтар,
демек,
Өмірдің басы серуен.
Қаңтарылды ма, қасат қар бөгеп,
Керуленнен жеткен керуен.
Табыты – арша,
Төсегі – жусан,
Қағандар, бектер, нояндар.
Мен жеткен арғы тарихты қусаң,
Күн бетіне барып аялдар...
Сарығымды ашып, мауқымды басар,
Саған тірелген жолдарым.
Алты ай қысқа арқасын тосар,
Арқар аунаған жондарым.
«Белі кетпес» деп нарларға жапқан,
Найзамен ашар түндігін.
Нар текті ер туар күншығыс жақтан,
... Түңіле берме,
құлдығым!
* * *
Кентаврда –
Ғасырлардан тасалау,
Бейнеленген Күлтегіннің басы анау.
Жанарында –
Борла хатун көзінде,
Тамбай қалған жас анау.
Көрінбейді ол,
Маған және Сізге де,
Сайрайды ізі орманда да, түзде де.
Оны ізде тек, Орхонсудың бойынан,
«Мұңсыз, ойсыз бүгініңнен іздеме!»
Өтті, кетті,
Бізден не бір күн игі,
(Суға тамса жұлдыз тәні суиды).
Ай түбіне асқақ тіреп тұмсығын,
Кентаврлар жыламайды,
Ұлиды!
Ат пен адам –
Оның тұтас сүйегі,
Ерні тисе тұтас әлем күйеді!
Көшпелілер көзіменен көреді,
Жылқылардың жүрегімен сүйеді!
* * *
Менің даламда жусан өседі,
өседі тағы ермен де,
Боз боталары жусан емеді, боз енелерін емгенде.
Алтай мен Іле, Тарбағатайым шықпайды тіпті түсімнен,
Шалдарымның қазылған бейті – орныққан менің кеудемде.
...Жарықтықтарым бөктерді қалды құшақтап,
Қарындасым бар қайғылы,
Бауырларым бар шерменде!
Бозқұлындарым кісінейді ылғи
бозала таңды қақ жарып,
Жалбыз иісіне тамсанып, ермен дәміне таңданып.
...Іңірде жусан жұпарын тамсанған ерлер де есімде,
Шам шаһарында шам жағып.
Басыңды и мелі, мейлі алыс,
Жаныңды жесе жегідей САҒЫНЫШ дейтін жейді ағыс,
Ұлы даланың бір түп жусанын аңсаумен өлген қайғылы ер
Бел асып кеткен Бейбарыс!
Евфрат асып, Нілді де кешіп,
оңынан талай туса да ай,
Шөлі бір қанбай аңқасы кеуіп ағарды қанша қу самай,
Мың жылға көктеп тұрады менің тамырым,
Жартасқа өскен шыршадай.
...Алтайы ұлды арқандап қойған осында,
Арқаның бір түп жусаны-ай!..
* * *
Қыраулы іңірде,
Бораны бұрқаған Алтайдың түнінде.
Бейне бір секілді диюлар күбірі,
Қыраттан жететін жылқылар дүбірі.
Садағын байлаған санына,
Байлаған намысын қанына.
Бабалар дәуірі – Қағандар мұраты,
Кентавр бір аты,
Көшпенді бір аты.
Жерімде, көгімде, тауымда,
Сен болып тұр сөйлеп әфсаналарымда.
Шүйдесі талыстай,
Азуы қарыстай.
Шығыста Жүржінмен,
Батыста Үріммен жалғасып,
Көкшулан бөрілер жататын арбасып.
...........
Киданды қырдағы,
Табғашты ойдағы,
Ықсырып, Еділді еркін бір жайлады.
Қасқырды туына байлады,
Тауарихты үзеңгі бауына байлады.
Мұртына қатып бір замана қырауы,
Өзі аттан түссе де,
Үзеңгіде аяғы тұр әлі!..
Ұлы далада!!!
ҚАРАСАЗ. МҰҚАҒАЛИДЫ ЕСКЕ АЛУ
Ауылдағы атама немесе Константин Макаровичке...
Чеховтің «Ванька» әңгімесінен.
І
Қарасазға құс келді ме, жан Аға,
Қара жеңгем түс көрді ме, жан Аға?
Қара шалым таяғына сүйеніп,
Күн қабағын болжап тұр ма далада.
Қара қыздан келген хаттай ең ізгі,
Іңір үзді,
Үмітімді жел үзді.
У құйылған бокалдарға телміртіп,
«Маған тағы у беріңдер...» дегізді.
Қайта келмес гүлзар күнді жырлауға,
Қайран уақыт қарымымды ұрлауда.
...Жапырлап кеп қалың жетім жем жеген,
Жылқыбайдың диірмені тұр ма онда?
Қаздар жазған ғазалдарға таласып,
Жыртылады бейуақтың жағасы.
Бір топ үйрек хор айтады қамыста:
«– Бір-ақ қадам екі дүние арасы...»
...Қарасазға құс келіпті түсімде,
Қара жеңгем түс көріпті түсімде.
Мана жылы майдан кеткен нар ағам,
Нардай қара құс болыпты түсімде.
Түнге жазған жоқтауымдай бір ғана,
Інген дауысын жұтады үнсіз бұл дала.
Сарыала қаз үлгіріпті ұя сап,
Сонау жылы өзің жүрген жылғаға.
Кебін қылып түнгі сарша тамызды,
Қанша жұлдыз қарасуда жан үзді?..
Үйірі жоқ жетім құлын дауысы,
«Аршасайды» жылататын тәрізді...
Қасіретімдей...
Қалған дауысы қақырап,
Тұр ауламда күзгі соңғы жапырақ.
Көз жасымды көрсетпейді
көріңе,
Мен кешсалған жалғыз уыс топырақ...
ІІ
Өз мұңы өзін жеп біткен,
Бұл елге күйзеліс құштар.
...Күйзеліп қыс бойы күткен,
Тағы да оралды құстар.
Өзіңсіз қалғандай мұнда,
Уақыттың жүрегі тоқтап.
Алыста, сонау бір қырда,
Емендер үніңді жоқтап.
Ғасырдың қасіретін шертіп,
Бес күндік жалғанда
...Тәйір.
Жаңбырлы сәуірді ертіп,
Келерсің жаралы Шайыр.
Сәуірге хат жазып бір күн,
Санадан сарғайып ақыр.
Қаздармен келерсің мүмкін,
Сәбиім жол қарап жатыр...
Маусымдар келер сол жақтан,
Қасіреті бауырын қажап.
Аңсайды...
Саған толғатқан,
Ғасырға қарыздар Қазақ.
Таңдайын жібітті қанша,
Көз жасым ерніне тама.
Қайың боп сен оралғанша,
Құлазыр суалған жаға.
Күңіреніп Көкшенің белі,
Тастар да уайымға батқан.
Аңырап Арқаның желі,
Іңірде күн батыс жақтан.
Толғансам сағыныш зарға,
Аспанға кетеді даусым.
Қазақта
Аға, сен бар да,
Бар тағы өлмейтін маусым.
Сәуірге хат жазып бір күн,
Санадан сарғайып ақыр.
Қаздармен келерсің,
Мүмкін...
Сәбиім жол қарап жатыр...
Бөлісу: