Сәбит Жәмбек. Жазмыш
Бөлісу:
әңгіме
Облыс орталығы боп саналатын шағын шаһардың үлкен-кішісінің көпшілігі бір кездері осы бір ақсұр өңді, ат жақты келген, ұзын бойлы, суретші жігітті тегіс танитын еді. Қазір ше...
Тіпті онымен жақын-жуық араласқан таныстарының өзі де, оның өзі түгіл кейде атын да есіне түсіре алмай қиналатындары бар. Зырқыраған уақыт санадан бәрін жуып-шайып ұмыттыруға шебер ғой! «Дүние – жалған» деген осы да! Бір кездегі оның жарқын тұлғасы көмескіленіп, мәртебесі артқан, мерейі өскен, мейманасы да асып-тасып дүрілдеген, сайран кезі қайда?! Бұралаң ғұмыр кешкен бір тағдыр жұрт санасынан өшіп үлгеріпті.
Қызық... Есімі өте танымал Әлібек Мұратовты қазіргі кезде біреулер білмейді десе, тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қала тұрғындары сенер ме еді, сенбес пе еді?! Кім білсін?! Сен, сенбе! Қазіргі шындық осындай! Зауал-тағдырдың ісіне не шара!..
*** *** *** ***
Суретші Әлібек Көгілдіртау қаласына тез сіңді. ҚазПИ жолдамасымен келген оны осы бір қаладағы өмір ағыны өз иіріміне ілестіріп алды да кетті. Ес жиғызған жоқ. Өзі туып-өскен Ағашқорғанға қарағанда бұл жердің табиғаты қыста өте қатал. Көп ұзамай Әлібек Арқаның үскірік, қытымыр аязына да үйреніп алды. Пединститут ұжымымен де тонның ішкі бауындай жақындасып, үйренісіп кетті. Бейнелеу өнері кафедрасының оқытушысы бола жүріп, институттың көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына да белсене араласты. Жалпы Әлібек жағымды тенор дауысты әнші жігіт болатын. Институттың эстрадалық ансамблінің жетекшілігін де көп ұзамай қолға алды. Кафедра меңгерушісі Хайдар Қинаятұлы Қайбаров та осы бір өнерпаз жігітке қандай ойы бар екенін кім білсін, көмек қолын созып бақты. Ештеңеден қолын қаққан жоқ. Басынан құс ұшырмауға тырысты. Институт ректоры Борисовский Евгений Иванович, проректор Аманжолов Қуаныш Досболұлы, факультет деканы Казакин Николай Николаевичпен де арақатынастары жаман емес. Жәзира есімді сүйкімді, ажарлы, ақылды келіншегі бар. Алматыдағы мединститутты бітірген дәрігер. Осындағы қалалық стоматология емханасына қызметке орналасты. Бір-екі перзенттері де осында дүниеге келген. Ән салу өнерінен басқа өзінің төл кәсібі бейнелеу өнерімен де қатты шұғылданды. Студент кезінде Мәскеуде өтетін студенттердің шығармашылық жұмыстарына өзінің бірнеше картиналарын жіберіп, ондағы байқаулардан жүлделі орындарды алып көзге түскен Әлібек, мұнда келген соң да өзінің бірнеше сәтті туындыларын Мәскеудегі көрмелерге жіберіп үлгерді. Келген бетте жас маман ретінде пәтер кезегінде тұрған ол, кафедра меңгерушісі Хайдар Қинаятұлының жан сала араласуымен үш бөлмелі жаңа пәтер үйдің кілтін де әріптес құрбыластарынан ертерек алды. Осыдан былай қарай Әлібек пен кафедра меңгерушісінің арасы тіпті де жақындай түсті. Кафедра меңгерушісінің сейфі мен тоңазытқышындағы жылы жұмсақ пен коньяктан да жиі дәм тататын болды. Әлібек те оны үйіне жиі қонаққа шақырып бақты. Хайдар Қинаятұлы кейде мерекесіз, жай атаусыз күндердің өзінде себепсіз-ақ Әлібекке сейфіндегі коньяктан жомарттықпен алып қоюды ұсынатын болды. Сөйтіп жүргенде Әлібек Рауанмен ұшырасты. Институттағы жаңа жылдық кеште осы бір орта бойлы, талдырмаш келген, шашын иығынан жоғары қысқа қидырған ақсұрлау қызды өзі биге шақырып еді. Тез танысып кетті. Ашық қыз екен. Әлібектің іші-бауырына кіріп кетпесе де, өзінің тартымды сипатымен баурап, өзіне тарта түскендей болды. Киноға барады, кейде қалалық бақта қыдырып, жай серуендеп ұзақ жүреді. Балмұздақ жейді. Әлібек өнер тақырыбынан ұзақ әңгімелер қозғаса, Рауан тілтану маманы болғандықтан, тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті турасында өзінің талғамды ой-пікірлерін ортаға салатын.
Әлібек өзінің бойында оянған Рауанға деген сезімінің жай ілтипат пен сыйластық па, әлде ыстық сезім бе, осы арасын ажырата алмайды. Бұл не қылған сезім өзі?! Сыйластық па, махаббат па?! Сыйластық дейін десе сезімі одан тереңірек сияқты, махаббат дейін десе оған келмейді. Жәзираға деген сезімі баяғыдай! Студент кезінен өзгермеген сияқты. Осындай мазасыз сезімдер Әлібекті соңғы кещде қатты мазалайтын болды. Қалайда бір жағына шығу керек сияқты. Рауан да жиі есіне түсіп, жүрегі өрекпіп, қобалжуы көбейді.
*** *** *** ***
Кешқұрым. Әлібек институт оқытушыларының жатақханасына беттеді. Рауан тұратын бөлменің есігін жүрексіне қақты. Қанша тісқақты жігіт болса да өз жүрегіне өзі ие бола алар емес. Жұдырықтай жүрегі кеудесінен шығып кетердей, дүрс-дүрс соғады. Тап бір бойжеткен қыздармен енді танысып жүрген бозбала жігіттердей. Әлібек өз сезіміне өзі таң. Бозбала шақтың қызық-шыжығын әлдеқашан аяқтап, жігіттік ауылының қыр-сырын баяғыда тауыстым деп жүргенде, мұнысы несі?! Баяғы қызарып-сұрланып, қыз көрсе иіні түсіп, сөлбірейіп, ерік-күшінен айырылып, жынынан айырылған бақсыдай пұшайман күй кешетін бозбала шақтың жағдайы қайта оралғаны ма?! Кезінде өзін де, өзгені де ынжық, босбелбеу деп сөгетін осындай шарасыз, бейбақ күй, шынында, қайта оралғаны ма?! Мұның барлығын өткен шақтың ісі санаушы еді. Өзін ендігі өмір көрген, тәжірибелі, мұндай іске күйіп-жанбайтын салқын мінезге болған жігіт санап жүруші еді. Ендігісіне не жорық?! Өз сезіміне өзі таң қалған Әлібек есіктің ашылуын қобалжи күтті. Бір кезде есік те ашылды-ау. Есікті Рауанның өзі ашып, жылы жымиды. Жымиысының ар жағынан жылылық ескендей. Әлібектің қобалжыған жүрегі орнына түскендей. Өз-өзіне тез келіп, бұл да жылы жымиып, қолын ұсынды. Қолына ұстап келген, бір құшақ алқызыл раушан гүлдерінің букетін қызға ұстата қойды. Раушан гүлі Рауанның жақсы көретін гүлі еді. Оны қыздың гүлді көргендегі қуанышты райынан байқады.
- О,о төрлет Әлібек. Осы сен адасып жүрген жоқсың ба? Біздің жақтарға жолың түспеуші еді ғой.? Адасып жүрсең, жол табамыз. Ең алдымен қонақ бол. Шаруаңды сосын-ақ сұрармыз.
- Рахмет, Рауан. Сен де күтпеген шығарсың. Айтпай, хабарласпай келгеніме. Өзі жалпы мен жоспармен жүргенді жек көремін. Студент кезімде, каникулға шыққанда осылай әке-шешеме, туысқандарыма алдын-ала келетінімді айтпай, оқыста кіріп келетінмін. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген осы екен. Кешір, айтып келейін деп бір ойладым да, артынан осылай келуді құп көрдім.
- Оқасы жоқ, Әлібек. Менікі қалжың ғой. Өткендегі бір кездескеннен кейін өзіңмен бір әңгімелессем бе деп жүруші едім. Ойымды сезгендей, дәл келдің. Енді сені жібермеймін. Қонақ қылам. Жаңа бір палау жасамақшы болып отыр едім. Соны жақсылап жасап, екеуіміз әңгіме-дүкен құралықшы. Сенің келгенің қандай жақсы болды.
- Рауан, неге әуре боласың. Мен сенің жағдайыңды білейін деп жай соғып едім. Маған шай да жетеді. Жай бір әңгімелесіп, сырлассақ болды емес пе?!
- Жоқ, Әлібек. Сен енді менің қонағымсың. «Қонақ – қойдан жуас» деген, май берсең де жей береді. «Жаман үйді қонағы билейді» деген, енді сен тыныш отырып, әңгімеңді айта бер. Мен тездетіп палау жасайын.
Палау піскенше Әлібек пен Рауан қызу әңгімеге кірісті. Рауанның сыпайы мінезі, ізетті қылығы Әлібекті тез баурап, тәнті қылды. Оның қылықты мінезі мен ұстамды тәрбиесіне риза болған Әлібек өз сезімін жасыра алмай:
- Рауан, шынымды айтсам, сенде бір тектілік бар сияқты. Сенде айналады ешкімге ұқсамайтын бір мінез бар сияқты. Мені іңкәр қып, өзіңе тартатын да осы мінезің ғой! Әйтпесе мен үйлі-баранды азамат емеспін бе?! Ал қылығым бошалаң бозбаланың мінезі. Өз-өзіме есеп беруден қалдым. Арындаған асаудың мінезі бар, менде. Күйіп-жанған сезім бар, менде! Осының сыры неде Рауан?! Осыны өзіңнен сұрасам ба деймін. Өзіңе деген сыйластық па, махаббат па айта алмаймын?! Әйтеуір бір іңкәр сезім бар менде. Сол сезімді аяласам ба деймін. Арты не болатынына көзім жетпейді. Бірақ бір жарқын сәуле алға жетелейтін сияқты. Сырласым да, мұңдасым да өзіңсің. Дүрсілдеген жүрегімнің сырын да, оның кілтін де өзің шешерсің. Беймезгіл соққан жүректің де, қол жетпеске ұмтылған көңілдің де кенеулі тетігін шешер әміршім өзіңсің! Менің бар сырым осы, Рауан. Сенің не айтарыңды білмеймін. Бірақ жүрек сырын жасырмайтыныңа сенем. Рауан, сенде бір тектілік бар деп едім ғой. Арғы аталарыңда бір бекзат кісілер болған сияқты. Әлде ақсүйек кісілер болды ма?! Сенің дегдер мінезің мені тәнті қылды. Сен ренжімесең мен сені бұдан былай менің графиням десем қалай болар еді?! Менің гарфиням! Қалай жақсы емес пе?!
- Қойшы, Әлібек. Мендегі қайдағы тектілік. Менің ата-аналарым қарапайым адамдар болған. Мүмкін арғы аталарымда ақсүйектер болса, болған шығар. Нақтылы ештеңе айта алмаймын. Бірақ сенің «менің графиням» деп атағаның ұнайды. Өзіңе ұнаса айта бер!
- О, Рауан, шынымен келістің бе, мен қандай бақыттымын. Өзім іңкәр болған жанды өзім қалаған атпен атау қандай ғанибет!
- Осы кезде палау да пісіп, Рауан ортаға палау қойып, шай жабдығын жасады. Қонақ кәдесі деп Рауан шампан ашты. Екеуі денсаулыққа деп шампаннан алысып қойды. Палаудан жеп, шай ішті. Осы кезде Әлібектің көзі Рауанның бөлмесінің қабырғасындағы ілулі тұрған домбыраға түсті. Әлібек Рауанға сыпайы ғана домбыраға қол жалғауын өтінді. Рауан Әлібектің әншілік өнерінен бейхабар еді. Әлібек өзінің қоңыр даусымен домбыраны әсем ырғақпен, баптай шертіп, әндете жөнелді:
Кетсең де шалғай,
Жанарымды алмай,
Қараймын сенің бейнеңе.
Түсімде көріп,
Абайлап өбіп,
Қысамын ыстық кеудеме...
Әлібектің жанға жайлы қоңыр даусы Рауанның өн-бойын түгел жаулап алды. Рауан Әлібектен мұндай өнер күтпеп еді. Осы бір атжақты, ақсұр жігіттің өне бойы өнерге толып тұрғандай. Жігіттің күміс көмейінен шыққан қоңыр үн бүкіл бөлмені кернеп, оның қабырғаларын әсем үнмен тербеп тұрғандай болды. Ән әуенінен сыздақтап шыққан сөздер тұп-тура өзіне арнап айтылғандай, жүзі құбылып, әсем әуеннің ырғағына арбалғандай, өзіне де беймәлім, жұмбақ тәтті бір күйге түсті. Әлібек шын әнші екен. Рауан өзі де бұрын музыка мектебін бітірген, музыкадан хабары бар, жаны нәзік қыз болатын. Жігіттің қоңыр үні шым-шымдап өзіндегі барлық сезімдерді оятып, жан-дүниесі онымен кірігіп, бірігіп кеткендей болды. Құлағында оның қоңыр даусы...
Жан шуағым – мерекем,
Іздегенім сен екен.
Өзіңменен шаттанып,
Кірер менің берекем...
Ән аяқталды. Рауан ән әсерінен әлі де арыла алар емес. Әнмен ажарланған жігіттің нұрлы жүзіне ұзақ қарап қалды. әннің құрметіне Рауан тағы да шампан алып қоюды ұсынды. Хрусталь бокалдар сыңғыр етіп, екеуі қазақ әндерінің құрметіне деп бокалдарын тауысып ішті. Шампан шарабының буы ма Рауанның жүзі ажарланып, бетіне қызыл арай жүгірді. Үстіндегі жеңіл, қонымды көгілдір халаты жүзін сұлуландырып, одан сайын ажарлай түскендей. Әсем басып жүрген сайын, халатының етегінен аппақ толық сандары мен түзу балтырлары менмұндалайды. Жігітке сөйлеп отырған Рауанның ыстық демі, француз әтірінің хош иісі жылы леп боп, өн-бойын шарпыды. Жалпы Рауан арзанқол иіссуларды ұнатпайтын. Әрдайым француз әтірін хош көретін. Жеңіл шараптың буы, әсерлі, көңілді, сыршыл әңгімелердің лебі, жүректі алған әннің әуезі Әлібекті тәтті бір күйге түсіріп, көзі тұманданып, сөйлеп отырған Рауанның сөзін емес, оның сөйлеген сайын танадай жарқырай түскен көздерін ғана көріп отырды. Жігіттің тынысы тарылып, демі жиіледі. Шарап буынын алғандай, бүкіл өн-бойы сылқ-сылқ етеді. Жігіт қыздың оң иығынан ұстап, сыпайы ғана өзіне икемдеді де бетіне бетін тақады. Ыстық жалын бетке ұрды. Одан арғысы есінде жоқ. Бір кезде Әлібек қызды құшағына алды да, оның оттай ыстық, алқызыл бал еріндерінен құшырлана сүйе берді, сүйе берді...
*** *** *** ***
Телефон шылдыр етті. Көтерді. Арғы жағынан Әзімнің өзіне таныс, жайдары да көтеріңкі үн естілді. Бүгін тым көңілді екен. Даусы емен-жарқын шығады.
- Алло! Әлібек, халың қалай? Бүгін сағат үштерде «Шайба» ресторанына кел. Бір істің сәті орайымен келді. Соны жақсылап жуатын болдық. Бөтен ешкім болмайды. Барлығы институттағы сырлас, дос жігіттер, – деді желпілдей тіл қатып. Шынында да бүгін тым елпілдеп тұр екен.
- Жарайды, барамын, - деді Әлібек тез келісіп. Ол Әзімнің жарқын үнінен бәрін түсінгендей болды. Дос көңілін қиып тастау қиын. Бүгін ұзақ та жақсы отырыстың болатынын іші сезеді. Әлібек – табиғаты жағынан сәнқой жігіттердің бірі. Сыпа денесіне жарасар сәнді киімдерін киініп, «барын тағынып, бақанын асынып» дегендей, сағат үштерде орталық базар аумағының шет жағындағы «Шайба» ресторанының кең залына кіріп келсе, дос жігіттердің дені жиналып қалыпты. Барлығы да емен-жарқын сөйлесіп, мәз-мейрам болып, қарқ-қарқ күледі. Іштерінде экономист-оқытушылар Бауырхан мен Арасанбай, тарихшы доценттер Жарасбай мен Тоқтасын, философ-оқытушы Жапар Нұғыманұлы бар. Философ Жапар Нұғманұлы оқытушылардың өздері «Шабашка» деп атап кеткен, жазғы демалыста қосымша табыс табу үшін жұмыс істейтін, құрылыс жұмыстарына басшылық ететін. Ол құрылыс жұмыстарына ысылған, прорабтық куәлігі де болатын. Маусымдық құрылыс жұмыстарында прорабтық, бригадирлік міндеттерді де атқаратын. Ғылымдағы әлдебір ағаларына есесі кетіп, кіжініп отырған доцент Жарасбай да, саяси экономиканың жілігін шағып, майын ішкен Арасанбай мен Бауырхан да құрылыс жұмыстары кезінде оның алдында молдаға берген баладай тәк тұратын. Жігіттер әр түрлі әңгіменің басын шалып отыр. Бауырхан мен Арасанбай бір кездері «саяси экономия» пәнінен сабақ берген, социалистік, жоспарлы экономика теориясына шаң жуытпай, ту ғып көтерушілердің қатарынан еді. Ендігі әңгіменің ауаны өзгере қалыпты. Бір-біріне жеңістік бермей, өзеурей даурығысады. Кейде бірінің сөзін бірі тыңдамай кетеді. Екеуіне де өз пікірлері орынды, дұрыс сияқты көрінеді.
Көкшетау қаласы (фотосурет ғаламтор желісінен алынды)
- Ғылым да қожырап кетті. Қазіргі таңда ғалым атын жамылған екінің бірі дақпыртын дүйім жұрттан асыруға құлшына да, белсене де кірісіп кетті ғой! – деп, күйіп-пісті осы кезде Жарасбай.
- Кейбір тарихшы ғалым атағын жамылған ағаларымыз Санкт-Петербург, Париж, Лондон мұрағаттары мен кітапханаларында отырмай-ақ шоқантанушы, абайтанушы болып жүр ғой, бүгінде. Санкт-Петербург, Париж кітапханалары мен мұрағаттарында отырғанда көзім жетті бұған. Санкт-Петербург мұрағатында Ресейдің дипломатия тарихына қатысты құжаттарының ішінен ғылымға бергісіз, құпия, жасырын боп келген жеті жүз беттей болатын Шоқанның ғылыми еңбегін ұшырастырғаным бар. Парижде болғанымда да қазақ тарихына қатысты талай дүниелерді кезіктірдім. Бәтшағарлар солардың біреуін де өз қолдарына ұстап көрмеген ғой! – деп, доцент Жарасбай әлдебір ағаларына есесі кетіп бара жатқандай кіжініп қойды.
Осы кезде философ Жапар да тамағын кенеп, жөткірініп қойды. Ол да ішінде қалып бара жатқан ой-пікірлерін жолдастарына жайып салуға оқталғандай. Ол көбіне дауысын көтермей, баяу, асықпай сөйлейтін. Сөздері де сылбыр шығатын. Ол қазір де күңгірт дауысымен баяу, жайлап сөйлеп кетті. Ежелгі философтар еңбектерінен бірді-екілі мысалдар келтірді де, әңгіме тиегін Ортега-и-Гассет, Ницше, Гуссерль, Юнг, Фрейд, Тойнби, Хангингтон, Фукуяма төңірегінен өрбітіп отырды. Тұжырымдарын көбіне Карамурза, Панарин, Кожинов еңбектерімен түйіп тастап, әсіресе Кожиновты көп тілге тиек етті.
- Қағынан жеріген құландай біз де қазір өз дәстүрімізді өзіміз мансұқтап, онан безу, алшақтау басым. Дәстүр қашан да өз топырағында көктеп, өседі ғой. Өзгенің қаңсығына исіну, елту бар. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деген ғой. Біздің жағдайымыз қазір осылай болып тұр. Мұны ғылымда мимесис дейді. Бізге қазір шұғыл өз топырағымызға оралу, өз дәстүрімізге үңілу қажет. Оны ғылымда анамнесис дейді, - деп философ Жапар да Жарасбай сияқты әлдекімдерге өкпелі екенін танытқандай шарасыз күйде екі қолын екі жаққа жайды.
- Дәстүр деген, шіркін, тамаша ғой! – деп Әлібек те досы Жапарды құптағандай үн қатты.
- Мысалы, мен әнші ретінде қазіргі көптеген қазақ әндерін қазақтікі деуге аузым бармайды. Ұлттық топырақтан нәр алмаған күлдібадам, нәрсіз, шуылдақ, дарылдаған, жылауық әнсымақтар қаптап кетті қазір. Шіркін, әннің төресі – Ақан серінің «Маңмаңгері» ғой! Адам жан дүниесінің тыншу тапқан, байырқалған, шұғылалы бір сәтін, нұрлы да шуақты сезімін, сұңғатты да сәулелі бір кезеңдерін әуен тілімен, өнер тілімен қалайша ғана өрнектей алған десеңші! Мұндайды орыстар «состояние души» деп жатады ғой.
Әлібек осы кезде эстрада әншілеріне барып, рұқсат сұрап, эстрададан «Маңмаңгер» әнін сызылта жөнелді.
Маңмаңгер кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап қалқатай да.
Жүресің желмаядай жандарым,
Көрейін қызығыңды осындайда.
Ән біткен соң доцент Тоқтасын да өзінің ән, музыка, поэзия жайындағы ой-тұжырымдарын айта жөнелді. Тоқтасын мамандығы тарихшы болғанмен, жаны нәзік, жан-дүниесі ақын жанды жігіт болатын. Мұқағалидің өлеңдерін жатқа соғады. Өлең жаттауға жады мықты. Өзінің осы талантымен өзін мықты әдебиетшімін, мен деп жүрген талай жөпшеңді әдебиетшілерді тегіс мойындатқан. Қазір де шабыттана толқи сөйлеп кетті.
- Шіркін, Мұқағали! Қазақ поэзиясының нарқасқасы еді ғой. Тайпалаған жорғадай, шашасына шаң жұқтырмай кетті ғой. Ақындық өріс, қарым қандай! Ой мен сезім орайлы қабысып, адам жанының нәзік қалтарыстары түгел қамтылған ғой! Тілдің қаймағын қалқып, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» ғой! Әлеке, Жапар Нұғыманұлы жаңа сіздер дәстүр деп тамаша айттыңыздар. Дәстүрді іздесек, Мұқағалидан іздейік. Анамнесис дедіңіздер ме, мимесис дедіңіздер ме, әйтеуір дәстүрге қайта оралсақ, Мұқағалиды жақсы талдап алуымыз қажет. Шіркін, дәстүр де, діл де, тіл де Мұқағалида ғой! Алапат сезімдерді қарапайым тілмен қалайша дөп жеткізген! Сұрапыл ғой бұл Мұқағали! Сұрапыл ғой! – деді достары Тоқаң атап кеткен доцент Тоқтасын басын шайқап. Тебіреніс үстінде отырған Тоқтасын тамағын кеней, ерекше көңіл-күймен даусы дірілдей Мұқағалидің жыр жолдарын ағыта жөнелді:
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой, бәрі,
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!..
Тоқтасынның оқып отырған өлеңі Мұқағалидың «Моцарт. Жан азасы» болатын.
- Шіркін, Мұқағали! Жарық дүниеге, бір күндік сәулеге қалайша іңкәр көңілмен ғашық болған десеңші! Шіркін, Мұқағали! Шіркін, Моцарт! Екі ұлы таланттың жан-дүниесі қалайша астасып кеткен! Ғаламат қой, ғаламат! – деді нәзік жанды Тоқаң. Осы кезде Тоқтасынның көз жанарлары жасқа шыланып тұр еді. Достарының осындай көңіл-күй ауанын аса бір елжірей бағамдап, іштей түйсініп отырған Әлібек орнынан жеңіл көтеріліп, эстрадаға барды да, өзіне микрофон беруін өтінді. Жалпы Әлібек жанға жайлы, сүйкімді тенор дауысты шебер әнші болатын. Ол тамағын сәл кенеді де,
«Жан досым» әнін бастап кетті:
Іздегенде табылатын қасыңнан,
Көңілі бар қызғалдақтай ашылған
Көріскенше сағыныштан жүдейтін,
Кім бар жақын бала күнгі досыңнан
Жан досым, үстем болсын мерейің,
Әрқашан жемісіңді көрейін
Жырымыз да бітпесін, сырымыз да бітпесін,
Сырымыз да бітпесін!
*** *** *** ***
Қаланың базар жақ бетіндегі «Құлагер» мейманханасы. Мейманхананың кең залының төріндегі оңаша үстелде Санжар мен Қабыш отыр. Санжар институтта тарих пәнінен сабақ береді, аға оқытушы. Қабыш та дене тәрбиесі пәнін жүргізетін аға оқытушы. Санжардан бес-алты жас үлкендігі бар, өмір көрген, тәжірибелі жігіт. Әжептәуір серілігі бар, кербез жігіт. Серіліктің қыр-сырын Санжарға да үйретіп, оған бас-көз болып, қамқоршы болып жүреді. Олар өздеріне ыстық тағамға заказ беріп, жеңіл-желпі салат алдырып, коньяк шарабынан бір-екі рюмканы алып та қойған болатын. Жеңіл музыка әуені мейманхананың кең залын әсем әуезбен тербеп тұр. Санжар мен Қабыш ерекше көңіл-күйдің әсеріне бөленіп, жан-жақтарына бей-жай ғана қарап отыр. Осы «Құлагер» мейманханасы кеңестік кезеңде бір кезде ұлттық тағамдар әзірлейтін, қымыз сусынын ұсынатын әйдік қымызхана болатын. Кейін келе, тоқсаныншы жылдардың басындағы аласапыранда, алдымен кешке қарай шампан шарабын ұсынатын жартылай дәмханаға айналып, артынан арақ-шарабы бар кәдімгі мейрамханаға айналып кетті. Тоқсаныншы жылдары мейманханаларға музыканттар көп тұрақтамай берекесі кеткенде, «Құлагер» мейманханасының өзінің тұрақты музыканттары бар ансамблі болды. Ол Әлібек басқаратын институт ансамблі еді. Бір жағынан нарық қыспағы, нарық талабы дейсіз бе, Әлібек бастаған институт музыканттары «Құлагер» мейманханасымен шартқа отырып, кешке қарай келушілерге өздерінің өнерлерін ұсынатын. Бүгінгі кеште де мейманханадағы музыканың көрігін қыздырып жатқан осы ансамбль болатын. Санжар мен Қабыш Әлібекті сырттай білетін, сәлемдері түзу болатын. Бірақ кейін Әлібек кең пәтер алып, кафедра меңгерушісі болғаннан бері, кейде бұлармен кездесіп қалғанда, көрсе де көрмегенсіп өте шығатын кездерін сезетін. Бұған олар бәлендей мән берген жоқ. Пендешілік кімде болмайды дейсіз... Шіркін дүние, қай пенденің болмасын басын шырқ үйіреді ғой!
Ансамбль музыканттары шынында да өнерлі жігіттер екен. Жұлқына төгілтіп, мейрамханаға келген жандардың делебесін қоздырып, желіктіріп әкетті. Сезімдеріне ие бола алмаған біраз жұрт алқын-жұлқын, дамыл таппай, аласұрып, түлкі соққандай, дабырлай шулап, азан-қазан, мәз-мейрам боп естері шыға билеп жүр. Санжар биге жоқ, билеген жұртты жай қызықтап отыра берді. Қабыш шыдап отыра алмай бірнеше рет билеп келді. Қабыш дене тәрбиесі институтында спорттық гимнастикаға маманданған, тұла-бойы түгел қимыл-қозғалысқа толы, би өнерін жетік меңгерген, бидің түбін түсіретін жігіттердің бірі еді. Әсіресе, үнді билерін тамаша билейтін. Кейде қыз-қырқын, жігіт-желеңге күлкі үшін, танец живота, яғни ішпен билеу өнерін жұртшылыққа көрсетіп, мәз-мейрам ететін. Бұл жолы да біраз қыз-келіншектерді жанына үйіріп, би қимылдарының жарасымды үлгілерін жарқырата көрсетіп жүр.
Бес-алты әннен кейін, музыкалық үзіліс жарияланып, Әлібек пен оның жігіттерін таныс, бейтаныс дос-жарандары өз үстелдеріне шақыра бастағанын байқап қалды, Санжар. Бір кезде Әлібектің тост көтеріп, желпініп сөйлеп тұрғанын көрді. Осылайша Әлібек басқа үстелдерде де тост көтеріп сөйлеп отырды. Бір кезде музыкалық үзіліс аяқталып, Әлібектер эстрададағы өз орындарына жайғасып, өнерлерін қайта жалғастырды. Санжар байқап отыр. Келесі үзілісте Әлібектер басқа да дос-жарандарының шақырған үстелдеріне барып, тағы да кезекті тост көтеріп, іше бастады.
- Қабыш, байқадың ба? – деді, Санжар Қабышқа бұрылып, ойлана сөйлеп: «Әлібектер бір емес, бірнеше үстелдерде болды. Егер күн сайын әрбір үстелде осылай сыйлағанға отыра берсе, ішкілікке мүлде салынып, кетуі мүмкін ғой, қалай ойлайсың?!- деді.
- Иә, Санжар, дұрыс байқап отырсың. Жақында Әлібектің таныс жігіттері айтты. Әлібек өз ансаблімен мейрамханаға тұрақты орналасқаннан бері, бұрынғыдай емес, ішуді мүлде үдетіпті. Соңғы кезде үй ішіндегі жағдайы мен қызмет орнынан да береке кете бастапты. Отбасының шырқы бір-ақ күнде бұзылады ғой, – деді, Қабыш.
Келесі үзілісте Әлібек бұлардың не сөйлеп отырғанын сезгендей, назарымен бағып отырса керек, тура бұлардың үстеліне қарай беттеді.
- О,о жігіттер, байқаймын отырыстарың көңілді ғой! Орта толсын! Қалай мені қарсы аласыңдар ма?! - деді, Әлібек.
- Кел, кел Әлібек. О не дегенің! Бағанадан бері өзің басқалардан босамадың. Бізге көз қырыңды салмайтын шығар деп отыр едік. Келгенің қандай жақсы болды! Бізге бет алғаныңа қуанып қалдық! - деп, Қабыш қалбалақтап, өзінің қуанышты екенін сездірді.
- Санжар, Қабыш. Бәріміз де әрептестерміз ғой. Сендер маған әрқашан да ыстық көрінесіңдер! Әлгінде сендерді көріп, өздеріңе арнап жақсы бір тост айтсам деген тілек оянып еді. Айып етпеңдер жігіттер! - деді, Әлібек.
- Жоқ, қайдағы айып. Қайта келгеніңе ризамыз – деді, жігіттер.
Әлібек зады сөзуар, шешен сөйлейтін жігіт еді. Өмір жайлы, өздері жайлы небір тамаша сөздер айтып, тост көтерді. Санжар мен Қабыш Әлібектің шынайы сөзіне риза болысып, рөмкелеріндегісін тауысып ішті. Әлібектің жүзі бал-бұл жанады. Желпініп, сөйлеп отыр. Жігіттер оның сөзін бөлген жоқ. Бір кезде Әлібек жігерлі де көңілді даусымен:
- Жігіттер, достарым менің, мен сендерге дос туралы тамаша бір ән орындап берейін – деп, орнынан лып етіп жеңіл көтеріліп, эстрадаға барды да, өзінің дос туралы сүйікті әнін шырқата жөнелді:
Іздегенде табылатын қасыңнан,
Көңілі бар қызғалдақтай ашылған
Көріскенше сағыныштан жүдейтін,
Кім бар жақын бала күнгі досыңнан
Жан досым, үстем болсын мерейің,
Әрқашан жемісіңді көрейін
Жырымыз да бітпесін, сырымыз да бітпесі,
Сырымыз да бітпесін!
Әлібектің даусы бір түрлі мұңлылау естілгендей. Даусында бір діріл бар сияқты. Оның даусын соңғы рет естіп отырғандай сезілді Санжарға. Шынында Әлібектің көз жанары әлде масаңдық па, әлде шынында да көңілі босады ма, жасқа шыланғандай жасаурап тұрды. Қабыш пен Санжар Әлібектің өздеріне арнап айтқан әніне риза көңілімен ұзақ қол соқты. Әлібек жаққа құптағандай жымия бас изеді. Бас бармақтарын көрсетіп риза болғандарын білдірді. Тыңдап отырған жұрт: «Браво, браво! Бис, бис!», - десіп, жатыр. Осыдан кейін Әлібектер басқа әнге ауысып кетті. Жігіттер бұдан кейін көп отырған жоқ. Мейрамхана даяшысымен есеп айтысты да, сыртқа шықты. Сыртқа шыққан соң жігіттер бір-бірімен қош айтысты да өз жөндеріне кетті.
Арада бес-алты ай өтті. Санжар Әлібекті осыдан кейін көрген жоқ. Жуықта Қабышпен кездесіп қалып, ол Әлібек туралы мән-жайды түгел жеткізді. Оның айтуынша, сол өздері көргеннен кейінгі уақытта Әлібек ішкілікке күрт салынған көрінеді. Кафедра меңгерушілігінен түскен, жай оқытушы. Ажырасып, пәтерін жұбайы мен балаларына қалдырған. Қазір институт жатақханасынан бір бөлме алған. Сонда тұрып жатыр. Қабыштың бұл хабары Санжарды ауыр ойға қалдырды. Тағдыр зауалы басқа түссе адам баласының құлдырауы оп-оңай екен-ау! Қандай тамаша жігіт еді! Сегіз қырлы, бір сырлы, осы бір бекзат мінезді жігіттің тағдыр жолында табанының тайғанақ күйге түсуі Санжарды қапаландырып, мазасыз да көңілсіз сезімдерге жетеледі. Көңіл түпкірінен осы бір ауыр әсер кетпей қойды. Сөйтіп жүргенде Әлібек оқытушылықтан да босап, Санжар қызмет ететін ескі оқу ғимаратының балташысы болыпты деп естіді. Енді Санжар Әлібекті жиі көріп тұратын болды. Басқа түскен тағдыр адамды тез өзгертеді екен. Бұрынғы кербез ғана қолын ұсынып сәлемдесетін сырбаз жігіт Әлібек жоқ. Құрақ ұшып, анадайдан өзі жүгіріп келіп, сәлемдеседі. Бұл кейде байқамай өтіп кетсе, артынан дабырлай дауыстап, сәлемін беріп, қалбалақтап жатқаны. Бұрынғы кірпияз да кіді, сырбаз да кербез Әлібек жоғалып кеткендей. Оның орнында мүләйім мінезді, қалбалақтаған бір жан. Басқаларға қалай екенін білмейді, әйтеуір Санжарға солай көрінгені рас. Бұл жағдай да ұзаққа бармады. Тағдыр бір айналдырса, шыр айналдырады деген сөз рас екен. Көп ұзамай Әлібек балташылық жұмысынан да босап, жатақханадағы бөлмесінен де айырылды. Бірақ сәтте үйсіз-күйсіз жанға айналып, шыға келді. Кейін әлдекімдерден Әлібектің қаладағы үйсіз-күйсіз, қаңғыбас жандар бомждарға барып қосылғанын, қалалық паркте өткен-кеткендердің сурет, портреттерін салып, нәпақа тауып жүргенін естиді. Осыдан басқа Әлібек туралы бәлендей тырс еткен әңгіме естіген жоқ. Көз алдарындағы бір тағдыр құрдымға кеткендей... Ешкім таңырқап та үлгерген жоқ...
*** *** *** ***
Мамыр айының ортасы. Бүгінгі күн ашық та жайдары екен. Санжар мен Рауан әлдебір шаруаларымен пролетариаттың ұлы көсемдерінің бірінің атымен аталатын кең көшемен қалалық парк жаққа беттеп келе жатты. Екеуара әртүрлі әңгімелердің басын шалады. Бір кезде әңгіме өзегі Әлібекке ойысты. Ол душар болған қиын өмір шырғалаңын әңгіме қылды. Рауанмен екеуінің арасындағы жылы қатынас та ұмыт қалған жоқ. Араларындағы суысу себептерін де жасырып қалған жоқ. Өзінің жан-дүниесін, сезім сырларын қыз алдында түгел жайып салған Әлібек бұдан кейін де Рауанға келіп жүріпті. Ынты-шынтымен жан-дүниесін ақтарған бекзат жігіт бар болмасымен Рауанға да ұнап қалса керек. Әр келген сайын, серілік жомарт мінезбен сый-сыяпатын көрсетіп, өзі қызға қойып алған «менің графиням» деген сөдермен еркелетіп, еліктіреді екен. Кәдімгі сері мінез, оғаш ештеңе байқалмапты. Бәрі де артынан болыпты...
Әлібек іше бастаған алғашқы тұстарда, бұрынғы дағдысымен Рауанға бір-екі рет барыпты. Алғашқы келгенде жігіт қызулау екен. Екінші мәрте келгенде тілі күрмеліп, сөйлеуге келмепті. Кейіннен Рауан онымен арнайы жүздесіп, оған өзіне мұндай күйде келмеуін, ара-қатынасымызды үзейік деп бір-ақ кесіпті. Заты дегдар Әлібек бұдан кейін қызға жоламаған. Бар кінә өзінен екенін түсінген саналы жігіт ол жаққа баруын мүлдем доғарған. Одан кейінгі жағдай белгілі...
Олар әңгімемен қалалық баққа жақындағанын да байқамапты. Бір кезде Рауан Санжарды жеңінен тартып:
- Жүр, Санжар тезірек өтіп кетейікші! Мен Әлібекті көріп қалдым. Қазір мазамды алады – деді, дегбірсізденіп.
- Кімді айтсаң, сол келеді деген сөз рас-ау – деді, Санжар.
Бұл кезде Әлібек салған суреттерін планшетке қойып, тапқан тиын-тебеніне самса жеп тұр еді. Көшемен келе жатқан Санжар мен Рауанды тез байқап, қолын бұлғап, қалбалақтап жүгіріп келе жатты.
- Енді кетіп қала алмайсың, - деді Санжар Рауанға. Бұларды көрген Әлібек екі езуі екі құлағына жетіп, ыржиып күліп келе жатты. Келе Санжарды құшақтай сәлемдесіп, Рауанның бетінен сүйді. Даудырлай хал-жағдай сұрасып жатыр. Өзінің де жағдайын айтып жатыр. Санжарға осының бәрі ауыр әсер етті. Рауанның да кеткісі келіп тұр екен. Олар шаруаларының асығыс екенін айтып, тез-тез қоштасты да ары қарай кетті. Әлібек оларды қимағандай арттарынан ұзақ қарап қалды...
Осы оқиғадан кейін де жеті-сегіз ай өтті. Содан бері Санжар Әлібекті көрген де, ол туралы естіген де жоқ. Бір күні Санжар Рауанды кездестірді. Өңі сынық екен. Бар мән-жайды Рауаннан естіді. Әңгіме былай болған екен. Соңғы үш-төрт айда Әлібек қалалық паркте көрінбей кетіпті. Келіншегі Жазира бұрын анда-санда болса да қалалық паркте қаңғыбастармен бірге Әлібекті көріп қалады екен. Соңғы кезде көрінбей кеткенге күдік алып, бірге жүрген қаңғыбас бомждардан жағдайды сұраған екен. Олардың айтқан әңгімесі Жазираның жүрегіне инедей қадалып, тұла бойын түршіктірген екен. Қанша дегенмен балаларының әкесі ғой! Осыдан екі-үш ай бұрын қалалық паркте сурет салып тұрғанда Әлібектің жүрегі кілт тоқтап, аяқ астынан қайтыс болыпты. Күтімсіз жағдай, жетім көңіл алысқа жіберсін бе, ақыры алып тынған екен. Қаңғыбас, күтімсіз бейшаралардың бар қолынан келгені сол болса керек, апарып, христиан қорымына жерлей салыпты. Қолдарынан келген соңғы көмегі осы болса керек. Оларға не айтарсың?!
Жазира жылап-сықтап, сонау Ағашқорғандағы әке-шеше, туған туыстарына хабар айтыпты. Ол жақтағы әке-шеше, туған-туысқандары азан-қазан, жылап, еңіреп тез жетіпті. Христиан қорымына жерленген Әлібектің мүрдесін қайта алып, арулап, жуып, мұсылман зиратына қайта жерлеп, жаназасын беріпті. Бұл қайғылы жайтты Жазира Рауанға кездесіп қалғанда, өз аузынан айтыпты. Бұл қайғылы оқиға Рауанның да тұла бойын мұздай қарып, жай аққандай әсер етіпті. Осы бір Рауан айтқан жайсыз хабар Санжардың тұла бойын түршіктіріп, ойын ұйқы-тұйқы етті. Расында ел естімеген шетін оқиға болды.
- Иә, - деді Санжар ойлана сөйлеп, Әлібек сияқты жігіттердің өмірі осылай аяқталады деп, кім ойлаған. Талайсыз тағдыр, қайырсыз тірлік өмірін құртты ғой! Кімді кінәларсың?!
- Қалай айтсақ та, өз ортасына сыймай кетті ол – деді, Рауан.
- Сіз бен біз білетін бір тағдыр, осылайша үзілді – деді, Санжар.
- Ендігі біздің жадымызда мәңгі қалатын шығар. Болған біткені осы – деді Рауан.
- Алланың бұйрығына, тағдырдың жазуына шара жоқ! – деді Санжар.
Әлібектің қайғылы тағдырын ел сан-саққа жүгіртіп, біраз айтып жүрді де, бірте-бірте ел санасында көмескіленіп, ұмтыла бастады. Осылайша бір тағдыр жұрт жадынан мәңгілікке өшкендей болды...
*** *** *** ***
Рауан бүгін де әдеттегісіндей жұмысына ертелетіп бара жатты. Мамыр айының ортасы болатын. Күнделікті тірлік. Жұмысқа ерте барғанды ұнатады. Бірақ мамыражай шақтың бұла сипаты назарын еріксіз жаулап, өзіне тартқандай. Қадамы тұсалғандай, бөгеле берді. Аяғы кері тартқандай. Құлағына әлдебір сырлы әлемнің сазы жеткендей. Сырлы әуеннің үні өзіне баурай түскендей. Үн енді анық айқындалып, құлағының түбінде күмбірледі:
...Кетсең де шалғай,
Жанарымды алмай,
Қараймын сенің бейнеңе.
Түсімде көріп, аймалап өбіп,
Қысамын ыстық кеудеме...
Япырмау!!! Үн анық соның даусы ма?! Мынау соның даусы ғой?! Әлібектің даусы ғой?! Әлібектің?! Ол өзінің күбірлеп, даусының еріксіз шығып кеткенін сезер емес. Өң мен түстің арасындағы ғажайып бір сәттің ырқынан шыға алмай буалдыр дүниенің сиқырлы әуеніне елтігендей. Әуен қырық құбылып өзгеше бір әуеннің сазына ауысты.
... Жан шуағым-мерекем,
Іздегенім сен екен.
Өзіңменен шаттанып,
Кірер менің берекем...
Рауан ештеңе түсіне алмай дал. Апырау, Әлібектің баяғы таныс үніндей дауыс маған қайдан естіліп тұр?! Өн-бойы шымырлап, сағыныш лебі бойын шарпығандай. Ыстық сағыныш ағыны, тәтті мұң жүрегін тербеп, жан-дүниесі әлденені жоғалтқандай елегзиді. Әлден соң Рауан мән-жайды ұққандай болды. Бағанадан бері жан дүниесін баураған әуендер бағана басына орнатылған радиоқабылдағыштан төгіліп тұр екен. Баяғы Әлібек сүйіп салатын әуендерді дауысы Әлібекке айна-қатесіз ұқсас елге танымал бір жас әнші шырқатып тұр екен. Апырай, дауыстар да айна-қатесіз ұқсас бола береді екен-ау?! Сезімін шабақтап, жүрегін алай-дүлей етіп кетті ғой! Рауан енді бір түрлі сергіп, жұмысына адымдай, асыға басты. Зәулім ағаштардың биік бұтақтарына қонып алған жыршы құстар құйқылжыта, мың құбылтып сырлы әуендерді тамылжытуда. Бірақ, бұл өмір сырының, тіршілік ырғағының, өзгеше бір сарыны, өзгеше күйі, өзгеше жыры еді.
Сәбит Жәмбек
Бөлісу: