Ұларбек Дәлейұлы. Жолдар
Бөлісу:
Мен жол туралы жазуды он төрт жасымда бастағам. Одан бері талай көктем аунады, борасындатып талай қыс өтті, талай өзен суалды, талай терек қуарды. Жол туралы талай-талай жырлар жаздым. Ер жетіп, ат жалын тартып міндім, есейіп, жігіт ағасы қатарына да қосылдым.
Бір таң қаларлығы – сол он төрт жасымда ойлаған жол туралы толғамдарымнан ары аса алмаппын осы жасыма дейін.
Ол кезде біз қиырдағы таулы ауылда тұратынбыз. Үйіміз мектептен алыс еді. Он неше шақырым қашықтықты қыста жаяу, жазда жеңіл велосипедпен барып келіп оқитынбыз. Бастауыш мектепте бірге оқыған он баладан төртеуміз ғана ары қарай жалғастырдық. Қасымдағы үшеуі мектеп маңындағы туысқандарының үйінде жатып оқыды. Онда Темірбек ағамның үйі бола тұрса да тәтемнің (анамды солай атаймыз) мейіріммен берген бір кесе қара шайын артық санап, үйден барып-қайтып оқуды жөн көрдім мен. Ес білгеннен тату досым момын Азатбек мал баққаным дұрыс деп ұйғарды да оқудан шегінді. Басқаларымен онша үйір емес едім, саяқсып бөлек жүруші ем көбінде.
Жазда ғой мейлі, қыста жалғыз жүріп оқу қиынға соғатын. Қаңтардың қаһарлы суығында ұясына кіре алмай қалған маң төбеттер үсіп өлетін Өр Алтайдың атышулы қысы тақап, алғашқы қар түскен мезгілде біздің шағын ауыл Көктерек пен мектеп орналасқан орталық арасындағы сол он неше шақырым аралықтағы қысқы жолдың алғашқы сорабын тұңғыш мен салатынмын. Таңның сұрғылт мұнарын жамылып, белуардан түскен қасат қарды адымдай омбылап, қарсы алдымнан соққан қарлы борасынға маңдайымды төсеп қасқая жортушы ем сонда. Бойымдағы балалық толық арылмаған ғой, кей жерлерін әдейі ирелеңдеген айдаһарға ұқсатып иректеп тастаушы ем алғашқы ізді.
...Содан болар, қазіргі иір-қиыр шытырман жолдардың ұшына жете алмай, көп адасып қала беретінім...
Сол ізді ауыл орталығына түрлі жұмыстарымен ағылған Қазақтар екі-үш күннің ішінде-ақ даңғыраған шана жолға айналдыратын. Таң қараңғысымен шығып сабақ уақытына тура үлгірем, түскі шәй мектептің шағын асханасынан. Алты сағат бойы отырып ұйыған денемді жинап үйге қарай заулаймын. Есейіп қалсам да анама асығам, қойныма жатып, мен шала-шарпы білетін ертегілерді күніне сан қайтара тыңдаса да жалықпайтын жалғыз інім мен қарындастарымды сағынам. Қыстың қысқа күні лезде батып, қараңғылық әп-сәтте үйіріле қалады. Үйге жеткенше оймен достасам, бала қиялым сан тарапқа алып қашады. Қасымнан бозқырау атпен бұрқырата көсілтіп өте шыққан бейтаныс жолаушының соңынан жарысам...
...Бәлкім, қазір өзіммен әбден таныс жалғыздықты да сол кезден ертіп алған шығармын қасыма, енді құтылу бар ма одан?! Шұбатылған шексіз жолдарды бойлай қашып, адастырып кетпекке қанша құлшынғаныммен түскен емес мойынымнан. Ұйықтасам отырады бас жағымда...
Алыс қалада университетте оқитын екі ағамды жүрегім езіле жиі ойлайтынмын. Үлкен ағам туралы оқу орнының басшыларынан әкеме көңілсіз қаттар келетін кейде: «Тентек мінезге басып, жатақханада бүлік шығарды... Мемлекет идеологиясына қарсы келетін жырлар жазады,» – дегендей...
Кім не десе о десін, ол ағамды тек, мен ғана түсіне алғам сол кезде.
Уақыт бізді қаншама өзгеріске ұшыратса да әлі де солай түсіне алам. Оны есіртіп жүрген тентек мінез сол жолдардан, үнсіз қайғы жұтқан туған даламның ашынысты күрсінісінен бастау алған...
Менен бұрын ауылдың дәл осындай алғашқы қысқы жолдарын солар салатын. Өмір мен өлім ортасын жалғайтын осынау ұлы жолды басуды да мен ең алдымен сол ағаларымнан үйренгем. Татқанымыз бір болса да бөлек-бөлек тағдырды сүйрелеп, әр тарапта жүрміз өмір өкінішін арқалап...
Ағаларым менің!!!
Қалың қардан азығын таба алмай ашыққан тау бөрілері ауыл үйдің оншақты ұсақ малына жиі шабуылдайтын. Менің басты қорқынышым сол еді. Бірақ, Аллаға шүкір, адам баласына ауыз салған емес әліге дейін.
Әкем ауыл дәрігері болатын. Тауда мал жайып жүріп аязға үсінгендерді емдеуге, немесе, үлкен ауруханаға үлгірмей беймезгіл толғақ қысқан аналарды босандыруға үнемі кететін. Таң мезгілі, мейлі, ауызынан суық жалын атып ысқырған боранды түндерде болсын, белгісіз біреулер келіп оятып алып ертіп кете беретін. Оған бізде таңданбайтынбыз.
Сондай сарсаң қыс кештерінің бірінде үйге қалжырап зорға жеттім. Әкем тағы жоқ екен. Інім мен кенже қарындасым күні бойғы тепкен сырғанақтан қалжырап, көксоқта су болған киімдерін пеш иығына жайып тастап, ұялас күшіктердей айқасып ұйықтап жатыр. Көршіміз Сапыш апай қарағай жаңқасымен қызып, ыстық алау бүріккен пештің алдына аяғын көсіліп тастап әңгімені жіберіп отыр екен. Сөз мәнерінен шалымен тағы ұрсысып қалып, қашып келіп отырғанын сезіп қалдым.
– «Тарым» түрмесінде жиырма жыл бойы күзетшілерден көрген қорлығының өтемін менен алғысы келеді. Осы қақбастың тепкісін көргеніме күйемін. Анау кішкентай Ақан мен Қосаным демесем басымды ашып-ақ тынар ем...
Шылғи өтірік екенін білем ғой, шалы удай ащы тіліне шыдамай қатты зекіп, жасқап қорқытқаны болмаса шашынан сүйреп сабағанын көрген емеспін. Әже болып, немере сүйіп отырып қайда кетпек екен деп күлкі қысып өле жаздадым мен. Айтып отырған шалы жарықтық жас кезінде асқан қайсар батыр болған адам екен, ел тізгінін қолына алған соңғы биліктің екіжүзді саясатына қарсы оқ атып, кескілесе соғысқан Оспан батырдың атшысы болыпты. Қолға түсіп, «Тарым еңбекпен жазалау майданында» ұзақ қамауда болып, зорға бостандық алған деп еститінбіз. Біз ауыл балалары «Қабаң шал» деп атап, құрбан айт, наурыз көже қатарлы дүбірлі мерекелерде шуласып соңында жүретінбіз. Ауыл адамдарына сондай сыйлы, абройлы қарт еді.
Анам жүре сөйлеп басу айтып, менің шайымды дайындап жатыр.
– Апай-ау, оған несіне күйінесіз, анау молла ағаның кемпірін айтсайшы. Нағыз қорлықтан көз ашпай жүр, соған жаным ашиды... Қашқар ауып қаңғып келген заты ұйғыр демесең бұйдасын үзген інгендей жұлқынады. Соған бола ма, қайдам, молда аға қамшы астында қақтайды. ...Балалардың әкесі неге кешікті екен? – деп әңгіме ауанын өзге жаққа бұрып жіберді.
Сапыш апайым тағы да текке жүрмей, бір табақ ұн сұрай келгенін де жасырмады:
– Қатын-ау, Қосан ертең кешкілік отын әкелуге тауға кетпекші. Соған бір шайлық шелпек пісіре қояйын деп едім. Үйде тышқан ауызын толтырып жейтін кебек те жоқ...
Сол бір қуаңшылық жылдары ауыл адамдарының осылай абыржулы күйге түскені әлі есімде. Ала жаз бойы бір тамшы тамбай, бүкіл егін алабы ащы күн астында қурап кететін.
Тәтем де оған дайын жауабын көлденең тарта қойды:
- Апай десе... айтсам сенбейсіз. Біздің де жетісіп отырған жайымыз белгілі. «Кәсіп-3» ауылындағы жалғыз сіңлім төртінші баласына жүкті еді. Мемлекеттің жоспарлы туу саясатына қайшы деп орталық ауруханаға апарып баласын түсіртіп тастапты... Алты айлық балпанақтай ұл дейді. Үш қыздан соң бір ұл туармын деп үміттенген еді. Жастайымыздан жетімдіктен көз ашпап едік, оның күйеуі бір момын сорлы болды. Тапқан-таянғанымды балалардың ауызынан жырып соларға тасып отырмын...
Тәтемнің соңғы сөздері қыстыға шыққанына қарап, маған байқатпай жылап жібергенін де аңғардым.
Қалың қардан электр жарығы үнемі өшіп қалатын. Қойдың құйрық майына шылап, қолдан жасаған білте шамның жарығында анам дәмдеп пісірген қуырдаққа бірден бас қойып, жол бойы төмен тартып ысқырып келген қарынымды тойдырдым да екінші кезек шайға отырғаным сол еді, көзіме інімнің сурет оқулығы шалына кетті. Ашып парақтап отырып мына бір өлең жолдарын оқыдым:
«Қараңғы өзен...
Қайықта,
Жылтырайды бір шырақ,
Қараңғылық пердесін тұр-ау өзі жыртып ап.
Тұман мынау ұйысқан, маған созып қолдарын,
Асау өзен алдымда, әуре етеді жолдарым...», – деген бір шумақ жыр үзігі. Бізден мың жыл бұрын ғұмыр кешкен қытай ақынының өлеңі, немесе, ұлы қорған сыртында көшіп-қонып тіршілік еткен көшпенді тайпалардың бір шерменде ақыны жазған жыры болар деген ой келді.
Қиялыма бірден әсер етті. Екі жылдың алдында о дүниеге мезгілсіз аттанып кеткен Нәзилла қыз есіме түсіп, бала жүрегім шым ете қалды. Оған қолын созған басқа емес, ажал тұманы еді ғой. Мектепке бара жатқанда жолымыз тоғысатын, жолмен бірге кінәсіз жанарымыз түйісетін.
Ал қазір ол басып өткен жолдарды жалғыз басып мен жүрмін. Күміс шаңы бұрқаған иен қарлы дала, шұбатыла созылып, соңына көз жетпейтін жіңішке шана жол, сол жолда әлденеге алағызып, әлдеқайда асыққан қаңылтақ сары бала...
Ертесінде бейуаққы аяз тұманы бүркеген кеш қараңғылығына қарсы ұшып, тағы жалғыз қайтқанымда жол туралы алғашқы жырымды жаздым. Толық нұсқасы есімде қалмапты. Әйтеуір; бұл шым-шытырық жолдар! Мені қайда бастап барасыңдар? Сендердің аяқталар соңғы нүктелерің – адамдар көтеріп әкеліп таласа топырақпен толтырған көрдің қақпағы болар! – деген балаң тұжырым ғана қалыпты ойымда. Алты айлық жолды алты сағатта басатын ағаш ат туралы ертегіні әбден есейіп кеткесін оқыдым, сенген де жоқпын ол кезде...
Ертегі демекші, өз басым әже ертегісін естіген емеспін. Бала шағымда ұзақ таңға ертегі айтып жағын талдырған да емес ол әжем. Тек, бір пейілі түскенде өзінің жас шағында ел басынан өткен ауыр күндер, жиырма жылға созылған тау Қазақтарының соғысы туралы, ұшақ бомбалауынан қашып қарағай басына жасырынған алты әйелдің үстіне түскен сол бомбадан ағаш бұтағына ілініп қалған ішек-қарын, өкпе-жүректер туралы шошына баяндағаны есімде.
Өзі сұрапыл соғыс отына жұтылған көкжал қайындарының артында қалған балаларын бағып, бір өмірін жетімдердің жасын сүртумен өткізгені жадымда. Бейбіт заманның шуағына емін-еркін малшынып өскен біздер сол әже мейірін өле-өлгенше көрдік.
Егер біреу менен: әлемдегі мейірім атаулының мекені қайда деп сұраса, мен оған: ізгілік пен мейірім атаулының мекені – Әжелердің алақаны мен тізесінде дер едім.
Он бір жасымда құлақ түбі өспесінің кесірінен өмірінің соңғы дәмін тауысқанға дейін сол мейірім мен ізгіліктің отына жылынып, әже қолында өстім. Жаздың жауынды күндері азғантай лағымды үйшікке қамап тастап, қалампыр мен мейірім аңқыған кеудесіне танауымды тығып, бұйығып ұзақ ұйықтаушы едім. Ол кезде осынау жер бетінде миллион тарау жол барын білмейтінмін. Бес жасымда атамдардың Әділхан шалды жерлеп қайтқанын көргенім болмаса, адамдардың өлетінін де білмейтінмін. Әжем сол миллион тарау соқпақтарды қуаныш күлкісімен қанды жасын төге жүріп, кейбірін сан қайтара басып сексен төрт жыл шиырлап, сол Өр алтайдың қысқы таңымен үнсіз қоштасып, үнсіз ғана кетті О дүниеге. Өлім атаулыны төбе шашым тік тұрып жек көрген сәтім сонда еді. Үлкендерден естіген «ОЛ ДҮНИЕ» деп аталатын сол белгісіз мекеннен әжемді іздемек те болғам. Әлі бала екеніме қорланып, есейуімді соншама күткем.
Ал, міне есейдім енді...
Сәби жүрегіммен әрқашан сезінетінмін; жанары мұңлы еді, жүзінен өмір салған қасірет табы сезіліп тұратын. Әжемнің сол мұңын тағы да мен ғана түсінгем сонда бала болсам да.
Бірақ, тілмен айтып бере алмаймын ешқашан. Ол қасірет енді менімен ғана кетпек...
* * *
Араға сегіз жыл салып туған ауылыма бардым. Университетті бітіріп, көрші ауылдарға келіп мұғалім болып жұмыс істеп жатқан сол ағаларым бір-бір отау көтеріп, өз алдарына түтін түтетіпті. Інім де, қарындастарым да бір-бір шаңырақтың отын жағып, басқа үйдің қамын жеп кетіпті. Самайларын өмір күзінің қырауы шалған әкем мен анам ғана қалыпты бұрынғы ұямызда. Екі жағымда таласа жатып, ормандағы кемпір мен шал туралы қысқа ертегімді он қайтара тыңдайтын қарындастарымның бала елесі ғана жүр ескі үйімізде...
Тәтем маған: «ұзақ сағындырдың, келмей кеттің» – деп көзіне жас алып, аналық өкпесін айтты. Менің ойымдағы қасат қар жамылған қамкөңіл дала, сол даланы қанжардай турап жататын шана жол, сол шана жолда үйден мектепке, мектептен үйге қарай ертелі-кеш безілдеп жүретін арық сары бала, бәрі, бәрі де ғайып болыпты.
Ауылдағы үлкенді-кішілі мерекелерде қасынан қалмайтын Қабаң шал да кетіпті О дүниеге...
Ертесі бір әредікте інімді ертіп көршіміз Қабаң шалдың орнына құран оқытуға бардым. Есіктен кіргенімізде Сапыш апайым дирменге апаратын бидайын тазалап, келінімен бірдеңелерді айтып отыр екен, мені көріп бас салды. Маған қарай тұра ұмтылғанда басына бос байлай салған ала жаулығы сыпырылып түсіп қалды. Оған қараған да жоқ, тас құшақтап бетімнен сүйіп жатыр. Еркектей қарулы, қапсағай қара кемпір еді, бүгіліп-ақ кетіпті. Оң иығыма бидайдың ақшыл шаңымен бадырайып, апайдың арбиған алақан табы түсіп қалыпты. (Інім екеуміз оған көпке дейін күліп жүрдік).
Аруаққа дұға бағыштап болып шай үстінде:
– Сені Алматыға барып үлкен жазушы болыпты, меністір дей ме, әйтеуір, бір үлкен бастықтың қызымен үйленіпті деп естігеміз. Анау қу шешең ештеме айтпайды бізге, тіпті келетініңді де... Келінді неге бірге ала келмедің? әй, мынау қыстың көзі қырауда үсіріп алам деп қорықтың-ау, ол да жөн болған... – деп өз алдына кесіп-пішіп, тіпті өзім естімеген бірдеңелерді айтып кетті.
Қошымызды айтып, үйге қайтқанымызда інім – шалы қайтқасын бұл кемпірдің ауырғанын, сол шалымен бірге бұл үйден берекенің де кеткенін тілге тиек етті.
Соншама алыста жүріп осынау шағын ауылға ұмыт болып кеткен шығармын деп ойлаушы ем, қайдам, таулы қыстақта қамалып, әліпті таяқ деп білмейтін бұл қарапайым жандардың санасындағы орным бұрынғыдан да зорайып, менен не болса да бәрін күтетінін сездім.
Үш күн бойы тәтем мені басқа ешқайда жібермеді. Әбден сағынып қалған екен, енді кетсем тағы ұзақ жоғалтып алатындай қасымнан бір алыстамай айналып үйірілді. Сосын барып көңілі енді орнына түсті-ау дегенде ағаларыма амандасып қайтуға рұқсатын алып, сол байырғы көне жолды әдейі жаяу басып, үлкен ағамның үйіне тарып кеттім. Ауыл орталығы... ары қарай көлікке отырып жарты күндік жолды тағы басуым керек.
Сол бір ескі жылдарда бала жүрегімді мекен еткен өмірге деген ыстық махаббат солғын тартып, қызуы қайтып қалғанын, адамдардың да, сол мен өлердей сүйген өмірдің де жүзінен бұрынғы бояуы тайып, азғындау ма, тәйірі, өзіме де белгісіз бір сиқырдың билеуінде қалғанын сездім.
...Үлкен ағамның кішкентай тәп-тәтті қызы әжемнен аумайды екен. Тіпті, көре қалғанда еңіреп жылап жіберуге аз қалдым. Әкесі жұмыстан қайтып келетін қасқа жолға тесіліп, күтумен сыртта жүр екен.
Мені танымайды ғой:
- Мама, үйге біреу келе жатыр – деп айқай салды ұзақтан.
- Алыста жүрген дәу әкең осы –дап таныстырып жатыр жеңгем маған амандасып.
Суреттерімді көріп мені дәу әке дейді екен. Ес біліп, аяғымды апыл-тапыл басқаннан бастап соңынан тынбай қуған жолдарым мені қаншама алысқа әкетіп үлгірген? Бір мезет былғары қолғап киіп, жұдырықтасуға елден ерек құмарттым. Алыс шетелге сапар шегіп, оқу іздедім. Ойлаған мақсаттарымның көбінен адасып, арманнан арман туындап, қара басымды ғана амандап жүрген мынау күйкі тірлігімнен ұялдым.
Періште сәбидің сол айқайы: Мама, үйге біреу жолды қуып келе жатыр дегендей естілді.
Сегіз жылда қаншама жерлерді араладым, қаншама жолдарды бастым екен? Алматының аяз қарыған қысқы түндерінде бір күндік қонар жер іздеп сандалған сәттер... Енді бірде Ташкенттің саялы бағында құс жастықты қостан жастап, өзбек сұлуларының қолынан шай алған шырын күндер...
Оңтүстік пен солтүстікке созылған ұлы Тұран даласындағы тынымсыз сапарлар...
Сол жолдар тағы да ирелеңдей созылып келіп арманшыл асау ағатайым мен асыл жеңгемнің отауының есігіне әкеліп тіреді.
Қысқы кештің тағы бір бозғылт мұнарын жамылып, қасқа жолды құлдап, қорбаңдай басып ағам келді. Ақ қырау аязда сықырлай адымдап жүрген бейнесі – шатқалдағы апанына келе жатқан Алтайдың қоңыр аюын елестететін еді. Көптен көріспей сағынысқан ағайындылар ұзақ құшақтасып тұрып босаттық бір-бірімізді.
Кешкі асқа отырғанымызда неге екенін білмеймін, әңгімеміз амандық-саулық сұраудан ары аспады. Өзара іштей түсінісіп-ақ отырмыз, бірақ, бір тосырқау сезімі ортамызға қос тігіп қарауылдап отырып-ақ алғаны. Әкеміздің қасиетті қара шаңырағынан бастау алып, бөлек-бөлек із салған жолдарымыз үлкейе келіп, тіпті алыстап кеткендей.
Қалай екен, сол түні көпке дейін ұйықтай алмадым. Тәп-тәтті Таңнарды бауырыма басып, ұзақ иіскеп жаттым. Періште сәби иісіне қосылып қасиетті қан арқылы жеткен әжемнің мейірім иісі келді мұрныма.
.................
«Жолдар ешқашан таусылмайды, мейіріммен суарылған біздің мұңлы, жаралы рухымыз сол жолдардың бойында мәңгі өмір сүре береді», – деп ойладым булыға жылап жатып ...
Бөлісу: