Біржан Ахмер. Айтманға қатысты сөз
Бөлісу:
Әдебиет әлемінде жастар сүйсініп оқитын бір топ қаламгерлер бар. Олардың ішінде Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Гүлнар Салықбай, Несіпбек Айтұлы, Сұраған Рахметұлы, Есенғали Раушан, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржанды айырықша айта кетуге тиіспіз. Аға буынның айбынды һәм асқақ өлеңдерінен алдияр оқырман өзінің керегін тауып, шығармаларын іздеп оқыса, ақын-жазушылардың арманы орындалды деуге болады. Басқаша айтсақ, қазақы қара өлеңнің құнарынан, түп тамырынан нәр алған жансусар жырлардың жаршылары осылар.
Айтман – ақын ғана емес, өз өлкесін бес саусағындай жатқа білетін терең пайым-парасаттың иесі, әрі топырағы киелі туған жерінің тарихын толыққанды зерделеген шежіреші. Оның елсіз жердің еншісінде қалған мазарларды, Күн сүйген күмбездерді зерттеп, ескі құлпытастарда байырғы тілде жазылған бай қазынаны, нақтырақ айтсақ бәдіз-жырларды оқып, жас ұрпаққа түсіндіріп һәм танытып жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Әулие жұрттың әңгімесі мен әлқиссасы аруақты сыйлап басталатын текті топырақ осы. Тарихты жан-жақты танығаннан болар, оның жырлары да – терең, ұлттық дүниетанымға толы. Осыдан қазақты сүю, қазаққа қызмет ету, ұлттық рухты жоқтау құлшынысы жаралады. Ақын екпінді қуатымен:
«Қазағым!» – деп туды алғашқы ғазалым,
Сол халыққа бардай әлі жазарым.
Тілек айтам мінәжатты түндерде:
«Қазағымның алдында ал, – деп, – Ажалым!.. »
- дейді.
Иә, ақынның тылсымы – қара түнде Құдаймен тілдесу, өзінің ішкі әлеміне бойлау, поэзия арқылы жан дауысын естірту. Сондықтан да ол – Тәңірге жақын тұлға. Өткен ғасырлардағы Міржақып пен Мағжанның, Абай мен Ақан серінің, «Дүниені жалт қаратқан қайсар Қасымның» ар сәулесі кеудесіне түссе, қазақты осылай сүймегенде қайтеді?! Бұл – айнымас заңдылық, аманатқа адалдық. Осы тәріздес тіркестер мен тың бояулар Светқали поэзиясында жиі кездесіп тұрады.
***
Ақынның «көкірегі – көне кітап» секілді. Өзінің пайымдауынша: «Көне кітап» көміліп қала қоймас. Мейлі, Парижде, мейлі, провинцияда бол, қаламгерге қойылар жалғыз ғана талап бар. Ол – мігірсіз және жақсы жазу!». Ендеше, ақ парақтағы өлеңдер – ақынның жаны, діңі, өзегі. Бұл кітаптың қыртысы – «қырық қазына, мың мағыналы», қиялы – «жетпіс түрлі». Ендеше, мұндай кітапты жалқы көзқараспен, бір ғана пайыммен тану мүмкін емес.
Келесі өлең жолдарында «Оқымай-ақ отқа салма мені сен» дейді ақын. Рас, жан-жақты танымай жатып, шайырдың ішкі толқынысын білмей тұрып, көпіре һәм лепіре сөз айтудың еш қисыны жоқ. Қазіргі қоғамның өзекті мәселесі де осы. Бұл ойы – астарын танымай, астамсып сөйлейтін шала сыншыларға арналса керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Марат Қабанбай. Бұл заманда үндемей қалу – үйдей пәле...
Ақын аяулы оқырманымен сырласып, кей жерде жылы сөзімен жұбатып: «Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен, Ауырсынған жараң болса, – бөлісем», – деуі бекер емес. Шайыр – әуелі Құдайдың перзенті, одан кейін адамзаттың жұбанышы. Материалдық қиындықтар, тұрмыстың таршылығы, тағдырдың тауқыметінен мезі болған адам бірер сәт оңаша қалып, ой қорытатыны шындық. Осы мезгілде жанына таяныш болар сырласы – жылылық тұнған жырлар, жарқын өмірге талпындыратын әңгімелер. Сондықтан С.Нұржан поэзиясы бұл тұста өз мақсатын орындағанын аңғарамыз. Өлеңнің соңында:
Бұл кітапқа кір жұқтырман – көрге енсем!
Түсін бұзбас – жапқан шапан, берген шен.
Мұны өйткені, Ел оқиды – әуелі,
Елден алып Жел оқиды – өлген соң...
Бұл – Светқали ақынның бүгінгі және болашақ ұрпаққа арналған аманат сөзі, адал серті. «Кір» – пендеуи сөздер, «шапан» – әдемі иллюзия. Шайыр мұның барлығынан өзін аластап, пенделіктің пердесін ашқысы келмей, ар тазалығын жоғары қоюды ұйғарғандай. Осындайда аққудың сұңқылдаған аяулы дауысын естіп, кешкі іңірде желмен ымдасып, табиғаттың беймарал күйімен сырласып отырған ақын елестейді көзіңе.
***
Шәкәрімнің кей өлеңдерінде «Жар» сөзі қолданылады. «Жарым айтты: «Жүректі / Арақ ішкен мимен жу»», «Қайтерімді білмедім, / Жар білер деп қысылдым», «Жанға Жарын тапқыздым, / Армансыз мендей бенде жоқ» дейді Шәкәрім. Біз әдетте жақынымызға ризашылық танытқанда немесе өмірдің жаңа белесін аттағанда «Алла жар болсын» деп жатамыз. Бұл жердегі «Жар» – қарапайым мағынадағы жар, тең, әйел емес, мағынасы тым терең сөз. Ол – Құдай. Дүрбелең дүниенің қырсық-соқпағынан, кір-залымынан жырақтаған тақуа жандар Құдайды жар тұтып, Түпкі Иемен осылайша жақын болады. Светқали ақын да ара-тұра осы сөзді қолданатынын мына жолдар дәлелдейді:
Жоғалтқан Арын – қарын жеп,
Жанынан аулақ – боқ-байдың!..
Жаббардан жақын Жарым жоқ,
Жұртымнан жырақ жоқ Қайғым!
Тәңіртану ілімінің қазақ сахарасындағы болмысы қайта жаңғырып, С.Нұржан поэзиясында көрініс тапса, қазақ поэзиясының түлегені, өрлегені деп ұққан жөн. Құдайға жақын пенденің қиянат-кесірден алыс болатынын есерсек, ақын үшін ақылдың тазалығы, жүректің әділдікке жақын болуы, көңілдің тұнықтығы маңызды. Осы қасиетпен ғана ол қоғамның күрмеулі түйткілдерін шеше алады.
***
Әдебиетте әр ақын өзінің дара үнін естіртіп, кей тұста қалыптасқан қағиданы, дәстүрлі сарынды «бұзып», әдеби экспериментке барғысы келеді. Сондай эксперимент сәтті шықса, оған ешкімнің де дауы болмайды. Ал сәтсіз шықса, қазақ поэзиясына жасалған қиянат секілді (егер жарияласа). Қазіргі таңда бірер жас қаламгерлер осындай сәтсіздікке ұшырап, өлең тұмасын лайлатып, бағыт-бағдарсыз, жүйе-жосықсыз, ең бастысы түпкі идеясыз өлеңдер жазуды машық қылды. Егер өлең мәнін жоғалтса, жасанды бояуы көп болса, оқырманның жүрегін жібітпесе, шынайы болмаса, ондай поэзияны құдіретті санаудың қажеті шамалы. Осы орайда жаңа қазақ поэзиясының бір парасын ашып, модерндік сипатта өлең жазып жүрген Т.Әбдікәкімұлы, С.Рахметұлы, С.Нұржанның өлеңдеріндегі идеялық жаңалық сәтті шыққанын айта кету керек. Мәселен, үш ақынның Айды қалай жырлайтынына ден қоялық.
Ауылым, болушы еді күнде боран...
Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.
Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,
Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.
Т.Әбдікәкімұлы
Сағынышым – жалқы лақ тауда лағып,
Алатаудан аңқыған саумал ағып.
Аққу ұшып барады Алтай жаққа,
Ай сүтіне азырақ аунап алып.
С.Рахметұлы
Талай мәрте ит кісінеп, жылқы ұлып,
Періштемнің берген сыйын, жын тығып;
Апан-түнге адастырып апарды –
Ай-сүйекті тістей қашқан түлкі-бұлт...
С.Нұржан
Міне, үш қаламгер қиялының ұшқырлығын, ғаламды басқаша тануға, баға беруге деген құлшынысын анық аңғардық. Қарапайым адам баласы табиғат құбылыстарын бір қырынан ғана таниды. Яғни, дүниеге саяз қарап, көбінесе мұндай кереметтерге мән берместен ғұмыр кеше береді. Бір қарағанда аспандағы Айдың ешбір қасиеті жоқ сияқты болып көрінгенімен, ақын көзімен үңілсек, мүлдем бөлек екенін байқаймыз. Бірінші ақын «Ай сәулесін тыңдаса», екіншісі «Аққуды Ай сүтіне «аунатады»», үшіншісі «Айды сүйекке теңеп, оны түлкі тістей қашқанын» баяндайды. Әрине, үш образ да тура мағынада емес. Бірақ суреткерлік қабілет осында жатыр. Үшеуі де қисынды, ойлы, әрі көркем. Осыдан бір ғана «Айдың» бірнеше қыры бар екенін түсіндік. Қадыр Мырза Әлидің тілімен айтсақ: «Жаңбыр сәл сіркіреді дейміз, / Ол — бұлттың исінгені шығар. / Күн қатты күркіреді дейміз, / Ол — оның күрсінгені шығар». Иә, барлығы да осы «шығарға» байланысты. Кейде «шығардан» да шықтық туып жатады.
Светқали поэзиясында Ай туралы бірнеше тіркестер бар. Мәселен, «Бөлісе алам қайғы-мұңды – азайтып, / Айлы түнгі айдыныңды кеңейтіп...», «Сыңсыған, Айлы Дәурен, көштің қайда, / Басымда қонақтаған аз ғана түн?», «Күлкісін шашып ақ бұлақ – таудан жыр сұрап, / Ай-тегененің ернеуін саумал-нұр шылап...», «Жайлатқан жазымды аңсап Айды уысқа...», «Ай – құлып. Жұлдыз-кілтпен бұрап тұрмын, / Қақпасын ашпақ болып жұмақ-түннің» деген жыр жолдары жиі кездеседі. Бұдан ақынның Айды суреттеуі, Айды сырлас тұтуын байқау қиын емес. Шайырға шабыт сыйлайтын да, қолына қалам алдыратын да түн және түннің тылсым құпиялары секілді.
***
Жыраулардың поэтикалық сарыны, жанартаудай бұлқынған жалыны Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта бой көрсетіп, біршама танымал қаламгерлердің шығармаларында көрініс тауып жатты. Өршіл Махамбет, дауылпаз Доспамбет, адуынды Ақтамбердінің екпінді, тегеурінді толғауларын оқып, сол сарынның ізімен өлең жазуға ұмтылған ақындар бар. Мәселен, Ж.Бөдеш, Т.Медетбек, Н.Айтұлы, М.Ақдәулетұлы т.б. ақындар бабалардың асқақ рухын қайта жаңғыртып келеді. С.Нұржанның «Ер Доспамбет ағаға» өлеңінде тәуелсіз рухтың бейнесі, өткенге арыздану, Доспамбеттің стилінде сөйлеу басым.
Ер Доспамбет ағамыз,
назар салып қараңыз, –
кәпір оғы қыл майқаннан қарып түскенде,
тұлпар-жалғаннан жұлдыздай ағып түскенде –
сөнген жоқ еді ғой санаңыз.
Кәпірдің кәрін қайтару үшін қаны көлдей ағылған құрыш-кеуде батырлардың найзасы – намыстан, қалқаны – ынтымақ-ымырадан жасалды емес пе? Соның бәріне нәр беріп тұрған жалғыз күш бар. Ол – санадағы сәуле. Бұл ұлтқа жанашырлықтың нақ өзі. Шыны керек, ақын бүгінгі рухсыз қоғамға кейіп, іштей ашынатын секілді. «Сол жығылғаннан тұрғаным жоқ әлі мен, / ғұмыр кешем залымдардың заңымен», – деуі де сондықтан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Серік Елікбай: «Қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті қалыптаспаған..»
Қыз баласы – қай заманда да қараша халықтың бары мен бағы, сәні мен салтанаты болғанын білеміз. Оның тағдыры таланға түссе, етек-жеңі ашық болса, тілі – шұбар, ойы – шорқақ, жаны – жат болса, алаңдамай қайтпекпіз? Осындай мәселеге алаңдаған ақын жыры былайша өріледі:
Кейінгі қалған көп көпек
аруларымның белін шешіп – ие боп,
Сенен қалған ардың туын күйелеп;
тіннің бәрі шым-шытырық шие боп,
қақ сүйекті қан қақсатып тиеді оқ!..
Жатып жиған тезегімнің ығында
бұраламын үйелеп.
Жыраулар – қараша халықтан бастап, тақтағы ханға дейін сөзін өткізіп, қоғамның түзетушісі, таразысы болды. Ақты ақ деп бағалаған, қараны қара деп қаралаған тілі өткір, ойы ұшқыр жыраулар мен билердің өнеге-өсиеті, ең басты талабы – ары таза әділетті қоғам. Әділет пен теңдік бар жерде ар күрсінбейді, қоғам бұзылмайды, қылмыс азаяды. С.Нұржан – сол дәуірдегі жыраулардың сарқыты, табиғи жалғасы.
***
Айтманның шығармашылық ізденісіне, даңқты поэзиясына ден қойып, жан-жақты зерделесек, ұлттың ұлы қасиеттері ашыла, жаңғыра түсетіндей. Ұлт намысына арқатірек болатын аяулы поэзияның, оның ішінде С.Нұржанның өлеңдерінің орны бөлек. Оның сөзі – ақ қарға қаны сорғалаған Алаш арыстарының бүгінге жеткен демі, теңдік үшін ғазиз басын құрбан еткен бабалардың ар-намысы, аналардың зары, алыптардың күрсінісі. Қалай пайымдасақ та, ақынға сарапшы болатын да, ең басты насихатшы, демеуші, сұрыптаушы болатын да – уақыттың өзі.
Бөлісу: