Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Марат Қабанбай. Бұл заманда үндемей қалу – үйдей п...

05.03.2019 6280

Марат Қабанбай. Бұл заманда үндемей қалу – үйдей пәле...

Марат Қабанбай. Бұл заманда үндемей қалу – үйдей пәле... - adebiportal.kz

(Марат Қабанбай рухымен сырласу)

Еліміз Тәуелсіздік алып, «азаттықтың алтын күрек желі ескен» (Қ.Жұмаділов) елең-алаң шақта қазақ қоғамының бүгіні, ертеңі мен келешегі жайында кесек-кесек ой толғап, кесімді сөзін айтқан публицистердің бірі – Марат Қабанбай еді. Мемлекетіміз рухани жаңғыруға бет бұрып, тағылымды тарихына тереңнен бойлап жатқан тұста тағдырлы қаламгердің елдік мүддеге толы жазбаларына, ой-толғамдарына тағы бір мәрте үңілуді жөн көрдік.

Уақыт-көке бәрін өзі реттейді

«Бұлардың (таланттардың) жазығы не? «Жазығы, айыбы – бойындағы ба­ры мен сөлін туған халқына соңғы гра­­мына дейін сығып бергендігі. Екін­ші­­ден, бізден, яғни халықтың 99%-ын құ­рап отырған қара тобырдан артық туды. Артықтығымен біздің туасы арық­тығымызды, ақымақтығымызды, жүдеу­лі­гі­мізді тарих алдында тайға таң­ба бас­қан­дай дәлелдеп келді, дә­лел­деп те жатыр. Ең қиыны, рухани құлдар сан ғасыр бойы жабы­лып жасаған системаны әлгі 1% тұлпарлар сана гүрзісімен қойып қалып, быт-шытын шыға­ра­ды, әлем алдында масқара ете­ді. Ендеше, ісініп-кебі­ніп, ақыл­дым­сып жүрген нәсілі төмен­дердің қоясын ақтарып тастайтын мұн­дай қызылкөздер кімге керек?».

Иә, ешкімге керек емес екен. Сіздің де «айыбыңыз» – бойың­ыз­да­ғы барыңыз бен сөліңізді, телегей-теңіз біліміңізді туған халқы­ңызға соңғы грамына дейін сығып беруіңізде. Сіздің «жазы­ғы­ңыз» – өз еліңізді, ошақ жаққан Отаныңызды сонша­лықты жақсы көргендігіңізде. Бәрі­не өзіңіз «кінәлісіз». «Мына өмір – итқор­лық, қытымыр өмір: оны өзгеше сәулет­ті, сұлу етіп құруға болады, оның жол-жобасы мынадай» деп бүйректен сирақ шығармай, «Өмір сүріп жатқан осы дүние­міз ең үздік үлгі ғой деймін, ә? Оны жетіл­діріп қайтеміз?» деп алақан уқалап, жайбарақат қана жүре беруіңіз керек еді. Сонда «құда да, құдағи да тыныш», арба да сынбай, өгіз де өлмей, жайлы үй алып, атақ-даңққа кенеліп, ендігі ауыл-аудан, қаладағы көше, мектептерге есіміңіз берілер ме еді...

Иә, өзіңізге де «обал» жоқ. «Талант тас жарады. Бас жаруы да ықтимал», «Ханнан да, қарадан да биік ана тілі­міз­дің күні не болады?», «Бұл зия­лы – қай зиялы?», «Блат, қайда бара­сың?», «Шенеуніктер шеру тартып барады», «Сауда жасай алмасаң, саудаң біте­ді халқым», «Қайнайды қаның, аши­ды жаның» деп Тәуелсіздіктің елең-алаң, алағай да бұлағай шағында қоға­мы­мыз­дың олқы тұстарын тайға таңба басқандай көрсетіп, ашынып, күйініп мақала жазып неңіз бар еді... Сіз қанша ашы­на жазғанмен, ашы­ла жазғанмен көп өзгерген дүние жоқ. Бірен-сараны бол­маса. Айтпақшы, сіз осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын: «Ешкімнің айтқанына көнбей­тін, пара алмайтын уақыт деген көке­міз бар. Бұл көкеңіз ғасыр өте ме, жоқ па, әлгі қызылкөздің – талант­тың кезін­де қан жылап жүріп айтқандарын түп-түгел растап шығады. Абайдың бүкіл әлем болып 150 жыл­дығын атап өткеніміз сондық­тан. Көп ұзамай әлгі Біржан, Ақан, Махамбет, Үкілі Ыбырайға да ескерт­кіш орнатамыз. Атақты үш би, Абылай хан, Бұқар, орта ғасырдағы ақын-жырау­лар, эпостағы батырлар, осы ғасыр­­дағы көзелдер болашақта екі аста­наны да өз ескерткіштеріне толты­рады. Өйт­кені қазақ осы 1%-дың арқасында алға жылжып келеді. Әлем атаусыз, жоқтау­сыз кеткен мың-миллионды емес, «қазақ» деп осыларды таниды» деп жаз­ып едіңіз. Айтқаныңыз айдай келді. Сіз атын атап, түсін түстеген тұлғалардың бәріне ескерткіш орнатылды.

«Бояушы, бояушы дегенге сақа­лын бояпты» дегендей, қазір тіпті ескерт­кіш қоюдың жөні осы екен деп есімдерін ел жөнді білмейтін тұлғаларға да кеуде мүсін мен ескерткіштер оңды-солды қойы­лып жатыр. Бірақ өзіңізге кеуде мүсін мен ескерткішті былай қой­ған­да, тіпті өсіп-өнген мекеніңіз – ту­ған ауданы­ңыз Зайсанда, Сем­ей мен Өске­мен­де, ұлт рухания­тын байытқан кесек шығар­ма­лар­ың­ыз­ды тудырған, қызмет еткен Алма­тыда бір көшені қия алмай отыр­­мыз. Ұяттымыз. «Ешкімнің айтқа­­ны­на көнбейтін, пара алмайтын уақыт деген көкеміз» өзі рет­те­ме­се, біздің қолы­мыз­дан келер қайран болмай тұр...

Қазаққа талант не үшін керек?

Сіз көреген екенсіз. Бізге, кейінгі буын­ға артық жұмыс болмасын, басын қатырып, балтырын сыздатып қи­нал­масын дедіңіз бе, бәрін жазып кетіп­сіз. Тағы бірде толғанып отырып бүй депсіз: «Біздіңше деймін да, жер бетін­­де­гі прогресті мүлдем жаңа саты­ға кө­терген ағаш доңғалақты ойлап тап­қан конструктор бабамызды алғашқы қауым­­дық құрылыстың миғұлалары тас­­­пен бас­тырып өлтірген болуы керек. Ол баба­мыз әлі де анық бағасын алған жоқ – адамзат тарихындағы алғашқы, бола­­шақ алтын ескерткіш ең әуелі ракқа қарсы ем ойлап тапқан кісі­ге емес, нақ осы доңғалақты тұң­ғыш жасаған жанға қойыл­уы керек». Конструктор баба­мыз­ды тасқа бастырып өлтірген, өлтір­ме­­ге­­нін нақты білмейміз, бірақ тарих­тан баға­­сын алмағаны анық. Тарих демекші, Елба­­сымыздың былтыр жазған «Ұлы дала­­ның жеті қыры» мақаласынан кейін әрі­­де­гі тамырлы тарихымызға, жер бетін­де жылқыны тұңғыш қолға үйретіп, метал­­дан түйін түйген бабаларымыздың бек­зат болмы­сына үңілу басталып кетті. Бәл­­кім, алдағы уақытта ағаш доңға­лақ­ты ой­лап тапқан конструктор бабамызға алтын­нан болмаса да, қоладан ескерткіш қойы­лар.

Сөзі­міздің әлқиссасын талантты танудан, талантты адамдарды бағалаудан бас­тап едік. Сіз талант болмысы, олар­дың кемшілігі мен артықшылығы, қазақ­қа не үшін керектігі, таланттарды қалай табу, тәрбиелеу, қадірін білу жөнін­де жеріне жеткізе жаздыңыз. Талант­тың ұлттан да, мемлекеттен де жоға­ры екендігін жасқанбай айтып: «Барлық трагедия әркімнің өз орнында отырмауынан туындайды. Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты емес», табиғат шебер тудырған тұлпары озуы керек. Алғы елдер әркімді өз орнына қоя­тын, талантты тауға сүйрейтін жүйе жасай білді. Бізде ондай нышан­дар жоқ емес, бар. Әйтсе де ілуде біреу. Таланттарды табу, тәрбие­леу, ұқсата білу ұлттық сипат алуы керек» дедіңіз.

Елімізде таланттарды бағалай­тын жүйе жасалды, таланттарды табу, қаді­рі­не жету ұлттық сипат алды деп өтірік көлгірсуге бол­мас. Дегенмен талантты табуды, тәрбиелеуді емес, қадірін білу­ді енді-енді үйреніп келе жатқан­дай­мыз. Мәселен, дүйім дүниені қазақтың дархан даласындай кең тыныс­ты дауысымен тәнті етіп жүрген Димаш Құдайбергенді Қытай­дағы байқауға қатысқаннан кейін ғана мойындадық. Әзер дегенде. Димаш егер Қытайға әлгі байқауға шақырту алмаса, әлі де мұрын шүйіріп, қадірін білмей, қасиетіне жетпей жүрер ме едік?! Осындайда хәкім Абайдың 40-шы қара сөзіндегі: «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?» деген қыжылға толы жолдар еріксіз ойға оралады. Жалғыз Димаш емес, терістікте туған талантты актриса Самал Еслямованы да былтыр әйгілі Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алып, төрт­­күл дүниені тамсан­дырғаннан кей­ін ба­рып таны­ғандай болдық. Үс­тіне қа­з­ақы камзол киіп сахнаға шық­қан алаш­тың қарапайым қызына әлем тік тұ­рып қол соққанда: «Ой­бай, өзіміз­дің қыз екен ғой. Бұған дейін қалай білме­генбіз, ә?! Не деген талант» деп әуелі аз-кем ыңғайсызданғандай, ұял­ғандай кейіп танытып, артынан таң­дайы­мызды қағып, соңынан елге ша­қыр­­дық, құрмет көрсеттік. Жақында Самал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Ештен – кеш жақсы. Біздің талантты қадірлеу, бағалау деңгей­і­міз әзірге осындай болып тұр.

Былтыр өмірден озған жазушы, көсем­сөз шебері Шерхан Мұртаза Ала­тау­­дың баурайында отырып, жүз­де­рін бір көрместен Алтайдың бір түк­пір­ін­дегі Оралхан Бөкейдің, Батыстың бір қиырындағы Фариза Оңғарсынованың, Арқаның бір шалғайындағы Ақселеу Сейдім­бек­тің талантын құлын кезінде тап басып таныған жоқ па? Әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев атақты ақын Мұқағали Мақатаевты Алма­ты­­да­ғы көк базарда ұн сатып тұрған жерінен радиоға дикторлық қызметке не үшін шақырды? Ахмет Жұбанов қораның үс­тінде отырып домбыра шерткен қал­­қан құлақ қара баланы (Нұрғиса Тілендиев) неге қамқорлығына алды? Мұның бәрі хас талантты тану, талант­ты табу еді. Жоғарыда есімдері аталған атыңнан айналайын ағаларымыз жастардың әрқайсысына алашқа адал қызмет етер тұл­ға ретінде қарады. Қазір осы жағы бізде олқы со­ғып жат­қан­­дай көрінеді. Ауыл-ауылда қанша талант, қанша Нұрғиса, қанша Мұқағали, қанша Оралхан, қанша Сағат, қанша Асқарлардың жүрге­нін бір Құдай білсін?! Сон­дық­­тан таланттарды іздеу, табу жұмыстары тынымсыз, үздік­сіз жалғасуы керек секілді.

«Оншақты жыл бұрын жапонтанушы марқұм М.Цветовтің телерепортажын көріп едік. Токио базарының бір бұрышында алым-жұлым жас жігіт қышқырып тұрып, қайыр сұрап тұр. Сөйтсек, әлгі қайыршымыз Жапонияның жоғары бизнес мектебінде оқитын, жә деген байдың баласы екен. Аста-төк өмірдің ортасында бұ­лаң­­дап өскен бұл бозымды ұс­таз­­дары: «Қайыршы кім, тиын-тебен қолға қалай келеді, соны ұқсын, оны түсінсе, қор болмайды, әрі қайыршылықты өзі бас­тан кешкесін келешекте жапон тіленшісін аштан өлтірмейді» деген мақсатта базарға әдейі жібе­ріп­ті. Оның үстіне бұл бала король де, қайыршы да жүретін базарды – халықты зерттейді. Қысқасы, өмір сүруге икемі бар екенін дәлелдейді. Көр­дің­із бе, бір қайыр сұраудың аста­рында қаншама аспектінің тігісі жатқанын. Жер жүзін жұтуға айналған Жапония өз ұланын осылай тәрбиелейді! Ал бізде ше?». Бізде қалай екеніне, өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп едіңіз талант жайында кеңінен толғаған «Талант тас жарады. Бас жаруы да ықтимал» атты мақа­лаң­ызда. Бұл сауалыңыз әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Базарға бармақ түгілі ауылға баруға арланатындар көп. Ауыл демекші, Прези­ден­тіміз мемлекеттік қызметті таңдаған жастар бірден шікірейген бастық болуға ұмтылмай сатылап өсу керектігін, керек болса, еңбек жолын ауылдан бастау қажеттігін айтудайын айтып келеді. Бірақ Астана мен Алматыдан үлкен оқу орнын бітірген жастардың ауылға барып жатқаны сирек. «Болашақпен» шетелде білімін шыңдаған бір жас қырда жұмыс істеп жүр дегеніңіз бүгінде сенсация?!

Қоғам ұлтжандылыққа зәру

Астана, Алматы дегеннен шыға­ды, сіз ширек ғасыр бұрын ұлтымыздың ендігі тағдыры Арқада шешілетінін, Алатау мен Арқа, Атырау мен Алтайдың кез келген пұшпағы мен шаршы метрі әр қазақтың Отаны, әр қазақ ұлтымыздың қиналып отырған жерінен табылса ғана қазақ екендігін мықтап еске салып: «Қазақ­тың дәл Арқа дегенде іркілетін еш реті жоқ. Ресейдің рухани да, әскери де экспан­сиясына өте-мөте қатты ұшырап, әбден қалжырап, тәлтіректеп тұрған жеріңіз де – осы Сарыарқа. Ендеше, шаршап-шалдыққан, адаса жаздаған ортаншы балаға мынау сын сәтте көмек, жәрдем керек. Елбасы бастаған ұлы көшке томағаны сыпырып, аяқтағы тұсауды шешіп, батыл-батыл басып, керуен болып ерейік, түстік, батыс, шығыстағы қаракөз кәрі, жас ағайын! Түтін шыққан, оқ зулаған басқа елдерден қашып-пысқан өзге ұлттар біздің жерге қотарыла көшіп кеп жатқанда өз туған топырағымызға ірге тебуден, кәсіп істеп, өз жерімізге өзіміз ие болудан ұялмайық!» деп алаш баласына сауын айтып, «Ақмолаға көшкін, ағайын!» деген мақала жазып едіңіз.

Ақмолаға көштік. Былтыр сіз жан жүрегіңізбен қолдап-қош­та­ған, бар қазақтың басын қосып, әлсізіне сүйеу болсын деп арман­даған Астананың елорда болғанына 20 жыл толды. Құдайға шүкір, Астана қазір жайнап, сая­сат­­тың, өнер мен мәдениеттің қазаны бұрқ-сарқ қайнап тұр. 20 жыл бұрын мұнда 300 мыңнан астам тұрғын болса, бүгінде 1 миллионнан асты. Кезіндегі (1989 жылғы дерек бойынша) 17 пайыз қаракөздеріміздің саны 80 пайызға жуықтады. Құдай көп көрмесін. Астананы астын сызып бекерге айтып отырған жоқпыз. Енді еңсесін тіктеген елордаға алаңдаудың еш реті жоқ секілді.

Алаң басқа жақта болып тұр. Енді сіздің «Ақмолаға көшкін, ағайын!» деген тақырыбыңызды «Шығысқа немесе терістікке көш­кін, ағайын!» деп өз­гер­тетін кез жет­кендей. Өйткені көңі­лі­міздің бәрі елордаға ауып кетті ме, әлде сіз шақырғаннан кейін елдің бәрі Арқаға көшіп кетті ме, кім біледі, солтүстік, шығыс өңірлеріндегі шекара бойы жалаңаштанып, мек­теп­тер жыл сайын жарыса жабы­лып, шұрайлы өлке, шырайлы өңір иесіз, елсіз қалып барады. Бір ғана мысал. Алысқа бармай-ақ Шығыс Қазақстанды алайық. Қытайдай алпауыт елмен шекарадағы Күршім ауданында, Марқакөл өңірінде кезіндегі 50 мың халықтан 25 мыңы ғана қалыпты. Бірнеше жылдан бері елімізде халық тығыз қоныстанған оңтүстік, батыс өңірлерінен жұмыс күшіне зәру солтүстік пен шығысқа тұрғындардың көшіріліп жатқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыстағы өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандарға қандастарымыздың ірге теуіп, орнығып жатқаны әрине, қуантады. Десек те осы бағдарлама шеңберінде шекара шебіндегі халық саны кеміп, жастары азайып, қауқылдаған қарттары ғана қалған Марқакөл, Катонқарағай мен Ақжарға барып жатқан жұрт аз. Аз емес, мүлде жоқ деуге болады. Бәлкім, Жастар жылы аясында жастарымыз Алтайдағы ат төбеліндей елге атбасын бұрар. Өйткені сіздің тілмен айтсақ, «Бала мен шаға, немере мен шөбереміз жаудың жеріне бара жатқан жоқ, ежелден бойымыз құт боп қонған қазақ жеріне, абайсызда айрылып қала жаздаған өз Отанына қоныс аударып бара жатыр».

Сіздің арманыңыз көп еді. Арман­ың­ыздың үлкені – қазақтың сапалы ұлт болуы еді. «Қалай нағыз қазақ бола­мыз? Еліміздегі бас ұлтқа қалай айна­ламыз?» деп шағаладай шарқ ұр­ды­ңыз, «оның жолы – ұлтжандылық» дедіңіз. «Қазақтың өз-өзін жөндеуі қалды. Жөнде­лудің басты шарты – өз-өзіне сын көзбен қарау. Қоғам­да­ғы өз орныңды анықтап, рухани моншаға түгел кіріп, тазарып шығу керек. Рухани моншаңыз ысып тұр – ол арысы халқы­мыз­дың бейбіт, қиындыққа төзгіш, кек ұстағыштан алыс, кешірімге қашан да жақын төл мінезі. Одан бері ұлы Абай салып беріп кет­кен тағы бір үлкен монша бар. Өлеңдерін, қарасөздерін оқысаңыз, қазақты бас ұлт жасайтын басты қағидалар сонда жатыр. Ұлт үшін отқа түсу емес, жұмыс істейтін уақыт жетті» деп жаздыңыз осыдан 24 жыл бұрын «Біз – көкектің бір ұядағы балапандарымыз» атты мақалаңызда. Осы жылдар мұғдарында қан­ша­­лықты жөнделгенімізді, өзіміз­ге қаншалықты сын көзбен қараға­ны­мызды бір Құдай біледі, рухани моншаға түгел кіріп шықпа­ғаны­мыз анық. Елдегі қолға алынып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырар деген үміттеміз.

Кейде ойлаймын, сіздің ұлт бола­шағы, руханият, тіл, білім, тарих, эконо­ми­ка, саясатқа қа­тыс­ты айтқан­да­рың­­­­ызды ша­ғын кітапша етіп әр сала бойын­ша әр меке­меге таратар ма еді деп. Ой көп, арман көп қой, бірақ сол шіркін­дердің бәрі бірдей жүзеге аса бермей­ді ғой. Оны тағы да «уақыт деген көкеміздің» еншісіне қалдырдық.

P.S. «Бұл заманда үндемей қалу – үйдей пәле» деп елдің бүгіні мен болашағы жайында тереңнен толғап, Тәуелсіздікті қайтіп баянды етеміз, тіліміз, діліміз, дініміз қалай болады деп шырылдаған, құр шырылдамай озық елдер үлгісін салыстыра отырып дұрыс жол нұсқаған, оң бағыт-бағдар көрсеткен қазақ публицистерінің бірі де бірегейі Марат Қабанбай еді. Біз бұл жазбамызда талант иесінің жазушылығына, балалар әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбектеріне емес, ұлт пен ұрпақ, ел мен жер, Тәуелсіздік туралы толғамдарына шама-шарқымыз келгенше тоқталуға тырыстық.

Өкініштісі сол, 2018 жылы қаламгердің 70 жылдығы облыс, рес­публика көлемінде атаусыз қалды. Бір қуаныштысы, Өскемендегі зиялы қауым өкілдері тарапынан осы шаһардағы облыстық балалар кітапханасына жазушының есімін беру жөнінде ұсыныс айтылды. Туған жері Зайсан ауданында көсемсөз шеберінің атын көшеге беру мәселесі қарастырылып жатыр деп естідік. Марат Қабанбайдың есімін ұмытпай, жас ұрпаққа ұлықтау бағытындағы жұмыстар кедергісіз жүзеге асар деп үміт етеміз.

Азамат ҚАСЫМ

«Egemen Qazaqstan» газеті, №43, 5 наурыз

ӨСКЕМЕН

Суреттер azattyq.org сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар