Гүлнар Салықбай туралы 10 дерек

Бөлісу:

07.03.2019 10385

Гүлнар Салықбай – 1963 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген.

***

1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Бір жұтым ауа, қызыл күн», «Жан», «Түс», «Аспандағы аңсарым», «Кешіріңдер келгенімді өмірге» атты жыр жинақтарының авторы, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

***

Қаламгер «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Арай» журналында, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында қызмет істеді. «Атамұра» баспасында редактор, «Алаш» баспасында бас редактор, «Қазақстан» телерадио корпорациясында «Жан» бірлестігінің жетекшісі, «Қазақстан» телеарнасында бас редактор болды.

Г.Салықбай поэзиясының бір ерекшелігі – тосын теңеулерінде. Ақын қарапайым өлең жазып отырып, оқыс бұрылыс жасайды. Қиялын тізгіндемей, тапқырлыққа барады. Бірақ Гүлнар ақынның тапқырлығы Қадыр ақынның дидактикасына мүлде ұқсамайды. Тіпті, кейінгі ақындардың тақпақтап кететін тапқырлықтарына да келмейді. Одан гөрі әңгімелесіп отырып, оқыс сұрақ қойып, есіңді шығаратын сұхбатқа ұқсайды. Ойландырады. Жүйкеңмен ойнайды. Дегбіріңді қашырады. Осының бәрі ақынның ішкі қуатынан туады.

***

Заман ағымы өзгеріп, поэзия жаңаша бағытқа бет бұрғанымен, «сіз» сөзінің қолдану аясы тарылған емес. Керісінше, қазақ поэзиясында бұл ұғым басқаша түлеп, өлең реңкіне жаңаша бояу қосуда. Біздің әдебиетімізде бұл ұғымның дамуына үлес қосып жүрген қазақтың ақын қыздарының бірі Гүлнар Салықбай десек, қателеспейміз. Қыз Жібек жырындағы Жібек пен Гүлнар ақынның бойында сонау ғасырлардан бері келе жатқан дәстүр сабақтастығы мен генетикалық байланыс бар. Г.Салықбай «Сіз» деу арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қызына тән сыпайылықтан бөлек, махаббаттың құдіретті сезім екенін түсініп, сүйген адамын төмендеткісі келмеген нәзік жүректің лүпілін аңғару қиын емес.

***

Журналистерге ескертуі:

«1. Ана тіліміздегі «нәпақа», «пұшпақ» сияқты ежелден келе жатқан сөздерді, кейбір теңеулерді орынсыз қолдану. Мысалы, біреудің қайда жұмыс істейтіні туралы ақпарат бергенде «Ол базарда арба сүйреп, нәпақасын тауып жеп жүр» дейміз. Бұл көркем шығарма емес қой… «Нәпақа» – араб тілінен енген сөз (азық-түлік). «Базарда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүр» деуге болмай ма?

2. «Қайырлы күн», «қайырлы таң», «қайырлы түн» деп амандасу – кезінде Ресей фильмдерінің қазақша аудармасынан сіңіп қалған нәрсе. Қазақта «кеш жарық» деген бар. Меніңше, ұлттық арнадағы осы «қайырлыларды» тоқтату керек. Қазақша амандасайық».

3. Орыс тілінен ауысқан тағы бір жайсыздық — бастауышы да, баяндауышы да атау тұлғалы зат есімнен тұратын сөйлемдерге «ол» деген сөзді қыстыру. Мысалы, «Тәуелсіздік, ол – бақыт». «Независимость, это…» деген сияқты.

Ақын Есенғали Раушанмен

Әдебиет туралы пікірі:

«Менің түсінігімдегі өлең – менің жан әлемім, қуаныш-қайғым, арманым. Ол – менің дүниеге көзқарасым, сырлас досым. Ол – жазған-жазбағаныма қарамай, жүрегіммен бірге соғып тұратын бір құпия дүние. Мен үшін ең қымбат сый. Маған өлеңнің нотамен жеткізе алмас бір музыкасы бар сияқты. Кейде сол әуенді ыңылдап жүремін де, жаман нәрсенің бәрін ұмытып қалам».

Сұхбаттардан үзінді

Журналист: Өміріңіздің қай сәтін жиі есіңізге аласыз?


Г.Салықбай: Мен осы уақытқа дейінгі өмірімде жақсы адамдарды көп көрдім. Әдебиетке келгеннен ағалардың әкелік қамқорлығына бөленіп өстім. Алматыда пәтер жалдап, қиналып жүргенде Шерхан аға, Оралхан ағалар қызметке алды. Жылына екі-үш дүркін өлеңдерімді жариялады. Бірде мен газет нөміріне кезекші болғанда бір үлкен қате кетіп, Шерхан ағаның бетіне қалай қараймын деп, жұмыстан шығуға арыз алып барғаным есімде. Аға жағдайды естіп, «қате жібермесе, ақындығы қайсы» деп, арызыма қол қоймапты. Жас қой, беті қайтып қалмасын деп, ұрысқанның орнына жұбатқаны да есімнен кетпейді. Сол кезде Жазушылар одағының хатшысы болған Төлен ағаның да әкелік мейірімі шексіз болды. Хамит, Сырбай, Ғафу, Сайын, Оралхан ағаларды көріп қалдым. Қалихан аға да туған әкемдей қамқор болды. Сейдахмет Бердіқұлов аға өзі шақыртып алып, алғашқы кітабымды кезексіз шығарып берді. Бұрын мән бермеппін, қазір ойлап отырсам, осының өзі бір үлкен мектеп екен. Мейірім мектебі. Асқар таудай ағалардың арқасында алшаңдай басып, алаңсыз жазған осы кездерді сағынышпен жиі есіме аламын.

Марина Цветаева туралы пікірі:

«Марина ең алғашқы өлеңдерін алты жасар кезінде тек орыс тілінде ғана емес, сонымен қатар, француз, неміс тілдерінде де жаза бастаған. 1910 жылы өзінің жеке қаражатына алғашқы «Вечерний альбом» деп аталатын өлеңдер жинағын шығарған. Оның шығармашылығына мәскеулік символистер әсер етсе, ерте өлең жаза бастауына Николай Некрасов, Валерий Брюсов мен Максимилиан Волошиндер ерекше ықпал еткен».

Ақыннан бір өлең

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар...

Қара атаулы түгелдей қырылды бар.

Қалғаны тек қап-қара көзім ғана,

Ақ қағазға құлаған сөзім ғана.

Сен де бұрын осындай ақ едің ғой,

Жақсылықтар жайғасқан тақ едің ғой...

Қонып жатыр қураған талға қаптап

Ерекше қар... елжіреп, қалбалақтап.

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар,

Енді нені ол бізге ұғындырар.

Ақ қағазда еріді қара сөзім,

Үміт болса, үңіліп қарашы өзің.

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар,

Саған ғана арнадым жырымды бар.

Салқын көктен саулайды қар ағыны

Жылы ғой жер... болмаса қаралығы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар