Хамит Есаман. Мен бейкүнә сәттер үшін ұялдым

Бөлісу:

16.03.2019 6079

ҒАЗАЛ

Бір маңдайда сор да және бақ та бар,

Бұл қос ұғым көңілімді күйретті.

Жағдай жоқ енді ешкімге ақталар,

Бақ пенен сор ұлы өмірге үйретті.

Өмір кештік сол тағдырдың торында,

Тамырымда тайталасып тең ағым.

Күллі әлемнің кір-қоңы бар сорымда,

Ал бағымда...

Айта алмаймын не барын.

Екеуін де сөз қылуға сескенем,

Тасқа соғып алатындай маңдайды.

Адам мәңгі бүтін бақыт кешпеген,

Сорымен де бақытты алдай алмайды.

Сеніп туып, сеніп өлгем мен бұған,

Біреуге сор, біреуге бақ бағалы.

Жанымдағы жылап тұрған мөлдір ән,

Қайда барып,

кімге мұңын шағады.

Қара түнде қарапайым қиялдың

Қияндағы түссіз даусын есіттім.

Мен бейкүнә сәттер үшін ұялдым,

Бақ пен сордың арасында кешіп күн...

ШАЛҚЫМА

Арғымақпенен түсімде шауып келемін,

Сезілмейді екен мұнда түк қауіп дегенің.

Қауырсыным бар қолымда құс қанатынан,

Тағдырдан іздеп мен осы күн тауыпты өлеңім.

Шауып келемін тәкаппар таулардан асып,

Жолымнан жалғанда бітпес жаулар да қашып.

Жаздың жұпарлы жауынын аңсадым тағы,

Көңілімменен – бұйығы бауларға ғашық.

Әсемқоңыр ән жанымды жарып ұшады,

Жазылмай келген өлең ол –

сағыныш әні.

Толқынды бұлттар толқиды түпсізде әне,

Көзім алдында жұлдыздар шағылысады.

Қызыл Ай көкте баяулап жүзіп барады,

Сәулелі жұлдыз шеруін тізіп болады.

Жауқазын гүлді құшақтап қара жердегі,

Бұла бойжеткен жанарын үзіп қарады.

Арғымағымның тұяғынан от өріледі,

Қызықтырмайды жалғанның жетегі мені.

Қауырсынымды аспанға сілтеген сәтте,

Қобыз сарыны тылсымнан көтеріледі.

Түсімде жүрмін тұңғиық ғаламды кешіп,

Жанымдағы әрбір жасыннан жамандық өшіп.

Жылатады екен ақынды аспан дегенің,

Жұбатса егер жердегі адамды бесік.

Шалқыдым солай жалғанды жетегімде деп,

Өмірден енді өлең боп өтемін демек;

Бұйра бұлттарға жеткенде тізгінді тарттым,

Бұлттарға жетсем...

Шарт сынып кетемін бе деп...

ТҮН

Ақын екен ақша бұлтты бұл аспан,

Келбетінде мөлдір өлең гүл ашқан.

Өмір шамы тәрізденген жұлдыздың

Әуені де ұлы күйге ұласқан.

Айдың сұлу дидарында түйір мең,

Сәулесіне сансыз сипат үйірген.

Құстар біткен мекен етіп аспанды,

Қанатымен қобыз тартқан күй ілген.

Ғазал екен ешбір шайыр жазбаған,

Келбетінде күрең жалын маздаған.

Ақындардың мінезі ме, кім білсін,

Арманында өкініш бар аздаған.

Әсем гүл ме еш бойжеткен сүймеген,

Ерін табы, дем дірілі тимеген.

Көңілімнің бөлшегі ма әлде бұл,

Кеңістікте көркем сазға билеген.

Бұл қап-қара... Ерекше бір түн еді,

Ай сәулесі қара жерге сіңеді.

Қара шашын жайып тастап бір сұлу,

Терезеден қарап тұрды... гүл өңі.

Түн еді бұл... Өзге түннен сүттей ақ,

Дүниені көркем түспен шық бояп.

Әлде өзің ғашық болған сұлуды

Бір сүйіп ал ештеңені күтпей-ақ.

Мұндай түнде болу керек бәрі де,

Қану керек тіршіліктің нәріне.

Содан кейін тұрған жақсы елтіп бір,

Әйбат қыздың әсемқоңыр әніне.

КӨКТЕМ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Бауырына бұлт жинаған боз аспан,

Тұнығынан өмір әнін тыңдадым.

Жұпар иіс жаңбырдан соң көз ашқан,

Көрдім бүгін көктемде де мұң барын.

Жүрегімнен бір моншақты үзгенмін,

Жаным егіз сияқтанып жасынмен.

Іздеп келген екенмін тек күзден мұң,

Ақынға тән осы аңғал басыммен.

Жанарымнан жыр іздейді бұла құс,

Тарылғанда дүниенің кеңдігі.

Сенде де бар, менде де бар күнәлі іс,

Оның несін ақталамыз ендігі.

Ешбір жанда жоқ бір күйге бөлендім,

Тағдырымды әлдилейді түнгі ызғар.

Көктем деген көз жасы ғой өлеңнің,

Тамып кеткен жылағанда жұлдыздар.

Көктем деген біз айтпаған ән, еркем,

Біз жазбаған өлең қалды сол үшін.

Аспан жылап тұрады ылғи таңертең,

Саған да айтпай, маған да айтпай онысын.

ҚҰДІРЕТ

Жанымдағы ең бір мөлдір әуенмен,

Мен Құдайға табынамын әуелден.

Ол санаға сәуле құйған, себебі,

Оған қарай жақындағым келеді.

Мен Құдайды сағынамын ақ түнде,

Мұң шағамын шоқ жұлдызға, пәк гүлге.

Таңдандырып ғаламдағы сүгірет,

Тағдырымда теңдесі жоқ құдірет.

Сізді көрем ұлы Құран сөзінен,

Көрем Сізді мүминдердің көзінен.

Адам біткен ғалам сырын білсе егер,

Сонда да ол бола алмайды шын шебер.

Ай айналған шексіз аспан төбемде,

Гүл жайқалған қара жер бар төменде.

Шексіздікте жұлдыз бүрлеп, Күн иіп,

Ғалам бізге қарап тұрды жымиып.

Сізді мақтап құстар самғап барады,

Көздерінен керемет күй тамады.

Әлем дейтін әдемі бір үйлесім,

Жүрек енді Сізді қалай сүймесін.

Тағдырыма өлең берген Жаратқан,

Тамырыма әуен берген Жаратқан!

Ғаламда біз ғұмыр кештік ғаламат,

Жан да, тән де Сізден келген аманат...

ПЕНДЕ

Болғымыз кеп сүйген құлы Алланың,

Бірақ көңіл ақиқатқа сенбеді.

Мен өмірді шын мойындай алмадым,

Өлімді де мойындағым келмеді.

Алмасқылыш ақиқатты білмедім,

Шындығым да қандай екен алдағы.

Дүниені қақ айырып күлгенім,

Жылауға да еш мүмкіндік қалмады.

Құдайдың да құлы бола алмаппын,

Өмір осы өткелінен өткізбес.

Сезімімді сағымменен алдаппын,

Сағым шіркін дегеніме жеткізбес.

Бұл жалғанның сол бақытсыз қалпындай,

Көңіл менен көзімді арбап не ғажап.

Қымбат сәттер қызығымнан артылмай,

Ұсақталып бара жатыр шер-азап.

Маңдайымда жоқ бақытты ойладым,

Он тарам ой кеңістікке шашылып.

Өмір, мені пенде қылып қойғаның,

Бақытты да болмысыңа жасырып.

* * *

Бақта туған бақыт жайлы ғазалым,

Маңдайыңа бір шерлі күй жазамын.

Қаламымды қара түнде боздаттым,

Айту үшін арманымның азабын.

Күз келгелі мұң торлайды ғаламды,

Қарашада шер қозғайды қаламды.

Жапырақтар сарғаймайды бүгінде,

Өйткені адам сағынбайды адамды.

Сары жапырақ кездеспейді бақтан да,

Бәрі бүгін көктей солып жатқан ба?!.

Бұл сағыныш сыңсып ұшты жүректен,

Енді көктем оянбайды ақпанда.

Көңіліне қоңыр әуен баптаған,

Бақтан бүгін естілмейді мақпал ән.

Кеудемізден ұшып кеткен сағыныш,

Баратын жер, басатын тау таппаған.

Бақыт күйі шертілмейді бақта енді,

Жүрекпенен сағынбайтын шақ келді.

Айдын көлде арман қалды жетім боп,

Көз ұшында сағым болған ақ белгі...

БАҚЫТ

Өлеңімді ойып жазып құмға мен,

Жаңбырлы түн жылап ақтым жылғамен.

Баяны жоқ дүниенің көзінде,

Бармақтай бір бақытымды бұлдап ем.

Мені көріп күрсінеді көктем де,

Бақыт жайлы сыр айтады өткенге.

Бұлдап жүрген сол бақыттың түрі де,

Басқаша еді мен ауылдан кеткенде.

Уақытты ешкім тұрмайды екен тоқтатып,

Күндер өтер өрнегімен жоқтатып.

Құмға жазған сол өлеңнің ішінде,

Енді бүгін бұлдайтұғын жоқ бақыт.

Бәрінен де жалыққан ғой жарықтық,

Ал біздер ше?

Бақыт іздеп зарықтық.

Ол біреуді алып қылған кезінде,

Ол біреуді жібереді ғаріп қып.

Құм көшеді біз жүретін жолға тік,

Жаңбыр төкті сезімімді сорлатып.

Өлең қайда,

Өлең қайда деймін мен,

Егер содан аман қалса, сол бақыт...

АҚЫРАП

Аспанда ақ бұлт баяу ғана жүзеді,

Жанарынан мөлдір тамшы үзеді.

Сүмбіленің сыры қандай бір жұмбақ,

Бұл жұмбақты алып келген күз еді.

Әйбат қана әлдилеп тұр мұң мені,

Осындай күй тебірентті күндегі.

Қалтырайды жапырақтың жаны да,

Кеңістікте дірілдейді гүл демі.

Салқын тартқан Ай сәулесін мол іштім,

Қара ағаштың қайғысымен бөлістім.

Таң шығымен ұшқын түсті кеудеме,

Жүрегімде жыр ойнатты сол ұшқын.

Сарғайғанмын күздің жырын жазғалы,

Гүлдей сезім нілдей болып боздады.

Салқын ғана сыбырлаған сүмбіле,

Көңілдегі күрең бұлтты қозғады.

Арман кештім ақыраптың түнінде,

Аяулы ән бар мұңға ғашық гүлінде.

Басқаларға білінбеген бір сәуле

Күрсінеді жүрегімнің түбінде.

* * *

Қалқам, жаңбыр жаумай қойды-ау, жаумады,

Көрдің бе анау күрең бұлтты таудағы.

Жырымды аяп жүрсің-ау сен күрсініп,

Ақ ләйлектер өзге жаққа ауғалы.

Ұшты ма екен барғысы кеп жұмаққа,

Әні бар ма біз білмейтін бұлақта.

Жүрегі осы жоқ па мынау аспанның,

Біз жүрексіз емеспіз ғой бірақ та.

Біз жаңбырсыз өткіздік те бұл түнді,

Ақ ләйлектер арман болып бұлқынды.

Жұбатуға жолға шықтым бүгін мен,

Тауға барып жылап тұрған бұлтымды.

Бұдан басқа көңіліме келмеді ой,

Сезіміме көрсетпедің сен де бой.

Бұлттар таудан өлең іздеп жүр ме әлі,

Өлең дейтін ол жақта емес, менде ғой.

Менің осы көңіліме не дейсің?!.

Не десең де жанымды кеп жебейсің.

Өлең менде... Қалқам басқа сөзім жоқ,

Бұлтты көрсең, өлең мұнда дегейсің!

ШАБЫТТЫ ШАҚ

Өмірімді өлеңмен өрнектедім,

Тағдырымды қаламмен тербеткенім.

Сырымды сезімге орап, қалқатайдың –

Оңаша отауында төрлеткенім.

Жүрегімде жырым бар – наркескенім,

Естен кетпес көңілден зар кешкенім.

Бұраң бел, бұла сұлу сол қалқаны,

Әсемқоңыр әуенмен әлпештедім.

Бұрым сұлу көрінер өрілгенде,

Жүрек тыным табар ма егілгенде.

Бүрген көйлек көңілге от салады,

Жыр туады сол бұрым төгілгенде.

Көріскен күн көркеммен сағынысып,

Жүрегіңді тыңдайсың алып-ұшып.

Алты қанат ақ үйде отырасың,

Қыз құйған күрең шайды қанып ішіп.

Қыз құйған күрең шайдың дәмі балдай,

Боласың бір бекзаттық танығандай.

Кешқұрым қоңыр самал аясында,

Жан сүйсінтіп салатын әні қандай?!.

Айдан көркем болатын, Күннен әйбат,

Бойжеткен бұла сұлу гүлмен ойнап.

Ол – сезімді сүю деп түсінгенде,

Ал мен жүрдім сезімді мұң деп ойлап.

Көркемдік болмаса көз көрмес еді,

Көңілін гүл дестелі бермес еді.

Дариға-ай, домбырамда толқыған күй

Сен үшін десем... бірақ сенбес еді...

ҚАЛАМ

Жапырақтар үзіледі бұтақтан,

Тылсым ойда тебірентіп ғаламды.

Әсем өлең жоғалады кітаптан,

Күнәһар қып ақын менен қаламды.

Заманалар салқынымен өше ме,

Ақ қағазға берген серті қаламның.

Естелік боп елес қалды көшеде,

Жалқы күйі секілденіп даламның.

Жаздың жұпар жаңбыры ылғи жауады,

Тамшысында тіршіліктің тәтті әні.

Ақ өлеңге тиеді оның сауабы,

Қызғалдақ гүл бүр ашқандай бақтағы.

Ұмытылып бір кездегі әдемі ән,

Кеңістікке тұрар көркін сүйгізіп.

Естелікпен сырласады және адам,

Ғасырларды кеудесіне сыйғызып.

Өткен күндер өксиді ылғи өлеңде,

Өңіріне мұңнан тұмар тағынып.

Мен де жалғыз жүрмін енді әлемде,

Өзім білмейтін нәрсені сағынып...

ҚЫЗЫЛ БӨРІК

Өлеңді мен жазайын мөлдіретіп,

Қалсын бір тау теңселіп, көл дір етіп.

Ауылыңның сыртына келіп тұрмын,

Алдымнан шық үкіңді желбіретіп.

Басыңа киіп алған қызыл бөрік,

Жүрегіме жыр түсті жүзің көріп.

Бұрымыңнан бір сүйген бозбала едім,

Үзілді ән көңілден, бұзылды ерік.

Ауылыңа сәлем де дұғай-дұғай,

Мені ойлай жат кешқұрым шырайлым-ай.

Кемді күн көңіл қосып ойнап-күлсек,

Көріспейтін шығармыз бұдан былай.

Шіркін-ай қызыл бөрік салдырған ән,

Беріп кеткен талайлы тағдырға мән.

Сәулем-ай, ол кімдерді өртемеген,

Ол кімдердің жүрегін жандырмаған.

Бір шоқ үкі секілді үмітпенен,

Жүрегімнің ішімен жүріп келем.

Өгейсініп қалатын мен дегенде,

Өмірден де кейде рас күдіктенем.

Айыра алмай көп жайдың ақ-қарасын,

Екі арада жаутаңкөз боп қаласың.

Жалғаннан жоқты іздеген не теңім ей,

Бардың өзін базардан таппағасын.

Түсе кетіп жанымның дерті есіме,

Ақын болып ояндым ертесіне.

Қалып едім ғашық боп, қыздан бұрын –

Өлең дейтін Құдайдың еркесіне.

Еркелігі – ол өзін аңсатқаны,

Үзе алмайсың...

Тұратын самсап бәрі.

Жылап қалды қырық қыз, қырық үміт,

Көздерінен төгіліп моншақтары.

Ол ән еді, қайда да тозбасын ән,

Жаным күйіп отырып жазға асығам.

Қара бұрым қырық қыз кеше түнде,

Шарап жасап ұсынды көз жасынан.

Қырық қызбен отырдым кеңес құрап,

Қырық түрлі сөз айтты ел естіп ап...

Сол шарапқа өлеңім түсіп кетті,

Ол Хаямның шарабы емес бірақ.

Жүрегіме қадалып шөгір нала,

Жазып келе жатырмын өмірнама.

Бір мұңым бар жан адам түсінбейтін,

Түсінеді оны тек Тәңір ғана...

ҒАПЫЛ

Тірліктің түбі мәнсіз, тұл құшағы,

Жердегі жан қайғылы, гүл құсалы.

Қалт үзілген күй сынды қалың қорым,

Жалғанның жанды азаптар бір мысалы.

Фәни дүние пенденің шер, азабы,

Адамзат пен тағы да жер азалы.

Өлімі неден болар арыстанның,

Білмеймін қайдан келер бөрі ажалы.

Қалың қорым тағдыры топырақтың,

Жер-бесіктің жазуын оқымақ кім?!.

Өзегіңді өксік пен өрт жайлайды,

Сүмбіле сәті туса ақыраптың.

Тақ пенен бақ болмайды табытта бұл,

Болғанмен жалғандағы жарықта бір.

Жан үзіліп түсетін жасындай боп,

Жер бізге жетім ғалам, алып қабір.

Қызыл сағым жайлайды жердің бетін,

Қызыл жалын шарпиды көлдің бетін.

Ғапыл дүние жалт берген қызыл сәуле,

Бойдағы жазылмайтын сол бір дертім.

Жеті қат көк найзағай шатырлаған,

Жеті қат жер қызыл өрт лапылдаған.

Ғазал боп сол ғасырда көтерілер –

Ғарыштың дәргейіне ғапыл ғалам...

Бөлісу:

Көп оқылғандар