Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Интерадам
Бөлісу:
(роман-әфсана)
“...Дүниедегі ең оңай нәрсе – кісіге ақыл айту, ең қиыны – өзіңді-өзі түсіну...”
Әбунасыр әл-Фараби
“...Тегіңді сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле!..”
(халық сөзі)
“...Адам өмірінде ғаламат сезімге бөлейтін екі асыл нәрсе бар: біріншісі – біреуге өліп-өшіп ғашық болу; екіншісі – өзгеге жақсылық іс жасау...”
(кейіпкер күнделігінен)
Автордан
Қадірлі таныс та бейтаныс оқырман!
Мархабат етіңіз, негізгі әңгіме желісіне ауыспас бұрын осы туындының ішінде бір-біріне кереғар келіп, қым-қиғаш араласып-тайталасып жүретін бірнеше кейіпкер туралы аз-кем тоқталып, кішкене болса да түсіндіру сөзін ілгектей кетсем деп едім. Жо-жоқ, өзімше қулық ойлап, кәдуілгі драманың әдісіне салып жатқаным емес, неге екенін қайдам, қай дүниемді әп деп бастаған сәтте-ақ өздеріңізге таныс емес образ-мінездерді, сыртынан-ақ делікші, дереу жақындастырып-табыстырып қойғанды құп көріп тұрамын. Бұл, бәлкім, сіздердің сол шығармаға деген алғашқы ынталарыңызды оятуға бағытталған әуелгі тетік тәсілі шығар? Білмедім. Әйтеуір ойым таза, ниетім түзу, сезімім мүлтіксіз де кіршіксіз...
Сонымен, таныса отырыңыздар!
Бүгінгі көркем туындының (бұл, сірә, бүгінгі заман әфсанасы) ішінде сіздермен жүздесетін образ-бейнелер мыналар:
1) Интерадам Икс – әзір өзім де толық танымаймын, кім екені оқиға соңында анықтала жатар.
2) Қоңырхан – қиын тақырыптарға жазатын, тұйық мінез журналист.
3) Жапалбек – Қоңырханның досы, ауыл әкіміне үміткер.
4) Тасбай – Жапалбектің атасы,
5) Қосжан – Қоңырханның атасы.
6) Гүлжан – университетте Қоңырханмен қатар оқыған, кейін шетелге барып, мінезі күрт өзгерген қазақ қызы.
7) Дүрия – Гүлжанмен бірге оқыған, жас кезде аралас-құралас болған қыз.
8) Ақнәзік – әдет-ғұрыптан аттамай, оң босағада отырып қалған бойжеткен.
9) Бәлдубек – пікірі қарама-қайшылы, нені де астарлап айтатын, ауыл философы атанып кеткен қиялшыл жігіт.
10) Рымхан – газет редакторы, өзі қатырып жазбаса да өзгенің жанын алатын талапшыл басшы.
Бұдан өзге де ірілі-ұсақты кейіпкерлер ара-тұра көрініп қалуы мүмкін, оны оқу үстінде ақылмен таразылай жатарсыздар.
Қысқасы, бұл көркем туындыны оқып-тамашалау кезінде сіздер, қымбатты оқырманым, жоғарыда атап өткен адам-бейнелермен жүздесіп, солармен бірге қуанып, кейде мұңайып, әрқилы сәттерді бастан өткересіздер. Шығарма қызғылықты ма, жоқ тартымсыз ба – оған төреші мен емес, билік айту біздей пақырыңыздың қолынан келер ме! Ол жағын салмақтап-мақұлдауды мына өздеріңізге қайыра жүктедім.
Енді шығарманың негізгі бөлігіне қарай көшелік.
Құлақ қойыңыз, көркем шығарма десе ішкен асын жерге қоятын мәртебелі әдебиет жанкүйерлері!..
ИНТЕРАДАММЕН ҮНДЕСУ
немесе алғашқы хат келген күн
Осы бір қызық жағдай, ашығын айтқанда, аяқ астынан басталып жүре берген-ді.
Аудандық газетте біраз уақыттан бері жұмыс істейтін Қоңырхан журналиске ойда-жоқта интернет арқылы түсініксіз хат келе қалмасы бар ма! Аты-жөні белгісіз адамнан. Өмірі сөйлесіп-тілдеспеген бейтаныс кісіден! Тіпті суреті де ілінбеген!
Турасын айту ләзім, біздің кейіпкеріміз өзге таныстары секілді компьютерге бар ынта-бейілмен беріліп, жабысып қалған жан емес, керісінше ғаламторға тым сирек кіретін, мүлде аз пайдаланатын. Бірақ, соңғы уақытта көбірек үңіле бастаған себебі де бар-ды. Фейсбукке тіркелгелі бері (ол да бір танысының қолқа-өтінішімен) қиялына қозғау түсіп, арнайы парақшасына өзін толқытқан ой-сезімін өрнектеп жазып, жылдамдата жариялауды бастап кеп жіберген. Сол-ақ екен, бұның атына келіп жатқан жауап пікірлер көктемгі жауқазындай қаптап ала жөнелгенін қайтерсің! Өзі де таң-тамаша! Мұндайды, расы сол, мүлде күтпеген екен.
Міне, мына хат солардың кезектісі еді.
Әуелде көп “малта езгіштердің” сандырағы шығар, не қызық айта қояр дейсің деп, аса қатты көңіл аударып та жатпаған. Көңілсіз ғана көз жүгірткені болмаса, бар бейілін аударып, ерекше назарланбаған. Онсыз да шегі мен шеті жоқ шаруаларын бітіре алмай, басы қатып отырған. Рымхан деген редакторы беймаз адам. Кеше кешкісін бір мақаланың түсінер-түсінбес нобайын айтты да, ертең үстелімнің үстінде жатсын деп тапсырған соң, әуреге түсіп, тұйық ойға қамалып, ойтұзаққа шырматылған кезі.
Жалпы, редакторы кішкене қатқылдау, талапшыл десе де, “әй, осы ма” деп түңіліп кетер тым жаман кісі емес. Адамгершілігі бір басына жетеді. Көп айқайшының қатарына ойланбай жатқыза салса, әрине, обал. Тіпті қиянат! Тек бір ғана кемшілігі – өзі қатырып жаза білмейді, (бәлкім, аса ықыласы жоқ) бірақ тақырып тапқыш. Ойы жылдам да ұшқыр. Қайдағыны қаузап, қиядағыны қақшып, тосын бірнеңелерді есіңе сала береді. Сонысы қызық. Сосын да Қоңырхан бастығына сыйлы көңілмен қарап, сөзін екі етпеуге тырысатын.
Бұл жолғы ұсынған тақырыбы да тосын.
“Бала, бері қара, сен мынаны жазшы. Осы күнгі адамдар біртүрлі сазбеттеніп барады, қуануды, шаттануды, тіпті жарқылдап күлуді ұмытып қалғандай. Қайсысын алып қарасаң да, қайғы мен ой құшағында жүреді. Бұл түптің түбінде жақсылыққа бастамайды. Сосын да айтам. “Қуана білу ғаламаты” деген тақырып ойладым. Қолыңнан келеді сенің! Жаз! Төгіл! Өзіңді-өзің тежеме, жарай ма?..”
Несі бар, жап-жақсы тақырып! Дөп түсіп тұр. Замана сөзін қай қырынан да айтып тастауға жарап тұр!
Ойшырмауыққа оратылып отырғаны да содан.
Бұл – таңертеңгілік сәт-тін.
Ал, түс ауа әлгі бейтаныс адамнан тағы да, екінші рет жазба-хат зың етіп, дабылдатып жеткен. Аты-жөні белгісіз екеніне қарамастан, бұны көптен білетін-танитын кісідей елжіретіп-ақ, жүректі жылытардай етіп төгіліпті. Оқымасына, зер салмасына қоятын түрі байқалмайды.
Содан соң жұмыстарын аз-кем ысырып қойды да, әлеуметтік желі арқылы жолданған жазбасөзге көз қиығын қадаған. Оқи бастаған.
Ол өзін былай деп таныстырыпты:
“Менің аты-жөнім – Интерадам Икс, ал арғы жағын сұрап әуреленбей-ақ қой, бәрібір айтпаймын”.
Е, айтпаса-айтпасын! Мәселе – оның кім екендігінде, қайда туғандығында немесе әке-шешесі кім болғандығында ма екен? Оны біліп қайтеді? Құда түсе ме? Қызметке шақырып, жанынан орын ұсынайын деп жатқан жоқ қой тіпті де.
Сосын қайталап үңілген. Маңыз бере, жолма-жол оқи жөнелді.
“Мен сені сыртыңнан бек жақсы білемін” деп бастапты хатты. “Әркез жазған қысқа да нұсқа ой-толғауларыңды қалт жіберген емеспін, үнемі оқып отырамын. Кейбір ойларыңмен келісемін, ал кейбіреулерімен бас изеп мақұлдаса алмаймын, тіпті бірқатар жазбаларыңмен жата қалып дауласуға да бармын...”
Қоңырхан осы тұсқа келгенде кілт тоқтап, жүрегі дір-р етіп, “апырмай, мынау бір жүрек жұтқан жігіт пе, өзі кім екен, а?” деп ой сонарына қалт-құлт ере түскен. Содан соң қайтадан хат жолдарына қабақ қадады.
“Жә, менің бұлай ағымнан жарыла, бар шындықты бетіңе айтып жатқаныма өкпелемессің. Мәселе сенде де, менде де емес, бар гәп – өзің шексіз сүйетін қойдай жуас халықта! Рас, осындай елдің ұланысың, жан-тәніңмен жұртыңды да, топырағыңды да сүйесің – бұл жалпы алғанда аса жаман әдет деп айтуға еш хақым жоқ. Сүю – асыл сезім! Сүйе білмеу – трагедия! Мені алдымен елең еткізгені туған халқыңа деген толассыз сүйіспеншілікке толы кіршіксіз жүрегің...”
Тағы да тоқтады. Тағы да өзін ыңғайсыз сезініп, көңіл ернеуіне қалтылдай иек артып, толқулы сәтті бастан кешкен. Бөлмеде тек өзі ғана еді, жан баласы жоқ. Ал, алдында – сырты қара, беті айна, төрт бұрышты компьютер... Сол компьютердің арғы жағынан бейтаныс біреу сөзге сөз жалғап қойып, тұңғиық сыр жолдауда. “Оқи түс, тағы да оқы” деп өзіне тарта түсетіндей.
Оқыды.
“...Мақтау сөзді осы тұстан тұсаулайын да, енді бұл үшбу жазбаны өзіңе бағыттауыма не түрткілегенін тілім жеткенше тәптіштеп айтуға көшейін. Әрі қарай тыңдай бер. Сен, әрине, мына қоғамдағы көп жігіттерге ұқсамайсың, тіпті олардан мүлде бөлексің. Ойың да, қиялың да, іс-әрекетің де қойтақы! Содан ба екен, жазбаларыңды еріксіз саралап-салмақтап оқып шыққанша әбжілмін. Тағы бір ойым айтады: бір кісіге сонша ынтығып, барлық іс-әрекеттерін көзбен қадағалап отырсаң, сөзсіз жақсы жағымен қабат кемшін тұстарын да бірден байқап бастайсың. Осы ойым – шыңғырып жатқан шындықтың шырайы яки шын келбеті шығар! Соңғы уақыттарда сенімен келісуден гөрі келіспеуге ойысып бара жатқандаймын. Неге? Ең алдымен – мына сұрқиялау, тіпті қорқыныштылау тірлік тәбәрігін мақтаудан, таңқалудан танбайсың, бұл көз жұмбайлық! Екіншіден-өзіңнің даулылау долбарыңды өзгеге жүктеп, сол қалпымен қабылда деп дікектеуге құмарсың-асылық! Міне, осының бәрі енді екеуміз талқыға салар жоталы да күрделі әңгіме! Бұны екеулеп асықпай отырып, қызбалыққа салынбай, талқылап-ойласуымыз бек керек шаруа! Егер менің қиялымда қандай қиястық бар екенін білгің келсе, алдымен хабарламамды оқы да, лайк бас! Ал, қалған әңгімені содан соң жалғастырамын...”
Хат осы тұстан кино лентасындай кілт үзіліп қалыпты. Қоңырхан бұл жазбаның тез түйінделгеніне әлде өкініп, әлде қиналған сыңай таныта, дел-сал күйде аңыра түскен-ді. Қап! Арғы жағы ше?..
Ал, хат соңында Интерадам Икс былай деп екі ауыз сөз жазыпты:
“Ендігі хат-әңгімені ертең осы уақытта күт!..”
“Күтеміз! Несі бар, күтуге шыдам жетеді!” деп, ойлады іштей. “Сенімен ой таластыруға тартыншақтап не көрініпті? Тап өзіңдей еті тірі, сезімі сергек жанды мына ессіз қоғамнан көріп-таба алмай, көптен ішқұса күйді кешіп жүрген жоқпыз ба?..”
Содан соң тағы да ойлады:
“...Байқаймын, әрбір әңгімең мені ашық ой алаңына білек сыбана шығуға шақыратын түрі бар. Редакторым “сендерде ізденіс жоқ, ескі соқпақты айналшықтап, шиырлай бересіңдер” деп, көңілдегі көп ренішін лақ-лақ еткізетін... Ендеше, өзіңмен сырласа отырып, жаңа бір журналистік жанр тауып та алармын, бәлкім-м...”
Бұдан кейін тағы бір ой саласын қамшы ала қуалады.
“...Мен бір тақырыпты айналшықтап, өліп-өшіп қаузап, үлкен кітап жазуға талаптанған ақын да, жазушы да емеспін. Өзіме ұнайтыны – журналистік сыңар соқпақ... Нағыз жүректі журналистер, қадірлі әлеуметтік желідегі бейтаныс досым, тап мына өзің қозғағалы талап жасаған қоғамның кермек кеселін түбіне жеткізе зерттеп, ой саларлық мақала жаза білмек...”
Енді ғана кеуде кере дем алды.
Осы кезде Рымхан редактор кіріп келген.
– Мақала әзір ме?
– Басеке, тағы уақыт беріңіз.
– Неге? Жазу қиындап бара ма?
– Керісінше! Мүлде жаңа әдіспен жазамын бұл мақала-толғамды. Сіздің көңіліңізден шығады деген үміттемін...
– Е, солай ма! Күтелік ендеше...
Солай деді де, қайтадан келген ізімен шығып бара жатты. Артық сөзге ілгек іліп жатпады. Ашу шақырып, айқайламады да. Қоңырхан оның үстіндегі киімі мен қып-қызыл галстугіне қарап алып, іштей қуана, көңілденіп сала берген.
Айтпақшы, редакторы туралы бір құпия сыр айтылмай, көлеңкеде қалып бара жатыр екен.
Ол кісі күн сайын жұмысқа әртүрлі киім киіп келуді әдетке айналдырған. Ең қызығы – қандай киіммен келсе, мінезі де соған ыңғайланады. Айталық, үстіне қоңыр пиджагын іліп, қызыл галстук тағып келсе, құдай берді деңіз. Бұл күні Рымхан өте жайдары, ешкімге дауыс көтермейді, бәріне жайбарақат та мамыражай. Ал, енді көк пиджагын киіп галстуксіз келсе, аласапыран басталды дей бергейсіз. Ондайда, ең дұрысы, редактордың көзіне түспеу.
Бүгін бастығының қыл мойнындағы қызыл галстукты көрген бетте Қоңырхан да қоңыр мінез күйге түсіп, жанына сабыр тілеп қалып еді.
“...Күт! Күте тұр, бастық жолдас! Жақын күнде бомба-мақала жазып, дүйім жұртыңызды дүр сілкіндірем...”
Кеудесін кере дем алған...
Ойды ой қозғай ма?
(алғашқы ойталас)
Ертесі еді. Жұмыс күні әні-міні деп, енді басталған сәт.
Қоңырхан компьютердің тетігін басып, айна бетін ашты да, бұрынғыдай емес, кешегі Икс мырзаның кезекті жазбасын көріп-оқуға асыға-ынтыға ыңғайланып отыра қалған. Неге екенін қайдам, мына белгісіз жан соңғы күндері бұның дегбірін алып, өзіне еріксіз баурай бастаған-ды. Әдетте, анау-мынауға селт етпей, кейде өзіне арналған кермек пікірлерге де сөз қайтармалауға кежегесі кейін тартып тұратын. Бірақ, кешелі бері лып етіп, сезім дүниесі сергек тартып, шұғыл өзгеріп сала бергенін көрмеймісің!
Икс өзіне қарай әлдебір көзге көрінбес тылсым күшпен жұлқылай тартып алып, жақындата түсіп, икемдеп бара жатқаны рас еді.
Компьютерді ашқан бетте, ең бірінші көзіне шалынғаны – Икстің кезекті хаты.
“Қадірлі Қоңырхан!” деп төгіле жөнеліпті. “Есіңе сала кетейін. Бұдан кейінгі әр хатымда өзім байқаған, кіршіксіз де таза көңіліме томпақ келетін тіршіліктің барлық сәттерін ащы түйреп, мейлінше батыл сынап отырамын. Оны қалай қабылдайсың – мырза пейілің білсін. Тек... жеке басқа тиісіп, ащы сөзге кезек беріп, азаматтығымызды аяқ асты етпеуіміз бек керек. Осыған келісіп алалық.
Ал, енді бүгінгі хатта мынаны мәлімдеуге бейілмін.
Әрбір жазбаларыңда жеке түйіндемені көпшілікке тықпалап, қабылдап-қабылдамасын, ой елегінен өткізіп алмастан, “былай ет, олай ет” деп түйдектетесің. Осы дұрыс па? Жалқы адам, егер қанша жерден ақылды әрі парасатты десек те, бәрібір екі қол, екі аяғы бар біртекті жаратылыс! Ол, барын сала өліп-өшіп талпынғанымен, көптің ішіндегіні дөп басып тауып, мүлтіксіз жазып шыға алмасы тағы рас. Егер осы айтқандарыма қатты қарсылық жасамасаң, онда мәселенің екінші жағы қылаңдайды.
Сен – эгоиссің! Иә, нағыз эгоиссің! Бұл сөзіме әрине келіспессің, бірақ бірден тулап ала жөнелме. Эгоист адамның түр-түрі бар: сен, ашығын айтайын, жақсы мағынадағы эгоиссің! “Өзім білем, өзім ғана қай нәрсенің түбін түсіріп айта аламын” деп, ішкі әлеміңді батыл шешімдерге бағындырып қойғансың. Психологияда “өзіне-өзі сенімділік” деген қайқы қағида бар. Бірақ тастай қатқан мұндай тұйық түйіндеме аса сәтті айтылған емес. Әр пенде өзіне-өзі сенімді ойды арқалап, тек өз ойымен өмір сүруді құп көрсе, онда көз-құлағы жоқ меңіреу қоғамда мың-сан пікір қайшылықтары қайшыласып қалмақшы. Пікірлер қақтығысы – барлық уақытта жоғарыға сүйрейтін баспалдақты жолға бастай бермейді, оның қияметі де үлкен – теңіздей тереңге тартып алып кетпегі тағы бар.
Өзің-ақ ойлашы, бір жазбаңда “Адам деген ол шексіз мүмкіндікке ие құдіретті жаратылыс” деп түйіндепсің. Солай ма? Адам – мына ұлы табиғаттың бір бөлшегі ғана, титімдей ғана түйіршігі. Егер ауа болмаса, адам өледі! Егер су болмаса – адам тағы да өледі! Егер күн шықпаса, адам ауруға шалдығады. Тағысын-тағылар... Міне, мұны әрі қарай ұзартып, тоқтаусыз айтып, соза берсек те, түбі көрінбес. Айтпағым – адам қалайша құдіретті күш? Жоқ, ол небәрі табиғат деген алып кеменің әлді-әлсіз жолаушысы ғана. Жолаушының жолы ашылуы мен бағы жануы, ең алдымен, алға бағыт ұстаған кеменің дұрыс сапарымен астасып жатады. Рас, кемені адам басқармас па дерсің! Жоқ, табиғат деген кеме – кісі мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары, тым биіктеу.
Содан соң... пенде тек қуанып-шаттанып жүрмейді, олар кейде қайғыға беріледі, ой тұңғиығына батады, керек десең, өмірден түңіліп те кететін кездері кездеседі. Оны да ойлап қоюың ләзім.
Өмірден кісі неліктен жериді? Неге мына шетсіз де шексіз ғалам аяқ астынан оған тым қызықсыз бетін бұрды? Бұның астарында қандай сыр тұмшаланып тұр? Ойланшы, қане!..
Ендеше, алдымен айтар өтінішім – бұдан былай жұмыр басты пенде туралы ұшқары пікірлерді оңды-солды тоғыта бермеші. Олардың ет пен сүйектен жаратылғандығын, мықтылығы мен әлсіздігі алма-кезек аунап түсіп келіп отыратынын бір сәт те естен шығара көрмеші!
Тіпті асқақтатып, мәртебесін көтеріп, өте биік болмыс деп көрсеткің келіп бара жатса – өз мүмкіндігі шегінде ғана сөз қозға!
Оған не кіреді? Әрине, оқу, білім алу, ғылымды дамыту, ұрпақ өсіру, соңында өнегелі сөз қалдыру, т.б. Өнегелі сөз дегеннен шығады, адамдар салмақты және сайқымазақ кейпінде екіге бөлінетіні тағы шындық. Салмақтыларға – тіршілік өте қиын, аса ауыр, мейлінше күрделі. Ал, сайқымазақтарға – тірлік деген теңізіңіз анағұрлым жеңіл. Неге? Өйткені, мән-мағынасы жоқ, жеңіл-желпі, тұзсыз-дәмсіз әзіл-қалжың жанды жадыратады...Ойсыздық алаңына сүйрелейді. Ойсыздық деген – ойсыздық!
Алғашқы айтқым келгені осы!
Әзірге жоғарыдағы жазғандарымды ми сүзгісінен өткізіп, ақыл тезіне салып байқарсың. Алда-жалда жауап кезеп, менімен “найзаласқың” келсе – мархабат! Әлеуметтік желі саған да, маған да – ортақ!.. Тіпті қалжың-қағытпаға да қарсы емеспін! Қандай түрін қалап жатсаң да...
Әзірге!..
* * *
Оқып шықты да, тереңге шылбыр лақтырып қойып, аз-кем қиял дүниесінде қалқып тұрып алған. Дауласу керек пе? Қалай? Қай қырынан келіп, қандай уәжбен тоқтатар! Не деп пікірталасына түсер? Қолдау керек пе? Не үшін? Адам деген жәй ғана жаратылыс, ол әлсіз болмыс, өзінің жолын білгені бек керек дегені тым төмендетіп, мүлде әлсіретіп жіберу емес пе? Адам – сонша дәрменсіз де әлсіз жаратылыс деп, бұл ойға нүкте қоюдың жөні қалай?
Егер пенде расымен табиғат алдында табансыз болса, онда қалайша зеңгір аспанды айқыштап, көкке ұштық-дүр! Ай планетасына қалай оп-оңай барып қайттық-дүр! Жеті қат жер астындағы тылсымдарды да аршып алып жатқан – мәртебелі Адам десек ше!
Ай, Икс мырза, мына пікірің тым ұшқарылау естілгендей ме?
Сенің ойлаған түпкі ойың қайсы?
Неге кісіні өз биігінен төмендетіп, тұқыртып сөйлейсің, сен зығыр?
Кісінің ізгі армандары мен тұңғиық ойларын, қол жетпес қиялдарын күл-талқан етіп, бәрін де бүлдіру не үшін кеудеңді тырналайды?
Оймен көп ойнай берме, Интерадам Икс!
Бұл – саған мәдениетті түрде алдын-ала ескертуім-дүр! Барынша парасатпен айтқан қарсылық сөзім!.. Наразы ниетім-м...
* * *
Көңілінің терең тұңғиығынан лықсып шығып жатқан асау ойларға ерік бере түсіп, қомданып алып, қарсыласын әп дегеннен тізе бүктірер “ақылды” жазбаны жазуға отыра берді де, қайта тізгін тартты.
“Апырмай, мына Интерадам неге осынша ой азабына салып, ішкі әлемімді астаң-кестең етті, а? Бұл өзі жәй оқырман емес, жүрегінің түгі бар адамға ұқсайды, оған қоса білім деңгейі де аса биік жан ба, а? Неге... мың-миллионның арасынан басқаны емес, мына мені таңдады?..”
Бұдан әрі не жазарын да білмеді.
Ойы сүрініп кетіп жатыр. Айтары – шашыраңқы.
Интерадам алғашқы хатымен-ақ бұны ғаламшар атты алып кеңістіктің бір бұрышына тықсырып апарып, теңселтіп қойған. Енді оңға да, солға да жұлқынып шыға алмай, әрі-сәрі күйде...
“...Бірақ, болмыс туралы ойталас тап бүгін басталып па? Оның бастауы баяғыда-а, Адам-Ата мен Хауа-Ана жер бетіне түскен сәттен-ақ сыздықталып жүре берген жоқ па екен? Мәңгіліктің айтысы мен айқасы неліктен әр сәт сайын, әр адым сайын алдыңнан айқасқаланып шыға береді-дүр?”
Осыны қиялына қонақтатуы мұң екен, әлдеқайдан екінші бір үн естіліп-жатқандай елегзи қалған. Жо-жоқ, әлдеқайдан емес, өз ішінен шығып жатыр. Көкіректің кең сарайында лықсыған тағы бір кермек қиял...
“...Әй, пенделер десе, қит етсе біз емес, бұл баяғыдан бар нәрсе деп, өзіңді сүттен ақ, судан таза еткің келеді де тұрады. Шын білгің келсе, мен-ақ айтайын, жер бетіндегі өз несібесін терген барша қыбырлаған тіршілік иелерінің жүрген жолы тастақты, тайғақты һәм таршылыққа тарта беретіні ең алдымен тап өзінен, өз қателігінен...”
Журналист қорқып кетті. Шынымен де мынадай ащы ойды өзі айтып тұр ма, жоқ әлдебіреудің қиял қорасына кіріп кетті ме? Егер өзгенің ойымен еншілесіп кетсе, онда кім? Кім бұған кесе-көлденең тұрып алып, қиялына қысастық еткісі келетін!..
Шаршап кеткен.
Жұмыстың аяқ жағында басы мең-зеңге ұласып, көз шарасы удай ашып, тартып ауыртқан.
Тап осы сәтті күткендей, бас редактор бөлмеге кіріп келіп:
– Мақала қашан жазылып бітеді? – дегені, бұл төмен қарады.
...Редактор түсіне қойса керек, енді қабағын жылытып, өзіне қарай әкелік ықыласпен жақын тарта түсіп, бір күлдіргі әңгіменің тиегін ағытты. (Бүгін де қызыл галстук тағып келіпті.)
– Өзің секілді жап-жас журналист жігіт келген осында! – деген. – Қаламы жүрдек-ақ, алайда жиі-жиі әлгі “тентек суға” тізгін босатып қоятын. Газеттің келесі нөміріне сойқан мақала әзірлеп әкелем деп құлшыныс байқатып кетіп еді, таңертең алдыма келіп желкесін қасып тұр. “Аға, мен түнімен қорқынышты түс көріп, шошып ояна бердім, түстен өте қатты сескенетінім бар, сосын да жазуға шама-шарқым жетпей қалды, көңілімде әлі де қорқыныш сезімі тарқамай тұрғаны” дейді. Оған не деп ұрсайын! “Жарайды, келесі жолы жазарсың” дедім.
– Мен сізге ондай сылтау айтпаймын! – деді Қоңырхан. – Кішкене күте тұрыңыз, жақсы, барынша ойлы дүние жазыларына үміттімін. Жақын күнде үстеліңізге қоямын.
– Жарайды! Бұған да көндік...
Осыны айтып, қызметкеріне ерекше назар сала қарап тұрды да, ойына әлдене түскендей:
– Әй, осы біздің жұмыс та... – деді. Арғы жағын айтқан жоқ. Сөзі түйінделмей қалды.
Кабинетті артқа тастады.
* * *
Сол күні түнде үйде оңашаланып отырып, арқа-жоны тосындау жорға жазбаны жорғалата берген. Тақырыбы – “Адам неліктен өзіне-өзі...”
Өз ойынан өзі секемденіп, алайда, қанша күшеніп бақса да, соңына жете алмай, кібіртік қорасына ой құлатқан! Қайда бастап барады? Не туралы жазбақшы?..
Редакторы қайта-қайта қамшылап қойып, “сен қуана білу ғаламатын” жаз дейді. Ал, бұның ойында...
Кісінің шат-шадыман күйге бөленетін қуанышынан өткен нендей ұлы тылсым күш бар! Өмір қуаныш пен шаттыққа иек артса ғана, өзінің әсем де ғажайып келбетін молынан аша түсіп, таң нұрындай жарқырап қоя бермек. Кез-келген адамның ішкі әлемі, әрине, осыны қалайды. Қуаныш – жақсылыққа, шаттық – мөлдірлікке бастайды деп есептейді. Бірақ, тіршілік табиғаты барлық уақытта мұны көтере бере ме? Кей сәттерде адам қайғырып, құлазып, ауыр ой зынданына түсіп кетуі ақиқаттап алшақ па? Ал, оның себебі мың-сан. Демек...
Апырмай, қайсысынан бастағаным жөн екен осы? Тек редакторымды тыңдап, сол кісінің көңіл қалауын орындап, шаттыққа малынған ой-толғам жазып тастағаным дұрыс па, немесе...
“Адам неліктен өзіне-өзі... қол жұмсап қояды екен?..”
Тағы да селк етті. Ішкі үн көңіл шошынтарлықтай ызғарлы. Суық.
Өзімен-өзі сөйлесті.
“Өмір деген менің редакторым аса бипаздап айтқандай, барынша салтанатты бейнесінен айнымай ма екен?..”
Дауыс айтты:
“...Мұң деген мың-сан құбылып тұратын, қатып қалған қасаң қалпы жоқ, кеуде сарайына қонақтаған мәңгі қонақ. Оны ұнатасың ба, жоқ па – қара үзіп кетіп қалмайтын мейманың...”
Басын шайқады. Кіммен сөйлесіп кеткенін де ұға алмай, мең-зең күйге түсіп бара жатып, қайта-қайта басын сілкілеген.
Тап осы сәтті аңдып тұрғандай, қалта телефоны безілдеп ала жөнелген. Әуелде селк ете түсті де, сосын телефонды қосты. Құлағына тосты.
– Тыңдап тұрмын!
Арғы жағынан жүрегін қатты ынтықтарған таныс қыздың жұмсақ үні жұпарлана естілген. Бұл – Гүлжан. Екеуі университетте қатар оқыды: жігіт – журфакта, қыз – филфакта. Алматыда жүргенде жерлестер тәртібімен бас қосып, жақсы дос қалпымен араласып жүрді.
Олар әуелгі кезде жұбы жазылмас екі қыз болған: екінші серігінің есімі – Дүрия. Жә, жұбы жазылмайды деп өз ойымен өрнектеген түрі, әйтпесе Гүлжан аса асқақ, қай нәрсеге де өте биік, паң қалыппен қарайтын, ал Дүрия олай емес, барынша қарапайым, сөзі де, жүріс-тұрысы да солай. Тіпті үстіне киетін киімі де жарасымсыздау, қайдағы бір алабажақ, қызылды-жасылды, таусылмайтын көйлектері өте көп. Оны танитын, қу тілді студенттер сыртынан “Цыганка” деп келемеждеп қоятыны бар-ды.
Ең қызығы – мұндай көңілге тиер қисық мазақ қыздың құлағына да шалынып қалып жататын. Дүрия ашуланып, шу шығарар десе, жоқ, қайта шек-сілесі қата күліп:
– Сығандардың еркіндігі мен татулығын берсе қане бізге де! – депті.
Гүлжан Дүриямен араласа жүріп, үнемі ескертпесін жасап, үстіндегі алабажақ киімін ауыстыруын талап етуден шаршамайды. Оны бірақ, бір құлағынан кіргізіп, екінші құлағынан шығарып жібереді екен.
Бәрінен де тамашасы – Қоңырханның Гүлжанға деген ынтық көңілін оятқан осы Дүрия!
Бір жолы оңаша кездесе қалғанда Дүрия бұған сыбырлағандай әлсіз үнмен:
– Қандай аңқау едің! – деп, сыңғырлап күлгені. – Өзіңді өліп-өшіп сүйетін қызды байқамауың қалай? Меңіреумісің, а?..
– Ол кім?
– Қасымдағы құрбымды айтам.
– Рас па? Ол маған ынтық па? Ал, мен ойлағам...
– Дұрыс ойламай жүрсің. Ойыңды өзгерт.
Міне, сол күннен бастап бозбала жігіт паң мінез қызға өзгеше бір ынтызар, құштар көңілмен қарай бастаған.
Келе-келе байқады, бойжеткен де расымен бұған жылы қабақпен қарап, өзіне мейлінше жақын санайтыны сезіле сызаттады. Студент кезінде маңайына пысықсынған қай жігітті де жолатпай, ылғи да Қоңырханды асыға күтумен жүретінін көңіл көзімен сезе бастаған. Сонда да қыз сезіміне тиісінше жауап бере алмай жататынын өзі де іштей ойлап қоятын. Уақыт тез-тез жылжыды, екеуі де оқуын аяқтады. Жігіт елге оралып, алғашында жұмыс таппай, қала түбіндегі шағын ауданның аптасына екі рет шығатын кішкене газетіне әзер орналасқан. Жұмысқа кіре салу, тіпті ауылда да, қиын боп барады екен осы күні... Ал, Гүлжан...
Ол университтен алған білімін менсінбеді, бәлкім азырқанды – енді шетелде оқып қайтуға көңіл шешімін жасап, сапарға әзірленді. Сөйтіп, Англияға жол тартып кете барған-ды. Онда екі-үш жылдай жүріп, таяуда ғана Алматыға оралған. Бір таң қаларлығы – содан бері қыз мінезінде студент кезде білінбеген өзгеріс байқалып қалып жататын. Бұрынғыдай емес, жігітпен оңаша қалудан үркектейді, күн ыссылау болғанымен, сырт киімін де шеше бермейді, ылғи қымтанып отырады. Мұның құпия сырын қанша талпынып, ойтаразыға салып байқаса да, Қоңырхан түсіне алмай әлек.
Әнебір жолы “шетелден оралдым, қазір Алматыдамын” деп, телефон соққан кезінде, бір көруге ынтығып, екі-үш күнге сұранып, жетіп-ақ барған-ды. Сол жолы байқады, қыз мінезі мүлде мүдірме. Әңгімелері де ойқы-шоқы, бірді айтып тұрып, бірге ауысып кетіп жатады. Өз елі жайынан көңілдене-лепіріп тұрғанымен, Англия туралы сөз басталса бітті, туған топырағын дереу сөз-сойылға салып, төмпештеп-төмпештеп алып, тас қамалға тіреп тастауға бейіл.
– Мұнда қалай өмір сүргенбіз! Осындай да ел бар екен-ау! – деп, жеңіл күрсініспен әңгіме сабақтайтын. Жігіт онымен келіскісі жоқ. Қарсылық білдіреді.
– Әр елдің өз ерекшелігі және әдет-ғұрпы бар, оның шын бағасын салмақтап білмей, бірден көңіл төрінен ысырып тастау әділдік пе? – деген. Қыз сілкініп тұр, қызуланып алып, дереу-дереу жауап қатқан.
– Сол дәстүр... – деді. – ...Сол әспеттеп отырған дәстүрің жастардың еркіндігін тұзақтап, аяқ-қолын байлап-матап тастағысы келетін арқан-жіпке айналса ше? Ұшар қанатын қиып отырса ше? Әлем деген алып кеңістік ұлы өркениетке ұмтылып барады. Әлдеқашан жанталасу үстінде...
– Өркениет деген өрттей көш қайсыбір елдің өзіне тән қасиет-белгілерін жоқ етпекке жағаласса, оның қаншалық құны бар?
Қыз бұл оймен мүлде келісе алмайтынын ашық меңзеді.
– Қай елдің де қасиет белгілері мәңгі бір орында тұрып қалмастан сөзсіз жетіледі, дамиды. Жаңа заман талап еткен жағдайларға икемделмес пе! Бұны сен айтқандай, біреудің қасиет-қадірін жоқ ету деп ұғыну дұрыс па? Бұл қандай түйіндеуің?..
Жігіт те өз бетінен қайтар жағдайы жоқ.
– Біз де оқимыз. Көріп-біліп отырмыз. Өркениет тәртібін таразыласақ, оның әлемдік тартылыс күші бар, жолындағыларды не өз дегеніне көндіреді, не жалмап тынады. Басқа жол көрінбейді.
– Міне, өзің де ескіше ойлайсың! Дүниежүзілік ұлы қозғалыс саған да, маған да, тіпті ешкімге тәуелді емес – өз бағытымен алға жылжыған желмая...
Қоңырхан қыз ойын толық түсінбесе де, даулы пікірлерге тоқтау тілеп, оны құшақтап, ынтық сезіммен аялап, өзіне тартпақшы еді. Ол ойы орындалмады. Қыз “мені құшақтама” деп қашқалақтады...
...Мынау, міне, сол көңіл төріндегі арман аруы. Кештетіп, түн қараңғылығы түсе бере, әдейілеп телефон шылдырлатты.
– Мен іздемесем, тіпті хабарласқың да жоқ, ә? – деп, сыңғырлаған күлкі аралас әзіл-қалжыңын да жеткізген.
– Жо-жоқ, осы қазір ойлап отырғанмын.
– Әй, қайдам-м...
– Сенші, Гүлжан! Алдап қайтейін...
– Жарайды. Сендім.
– Ал, сен... – деп, Қоңырхан енді өзінің бойына қорқыныш кимелеткен жағдайда айтуға тәуекел еткен. – ...білесің бе, жеке компьютеріме соңғы уақытта түсініксіз жазбалар келіп жатыр. Оқысаң, шаршатып жібереді.
Бойжеткен таңдана, сенер-сенбесін білмей, мүдіріп қалып, сосын сұрақтың астына алып кеп берді.
– Ол кім? Қыз емес пе? Бәлкім, сен...
– Жоқ, қайдағыны айтпашы. Хат жолдаушы – жігіт. Өзі барынша қияли жан. Өмір туралы философиялық бірнеңелер жазады. Миымды ашытады.
– Онда маған жіберші. Оқып көрейін. Сосын талқылармыз.
– Жарайды. Күт-т...
* * *
Жігіт өзінің телефон нөміріне кешелі бері зың-зың етіп тоқтаусыз түсіп жатқан хабарламаларды қызға жолдауға оқтала берді де, бір сәт ойланып қалған.
“...Бұл жазбалар қыз қиялын қозғарлықтай қызғылықты, көңіл аударарлықтай маңызды ма екен? Әдетте, ол көп нәрселерге байыз бермей, атүсті қараушы еді. Әсіресе, шетелде оқып қайтқалы бері...”
Содан соң қайталап, өз сауалына өзі жауап іздей бастады.
“...Әрине, әлеуметтік желідегі тосын жазбаларға көз жүгіртіп, көңіл тоқтата қарау – кім-кімге де таңсық! Оның үстіне жігіті болсам, ол сүйген аруым болса – неліктен оқығысы келмейді екен, а?..”
Хабарламаларды жылдам-жылдам жолдап жіберді де, мидағы айқұш-ұйқыш қиялын тежегендей күйге келіп, енді ғана ұйқыға бас қоймаққа ниеттенген. Кенет... тағы да біраздан бері ақыл-есін алып, жазбаққа оқталған мақаласы мазалай жөнелгені.
“Адам не үшін өзіне-өзі қол жұмсайды?.. Тірлікте дем ләззатын өз биігінде сезінуден асқан қандай рахат бар? Неге жұмыр басты пенделер-р... қуанып жүруден бұрын, қайғы құшағына көбірек бас қоюға бейім? Неге санаға салмақ салар қара нүктенің мысы басым түсіп жатады әркез...”
Ойы кілт үзілді.
Тағы да қорқыныш кемесіне тұяқ арта берген сәті еді...
* * *
...Зың-ң етіп, бөлме тыныштығын бұзып, екінші бір хабарлама атойсап кіріп келгені. Жо-жоқ, Интерадам емес, мүлде басқа жақтан. Бұрын-соңды көзіне түсе қоймаған тосын нөмір... Кім жолдауы мүмкін? Кім екен, ә? Таныс жан ба, жоқ... бейтаныс па? Кім-м?..
Оқыды.
“...Өзге түгілі, өзіне-өзі сенбейтін, сенім деген сезімнен мүлде мақұрым адамдардан аяқ алып жүре алмайтын күнге жеттік, осылар түптің түбінде заманақыр жасап тынады, көр де тұр...”
Қызық жазбаны жіберген жұмыр бастың жайын білмек ниетпен, дереу қайталап сауал жолын соқпақтаған.
“Сен кімсің, бейтаныс жан?..”
Бірақ одан тиісінше жауап келмеген.
Телефон нүктесін көңілсіз басты да, емін-еркін шалқалап жата кетті.
“Бәлкім, қателескен біреу шығар...”
КІМДЕ КЕМШІЛІК ЖОҚ?
(екінші ойталас)
– Сен кімсің, Интерадам?..
– Мен Икс мырзамын.
– Шын аты-жөніңді білгім келсе ше?
– Келіспеп пе едік! Икс десең жетіп жатыр...
– Неге?
– Адамдар қызықсыңдар, ә? Басқаның сырын сығып алғанға құмбалсыңдар. Ал, сенде... еш құпия жоқ па? Өзгелерден жасырын жансарай қалтарысын таппайсың деші қане?
– Айтам! Айта алам...
– Сенімді сөйлеме. Жер бетіндегі барша пенделердің – біріне қалдырмай – көкірек сарайын ашып қарасаң, міндетті түрде бір сыңар жасырын ісі жылтың ете құлақ қылтитады.
– Сонда... мұнымен не айтқың келеді?
– Өзің менің көңілімнің кілтін сұрадың, сосын осылай жауап қайырғанды қанағаттадым.
...Оянып кеткен. Түсі екен. Апырмай, бұл Икс мырза енді түсінде де мазалай бастағаны ма?
Сен кімсің, Икс?..
* * *
Күндегі қалыптасқан әдет бойынша, негізгі жұмысынан қалт еткен сәтте, тағы да әлеуметтік желіге кіріп, кедір-бұдыр жазбаларға көз тіктеп отырған сәті-тін. Мәні мен мағынасы жоқ желбуаз әңгімелерді аттап өтіп, әрі қарай озып, тағы да ілгерілей берген. Сол мезеттердің бірінде “зың” етіп жаңа хабарлама қалқып жетті. Көп достарымның бірі шығар деп ойлаған. Ойлаған да, “жарайды, ашып оқиын” деп түймені басқан.
Тағы да хат! Хат авторы – Икс!
Кәдімгі Интерадам Икс қой бұл!
Біраз күннен бері үнсіз қалып еді, осымен біржола жоғалып кеткен шығар деп ол туралы ойды тұзақтап, жылы жауып қоя салған-ды. Сөйтсе, жоғалмапты. Қайталап хат жолдап отыр.
Міне, мынау сол хат! Кезекті интер-сәлем!..
Әр сөзіне мән бере, ежіктеп оқи бастаған. Ә дегеннен жүрегі шым-м ете қалғаны. “Бұны қайдан ғана тауып алып отыр екен Икс?..”
Соны ойлап, бойы дір-р ете түсіп, хатқа қайталап қабақ бұрған. Былай деп өрбітіпті:
“Журналист жолдас! Тағы бір әңгімеме, өкінбейсің, құлақ түр. Бұл жолы нақты деректерге иық тіреп отырып сөз өрбітемін, сосын да аса сергек қара.
Әр қайырымға мән бер және ештеңені назарыңнан тыс жіберіп алма!
Айтпақшы, осы жорға-сөзді сабақтамай тұрып, тағы бір жағдайды таңдайыңа татыра кеткенім жөн сияқты. Ақылға салып байқашы, сен аспандата ақ ниет арнайтын жұмыр бас – адам деген аузы алты қарыс арыстан расымен де керемет пе? Олардың әрбіреуін мінді, мінсіз, жақсы, жаман... деп таңбалауға бола ма? Ал, мен күдіктімін. Пенделер, асылы, жақсылық жолынан гөрі жаманшылық соқпағына көбірек, тіпті жиірек бұрылып кетеді. Күдігің бар ма?
Онда ендігі сөз соқпағына ынта-бейілмен құлақ қой...
Өзіңе оңаша жазу себебім – мынада: аз кезең күндерінде ауыл әкімін сайламақшысыңдар; оған үміткерлер, әрине, баршылық; бірақ, сенің ішкі ойыңды әлдеқашан-ақ біліп алғанмын; досың Жапалбекті, яғни Жапалбек Асанбайды өткізуге аса ынталысың. Дұрыс-ақ! Жапалбек жаман жігіт дей алмаймын, тіпті ауыл әкіміне ең ылайық жан да әзірге тап сол ғана шығар. Алайда... білесің бе, оның арғы атасы кезінде “халық жауы” атанып, итжеккенге айдалған деген дерек тұр айғайлап! Әлі күнге саяси жағынан ақталған жоқ, керек десең! Міне, осыны аудан жағында жап-жақсы білетіндер отыр. Олар сөз жоқ, жеме-жемде мұндай кермек хаттаманы әдейілеп көтеруі бек мүмкін. Сүріндіріп жіберу үшін, әрине.
Маған бәрібір ғой. Тек – жадында жүрсін деп ескертіп жатқаным.
Сенбейсің бе? Сенбесең – тексеріп, анық-қанығына жетіп ал! Ал, мен өтірікші көйлегін кисем, онда бетіме түкірерсің.
Әзірге! Бұдан соңғы әңгімені келесі хатта жазармын. Интерадам – Икс!..
* * *
Сең соққан балықтай, басы зеңіп, кеуде кеңістігінен шудалы ойлар үдере көшіп, еңсесін көтере алмай отырып қалсын. Апыр-ау, расымен де досының атасы кезінде “халық жауы” деген атқа ілігіп, жер аударылған ба екен? Егер солай екені расқа шықса, бұл деректі осы күнге дейін Жапалбек неге айтпай жұмбақтайды? Мұндай жағдаятты менен жасырып ұстап жүру себебі не?
Ары ойланды, бері ойланды. Ой шіркін, теңіз деген түпсіздік, тұңғиығына тартып алып кетеді, ал сосын босанып, бас азат болып көр! Ақыры досымен жолығып, бетпе-бет отырып, бар шындыққа көз жеткізіп алмаққа бас ерік жасады. Әйтпесе, мына кермек сезім күндіз-түні кеудесіне шырақ отын жағып, маза бермесін бек түсініп алып еді.
Түс ауа өзінің шақыруы бойынша ауыл жақтан Жапалбек те асыға жетіп келген-ді. Ештеңеден хабарсыз жігіт арсалаңдай басып кірді де, досын құшақтап:
– Бірнеңе бүлінді ме? Асығыс кел дегенің қалай? Әлде... жақсылық хабар ма? – деп, асыға сөйлеп, дабырлап тұрған.
– Солай болса жақсы еді ғой...
– Ойбай-ау, тағы, не? Не нәрсе?
– Жақсылық емес.
– Айтсаңшы онда. Әкесі өлгенді де естіртеді демей ме бұл қазақ...
– Одан да ауыр секілді-ау, бұл хабар! (күрсініп алып) Сенің атаң кезінде “халық жауы” деген ауыр жаза алып, туған жерден қуылып, абақтыға жабылған дей ме?
Жайраңдап сөйлеп отырған досының қабақ-реңі бірден қабарып сала берген. “Әзілің бе, жоқ шының ба?” дегендей, алақтай қарап, тілі байланды.
– “Халық жауы” деген не? Не нәрсе?.. Түсінсем бұйырмасын...
– Атаңды айтамын. Баяғыда-а... өткен ғасырдың 37 жылдары “халық жауы” атанып, ұсталғаны рас па, жоқ па – соны сұраймын.
– Е, оны қай сайтаның айта алар! Менің білетінім – марқұм атам ауылда үлкен діндер кісі атанғаны. Дін жолын ұстанған...
– Ендеше қалайша “халық жауы” деген имансыз тізімге ілініп жүр? Осы жерде бір шикілік бар сияқты. Әй, өзім де ойлап ем...
– Соны түсінбедім.
– Дегенмен, ойланып байқашы. Өзің осы уақытқа дейін атаң жайында не сыбыс па, не өсек пе – әйтеуір ештеңе естіп-білмегенсің, ә?
Досы аз-кем бас шайқап алды да, даусы дірілдегендей шарасыз жағдайда, әзер тілге келіп:
– Жастау күнімде... – деді. – әкем марқұм бір рет толқып отырып, өз жайынан айтқаны бар-ды. “Атаң аузы дуалы, діни сауаты өте жоғары кісі еді, кешегі қызылдар билеген аумалы-төкпелі заманда ауылдағы белсенділер сондай артықшылығын көре алмай, жалалы іске тартқан екен” деген-ді.
– Оһ! – деді Қоңырхан. – Рас екен онда! Міне, мәселенің түпкі түйіні қайда бұғынып бүлкілдейді!..
– Ал, атамның бұл жерде қандай қатысы бар? Соны түсінбей тұрмын.
– Сенің жеке басыңды әспеттеп, ынталы топ ертең ауыл әкіміне ұсынылғалы жатқан жоқ па? Сол кезде мұндай қиғаш хаттама алдымыздан айқай сап шығатын түрі бар. Сүріндіруге таптырмас амал.
– Егер ол кісінің іске шатылғаны расталса, әкімдік тізгінін ұстауға құқым жоқ па?
– Әрине, солай.
– Ой, онда құрып кетсін бәрі де! Әкімсіз де қалған тірлікті бірнеңе қылып сүрермін. Керек еді маған...
Оның ет қызумен айтып жатқан тіл безеуіне басу тілеп, Қоңырхан былай сөз сауды:
– Қалай десек те, шикі деректің рас-өтірігіне көз жеткізіп алмай жанымыз тынбас. Саған да, сенің балаларыңа да, тіпті үрім-бұтағыңа кесірін тигізетін түрі бар келешекте. Сосын да...
– Апырмай, ол жағы да бар екен-ау!..
Жапалбек басын ұстап, желкесін қайта-қайта қасып, шарасыздық шырайын байқата отырып қалған.
Ендігі түйінді Қоңырхан өзі орамдады.
– Бұл ит шаруаны маған қалдыр. Қолға алып, бүге-шігесін ашып, түп-түгел анықтаймын. Тексертемін әлі...
Ауылдас досы кетуге ыңғайланып жатты да, сәл кідіре түсіп, тіл ұшына тірелген әңгімені тежей алмай:
– Айтпақшы-ы... – деді. – ...Айтқандай, тап осы турасында жақын уақытта бір әңгіме естіп едім.
– Кімнен? – деді Қоңырхан.
– Әй, бірақ ол... Оның сөзі не, өзі не? (Қолын сілтеген)
– Кімді айтып тұрсың? Кім жайында? Жұмбақтай бермеші.
– Елдегі қияли жігітті айтамын. Бәлдубек ше? Оны ұмытпаған шығарсың, ә?
– Бәлдубекті қалай естен кетер! Ол деген анау-мынау емес, ауыл “философы” ғой...
– Ендеше, сол пилосоп айтқан: біздің ауылдың тең жарымы “халық жауы”, ал қалғаны – селтең-селтеңмен ғұмыр кешкен шолақ белсенділер... Бос былжыр болар деп, сөзіне аса көңіл қоймаған едім.
Қоңырхан ойлана, көзін қияға қадап тұрып:
– Тегінде Бәлдубек тым ақылсыз емес, ол бірнеңенің исін сезіп, біліп айтады. Әттең, онымен де жолығып, сөйлессе артықтық етпес еді...
– Мен айтайын өтінішіңді! Ауданға жолы түскенде саған соға кетер...
– Сөйтші. Келсінші маған...
* * *
Ойдесте аяқ астынан шудалана өріліп, өрнек салды...
“...Ауыл абыройы деген не? Адам неліктен өзі туған ауылды ойлаудан бұрын, өзінің жеке басының жағдайын көбірек күйттеп ала жөнеледі? Егер туған топырағыңда ақылды да парасатты жандардан гөрі екіжүзді, алаяқ, жылпостар көбейіп бара жатса, онда болашақтан не күтуге тиіспіз? Кейінгі жас ұрпаққа не бетімізді айтамыз? Қандай өнеге қалдырып едік деп ұялмай тілге тиектейді екенбіз, а?..”
* * *
Кешкісін көңіл түкпірін мазасыз түрткілеген әлгі бір кілтипан жайлы Гүлжанға хабарлама жолдап жіберіп еді, дереу жауап та келе қалды.
– Сен, Қоңырхан, интернеттің сиқырлы арбауына түсіп бара жатқан жоқсың ба? Білесің бе, барлығын да жазып отырған әлгі кім еді, Икс пе, айналаңдағы біреу емес пе екен? Ондайлар алыстан келмейді...
Мұны оқи сала, одан бетер дегбірсізденіп ала жөнелген.
“...Айналамда жүргені қалай? Ол кім екен сонда? Мына шағын ауданда тап осылай, тереңнен түк тартқандай етіп, көл-көсір әңгіме қозғай білетін жан бар ма өзі? Жо-жоқ, ол мүмкін емес...”
Бойжеткенге қайтадан хат жазбаққа ниеттенді де, ол ойын тоқтатып, телефон нөмірін терді.
– Сен қателесесің! Менің шамалауымда, Икс алыста тұрады. Тек...
– Жарайды, алыста делік. Ендеше, ауыл әкімін сайлағалы жатқандарыңды қалай біледі? Көріпкел ме?
– Өзім де таңмын.
– Ойлан! Бұл жолы қызық жықпылға бастағалы тұр. Тым ұшқары сезімге беріліп кетіп, сүрініп құлама...
– Жарайды. Ұшқары сезімді қайтем... (Жігіт даусы қатқылдау шықты)
Қыз сықылықтап күліп жіберген-ді.
– Неге күлесің?
– Сенің мінезіңе таңмын.
– Мінез дедің бе? – деді жігіт. – Осы мінез деген қызыл көз пәле кімде жоқ екен. Баяғыда-а... студент кезімізде, сен тым асқақ, өте паң кейіпте жүріп алатынсың. Сол қалпыңды жеңіл ауыз жігіттер түсіне алмай, “бұл несіне осынша кергиді” деп күбірге қосақтап айтатын.
– Білем! – деді қыз. – Білем оны! Ол кезде тым жас едік. Максимализм деген бар емес пе жас адамда...
Сөзді өзі іліп ала қойып, жігіт былайша өрбітті.
– Ал, сол кезде... өзің жайлы ең шыншыл әрі әділ пікір айтқан Дүрия еді. Ол қыз қайда екен осы күні?
Жауап қату алдында күрсінгендей үн шығара, аз-кем тоқтап тұрады да:
– Дүрияға жырқылдап қарайтындар көп еді, – деді. – Бірақ, ол өз бақытын тез тапты. Оқу бітіре бере-ақ Орал жағының бір жігітін уысына түсіріп үлгергеніне көбіміз аң-таң қалғанбыз. Содан кейін арамыз алыстап қалды. Мен шетелге кеттім дегендей...
– Сыған қызы секілденіп жүріп, өмірдегі бақыт құсын тез тұзақтады десейші...
– Иә... Солай-й...
– Бірақ, неге... неге мүлде хабарласпай кеттіңдер? Арада реніш туды ма? – деді жігіт бәрін біліп алғысы келген жандай ынтыға түсіп.
– Реніш? – деді бойжеткен. – Не үшін? Тұрмысқа шығып кеткен қызды қайталап іздеп не керек! Барған жерде бағы жансын дедім де, бұл тақырыпты жылы жауып қоя салғам...
– Сонда да... Бірге жүрдіңдер, тату дос едіңдер, дегендей...
– Аралас-құраластығымызды еш терістеп, жоққа шығармаймын. Алайда дос деуге... аузым бармайды. Мына өмірде жан қиыспас дос деген бар ма екен, а? Күдіктімін... Көп күдіктімін-н...
Қоңырхан қыз сөзіне таңдана түсіп, тағы да сауал астына алды.
– Достықты түсінбей жүрген өзім-ау деп ойламайсың ба? Дос болу – екі жаққа да бірдей салмақ...
Бұған жауап қатуды бойжеткен өзіне міндет санамағандай. Біраз үнсіз қалды. Содан соң ғана қайта сөйледі.
Даусын соза түсіп, ойнақы үнге басып:
– Мінезіңе расымен таңмын!.. – деген.
– Мінезімнен не байқап қойдың?
– Айтайын ба?
– Айт.
– Өмірден ерте түңілген, өзіне-өзі қол жұмсайтын кісі туралы мақала жазып шығуды қиял кемерінен ысырып тастай алмай жүрсің. Іштей ондай әрекетке баруды қолдамайсың, барынша қарсысың. Алайда, оңашада кеудеңде “өзім сондай жағдайға тап келсем қайтер едім” деген қорқыныш билейді. Осы өтірік пе?
– Ал, рас делік.
– Міне, соның бәріне де сыналап ащы у себуші – Икс мырза! Сен оны бас шұлғып тыңдайсың...
Жігіт мына сөзді ести сала, селк етіп, ашуланып, тулап ала жөнелді.
– Менің өз пайымым жоқ па екен? Икс ойлағанды неге ойлай алмаймын, а?..
– Ойлайсың! Ойлай аласың, әрине. Бірақ, тап қазіргі күйіңде Икстің толық ықпалындасың. Соның алаңындасың.
– Жоқ! Тағы да жоқ! Икс бар болғаны менің қиялымда көптен қонақтап, керіліп жатып алған бір түйінді түртіп өтті. Онсыз да бұл тақырыпты тереңірек қаузап, тылсымына барынша бойлап жазамын ғой дегем... Ол аз десең, редакторым – Рымхан ағай да ешкімнің қойын бағатын кісі емес. Маған берген тапсырмасы – қуана білу құдіретін сөзбен кестеле деген...
– Редактор дедің бе? Ол бары-жоғы редактор ғана! Ондай бар мен жоқтың арасындағы болымсыз басшылар мына жер бетінде мың-миллион...
– Не деп кеттің? Түсінбедім ойыңды...
– Ал, сен басқа, мүлде бөлек жаратылыссың! Өзіңді-өзің толық тани алмай келесің, әттең! Әйтпесе бар ғой...
* * *
...Түн ішінде Икс мырзадан және бір хабарлама жар салып, суық ызғарын сүйрелеп келген. Оқыды.
“...Қандай жігітсің! Жігітсің бе өзі? Екеуміздің арамыздағы сыр-әңгімені дереу үшінші кісіге, кісі ғана емес, қыз балаға жайып салғаның қалай? Жаным ашып жазып едім. Ендеше, бұдан былай хабарласпасақ та жарап жатыр екен...”
Қоңырхан жанұшыра жауап жолдауға асықты.
“...Мен туралы тым ұшқары ойламашы. Ол – жас күнімнен сезіміме шоқ тастаған сүйген қызым еді. Жасыра алмадым. Ал, бірақ... одан өзге ешкімге де сыр шашпағаныма Алла куә, өзім куә!..”
Қайталап жауап келмеді. Ұзақ-қ күтті. Бәрібір келген жоқ. Зілдей үнсіздік!
Енді басын ұстап, ой тұтқынына қамалып отырды да, сосын телефонын теріп, Гүлжанға хабарласты.
– Түн іші, неге телефондадың? – деп, қыз үркектеп қалды.
– Мен үшін түн мен күн алмасып кеткелі қаш-шан...
– Қалайша? Бұл не сөзің?
– Ана Интерадам... ауыр сөзбен семсерледі. Жігіт емессің деп нығырлады.
Қыз түк түсінбеген жандай сықылықтап күліп кеп берсін. Содан соң былай деп сөз түзді:
– Жігіттің жігіттік қадір-қасиетін тек бойжеткендер бағалаушы еді...
– Ой, сен де күлесің-ау! Менің жан-дүнием астаң-кестең...
Аз-кем үзіліс жасады да, қызға ерекше еркелікпен тіл қатты.
– Гүлім, біз осылай жүре береміз бе? Күн сайын, тіпті сағат сайын сені ойлаймын. Сағынамын.
– Сағынудан асқан ләззатты не бар мына өмірде? Ал, үйлену... соншалық қызық па екен?
– Қызық демеймін. Қызық ойлап, ойын-сауық қуып жүргенім жоқ. Бірақ, ұрпақ қалдыру керек емес пе артымызда?
– Ұрпақ дейсің бе? Қандай ұрпақ келеді – оны қай данышпаның біліп-айта алады?
– Сен, Гүлжан, шетелге барып келгелі мүлде басқа жан сияқтысың. Еш түсіне алмай жүрмін өзіңді...
Әрі қарай бойжеткеннің үні кілт үзіліп кеткен.
* * *
Ертесі еді. Елеусіздеу көп күннің бірі еді.
Жұмыста отырған кезі болатын, алдындағы сары телефон без-без етіп, зар илеп, тоқтар емес. Трубканы көтерді.
– Ал-ло-о...
– Бұл мен. Хабарлас депсің. (Даусында зіл бар!)
– Кім-м?.. – Айтуын айтты да, арғы жақтағы кісіні шырамытып үлгерді, ол, шамасы, Бәлдубек. – А-а, бұл сенбісің, Бәлду...
– Не үшін іздедің?
– Өзіңмен әңгіме бар. Бетпе-бет кездессек...
– Егер менің денсаулығыма байланысты немесе мінезіме тиісіп әңгіме қозғағың келсе, шынын айтайын, армандама! Қандай адаммын, солай өмір сүргім келеді. Хұқыма қол сұқпаңдар, пожалыста!
– Жо-жоқ, ол емес. Сенен басқа бірнеңе білсем дегем...
– Ауылдың қиқы-жиқы өмірі, адамдардың адалдығы мен арамдығы турасында да дәнеңе айтпаймын... Ол – өсек...
– Ол да емес.
– Енді не?
– Өткен тарих жайынан. “Халық жауы” деген ұлы нәубеттің шынайы келбетін білуге талпынған ниет...
Ауылдасы ішек-сілесі қатып күліп кеп берсін. Қоңырхан ештеңеге түсінбеді. Тап осы сөзге күле ме есі дұрыс адам? Содан соң күлкісін тиып:
– Айып етпе! – деді салмақтана тіл тірілтіп. – Сұрағың шынымен де күлкі күркесіне мұрныңнан жетелеп әкететіндей.
– Ал, неге?
– Өзің ойла. Кер заманда қызыл оттай жанып тұрған саясатқа қарсы шапқандарды “халық жауы” деп итжеккенге айдап құтылды. Бұл заманда тағы да сол кеп! Тек... аты ғана өзгерді. “Идеялық жағынан тұрақсыз...” немесе “Ниет-пиғылы бұрыс...”
Журналист онымен келіспейтінін аңдатып, жауабын сағызша созбай, нақпа-нақ айта бастаған.
– Біздің халық қазір ақыл-есін тіктеді, оң-солын таныды. Тым шектен шығып бара жатпаса, кім кімді жағадан жұлқылайды?
– Е-е, – деді Бәлдубек. – ...сен әлі құрғақ қиял жетегінде жүрген жан сияқтысың. Айналаңа қара! Көзіңді ашып қара! Қоғамда не болып жатыр?.. Ау, қарасаңшы...
Әрі қарай жалғай берсе, әңгіме түпсіздікке ұласып кетер түрі бар. Қайтадан қайырмалаған.
– Білгім келгені – “Өрнек” ауылынан “халық жаулары” неге көп шыққан? Бұл кермек шаруаға қатысты ойың не дейді?..
Бәлдубек үндемей қалды. Сәлден соң ғана ақырын дыбыстады.
– Ол азалы тақырып! Не үшін керек екен саған? Әй, осы сендер де... (сәл мүдіріп) Жарайды. Келесі аптада аудан орталығына соғамын, сонда өзіңе кіріп шығайын. Сау бол...
* * *
Қашан алдына келіп, жүгініп отырып алып, барлығын тақтайдай қылып түсіндіріп береді екен деп Бәлдубекті күтіп жүре бере ме?
Қайта-қайта ой қазаны тоқтаусыз бұрқылдай берген соң, Жапалбектің атасы туралы ескі деректі түбірлеп біліп алуға шынымен бел шеше кірісіп-ақ кеткен.
Оп-оңай шаруа емесі байқалып тұрды – аттай бір жеті уақыты кетті. Жо-жоқ, бір жеті дегені жәй әңгіме, әр күні бір-бір айға татыған шығар-ақ!
Ана басшыдан рұқсат алса, екіншісі кергиді. Оны көндіріп тұрғанда, үшіншісі шатқаяқтайды. Кедергіден – кедергі!
– Бізге жоғарыдан нұсқау бар, әзірге сен қызығушылық байқатып отырған зұлмат кезеңнің бір тал парағын да ашып көрсету заңсыз! – дейді.
Тіпті шаруа шатқаяқтап бара жатқан соң, Қоңырхан өлердегі сөзін сарқып, айтпасты айтып жалынуға көшкен. Әлгі қолында “құдіреті” бар кісіге!..
– Көкетай, ешкімге айтпаймын, еш жерге жарияламаймын, тек көз жүгіртіп шығайын, сосын мүлде ұмытамын...
– Уәдең – уәде ме!
– Әрине! Керек десең, қол хат та жазып беруге әзірмін.
– Сөзіңе сендім. Тек... мені ұятқа қалдырма. Келістік пе?
– Келістік!
Сөйтіп, анау-мынау кісі кешеге дейін бас сұға алмай келген қарасүр кабинеттің қуысындағы бөлмесіне аяқ аттап, құпия жерде сақтаулы тұрған сарғыш тартқан қағаздарға да қол жеткізген. Үйге алып кетуге болмайды, амал жоқ, қап-қараңғы, сұп-суық бөлмеде әлсіз шамның жарығымен ұзақ отырып, әр парағымен ежіктеп отырып оқып, танысып шыққан.
Жазбалардың соңына жеткенше өзі де ақ тер, көк тер күйге түсті.
Досы Жапалбектің дін жолын ұстанған атасын қалай-қалай кінәлаған десейші! Басына қиюластырып әкеліп үйіп-төккен “күлкілі” жаланы оқығанда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
“Бұл адам Кеңес өкіметіне жат, теріс бағыт ұстанған, жапон шпиондарымен байланыс жасаған, солармен ауыз жаласып, өкіметке қарсы жұмыс істеген...”
Тағы бір жерінде былай деп жазған:
“...Өзі молда бола тұра, тіпті діни уағызды да кері саясатқа, адамдардың миын улауға пайдаланған кісі...”
Осылай кете береді, кете береді.
Ал, соңғы жағында Жапалбектің атасының шын мәнінде “халық жауы” екеніне куәлік берушілер қол қойыпты. Сарғайған қағаз бетінен аты-жөнін ежелеп оқыды. Әр әрпіне асықпай көз тіктеген.
Мәссаған! Қол қоюшының бірі – Жапалбектің екінші атасы (атасының інісі) Тасбай, ал екіншісі – Қоңырханның атасы Қосжан. (Иә, өзі әрбір мақаласына – Қоңырхан Қосжан деп қол қоятын.)
Әрине, олардың екеуі де бұл күнде жарық дүниеде жоқ. Ал, ұрпақтары...
Әнебір жылы Жапалбек Тасбай атасының бір бала ұрпағын бұған алып келіп:
– Осы інімнен бірнеңе шығады, жоғарғы оқу орнына түсіруге көмектес, – деп қиылған. – Өзі жазу жағына да кет әрі емес сияқты. Сенің жолыңды қуар...
Қоңырхан бала кезден бірге өскен досы қиылып сұрап тұрған соң, кергіген жоқ, дереу облыстағы таныстарын тауып алып, балаға жол ашып берген.
Сол бала колледжді де жылдам аяқтап, облыс орталығындағы бір мекемеде жап-жақсы қызмет атқарып та жатыр. Әрине, жазу деген машақатты шаруаға бәрібір құрық салуға қабілеттенбеді. Өз бойында киіп-жарып бара жатқан талант жоғын білсе керек. Ол да – ақылдылық...
Енді өз жағына қарай ойыса бастаса, тағы да ойы тайғанап кетіп, қиял сүрінер қиын сәттер баршылық. Әкесінің ағасы Қосжан ата және бір туысының үстінен куәлік еткенін оқыды. Атай күні кешеге дейін жарық дүниені жалпағынан кешіп жүрді. Жасы тоқсаннан асып барып, бақиға озған. Ақсақалмен бірнеше рет әңгімелескені рас, тоқтамай сөйлеп, толғап айтатыны бар-ды. Әр кездескенде қайталаудан жалықпайтыны:
– Балам, адалдық туын жықпа! Адал еңбек етсең – адаспайсың!.. – еді.
Апыр-ау, сонда өзі ше? Өзінің айтарға тым ауыр қиқы-жиқы өмір жолы ше? Кімдерге қиянат жасағанын білмеді емес – білді. Сезбеді емес – сезді! Сөйте тұра куәлік етемін деп келісім берген. “Халық жауы екені рас” деп тірі куәгер ретінде шиіріп тұрып қол қойған.
Көз алдында жүрісі мейлінше маңызды, бурыл сақалды, мақамдап сөйлейтін ақбас атасы бір пәсте төмендеп, тіпті бедел атаулыдан барынша айрылып, аласарып бара жатқан...
* * *
Түні бойы ақ тер, көк терге түсіп, ой құшағына молынан көміліп, таң атқанша түс аралас бірнеңелерді қайта-қайта көріп, мүлде көз іле алмаған. Жанарын енді жұма бастаса бітті – қаба сақал Қосжан атасы елес береді де, селк етіп, қайта ашып ала қояды.
“...Бұл әрекетіңіз қалай, ата? Сізді барлық уақытта дейін асылдың асылы, адалдықтың эталоны, тазалықтың төл баласындай көріп келіп едім ғой, енді не істеймін? Енді... мына бір қарғыс атқыр қара кесірден – “екіжүзді” деген аттан қалай арашаламақпын? Өзім де... сізге жақын ұрпақ екеніме қатты ұялып, жерге кіріп кете жаздап отырмын ғой осы сәттерде...”
Есіне баяғыда өтіп кеткен әсерлі күндер сәулеленіп, қайта-қайта қалқып ұшып, елестеп кетіп жатқан-ды.
Бір жолы атасының үйіне барып, бір кеш отырып, арғы-бергі уақытта қазақтың басынан өткен қилы кезеңдері жайынан сөз-кеңес өрбіткені бар-ды.
– Ата, – деген. – Баяғы сұрапыл күндерде бір қазақты бір қазақ сатып кетіпті дегенді, өз ағайыны өз бауырына жау шығыпты дегенді үнемі естіп қалып жатамыз. Осының анық-қанығы қалай?
Ақсақал оңды-солды қозғалақтап алып, даусын кенеп, әзер дегенде қызыл тілге кезек берген.
– Е-е, шырағым-ай, ол күндерге бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман көзімен қалай баға берерсің!.. Қазір бәріне де жеңіл қарап, атүсті айта салу оп-оңай...
Бар айтқаны – осы.
Әрі қарай сөйлемей, сақалын сауып, әлдебір ой құшағына түсіп кетіп, үн-түнсіз меңіреу күй кешкен. Содан соң Қоңырхан қайталап мазалай берудің еш ретін таба алмай, әңгімеге құлып салып тастады.
Тағы бір жолы атасы өзінің ұрпақсыз екенін қынжыла айтып, көзіне жас алғандай кермелеп, кермек сөзге ерік берген кезі-тін. Сол жолы былай деп ой тарқатқан:
– Қоңырхан, айналайын балапаным, енді менің атымды өшірмей, келешекке жалғайсың, осыған бек қуанамын. Әкең Қапан мен келін көп сөзге келместен өзіңді менің атыма жазғызып әкелген күні төбем көкке бір елі жетпей қалған. Оған қоса, өсе-келе қаламы жорғалаған журналист болып қалыптасарсың деп кім ойлаған...
Енді ата көңілін одан бетер шалқыта түспек ниетпен:
– Өзім барда, ал менен соң, ұрпағым барда сіздің есіміңіз еш өшпейді де ескірмейді, – деді. – Сіз мәңгі жасайсыз, ата...
Сол сәтте қария еміреніп келіп, бозбаланың маңдайынан сүйіп алған. Сондағы ып-ыстық демі әлі күнге есінен кетпей жүруші еді, ал кешелі бері...
Айтпақшы, сондай әдемі де әсерлі сәт кезінде Қоңырхан тағы да өткен тарих жайынан білгісі келіп, көкейінде жүрген сұрағын тізбектеген.
– Ата, айтыңызшы, біздің елде неге “халық жауы” құмырсқадай көп? Бұл ел расымен өзіне-өзі мейірімі жоқ, тым қатал халық па?
Иығын қозғап, қаттырақ сілкініп жіберді. Үстіндегі жеңіл шапаны да өзімен бірге желп етіп, қайта иығына киіле қалған.
– Балам-ай! – деген сосын. – Халқымыздың басына қара бұлт үйірген кешегі нәубет жылдарды кездескен сайын есіме салып, жанымды шырқырата бердің-ау! Ескі жараның бетін тырмалай бергеннен не шығады? Мен не айтайын? Немді айтайын?
Әрі қарай әңгіме өрбімеген, тез тұзақталған...
Бүгін, құпия қағаздармен танысып алған сәттен бастап, атасымен арада өрбіген әрбір әңгіме сәтін ойша қайта-қайта көз алдына әкеліп, бар түйткілді қазір ғана түсінгендей, кермек қиял қорасында қамалып қала берген-ді.
“Ата, сіз неге сол шақтарда ішіңізбен ғана күбірлеп сөйлеп, шын жүрегіңізбен ашылмадыңыз екен! Не үшін олай еткеніңізді өз аузыңыздан естіп қалуым керек еді ғой, енді былайғы жұртқа қай бетімді айтамын-н! Сізді қандай кісі еді деп жар салуым керек, ата-а...”
* * *
Жұмыс телефоны жас сәбидей жыламсырап ала жөнелді. Тіпті тоқтар емес. Келіп ұстағанша, шыр-шыр етіп, құлақ тұндырып барады. Трубканы көтергені сол еді, арғы жағынан жуан дауыс күркіреп тұрды.
– Салтанатты түрде уәде берсем де, соға алмай жатырмын! Мұндайым жоқ еді. Тұңғыш рет мүлт кеттім. Айып етпе...
– Бәлду, бұл сен бе?
– Соның өзі... Тек... жаман ойлама. Қашып жүргем жоқ. Жол түспей жатыр, шырақ...
– Түсінемін. Бірақ, өзім де қарап жатпадым. Мұрағаттан біраз деректер тауып үлгердім.
– Таза тарих – ел әңгімесі! Бірлі-жарым сөзін өз пайдасына саудалаған суайттарды есептемегенде, халық ешқашан және ешбір жағдайда өтірік сөйлемейді. Оны, бірақ, көңіл құлағымен тыңдаған мақұл...
– Ау, сен... өте тамаша тіркестерді қолданасың осы! Көңіл құлағы дегенді қазір естіп тұрмын.
– Әмәнда әсіре сөзге жоқпын. Ол да ішкі сарайымнан шыққан үн...
– Енді қашан келесің? Әлде... менің шақырғанымды жақтырмай жүрсің бе?
– Жақын күнде жолығысармыз. Әзірлеген бірнеңелерім бар өзіңе. Ал, жақсы...
Трубканы өшіргелі жатыр еді, арғы жағынан:
– Әло, сәл кідір... – деді Бәлдубек. – Телефон арқылы ананы-мынаны сұрай бергенше, неге ауылға келіп қайтпайсың? Ауыл – тұнған қазына...
– Ол да ойда бар. Барамын жақын күнде...
Қысқа ғана жауаптасу біткен соң, өз-өзінен ой жайлауына шығып алып, ауыл туралы тәтті қиялға кезек берген-ді.
“...Ауыл! Ауылым-ау, сені сағынбай жүр ме екем? Қолым қалт етсе неге тартып кетпеске-е...”
* * *
Ақыры орайластырды.
Әлденеше күннен соң ауылға тосыннан жол түсті де, Жапалбек досымен кездесіп, сөйлесу сәтінде өз қолымен ұстап, өз көзімен көріп, оқып шыққан құпия құжаттар туралы әңгіме тиегін ағытты. Ауырлап тіл қатып, қинала қиюластырды.
– Бұдан кейін ешкімге де сенбеймін! – деді даусы дірілдей сөйлеп. – Біздің ауылда намыс пен абыройды аяқ асты еткен кісілер қалайша өте көп? Сұмдық қой! Бұл – нағыз масқара емес пе?
Ышқына айтып, досы да бұның ойын қостай жөнелер деп қатты үміттенген еді, жоқ, Жапалбек мүлде жайбарақат.
– Мына аумалы-төкпелі өмірде қай пеңдеңде мүлт кету мен кемшілік жоқ! – деп тісін ақсита күлгенін қайтерсің. – Біз бәріміз де пендеміз, ал пенде әрқашан пенделік жасамай тұра алмайды.
– Сонда сен... – деді Қоңырхан даусын барынша жуандатып. – Тасбай атаның да, Қосжан атаның да сол бір кер замандағы қисық әрекетін жылы жауып қойып, барынша құп көріп тұрғаның ба?
– Олай дегенім жоқ. Тек... өткенге баға беретін таразы біз емес...
Қатты күйініп, бетіне түкіре жаздап барып, өзін-өзі әзер тежеген-ді. Көңіл сабырын іздеді.
– Ауыл тарихы туралы кім жөні түзу әңгіме айтып бере алады? – деді сосын.
– Қай тарихты айтасың? Біздің ауылда қандай тарих бар?..
Қоңырхан оның мына сөзіне тағы да көңілі толмады. Жапалбекті әп-сәтте ұнатпай, талағы тарс айрыла, тіпті теріс қарап кетпекке бейілденіп тұрған. Енді есіне ауыл “философы” түсті де, оған жалт қарап:
– Бәлдубекті тауып берші маған... – деген.
– Е, оны қайтесің?
– Әңгімеміз бар.
– Сенімен әңгімелесер ме? Көктем мен күзде арқасы қозып, көтеріліп кететінін білмеуші ме ең?
– Сонда... ауылда емес пе? Арқасы қозады деуің қалай?
– Қалаға кетіп қалыпты. Емделіп қайтуға...
– Аудан орталығына ма?
– Жоқ-қ, облысқа тура тартатыны бар. Көлік іздеп жатпайды. Білесің бе, таңертең ерте шығады да, жаяулап отырып, қас қарая үлкен қалаға жетіп барады.
– Жаяу деймісің? Арада үш жүз шақырым жол жатыр...
– Бұл – бірінші рет емес, өткен жылы да солай еткен...
– Қап! Жолығудың сәті түспеді-ау!
Жапалбек енді оның біліп алмаққа ниеттенген дерегіне көмегі тиер деп, бір ауыз сөз қоса салуды өзіне міндет санады.
– Бәлдубектің аузынан шыққанға аз-кем сеніммен қарасақ, шамасы, біздің ауылды қарғыс атқан!
– Қарғыс! Қалайша? Қарғысың не?..
– Кәдімгідей. Жын-сайтандар ойнақ салған кездер де бастан өтіпті. Әй, бәріне кінәлі өзіміздің жеңіл ойлы, жауапсыз аталарымыз ғой. Басқа кім дейсің енді...
* * *
...Жаны қатты күйзеліп, сол күйзеліс сезімін кімге сездірерін білмей, азапқа түсіп кетіп, ақыр аяғында Гүлжанға телефон шалған. Бойжеткен жадырай, жарқылдап тілінен тәтті сөз төкті.
– Ізденісің нәтижелі ме? Тарихи құжаттар не дейді?
– Айтпа! – деді Қоңырхан. – Осыған бекер-ақ бас сұққан екенмін.
Әу бастан басымды аулақ ұстағанымда...
– Неге? Неге осынша күйзеліп тұрсың?
– Себеп көп, Гүлжан. Осы күні өзгені емес, өзімді-өзім ұнатпай, барынша жек көріп барамын.
– Айтшы енді жұмбақтамай! Жапалбектің атасының “халық жауы” атанғаны рас па екен?
– Тек сол ма? Оны “халық жауы” деп мұрнынан тізіп ұстап бергендер – тым алыста емес, өз аталарымыздың ішінде...
Сөзін аяқтай алмай, тұтыға, демін әзер алған.
– Мына жер бетінде ізгіліктен гөрі сатқындық пен зұлымдық тым көп жасалып жататыны не себептен екен? Адамдар неліктен соған оң жамбас беріп, ыңғайланып тұрады екен осы? Басым жетпей барады...
Қыз жігіттің қазіргі жағдайын тез таразылай қойып, әңгіме арнасын басқа жаққа қайырмалап әкеткен.
– Ал, мен... – деді даусын құбылта. –...сенің интернет-танысыңа өз атымнан хат жолдадым. Кеше түнде...
Селк ете қалды. Түсінбей, қайталап сұраған.
– Кімге хат жолдадым дейсің?
– Икс мырзаға.
– Сенің жазбаңа... ол жауап берді ме?
– Келді жауабы. Бірақ, бір нәрсені түсінбедім. Ол менімен қыз секілді тілдесті.
– Мүмкін емес. Сен, шамасы, бір нәрседен қателесіп тұрсың. Басқа біреуге хат жолдағансың ғой... Әйтпесе, ол...
– Қалайша мүмкін емес? Мына алмағайып заманда бәрі де кезектеседі! – деді қыз. – Айналаңа қарасаңшы, қазіргі заман сиқын қандай безбенмен салмақтай аласың?
– Заман сол баяғы заман, өзгеріп бара жатқан дәнеңені байқамаймын. Тек адамдар ғана... бірде алдын, бірде артын беріп, мың құбылуда.
– Вот, именно, адамдар өзгеруде. Өзіңнің интернет досыңның бірде еркек, бірде қызға айналып, құбылғанынан сонша шошығаныңа не жорық? Мұндай жағдай өмірде кездеспесіне кім кепіл?
– Түсінбедім.
– Мысалы, мен шетелде оқып жүргенде естіп-білгем. Еркек пен еркек, әйел мен әйел жұптасып өмір сүруге толық қақылы. Оған ешкім де тосқауыл қоя алмайды.
– Онда жетіскен екенбіз. Бұл деген... азғындаудың басы!..
– Азғындау деп кісінің өз жүрер жолынан жаңылысып-айнығанын айтса керек. Әзірге адамдар сол баяғы сүрлеу-соқпақпен нық басып келе жатыр.
– Мәселе – қалай жүріп келеді? Міне, бар гәп сонда...
– Қисайып жүрсе де, еңкейіп жүрсе де – әйтеуір алға басып бара жатқаны шындық.
– Қисаю мен еңкею де еш жаманшылық нышаны бола алмайды дейсің бе? Алла-тағала о баста тік жүруді несібе етпеп пе еді адамзатқа...
– Адамдар, ең бастысы, хайуанға айналып кеткен жоқ. Одан несіне шошынасың?
– Шошынбай ше! Жаратқан ие пендені қос жынысты етіп жаратты екен, ендеше соны аяғына дейін ұстап өту – пенделік парыз.
– Кейбіреулер оны қатаң ұстанғысы келмейді. Еркіндік дегенді басқаша түсінеді.
– Демек, жаны сырқат. Санасы сырқат. Дереу емделу қажет оларға...
Қыз осы жерге келгенде үндемей қалды. Жігіт “ало-ало” деп, екі-үш рет дыбыстады. Жауап ести алмады.
* * *
Есік шалқасынан ашылды...
Есікті шалқасынан ашқан бейтаныс адам сонан соң барып көрінді...
Жұмыста жападан-жалғыз отырған сәтінде, ойламаған жерден, үстіне баса-көктеп Бәлдубек кіріп келді де, үстеліне алақанын тіреп тұрып, бұған сұстана, ала көзін қадап қалды. Ауылға барғанда естігені бар, кейінгі бір кездері осы жігітті қайталап жын қысып, арқасы көтеріліп, бар даусымен айқайлап сөйлеп кететін күйге түсіпті дейтін. Жапалбек сол жайлы айтқанда, сыртымен сыр бермесе де, жүрегі дір-р ете қалған. Қандай жігіт еді! Мектепте оқып жүргенде өте ақылды, үздік оқушы атанып, қай марапаттың да алдын бермегені әлі күнге есінде.
Қабағына көзі түскен бетте сәл қорқақтап, орнынан тез көтерілді де:
– Ау, қайдан жүрсің? – деп, даудырлап жағдайын сұраған. – Асығыссың мүлде...
– Өткенде өзің соғып кет деген жоқсың ба?
– Әрине. Күтіп жүрмін. Қазір қайдасың дегенім ғой.
– Әй, ауылдамын. Өзіміздің “Октябрьдемін”.
– Пәлі, Октябрь деген атты ел мүлде ұмытып қалған жоқ па, қазір Өрнек демей ме!
– Мен үшін – “Октябрь! Жарайды, оны қойшы, саған келген себебім...
– Айт, бар зейінім өзіңде...
– Осы сен... неге қиын-қиын тақырыптарға үйірсің? Аудан деңгейінде ондай ауыр қиялдар кімге және не үшін керек? Аудан халқын аямайсың ба?
– Ауыр ма? Жоқ, қайта жеріне жеткізіп жаза алмай жүргендеймін.
– Ендеше, мені тыңда.
“...Түлкі-бұлттар ай-олжасын аймалап әлек, тұман-бикештер түн-олжасымен ойнап әлек!..” Не түсіндің? Ұқтың ба бірнеме?..
– Түсініксіздеу...
– Заманның сиқы...
– Ау, сонда-а...
– Бұдан әрі айтпаймын. Тек ескертерім бар.
– Ол не?
– Сенікі – томдап төгіліп, тоқтамай жазатын жазушылардың кітабына керек бозжорға әдіс. Әлде... жазушы атанғың келе ме?
– Әлбетте, жоқ. Журналистиканы жетістіріп алайын әуелі...
– Бәрекелді! Осы сөзді күтіп едім өзім де. Мен де соңғы кездері жазуды бастадым.
– Не туралы?
– Философиялық трактаттар. Қас-сақ философы Әбунасырды оқып көріп пе едің? Сол тақылеттес.
– Е, әрине! Әбунасыр Әл-Фарабиді кім білмейді қазіргі кезде. Ептеп хабардармыз.
Бәлдубек тағы да бастырмалатып сөйлеп ала жөнелген.
– Ауылға келіп кетіпсің. Мен ол кезде облыс орталығында ауруханада, әлгі бір көкмылжың дәрігердің алдында отырғам. Білесің бе, ауылдан таң сыз бере шықтым да, өз аяғыммен кеш бата жеттім. Жол бойы өзіме өз ойым серік. Оңашадағы ойлар қандай ғанибет! Қандай мөп-мөлдір... Сол сәтте, неге екенін қайдам, есіме Әбунасыр баба түсті. Біз екеуміз үлкен қалаға жеткенше алма-кезек сөз суыртпақтап, пікір таластырдық. Мен сұрақ бердім, ол кісі жауап қайтарып отырды. Кей тұстарда менің сұрағымнан тәлтіректеп, жауабын таппай, сүрініп кетіп жатты.
Қоңырхан оған үрей көзімен қарап тұрып қалған. “Халық жаулары” туралы тағы бірнеңелер сұрамақшы еді, енді ол ойынан дереу бас тартты.
– Өзім өте асығыстаумын. Тағы бір жерлерге кіріп шықпақшы едім. Басқа сұрағың бар ма?
– Жоқ! Сұрақ жоқ! Тек... аман жүрші!
* * *
Кеш бата, үйіне құр сүлдесін сүйретіп кірген беті еді, біреу дүрс-дүрс есік қақты. Қараңғы түсе мұнда кім келуі мүмкін? Ешкімді күтпеген. Ешкімді шақырған жоқ. Жанына жалғыздық тілеген ойы бар-ды.
– Кім екен бұл? (Ішкі жағынан дауыстады)
– Мен...
Даусынан таныды – бағанағы Бәлдубек. Есікті ашты. Ол ішке өтті. Өтті де қалт тұра қалып:
– Бір қазаққа бір түндік ұйқы төсегі табылар, рұқсат бар ма, жұмыр басты? – деген.
Жігіт не десін. Үйге кірген кісіні кім қуып шығатын еді.
– Әрине! Қонам десең, төр міне!
– Ендеше, шешінейін.
Екеуі оңаша отырып, шәй ішті. Бәлдубек көңілі жайбарақаттанып, маңдайы жіпсіген соң, әңгіме тиегін еркін ағытты.
– Сенің білмек болып жүргенің – “халық жауларының” жайы ғой, – деді. – Ендеше, айтайын. “Октябрь” аулы әбден құлдыраған, азып-тозған, ар-ұяттан жұрдай топыраққа айналғалы қаш-шан! Өзімізді өзіміз аспандатып мақтай береміз, әйтпесе, ана бір зұлмат жылдары ең көп шолақ белсенді біздің ауылдан шығыпты, ең көп “халық жауы” да бізге тиесілі. Бұл нені айтады? Ел ішінің шырайы кетіп, іріп-шірігенін айбарақ етпес пе!
– Ал, осының түпкі сыры неде деп бас қатырам кей күндері.
– Сен екеуміз бүгін де, ертең де, тіпті өмір бойы шеше алмас жұмбақ. Так что, шаршамалық...
– Жұмбақ! Қай жері жұмбақ?..
– Слушай, жұмыр басты, оның себептері мың-сан. Қай жағынан алып, қай тұсынан таратайын. Тіпті бұған бір түн аздық ететінін де біліп қойғаның дұрыс-ақ!
Аз-кем тоқтады да, тағы да сөзін жорғалата берген.
– Бір нәрсені біле жүр. Ана ауыл әкімі болмаққа ниетті Жапалбек досыңның атасы Тасбай ең соңында өзіне-өзі қол жұмсап, жарық дүниеден масқара өліммен аттанған...
– Рас па? – деп, таңдана сұрады Қоңырхан. – Әзілдеп тұрған жоқсың ба?
– Оны өзің зерттеп ал. Ал, мен... дәрімді ішіп алайын да, ұйықтайын. Әлгінде психикалық сырқаттар арасына түсіп, қатты шаршаппын...
Қоңырхан шошына қарады оған...
Бәлдубек төсекке жантая берді де, қайта басын көтеріп алып, былай деді:
– Өзімнің рухтас, пәлсапашыл, ескі досым Әбунасырдың бір қанатты сөзін айтайын ба?
– Жарайды. Айтам десең, тыңдайын.
– Ол данышпаның былай деп жазып қалдырған:
“...Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш...” Қалай әдемі қиюластырған, менің ойлы досым, ә? Ал, біз болсақ... Әй, бізді қойшы осы...
Сосын жастыққа басын қойды да, деп-демде қор ете түскен.
ТҰРАҚСЫЗ адам ба, әлде ОЙ мА?
(үшінші ойталас)
...Қап! Тағы да мазалады. Тағы да дызақтады.
Зың-ң етіп, бойын дір еткізгенін қарашы. Қалта телефонының даусы. Қолына алған.
“...Ештеңеге пайдасы жоқ, көрер көзге көр сұмпай арам шөптер бар, олар сен серуен құрып, жеміс-жидек теретін бақ ішінде де жайқалып, мейлінше қаулап өсіп тұрады...”
Тұп-тура өткендегі телефон нөмірінен келіп түсіпті. Ендеше, бұл сол адам. Соның жазбасы.
“Сен кімсің?.. Неге ныспыңды жасыра бересің, маубас-с...”
Бәрібір жауап бере қоймас бұл найсап деп, телефонын өшіре бергені сол еді, тағы да зың-ң етті.
“...Бұл – мен, жұмыр басты! Ендеше, бұдан былай біле жүр. Бәлдубекпін, ешкібас-с...”
Қоңырхан ауылдағы философтан бұндайды күтпеген еді, шалқасынан түсе жаздады.
Сенерін де, сенбесін де білмей, аңтарылды.
* * *
Ойланып, ой тұңғиығына батып отыр. Түпсіз терең қиял бұны бағанадан бері әбден байлап-матап тастағандай. Қолына қаламын ұстайды да, қайта тырс еткізіп тастай салады. Не туралы жазбақ керек?
“...Әнебір замандарда ел ішін дүрліктіріп, у-шу жасап, “халық жауларын” қойша тоғытты, бірінен соң бірін өлім жазасына кесті, жарық дүниеге жәутеңкөздене қарап, қош бол десті жарықтықтар! Ал, бүгінде... ондай апалаң-топалаң заман жоқ, біреудің біреуге қоқан-лоққысы байқалмайды, алайда өзін-өзі іштей жек көрушілік пен өз өміріне өзі риза емес жандар көбеюі қалай? Ғасырдан соң ғасыр алмасып, бәрі де жетіліп, жақсылық күндерге соншалық ынтызарлықпен асыға жақындап қалдық десек, сол рахаттан көре көзге бас тартудың сыры неде? Адамдардың мың құбылу құпиясы нені мағлұм етпекші...”
Ой арнасы тереңдеп-тереңдеп барып, бұлқынып кетіп, жанын шырқыратқан. Кеудесінде ащы ағын жөңкіліп бара жатқан.
“...Неге адамдар арасында қуаныштың сұлу сәулесі азайып, қараңғылықтың қарадүлей лебі ойнақ салады? Оны тудырушы кім? Кімге керек құбылзат?.. Кім армандайды төбеден төніп тұрар мұң аспанын...”
* * *
Бүгін көпке дейін алдындағы темір жәшікті түртпеді, әдейі назар салмаған. Ойындағы мақаланы жазып бітіргенше өзіне де, көңілге де тежеу тілеген.
Енді, міне, бәрібір назары ауып кетіп отыр.
Компьютерінің тиісті тетігін басып жіберіп, қосып қалғаны сол еді, Икстен дүркін-дүркін хат келіпті тағы да. Бұл жолғы хатының жазылу мәнері де өзгеше. Былай деп бастапты:
“...Сен де, мен де – жұмыр басты пенделерміз. Ал, енді қолыңды кеудеңе қойып сөйлеші, неге біз қып-қысқа күнде мың құбыламыз? Әсіресе ойымыз неліктен барынша тұрақсыз?.. Әлде... ой мен қиялға иелік ете алмай келе жатқан өзіміз бе?..” деп алыпты да, әрі қарай өзінің ой-болжамын кестелепті.
Оның ойынша, адамның жақсы-жаман яки ақылды-ақылсыз болмағы – бір Жаратушыдан! Жаратушы қалай жаратса, солай іс-қимыл жасамақ керек. Одан ешкім ешқашан бойын аулақ салып, беті ауған жаққа қашып құтыла алмаған.
Тағы да бір бұралаң ойдың бұйра желкесін қыстыра қылтитыпты. Адамдардың жер бетінде әртүрлі, әрқилы өмір кешуі де, бір-бірін түсіне алмауы да – тағы Алладан.
Бәріне кінәлі – бір Жаратушы!
Сөз түйіні – осы!
Осылай тәптіштеп отырады да, кенет, аяқ астынан өзіне-өзі қарсы шығып, өзгеріп сала береді. Енді басқаша сайрайды.
“...Міне, жер бетіндегі барша дөңгелек бас пенделер өстіп барынша қателесіп күн өткізе берген. Олар мына тірліктегі сәттілікті де, сәтсіздікті де, жеңісті де, жеңілісті де – бәрін Аллаға телиді. Алла қалаған соң ғана солай домалады, әйтпесе бәрі де керісінше қиюласып кететін еді дейді. Сен осыған қалай қарайсың?..”
Бір түйіп тастайды да, артынан екінші ойдың сорабын сыналап сыздықтатады.
“...Ой шексіздігін, әсіресе балақ жүні күзелмеген бейбас ойларды бұғаулап-шектеу үшін, мына жарық ғаламда, ақылды адамдар қандай айлаға барып, не істемеген дейсің! Бәрі де қажеттіліктен! Барлығы да амалсыздықтан-н...”
Түсінбеді. Түсінгісі-ақ келіп еді, оның мына жазбасына еш ақылы жетпеді. Не айтқысы келді екен, аты-жөні белгісіз жанды жаратылыс, а?..
* * *
Хатты оқып-түгесіп тастап, өзінше толғанып-толқынданып, ой кермесіне салмақ сала отырып алған-ды. Расында бұл не? Астарында не бар?
Неліктен жұмыр жерге шыр-р етіп түскен жас сәбидің қайтері, қандай адам кейпінде қалыптасары, нені бастан кешері алдын-ала жазылып қояды екен? Олай ететіні тайға таңба басқандай, бұлтарыс-бұрылысы жоқ, шүбәсіз де рас ақиқатқа айналса, адам несіне жанталаса, тынымсыз талпынады? Не үшін басын тауға да, тасқа да ұрады?
Түсінсе бұйырмасын!..
Содан соң мынадай ой сонарына ілгек ілген.
Әлбетте, құдіреті күшті Алла-тағала адамды жаратқаны әмбеге аян, бірақ оның алдағы өмірі мен тағдыры, тайталасы мен талпынысы көбіне-көп өзіне байланысты өрбитіні неге өтірік? Оны кім жоққа шығарғысы келеді, а?.. Пенде ғалым атанамын деп алдына айқын мақсат қойса, күндердің күнінде соған жете алады. Пенде ұшқыштың жолын таңдаса, түбі арманына қол жеткізбек. Қысқасы, адам арманы алға жетелейтін қозғаушы күш. Егер кісінің ізгі қиялы кез-келген сәтте бырт етіп үзіле салатын арқан іспетті деп елестетсек, онда жарық дүниеде пендәуи өмір сүрудің мәні қандай? Оның несі қызық екен?..
Осындай терең ой үстінде отырған сәтінде қаладағы сүйікті қызынан хабарлама сарт ете қалған. Ашты. Оқыды. Гүлжан былай деп жазыпты:
“...Мен тап қазір Икс мырзадан жауап алып отырмын. Ол маған өте қызық ой тастады. Соны айтайын ба? Мынаны жазыпты: “Жер бетіндегі адамдар неліктен екі жынысты болып, өздерінше бөлініп, әрқайсысы басқаша тағдыр мен бөлек жол ұстанады екен? Ұл ұл болып, ал қыз қыз болып жаралғанына мақтан етуге тиіс емес. Екеуінің де тірлікте атқарар қыруар мақсат-міндеті бар, әлбетте, соны қалай орындайды, міне, мәселе түйіні осында жатыр.” Икс осылай деп келеді де, арғы жағында тағы да тосын ойдың басын қылтитады. Арғысын айтпай-ақ қояйын енді...”
Бойжеткеннің нені жасырып-бүркемелеп отырғанын білмекке ынтызарланды. Ынтық ниет алқымдап кетті.
“Неге менен жасырасың? Айт! Түгел айт енді...”, – хабарлама жіберді.
Қыз да ұзақ күттірген жоқ, “зың” ете қалған жауабы да көз алдын көлбеді.
“...Икс мырзаның жазуынша, жер жүзінде қос жыныстылар арасындағы тосындау мәселелерге мүлде көңіл аудармайтын уақыт туыпты. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде еркек пен еркек, әйел мен әйел жұптасып, өмір кешуді кәдімгі өмір салты есебінде қабылдайды. Бұған, тіпті, мемлекет те “тәйт, қойыңдар да тоқтатыңдар” деп кимелеп кетіп, араласуға хұқы жоқ...”
“Онда жетіскен екенбіз! Пенде парасат деген өз биігінен өзі қашқан соң, азғындауының басы осыдан-ақ көрінбей ме!.. Тіпті, айуан екеш, айуан да олай етпейді...”
“Бұлай ашу шақыра, көңіл қарсылығын көрсетіп, дікектеуің қалай? Бұл – мен емес, досың Икстың жазбасы деймін. Ренжісең, соған айт! Соны жағадан ал. Маған не дейсің...”
“Айтамын! Жазамын оған да...”
“Сөйт! Сөйте ғой. Ал, мені жайыма қалдыр-р...”
Қыздың қылт етпе мінезіне таңдана әрі масайрай түсіп, одан бетер түртпекке алып, сөйлете түскенше құмарта, қайталап хабарлама жолдады.
“...Білем, сен де бұл мәселеге көңіл төрін беріп тұрасың. Әсіресе, шетелде оқып қайтқалы бері...”
Қыз жауабы келді.
“Сен солай ойласаң, онда ашығын айтайын. Мен замана нені алға тартып отырса, соған ілескенді жөн көремін. Сен секілді ауыл арасындағы күбір-сыбырмен шектеліп қала алмаймын...”
Жігітті ашу қысты.
“...Шетелге барып келдім деп, тым мұрныңды шүйіріп, көкке көтере берме! Ауыл – халқымыздың қара бесігі! Өз бесігін мазақ еткен елдің келешегі келемежге түседі...”
“...Ой, айтқышым-ай! Қиялда! Арманда! Тоқтама-а...”
“Керек десең, мен осы кермек қадамды талдап тұрып, көлемді мақала жазамын. Адамзатқа ой тастаймын-н...”
“Жаз! Жаза бер! Маған десең, неге бір том еңбек жазып тастамайсың, а?..”
“Сен... сен бұрынғы Гүлжан емессің! Ішкі сарайың тұманға тұншыққан. Күннен-күнге өзіңді тану еш мүмкін болмай бара жатыр. Расымен де, бұрынғы Гүлжансың ба, а? Әлде... басқа біреусің бе?..”
Жауап келген жоқ.
* * *
Ойдесте тағы да ой әлеміне ойнақтап кіріп, өрнек салды...
“...Қыздың сыртқы көркіне құмартып, сырт әлеміне ғашық жүрекпен ынтығып-ұмтыласың ба? Әй, қайдам... Бәлкім, оның сөзіне елтіп, әсеріне балқисың ба? Ол да күдіктілеу... Анығында, ер адамды өзіне тұтқын етіп ұстайтын – арудың ешкімге ұқсамас шыныдай шыңылтыр мінезі шығар! Егер осы тұжырым дұрыс десек, онда Гүлжанның қай мінезі, қай қылығы жүрегімді жаулап алып еді? Баяғыда-а... студент шақтағы өте таза, кіршіксіз, таңғы щықтай шынайы қалпын осы күні неге жоғалтты? Оны өзі де сезіп-біле алмай келе жатқаны ма, қалай?.. ”
* * *
Кенет... есіне қайсыбір күні өз қолымен қайта-қайта парақтаған, қиялын сан-саққа жүгіртіп, жүрегін сыздата ауыртқан құпия жазбалар түсе кеткені. Құжат деген аты ғана, әйтпесе ол қағаздардың арасынан сасыған қан исі шығатындай. Қашан оқып-парақтап шыққанша өзі де қара терге түскен: осынша ауыр, осынша жүрек жаралар жазбасөз де бар екен; әрбір жолынан кісі тағдыры көзін сата сығалап қарап тұрды; әр бетінен кейбіреулердің көз жасы мөлт-мөлт төгіліп кетердей-ді...
Интерадам нені мағлұм етпекші екен? Әлде... әлденеше күннен бері бұған адам болмысы туралы кермек баян айтуының өз сыры бар ма? Ал, бұны солай деп түйіндер болсақ...
Рас, Жапалбектің атасы “халық жауы” екен, кешегі “қызыл саясат” оны кінәлі деп тауып, қылмысын қиып салып, мойындатып, алыс түкпірге жер аударған. Молда байғұс “басқа салғанды көтереміз ғой, қайтеміз” деп үн-түнсіз аттанып кете барған. Шыдамдылық! Қайсарлық! Рухтылық! Жоқ, оның бірі де емес, бұл солақай саясаттың дегеніне амалсыз көніп, бас ию! Былайша айтқанда – құлдық қамыт!
Жарайды, молда солай етіпті. Ал, сол молданың “кінәсін” мойнына қойып беруге көмектескен Тасбай мен Қосжан деген сақалдылар ше? Оларды кім деген дұрыс? Қалай ақтап, қалай ар алдында аршып алсақ екен ендігі жерде?
Ақтау! Қалай? Қайтіп?..
Тағы да ой ұшқыны алыстағы, тым-тым әрідегі жұлдыз жарығындай көмескіленіп, жер түбінен қылаңдайды.
Асылы, пенденің қиялы кірлемей тұрғанда, жақсы да ізгі армандарға қол созуы – сәби күнінен бастау алуы қажет. Асылы, ана әлдиін айтып тербетіп отыратын тал бесіктен таралып жатса кәнеки! Бесіктегі тәрбие – барша тәрбиенің сынық сәулесі...
Содан да болар, әзиз-Аналар құндақтаулы сәбиіне әуезді әлдиін ыңылдап отырып, ізгілік деген құпия әлемнің алтын қақпасын ақырындап ашады. Бар жүрек жылуы мен ынта-ықыласын осы жолда еш тартынып, аяп қалмайды. Ұрпағының күні ертең ұлы армандарға қол созғанын көргенше асық. Барынша ынтық!
Бұл не? Бұл – өмір үшін күрес.
Жер жүзіндегі ана біткен балақайдың ең алғашқы қадамына атүсті, немқұрайлы қараса, онда өз ұрпағы алдында кешірілмес күнә, жо-жоқ, үлкен қылмыс жасағаны, тіпті адамзаттық апатты жақындатып қойғаны. Өйткені, бала әу баста мөлдір ықылас пен ізгі сезімге бөленбесе, таза арманға да бой ұру бақытынан айрылады. Арманы мүлде аласа, ергежейлі қалпында қалады. Міне, содан соң барып, не ұры, не қаныпезер, не ақымақ ант атқыр өмір табалдырығынан жыланкөзденіп қарап тұрмақ.
Қайталап ойлап, еселеп еске түсіріп, өз жанына тыным бермей қойған Қоңырхан енді тағы да Қосжан атасын есіне алған. Жо-жоқ, бұл жолы атасын емес, оның жалғыз ұлын көз алдына елестетуге тырысқан.
О, одан бері қанша заман өтіп барады, бұның мүлде бала күнінде, бір жолы қария үйге келіп, қабағы түсіңкі қалыпта ащылау сөз бастағаны бар.
– Ау, Қапан шырақ! – деді. – Мен бейбақ, осы кезге дейін көрген кермегім аздай-ақ, тағы да бір сынаққа тап келдім білем!
Қоңырханның әкесі Қапан ағасына жаны ашығандай, баяу үнмен:
– Е, ақсақал, нендей қиғаш іс кимеледі? – деген.
– Не дерің бар, қарағым! Әлгі құдайдан сұрап алған жалғыз ұл бар еді ғой, мына Ресей жағына кеткенін өзің де білесің, сол жақта кісі өлтірген дей ме – енді іске шатылып, сотталып бара жатыр.
– Сотталғаны қалай?
– Кәдімгі сот деймін. Сөйтіп, итжеккенге жер аударылғаны туралы хабар жетті... – Көзінен жас тамды.
– Оны құтқарып-алып қала алмаймыз ба, көке?
– Әй, кешіктік-ау! – Осыны айтты да, ауыр күрсінді. – Кешігіп қалдық. Енді кеткені кеткен, қайтып адам кейпіне келер деймісің!.. Үмітім үзіліп тұр...
– Қойыңыз, бала әлі-ақ оралар! Жазым шығар бәрі де... – деп, Қапан басу сөз айтып, жұбатқандай сыңай байқатып еді, қария:
– Поу, шірік өмір! – деп, кенет айқайлап жібергені. – Жаман ұлға жаның да аса көп ашымайды білем! Сол баланы енді... ұмытқым келеді.
– Олай демеңіз! Қайта аман-сау оралғанын тілеңіз!
– Әй, оралмас! Орала қоймас! Итжеккенге барған із бар, қайтқан із жоқ, оралары бар, баяғыда айдалып кеткен ана Тасбайдың ағасы – Тоқымбай келер еді ғой. Тоқымбайдың тұқымы құрып кеткелі не заман...
Мүдіріп қалды да, қайталап күрсіне сөз ілгектеген.
– Сорлы Тасбай-ай, саған не дейін! Өз өміріңе өзің балта шаба салатындай, соншалық осал ма едің? Біз бе екен, заман ғой кінәлі... Алағай-бұлағай шоқайма саясат қой дегенімізді болдырмай, бәрін де мойнымызға қиып салған... – Тісін қышырлатты.
Күрсінді. Аз-кем күрсініп отырды да:
– Қапан қарағым! – деді. – Мына бір балаңның пәмилиесін маған қи! Әйтпесе... атым да өшеді енді бір аз уақытта...
Інілік жолдан жаңылып көрмеген інісі бұл ретте де ізетін үзбей, елпек қақты.
– О не дегеніңіз! Біз барда сіз бар емессіз бе, ағасы! Айтқаныңыз орындалады, әрине!
– Рахмет! Рахмет, қарағым... Бұдан өзге қолқам да, салмағым да жоқ өздеріңе...
Орнынан тұрып, есікке беттеген.
Ол кісі шығып кетісімен әкесі Қапан ауыр күрсініп алды да:
– Ай, көке-ай! – деді. – Өзіңізден де бар ғой. Кісінің обалын арқалап жүру кімге жақсы жол ашып, жан рахатын тигізер екен! Өзіңіз ғой...
Әке сөзін, ол кезде мүлде бала еді, Қоңырхан дұрыстап түсіне алмаған. Бар ұққаны – енді бұның фамилиясы Қосжанов деп жазылатыны...
* * *
Телефоны тыз-тыз етіп безілдеп ала жөнелді де, кезекті хабарламаның жеткенін жариялауға асыққан. Өз қиялымен Интерадамды ойлап, сонымен тілдессем-ау деп отырған сәті-тін. Асыға ашып, оқи бастаған. Иә, сол Икс мырза...
“...Маған ренжулісің бе?” депті. “Білем, іштей өкпең бар. Алайда, сен маған емес, мына алды-арты оп-оңай айналып келе беретін өмірге өкпеле мықты екенсің...”
“Сен не туралы айтасың? Ұқпадым ойыңды...”
“Ұқпасаң, ашық-ақ жазайын. Сүйікті қызың – Гүлжанға “хат алысайық” деп қолқа айтсам, тілім кесілсін. Алдымен оның өзі хабарлама жолдады, сосын мен қарап қаламын ба – жауап бердім. Әуелгі өкпең осы шығар – оған осылай деп ақталамын...”
“Ақталма! Гүлжан бәріне де өзі кінәлі. Екеуміздің арамызға сөз емес, сұр жылан сүйреп кірмегені жөн еді. Бірақ араласты...”
“Бұл қыз, тілімді алсаң, жаман жар болмайтын сыңайлы, реті келсе, үйленуге асық. Өйткені, ол да, сен де – лапылдақ сезімге еріп ала жөнелер жас емессіңдер...”
“Қартайып келе жатырсыңдар демексің бе? Жоқ, бүгінгі заман – мүлде басқа уақыт. Қазіргі жастар отыздан асқанша өз бойын күтіп, салт басты, сабау қамшылы жүре беруге әбден көндіккен...”
“Міне, сондықтан да сенің мына бейбақ халқың көбеймей, орта жолда табандап қалып отыр. Айналасындағылардан сан жағынан кежегейлеп, мүлде артта қалып келе жатқандарың да содан...”
“Бар демография тек маған тіреліп тұрмаған шығар...”
“Әрқайсың осылай ойласаң, он, жүз, мың адам болып көбейіп-еселейді. Ұлт саны сол орнында табандайды...”
“Болды! Тоқтат!”
“Жарайды, оны қойшы. Екінші ренішің – атаңның бір замандағы көңілді шоқ секілді қарып өтер іс-әрекетін әшкерелеуге тікелей себепшілік әрекетім шығар. Мен әдейі істеппін бе?..”
“Ол ма? Ол басқа әңгіме. Бұл жайынан сен екеуміз әлі талай пікірлесіп, тіпті найзаласуға дейін барармыз, бәлкім...”
* * *
Таңертең тұрған бетте, ай-шайға қарамастан, Интерадамға отыра қалып, “сен ақыл-санасы түпсіз тұңғиық, екінің бірі түсіне алмайтын адамды танып-білдің бе әуелі” деп, ой-толғам толғап, жауап хат жазуды ойлаған. Бірақ, қолы кері тартып, кежегейледі.
Әлі де ойланып алмақ.
Кім біледі, өзі де қателесіп отыр ма?
Бәлкім, бұл өмірдің әлі ешкім ашып-танымаған қыр-сырлары тау тасынан да көп екені рас та шығар?..
Соны санасында шайқағандай күймен, үн-түнсіз тежеліп қалған жайы бар-ды...
* * *
Жұмысқа қатты асығып келе жатқан. Қарсы алдынан еңгезердей, қара киімді адам күтіп тұр екен. Қорқақтап қараған. Сосын таныды. Бәлдубек! Өзі көңілді. Ыржалақтап күле береді.
– Қашан келіп қалғансың?
– Осы қазір! Автобустан түскен бетім.
– Ал, не шаруа?
– Шаруа менде емес, сенде, жұмыр бас! Былай ғой. Естуімше, сен біздің ауылдың ақсақал-қарасақалдары туралы мақала жазбақшы екенсің. Тілімді алсаң, ол ойыңнан қайт. Мүлде тоқтат!
– Неге?
– Біздің ауыл – тарихы бұлдыр да былдыр түсініксіз топырақ екенін өткенде аңдаттым, әрине. Елдегілердің ішінде “халық жауы” да, белсенділер де, сатқындар да, екіжүзділер де көп екенін жасырғаным жоқ. Оны осы кезде ашып айтудың қандай қажеттігі бар – миыма кірмейді! Көрінде тып-тыныш ұйықтап жатқан Кобраның басын неге түртесіңдер? Жабулы қазан жабулы күйінде қала берсе қайтеді, а? Тыныштықты сақтау да – ақыл...
– Жарайды. Жазбай-ақ қояйын. Тек өзім үшін білсем деп едім. Неге біздің ауылдан “халық жауы” қаптап шыға берген?
– ...Деп, жөн сұрақ қойған жоқсың. “Неге біздің ауылда екіжүзділер өте көп болған?” Міне, осылай деп бастасаң, ақылға серік.
– Сұрадық делік...
– Бұған дәлме-дәл жауапты сен де, мен де жақын уақытта таба алмайтынымызды ана жолы еске салғам. Қысқасы, бұның түбі көрінбейді. Түбі – құрдым...
Аз-кем тоқтап, ойланып, алысқа көз тікті. Сосын, қайта жымиып алып, басқа әңгіменің ішегін соза бастады.
– Біздің ауылдың аты – “Октябрь” ғой, ә?
– Бұрын солай аталған.
– Бұл деген не? Бұл – не айтқың келсе, соны айт яки отта бір дегенді білдірмей ме!
– Октябрь мен оттауды қатарластырып қойғанын тым жарасып тұрған жоқ.
– Әрі қарай тыңда. Енді егемен біз, өзімізге өзіміз бас иеміз. Сол егемендікті кейбір жылпостар мен пысықайлар өздерінше пайдаланып, “бәріңе еге мен” деп төс қаға мақтанып айтады екен.
– Бұның да аса күлкілі емес...
– Күлдіру үшін айтып жатыр дейсің бе? Әй, сен де осы...
Сөзін кілт үзді.
Тағы да, тек бұл жолы алысқа емес, зеңгір аспанға көз қадады. Шалқая қарап, ұзақ-қ тұрып, қатты-қатты түшкірді.
Содан соң қайтадан иегін төмендетіп, сөз тізгінін ағытты.
– Сен... – деді бұған. – ...Сен бар ғой, осы қалпыңмен жүре берсең, ешқашан да қатын алмайсың, жұмыр бас!
– Е, оны қайдан білдің?
– Ақылымды тыңда. Ана Гүлжан дегенің саған қатындыққа жарамайды. Неге дейсің бе? Өйткені, ол шет жерді жағалап қайтты. Ал, шетелдегі өмір сіз бен бізге бас білдірмес асау ат. Ондай қыз енді бәрін де сол шет елдің деңгей-дәрежесімен таразылағыш...
– Гүлжанды қайдан білесің?
– Е, ұмыттың ба! Өткенде үйіңе қонғанда, әңгіме арасында онымен екі рет сөйлестің. Тілдестің. Дауластың. Мен соншалық ақымақ емеспін. Түсіндім бәрін де...
– Бірақ... жаман қыз дегеніңе қосыла алмаймын, қарсымын!
– Қыздың қандай екені алғашқы сөзінен-ақ көрініп тұрады. Оның саған ақыл айтып, әкіреңдеуі – тәрбиесіздігі. Одан да қаттырақ айтсам – тексіздігі.
– Олай емес! Жақын арада үйленіп те қалармыз. – Осыны айтып, кішкене мүдірді де: – Оны қойшы. Одан да мынаны айтшы. Әлеуметтік желіге сен де кіре аласың ба?
– Кіремін. Үйде компьютерім бар.
– Маған көптен бері Икс деген кермінез адам аузына келгенін оттап, хат жаза береді.
– Не дейді?
– Ақыл айтады. Ойлары кедір-бұдыр... Әуен нотасы секілді, бірде жоғары, бірде төмен...
– Сені қайдан таниды екен?
– О, ол тіпті менің жеке өмірімнен де молынан хабардар көрінеді.
– Ә, – деді Бәлдубек. – Ендеше, тым алыста емес, өз жаныңда жүрген кісі, әйтпесе, өте жақын танысың...
Қоңырхан шошына селк етті. Тап осы сөзді Гүлжан да айтып еді-ау, қалайша есінен шығара береді? Ау, сонда кім екен жаңағы Икс-адам?..
* * *
...Ұйқы құшағына молынан батып бара жатты да, кенет шошып оянды. Әдемі түс көріп жатқан. Түсінде мына әлем жасарып-жайнап, барынша құлпырып, “маған келе қал” деп, Қоңырханды өзіне үздіксіз шақырғандай. Әлем дейді, ал әлем дегені адам емес пе? Сол адам... бұған неліктен соншалық ынтызарлық танытты?
“...Кел! Кел тезірек! Рахатыма бат! Өмірдің шын мәнінде бойға бал тамызар ләззатты екенін сезіне біл, Қоңырхан-н...”
Оянып алды да, өң мен түстің арасында қалқып ұшты. Жә, тап осы сәтте бойына ғажайып бір құлшыныс, әлде қуаныш, әлде шаттық па – бірнеңе ұшып келіп қона қалғандай. Жазғысы келді. Жазуға ынтықты.
Тұрды да, жазу үстеліне келіп отырды. Сөз тізді.
“...Уа, өмір! Сен қандай ғажапсың! Өзіңнің мейіріміңе мен ешқашан тоймаспын да тояттамаспын! Өзіңе барынша ғашықпын! Ғашықпын саған, қасиетті Өмір-р...”
Тоқтап қалды. Не жазып отыр өзі?
Түкке түсінсе бұйырмасын.
Орнынан ақырын көтерілді де, бұрыла беріп, қайта жалт қарап, әлгіндегі жазбаларды жыртып-жыртып лақтырып жіберді...
адам ЖӘНЕ МАХАББАТ
(төртінші ойталас)
Тағы да сұрақ-жауап басталып кетті.
– ...Сен, Қоңырхан, әлі күнге көп нәрсенің көбесін сөгіп, байыбына барып жүрген жоқсың.
– Түсіндірші ендеше...
– Икс мырза кім? Сенің бар құпияңды қалайша оп-оңай біліп отырады? Ойланып көрдің бе?
– Жоқ! Ойланбаппын.
– Ендеше, саған ашып айтайын, хат жолдаушы ешқандай ғайыптан тайып келген құпия адам емес, өзіңе әбден таныс жан, ол – Гүлжан...
– Не дейсің? Апыр-ау, мына сөзің қалай? Кісі сенбес өтірікті қалай қиюластырасыңдар, а?
Бұлқынып, аунақшып кетті.
Ашулана сөйлеп, жастығынан басып жұлып алған.
Түн іші. Тағы да түсі болып шықты. Бірақ... жансарайына қара дию кіріп кеткендей, көңіл қорқытты.
Өзінен-өзі үрейленіп, ұзақ алаңдап, дір-дір етті...
* * *
...Телефонға еріксіз қолы бара берген. Әйтпесе безілдегені басылар емес. Жоқ, сөйлесіп үлгермеді. Өшіп қалды. Бірақ артынша бір хабарлама түскенін дереу аңдады.
Қайтадан ашты. Оқыды.
“...Жігіттің қорғаны – батылдық!
Қыздың қорғаны – нәзіктік!..”
Көңілі масайрап сала берген. Ойпырмай десе, бұл дәу де болса, әрине, Бәлдубек. Маған деген тілектес көңілі... Мені қайрағаны.
Дереу жауап жолдауға асыға кірісіп кеткен.
“...Мен сенімен жүз пайыз келісемін, қадірлі дос-с...”
...Жанына тыныштық тілеген күндер еді.
Күндіз жұмыста уақыт өткізіп жүреді де, кешке бір-екі досымен кафеге барып, сыра ішеді. Маңызсыз нәрселерді айтып, бос мылжыңдасады. Өзіне түк қызық емесін біліп-сезе тұрып та, ұзақ-қ отырып алатынды шығарған.
Енді не істемек? Үйге келсе, жалғыз өзі. Қағазға үңілсе, жүрегі дауаламайды. Компьютерді қосса, тағы да Икс мырза...
Қайда қашады? Қай жаққа қашқысы келсе де – күтіп алып тұрған қара Дию – Қорқыттың көрі...
Тіпті осы күндері өзі өлердей жақсы көріп, баянды бақытына балаған қызы – Гүлжанға да телефон соғуға құлықсыз. Бір-екі рет хабарлама келсе де, жауап қатпай, тым-тырыс жатып алған.
Аса бір көңілсіз күндері өтіп жатыр еді...
* * *
Кеше кешкісін, Икс мырза бұған былай деп қысқаша хабарлама сөз жазыпты.
– Сен қалай ойлайсың, ұлт пен ұлтты салыстыра сөйлеуге негіз бар ма?
Жауап берген.
– Әрине! Әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Ағылшын француз емес, неміс жапон емес, қазақ орыс емес...
Ол айтты:
– Апыр-ау, ұлт дегенді кім ойлап тапқан? Баяғыда жер бетін бір ғана пенде – Адам деген жаратылыс жайлаған. Ұлтты ойлап тауып, мың-миллионның есін кетіріп, басын қатырушылар – кейінгі “данышпандар!”
Бұл айтты:
– Арғы жағына тереңдеп, тұңғиығына сүңгіп, батпаққа батып қайтеміз? Жер бетінде бүгінде 200-ге тарта мемлекет бар, 7 миллиардтан астам адам емін-еркін өмір сүру бақытын бастан кешіп жатыр. Сөйте тұра, өз әдет-ғұрпын әуелете ұстап, сол қалпында сақтап қалған халықтар да аз емес. Әр ұлт – өзінше индивидум!..
Ол айтты:
– Түбі, көр де тұр, ұлт деген ұғым өлімсірейді. Мысалы, сен қазақпын деп кеуде қағасың. Күндердің күнінде қазақ деген қасаң ұғым да, ұлт деген үстірт ұран да мүлде мағынасыздыққа ұшырайды. Бәріміз де бір ғана ныспымен – адамзат баласы деген атпен аталамыз...
Не дерін білмей тосылды...
* * *
Ойдесте қайталап оралып келіп, өзінше өрнек салды...
“...Адам-Ата мен Хауа-Анадай бастау алған ұлы соқпақ жол – сен енді адамзатты қайда, қай жаққа, қай қиырға жетелеп кете бармақсың? Мына заманда адам біткен ақылды, ал кейде мейлінше ақымақ бейнеге айналып кете беретіні қалай? Бәрі де пенденің өз кінәсінен, өз жолсыздығынан бастау алып жата ма, әлде басқа да бір себептері бар ма екен? Ақыл дегеннің анықтамасы қандай? Адамның ми қатпарының мың құпиялы қалтарысына кім кіре алған? Барлығын да білуге, барлығын да анықтауға әбден-ақ мүмкіндік табылар, алайда ми құпиясы әлімсақтан бері өз әлемін ашпаған, енді ашуы да мүмкін емес жұмбақ қалпында қала бермек пе?..”
* * *
Екеуі келісімге келе алмай, әрі тарт, бері тартқа түсіп, ақыры компьютерді өшіріп, үйіне қайтқан. Жол бойы сол ойдың жетегіне еріп, қайта-қайта миы солқылдаған.
“Неге жер бетінен ұлт деген ұғым сызылып, ұлтым деген атау жойылып кетеді екен? Ау, ол мүмкін бе?..”
Көшеде келе жатқан сәтінде қалта телефоны шыр-шыр етіп, безіл қақты. Қолына алып қараса, Гүлжан екен.
– Бүгін күні бойы трубканы көтермей қойдың ғой! – Бойжеткен наздана тіл қатты. – Жұмысың қауырт болып кетті ме?
– Редактордың шұғыл тапсырмасын орындадым. Газеттің кезекті нөміріне баратын материал еді.
– Айта беретін қуану ғаламаты туралы толғанысың ба?
– Жоқ, ол емес. Оны ұзақ-қ жазамын әлі...
– Неге?
– Өйткені, қым-қуыты көп те шексіз мына тірлікте қуанудың ғана емес, мұңаюдың да ғаламаты бар тәрізді. Екеуін қатар алып, ой қозғасам ба дегем...
– Сонда да... телефон тұтқасын көтеріп, бір ауыз тілдессең нең кетеді?
– Өкпелемеші! Өзімнің де басым қатып, шекем солқылдап келеді.
– Тағы да Интерадам хабарласты ма? Ол енді сенің қыр соңыңнан қалмайды, көр де тұр...
– Құтылам десем, оп-оңай. Әлеуметтік желіден жоқ қылып, сызып тастай салмаймын ба?
– Әй, қайдам! Оған әжептәуір бауыр басып қалған сықылдысың. Икс мырзаң тым қызық жан көрінеді. Саған ұлт туралы айтады, ал маған... махаббат жайынан мөлтектетеді. Қарашы өзінің икемділігін!.. Өзіне тартып алудың төте жолын тапқан-ақ қой...
Қоңырхан Гүлжанды бір сөзінен ұстап ала қойған.
– Бауырдай көріп, тым жақындап бара жатқан мен бе, әлде сен бе? Саған махаббат, сүйіспеншілік жайынан мөлдіретіп сыр шертеді екен-ау, ә?
Қыз аз-кем үнсіз қалды да, қайтадан дыбыстады.
– Шетелге тым әуес мінез танытып, еліктеп бара жатқанымыз өтірік пе? Шетелде ақыл-ойға кесе-көлденең тұрар сүйіспеншілік сезімі екінші кезекке ығыстырылып, мақсаттар бірлігі басымдыққа ие.
– Оның несі жаман? – деді жігіт.
– Ал, сонда отбасы ше? Отбасылық махаббат, әке мен ана мейірімі деген асыл қасиет қай бұрышқа ысырылмақшы? – деді қыз.
– Махаббат? Кейінгі кездері мен де осыған мейлінше салқын қарай бастадым. Екі адам бір адамға айналуы – өте қиын қылкөпір. Екеудің еркіндігін еріксіз шектеуі тағы бар...
Гүлжан күліп жіберген.
– Әшейінде үйленейік деп жағамнан ала беруші едің. Енді мына кілт бұрылысыңды қалай түсінемін?
– Біз бе? Біз, әрине... үйленуіміз керек. Тек... ойланатын тұстар көбірек.
– Ендеше, мен де тежеле тұрайын. Өзің айтқандай, екеудің еркіндігін қалай тұсаулап қоямыз, а?..
* * *
Бәрінен де безінгендей күйде жүрген. Ешнәрсе де, ештеңе де қызық емес – көңілге медеу ете қояр түк те жоқ. Өмір суып қалған көжедей сап-салқын...
...Бүгін, таң атпай, компьютерін қоса бергені сол, о тоба, тағы да Интерадам жарқ етіп, ежелгі туыс адамындай алдымен құшақ жая ұмтылды.
Хаты ұзақтау екен.
“...Кеше шет жағасын ғана айттым, енді тоқ етерін баяндайын!” депті баянхат басында. “Керек десең, осы күні қазақтың ішінде де қазақты ұнатпай жүргендер өте көп. Оның алғашқы белгілерін айтайын ба? Ең алдымен, өз тілін тәрк етті. Сосын, одан да сұмдығы, әдет-ғұрпын менсінбейді, реті келіп жатса, көрге тығып жіберуге де әзір. Сосын... қысқасы, көп-п адам қазақ қалпын сақтап қалуға аса ынталы емес...”
Осыны жаза келіпті де, ары қарай тағы да сол ойды жалғапты:
“Қазіргі кезде нағыз қазақпын деп, ұлтым үшін жанымды пида етемін деп жүрген мына сен ғана шығарсың. Айналаңа қарашы! Көзіңді ашып қарашы, әуелі! Не дүрбелең өтіп жатыр, түсінемісің?..
Түсінбейсің! Әрине, түсінгің келмейді. Өйткені, сенің көз жанарыңды шел басқан. Сен – қасаң ойдың әлдеқашан-ақ қазығына байланған басыбайлы тұтқынысың!..
Білгің келсе айтайын, мен де обалы бар бұл халыққа аса бөтен қыли көзбен қараған емеспін. Бірақ, әлдеқашан өз тегімді есімнен шығарып-ұмытқанмын. Өйткені, бір ғана ұлттың – кішкентай елдің деңгейінде қалып қойғым келмейді. Ол түптің түбінде ұлы өкінішке бастайды.
Ал, өзім... тағы да шегелеп айтамын – Интерадаммын! Маған қазақ та, өзбек те, қырғыз да, француз да, жапон да, қытай да... бәрі дос. Бәрімен жақын адамдай қарым-қатынастамын. Оларға “қазақ едім” деп айтпаймын, айтқым да келмейді...”
* * *
Жазба баянды соңына дейін оқып шыққанша кеңірдегі үзіліп кете жаздап, әзер шыдады. Мына азуы кере қарыс интернет-достың шын келбет-кескінін қазір ғана түсіне бастағандай. Бүгін екі нәрсеге анық көзі жетті.
Алғашқысы – Икс мырза өз тегіне аса жат, бөтен кісі еместігі! Екіншісі – ол бұның қандастарын мүлде мойындамайды, өйткені өзін Интерадаммын деп есептейді. Әлемдік адам екен...
Сұмдық!
Жер жүзін жайлап бара жатқан, айдаһардай аузынан от шашқан жаһандану дегеннің түпкі мақсаты – осы шығар! Расымен де бір жылдары қазақ деген өз жүрегіне аса ыстық асыл атау (әлде есім) мүлде жойылып кетерге арқан байласа, онда бұның ізгі арман-ойлары кімге керек? Не үшін “қазағым-м...” деп кеңірдек соза, мақала жазып, ой толғап жүр? Бір уақыттарда әлем халықтары мидай араласып кетіп, қандасы қандасын қорғап-қолдау орнына, біріне-бірі қарсы шығатын күн туса, оның түбі қай тұйыққа апарып соғады?
* * *
...Бір таныс аға-досы бар-ды. Жасы бұдан әлдеқайда үлкенірек болса да, әңгімелері жараса кететін, аралық жас алшақтық сезілмейтін.
Сол кісі әнебір жолы мынадай әңгіме сорабын сездіргені бар.
– Жалғыз қызымды білесің ғой, есімі – Заргүл еді ғой.
– Әрине, неге білмеймін.
– Қарындасың мектеп бітіре сала шетелге оқимын деп қиғылық салған. Амал жоқ, келісім беріп, алыс жолға шығарып салмадым ба! Оқып, білім алсын, елге көзі ашылып оралар деп арман етумен жүрсем, бір күні хабар жетті. Қызым шетелдік бір жігітпен мәмілелесіп, шаңырақ құруға келісім көңілін байқатып қойыпты.
– Сөйтіп, расымен тұрмысқа шығып кетті ме?
– Мені жерге қаратты. Ел-жұртқа қарар бет қалмады. Осы күні жердің үстінде емес, астында жүргендеймін.
– Е, жарайды. Қапа қорасына қамалып қайтесіз, бағын ашсын деп тілеңіз...
– Сұмдығы сосын бастала берді емес пе! Бір күні тағы да хабар жетті. “Ойбай, несін айтасың, қызың шетелдік жігітпен жүз шайысып қалыпты, енді өз еліне қайта алмай жүр...”
– Астафыралла! Бұлай еткені несі екен, ә!
– Балапаным-ай, Заргүлім-ай! Қателестің-ау әбден... Қайтемін? Не істеймін сен үшін...
Қоңырхан аға-досына не айтудың жөнін таппады, өз білгенінше бірнеңелерді білдіргенсіді.
– Астанада Сыртқы істер министрлігі бар, соған арызданыңыз. Қызыңыздың қайтып туған топыраққа оралуына бір ықпал етсе, солар ғана құқылы.
– Осы ақылың ақыл-ақ! Енді соның жолындамын... (тосылып қалды)
Аз-кем тыныстап алып, тағы да сөзін жалғаған.
– Ең сұмдығы мынада! – деді. – Шетелдегі оқып жатқан жас қандастарымыз бар емес пе! Қызым соларға да зар сөзін айтып, көмек қолын созыңдар десе, бұны келекелеп, “өзіңе де сол керек” деп мазақ қылыпты. Бұл жас қазақ мына бетімен қайда барады, а?
Сөз соңын түсіне алмай, қайталап сұраған.
– Көмектеспегені қалай? Қандай көмек сұрапты?
– Е, қандай көмек керек етсін! Қаржы жағынан қолдау тілеген де...
– Онда өкпелеуге тиіс пе? – деді Қоңырхан. – Алыста оқып жатқан студенттердің әр тиыны есептеулі, кімге қол ұшын бергендей. Одан да елшілікке бармады ма?
– Барған. Бірақ ол жақтан да аса пәлендей қолдау көре қоймаған.
– Қазақ елшілігі сөз тыңдамапты дегенге сенгім-ақ келеді, бірақ...
– Қайдан білейін. Бізге жеткені солай. Жол-жөнекей үтір-нүктесін жөндеп жіберіп, қосып айтпаса, қазақ қазақ па екен! Бәлкім, елшілікке жете алмай жүр ме?
– Өзіңіз барып қайтпайсыз ба? Қазір қай шет елге де рұқсат бар.
– Соған... қаржы жинастырудамын. Әй, түбі жолға шығам. Барамын өзім-ақ...
Әңгімесін кермектеу аяқтап, дос-ағасы бір күрсініп алып, кете барған.
Тағы да қандастары туралы ойлады, тереңге батып, қиял кемесіне мінді.
* * *
Ой әлеміне тағы да ойдесте кіріп келіп, кимеледі.
“Оу, жұртым-ау, сен неге адасып, шалыс қадам жасауға бейім бейнеге бас ұрып бара жатырсың? Тегің кім, өзің кім? Арғы-бергіңді неге ақыл таразысына салып байқамайды екенсің! Егер салмақтай білсең, ешбір елден елің, ешбір халықтан халқың, ешбір ұлттан ұлтың кем еместігіне көзің жетер еді ғой, шіркін...”
* * *
Тағы да оңаша сәт! Тағы да ой жалғыздығы...
Кейінгі уақытта жан серігі – әлеуметтік желі секілденіп бара жатқандай.
Кезекті хат-хабарламаны оқып отырып, барынша ақылы шатасып, қинала түскен. Интерадамға емес, өзіне-өзі өкпелі еді.
Интерадам жазыпты.
“...Сен басыңа қонғалы тұрған бақты аяғыңмен теуіп жүрген адамсың. Ойлап қарашы, шетелге оқу іздеп кеткен қай қандасыңның қызы жат елдікке тұрмысқа шықпай жатыр? Ондай оғаш шешім, егер солай деуге қиып жіберсең, өте көп. Тіпті аяқ алып жүргісіз... Қайта ақылға салып қарашы, аласапыран уақытта әуелі университет аяқтап, шетелге барып келіп, өзіңді ғана сүйемін деп ұзақ-қ жүріп алған бойжеткеннен айналмайсың ба?..”
Жауап жазды.
“...Ол қызды сүймейтінімді қайдан біле қойдың? Үйленбейтініме қалайша күдік келтіріп отырсың? Байқап сөйле-е...”
“Тұрмыс құрып, махаббаттың бал дәмін татып, тату-тәтті ғұмыр кешкісі келетіндер бұлай істемейді. Сендердікі – уақыт өткізу мен көңіл алдау әрекет сияқты ма, қалай...”
“Намысыма тие берме! Осыдан көр де тұр, Гүлжанды ата дәстүр жолымен алып қашып келем де, той жасап тастаймын...”
“Сенбеймін! Саған сене алмаймын...”
“Неге? Не үшін бұлай тіл безейсің?..”
“...Өйткені, Гүлжан енді баяғы қазақы дәстүрмен тұрмысқа шығуды ұмытқан бойжеткен. Оның үстіне қыздың қазіргі ойы – тұрмыс құру емес, мүлде басқада...”
“Ал, не ойлап жүр екен? Айта қойшы білгіш болсаң...”
“Жалпы ойын білем. Бірақ, айтуға хақым жоқ...”
“Менен де жасырасың ба?”
“Именно, саған айтуға тиіс емеспін бұл сырды.”
“Әй, қойшы! Бәрің де қияли жанның шекпенін киіп бара жатырсыңдар. Сендермен сөйлесіп жүрген мен де ақымақ екем...”
Телефонын сөндіре салды.
* * *
Төсекке енді жата беріп еді, тағы да зың-зың басталып кетті. Бұл жолы мазалаған – Гүлжан.
“Қоңырхан, Икс мырза менің намысыма тиді! Көзіме мөлт-мөлт жас тығылып тұр... Жылаймын қазір-р...”
“Е, ол не деп жазыпты?..”
“Сен жігіт атаулыны сезіммен сүйіп көрген емессің, махаббат деген асыл заттың қадіріне жете алмаған сормаңдай жансың депті”
“Ол сандала береді...”
“Ал, рас айтып тұрса ше? Бәлкім, мен махаббат деген шыныдай сезімді шынымен-ақ өз биігінде түсініп, мүлде бастан кешіп көрмеген шығармын?..”
“Жарайды. Бүгінше тыныш ұйықта. Біз бұл мәселе төңірегінде әлі ұзақ-қ сөйлесетін шығармыз! Талқылаймыз таңды таңға ұрып-п...”
* * *
Қоңырхан соңғы уақыттарда басқадан емес, айналасындағы қандасынан – өз аталастарынан қорқайын деді. Әйтеуір жүрісі ыңғайсыздау біреуді көре қалса, оған үрей көзімен қарауды шығарған.
Келе жатқанның қай-қайсысы да бұған миығынан күліп, кетіп бара жатқанның әрбіреуі де өзіне аяушылық байқатып, ұзай беретіндей – бәрі де ішкі ойынан хабардар жан сияқтанып тұратын.
Сосын ойша өзімен-өзі сөйлеседі.
“Әй, мына бір кісі маған жасырынып хат жазып, тығырыққа тақап, сынап-мінеп жүрген Интерадам емес пе екен, а?..”
Көкейінде осындай дүдәмал сауал, неге екені белгісіз, дереу кептеліп тұрып қалатын-ды.
...Үйге кіре бергені сол еді, шұғыл хабарлама түсті телефонына. Оқыды.
“...Сен, Қоңырхан, ұлтымды сүйемін деп, оны бәрінен де жоғары қойып, тым аспандатып жүрсің осы күндері. Бұл талабың – осы ойға қанат байлап, сана соқпағына түсіп алып, оң-солыңа бұрылмастан, қиялымда бір мін жоқ деп мықтысынғаның ба?..”
Қызық ой екен. Кім жазғанын да танып-біліп тұр. Бұл – Бәлдубек.
Жауап берді.
“...Әрине, ұлтыңнан ұлы биіктік жоқ! Одан өзгесі... екінің бірі шыға беретін төбе ғана...”
“Ха-ха-ха!..”
“Неге күлдің?..”
“Слушай, есіңде ұста: адам үшін ең ұлы, ең қымбат, ең ыстық нәрсе – махаббат! Махаббаты салқын, әйтпесе суалған судай тартылып біткен адамда ел де, жер де, тіпті ұлт та болмайды, болған да емес... Ондай жанға бәрі де қадірсіз...”
“Бұның тым биік пафос! Жерге түс, Бәлдубек-к...”
Жауап жоқ! Телефоны үнсіз қалды...
Тек әлден уақытта барып, мынадай жазба жазылып тұрды.
“...Үй боламын десең – есігіңді түзе, маман боламын десең – кәсібіңді түзе!..”
Жігіт ойланып отырып қиялына тіл бітірген.
“...Қайран, Бәлдубек! Сенің шын тұрағың ауылда емес, үлкен қалада қоныс тепкені құба-құп еді. Басыңда қаншама ұлы ойлар ұйықтап жатыр, оны ояту үшін де ұлы күш керек...”
АУЫЛ АҢЫЗЫ
(бесінші ойталас)
Қай нәрсенің де сәті түсетін кезі бар, сірә!..
Бүгін өзі туып-өскен ауылға қарай жолға шығып бара жатқан жайы бар-ды.
Кеше түс ауа редакторы Рымхан телефон арқылы түйеден түскендей дүңк еткізді.
– “Өрнек” аулында ауыл әкімін сайламақшы екен, барып қайт! – деп тапрсырма жүктеген. Нықтап айтты. Нығырлап жеткізді.
– Ол жақ менің ауылым! Мен өскен жер... – деп, Қоңырхан қипақтағандай күй байқатқан. Іштей қарсы ниеті жоқ десе де, әңгіменің басын осы кезден ашып алғанды жөн санаған. “Ауылың екенін айтпапсың, әйтпесе басқа біреуді жіберер едім” десе...
– Одан хабарым жоқ деймісің? – деді редактор одан бетер қаттырақ сөйлеп. – Сосын да сені жібергелі отырмын. Көлемін шектеп-тартылма. Газетке жақсы, ой салар мақала жаза алмасаң – қайтпа!.
– Сіз солай десеңіз, барып келейін...
Селқос қана, әзер келіскендей сыңай байқатқан.
Бірақ, іштей барынша қуанулы. Неге қуанбасын! Ауыл әкіміне түскелі жатқан екі кісінің бірі – жақын досы Жапалбек. Көптен бері әзірленіп, қайта-қайта талқыға салып, өтіп кетсе екен деп жүрген де жайы бар.
Дереу жолға жиналды...
Автобус ішінде келе жатып, өз ауылы туралы ұзақ-қ ойларға ерік берген.
Бұл Өрнек – кешегі “Октябрь” колхозы. Сонау соғыс жылдарында аты дүркіреп шығып, аудандық ауыспалы Қызыл туды екі рет жеңіп алған дейтін. Сол шақта колхоз басқарған кісі өте шалымды, іске тындырымды, өзгелермен тез тіл табыса білетін адам екен. Бірақ, өкінішке орай, ғұмыры келте қайырылып, жасы қырыққа жетер-жетпесте бақиға аттанып кете барған.
Міне, содан кейін бұл топыраққа басшы құтаймаған көрінеді. Біреу келеді, біреу кетеді – артында із қалмайды. Жым-жылас.
Кенет... өзінен-өзі мырс етті. Ана жолғы Бәлдубектің бір езулеп айтқан қисық сөзі есіне түсіп кеткені. “Октябрь-отта бір дегенді білдіреді деді ме? Сабазым-ай, ол да айтады-ау!..”
Сосын күлкісін дереу доғарып, қабағын түйіп ала қойды. Жанындағыларға ұрлана қарап та алды.
Тағы да кеудесін ащы ой тілгілеп бара жатқандай.
“...Ауылдың бірлігі бытырап, берекесі қашуы қалай? Неліктен мұндай күйге ұшырады екен, а?..”
Қанша ойланып, ақыл таразысына салып көрсе де, еш түсіне алмай-ақ қойды. Неге осылай? Неліктен ауылдың кетеуі кетті?
Жауабы жоқ осы сауалдың шырмауынан тұяқ тарпып шығып кете алмай, басы қатып, кеудесі қысып ала жөнелген жайы бар-ды.
* * *
Жапалбек айтты:
– Әй, шамасы, жеңіске деген үміт жібі үзіліп кеткелі тұрған сықылды. Аудан жағынан ұсынылған кісінің мысы басып, бәрібір бет қаратпайтын түрі бар.
Қоңырхан айтты:
– Әлден жеңілісіңді мойындап, өзіңді-өзің тұқыртып жатсың ба? Сабыр! Үмітіңді үзбе...
– Сабыр! Бұл жерде сабыр ететін не бар? Бәрі де анық көрініп тұр ғой.
– Сен одан да ертең нендей мәселені кеуде сарайыңнан төгіп айтасың – соны ойла. Сол жайынан ақылдасып алалық.
– Сөзім әзір, әрине. Әй, бірақ...
– Ту-у, не деген жасық жан едің! Жапалбек, өзіңді тап бұлай масадай мазаң, шегірткідей шырылдауық деп ойламаппын. Неге күйреуіксің, а?
– Екі түрлі себебі бар. Біріншісі – өмірбаянымнан кілтипан тауып алу оп-оңай. Атам – кешегі ауыл белсендісі, біраз кісілердің “халық жауы” болып, жер аударылуына тікелей араласқан. Екіншісі – Балдубек те бүйрекке қадалған біздей нығырлап тұрып алды. Қит етсе, бұл әулет ел басқара алмайды, басқаруға хұқы жоқ деп бөсіп сөйлей қоя береді.
– Бәлдубекпен өзім сөйлесем. Ол соншалық сөз түсінбес есалаң емес. Тіл табысуға себеп табылады.
– Әй, қайдам-м...
– Өзі қайда жүр? Бар ма ауылда?
– Білмедім. Оның бар болуы да, жоқ болуы да оп-оңай...
– Жарайды. Тауып алармын. Ендеше, осымен екеуміз екі жаққа кеттік пе? Сайлау аяқталғанша мүлде кездеспей тұра тұралық. Әйтпесе, оны да өсек ететіндер табылады ауылдан...
– Бәрі мүмкін! Бәрі де...
* * *
Сайлау жиынына әдеттегідей емес, халық бір кісідей жылдам жиналып, созбаққа салмай, ә дегеннен басталып та кеткен-ді.
Сөзді ауданнан келген әкімдік өкілі – қиық мұрт жігіт ашты да, әрі қарай шараны жүргізу тәртібімен таныстырды. Оның нықтап айтуы бойынша – сайлау жұмысы бүгін түске дейін аяқталып, нүкте қойылмақ.
Көпшілік осындайда әрі тарт, бері тартқа салып, бір езулеп кетуші еді, бұл жолғы нұсқауға еш дау-дамайсыз, келіскен сыңай танытқан. Кімнің кешке дейін отыра бергісі келеді! Оның үстіне ауданнан келген өкіл...
Еш ауылда кездесе бермейтін тым-тырыс момақандықты сезінген өкіл іштей масайрай түсіп, сайлау жұмысын барынша жылдамдатпаққа ниеттене берген сәті еді.
Сайлаушылар арасынан аяқ астынан бір жүнбет жуан үнмен жақ ашты.
– Алдымен талқылап алайық!
Оны тағы бірер кісі қостай жөнелген.
– Сайлауға дейін кейбір ойымызды пісіріп алу шарт.
– Қанша асықсақ та, бүгін біздің ауылдың тағдыры таразыға түсетін күн...
Бірін-бірі іліп әкетіп жатқандардың дені – жастар.
Аудан өкілі қайтадан жалт етіп, енді бұл мәселе төңірегінде сөз сөйлеушілерді шектемейтінін жылдам-жылдам тиектеп қойды. Тек айтылар пікір қысқа әрі нақты болса деді. Ауыл тұрғындары бас шұлғып келіскендей.
Бір таң қаларлығы – өз аулының адамдары Жапалбекті аса жақтыра бермейтінін сездіріп қалып жатты. Анаусы да, мынаусы да бұрынғы жұмысынан кінәрәт іздеп, теріс жағын термелеп тұрып алды.
Тап осы кезде қайдан келе қалғанын ешкім байқамады, ауылда жоқ дескен, Бәлдубек кезек сұрап, мінбеге көтерілген.
– Ағайындар! – Ойын мақамдап бастады. – ... Сіздерге кім жағады өзі? Сөзшең болса – бұлбұл дейсіңдер, іскер болса – удай, пысық дейсіңдер, болбырлау болса – икемсіз жан деп оны сөгесіздер...
Жан-жақтан дауыстар естіліп, у-шу көбейді.
– Тәңірдің құлы, білгішсінбей, тоқ етер сөзіңді айт та, мінбені босат...
Бәлдубек еш саспады. Өзіне қарсы шыққандарды мүлде естімеген жандай қайтадан әңгіме өзегін әрі жалғаған.
– Жә, көп малта езгім жоқ. Айтайын дегенім – біздің ауылды осы күні жын-шайтан құрсаулап-қамап алған. Менің бұл сөзіме күлмеңіздер. Шынымды айтсам, талай рет ана Әжімтау жаққа дейін қуып тастаған кәрі жындар да бар – олармен алыстым, жұлыстым. Мүйіздерін қағып алсам ба деп талпындым. Ұстатпады. Қашты. Қара көрсетпей кетті.
– Бөспебай, тоқта! Не деп кеттің? – Бір кісі айқай салды.
– Маған жекімеңіз. Әне, сіздің де бойыңызда сол жынның шалығы бар. Бұл түрімізбен біз ел деңгейіне жетіп, ұйысып кете алмасымыз анық! – Бәлдубектің сөзі нық.
– Әкімге кім ылайық? Соны айт онан да...
– Пікіріңді білгіміз келеді, – деп, тағы да дауыстар жаңғырып кеткен.
Сонда да абыржымаған.
– Қайсысы сайланса да маған бәрібір, тек ауылдағы жын-шайтанды қуып шығуға күш жұмсағанын қалар едім, – деді де, мінбеден түсіп бара жатқан.
Ұзын-қысқасы бар – жиылған көпшілік күбір-күбірге ерік беріп, өзара сөйлесіп тұрып алды.
Өкіл осы жолы түкке де түсіне алмай, басы қатты.
“...Қайсысы есалаң, қайсысы сау – түсіну тым қиын-ақ екен бұл ауылды...”
* * *
Сайлаудың қорытындысы, өкіл ойлағандай, тез түйінделмеді, тек түс ауа, күн еңікейе бастағанда шығарылды.
Есептеу нәтижесінде ауылдан түскен Жапалбек – 70, ал аудан жақтан келген Шойымбет есімді азамат – 90 дауыс жинап, әкімдік орынтаққа сырт кісі жайғасты.
Бір-екі қисық мінез мұрнының астынан міңгірлеп:
– Мына сазбет адам біздің ауылдың жағдайын біле ме? – дегенін еспке алмағанда, ешкім де қарсы тұрып, қайрат қылмады. Үнсіз күйде үйді-үйіне тарап бара жатты.
* * *
Күн көкжиекке құлай бере, қалаға қайтқалы жатқанда, Қоңырханды іздеп келіп, жолығып тұрып:
– Ауылдың береке-сиқы қаша бастағанын маңдайдағы қос көзіңмен көріп, екі жарғақ құлағыңмен естіген шығарсың, жұмыр бас! – деді Бәлдубек. – Айтсам сенбейсіңдер-р...
– Бір жолғы сәтсіздеу сайлауға ілгек іліп, теріс қорытынды жасау жөн бе? – Қоңырхан келіспей тұр.
– “Отта бір” аулы Алланың қарғысына ұшырағаны – ұшыраған! Енді бұдан құтылу үшін талай уақыт керек...
– Шойымбет те жаман жігіт емес, оны көптен танимын. Оған жабыла көмектесу керек шығар...
– Кім көмектеседі екен! – деді Бәлдубек. – Айтып тұрғам жоқ па – ауылда жөні түзу кісі қалмай барады. Заманақыр алдымен біздің ауылға келмесе деп тіле.
Бұлардың жанынан шашы желбіреген, үсті-басы алба-жұлба бір келіншек өтіп бара жатты да, қалт тұра қалып, әңгімеге құлақ төсеген ыңғай танытқан. Бәлдубек оны көре сала:
– Кет! Жоғал пәлекет! Тауыңа бар! – деді.
Қоңырхан аң-таң.
– Осы ауылдың салдарлы әйелі емес пе? Неге осынша дөрекіленіп сөйлейсің?
– Е, ол саған солай көрінеді! – Бәлдубек қабағын түйген. – Ал, шындығында бұл қатын – шайтан. Үй арасына үндемей кіріп алған әзәзіл. Міне, осыларды аластап алмайынша, бізге жақсы өмір жоқ...
Түкке түсінбей, басын шайқаған. Ақылы шатаса бастағандай.
“...Менің ауылымды расымен де жын-шайтан басып, адамдары азғындап біткені ме? Философтың айтқаны шындыққа жақындаса, құрдымға алдымен құлайтын ауыл – осы “Өрнек” шығар! Нетпек керек? Не істемек керек?.. ”
Автобустың келетін уақыты әлі де ертелеу еді, ақыры күтем ғой деп, енді оны сөйлетіп бақты.
– Сенің айтып жүрген әңгімелеріңе, шынымды айтсам, осы кезге дейін аса маңыз бермеппін, – деді. – Бірақ, бүгін қатты ойға қалып тұрғандаймын.
– Оп-па, сонымен нені ойладың? – деді философ.
– Мысалы, сен әлгінде “осы ауылды шырмап алған жын-перілерді тауға дейін қуып тастадым” дедің. Осы сөзің рас па?
– Бір де өтірігі жоқ. Ауыл ішіне іріткі салмақшы ниетпен келген кісі кейпіндегі жын-шайтанды тез-ақ байқаймын. Олардың төбесінде мүйізі бар. Бірақ, өзгелер байқай алмайды, ал мен көрем.
– Ондай құбыжықтар тек тау жаққа қаша ма?
– Енді қайда жасырынады! Жазық далада өмір сүре ала ма? Тау іші қандай құпияны да, кімнің кемшілігін де жасырмайды дейсің. Әжімтау – бізге өз сырын ашпай, томсырайып жатқан құпиялар қоймасы...
– Ал, жаңағы... мүйізді құбыжық біржола жоғалды ма?
– Келесі жылы тағы да оралды. Бірақ, енді мүйізін қысқартып, жасырып қойған. Есесіне құлағы салпаңдап көрініп тұрды. Құдды Есектікі сияқты... Айтпақшы, кейде олар Есек бейнесіне айналып та келе береді...
Осы кезде автобус та көрінген.
Қоңырхан тез-тез қоштасып, автобусқа отырғанша асықты...
* * *
Ойдесте қайталап, төгіле өрнек салды...
“...Апырмай, мына ой деген орманда серуен құрып жүрген Бәлдубек есінен шатасты ма, жоқ, ауыл есінен адасып бара ма? Қайсысы? Екі оттың ортасында қалып, өрттей ойдан өртеніп кетіп жүрмесем неғылсын! Ел іші, қалай десе де, абызы да, аңызы да қатар келіп отыратын үлкен өмір қазаны демеуші ме еді! Мен “Өрнекті”, бәлкім “Өрнек” мені танымай қалды ма? Қалай десем де, тап бүгін көкірек сарайында кермек ой оянып, тұла бойымды тұмшалап алғаны анық. Қайтемін! Ішке бүккен бықсық сезімді кімге және қалай айтам? Айтуым керек пе өзі?..”
ұлт ТІРЕГІн іздесең...
(алтыншы ойталас)
Апырмай десе!..
Қайтсе де құтылмайтын тәрізді!..
Компьютердің алаңқай бетінде бүгін де бұған арналған бірнеше сұрақ самсап тізіліп тұрған-ды. Оны жазған кім? Әрине, Интерадам.
Алғашқы сұрағы мынадай.
– Сен өз халқыңды шын сүйетін кісімін деп ойлайсың ба?
Дереу жауап жазған.
– Неге есептей алмайды екем! Әрине, сүйем! Шексіз де шүбәсіз сүйем...
– Ұлт пен ұлт таразы басына түссе, қайсысын алдыңғы кезекке шығарасың?
– Әрине, өз ұлтымды...
Сосынғы сұрағы.
– Саған қай тіл қымбат?
– Әрине! – деді Қоңырхан. – Жер жүзінде өте әдемі, әсем, әуезді тіл өте көп те баршылық. Бірақ өзім үшін ана тілінен қымбат, одан өткен асыл тіл жоқ. Қазақша сөйлегенді бек дұрыс көріп қана қоймаймын, қажет деп есептеймін...
Интерадам сұрақ соңында мұны мазақтағандай мінез байқатып, екі ауыз пікір тізбелепті.
– Ескінің сортаңына батқан сорлы жан сияқтысың!..
Ашуы келіп кетті. Компьютерді жұдырығымен түйіп-түйіп қалған. Сосын ғана аздап ес жинап, өзіне-өзі тоқтау тіледі.
“Ау, бұған темір қораптың қандай қатысы бар? Неге мына төрт бұрышты мылқау темірді төмпештеп жатырмын, а?..”
Сол сәтте қалта телефоны зың-ң ете қалған-ды. Тағы да хабарлама ма? Кім екен өзі?
Көңілі алабұртқан қалпы, ашып, оқи бастаған. Оқитын да, түк жоқ. Жалғыз ауыз сөз.
“Хэллоу!..”
Онсыз да терісіне сыймай отырған, ашуы онан бетер тұтанып, долданып ала жөнелген. Жауабы да дөрекі шықты.
“Немене, ана тілін менсінбегенің бе бұл? Өз тілінен жеріген неткен сорлымыз осы...”
Дереу жауап келді.
“Мен... мен байқамай, жаза салып едім...”
“Байқамай, неге ана тілінде сөйлемейсің, а? Неге байқамаған кезде басқа тілге ауысып ала жөнелесің, а?”
Қызға барынша қатты соққы секілденіп, мүлде ауыр тиіп кеткендей. Көзінің жасы мөлтілдеп, төгіліп-төгіліп кетіп жатқан.
“Қоңырхан, кейінгі уақытта мүлде ұнатпай жүрсің бе? Онда жасырмай, ашып айтшы ішкі сезіміңді...”
Әлгіндегі кермек әсерден енді ғана ажырағандай, басын шайқап жіберіп, есін жиып, Гүлжанға басқаша тілек жазды.
“Жоқ, жаным! Сен мен үшін жер бетіндегі ең асыл жансың. Тек... оңбаған Икс ана тілім туралы жазып, намысыма тиген сәтте хабарламаң келе қалыпты. Бір сәттік ашу үстіндегі сөз...”
Қыз қайталап жауап жазбады.
Телефон үнсіз қалды.
* * *
Интерадамның соңғы сұрағы күні бойы мазасын алып, қайта-қайта қиял әлеміне батырып-батырып әкете берген. “Қай тіл қымбат?..”
Апырмау, әр адамға, қалай шатастырып әкетсе де, ең алдымен өзінің ана тілі ғаламат саналмас па? Өзін өзі құрметтейтін әрбір саналы кісі қанына жақын тілде сөйлеп барып, кеудедегі шексіз арман-сезімді сыртқа шығара алатыны өтірік пе! Егер ол өз ой-қиялын өз тілінде жеткізуге қауқарсыз болса – онда жарымжан пенде! Мешеу адам! Басқаша қалай айтарсың!..
Осы күнгі қалың қазақ арасында “ана тілі өліп бара жатыр” деген ұлы айқай қайта-қайта дүңкілдеп естіліп қала беретіні неліктен? Бұл – жан айқайы! Бұл – рух айқайы! Тілінен айрылған халық – рухын да жоғалтып тынады. Осыны түсінер кез әлдеқашан туған жоқ па, а?
...Басын қайта-қайта сілкіледі!..
* * *
Студент кезіндегі бір жағдай еш ұмытылмастай, жадында ұзақ сақталып қалған-ды. Әлбетте, ол кезде жас еді, балаң еді, барынша қызба еді. Соның да әсері ме, кім білген, әйтеуір сол бір оқиғаны ойласа, қазір де бетінің оты ду-у етіп шыға келетіні бар.
Университетте курстастар екі топқа бөлінген. Бірінші топта – қазақ бөлімінің студенттері, екінші топта – орыс бөлімінің студенттері дәріс алатын-ды. Бірақ, екеуінің де бағдарламасы ұқсас, барынша жақын, тіпті айырмасы байқалмайды десе де шындыққа алшақ емес, сосын да бірінің конспектісін екіншісі көшіріп алып жататын.
Қазақ бөлімінде оқитын үш жігіт өте тату, жақын дос, барынша сыйлас жандар секілденіп, үнемі жұп жазбай жүретін. Бұлардың арасындағы әсіресе тым белсендісі – Саматбек деген жігіт, өзі оңтүстік жақтан, ана тілінің майын тамызатын, білмейтіні жердің астында.
Бір күні айтты:
– Орыс тобындағы Эскербекті (Әскербек қой) бүгін жақсылап тұрып сабаймын.
Қоңырхан оған жалт қарап:
– Не үшін? – деп асыға сауал берген. – Сабауға не себеп?
– Ана тіліне тіл тигізіп, мазақ етті! – деді Саматбек. – Өзі шала қазақ екеніне намыстану орнына, қазақ тілінің болашағы жоқ, ол – өлі тіл деп қарап тұр. Қаным басыма тепті сол сәтте.
– Қой, бұл жұдырықпен шешетін шаруа емес. Одан да ортаға алып, ақыл-кеңесімізді айтайық. Қалада оқыған жігіт, тілі орысша шыққаны тағы бар. Ондайлар аз ба! Кінәлі ол емес, ата-анасы... – деп, үшінші жігіт Ұшархан да сөзге кимелеген.
– Жоқ! Айтқаным-айтқан, оның сыбағасын бермей тоқтамаймын.
Қысқасы, ертесіне лекциядан соң, бұлар Эскербекті оңашалап, ортаға алған-ды. Эскербек қайсар қалпы, тайсалар емес, орысша сөйлеп, мүлде сөз кезегін берер түрі жоқ.
– Вы кто? Вы – мамбеты! – Тақ-тақ етіп, шақылдап қоя береді.
– Қазақша сөйлесеңші! – деп, Қоңырхан сабырлы әңгімеге жетелемекші еді. – Ең болмаса өз арамызда...
– Да мне нафик нужен казахша! – деді Эскербек. – Это уже мертвый язык...
Не түлен түртті, өзі де білмейді, Қоңырхан шыдамның шылбырын үзіп, Эскербекті баспен қойып қалғаны. Оның мұрнынан қып-қызыл қан сау-у етті. Өзі өкіре жылап жіберген.
– Я Вам покажу! Вы от меня получите... – деп, мұрнының қанын сүрткілеп, сонда да кіжіне сөйлеп, дүңк-дүңк етті.
Арты қырғын жұдырықтасуға ұласып кетер ме еді, қайтер еді, тап осы кезде филфакте оқитын, жүріс-тұрысы қолапайсыздау қыз – Дүрия келе қалғаны. Гүлжан жоқ, жалғыз өзі екен.
– Шіркін, жігіттер-ай! – деп даудырлады. – Еркектің шалбарын киіп алып, ердің емес, ездің ісін істейсіңдер, ә!
– Е, неге? – десіп, тосындау сөзге жалт-жалт қарасып, бұлар да едіреңдескен.
– Қарашы, үшеуің бір жігітке жабылғалы тұрсыңдар. Әскербек шынымен батыр екен, сендерден қорқып-үркектеген түр байқатпайды.
Қыз сөзіне риза болған шала қазақ жігіт те қоқилана кетіп:
– Вот именно! Их трое, а я... – деді. – Әйтпесе, точно таяқ жемес едім.
– Онда саған көмекке келдім. Кел, бірігіп алып, мына жігіттерді сабап тасталық.
Осымен бәрі де бітті. Әскербек өз жөнімен кете барды. Бұлар да қипақтап, бет-бетімен тарады.
Тек жол үстінде Қоңырхан Дүрияны оңашалап:
– Бұл қай қылығың? – деген. – Неге араласасың?
Әрекет астарын шынымен-ақ түсінбедің бе дегендей қыз ойлы жүзбен қарап:
– Ертең аяғы үлкен әңгімеге жол ашып, дау-дамайға ұласса ше? Үшеуің оқудан шығып кетесіңдер... Сол керек пе?
– Ә-ә, – деп, ойланып қалған. Осы жолғы ақылды әрекетін үнсіз мойындағандай-ды.
Дереу достарын қуып жетті.
Екі досы енді Қоңырханды орталап:
– Ой, сен тіпті қызба екенсің, біз тек қорқытып қана қояйық деп едік... – деп, қосарлана күліп алған-ды.
– Бәрімізден де ақылды Дүрия екен! – деді Қоңырхан. – Қалай құтқарып жіберді...
* * *
Жұмысынан қолы қалт ете бере, тағы да сол ой өзеніне кеме салған.
“Қайтсек ана сүтімен келген тіл ұмытылмай, бәсі төмендемей, керек қалпын сақтайды?..”
Апырмай, бұл кермек сауал кеше-бүгін ғана емес, барлық уақытта да ауыздан түспей, мәңгі күрмеу қалпымен жүре бермек пе?
Сонда... оның шешімі шиеленісті ме? Қиын ба? Шешіле қоюы екіталай ма?
Осыны ойлауы мұң екен, әлдеқайдан бір үн естіліп қалып жатты. Тағы да Интерадам ба? Бәлкім, басқа біреу ме?
“... Оу, данышпаным, ана тіліне қатты жаның ашиды екен, ендеше осы тығырықтан шығар жолды өзің тауып-айтшы? Кәне, айта қойшы-ы...”
Үн естілді де, жым-жыластыққа сіңіп кетті. Айтты да, зым-зия...
О-о, айтуға оңай бәрі де! Айта салу кімге қиын екен? Бірақ, айтудың соңында “қалай іске асыру керек” деген ащы ой қылаңдамас па еді. Сол ащы да кермек түйіннің білдірмегі не?
Қоңырхан қатты қиналып, жүрегі езіле, құрдым түбіне түсіп кетсе де, сыр бермек емес.
“Несі бар” деді өзімен-өзі сөйлесіп. “Несі қиын екен бұл қиын түйінге сүріне беретін-н...”
Содан соң былай деп ой өрбітті:
“...Адамның тілі кішкене сәби кезінен қалыптаспақ. Тіпті тереңнен тартып тиектесек – бесіктегі баланың былдыры да өз тілінде шығуы ләзім. Өйткені, баланың миы – компьютер! Сол компьютерге алғашқы “жазбалар” ана тілінде түссе – Алланың қолдағаны! Енді ол “жазуларды” ешбір құдірет ешқашан өшіріп тастай алмақ емес-с...”
Осындай ойға табан тірегені сол еді – өзінен-өзі шаттана, қуанып сала берген.
“Табылды! Табылды күрмеуі кеуде тырнаған шаруаның шешімі! Таптым! Таптым оны-ы...”
* * *
Біраз уақыттан бері қарамаған екен!
Телефонында екінші бір хабарлама сақталып тұрып қалыпты. Оны оқып шығуға да уақыты жетпей жатыпты. Енді ғана назар аударған жайы бар-ды.
“...Қоңырхан, есіңде сақта, әлемнің көптеген тілдерін еркін меңгеріп, тіпті барынша таза сөйлей алған ғұлама абыз Ахмет Иассауи барлық жазба еңбектерін тек түркіше түзіп қалдырған. Неге өйтті? Ойланып көрдің бе осы жайынан?..”
Таныды. Бұл жазба, әрине, кәдімгі Бәлдубектікі. Соңғы кездері Қоңырханға жиі-жиі хабарлама жіберуді әдетке айналдырып бара жатқан.
Тағы да жазыпты.
“...Достым, бүгінгі көп қазақ “ана тілін білу аса маңызды емес” деп, беті былш етпей сөйлей беретін берекесіздіктің құлы. Сен қалай ойлайсың, бұның аяғы бүтіндей бір халықты ірітіп-шірітуге әкеліп тіремей ме? Журналшы ағайындарды түсінбеймін, мұндайға таңдай көтеріп, тым селқос қарайсыңдар, сендер-р...”
Сөздері ауырлау тиіп жатыр. Сонда да көңіліне алған жоқ.
Ең соңында былай деп жазба қалдырыпты: “...Небір адамдарды көрдім – үстінде киімі жоқ. Небір киімді көрдім – ішінде адамы жоқ!..”
Ойланып, ой бере оқыған. Өз сөзі ме, әлде бұрынғы ғұламалар айтқан ба?
Неге екені белгісіз, осы жолы қиялилау ауыл жігітін – Бәлдубекті іштей қатты жек көріп, бірақ жаман ниетке қия алмай, қиналып тұрып қалған жайы бар-ды.
* * *
Компьютерін енді ғана қосып қалып еді, жарқ етіп “Интерадамнан” деген жазбалар құшақ жая ұмтылып бергені.
Сасқан жоқ! Асықпай, баппен оқуға әзірленген.
Ал, енді не айтар екенсің, Икс-дос?
Ашып оқи бастаған. Жазыпты.
“...Ұлтты сол қалпында сақтап қалудың негізгі тетігі – тіл емес. Ақылмандар, мүлде қателесіп жүрсіңдер. Тіл – тек қатынас құралы ғана. Жер бетінде ұлты мен ұрығы басқа, бірақ тілі бөлек елдер аз ба? Әрине, көп. Бірақ... солар да өз мемлекеттігін көздің қарашығындай аялап отыр ғой...”
Ашуы келді. Дереу жауап жазды.
“...Сонда, сенің ойыңша, қазақ қазақ тілі үшін, орыс орыс тілі үшін, жапон жапон тілі үшін... күреспеуі керек пе? Тіл мәселесі әлде екінші, әлде үшінші кезекке сырғып кете берсін бе? Жоқ, Икс мырза, сен аса мәртебелі тілмен бұлай әзілдеспе. Онда біз екеуміз бетпе-бет келіп, бет жыртысып қалармыз...”
Тағы да жауап тізіле қалған.
“...Бұл тек менің ойым емес. Жер жүзінде өз тілінен өздері бас тартып жатқан, өз еркімен келісім беріп жатқан халықтар да бар. Қазір аз шығар, кейінірек мұндай елдер көбейеді. Әлемде бір тіл, бәлкім екі-үш тіл ғана сақталып қалар...”
“Тілі жоқ елді де, халықты да, тобырды да көз алдыма елестете алмаймын...”
“...Асықпа, оны да көрерсің, басың аман болса...”
“Сен... сен отпен ойнайтын өте қауіпті адам екенсің, Икс мырза! Кімнің жағындасың? Ашып айтшы көңіл-көзқарасыңды...”
“Менің жайым әзірше жұмбақ күйінде қала тұрсын! Қазір құпиямды ашып қойсам, аяғы қызығын жоғалтады...”
“Бәрібір есіңе салайын. Тілмен ойнауыңды доғар! Ол – жалынмен жағаласқанмен бірдей. Күйіп қаласың! Күйіп кетесің, сорлы... Осыны есте ұста-а...”
* * *
Кешті әзер батырып, жылы төсегіне кіріп алып, енді ғана тәтті ұйқыны күтіп жатқан сәті еді. Ой да, қиял да осы кезде мүлде жоғалған. Әлдебір бойкүйездік...
“...Сәлем, жаным-м!..”
Тосын жеткен қыз хабарламасы жүрегін жылытып қоя берген. О-о, қандай әсерлі сөз, ә! Қарашы, бойымды бірден жылытып жіберді емес пе!
“Сәлем! Сәлем-м...”
“Ұйықтап қалған жоқсың ба? Сен... жылдам ұйықтап кетуші ең ғой...”
“Бүгін ұйқы әлденеден секемденіп, үркіп кеткен сияқты. Көзім бақырайып, төбеге қарап жатырмын...”
“Өзіңді сағынып кеттім-м...”
“Мен де! Түнде түсімде кездесіп жүрем осы кездері...”
“Ал, айтшы онда! Қандай түс көрдің екеуміз туралы...”
“Оны... еске түсіру керек. Бір емес, бірнеше түс...”
“Өтірік! Мені алдадың. Әйтпесе, неге түсіңді ұмытып қаласың?”
“Жаным, қылкеңірдектеп, алқымымнан ала бермеші. Онсыз да жабырқаулы күйдемін. Алыста, жер түбінде жатқан тұйық ауданға не үшін қызығып, атбасын тіредім екен деп қиялдап қоямын. Бәріне қол сілтеп, кетіп қалсам ба екен-н...”
“Жоқ, олай етуге тиіс емессің!..”
“Неге?”
“Өйткені, аудан айнасының ажарын кіргізіп жүрсің! Өзіңнің өте талантты журналист екеніңді алдағы уақытта барынша дәлелдеп шығуға тиіссің-ң...”
“Рахмет! Рахмет! Рахмет!..”
“О-о, үш рет айттың ғой...”
“Тіпті бес, он рет айтсам да жараспас па! Өйткені, сен мен үшін дүниедегі ең асыл жансың, Гүлжан...”
“Бірақ, сондай таза сезіміңе сәйкес келетін жауап бере алмай жүрмін бе деп қорқам...”
“Анығында – жанымды жақсы түсінесің. Біз сөзсіз бақытты күндерді еншілеуге тиіспіз...”
Қыз былай деп жазды.
“...Бақыт! Бақыт дедің бе? Ал, сол бақыттың дәл анықтамасын кім дөп басып айта алар екен? Күнбе-күн осыны ақыл безбеніне салып, жауабын таппай қиналам. Басым қатып кетеді. Мәселен, шетелге оқуға барған қазақ қызы жат жұрттық жігітті ұнатып, сүйгеніне тұрмысқа шықса, өз көңілі бақытты, ал бірақ...”
Жігіт сөз тізді.
“Дұрыс байқапсың. Ол өзінше бақыттымын деп асқақ ойға ерік береді. Алайда, артында қалың елі күтіп отыр, оларды неге ойламасқа...”
Маржан сөз қыз атынан қайта жорғалап жетті.
“...Шетелдік жігіттен сәби сүйіп алып, артынан бағы ашылмай, елге оралып жатқандар да көп. Олар да өзінше бақытты тұрмыс кешкен сияқты сезінуге хұқы бар емес пе?..”
“Жоқ! Бұл енді... өз ұлтының намысын табанға салып таптау! Табансыз қыздарда ес жоқ! Ессіздік – ақымақ болудың басты шарты...”
Бойжеткен осыдан соң үнсіз қалды.
* * *
Жігіт өзінің компьютеріне былай деп қара әріптермен теріп, бөліп-қоршалап, бадырайтып жазу жазған.
“...Қазақ сәбиінің тілі алдымен қазақша шықсын!..”
Артынша хабарлама түсті. Онда былай деп сөз сыналапты:
“...Тілін сатқан адамның тілін кесіп алса да, еш обал емес...”
Бұл, әрине, Бәлдубек!
АДАМ АҢЫЗЫ
(жетінші ойталас)
– Ана жолғы сөзіме сенбедің бе? Құлағыңа ілмедің, ә!
– Әрине, сендіре алмайды. Икс кім екенін әлі анықтағам жоқ, әйтеуір Гүлжан емес...
– Ендеше, тағы бір шындықты айтайын.
– Ал, айт.
– Интерадам дегенің, шамасы, шалдуар жігіт – Бәлдубек...
– Е, қойшы сен де. Аузыңа не түссе, соны сөйлейтін әдет тауыпсың!
– Құдай біледі дейінші, соның тап өзі.
– Бұныңа да күдігім көп. Сенгім де келмейді...
– Өзің біл! Бірақ, күндердің күнінде көзің жетеді. Айтқандарымды ұмытпа! Естимісің, ұмытып кетпе деймін саған...
Даусы жарықшақтанып естіліп, құлағын жарып жібере жаздаған. Тым қатты еді.
...Ұшып түрегелді. Әдеттегі түсі. Тағы да бейтаныс үн беймезгіл мазалаған екен.
Енді екінші қырына аунап түсіпті.
“...Тегі, осы түс деген итің де бір... Маза бере ме, жоқ па?..”
* * *
Қайта-қайта, үстемелеп дыбыс беріп, үдете басып, үсті-үстіне келіп жататын хабарламалардан әбден титықтап-шаршай бастағандай. Оқымай-ақ қойсам дейді, бірақ шыдамы жетпей жатады. Не түске дейін, не түс ауа бәрібір әлеуметтік желіге жанар тіктейді.
Қазір де солай етуге мәжбүр. Өз ойынша бар қызықтан құр қалып қойып жатқандай болады да тұрады.
...Компьютерінде тағы бір қызғылықты жазба бой қылтитқан. Жазба дегеннен гөрі сауал-сұрақ десе шындыққа жақынырақ па? Жоқ, бәлкім, сынақ-сөз деген орынды ма мұндайда? Әйтеуір, бүгінгі жазба өзін әжептеуір-ақ ойландырып, ой теңізіне тұншықтыра батырған.
Маржандай етіп тізіп жолдаған екен:
“...Адам жайлы аз ойландың ба, көп ойландың ба – білмеймін, ал менің айтарым мынаған соқпақ салады. Бүгінгі күннің білгіштері осы пендені Адам-Ата мен Хауа-Анадан таратады. Бұл бір жағы. Енді екінші білгіштер бар, олар Адамды Маймылдан жаралған деп пәлсапа соғады... Сен осы екеуінің қайсысына қол қоятыныңды білмеймін, өз басым Адам ешкімнен, ештеңеден де жаратылған жоқ, оған жарық әлем сыйлаушы – Жаратқан ие!..”
Тағы да бір жазба ирелеңдеп ала жөнелген.
“...Жұмыр басты пенде туралы сөз-сүрлеу терең тұңғиыққа бойлап, тартып кете береді де, аяғы әфсанаға ұласады. Әфсана деген – аңыз ғой, аңызға бәрі де сыйып кете бермес пе!..”
Бұдан кейін де тоқтап қалмапты, былай деп сөз кестелепті.
“Адам деген қандай? Ол барлық уақытта әділетті ме, жоқ па? Бәлкім, осы жұмыр бас жаратылыс өзіне-өзі қарсы шығып, өзін-өзі терістеп, үнемі бетпе-бет арпалысып ғұмыр кешкенді дұрыс деп есептесе ше?..”
Апырмай, мына Интерадам Икс жұмыр бастыны тығырыққа тақап, үнемі тырнақ астынан кір іздегенді қолай көре беретіні несі, а? Өзі сонда ет пен сүйектен жаратылған пенде емес пе? Жалпы, жанды атаулыға тән жетістік пен кемшілік өз басында да бар ғой, соны неге ойламайды?
Әй, осы... Интерадам деген атынан-ақ көңіл шошығандай еді, расында да жаратылысқа деген титтей де жылылығы жоқ кермінез бейбақ болармысың!.. Бейбақ емес, бәлкім, құбыжық...
* * *
Ойланып, ой түбіне түсіп, тереңге батып кеткен отырған сәтінде кенет, тағы да, аяқ астынан Жапалбек екеуінің тағдыры тайғанақ аталары қиялына қиялап ене бергені. Жо-жоқ, бас салып кінәлап, жерден алып, жерге салғысы келгені емес, тек... ойламасына қоймайтын бір жайт еселеп мазалап, есін алған жайы бар-ды.
Неге? Не үшін олай етті? Неліктен бір ауылдың, тіпті бір әулеттің кісілері аяқ астынан құлақ қайшыласып, бір-бірін қаралап, кінә артып шыға келді? Бұның астарында қандай тарқатылмас түйін түйіліп тұр, а?
Қайсыбір күні... ұлттық кітапханада тоқайласқан зиялы қауымның бас қосуында бір тарихшы ағасы былай деп сөз қиюластырып еді:
– Мына бір уақыт... баяғы 37-жылғы сұмдық пен сойқанды жерден жеті қоян тапқандай етіп, алаулатып-жалаулатып әкетушілер көбейген заман. Шын мәнінде терең астарына үңіліп, шын бағасын беріп жатқан ешкім де жоқ. Сол сұмдықтың зардабын біздің ұрпақ әлі ұзақ-қ тартатын болады, өйткені... оның тылсым-құпиясын барынша аршып алып, тазалап, келер ұрпаққа білдіре кетейік деген шынайы ұмтылыс бір пенденің бойынан байқалмайды.
Тарихшыны тыңдап отырып, шыдай алмай, өзі де сауал берген.
– Жарайды, сіз айтқан сойқанның құпия-қалтарысы көп-ақ екен, оны білдік. Ендеше сіздер, тарихшылар, неге бүге-шүгесіне дейін талдап, ел-жұрттың сана-көзін ашпайсыздар?
– О-о, – деген тарихшы. – Айтасың-ау сен де! Ондай қиын кезеңнің ащы шындығын аршып-ашу үшін біздің қолымызда барлық тарихи жазбалар мен құжаттар тақтайдай тізіліп тұруы тиіс емес пе! Жоққа тек жоқ деп жауап бересің. Солай десем, не дейсің?
– Солайы солай. Бірақ, тарих ғылымы осы мәселенің төңірегінде терең қазып жұмыс істемесе, бар жүкті өз мойнына алуға тәуекел етпесе, ғылым ретінде қандай қажеттігі бар, осыны түсінбеймін.
– Бері қара, бала! – Тарихшы тұтықпа ашуға булықты. – Қалай-қалай қиялап... сөйлейсің, а? Егер халқыңның шынайы тарихын білгің келіп, өліп бара жатсаң, шыдамың шыдатпай бара жатса, өзің кіріс те, өзің қам жаса. Саған кім қой деп жатыр...
– Мен тарихшы емеспін...
– Тарих – тек тарихшылар үшін деген қасаң қағида қайдан шыққан? Қателесіп жүрсіңдер, журналист мырзалар...
Жауаптасу осымен тәмәм. Тарихшы “Әй, осы сені ме!” дегендей, қабағын қалыңдатып, ала көзімен ата қараған да, өз жөнімен кете барған.
Енді бүгін, арада біраз уақыт өткен кезде, тағы да сол күрмеулі күретамыр алдын кес-кестеп, қиялына маза бермеуге айналар деп кім ойлапты? Бәрі екі атасы – Тасбай мен Қосжанға байланысты шиеленісе түскен жоқ па?
“...Жапалбек расымен де, атқамінерлік бақытынан мүлде айрылған шығар! Атасы “халық жауы” екені тайға таңба басқандай, ендеше оның ел басқаруға қандай хұқы бар?..”
Қайдағы бір ой төтелеп-қиялап киліге кетіп еді, өзінен-өзі ашулансын. Тоқтаусыз дірілдеп, қалш-қалш еткен.
“Ау, бұл жерде әкім бола ала ма, жоқ па – оның қандай маңыздылығы бар? Ең қиыны – өз аталарымыздың артында бұлаңдаған шала қол бұлғап тұр. Құйрығына шала байлап алған пенде одан қайтсе құтыла алмақ? Міне, ендігі ұлы дау осында-а... Осының айналасында-а...”
* * *
Қаладағы сүйгені – Гүлжанға телефон шалып, көңілсіз тіл қата бастаған.
– Шаршап жүрмін.
– Неге? Неден шаршадың?
– Бәрінен де.
– Жігіт деген түріңе! Мықты едің ғой.
– Темірден жаратылды деп пе ең! Қай жаққа қарасам да – Қорқыттың көрі... Бітпейтін ой зынданы-ы...
– Өмір, сен ойлағандай, тым көңілсіз емес. Қиял деген қамшыгерді де кісі өз ырқына қарай икемдеп алғаны мақұл-ақ...
– Қалай?
– Мысалы, жақсы ой ойласаң, жаның жадырап, жарқ етіп жұлдыз жанады.
– Жақсы ой деген не?
– Жақсы адамдарды еске ал. Жақсы қыздар туралы ойла.
– Сен туралы ма? (Қоңырхан күлді)
– Жаныңа шуақ құя білсе, несі бар, мен туралы ойлауыңа бек рұқсат!
– О-о, жанға шуақ емес, өміріме нұр бере аласың ғой, сүйіктім!
– Рас па? Шын сөзің бе?
– Әрине, рас.
Сосын кішкене тоқтады да, артынша көңілді үнмен:
– Келесі аптада жұмыстан рұқсат сұрап, Алматыға барамын! – деді жігіт. – Екеуміз армансыз қыдырайықшы. Саған айтарым өте көп менің...
* * *
Күні кеше Жапалбек досы қайта айналып соғып, екеуі оңаша кафеге келіп отырды. Досы ә дегеннен:
– Ай бір десе, осы біздің халықты иттің етінен жек көріп барамын! – дегені.
– Тым қатты кеттің! Халық десе – таяқтың бір ұшы мына екеумізге де тимей ме?
– Жоқ-ау! – деді Жапалбек. – Атам Тасбайды айтамын да. Өз бауырының үстінен өзі қаралап, қалайша қағазға қол қойды деймін.
– Бұл ендігі жерде барлық ұрпақтардың бас ауруына айналып барады...
– Басқада шаруам жоқ, өз әулетімді ойлаймын да. Біз өзі қандай ұямыз? Адам деген асыл атты аяқ асты еткен аталардың ұрпағы болып қалай өмір кешеміз енді...
– Өкіне берме! Әзір бұл турасында ешкім де сөз қозғап, қара күйе жағып жатқан жоқ. Сен ауыл әкімі болған кезде қайта қолға аласың, сосын тарихтың “ақтаңдақ” беттерін ашып, жаңаша саралайсың...
– Мен бе? Атай көрме! Енді білмегенім де, естімегенім де – сол қарғыс атқыр тарих дер едім...
– Жапалбек! – деп дауыстап жіберді Қоңырхан. – Тарих көрінгеннің қолжаулығы емес, әр сөзіңді байқап айт! Тарих, біле-білсең, біздің қалай ел болғанымыздың тарау-тарау жоталы жолдары...
– Өйткен жоталы жолыңның тап әкесінің...
Сөзі кілт үзілген. Көзі бақырайып бара жатыр. Сөйтсе, үстінен бір жуан бөкселі көмір көз келіншек төне қарап тұр екен.
– Сіз... сен кімсің?
– Мені танымайсың. Таныса – ана қияқ мұрт досың танып қалар.
Қоңырхан жалт қараған. Әрине, тез таныды. Бұл – баяғы Дүрия. Үш жігітті мән-мағынасыз төбелестен тайқытып, оқудан шығармай алып қалған өжет қыз. Гүлжанға ғашық еткен де – осы! О-о, қандай ғашық десейші...
– Дүриямысың? Қайдан жүрсің бұл жақта?
– Е, немене, мұнда келуге жол жабық па?
– Жо-жоқ, сенің ауылың алыста еді дегенім ғой. Орал жақта...
– Сіздің ел жаққа қайтара күйеуге шықтық. Қой мен қыздың бармайтын жері жоқ демей ме қазақ атаң. Солай-й...
– Ау, сонда-а...
– Оралдағы күйеуім күйеу-ақ еді: өмір соқпағыңды осалдық танытты; араққа салынып, ақыры бақиға озған. Сосын қу тіземді құшақтап отыра берем бе,осы елдің бір азаматы кездесіп, келісім-шартқа отырып едім... Альфонс-күйеу...
Жапалбек келіншектің айтқанына түк түсінбей:
– Алқаш күйеу, альфонс күйеу... Не дейді мына танысың? – деген.
– Сен түсінбесең, ана журналист түсініп отыр.
– Енді не істеп жүрсің? Жұмыс қайда?
– Жұмыс кеңседе қалды, ал біз... бала қамымен базарға шығып кеттік. Қысқасы, шағын бизнес...
– Ал, әлгі біздің жерлес...
– Е, ол да бір жатып ішер жалқау: альфонс демедім бе? Күйеуім ғой, амалым қанша...
Осыны айтты да, өзінен-өзі ішек-сілесі қата күлген.
– Жарайды, автобусым да келіп қалыпты, – деді сосын. – Сыртыңнан көріп қалған соң, бұрылып келіп, амандасқан түрім ғой.
– Жолың түссе, хабарлас. Мен осындағы газетте жұмыс істеймін, – деп, Қоңырхан телефон нөмірін ұсынды.
Дүрия қош айтып кетіп бара жатып:
– Шынымды айтсам, милиция мен тілшілерді түк ұнатпаймын! – деп қатты-қатты күлді...
Көңілге тимейтін сөз! Көңілге келмейтін күлкі!..
* * *
Әлгі бір әзірде, әзер деп бүгінгі күнге, қазіргі заман иіріміне оралып келе жатқан-ды.
Терезеден тысқа қарады. Дала сол баяғы – дала! Тым-тырыс қалпы керіліп-созылып жатып алған. Оған сен адалсың ба, зымиянсың ба, көңілдісің бе, жоқ қапалысың ба – бәрібір! Дала үшін пенде жарғақ құлақ жаратылыс қана! Басқа ештеңе де емес...
Айтпақшы... күні кеше бұның кабинетіне тағы да Бәлдубек кіріп келіп, даудырлап сөйлеп ала жөнелген. Қолында – әп-әдемі папкі! Сыртынан сипап-сипап қояды да, сөздің әуенін күйдей күмбірлетеді.
Айтқаны мынадай.
– Мен, өзің білесің, орта мектепті тым жаман аяқтамадым. Үлгерімім жап-жақсы екенін ұмытпаған шығарсың. Сөйтсе де, ауылдан ұзап шықпай, шаруа қамын жайғап, қалып қойған жанмын. Бірақ... соңғы уақыттарда түн баласына тосын ойлар көңіл терезесін қағып, мазалай беретін әдет тапты...
– Қандай ой? – Қоңырхан оның сөзін бөлген. Бәлду тағы да қолтығындағы қоңыр папкіні сипалап алып, сөз жалғады.
– Сендей қара сөзді суша сапырып кету қайда! Бірақ, болмасаң да ұқсап бақ деуші ме еді, соның кері келіп тұр-ау! Ептеп жаза бастадым.
– Айтқансың өткен жолы. Әбунасыр бабамен сырласып...
– Жоқ, бұл жазбалар мүлде бөлек.
– Не туралы?
– Е, не дерің бар ма? Бүгінгі күн келбеті... Қазіргі заманның кертөбел қасірет-кесепаты жайлы толғаныс...
Қоңырхан селк ете түскен. Қасірет деген сөзді қалайша оп-оңай айта салады! Ол деген... сұмдық салмақ жүктемей ме! Аса ауыр сөз емес пе?
– Қасіретің не? Байқап сөйлесеңші.
– Жоқ! Мен қасірет десем, демек, ол қасірет! Өзің-ақ тыңдашы. Айталық, бүгінгі күні адам біткен ақыл-есінен адаса бастады ма – өте тасбауыр! Ұл-қызың анау, өз елі мен жерін кез-келген уақытта бөтеннің бодауына айырбастап жібере салуға арсынбайды, – намыс өлген!
Бірнеңе деп, арасында ой ілгектеуге ниеттеніп, қайта тоқтап, сабырмен аяғын күтті.
– Ең үлкен сұмдық... – деді Бәлдубек. –...бүгінгі адамдардың, оның ішінде үлкені де, кішісі де бар – өзіне-өзі қол жұмсауға бейімделіп бара жатқаны...
Осы кезде шыдай алмай:
– Ислам дінінің тәртібін діңгектесек – адамның өз өмірін өзі қиюы үлкен күнә емес пе! – деген.
Бәлдубек бұған бадырая қарады, қарады да:
– Е, достым, адамдардың ішкі сезімі мен түйсігі һәм оны салмақтап-бағалауы әртүрлі. Сосын да олардың әрекет етуі әрқилы. Кісінің жаратылысы – діннен де, әдет-ғұрыптан да, тіпті бәрінен де жоғары тұратын, құпиясын оңайлықпен аша бермейтін, өзінше тылсым әлем... – деп, ұзақ сөйлеген. Әуездете айтқан.
Адамның болмысы барынша құпия жаратылыс екенін Қоңырхан да жиі-жиі ойлап қойып жүретін, бірақ тап Бәлдубек айтқандай, тереңдеп бара алмапты. Философтың сөзі сосын да ойына ойтүрткі салды. Сол жайынан ойланып тұрып қалған сәті еді, досы қайталап тіл безеді.
– Осы бар ғой, адамдар неге бір-бірін алдауға бейім? – деген. – Екіжүзді, алаяқтардың іс-әрекетін қоя берші – оларға сын жоқ. Дін жағында жүргендерге жолыға қалсаң, “ойбай, тек жүр, ештеңе істеме, әйтпесе ана дүниеде тозақ отына күйесің” деп қорқытады, таласып, пікір бөлісіп еш береке таппайсың – айтқанынан қайтпайды. Тап осыған күйінгенде мына фәниді аз уақытқа тастай салып, бақи дүниені көріп келсем бе екен дейсің. Әй, солай ете алсам ғой...
– Ана дүниеге кеткендердің оралғаны жоқ! – деді Қоңырхан. – Оны армандама.
– Естуімше, дәрігерлер эвтаназия дегенді ойлап тапқан дейді.
– Эвтаназия – өз еркіңмен бұл дүниеден көшуге келісім беруің! Бірақ, қайтып оралады деп кім айтты?
– Әттең, бір-ақ рет қайтып келсең ше? Сонда деймін-ау, мына айналамда қыбырлап жүрген өнкей бірбет, кертартпа, қисық пікірлерге ойсырата соққы берер ем...
– Ой, арманыңа болайын! Мына дүниеде басқа арман аяқталып-бітті ме сен үшін! Тоқта! Тоқта осымен...
Оны әзер деп ауыздықтады.
– Байқаймын, шаршайын деген сияқтысың! Кейінірек сөйлессек қайтеді?
Бәлду сонда да арынын баса алмай, өз көңіліне өзі тұзақ салмады.
– Енді екі ауыз сөзім бар, соны айтамын да, жөніме кетемін.
– Ал, айт!
– Айтсам былай: менің бір бөлемнің қызы алыс шетелге, басқа бір ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып, тайып отырды. “Кетсең алды-артына топырақ” дер едік, әттең, аяғы тамаша аяқталмайтын түрі бар. Сол қыз енді қайта-қайта хабарласып, “мен күйеу баланы алып, елге келемін, құжат әзірлеп беріңдер” дейтін көрінеді. Қазақ топырағына жат елдікті жерсіндірмекші.
Тағы да әңгіме ұзап бара жатқан соң, тоқтар деп, бір-екі рет жөткірініп алған. Бәлду жалт қарап:
– Екінші әңгіме мынадай, – деді. – Жар дегендегі жалғыз нағашымның қызы бар, аты – Ақнәзік, сол бойжеткен басына орамал салып, әдет-ғұрыпты қатты ұстап, үйден аттап шыға бермеді. Қырсыққанда сол әдепті қызға сөз салушы ақниет бозбала жоқ. Сорлы қыз оң босағада отырып-ақ кәрі қыз атанар түрі бар...
– Сонымен, не айтқың келеді? – деді Қоңырхан.
– Сені ақылы бар азамат деп білем, осы айтқандарымды ой елегінен өткізіп байқа, қалғанын сосын сөйлесерміз...
Кабинеттен асыға шығып бара жатты.
Қоңырхан әрі-сәрі күйде...
...Адам деген кім? Ол неге осынша күрделі де құпия жаратылыс?
Ауылдан келген философтың шатты-бұтты әңгімесі, неге екені белгісіз, өз атасы Қосжанның басынан өткен ауыр жағдайды – жалғыз ұлының істі болып, Сібір жағында сүйегі қурап қалғанын еске салды. Ең сұмдығы – атасы қашан үзіліп кеткенше өз баласы туралы ләм деп айтпастан, бар қайғы-шерін іште ұстап, мәңгілікке үн-түнсіз сапар шеккен. Оны жерлеу сәтінде де ешкім Қосжан атаның берекесіз баласы жайынан бір ауыз сөз қозғамады. Итжеккен асқан ұл – сол күйі ұмыт!
Тағы бір ойға келгені – ана жолғы аға-досының Заргүл атты қызының аянышты тағдыры. Осы оқиғаның соңын білмепті – қалай аяқталды екен, а?
Ал, мына Бәлдудің ақ қағазға сөз өрнектей бастағаны да тосын жаңалық. Бар ауыл оны ақыл-есі кемістеу жан деп ой құтысына желімдеп қойған еді, жоқ, олай емес сияқты. Кім біледі, соңғы уақытта санасында жаңғыру басталды ма?
Нағашысының қызы – Ақнәзік тағдыры да ауыр ойға соқпақ салар кермек әңгіме тақырыбы екен. Бұл қазақта ондай отырып қалған Ақнәзік – қыздар қаншама! “Өзім тап-тазамын, ал таза жігіттерің кәні?” деп заманға биік сауал тастап тұрған сондай арулар мына өмірдің тепе-теңдігін сақтап қалар?..
Ту-у! Айналып келгенде Интерадам дұрыс айтады, сен қазақсың ба, жоқ басқасың ба – бәрібір оң жүріп, түзу қадам жаса! Сонда ғана Адамсың! Нағыз Адам деген атқа иесің...
* * *
Кезекті жұмыс күні әлгінде ғана басталған-ды. Бас редактор тапсырған мақаланы тездетіп жазып тастамаққа тап қазір тас түйін бекінген журналист енді компьютерін аша беріп еді, есік қағылды.
– Кіріңіз!
Басына жарасымды қызыл орамал, әр адамын санап басып, ішке имене аттап, кіре берді де, қалт тоқтады. Бейтаныс қыз.
– Сізге кім керек?
– Маған ба? Маған... Қоңырхан аға...
– Ол мен.
– Ендеше сізге беріп жіберді.
Қолындағы екі бүктеулі қағазды тартыншақтана ұсынған.
– Кім? Кім берді мұны?
– Менің Бәлдубек нағашым... Өзі ауруханаға түсіп қалған.
– Ал, сен... кімсің?
– Есімім – Ақнәзік...
Жігіт орнынан ұшып түрегелді. Күні кеше ғана әңгімеге арқау еткен нағашы қыз тап алдында тұрғанына сене алар емес.
– Сіз... отырыңыз мына орындыққа. Сөйлесейік... – деген. Бойжеткен асығыс екенін ыммен ұқтырды.
– Жоқ, ағай, шұғыл жұмыстарым бар еді.
– Онда шығарып салайын.
– Әуре болмаңыз.
– Ендеше... телефон нөміріңіз...
Қыз ұяла тұрып, қалта телефонының нөмірін айтқан. Қоңырхан асыға, тез-тез сүйкеп жатты. Бойжеткеннің тілінің ұшынан қағып алып, жұтып жатқандай.
Ақнәзік асығыс басып, кабинеттен шығып кете барды.
Ол шығып кеткен соң, ой құшағына беріліп, ана жылғы тосын хатты есіне қайтадан жаңғыртқан. Оған тағы да Бәлдубек себепкер.
“...Адам! Сен кімсің, расында? Адам-Ата мен Хауа-Анадансың ба, жоқ әлде... Маймылмен туыссың ба? Бәлкім, шын тегіңді бүгінгі ұрпағың түсінбей, мүлде білмей келе жатыр ма? Оның да ашылар күні бар ма, әлде...”
Ойы тереңдеген сайын, өзі де қатты қинала, терлеп кеткен.
“... Ешкімге қиянатым жоқ, ешнәрсеге таласпасам да болар еді. Бірақ... Адам деген жаратылыстың осынша күрделі, осынша құпия, тіпті осынша жұмбақ екені неліктен? Жер бетінде, мысалы, Бәлдубектер де өмір сүруде, ал олардың қиялы дұрыс па, жоқ бұрыс па – оны кім салмақтап бере алар? Сен мүлдем күрделісің, Адам...”
* * *
Ойдесте аяқ астынан қиял әлемін аралап өте шыққан.
“... Ал, сүйіспеншілік ше? Кісі бір-бірін өте қатты сағынып, үзіліп кете жаздап аңсайды – бұның құпиясын кім ашыпты? Осының бәріне тек қана сезім кінәлі ме? Бәлкім, сезімнен де биік бірнеңе көңіл қатпарында қасатталып жатса ше?..”
* * *
Бір аптадан соң, бас редакторға бар жалынышты сөзін айтып, қиыла сұранып, Алматыға жол тартып кетіп еді.
Жол үстінде Гүлжанды ойлап, оны қатты сағынғанын сезініп, қайта-қайта күрсінген. Бірге оқыған балдай тәтті күндері көз алдында тізбектеле берді, тізбектеле берді...
“...Қайран біздің жастық шақ! Сені бір кездері осынша аңсап, жаным езіле сағынармын деп ойлаппын ба?..”
...Кең вокзалға бас сұққаны қазір ғана.
Вокзал ішінде Гүлжан өзі күтіп алып тұрды. Сол қалпы. Еш өзгермеген. Тек... бұрынғы қысқа шаш бұрым болып ұзарыпты. Одан да қызығы – әсем қыр мұрын астынан еркекке ғана жарасар қоңыр мұрт тебіндеп тұр. Бұнысы несі? Ал, басқасы – сол қалпы. Сөзі де, даусы да, еркелігі де...
Екеуі Алматыны аралап, ұзақ қыдырды. Өткен күндерді сағынышпен еске алып, шат-шадыман күймен жарқылдай күлісіп, бір жасады.
Ал, кешінде... Гүлжанды қонақ үйдегі жеке бөлмесіне шақырып еді, қарсылық танытып, басын ала қашқан.
– Бара алмаймын!
– Неге?
– Еш себебі жоқ. Қинама!
– Өзіңді ғана іздеп келдім емес пе! Оның үстіне уәдеміз бар...
– Уәде бергенім рас, бірақ... Қысқасы, мені түсінші. Ал, ертең өзім шығарып саламын поезға.
Бойжеткен кетуге ыңғайлана берген сәтінде білегінен шап беріп, өзіне қарай икемдеп, ақырын тарта түскен. Ол ышқынып кетті. Барынша бойын аулақтауға ұмтылды. Сол сәтте білек жеңі қатты түріле берген. Байқағаны – қыздың бұрынғы аппақ қардай ақ білегін түгелімен қалың қара түк басыпты. Таңдана қарап, түкке түсіне алмай, тұрып қалған.
Гүлжан жеңін тезірек түсіріп алды да, “қош” деді. Асығыс сөйледі.
Осыны айтты да, тық-тық басып, кете барған. Қоңырхан ештеңені де байыптап үлгермеген.
“Әлде... басқа біреуді сүйіп қалды ма екен? Сезімі бұзыла бастаса, ашып айтпас па? Енді жас емеспіз дегендей...”
Поезға отырған соң да, сол бір кермек ойдан басын арашалай алмады. Қайта-қайта ойлай берді, ойлай берді...
“...Махаббат! Уа, махаббат! Сен қалайсың осы? Отсың ба, жоқ әлде шоқсың ба? Бәлкім, сен... мүлде жоқ, жәй қиялдағы жылт етпе сезім болармысың? Сезім бүгін бар, ал ертең лап етіп сөне қалмақ па?..”
Өз ойын өзі түсінбеді.
Расында да, соңғы уақыттарда Қоңырхан махаббат, сүю деген ыстық та ләззатты сезімді тым селқос, салқын көңілмен ойлайтын халге қосақтап, байлап-матап тастаған-ды...
* * *
...Түн ішінде бір ерекше хабарлама келген. Еріне оқыды. Ыждағаттана көңіл бөлуге мүлде ықылассыз-ақ еді, бірақ екі-үш ауыз сөз бұның жүрегін бұлқынта соғып, бойын дел-сал еткені.
“...Сүю сезімі деген, өзің секілді жазғышбектер жазып жүргендей, жүректің лүпілі немесе мидың ішіндегі ынтызарлық ой ғана емес. Ол – кісінің бүкіл жан-тәнімен, барша жігер-күшімен, тіпті ғұмырымен беріле, өзін-өзі арнауы... Ол – өзің құрбан болып кете барсаң да, сол сезімді аялап, аспандатып өтудің жолы...”
Кімнен келген жазба? Әрине, іші біліп отыр.
Тұла бойы бір ысып, бір суынған.
* * *
Түрі мен тегі беймәлім Интерадам Қоңырханды тылсымы тұңғиық қиял әлеміне бірте-бірте жетелеп әкелді де, тереңіне күмп еткізген.
Ақылы, қанша ойланып байқаса да, ойжегіге айналған күрмеулі мәселеге толық жетпей жатқан-ды. Түсінуге аса ауыр соқты.
Адам? Оу, адам, сен кімсің өзі? Қандайсың, а?..
ҚҰПИЯҢДЫ АШ, ИНТЕРАДАМ?
(соңғы ойталас)
...Терезеден сыналап кірген күннің қиық жарығы енді кісінің бетіне емес, төмендеп барып, аяқ киіміне жетіп, сосын еденге қадала қалған. Жарықтың деп-демде бұлай құлдилауы қалай? Ә-ә, әрине, күн де көкке көтеріліп, аспан биігіне асыға ұмтылады емес пе! Демек... әлгінде ғана атқан таң түске ұласып бара жатыр.
Осыны ойлап, едендегі жарықтан көз алмастан тәтті қиялға беріліп отырған сәті болатын-ды. Ойбұзар дыбыс қайталап мазалады: зың-зың-зың...
Интернет арқылы табысқан досы – Икс былай деп жазып қойыпты.
“Адам, тым асқақтамай-ақ, төтелеп тілге тиектесек – бары-жоғы есті жануар!..”
Қаны басына теуіп, тап қазір Интерадам қолына түсе қалса, еш ойланбастан буындырып өлтірердей бұлқан-талқан ашуланып, кіжініп-кіжініп алған. Тіпті даусы да шығып кетті.
“Ей, адам деген аттан садақа кеткір неме, сен аузыңа келгенді оттай берме бұдан былай! Әйтпесе... көресіні көресің мына менен...”
Ашу үстінде тағы да мың-сан ойлар санасында ойнақ салды да, әзер деп өз-өзін ауыздықтады. Тоқта! Тоқта!
Енді сабырға келіп, ақырын ғана ой кемесіне мініп, тып-тыныш күйге түскен сәті-тін.
Кенет... тағы бір жазба көз жанарының алдында жылт ете түскені.
“Аталарыңды кінәлап, оларды іштей сөгіп, басына бар жаманшылықты үйіп-төгіп жүрсің бе, журналист?” деп бастапты. “Міне, сенің деңгей-дәрежең осыдан-ақ көрініп тұр. Қиялың тым ұзаққа құлаш сермей алмайды екен. Қысқа ойлайды екенсің, бауырым-ай!..”
Осы тұста оқуын тоқтатып, ішінен оны сыбап алған: “Мықты мына сен бе?..” Өй, мықты болған түріңе-е...”
Бұның ойын оқып қойғандай, Интерадам одан әрі былай деп төгілтті: “Әрине, өзімді кереметпін, аса мықтымын, ғажап-ғаламатпын демеймін. Алайда, сана жағынан оқ бойы озық екенім кім-кімге де, айнала анталаған бар жұртқа да белгілі ақиқат.
Сенің екі атаң – Тасбай мен Қосжан, біле-білсең, өз заманының жазықсыз құрбандары. Оларда ерік-жігер қалмады, қызыл саясат не десе, соған ләббай деді. Неліктен? Өйткені, солай етпесе, мына сендер – Жапалбек те, өзің де – жарық дүние есігін ашып, жалпағынан басып жүрмес едіңдер. Аталарың болашақ ұрпағы үшін өз бастарын қатерлі әрекетке тәуекел етіп тікті! Соны неге таразылап-байқамайсыңдар, а?..”
Қоңырхан аяқ астынан селк етіп, жүрегі өрекпіп, өзінен-өзі алқына-жұлқына, әрі қарай оқуға ынталана түскен. Бейтаныс досының қазіргі жазбасы ой-қиялын қанаттандырып, биік көкке алып ұша жөнелгендей.
“Ары қарай не жазыпты, қане?..”
Бұдан былайғы жазба былайша өркен жайыпты:
“...Сендер, адамдар, бір-біріңді түсіну орнына, әрқайсысың өз бас қамдарыңды қамдап, тек өзгенің кемшілігін іздеуге бейімсіңдер. Бүгінгі қоғамның да, кешегі қоғамның да, тіпті әріден қозғасақ – адамзат жаратылғалы бері осы бір кермек кемшілік үнемі жолбасшылық жасап, бірде ойпаңға, бірде сойқанға сүйрелеумен келеді. Ал, бұған маңыз беріп, талдап-талқылаған бір жанды мен де көре алмай келем...”
* * *
...Компьютерден бас алмай, ұзақ отырып қалған екен, енді құлағы шыңылдап, басы ауыра бастағанын аңдаған. Сосын тетігін басып, уақытша өшірді де, бетін сипалап, ой аулынан мүлде шығандап қашпаққа ниет жасаған. Кенет... құлағына Бәлдубек айтқан бір ой саздана жете берген.
“...Атаң Тасбай өмірінің соңында өзіне-өзі қол жұмсап, мына жалғанды тәрк еткен екен – себеп не? Осыны біздің ауылдың ешбір ақсақал-қарасақалы ақылға салып, безбендеген жоқ. Меніңше, ол кісі мына дүниедегі басына түскен ауыр салмақ пен асылық ісін о дүниеге арқалап барғысы келмегендіктен де көзі тірісінде өзіне-өзі осындай қатаң үкім жазасын ойлап тапқан – ақылсыз іс пе? Ойлан, бала-а...”
Осымен үшінші рет жүрегін ауыртып, кеудесіне кермек үрей үрлеп жатқан-ды.
“Асылық іс!.. Ол, мына тырнақтай тірлікте, кімнің қара басында жоқ екен? Ең үлкен мәселе – осыған кім қалай қарайды, қандай маңыз береді деген түйінді шешуде түйдектеліп жатқан жоқ па!..”
* * *
Сол күні Ақнәзік туралы нәзік ойларға беріліп отырып, Бәлдубек беріп жіберген хатты ашып оқымапты да. Ертесіне үстел үстінде жатқанын байқап, еріне ашып, көз жүгірткен. Жазуы, әрине, айбақ-сайбақ. Түсінуге тым қиындау тиіп тұр. Сонда да ежіктеп отырып, аяғына дейін төзім танытты.
“Бәлду кім?” депті ол. “Бәлду ешкім де емес. Оны тіпті бүгінгі қоғам жөні түзу кісі қатарына қоспайды да. Бірақ... менің ішімдегі буырқанып жатқан толқын-толқын ойларды кім біледі? Кім түсінеді? Кім тыңдағысы келеді? Аз ойлап, көп ойлап барып, Қоңырхан, осы хатты өзіңе жолдадым. Жөн деп есептесең, кәдеңе жарат. Ал, мән-маңызы жоқ бірнеме деп ойласаң, жыртып тастай сал – еш ренжімеймін...”
Кішкене тоқтап, қиял қанатына отырды. Бәлдубек неліктен осынша таусыла сөз арнады екен бұған? Не себеп? Ал, бұл жазбаны өзге ешкімнен емес, неге Ақнәзіктен беріп жіберді? Мұнысы да кісі кілтін тез тауып-түсінбес жұмбақ.
Хат аяғына көз жүгірткен.
“...Сен, Қоңырхан, махаббат майданында қара басыңды молынан қатырып жүрген жігітсің” депті соңғы тұсында. “Ол дұрыс емес. Өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді сүй. Атам қазақ жайдан-жай айтпаған. Гүлжан – бала махаббатың, оны түсінемін. Ал, мына нағашым Ақнәзік – сені сырттай қатты ұнатады екен, оны байқаусызда сездіріп алды. Жазғандарыңды жастанып жатып оқиды. Егер сөзіме құлақ қояр еркің болса, бұл қызбен де сөйлесіп байқа. Арғы жағы – Алладан...”
Жүрегі дүрсілдеп қоя берген.
“Ақнәзік мендей тағдыры сырғанақ, жолы тайғақ пақырды ұната ма? Ал, мен... мен кімді ұнатып жүрмін өзі? Гүлжан ба? Гүлжан... отбасы құруға ықыласты ма, жоқ па? Оны неге ашып айтпайды? Бәлкім, үнемі менен батылдық күтті ме? Оны неліктен осынша ой азабына салдым. Әй, жігітпін бе мен, жоқ әлде-е...”
Бойын бір сәттік ашу кернеп ала жөнелген...
* * *
...Жол үстінде тағы да кездейсоқ кездесіп қалды онымен. Баяғыда-а университетте қатар оқыған дарылдақ қыз – Дүрия. Гүлжанды жанына жақын тартып, құрбы санаған Сыған қыз. Қазір, әрине, өз өмірімен әуреленіп, бала-шаға сүйіп, құбатөбел күн кешіп жүрген жайы бар. Өзі сол кезде де арсың-гүрсің сөйлеуші еді, тап сол қалпы. Тіпті өзгермеген десе де болғандай.
Әзіл-қалжыңға шаптыра:
– Сонымен, альфонс-күйеуіңнің жайы қалай? Жарап тұр ма дегеніңе?.. – деген. Дүрия сөзді кесті.
– Оны қоя тұр.
– Е, неге?
– Қоңыр-ау, – деді. – Өзің не бітіріп жүрсің мына тірлікте?
– Өткенде айттым ғой. Газеттемін.
– Отбасын құру жағын сұрап тұрмын. Әлі де ойың Гүлжанда ма?
– Енді-і...
– Ол жалмауыздан күдеріңді үз! (Кесіп айтты) Мүлде үз-з...
– Неге? – Жігіт шошына тіл қатқан. – Неге олай дейсің?
– Естімеген екенсің. Айтайын ендеше. Шетелде оқып жүргенде, емін-еркін өмірдің бойжеткендерінің ақылына еріп, дене ағзаларын жасартатын дәрумен ішкен бе, әйтеуір, бір сұмдыққа ұшыраған.
– Қалай?
– Тыңдай бер. Сол дәруменді ішкен соң, аз уақыттан кейін тұла-бойын түп-түгел қара жүн басып кетіпті. Қанша қырып тастап отырса да, жылдам шыға береді дейді.
– Өзің тілдесіп пе едің? Өз аузымен айтты ма осыны?
– Жоға! Менімен араласпай кеткелі талай уақыт. Жақында Алматыда тұратын бір құрбыммен хабарласқам, соның сөзі бұл...
Не сенерін, не сенбесін біле алмай, Қоңырхан аңырап тұрып қалған. Дүрия асығыс екен, автобусына жүгіре жөнелген.
“Ана жолы... Алматыда тым қашқалақтай бергені содан ба? Білегіндегі қап-қара түкті де көрдім. Ау, неге оңашада өзіме шындықты жайып салмады! Мен жау ма екенмін? Әй, Гүлжан-ай, Гүлжан...”
Содан соң кейінгі кездердегі араларында өрбіген әрбір мөлтек әңгімені қинала еске түсіруге тырысқан. Әсіресе шетелдік жастардың еркін өмірі, біржынысты неке және қазақ қыздарының жатжұрттыққа тұрмысқа шығуы жайынан сөз тізбелегені ойында қайта-қайта жаңғырды. Тоқтаусыз мазалай берді...
“...Нені түсінбей жүр екем? Бәлкім, ол да бір жатжұрттық жігітті сүйген шығар? Сол жайынан туралап айта алмай келгені ме, қалай? Тіпті, одан да қиыны – шетелдің жігітінен сәби сүйіп алған болса ше? Ал, енді... денесін жүн басып кетсе, оның несі қорқыныш? Неліктен одан ұялады?..”
Жүрегі қысып кеткендей тынысы тарыла түсіп, ауырсына дем алды.
“Әттең... ана жолы ашық сөйлескенде бәрінің де беті ашылмас па еді. Мейлі, шетелдік жігітті қатты ұнатып, араларында махаббат оты лаулап тұрса не үшін кедергі келтірмекпін? Барсын! Үйленсін. Ұрпақ сүйсін...”
Тағы да ой соқпағының соңынан ажырай алмай, тығырыққа тірелді.
“Қайран, Гүлжаным! Сені, тек сені ғана күтіп, осынша жыл жүрдім емес пе! Адал махаббатыма сенбегенің бе бұл? Сезімімді сыйлай алмағаның ба, не еткенің, жаным-м...”
Жүрек тұсын ұстады. Шым-шым еткенін сезді.
Сәлден соң телефонын қолына алған.
Оған дереу хабарлама жолдап еді, жауап қатпады. Үнсіз қалды...
* * *
Енді білек сыбанып алып, өзін-өзі қайрап, “не сен, не мен” дегендей, Интерадаммен ашық “айқасқа” шыққан.
Былай деп сөз сүйкеп жіберіп еді.
– Адамның сана-сезімі бір орнында тоқтап қалмақ емес, үнемі жетіліп отыратын, барынша даму үстіндегі құбылыс. Сосын да талас пен тартыс әрбір жұмыр бастыға ортақ қасиет...
Сол-ақ екен, сұрақ пен жауап, жауап пен сұрақ тарыдай төгіліп жүре берген-ді.
Интерадам да мүдіруді білмейді, дереу жауабын жаза қойған.
– Мәселе талас пен тартыста емес, адамдардың бір-бірін барынша бағалап, ықыластана сүйе алмауында. Тасми адамнан түптің түбінде не күтуге болады екен, а?
– Жаратылыстың бәрі біркелкі емес. Көптің ішінде ала да, құла да жүре береді. Бірақ, есіңде ұста, адамзат кері емес, тек алға жылжыған ұлы көштің бас иесі!
– Дау айтпайын! Алайда сол ұлы көш – қайда бет алды? Барар жері қайсы? Түпкі мақсаты қандай? Осы нобайда неліктен аз айтылады?
– Даму жолы, әрине, жақсылыққа бастайды деп үміттенеміз. Біз қазіргі кезде бүкіл ғаламшарды танып-біліп отырмыз. Әлемде адам білмейтін құпия жоқ десек, жауырда жоба тоқу. Бұл жетістік емей немене, ендеше!
– Күдік келтіріп қайтейін! Алайда, жетістіктің тасасында ұлы қателіктер де әр қалтарыс сайын қылтылдап, қылаңдап тұрған жоқ па! Адам бәрін білген үстіне Құдайды ұмытып, тек өзін ғана құдіретті жан санай бастады, өзім жасай аламын деп өрекпиді. Осы өтірік пе?
– Тағы да айтамын: бұл аз ғана топтың астамсығаны! Біз, жер бетіндегі адамдар, эволюцияны революциялық жолмен жылдамдатуды да үйрендік. Барға қанағат тұтып отыратын кешегі күн – келмеске кетті...
Жауап күтіп еді, Интерадам үндемей қалған. Арада ұзақ-қ пауза!
– Оу, сен неге тіл қатпайсың?
– Сөз таластыруға зауқым жоқ енді! Ойлап қарасам, сенің де бойыңда асқар таудай эгоизм тығылып-тұншығып тұр екен...
– Оны қайдан байқадың?
– Тым сенімді сөйлейсің, бірақ өз болашағыңа іштей өзің де күдікпен қарайсың. Соны сырт көзге ашып көрсетуге аса құлықсызсың. Бәлкім, қорқыныш па?
– Қорқыныш! Кімнен қорқады екем?
– Болашағыңнан! Бұлдыр күндерден...
– Ха-ха-ха!..
Интерадам сол күйі жоғала берді, қайтып үн қатпады...
* * *
...Жұмыстан тағы да сұранған. Өзі айта беруге де ұят-ақ екен, қайта-қайта сұрануы көбейіп барады.. Редакторы әуелі қаламсабын үстелге ұрғалап, қиналыңқырап отырды да, аяғында келісім берді. Көңілді сәтіне дөп келіпті.
– Тек жылдам барып қайт! Өзің білесің, қазір газетте кісі аз...
– Тез ораламын.
Кабинетіне келді де, тез-тез жиналды.
...Асығыс түрде самолетке отырды да – бағыты белгілі – Алматыға жетіп-ақ барған. Гүлжанды да тез тапты. Оны көрген бетте құшағына қыса түсіп, қатты аймалап, ұзақ-қ тұрып алған. Бақыттан басы айналып кеткендей-ді.
– Жіберші! – деді бойжеткен.
– Жібермеймін.
– Неге?
– Мен білемін. Енді жасырма.
– Нені?
– Білемін деймін! Жасырмай-ақ қой...
Қыз мұңайма көзбен бір қарап, жанарын жалп еткізіп, төмен түсіріп, үн-түнсіз отырып қалған. Содан соң барып, қайталап әлсіз үнмен тіл қатқан.
– Ой тұтқынында жүрмін, Қоңыр...
– Ой шаршатып жүрсе, несі бар, дәрігерге қаратамыз...
– Жоқ, шипасы табыла қоймас...
– Неге?
– Айта алмаймын.
– Айт! Ашып айтшы енді бәрін де.
– Онсыз да өзімді-өзім түсінбей, күн сайын жансарай аласапыранымен алысам. Кешірші! Қайт аулыңа. Ұмыт мені...
– Жоқ! Бұлай етпе, Гүлжан! Екеуміз оп-оңай қош десуге тиіс емеспіз. Сені, біле-білсең, жан-тәніммен әрі шын жүрегіммен сүйдім ғой...
Қинала, шарасыздық кейпін байқатып, қыз да кідіре түскен.
– Ашылшы енді!.. Маған айтпағанда, кімге айтасың бұны?..
– Қинама мені...
– Шындықты білмесем, осы арадан ешқайда да кетпеймін.
– Шындық! Шындық! – Осы сәтте бойжеткен бар даусымен айқайлап жіберген. – Бұл бейдауа өмірде қай пенде кімнің шын бейнесін танып-біліп жүр екен! Әр адамның сырт бейнесі басқа, ал ішінде екінші біреу өмір сүріп жатады. Оны тек өзі ғана біліп-таниды. Өзіне ғана түсінікті. Осыны да ақыл безбеніне сала алмай келгенің бе сенің...
Жігіт те қайсарланды.
– Барлық адам қақ жарылып, екіге бөлініп кеткен деп қасарыссаң да, айтар дауым бар. Жер бетіндегі жұмыр бастының баршасы екіжүзді, екімінезді бейнеге айналуы мүмкін бе? Ол – ақиқат деген ауылдан алшақ жатыр...
– Сенің ақиқатың өзіңде. Ал, өмір ақиқаты... Қысқасы, менің жағдайымды білетін бір-ақ адам бар. Содан сұрарсың қалғанын...
– Ол кім? Ол қайда?
– Өз қасыңда! Бәлдубек...
Осыны айта салып, жалт бұрылды.
Содан соң жылдам басып, кетіп қалуға қам жасаған. Қоңырхан қанша тежеу жасаса да, оны тоқтата алмады. Тыпыршып алып еді.
Гүлжан ұзап бара жатып, көз жанарынан жас төге, өзінен-өзі ағыл-тегіл жылаған.
Бірақ, оны Қоңырханға көрсеткен жоқ. Тек... алыстап барып, қол бұлғады.
Бұл – соңғы қоштасуы еді.
* * *
Біраз күн не істерін білмей, әрі-сәріге түсіп, ой құшағында жүріп алды да, ақыры батылдық жасап, Ақнәзіктің телефон нөмірін терген. Арғы жағынан жүректі жылытып жіберер нәзік үн сыздықтап жетті.
– Бұл кім екен?
– Мен... Қоңырханмын.
– Ағай, сіз бе?
– Телефон нөміріңді берген соң, хабарласып тұрмын.
– Мен қалайша... ешкімге нөмірімді бермеуші едім?
– Өкінбеңіз. Жолықсам ба деп едім.
– Қалай? Дұрыстап танымайсыз әлі. Тек Бәлду ағам өтініш айтқан соң...
– Өзім де сол үшін хабарласып отырмын. Ағаң туралы тереңірек білгім келеді. Бәлду қайда? Одан соңғы күндері мүлде хабар үзілді.
– Ол кісі... екі апта бұрын ауруханада көз жұмған. Естімедіңіз бе?
Жүрегі зырқ ете қалған.
Қалай естімеді екен! Ешкім хабар бермегені ме бұған?
– Білмей қалдым. Кешір, қарындасым! Білмеген – у ішеді деген осы...
– Оның достары да сізге айтпаған екен де.
– Ендеше ертең жолға шығып, сіздің ауылға соғып, Бәлдудің басына барып, Құран оқып қайтамын. Жол үстінде сізді де кездестірермін...
Қыз үндеген жоқ.
Дауыс кілт үзілді.
* * *
Бәлдубек “философтың” зиратының басына барып Құран бағыштап, қайтар жолдағы ауылда, автобус аялдамасында Ақнәзікті жолықтырған. Қыз асыға күтіп тұр екен. Жүзінде әлденеге абыржу бар.
– Сізді күту себебім... – деді ұяла тіл қатып. – ...Ағам тағы да өтініш қалдырған соң, соны орындағым келді. Соңғы аманаты ғой...
– Ол не?
– Сізге хат жазыпты.
Ақнәзік екі бүктелген ақ қағазды саусақтары діріл қаға, ұсына берген. Жігіт дереу-дереу ашып, оқи бастады.
“...Досым!” депті Бәлдубек. “Өткен жолы өзіңе интернет арқылы хат жазатын кісі туралы айтып едің. Осы жайынан көп ойланып, бас қатыра келе, сол бейтаныс досың именно Гүлжан ба дедім. Ол қыз – бұрынғы қыз ба? Күдігім мейлінше басым. Сен ренжіме, әрине. Менің ойымша, Гүлжан – сырқат! Түсімде көрдім ол қызды... Өзен шетіне келіп, шешініп, суға түскелі жатыр екен, үсті-басын түгел жүн жауып кеткен. Маймыл сияқты... Қорқытып-үркіткенім емес, маған мұндай түс жайдан-жай кірмейді. Түсім қай кезде де рас боп шығатыны бар өкінішке орай...”
Демі жетпей, осы тұста сәл-пәл кідірген. Ауырлап, әзер дем шығарған. Содан соң хатқа қайталап жанар қадаған.
“...Суға түскелі жатқан Гүлжан, неге екенін қайдам, арт жағына қарағыштай берді. Неге бұлай етеді деп, мен де сол бағытқа назар салғам. Сөйтсем, о, тоба, бір кішкене сәби құлдыраңдап жүгіріп келе жатыр. Шашы ұйысқан қара, өзінің түрі де көмірдей... “Мама” деп айқайлайды. “Мама, мені неге тастап кетіп барасың-ң...” Осындай түс көріп жатып, қара терге малшынған қалпымда, оянып кеткенім... Аяғын айта алмаймын...”
Хат осы жерден үзіліпті. Соңы жоқ.
Қоңырхан қызға қарады.
– Жалғасы бар ма?
– Оны білмедім.
– Қап, әттеген-ай, онымен көзі тірісінде бетпе-бет жолығуым керек-ақ еді. Әттең десе...
* * *
...Қоңырхан, өз жағдайын мүлде ұмытып, ой отауына кіріп алып, үн-түнсіз ұзақ-қ отырып алды.
Интерадам ойлағанды бұл неге ойлай алмайды? Осындай парқы бар сезім соқпағы неге бұның қиялына қонақтамай жүр? Интерадам неліктен бұдан мықтырақ?.. Неге мысы басып тұрады әрдайым?
“Тіпті... күн санап, ай санап, менің еркімді билеп алып барады. Өзінің дегеніне көндіріп келеді. Не айтса да, елең етемін. Кейде жауап таба алмай қиналамын...”
Осындай кермек қиял басында ойнақ салып, әрі-сәрі де бойкүйезденді.
Кенет... компьютерден тағы бір жазба жарқ етті. Көз жүгірткен.
“...О, адам! Мен сен бола алмаспын, сен мен бола алмасың тағы анық!..”
Осы-ақ! Басқа сөз жоқ.
Аң-таң қалған.
Неге мәселені төтесінен қойып, бұлай деп жазды екен? Қалайша ол екеуміз бөлек жаратылыспыз? Бұл не сөзі? Әзілі ме, әлде шыны ма?
Содан соң дереу еңсе тіктеп, компьютерге өз көкейіндегі сауалды жорғалатып жазып жатты.
– Сен кімсің, Интерадам?
– Кім екенімді білмей-ақ қойсаң қайтеді!
– Жоқ, енді білгім келеді. Біз көп айлар бойы сырласып, тіпті достасып кеткен жоқпыз ба!
– Сырласқанымыз рас. Алайда, достыққа келсек, күдігім көкейімде кілкілдеп тұра қалады.
– Неге? Неге олай дейсің?
– Өйткені мен ешбір адаммен дос емеспін. Болмайтын да шығармын.
– Қалайша?
– Ақыры шынымды айтқызбақшысың ғой, ә! Ендеше саған былай дейін:
“Мен ешбір ұлтқа кірмеймін, ешбір елді мекендемеймін, ешкімді де жатсынбаймын!.. Арғы жағын өзің ойлан, қиял шегімен салмақтап шеше бер. Әзірге қош бол, журналист! Сенімен сырласу алаңында жолығысу маған да аса қызғылықты әрі мол әсерге бөледі. Қош-ш... Бұл жолы мәңгіге-е...”
– Жо-жоқ, сәл кідіре тұр! – деді Қоңырхан. – Әлі де айтарым бар.
– Айт ендеше! Тек жылдам...
– Кім екеніңді өзім айтайын ба? Сен... Гүлжансың! Менімен еркек тәрізді, бет бүркемелеп, үнемі сөйлесіп отырдың, намысыма тидің. Ойымды мазақ еттің. Солай ма?
– Жоқ! Мүлт кеттің. Мен әйел де, еркек те емеспін.
– Сонда-а... кім деуіміз керек?.. Кімсің?..
– Адам бейнесіндемін, әрине! Бірақ... сырқаты бар жанмын...
– Емделуге болмай ма?
– Бұл – емделуге жатпайтын ерекше сырқат. Ол жайынан саған Гүлжан деген құрбың қадап тұрып айтқан жоқ па, есуас-с...
Қоңырхан орнынан көтеріле түсіп, оның соңынан қуа жөнелгендей екпіндеп барып, қайтадан орындығына отыра берген.
Кеудесінен әлдебір кермек ойлар шудаланып, буда-буда қалпымен көшіп жатқандай күй кешті...
* * *
Сол күні Қоңырхан фейсбуктегі өзінің аты-жөнін мүлде өшіріп, жойып жіберді. Жазбалар да бірге жоғалды.
Бұл өзінің көңіл шешімі болатын...
Жоқ, өз көңілінің ғана шешімі емес, мұндай ойға біржола табан тіреуіне редактор Рымхан алдымен себепші. Сөз ретіне қарай, соңғы уақытта әлдебір Интерадаммен тілдесіп, сонымен хат-хабар алысып жүргенін айтқан. Газет басшысы шошына қарап:
– Інім, сенің есің дұрыс па? – деді. – Интернетке өз еркіңді бағындырып қоюға тиіссің бе? Бұл неткенің? Түбі басың айналып, есалаң күйге түсерің оп-оңай. Болған ондай жағдайлар... Бар әлем практикасында...
Содан соң баяғы түйенің етін жеген мақаланы сұраған. Енді тым қатты, зілмен сөйледі.
– Жазыла ма, жоқ па?
– Жазып қойғам, аға!
– Енді қайда? Неге маған бермейсің?
Көк папкінің ішінде біраздан бері сүрленіп тұрған көлемді жазбаны алып, бастығының алдына тоса берген. Редактор жұтына, құлшына оқуға кірісті. Бірақ, әп дегеннен-ақ тақырыбын ұнатпай, тіксініп қалған.
“...Адамның өмір сүру және өзіне-өзі қол жұмсау ғаламаты...”
Осыны оқи сала, үстелін салып-салып жіберген.
– Қуану ғаламаты туралы ой толға десем... Осы, сен бар ғой... Сені енді түсіне бастадым. Миыңды шырмап алып, ақыл-есіңнен адастырған – ана әлеуметтік желі... Интерадам-м...
Қатты-қатты сөйлеп келді де:
– Интернетті ағытып таста! Бұйырамын саған... – деп, сұқ саусағын шошайтты. Саусағын кезек-кезек қозғап тұрып айтты.
Енді еденді тарс-тарс басып, зілдене аттап, кетіп бара жатқан. Қазір ғана аңғарды, бүгін редакторы көк пиджагын киіп, галстуксіз келген екен жұмысқа... Қап, сәтсіздікті қарашы!..
Соны ойлап үлгергенше, басшысы қайта есік ашты да:
– Слушай, бала, жүрші менің кабинетіме! – дегені. Журналист жігіт елп етіп, енесінің соңынан ерген қозыдай емпеңдеп, артынан жүгіре жөнелген.
Кабинетке келген соң, көкшіл пиджагын шешіп, іліп қойды да, бұған қарап:
– Журналистиканы менсінбей жүрсің бе, шырақ? – деді. – Қасиетті мамандықты мазақ еткің келе ме, шырақ!..
– Аға, о не сөзіңіз?..
– Е, білем!.. – деді Рымхан. – Білем ғой мен сендерді. Баяғыда-а... менімен бір курста оқыған досым бар-ды. Оқу бітірген соң Алматыда қалып қойды, қайтсем де атақты жазушы деген құрметке жетем деп талпынды. Мен елге кеттім. Сол досым кейінірек кездесе қалған сәттерде “міне, мен көлемді-көлемді кітаптар шығардым” деп жарыла жаздап мақтанатын. “Журналистер ары кетсе, деректі әңгіме не деректі хикаят жаза алар, бірақ оны – көркем шығарма деп әспеттеу әбестік!” деп, шамыма тиетін...
Осылай деп ап, аз-кем кідірді де:
– Сондай ойдың үстінде емессің бе, данышпаным? – деген.
– Ойбай, ағатай, жазушы емеспін, болуға талпынып та жүргенім жоқ. Журналистика – көлденең көк аттының қолжаулығы емес қой, аға! Бірақ... терең тақырыптарға барғым келсе, ол еркін ізденіс деп білем...
– Ә, солай ма!
Редактор креслосын сықырлата, әлденеге риза пішінмен, шалқая түсіп, сирек шашын тарамдаған. Қайта-қайта...
– Жарайды, бара бер...
Оңаша қалғанда оның айтқанын санасында қайталап жаңғыртып, өз-өзінен үрейлене түскен.
“...Интерадам деп жүргенім Гүлжан да, Бәлдубек те, ешкім де емес – бары-жоғы темір-робот шығар, ә? Апырмай, неге ол жағын ойламағанмын...”
Тағы да ой тасқынын оятты.
“...Әлде менің Гүлжаным кейінгі кезде робот-адамға айналып кеткені ме? Ол мүмкін бе өзі-і...”
“Жоқ! Бұл ойынды тоқтатуым керек! Тоқтатылсын!..”
Көңіл шешімі тап осы күні, тап осы сәтте осылай жасалған-ды...
* * *
Қайталап кездесіп қайту үшін, көңілдегі әлдебір сауалдарға жауап іздеп, Ақнәзікке жолықпақ ниетпен, оның аулына қарай жол жүріп бара жатты...
Момын қыз жігіттің бұл жолғы келісін онша түсіне алмай, қайта-қайта қипақтап, тілдесуден қашқақтай берген. Қоңырхан сонда да өз дегенінен ниетінен қайтпастан, табандап тұрып алды.
Ақыры тілдесті.
Ақнәзік ұяла үн қатып:
– Сүйетін қызыңыз бар емес пе? – деген. – Естідім ғой...
– Оны жасырмаймын! – деді жігіт. – Алайда ол өзі баянсыз махаббат хикаясы секілденіп, аяқталып қалғандай. Енді өзімнің де күш-қуатым азайып, әл-дәрменім қалмай бара жатыр.
– Бұл не сөзіңіз? Жігіт сүйгеніне қол жеткізу үшін қандай тайғақты жолда да шаршамауға тиіс емес пе? Жігіттік жігер қайда?
Қоңырхан қыз алдында әлсіздігін байқатып қойғандай.
– Мен шаршадым! Мен жеңілдім...
Осыны айтып тұрып, басы айналды ма, қолымен үстелді тіреп, теңселіп кеткен. Бойжеткен әуелі сүйемелдеді де, тіпті болмаған соң қапсыра құшақтады.
Сол сәтте жігіттің де құшағы айқара ашыла берген-ді...
ҚЫЗ-МАХАББАТ АҢЫЗЫ
(эпилог орнына)
...Қоңырхан мен Ақнәзіктің үйлену тойы өте қызғылықты өтті. Көп-п тілекші достары жиналып, сөзден сөз балалатып, бұларға ұзақ ғұмыр, тату-тәтті отбасылық бақыт тілеген. Әрбірінің, әркімнің қиюластыра айтқанын Қоңырхан көңіл дәптеріне көшіріп жазып алып отырды. Соны жазып алу сәтінде қасындағы аққудың көгілдіріндей нәп-нәзік қызға сүйсіне қарап, түсініксіздеу бақытқа кенеле түскендей күй кешкен.
“Мен осы қызды шынымен-ақ сүйем бе?..”
Өз сауалына өзі жауап таба алар емес.
“...Әлде сүймей-ақ үйлене салдым ба? Осы жолы не істедім, а?..”
Санасына сығалаған тосын ойдан өзі шошып кеткендей.
“...Жо-жоқ, Ақнәзік жүрегіме от тастамаса, осынша іңкәрлікпен ұмтылар ма ем! Ол мені еріксіз ынтықтырды, сүймесіме себеп қалдырмады. Махаббат дейсіз бе? Білмедім. Оның анықтамасын тап осы күндері айта алар халде емеспін, достар-р...”
...Той өткен соң, екеуі аз уақытқа еңбек демалысын алып, Бурабайға қыдырып қайтты. Бурабайдың таза ауасы жігіттің басын торлап алған барлық қиқы-жиқы қиялдарды біржола желге ұшырып, өшіріп тастағандай еді.
Әлдебір әңгіме арасында Қоңырхан Ақнәзіктен Бәлдубек жайынан кеңірек сұрап, сауал бере бастаған. Білгісі келетін жұмбақ жағдайлар әлі де көп еді.
– Ағаң... өте қызық жан көрінуші еді маған! – деді. – Көп жағдайда өзін түсіну қиынға соғып жататын.
– Ауылдағылардың бәрі де солай деседі. Бірақ өз басым ағамды өте жақсы көрдім. Өйткені, оның ойлары тұңғиық, ішкі сезімі таза...
– Жоқ, оны айтпаймын. Әрине, Бәлдубек маған да бөтен емес, сөйтсе де түсіну жағынан келгенде...
Қыз жігіт сөзін бөлді.
– Айтпағыңызды ұқтым. Ағам көп адамның бірі емес, философ. Философия қай кезде де өте күрделі, тым ауыр. Сосын да ауыр ойлардан шаршап, жүйкесін жұқартып алды ма?
– Ол сырқат па еді?
– Барлық уақытта емес. Көктем мен күзде аздап аласұрып көтеріледі демесек, былайғы өмірде аса жайлы жан. Әкемнің айтуынша, Бәлдубек жастау күнінде қой бағып жүріп, тау етегіндегі жалпақ тас үстінде ұйықтап қалыпты, сөйтіп түнгі ай бетіне түскенде, шошып оянған. Әуелде дене қызуы көтеріліп, әлденені сандырақтап айтып, үй-ішін әбігерге салса керек. Кейінірек, жазылып, жөнге түскен. Алайда, жасы өсе келе сол ауруы қайталап қала беретін еді деседі...
– Рас, – деді Қоңырхан. – Бәлдубек ерекше болмыстың адамы. Оны осы күндері қатты сағына бастадым...
– Мен де... – деді қыз. – Өзім де сағына іздеп тұрамын ағатайымды. Айтпақшы...
Күйеуі бірнеңе айтпаққа оқталып, мүдіріп қалғанын байқап:
– Айт! Бөгелме! – деген.
– Ағам бір жолы айтты: “Ақнәзік, саған айтар үлкен өтінішім – мына компьютерге көп шұқшия берме. Әсіресе, интернет деген пәле тажал ғой, ол түбінде адамзаттың ақыл-ойын шырмап, шатасуға жетелеп әкетеді... Сөйтіп, өз дегеніне бағындырады. Адам емес, бәрін де сол темір-робот ойлайтын заман туады көр де тұр...”
– Ол солай деді ме?
– Шамамен айтқаны осыған саяды. Сөзбе-сөз, дәл мағынасымен жеткізе алмай тұрған шығармын...
– Бірақ... ағаң қашан үзіліп кеткенше компьютерден бойын аулақ ұстаған жоқ. Маған неше түрлі ой-жазбаларын жіберіп тұратын.
Ақнәзік ойлана түсіп:
– Ең қызығы... – деді – ...Кей күндері баяғыда-а өтіп кеткен ойшылдар мен философтарды ойталасқа шақырып, солармен пікір жарыстыратын...
– Мысалы, кім?..
– Менің білетінім – көбіне Әбунасыр әл-Фарабимен пікір таластыратын.
– Қызық екен...
– Бізге қызық! Ал, ағатайым... содан ауру тапты ма деймін.
– Мүмкін! Бәрі де мүмкін!..
Сосын үнсіз қалды. Қыз да әрі қарай әңгімені жалғаған жоқ.
Кезекті ас ішіп алып, қыдырыстау сәтінде Ақнәзік:
– Сізге бір нәрсені айтуға тиіспін, – деген. – Енді жасыруға дәтім жетпейді.
– Ол не?
– Менде Бәлдубек ағам қалдырған тағы бір хат бар.
Жігіт елең ете қалды. Сол сәтте жүрегі де дүрс-дүрс соғып ала жөнелген. Ендігі білуге тиіс бар құпия – сол хаттың ішіне жасырынып тұрып қалғандай.
– Оны неге... осы уақытқа дейін құпиялап келдің?
– Ағамның өтініші...
– Ол не деп еді?
– Бірден көрсетпе. Екеуің үйленіп, бақытты күндерді бастаған кезде көрсетсең де жарап жатыр деген. Одан кейін ойланып отырды да: “тіпті көрсетпесең де өкпелемеймін” – деді...
Жігіт бұдан әрі шыдай алмай, дегбірсізденді...
Хатты сұрады.
Қыз жан қалтасынан төрт бүктелген екі беттік жазбаны ұсына берген.
Ашып алып, жазулармен асығыс-үсігіс көз жарыстырып кеткен.
“...Қоңырхан!” депті Бәлдубек. “Саған бұл жайлы өз аузыммен айтқаным жөн еді, бірақ оны дұрыс көрмедім. Неге деп сұрамай-ақ қой. Мәселе мынада. Өзің де шет жағасын білесің, жүйке ауруына шалдыққан жанмын. Онымен жылдар бойы күрестім, алыстым, бірақ шама-жігерім жетпеді. Енді, міне, оттан ыстық өмірді қиып тастап, бақиға аттанғалы жатырмын. Кейбір білгіш ғалымдар “адам өлгенімен, оның рухы тірі қалады, қайтып оралып келіп жүреді” деп жазады, сол рас болса, рухыммен табысар күн де келер. Өзіңе айтқым келгені – өз жайым емес, ана Гүлжан тағдыры. Ол да мен секілді сырқат. Бірақ, оның сырқатын біздің елде ешбір дәрігер анықтай алған жоқ. Бәрі де шетелде оқып жүргенде басталған. Сол жақта танысқан құрбы қыздары ерекше затты – ағзаны жасартатын дәріні мақтап, ақыры бұл да ішкен ғой. Сөйтіп, өз ағзасына өзі кесел жамаған. Үстіне қара түк шыға беретіні бер жағы, Гүлжан кей күндері өз ақылынан өзі адасып, екінші бір бейнеге ауысып кетіп отырады. Міне, сондай күндерде біз екеуміз интернет арқылы тілдесіп-таныстық, мұңымыз бір болған соң, бұл құпияны жақын арада ешкімге айтпасқа бекіндік.
Сен, әрине, маған сенбессің! Сену-сенбеу өз еркіңде.
Тек айтарым – Гүлжан бұл күнде жаны жабырқап, жалғыздық азабын бастан кешіп жүрген бейбақ қыз. Оған қол ұшын берер пенде жалпақ әлемде бар ма, жоқ па – білмеймін.
Арғы жағын өзің ойлап шеше жатарсың!..
Өзіңді қай кезде де құрмет көретін досың – Бәлдубек...”
Жігіттің жүрегі қатты ауырып, шаншып ала жөнелді.
“...Ай, мен не деген ақымақпын! Не істедім? Не бүлдірдім?.. Осы ақылсыздығым-ақ... ”
* * *
Бурабайдан орала бере, келіншегіне бар сырын жасырмай айтып, дереу Алматыға жолға жиналды. Өзі Гүлжанды көргенше асықты.
“...Жоқ, мұндай жағдайда қалайша жалғыз қалдырамын! Оның жабырқау жанына қолдау көрсетер жан – ол мен ғана! Менен өзге кім түсінер...”
Жол бойы ұзынсонар ойдан бір сәт те ажырай алмаған.
...Алматыға жетіп, қыз тұратын үйдің әдірісін іздеп келіп, есігін қаққан. Есікті бөгде әйел – дөңгелек жүзді, толық келіншек ашты.
– Сізге кім керек?
– Мен... Гүлжанды іздеп...
– Ту-у, әбден мазамды алып біттіңдер ғой тіпті! Ондай қыз жоқ! Жоғалған-н... Ұшып кеткен...
Айқайлап жіберген.
– Неге айқайлайсыз? Жөн сұрағанға жауабыңыз осы ма? Мен алыстан келіп тұрған ағасы едім...
Толық келіншек дереу тосылып қалды.
– Ағасы! Ағасы ма едің? Е, ендеше, кешір. Әйтпесе, жұмысынан дей ме, клубтан дей ме – әйтеуір келгіштер көбейіп кетіп еді.
– Апай, айтыңызшы, оны қайдан іздеп таба аламын?
– Е, шырағым, соны өзім де айта алмаймын. Мына көрші-қолаңның айтуынша, ол қыз – ауыр сырқатқа шалдығыпты. Содан ем іздеп, бармаған жері жоқ екен.
– Ал, қазір қайда деймін?..
– Не шетел асып кетті! Не болмаса, осы елдің бір түкпіріндегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға түскен шығар. Таба аларсың ба енді...
Қалай десе де, әйелдің сөзін місе тұтпай, көрші-қолаңның есігін қағып, әрбіреуінен Гүлжан жайлы сұраудан жалықпады. Бірақ ешқайсысы да тұщымды сөз айтпаған. Бәрі де әлгі толық қатынның айтқанын қайталаудан аспаған.
Біреуі былай деп сөз тізді:
– Ол қыз шынымен де шетел асып кетуі мүмкін! Қайтсем де, мынадай аянышты халімді ешбір жақыныма көрсетпейін дегені шығар...
Тағы біреуі былайша қиялатты:
– Жоқ! Ол қыз шетелге баратын қаржы жинай алмады. Содан соң, амал жоқ, осындағы бір ауруханаға барып, өз аты-жөнін өзгертіп жазып, сонда мәңгі тұрақтап қалуға келісім берген сыңайлы.
Ал, үшінші бір көршісі – қара түсті келіншек одан да сұмдығын тілге тиектеді.
– Көңіліңе келмесін, көргенімді айтайын! – Қара келіншектің даусы да қатаң. – Соңғы рет көргенімде бет-аузын жүн басып кетіпті. Әзілге шаптырып, “мына түрің қалай” деп ем, “е, бәріміз де әуелде маймылдан жаралдық емес пе” деп күлген! Ол, шамасы, адамдар арасынан әдейі қашып, алыстағы Маймылдар мекеніне жол тартты. Иә, ол қыз Маймылға айналып кеткеніне еш шүбәм жоқ...
Қара келіншекті “өзің маймылсың” деп, іштей жек көріп тұрды.
Таба аларына сенімі азайып, мүлде күдер үзгендей күймен, көше аялдамасындағы орындықта отырған сәті еді, қасына бір жастау келіншек келе қалғаны.
– Сіз... Қоңырхансыз ба?– деді.
– Иә, мен... Бұл менмін! – Жігіт Гүлжаны қайта табылғандай қуана, орнынан ұшып тұрған – Сіз кім боласыз?
– Мен онымен соңғы уақытта тығыз араластым. Көрші едік. Екеуіміз кешкісін оңаша отырып шәй ішіп, шер тарқатысатынбыз.
– Ал, сондай кезде... не айтатын еді? – деп жігіт асыға, аптыға сөйледі.
– Асықпаңыз. Өзім де сол жайлы айтқалы отырмын... Қысқасы, шетелден аты белгісіз ауру жұқтырып оралған. Ағзасындағы сырқат деп ұқтым. Біздің дәрігерлер емдеуге әлсіздік танытыпты.
– Сонда... қандай сырқат? Аты бар ма?
– Үсті-басын қара түк басып кете береді. Ондайда құдды орман ішіндегі Маймыл дерсіз. Ал, одан да сұмдығы – аракідік ақыл-есінен адасып, басқа бейнеге ауысады. Сондай кездерде компьютерге отырсам, неше түрлі ғажайып ойлар жазып тастаймын, ал ертеңіне өз жазбаларымды өзім түсіне алмай қиналам дейтін.
– Бұл неден екен? Басым жетер емес...
– Шамасы, интернетте өте көп отырғаннан шығар! Интернет, шынын айтқанда, адамдардың ойлау жүйесіне бәрібір кері әсер етеді, оны осы күнге дейін ақылға салып, салмақтап жүргеніміз жоқ...
– Түсінікті. Ал, енді Гүлжан осы кезде қайда? Тұрағы бар ма?..
– Оны айта алмаймын. Біраз күн өтіп кетті, үшті-күйлі жоғалды, хабарсызбын...
– Сіз... білмеуіңіз мүмкін емес! Айтыңыз! Жасырмаңыз менен...
– Шын сөзім. Ол кетер алдында маған ештеңе де айтпады.
– Жасырып тұрсыз! – деп айқайлап жіберді жігіт. – Не деген қатыгез жан едіңіз сіз де! Мені неге түсінбейсіздер, а? Жаным күйіп, жүрегім сығымдап, басым сынып тұрғанын ұқпауыңыз қалай?..
Бейтаныс келіншек енді орнынан тұрды. Ренжіген үнмен:
– Сізге соңғы хабарын айтып бергелі келгенім үшін де жазықтымын ба? Қызық екенсіз... – деп, қайқаң етіп, кетіп бара жатты.
Жігіт басын ұстап отырып қалған...
Әңгімені ой елегінен өткізіп алды да, барынша көңілдегі үмітін үзген мезетте аһ ұра, айқайлап сөйлеп, тағдырына лағнет айтқан.
– Ай, өмір! Неге осындайсың? Мен сені жек көрем, тіршілік-к...
* * *
...Бұл – тіпті аңыз да емес, өмір шындығы!
Мен танып-білген кісілер солай да сөз сабақтайды. Рас-өтірігіне, әрине, өз басым куәлік ете алмаймын. Бірақ, тосын оқиғаның тым алыста емес, осы заманда, тіпті күні кеше ғана өткеніне сенім білдіруге бейілмін.
Сонымен, оқиға аяғы қалай бітті дейсіз бе?
Қызық хикаяның соңы маған да соншалық түсінікті емес. Ойға салып, салмақтап көрсем, ертегі-аңыз сияқты тұманды бірдеңе елестейді. Бұлдыр дүние...
Білетінім – бір-ақ нәрсе!
Қоңырхан, көп уақыт өтсе де, әлі күнге Гүлжанды іздеп, жалпақ елдің түкпір-түкпірін аралап жүрген көрінеді. Оның бұл мінезіне Ақнәзік те бой үйретіп алғандай – көп қарсылығы жоқ!
Табам дейді екен! Табатынына аса сенімді көңілі бар...
Қыздың Маймылға айналып кеткеніне ешкім де сендіре алмапты...
2018 жыл
Астана
Бөлісу: