Қуандық Шамахайұлы. Сексеуіл гүлдейтін мезгіл
Бөлісу:
(романнан үзінді)
Манхэттеннен шыққан соң қызы мен әкесі жол-жөнекей еңсесі биік, етек-жеңі кең алып қала Нью-Йорктің біраз жерін аралап өткенше күн батып кетті. Олар Кеннеди атындағы әуежайға келіп жеткенде айналаны әлде қашан қараңғылық жайлай бастаған еді. Көлікті қызы Айсана өзі жүргізіп келген.
Жол-жөнекей әкесіне ғимараттары аспанмен таласқан зәулім қаланың әр нысанының тарихын айтумен болды. Әлібек отбасының кенжесі, ерке өскен сүйікті қызы Айсананың әлем астанасы іспетті осы бір алып қаланың тұрғыны болғанына дән риза. Жай ғана тұрғыны емес-ау, БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өз елінің білдей бір өкілі, аты дардай дипломат.
Күйеубаласы Болатбек те таяуда ғана Колумбия университетіне профессор болып қызметке орналасқан. Әуежайға күйеубаласы да келмек болған. Әлібек оны дәрісінен қалып, әуіре болмасын деді. Телефонмен тілдесіп қана қоштаса салды. Әлібек өзі де ағылшын тілін жетік білетін журналист әрі үлкен ғалым емес пе, такси ұстап кете берейін деген. Оған қызы қайдан көне қойсын. Түстен кейін жұмысынан сұранып, арнайы шығарып салуға келіп тұр.
Әлібектің бір әдеті бар. Ет жақын туыстарымен әуежайда, вокзалда қоштасудан қашады. Онысы әлде бір ырым да емес. Алыс жолға аттанып бара жатқанда артында қол бұлғап қалған жақындарын көргенде көңілі қатты босап кетеді. Қартайғанның белгісі ме екен, соңғы кезде тіпті, ағыл-тегіл жылағасы келіп, қос жанары жасауырап кететін болып жүр. Егер әркіммен үйінен шығарда ғана қоштасып кете берсе, әлде қайда жеңілдеу.
Негізі, өмірінің көп бөлігі шетелдерге сапарлаумен өтіп келе жатқан адам ғой. Оған өзі де біршама көндігіп алған. Жас кезінде журналист ретінде түрлі іскер топтармен ағылшын тілді елдерге жиі барушы еді. Кейін өз саласына, ғылыми мектебіне тікелей қатысы бар халықаралық ғылыми жиын-симпозиумдардан қалмайтын. Қазір де қатардан қалып қойған жоқ, зейнетке шықса да университеттің білдей профессоры.
Ана жолы қызы мен күйеубаласына зайыбы Қадиша да екі ұлымен бірге арнайы келіп кеткен. Ол кезде докторанттары диссертация қорғайтын болды да, Әлібек елден шыға алмады. Міне, дәм тартып, жолы түсіп келді, екікүндік халықаралық форумға қатысты, екі апта бойы Нью-Йоркте қызының шаңырағында аунап-қунап жатты, енді, еліне кері қайтып бара жатқан беті. Қызының қызметте де, өмірде де жолы болып, «сабақты ине сәтімен» өтіп жатқанынан артық әке үшін қандай қуаныш болушы еді. Осыған шүкіршілік деп, сағыныштан сарғайған мауқын басып, жиендерін мейірлене иіскеп, қызық-қуанышқа кенелген қарт профессор міне, отанына оралуға Кеннеди әуежайына келіп тұр.
Тіркеуден өтіп жатқанда күйеубаласы телефон шалып, атасына ақ жол тілеп, енесі мен екі қайынағасына тағы да дұғай сәлем айтты. Сәлден соң Lufthansa ұшағымен Еуропаға сапарлайтын жолаушыларды келесі залға өтулерін шақырған дауыс самбырлатып құлаққа жетті.
Әкесі мен қызы бір-бірін қапсыра құшақтай алысты. Айсананың сонау сәби кезіндегі иісі құлағының түбінде әлі де сақталып қалғандай Әлібекке сезілді. Жырақта қалған сонау жастық шағын осы бір иіс ойына оралтқандай. Қуаныштан ба, әлде қимастық па, әлі де тарқамаған сағыныштың әсері ме, көңілі алабұртып, көзіне жас келе жаздады. Ер азаматтың жасы ұлғайған сайын көңілі тез босағыш болып кете қалай, өзі...
-Аман болыңдар, Айым! Екі балапаныңның маңдайынан қайта-қайта сүй, мен үшін! Нағашы аталарың тағы да келеді деп қуантып қой!
-Міндетті түрде, әкешім! Анам мен аға-жеңгелеріме, бауырларыма менің ыстық сәлемімді жеткізерсіз. Бәріңізді жанымдай жақсы көремін, үнемі сағынамын. Сексеуіл гүлдейтін кезде елге міндетті түрде барамыз. «Сексеуіл гүл ашқан кездегі хош иісін айтсайшы» деуші еді ғой, менің ақ әжем. Туған жердің көз жетпейтін кең даласын армансыз бір аралап, саф таза ауасын құмарлана бір жұтармыз, сексеуіл гүлінің жұпар иісін иіскерміз. Сексеуіл гүлдегенде табиғат пен адам ғана емес, қоғам да тазаратындығына көзіміз енді жетті ғой.
Әкесі мен қызы бір-біріне қарап мейірлене күлісті. Қазақтың кең көсілген байтақ сары даласы көз алдарында елестеп, жүрекке қуаныш сезімін сыйлағандай болды.
Ұшаққа шығатын залға кірген соң бұрылып қарады. Айсана күту залының ортасында қол бұлғап әлі тұр екен. Ет жүрегі езіліп кеткендей болса да, көзіне жас алмауға тырысты, күлімсіреген ишара танытып, өзі де қол бұлғап қойды. Қызының сұлу да сымбатты бейнесі анасының жас кезіндегісінен айнымайтындай ұқсас екендігіне енді, шын көз жеткізгендей болды. Бұрын «қызың анасына қатты ұқсайды екен, тіпті, сойып қаптап қоғандай» деп жұрт айтқанда онша мән бермейтін еді. Қол бұлғап тұрған мына кейпін көргенде расында, жас кезіндегі Қадишаны көргендей болды.
Еуропа мен Американы қауыштыратын атақты Lufthansa әуе компаниясының алып Боинг ұшағы Нью-Йорк аспанына көтерілді. Жердегі сансыз жұлдыздай жарқыраған алып қаланың самаладай шамдары барған сайын алыстап бара жатты. «Айсана үйіне жетті ме екен, әлде, әлі жолда ма екен?» деп ойлаған Әлібектің көкірегін әлде бір сағыныштың жеңіл мұңы кернеп, ауыр күрсінді де көзіне жас алды. Бұл әрине, қуаныштың көз жасы. Қызының осы дәрежеге жеткеніне, еңбегінің жемісін көріп, бақытты өмір сүріп жатқанына қуанған әке көңілінің толқуы еді.
Қатарлас отырған мосқал азаматтың сөз саптауына қарағанда, неміс ұлтының өкілі болса керек, Әлібекке «түн қайырлы болсын» айтты да, орындығын шалқайтып ұйқыға кетті. Оның ар жағына жайғасқан үшінші қатарласы жас жігіт құлағына наушник киді, алдындағы монитордан спорт арнасын тапты, футбол ойындарының қызығына батып кетті.
Әлібек Нью-Йоркқа келгелі түні бойы тұяқ серппей ұйықтаған күні сирек. Көбінесе, таңғы сағат үш-төрт кезінде оянады. Ұйқысы әбден қанып қояды. Бәрі ұйқыда жатқан соң тұрып алып, қыз-күйеу, жиендерінің мазасын алмауға тырысады, тіпті, оятып аламын ба деп ыңғайсызданады.
Бөлмеден шықпай теледидар қарап, газет-журнал оқиды. Кейде терезе алдына барып сыртқа көз тастайды. Нью-Йорк көшелері жеті қараңғы түнде де күндізгідей жап-жарық. Көшеде сеңдей соғылысып, арлы-берлі жүйткіген көлік. Жаяу жүргіншілер жүретін жол бойының өзі адамдарға лық толы. Бейнебір күндізгідей-ақ ерсілі-қарсылы жүріп жатады. Қызының айтуына қарағанда, негізінен саяхатшылар мен қала қонақтары көрінеді. Тәулік бойы тыным таппайтын, түнде де ұйықтамайтын неткен ірі қала десейші. Бүкіләлем халқы осы қалаға көшіп келгендей-ақ, тәулік бойы көше толған адам, иінтірескен көлік қозғалысы.
Бірақ, түн ортасында оянып, таң сәріде тұрса да күні бойы сергек болды. Астанада жүргенде әлсін-әлсін көтеріліп кете беретін қан қысымы да ұмыт болғандай. Күн мен түн ауысып кеткендіктен бе, әлде, мұхиттың дымқыл ауасының әсері ме, шаршап-шалдығуды ұмытқандай. Сарыарқаның бойында биік таулар жоқ, жазық дала болғанымен теңіз деңгейінен алтыжүз метр биік деуші еді, рас болса керек. Ал, теңіз деңгейімен бірдей жерде қан қысым қалпына келетін секілді ғой.
Жалпы, ол ежелден алыс сапарға шыққан сайын тым сергек болып кететіні бар. Айналаның бәрі жаңа көріністерге толып кететіндіктен, бәрін қызықтап тамашалаймын деп шаршаудың өзін естен шығарып алатындай көрінеді. Бәрі де көңіл-күйге байланысты болатын шығар. Қазақ бабаларымыз «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деп салыстыруы тегін емес.
Жолда оқимын деп алып шыққан кітабын ашып парақтады да, біртүрлі зауқы соқпаған соң қайта жапты. Орындығын сәл шалқайтты да, көзін тарс жұмып терең ойға батып кетті. «Өткен уақыт көзге бұлдыр, ойға анық» деп бұрынғылар қалай тауып айтқан десеңші. Иә, бәрі де дәл қазір өтіп жатқандай жадында жаңғырып тұр...
***
...Адамның ойынан жүйрік не бар екен, бұл дүниеде. Мына ұшақтың да, тіпті, әуенің сан қабатын тесіп өтіп, жердің тартылыс күшінен шығып кететін зымыранның жылдамдығы да оймен салыстырғанда жіп есе алмай қалады-ау.
Сол жылы көп жыл еңбек еткен қызметінен еріксіз кеткеніне Әлібек еш өкінбеді. Былыққан ортадан аман-есен құтылғанына қуанды. Редакцияға келіп, шығармашылықпен алаңсыз айналысуға бел шешіп кіріскен. Алайда, Жайрат пен насыбайшы шал газет құрылтайшысын арбап жүріп, Әлібекті бас редакторлықтан да кетіріп тынды. Бұл оған қатты соққы болды. Кәдімгідей есеңгіретіп тастағандай еді.
Бірақ, Әлібек бәріне де төзуіне тура келді. Бір жарым ай бойы жұмыс іздеп, табан тоздырды. Бос орны бар ұйымдар алғашында алатындай сыңай танытады, бір аптадан кейін хабарласуға уәде береді. Сонымен жым-жырт. Өзі хабарласса, қайдағы бір сылтау айтады, штат бекітілмеді дей ме, әйтеуір бірдеме табады да, жалт бұрылады. Оның себебін кейін білді. Барлық мекеме қызметке қабылдайтын адамның соңғы жұмыс орнына сұрау салады екен. Егер олар жағымсыз мінездеме беріп, жамандаса неше жерден білікті, тәжірибелі маман болса да оны қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартады екен. Ондайды да бастан кешірді.
Кейбір жерде қызметке тұрып, міндетін еш мінсіз атқарса да бірер жылдан кейін шығарып тастаған сәттері болды. Қайда барса да, алдында Жайраттың әлде бір таныс-білісі немесе сыбайласы, жерлесі кесе көлделең тұра қалады. Қазақта «иттің бажасы көп» деген мақал болушы еді. Бұл Жайраттың сыбайласы қай жерден де табыла кететінін қайтерсің.
Әлібек те өліспей беріспейтінін көрсетіп, әртүрлі мекемеде санқилы қызмет атқарып, оншақты жылды артқа тастады. Сөйтіп жүргенде, Жайраттың да шиі шығып, қызметінен қуылғанын естіген. Естіп қана қойған жоқ, ол туралы газетте жарияланған сын мақаланы оқыған, теледидар арқылы көрсетілген арнайы репортажды да көрген.
Ол оқиғадан кейін Жайрат ізім-ғайым жоғалған. Істі болып сотталды ма, әлде, алыс өлкелердің біріне қоныс аударды ма, ол жағы беймәлім...
Қаладағы бір басқармаға баспасөз қызметінің жетекшісі керек деген хабарландыруды көрген соң кезекті рет жұмыссыз қалған Әлібек салып-ұрып сонда барды. Құжаттарымен танысқан кадр бөлімінің бастығы дереу басқарма басшысына ертіп кіріп еді. Өтініш жаздырып алды да сол сәтте бұйрық шығарып берді.
Т
апсырыс қабылдау басқармасы деп аталатын осы бір шағын мекеме қаладағы екінің бірі біле бермейтін елеусіздеу жұмыс орны еді. Басқарма басшысы елдің батыс өңірінен жаңадан ауысып келген, жас шамасы елуді еңсерген Махамбет деген кісі екен. Ол өзіне сенімді серік ретінде Сәкен деген досын орынбасар етіп және кадр бөлімінің бастығын да ерте келген. Сол себептен, олар кімді ұсынса, соны қызметке еш алаңсыз қабылдауды басқармадағы жазылмаған заңға айналдырған көрінеді.
Әлібек кадр бөлімінің бастығы нұсқаған кабинетке келіп, өзіне тиесілі үстелге келіп жайғасты. Компьютерін қосып алып, жаңадан орналасқан қызмет орнына айнала көз тастап отыр еді. Алдындағы телефон аппаратына аяқ астынан жан кіргендей безілдеп қоя берді. «Мені іздей қоятындай кім бар еді?» деп таңдана тұтқаны көтерді.
-Алло, сәлем әріптес! Сен жаңадан келген жігіт боларсың? – деп, нығыздалған қарлығыңқы үн естілді.
-Иә, мен ғой!
-Қызмет құтты болсын!
-Рақмет, сізге!
-Мен сенің сол жағыңдағы үстелде отыратын қызметтесің боламын. Кейін жүздесіп таныса жатармыз. Мен бір нысандарда шаруалармен жүрмін – деді де, телефонды үзе салды.
Даусына қарағанда, өзі қатарлас адам секілді. «Бұл дауыс бұрын бір жерде естілген секілді ме, қалай? Әй, бірақ мен мұнда кімді танығандаймын. Несі болса да, жас шамасы құрдас секілдіміз, тіл табысып кетерміз» деп ойлады да, жұмысына кірісіп кетті.
Жаңа жұмысқа кіріскеніне екі апта өтсе де, көрші үстелде отыратын кеңселесінің қарасы көрінбеді. Үнемі сыртта жүретін адам болса керек. Қарабалас жұмыстармен бас көтермей отырып, оны тіпті ұмытып кеткендей еді. Жым-жырт қана мүлгіген кабинетте үн-түнсіз отырып, жұмыс істеуге бойы үйреніп те кеткендей. Кезекті шаруаларын реттеп отырғанда, телефон шар ете қалды. Тұтқаны көтеріп еді, әлі кездесіп үлгермеген әріптесі хал-жағдайын сұрап тұр.
-Інішек, қалайсың? Жаңа жұмысқа бейімделіп жатсың ба?
-Жақсы, ептеп. Алғаш келген кезіме қарағанда біршама төселіп қалған секілдімін. Сіз кабинетке келмейді екенсіз ғой.
-Мен сыртта шаруалармен жүретін адаммын ғой. Бастықтар біледі. Сен жалғызсырап, зерігіп отырсың ба?
-Жоға. Зерігетіндей ештеңе жоқ. Дегенмен, мұнда жаңа адаммын ғой, кейде бірдемелер сұрап, шүйіркелескенге не жетсін.
-Әрине, мен саған әлі талай көмектесемін – деді де, тұтқаны қоя салды.
Түстен кейін басқарма басшысының орынбасары Сәкен шақырып жатыр деген соң Әлібек әлде бір тапсырмалар беріп қалар деп белгілеу дәптері мен қаламын алып кірсе, бастығы оны аяғынан басына дейін шолып қарады да:
-Жігітім, сенің ғылыми дәрежең бары рас па? – деп, сұрағанда Әлібек сасып қалды. Әлде біреулер жалған атақ жамылған біреу деп өсек айтты ма деген де ой келді.
-Құжаттарымды қызметке қабылдаған кезде кадр бөлімінің бастығы мұқият тексерген еді ғой.
-Онда неге өз шаруаңды реттей алмай жүрсің?
-Қалайша?
-Қалайша дейді ғой! Қасыңда отырған кеңселес әріптесіңнің мазасын алып, неге қайдағы-жайдағыны сұрай бересің? Ол байғұс саған ақыл-кеңес беремін деп өз шаруасына үлгере алмай ақыры үйінде отырып, жұмыс істеуіне тура келіпті. Сосын, жұмыс уақытында шүйіркелесу дегенді қою керек, жігітім!
Әлібек басшының орынбасары қалжыңдап отыр ма деп ойлап, жүзіне мұқият көз тастаса, ондай нышан еш байқалмайды.
-Мен бірдеме сұрау тұрмақ ол кісінің әлі күнге дейін бет-жүзін көрген емеспін...
-Ал, ендеше! Сен оны көрмеген болсаң, ол сені қалай біледі екен? Елес емес шығар, ол! Тілазар бала адам таппайтын сылтау айтады дегеннің кері. Орынсыз ақталғанша, барып жұмысыңды істе! Жалпы, әр адам өз ісіне ие бола білу керек қой, ылғи біреулерге иек арта бермей. Бар, енді ісіңе мұқият бол!
Таң-тамаша болған күйі кабинеттен шыға жөнелді. Үстеліне келіп жайғасып, келер аптада өтетін баспасөз мәслихатына пресс-релиз дайындауға кірісе бергені сол еді, тағы да телефон безілдеп қоя берді. Енжар ғана тұтқаны көтеріп еді:
-Ал, не болды? Бастықтар саған кеңес беретін адам тағайындады ма? Мен оларға жақсылап айтып жалындым ғой – деп, әлгі кеңселесі сарнай жөнелгенде, Әлібектің ызасы келсе де, өзін зорға тежеді.
-Маған ешбір кеңесшінің қажеті жоқ. Сіз жүздеспей, таныспай тұрып бастықтарға сыртымнан әңгіме айтып жүретін қызық адам екенсіз. Шын мәнінде, әлсін-әлсін сіз өзіңіз телефон шалып, жұмысқа кедергі келтіргеніңіз болмаса, менің мазалаған жерім жоқ еді.
-А, олар тіпті солай деп жатыр ма? Бетпе бет кездеспей жатып жүз шайыспайық. Біздің басшылар да қызық. Ылғи бірдемені дұрыс түсінбей бұрмалап ала жөнеледі. Мен саған көмектесейін деген ниетім ғана болды. Мүмкіндік болса, біреулер кеңес беріп, жаңадан келген адамды қолдап жіберсек дегендей әңгіме айтқанмын. Енді міне, арамызға от жағып жіберіпті. Жасырмай айтқанда бар ғой, біздің бұл басқармада жұмыс істеу қиын, әуіре-сарсаңы көп. Реті келсе, өзге жерден жайлы жұмыс тауып алсай! – деп, сөзі ұзара бастаған соң Әлібек:
-Сіз еш қам жемеңіз! Мен өз басымды алып жүре алатын адаммын – деп, сөзін шорт кесті де тұтқаны қоя салды.
Бірнеше күн өтті. Әлібек әдеттегідей жұмысын істеп жүрген. Бір күні кабинетіне шаруашылық меңгерушісі жігіт келді де:
-Сіз көрші кабинетке көшетін болдыңыз! – деді.
Көрші кабинеті өзі отырған бөлмеден біршама тар әрі онда жасы алпысты алқымдаған Болат есімді бас маман және жаңа оқу бітірген, жасы жиырмадан ғана асқан инспектор Гүлсезім деген қыз отырады екен. Енді, оған үшінші адамды қосқанда сығылысып тым жайсыз болатын түрі бар.
-Мен өз орнымда отыра берсем болмай ма? – деп, сұрап еді, шаруашылық меңгерушісі азар да безер болды.
-Ой, ол не дегеніңіз! Бастықтар ұрсады. Сіздің бас алмай компьютер басатыныңыз, әлсін-әлсін принтерді шиқылдатып қағаз шығаратыныңыз кеңселес әріптесіңіздің мазасын алып, берекесін қашырған көрінеді. Сосын, ана кісіге жайлы болуы үшін сізді осылай ауыстыруды бастықтар шешкен.
Әлібек тағы да таң тамаша. «Кабинетке бас сұқпайтын адамға жағдай жасайтын неткен ғажап дүние» деп іштей ойлады да қойды. Несі болса да, жарлық қатты, жан тәтті. Шаруашылық меңгерушісі екеуі оның үстелін, компьютері мен принтерін тасып, ақыры тар бөлмеге үшінші адам болып орналасты.
Кабинет тар болғанымен ондағы екеудің пейілдері кең екен. Болат ақсақал бас алмай жұмыс істейтін адам болып шықты. Үстелінің үстінде тау-төбе болып үйіліп тұрған папкаларды бірінен соң бірін ашып, есеп машинкасын тарсылдатып, бірдемелерді тексереді, қағаздарға сызып белгілеп, шимайлап жазған дүниелерін компьютерге басып шығарады, онысын түптеп жинақтайды да жеке папкаларға тігіп алып, бастықтарға жөнеледі. Бір ісін бастаса, бастықтар оны шақырып алады да келесі бір тапсырманы үйіп-төгеді. Әр барып келген сайын топтастырылған папкалы қағаздардың бірнешеуін құшақтап енеді.
Гүлсезім де пысық қыз екен. Өз шаруаларын жеделдетіп жасап тастаған соң Болат ақсақалға көмектеседі.
-Аға соңғы бір-екеуін маған беріңіз! Жұмыс тарағанша мен жөндей отырайын! – деп, елпілдеп тұрғаны.
Ондайда Болат үн-түнсіз үш-төртеуін алады да, Гүлсезімге қарай сырғыта салады. Екеуі де бас алмай жұмыс істейтіндіктен Әлібектің бар-жоғын сезбейтін де секілді. Тіпті, айналада не болып жатқанын аңғармай ісіне қатты берілетін адам Болат.
Кешке жұмыс тарағанда Болат ақсақал қаптаған құжаттар үйілген үстелінде қағазға шұқшиып қалады. Таңертең келгенде сол күйі отырады. Ешқайда кетпей түнімен отырған ба деп ойлап қалушы еді. Бірақ, Гүлсезімнің айтуына қарағанда, әр күн сайын түн ортасына дейін отырып, ерте таң сәріде келіп, қайтадан жұмысқа қызу кірісетін көрінеді. Сенбі, жексенбі күндері де келіп, жұмыс істеп отыратынын күзет қызметінің жігіттері айтқан еді. Бірақ, соған қарамастан орынбасар оны әлсін-әлсін шақырып, тапсырманы үйіп-төгіп беруден бір шаршамайды. Кейде байғұс шал қайсынан бастарын білмей сасқалақтап отыратыны бар.
-Сіз неге осылай шамаңыздан тыс тапсырмаларды үйіп-төгіп берсе де үн-түнсіз ала бересіз? Бәріне үлгермейтініңізді айтып, жағдайды түсіндірмейсіз бе, ана басшыларға? – деп, сұрады бірде Әлібек.
-Ойбу, айналайын-ай! Мен олай десем, олар жұмыстан шығара салады ғой. Бала-шағам әлі жас. Ұлғайған жасыма қарамастан банктен несие алып, зорға дегенде бір пәтерлі болғанмын. Мына жұмыстан айырылсам, ипотеканы төлей алмай пәтерден қуыламын, қыс ортасында қатын, бала-шағаммен далада қаламын ғой – деп, Болат ақсақал шарасыздық танытты.
Бірде Әлібек Гүлсезімнен алғаш өзі отырған кабинетте қандай адам жұмыс істейтінін сұрады.
-Менің мұндағы қызметіме де бір жылға жуықтап қалды. Бірақ, сол кабинет мен білгелі үнемі бос тұрады. Алғашқы кезде мен қатар тұрған екі есікті жиі шатастыратынмын. Өз кабинетім екен деп ылғи сол есікті ашып қаламын. Бірақ, үнемі иен тұратынын байқайтынмын. Меніңше, сізден өзге ешкімнің кіріп-шыққанын көрген емеспін. Тапсырыс жауаптанатын бас маман отырады деп естігеніміз болмаса, өзін көрген емеспіз.
-Сонда ол бір көзге көрінбейтін қызық адам болды ғой.
Сол сәтте қарсы кабинеттегі Нұрбек деген жігіт кірді. Ол Әлібекке тыржыңдаңқырап, ала көзбен бір атты да, Гүлсезімге бірдемелер айтқан болып, біраз төңіректеп тұрды да, шығып кетті.
-Осы Нұрбек екеуіміз орын ауыстырсақ, дұрыс болатын секілді. Үнемі сені көргісі келе беретін сияқты ғой – деп, Әлібек әзілдеп еді, Гүлсезім сәл қызарды да:
-Онда орнынан тұрмай орындығына жабысып қалып жүрер, құрысын – деп, күлді.
Осы сәтте сырттан тағы бірнеше папка көтеріп Болат ақсақал кірді:
-Бүрсігүні барлық қызметкерлерге жалпы жиналыс өтеді дейді. Ертеңге дейін тапсырыстың есебін дайындап беруім керек екен – деді де, ол жұмысқа жалма-жан қызу кірісіп кетті.
Айтқандай-ақ екі күннен кейін жиналыс өтті. Мекеме басшысы Махамбет сөзін «Құрметті әріптестер!» деп бастады. Маусымдық жұмыстың есебін таныстырып, біраз адамның аты-жөнін атап, алғыс айтты. Олардың арасында Болат ақсақалдың аты-жөні аталмады. Ары қарай бастық «Алайда, атқарылған істің көптігіне қарамастан...» деп бастады да, нақты дерексіз жалпылма сын айтқан болып, сөзінің соңын «сөйтеу керек, бүйткен жөн» деп аяқтады.
Жиналыс басқарып отырған бастықтың орынбасары:
-Баяндамаға байланысты кімде қандай ұсыныс, пікір бар? Қане, айтыңдар! – деп, бірнеше рет айтып еді, ешкім қозғалмады. Бір-екі адамның аты-жөнін атап, мінберге зорлағандай болып шығарды.
-Басшының баяндамасында біздің жұмысымызға лайықты баға берілді. Рақмет айтамыз. Жиналыстан шығатын шешімді орындауға атсалысамыз.
Бәрінің айтқаны осы төңіректе ғана болды. Тағы екі-үш адамды орынбасар желкелегендей болып шығарып еді. Олар да алдыңғыларды қайталаудан аспады.
Сол сәтте ұзын бойлы, көзәйнек таққан бір жігіт орнынан көтерілді де:
-Мен бірауыз сөз айтайтын. Баяндамада жалаң есеп басымдау болды. Сын айтылмады десе де болғандай. Ешкімнің аты-жөні жоқ, жалпылама, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей дүниені ғана тыңдағандай болдық. Мен Сәкен аға, сізден арнайы сұрағым келеді. Сіздің ана бір тапсырыс жауаптанған бас маманыңыз қайда жүретін адам? Беті-жүзін де көрмейміз. Мен білгелі оның компьютері бір рет те қосылған емес. Іздеп барсаң, орнында отырмайтын неғылған адам, өзі ол? – деді де, орнына жайғасты.
Мінберде отырған басшының да, орынбасарларының жүздері сұрланып, өңі-түстері қашып кетті.
-Бұл кісі кім? – деп, Әлібек қасында отырған Гүлсезімнен сұрады.
-Өте принципшіл адал кісі. Көрші бөлімде жүйе саласының инженері. Мекемедегі барлық компьютерлік технологияны жөнге келтіріп жүрген білікті маман ғой.
Әлібек тағы бірдемелер сұрамақшы болып еді, Гүлсезімнің оң жағында отырған Нұрбек жақтырмай тыржыңдай берген соң үндей алмады.
Әлібектің келесі жағында отырған Болат ақсақал:
-Жастық шақтың албырттығы ғой. Тым өткір сынап жіберді. Штат қысқарту жақындап қалған кезде артық сөз айтудың не керегі бар? Өзіне жаман ғой – деп, сыбырлады.
Жүзі сұрланып, абыржыған кейіпке енген Сәкен орнынан баяу көтеріліп, мінберге келді.
-Біздің бөлімдердің қайсысында болмасын, текке отырған ешкім жоқ. Кейбір жігіттер ауыз өзімдікі деп беталды сөйлеуді қысқартқандары дұрыс болады. Тапсырыс қабылдау туралы ештеңе білмей тұрып, тырнақ астынан кір іздеу де жігіт адамға жараспайтын тірлік. Әлгі сын-сөгіске іліккен бас маманның кабинетіне кіріп көріңдер. Төрт қабырғасы толған стенд. Бәрінде тапсырыс қабылдаудың мақсаты мен міндеттері, басқа да істері неше түрлі схемалармен сызылып, соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіліп қойған. Бұрынғы бас маманның кезінде ондай болған да жоқ қой. Экс-басшының кезінде басқарманың өзі қандай болып еді? Білеміз ғой, бардак... Қазір көп нәрсе жасалған, жаңарған, өзгерген. Барды бағалай білейік, азаматтар! – деп, ол сөзін аяқтады.
Жарыссөзге шығатын өзге ешкім болмағандықтан жиналыс та тарқады.
Жиналыстың ертеңінен бастап, «пәленнің штаты қысқартылады екен», «түгенше кететін секілді» дегендей қаңқу сөз басқарма ішінде желдей гулеп жатты. Қысқаратындардың ішінде әлгі сын айтқан көзәйнектінің есімі көбірек атала бастаған. Ақыры, рас болып шықты да ол орнын босатты. Өзінің аман қалғанына Болат ақсақал балаша қуанып:
-«Бір елі ауызға екі елі қақпақ» дегенді біздің бабалар біліп айтқан ғой. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген осы. Айтар сын көп еді. Үнсіз отырғаным оң болды мінеки, қысқартудан аман қалдым – деп жүрді.
Алайда, ол кісі қуанатындай да ештеңе жоқ еді. Әлгі көзәйнектінің барлық міндетін басшылар Болат ақсақалға жүктеп тастады. Онсыз да жұмысбасты ақсақалға енді, ақпараттық жүйе туралы оқулықтар оқып, таныс-біліс инженерлерден кеңес алып дегендей ит-әуіреге түсуіне тура келді.
Болат ақсақал бұрын таңғы сағат жетіде жұмысқа келіп, түнгі он жарымда қайтатын. Енді, азанда алтыда келіп отырғаннан түнгі он екіге таяп қайтатын болды. Бәріне үлгеру үшін алды-артына қарамай, компьютерден бас алмай кіріседі. Әлібек оған көмектесіп қол ұшын берейін десе, есеп-қисаптың жайына өзі де шорқақ, компьютерлік технологиядан хабары аздау, вордта мәтін жазудан өзгені біле қоймайды. Мамандығы ұқсас болғандықтан шалға Гүлсезім ғана сенімді көмекші бола алды. Бірлі-жарым шаруаларын реттесіп жатады. Сонда да, бастықтардан Болаттың күнде еститіні ұрыс қана.
«Неге материалға талдау жасалмады?», «Тапсырыс туралы есепті неге кешіктіріп жатырсыз?», «Компьютерлік техниканың құрал-жабдықтарына өтінім неге берілмеген?» деп, бастығы бар, орынбасар, бөлім меңгерушілері бар, жан-жағынан құлақ етін жейді де жатады.
Бірде бастықтың орынбасары келіп тағы да Болат ақсақалға:
-Кешегі тапсырма қайда?
-Қазір аяқтап қалдым. Бітіре салып сізге өзім апарып берейін.
-Жоқ қазір бітіріп, принтерден шығар да, маған ұстат! – деп дікіңдеп тұрған орынбасарға Әлібек:
-Бір адамға бәрін үйіп-төгіп беруге болмайды ғой. Болат ағаның жұмысы онсыз да шашетектен – деп, еді орынбасар:
-Өз міндетін уақытында атқара алмау деген әркімнің қабілет-қарымының төмендігінен болатын жағдай. Егер шамасы келмесе, жұмысына үлгермей шаршап-шалдығып жүрген адамдар болса, өтініштерін жазып шығып кете берулеріне жол ашық. Өзге жерден лайықты жеңіл-желпі жұмыс тауып алуларына болады ғой. Біз басқармада ешкімді ұстап тұрмаймыз! – деді де, Болатқа бұрылып:
-Ақсақал, дайын болған соң маған әкеліп тапсыр! – деді де, шығып кетті.
«Өтініш жазып жұмыстан кету» деген сөз құлағына түрпідей тиген Болат ақсақал қос жанары шарасынан шығып кете жаздап, Әлібек пен Гүлсезімге:
-Айналайындар-ау, құлың болып кетейін. Бастықтарға мен туралы бірдеме айта көрмеңдерші! Артық қылам деп тыртық қыласыңдар ғой. Жұмыс қанша көп болса да, өйтіп-бүйтіп жүріп, әйтеуір бір бітіремін. Ештеңе айтпаңдаршы, оларға! – деп, жатып кеп жалынды.
Әлібек Болат ақсақалдың қолмен жазып-сызған кейбір дүниелерін компьютерде теріп беріп, күндіз жұмыс уақытында аз болса септесіп жүрді. Ал, Гүлсезім алды-артына қарайлайтын ештеңесі жоқ, жатақханада жалғыз тұратын жас қыз ғой. Кешке тамақтанып келеді де, түн ортасы ауғанша Болат ақсақалға көмектесіп, шаруаларын реттесіп береді.
Бірде Гүлсезім басқарманың қасындағы дәмханадан ыстық тамақ алып, Болат ағасына көмектесуге басқармаға келсе, дәлізде екі қолын жаңқалтаға салып Нұрбек тұр екен.
-Сен мұнда неғып жүрсің?
-Ал, өзің не істеп жүрсің? Бүгін киноға барайық дегенімде жұмыс көп деп сылтау айтып едің...
-Иә, шын. Болат ағайға көмектесіп жүрмін. Жұмыс көп екені рас.
-Аа, көмектесіп жатсың ба?
-Енді ше? Көмектеспегенде не істеппін?!
-Қайдан білейін... Сен екеуіңді жұрт күн сайын кешке қалып бірге отырады десіп жүр еді, айдай анық болып шықты.
-Неге болмайды екен?
-Болуы болады ғой. Бірақ, Болат ағайыңның адуын мінезді жуан сары әйелі бар, танитын шығарсың?
-Танымасам да білетін сияқтымын.
-Тағы көп балалы екенінен хабардар шығарсың?
-Хабардар емес, бәрін жақсы білемін.
-Көп нәрсе біледі екенсің. Бірақ, Болаттың сенен пәлен жас үлкен атаң екенін ұмытпағайсың.
-Біз бір-біріміздің жас айырмашылығымызды емес, басқарманың есеп-қисабын шотқа салып үлгермей жатырмыз. Сен мұндай әңгіме айтудан ұялмайсың ба?
-Ұялатындай ештеңем жоқ. Анау Болатың сыртынан қарағанда, салпиған біреу көрінгенімен сен секілді ақкөңіл аңқау қыздарды қақпанға түсіруге шебер секілді ғой.
-Сені де жігіт дейді ғой. Үш тал гүл ұсынып, бір рет «сүйемін» деп айтып аласың да, басқан ізімді аңдисың. Мен саған жауап беріп те тіл қатқан жан емеспін. Сәт сайын өкшемді сығалайтын кім едің, соншама? Саған тиген қыздың соры бес елі болар.
Қыз бұрылып кеңсесіне еніп кетті. Дәлізде қалған жас жігіт:
-Бәлем, тұра тұр! Мен қазір сендерге көрсетемін – деп тістене сыбырлады да, тысқа қарай атып шықты.
Болат ақсақал Гүлсезімнің әкелген тамағын жеп, екі кесе шай ішіп алды да, екеулеп, шаруаға кірісіп кетті. Болат есеп-қисап жасап, Гүлсезім мәліметтерді теріп, қағазға шығарған соң папкіге тігіп даярлап жаттты. Арасында арнайы слайд, сызбалар да жасап, жеке дайындауға тура келеді. Гүлсезім алдында ғана Нұрбекпен арадағы болған әңгімені оған айтпақ тұрмақ ұмытып та кеткен еді.
-Гүлсезім, айналайын! Алғаш оқу бітіріп келгеніңде, сені жоғарыдағы біреулердің «жолдамасымен» жүрген еркетотайлардың бірі шығар деп ойлаған едім. Қателескен екенмін. Сен өз мамандығыңа тез машықтанып кеттің. Маған да көп көмегің тиді. Жасаған жақсылығың Алладан қайтсын! – деп, әңгімелеп отыр еді, есік сарт етіп ашылды.
Алдымен, Нұрбек кірді. Қасына Болат ақсақалдың әйелін ертіп алыпты. Гүлсезім қорықпаса да, ыңғайсызданып қалды. Болат таңданыстан аузы ашылып қалыпты. Әйелі шалы мен Гүлсезімге ашулы жүзбен алма-кезек қарап алды да:
-Ой, мынауың жап-жас шөпжелке ғой - деп, Нұрбекке қарай бұрылды.
-Шай-тамақ ішіп, мәз отырған еді ғой, бағана мен келгенде... – деп, Нұрбек мұрнының астынан міңгірледі.
-Сен не деген қатындардан да төмен өсекші жігітсің! Алпамсадай шал мен қаршадай қызға жала жабудан ұялмайсың ба? Обал-сауап деген болушы еді ғой – деп, семіз сары әйел айғайға басқанда, Гүлсезімнің бозарып кеткен бетіне қан жүгіріп, Болат та абыржыған кейпінен арылып, сабасына түсті.
-Түн ортасында не үшін шала бүлініп жүрсің? – деп, Болат ақсақал әйеліне төнді:
-Бүлінбегенде қайтемін? Асқан етім сүйегінен сылынып түсіп, жайған наным кеуіп қалды. Ата сақалың аузыңа шыққанда, жастардың өсек-аяңына ілігіп, несіне мұнда түн жарымына дейін тапжылмай отырасың? Қараң қалғыр жұмысы жалғыз саған қарап қалып па, жүр қане! – деп шалын жеңінен тартты да, сүйрелеп, шыға жөнелді. Болат та еш сөзге келместен кемпіріне еріп, қаздаңдап кетіп бара жатты.
Кабинеттегі оны-мұны заттарды апыл-ғұпыл жинастырған Гүлсезім есік көзінде сілейіп тұрған Нұрбекті ала көзбен бір атты да, үн-түнсіз зып берді. Қызғаныштың қызыл иті ішінде ұлып кеткен кезде ойланбай істеген ақымақтықтығына налыған Нұрбек салы суға кетіп тысқа шықты. Сол күннен бастап, Гүлсезім оның сәлемін де алмайтын болып кетті.
Ал, Болат ақсақал түн ауғанша кеңседе отырмайтын болды. Әйелі үйіне барған соң оған қандай сыбаға бергенін бір Құдай білер. Несі болса да, сол оқиғадан кейін күні бойы көзіне түсіп кеткен шашын қайыруға да мұршасы келмей отырады да жұмыс уақыты біте сала алды-артына қарамай үйіне қарай зытатынды тапты.
Кешке қалып жұмыс істеуді қойған соң үстелі неше түрлі қағазға толып, тау-төбеге айнала жаздады. Қағаз көбейген сайын бірде бастық, одан кейін орынбасар, бөлім меңгеруші, кадр бөлімінің басшысы алма-кезек шақырып ұрсулары тіпті жиілеп кетті. Әр ұрсылған сайын жұмысты қайсысынан бастарын білмей тіпті абыржып қалады:
-Мынаны алдымен жасауым керек еді, - деп, бірін алады да, қоя салып:
-Жоға, мынау жедел жасалуы тиіс еді ғой .
Осылай отырып та біраз уақытын өткізіп алады. Әлібек оған көмектескісі-ақ келеді. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Баспасөз жұмысы мен әкімдікт басқармасының арасы жер мен көктей.
Ақыры, ойлана келе бір әдіс тапты. Дереу киініп шықты да «ел газеті» аталып кеткен ірі басылымда тілші болып істейтін курстасы Аманбекке барды.
-Біздің басқармада керемет бір үздік қызметкер бар. Соны газетке мақтап жазып бересің бе?
-Үздіктен көп нәрсе жоқ боп тұр ғой, досым. Бірақ, басқарма қызметкерлері біздің газетке түгел жазылған болса, бәрі оқырмандарымыздың қатарында болса, жазамыз, несі бар...
-Әрине, бәрі жазылған. Жаппай оқиды. Баспасөз хатшысы ретінде өзім кепілдік беремін.
-Онда әңгіме басқа – деп, Аманбек те келісті.
Екеуі басқармаға бірге келді, Әлібек тілші досын үстіңгі қабатқа жіберді де өзі кабинетіне қарай кетті.
Аманбек басқарма басшысының кабинетіне енгенде, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз құлағындағы наушникті алып, орнынан атып тұрды да, сәлем берді. Бұйымтайын айтқан соң оның ұсынған визиткасын алып ішке енді. Біраздан соң қайта шығып:
-Ағай, мұнда сәл отырып, күтіңіз, қазір қабылдайды – деді.
Сәл отырысы жарты сағатқа созылып бара жатқанда ғана телефон тұтқасын алып тыңдаған хатшы қыз:
-Сіз кіре беріңіз!
Аманбек басқарма бастығы нұсқаған орынға жайғасқан соң:
-Сіздерде өз ісінің шебері, өте мықты бір жігіт жұмыс істейді деп естіп, сол кісі туралы газетке мақала жазуға келдім.
-Кім болды екен ол? – деп, бастықтың жүзі жайнап кетті.
-Тапсырыс жауаптанатын бас маман.
-Ол расында, үздіктеріміздің ішіндегі бірегейі. Әртүрлі жаңашыл идеяларды ойлап табады. Онысын дереу жүзеге асырып, сол сәтте бізге баяндап тұрады. Біз оны тәуелсіздік мерекесі қарсаңында министрліктің арнаулы сыйлығына ұсынып отырған жайымыз бар.
-Дәл қандай озық тәсіл қолданатындығын нақтылап айтып бере аласыз ба? Үздік болуындағы негізгі ісі, оның ерекшелігі не?
Бұл сұраққа Махамбет басшы сәл бөгеліп, абыржыңқырап қалды. Ойланып отырғандай біраз үнсіздіктен кейін:
-Өте жақсы жұмыс істейтін адам, негізі. Не деуге болады? Былайша айтқанда, істеген жұмысын бізге дереу баяндайды...ия, сол сәтте... Үнемі баяндайды да тұрады! Ерекшелігі де сол...
-Ол кісімен жүздесіп сөйлесуге бола ма?
-Әрине, болады. Мен қазір шақырта қояйын! – деді де, есіктен кірген хатшы қызға:
-Тапсырыс жауаптанатын бас маманды шақыршы! – деді.
Сәлден соң сұңғақ бойлы хатшы қыз қайта келіп:
-Ол кісі кабинетінде жоқ екен – деп, хабарлады.
-Қайда жүр екен-ә! – деген басшы оң жағындағы көп түймелердің бірін басып қалды да, тапсырыс жауаптанатын маманның қайда екенін сұрады.
-Таңертең келді деп журналда жазылып тұр. Дәл қазір қайда екенін білмейміз – деген жауап алды да, тілшіге бұрылып:
-Бұл қызметкеріміз көбінесе, сыртта шаруалармен жүретін еді – деп, қинала үн қатты.
-Олай болса, еш оқасы жоқ. Мен ертең келейін – деп Аманбек кетіп қалды.
Бірақ, таңертең сағат тілі дәл тоғызды көрсетіп тұрғанда сап етіп тілші жігіт тағы да келе қалды.
-Әлгі қызметкеріміз әлі келе қоймапты – деген жауапты ести сала тілші Аманбек:
-Сіздер өз қызметкерлеріңіздің қайда жүргенін, қашан келіп-кететінін білмейсіздер ме? – деп састырды.
-Білуін білеміз ғой. Осы жолы кішкене жұмыс қарбалас болып біле алмай жатырмыз – деп, тілшіден кешірім сұрап, бірнеше нөмірге телефон шалды. Хатшы қызды жұмсап іздеу салдырды. Еш нәтиже шықпады.
Тілшіден қысылғаны соншалық, маңдайының терін әлсін-әлсін сүрте берді. Сөйтіп дағдарып отырғанда, аяқ астынан құтқарушы періште табылғандай болып, алдындағы телефон шырылдап қоя берді. Сөніп бара жатқан үміттің отын жағып, телефон соққан адам оның іздеп отырған қызметкерінің дәл өзі болып шықты.
-Сәлеметсіз бе, басеке! Сіз мені іздедіңіз бе? Мен төртінші учаскеде тапсырыспен алдырған материалдарды ретке келтіртіп жатырмын. Көзбен көріп тұрып жасатпасам, бұлар бәрін бүлдіреді...
-Жарайды, оны қоя тұр. Тез жет! – деп, біршама зілді үнмен айтты да тұтқаны қоя салды.
-Біздің маман объектілерде шикі зат мәселесімен айналысып жүр екен. Өте сенімді жігіт. Өз ісіне беріктігін айтсайшы. Қазір бес-он минутта келіп қалады – деп, басқарма басшысы Махамбет біршама көңілі жайланғандай, хатшы қызды шақырып, кофе алдырды.
Тілші мен бастық екеуі кофе іше отырып, біраз әңгіменің басын қайырды. Махамбат батыс өлкедегі тарихи орындар жайында тілшіге көптеген қызықты әңгіме, аңыз-әпсаналарды айтып берді. Екі сағаттай уақыт өтті. Әлгі тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманы әлі жоқ.
-Мынау тағы қайда ұшып кетті? – деп, бастық алаңдай бастады.
-Тағы бір шаруалары бітпей жатқан болар. Жақын маңда болса, сол жерге барып сөйлесе салсақ қайтеді?
-Иә, сөйтейік – деп бастық та қуана келісті.
Екеуі әлгі учаскеге келсе, маманның өзі тұрмақ оны көрген-білген де тірі жан жоқ. Жалғыз қоймашы әйел ғана осыдан екі сағат бұрын біреу «Басқармадан хабарласып тұрмын, тапсырыспен алдырған шикі затты тәртіп бойынша дұрыстап реттеңдер» деп телефон соққан. Бәлкім сол шығар» деді.
-Сіздің үздік қызметкеріңіз атақты алаяқ болып шығып жүрмесін! – деген тілшінің күдікті сөзі бастықты қатты састырды.
-Ол ондай адам емес. Біз осылай шыққанда ол кабинетке қарай кеткен болса керек. Бәлкім, бізді күтіп отырған болар.
Бастықтың кабинетіне енгенде оның тікелей байланысқа шығатын телефоны тоқтаусыз безілдеп жатыр екен. Тұтқаны көтерсе, әлгі бас маман.
-Сенің төртінші учаскедемін дегенің қайда? Біз барып келдік қой. Қайда жоғалып кете бересің?
-Кешіріңіз, басеке мен байқамай учаскенің нөмірін теріс айтып қойыппын. Төртінші емес, бесінші екен ғой. Сол жерден шығып, жүгіріп келе жатқанымда тайып жығылып, аяғымды зақымдап алдым. Миым да шайқалған секілді... Жарайды, кейін сөйлесейін, дәрігер ұрсып жатыр – деді де, телефонды үзе салды.
-Әй, сен тұра тұр! – деп, Махамбет айғайлағанымен кеш қалды.
«Енді, не істейміз?» деген кейіппен тілшіге қарап еді, ол екі иығын қиқаң еткізді де:
-Қалай болғанда да сол бесінші учаскеге телефон соғып тексере салыңыз! – деді. Махамбет дереу сол учаскенің бастығына телефон шалып сұрап еді:
-Иә, осында болған. Шикі зат материалдарының тазалығын тексеріп тұрды да кетіп қалды – деп, жауап берді.
-Негізінде сөзі рас екен. Асығып жүріп жарақат алған болып шықты.
-Сол тапсырыс жауаптанған бас маманның сыртқы пішіні қандай адам, өзі? – деп, тілші қай-қайдағы бір күтпеген сауал тастады.
-Аласа бойлы... жоға, аласа да емес-ау, не деуге болады, өзі... орташа бойлы секілді ме...ия, орта бойлы..сондай...
-Сіз өз қызметкеріңізді... Жай емес үздік маманыңызды танымайсыз ба? – деген сұрақты тілші тым қатқыл үнмен қойды.
-Тануын танимын ғой. Бірақ, менен гөрі персоналдармен жақын жұмыс істейтін орынбасарым жақсы біледі – деді де, оны шақыртты.
-Біздің тапсырыс жауаптанатын бас маман қандай жігіт еді?
-Ұзын бойлы, толықша келген қара торы кісі дей келіп, «бұл неғылған жан» дегендей тілшіге әлсін-әлсін қарап алды да:
-Иә, қандай еді, өзі? Бір ұзын бойлы жігіт болуға тиіс. Есіме анық түспей тұрғаны...
Басқарма басшысы ұяттан жарыла жаздап, ақ сары жүзі лезде қызарып кетті.
-«Қандай еді, өзі»?! Мұның не деген сөз? Қызметкерлерді бес саусақтай білу – сенің тікелей міндетің емес пе? Тым құрығанда, жұмысқа қабылдаған кезде сұхбаттасып, зерттеп таныған болуға тиіссің ғой – деп, дауыс көтере сөйледі.
Бұрын өзімен бұлайша сөйлеспейтін жан досының мына қылығына таңданған орынбасар бөтен адамның қасында қатқыл сөйлегеніне жыны келді де:
-Мекемедегі персоналды сіз екеуіміз де жетік танып білуге тиіс шығармыз. Кезінде кадр бөлімінің бастығы «өте жақсы жігіт» деп аузының суы құри мақтаған соң құжаттарымен танысып қана қол қоя салған едім.
«Сырт көздің қасында мынау не оттап кетті» деп іштей сыбырлаған бастық еріксіз сөзін бөліп:
-Кадр бөлімінің бастығы демалысын алып, Дубайға кеткен жоқ па? Енді, не істейміз? – деп, шарасыздық танытты.
-Сіз сонда, өзіңіз көрмеген, білмейтін кісінің жақсы адам екеніне қалай сене қалдыңыз? – деп, тілші сұрақ қойып әңгімеге араласты.
Басқарма басшысының кең кабинетінде үнсіздік орнады. Махамбет алдындағы қағаздардарды бір алып, бір қойып, айтар сөзін ойланып отыр. Орынбасар не істерін білмей басы қатып кетті. Ол бастықтың қасындағы адамның кездейсоқ жан еместігін сезгендей болды. Тілші Аманбек оларға мат қойған шахматшыдай күлімсіреп, кері қарай шалқайды.
Оншақты минуттай үнсіздіктен кейін басқарма басшысы ауыз ашты.
-Істеген шаруасы туралы үнемі телефонмен есеп беріп тұратын. Сонысына қарап, өзі белсенді алғыр жігіт екен деп ойлап қалып едім – деп, қайта-қайта телефонға қарағыштай берді. Шырылдай қалып құтқара ма дейтін секілді. Алайда, телефон жан тәсілім еткендей жым-жырт.
-Тапсырыс жауаптанған маманның дәл сындарлы сәтте сәтте ауруханаға түсіп қалғаны өкінішті. Қай емханаға түскенін, денсаулығы қалай екенін білсек қайтеді? Бәлкім, екеулеріңіз сол сәтті пайдаланып қызметкерлеріңіздің беті-жүзін көріп, оған әбден қанық боларсыздар! – деп кекетті, тілші Аманбек.
Алдымен травматологияға барды. Онда дәл бүгін ешбір науқас түспегендіктен, журналдарында бір де адамның аты-жөні болмай шықты. Одан шыққан соң қаладағы бүкіл клиникалық емханаларды түгендеп шықты. Ешбірінде болмады. «Енді біз бас сұқпаған перзентханалар ғана қалды. Соларды көріп шықсақ қайтеді?» - деп арасында тілші қыжыртып қояды. Сонымен іздеуді ертеңінде жалғастыруға уағдаласып тарасты.
Махамбет әрі-беріден соң ондай адамның бар-жоғына күмән келтіре бастады. Тілшіден бұрын үлгеру үшін ертеңінде қасына атқосшыларын ертіп, басқармаға таң сәріде жетті. Мекеменің тапсырыстарын тексеріп көріп еді, бәрі бір қалыпты. Берілмей қалған немесе уақытынан кешіктірілген бірі жоқ. Бәрі белгіленген график бойынша жасалып келген. Күні кешенің өзінде екі тапсырыс жөнелтіліпті. Соған қарағанда, тапсырыс жауаптанған бас маман жұмыс істеп жатқан секілді. Сағат тізімдері мен өткізілген табелдерге қарағанда, ол бір күн де жұмыстан қалмаған. Ай сайын еңбекақысы төлем картасына жөнелтілген, салық, зейнетақы қоры бәріне ақша аударылып тұр. Мұны көрген Махамбет мұндай адамның бұл дүниеде бар екеніне көз жеткізгендей болды. Бірақ, оның дәл түр-түсін, бойының қандай екенін ешкім айтып бере алмады. Бастықтың басы осыған әбден қатты.
-Бас маманнан хабар-ошар бар ма? – деп, сәлден кейін тілші Аманбек те жетті.
-Еш хабар жоқ – деп, Махамбет ауыр күрсінді.
-Үйін білетін ешкім жоқ па?
Бәрі «табылған ақыл» десіп, кадр бөліміндегі инспектордан жеке құжатын алдырып қарап еді, бір мекенжай жазылыпты. Салып ұрып жетсе, әлгі үй сносқа кеткендіктен, бір топ жұмысшы қиратып жатыр екен. Үй иесінің қайда екенін сұрап еді, ондағы бригадир:
-Біз ештеңе білмейміз. Тұрғындары былтыр көшірілген – деді.
***
Тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманын іздеушілер тағы да тығырыққа тірелді. Махамбет бастықтың өзі ол маманның беті-жүзін көруді армандады. Нығыздалған дауысы ғана құлағына сіңіп қалды демесең, өзге іліп алардай ештеңе жоқ. Оның түр-түсін білетіндердің өзін білдей басқарманың қаптаған қызметкерлері арасында болмай шықты. Бір білсе, кадр бөлімінің бастығы ғана білер. Бірақ, ол қазір Дубайдан орала қойған жоқ. Бұл жағдайға басқармадағылар мен тілші Аманбек бар, бәрі де жағасын ұстады. Ал, Әлібек үшін таң қалатындай ештеңе жоқ еді.
Көзге көрінбей-ақ үздік болып, басқармада атаққа шығып жүрген ол адамның Жайрат Жәмкенович екенін Әлібек әу баста сезгенімен анық көзі жетпеген еді. Алғашқы күні телефон соққандағы нығыздалған жасанды үнін естігенде-ақ секем алған-ды. Кейінгі іс әрекеттерінің бәрі Жайрат салған іздерге тым ұқсап бара жатқан соң күдігі одан қоюлана түсті де, бұл іске тілші досы Аманбекті тартқаны сол еді.
Өзге амалы да болмады. Егер заң орындарына шағымданса, оған құлақ асар жан табылмасы айдан анық. Ондай паразиттікті қылмыстық әрекет деп қарамайды. Сондай-ақ, оны мекеменің ішкі шаруасы деп санайды. Оған әбден көзі жеткен соң Әлібек газет тілшісін араластыру жөн деп тапқан.
...Жайрат ана жылы директор кезінде парамен ұсталған соң уақытша қамау абақтысында екі ай тергелді. Іс сотқа барған кезінде қалай да түрмесіз құтылудың ғана амалын іздеді. Бірақ, судья да бір қарсыққан пәле екен, қанша ықпалды таныстарын салса да оңайлықпен көне қоймады. Ақыры, бас бостандығын екі жылға шектеп, қомақты айыппұлмен қоса басшылық қызмет етуге бес жылға тиым салып, үкім етті.
«Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, амалсыз мүлде басқа саладан жұмыс іздеді. Неше жерден тамыр-танысы жыртылып айырылса да, қолынан келетін қолайлы жұмыс табуы қиынға түсті. Сөйтіп жүргенде тапсырыс қабылдау басқармасында бас маманның орны бос тұрғанын қалалық әкімдік аппаратында істейтін бір жерлесінен біле қойды.
Кәнігі әдісімен кадр бөлімінің бастығын зерттеуге кірісті. «Іздеген жетер мұратқа» дейтіндей-ақ, оның да бір мұқтаждығын тапты. Ол кісінің онекі мүшесі негізінен сау болғанымен отыз тісінен түгел айырылып, жасанды протезбен жүргеніне көп болыпты. Онысы құрғыр, қаттырақ күлсе аузынан түсіп кетіп, топ ортасында талай ұятқа қалдырыпты. Білдей бір басқарманың салмақты-салиқалы бөлім бастығы үшін мұндай келеңсіздік абыройына елеулі нұқсан келтіретін, бетіне шіркеу болатын жағдай болса керек. Бірнеше тіс емханаларына барып сөйлескен екен, бәрі атасының құнын сұрапты. Оның қалтасы көтермеді ме, ақшасын қимады ма, ешбірімен келісе алмаған. Енді, ертең таңертең қаладағы «Ақмаржан» деген тіс емханасына баратындығын сағат минутына дейін біліп алған Жайрат оны дәл сол жерде аңдиды. Оған бұл ақпаратты кадр бөлімі бастығының көршісі әрі досы болып келетін бір азамат Жайратқа дереу хабарлап үлгерген болатын.
Құдай оңдағанда әлгі «Ақмаржан» дегені Жайраттың туған жездесінің жекеменшік емханасы еді. Жездесімен өзара келісті де, ақ қалат киіп, тіс емханасының менеджеріне айналып, дәрігердің қасына жайғасып, емделушіні қабылдады.
Жездесі кадр бөлімінің бастығын жатқызып, тұрғызып қызыл иегінің түгін қалдырмай тексерген соң тиын-тебен мәселесін менеджермен келісу керектігін айтып шығып кетті. Есеп-қисапты көрсеткен сәтте бастықтың көзі атыздай болып, шоршып түсті.
-Ойбай, менеджер мырза! Мынауыңыз ақылға қонбайтын сома ғой. Өзім де әбден табанымнан таусылдым. Сәл арзандатсаң қатеді?
-Ағасы, сапалы қызмет ешқашан арзан болмайды. Сізді бір жерден көрген секілдімін. Бұрын кездестік пе? – деп Жайрат оны жайлап сөзге тартты.
Өзі кіріптар болып отырған адамның жылы қабақ танытқанын қалт жібермеуге тырысқан кадр бөлімінің бастығы да аянып қалмады:
-Бабаларымыз айтқан екен ғой, «түсі игіден түңілме» деп. Танысып-білісіп отырайық – деп, жөн сұраса бастады.
Мұндайға келгенде ежелден ебін қоятын Жайрат әңгіменің көрігін қыздыра келе оны нағашы аға етіп ала қойды. Сәлден соң сағатына қарады да:
-Нағашы, тал түс болып та қалыпты. Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Жиеніңізбен бірге түстенуге қалай қарайсыз? Мен сізді арнайы қонақ етейін. Алтын уақытыңызды бөліңіз! – деп, қиылды.
-Сендей жиен тапқаныма мен де қуаныштымын. «Жақсыменен өткізген бір күнің жаманның өтіп кеткен өмірімен тең» демейтін бе еді. Несі бар, әңгімеміз жарасып кетті. Мен қуана-қуана келісемін.
Осылайша, жақындасып алған соң жездесіне жалынып жүріп, кадр бөлімі бастығының отыз тісін бір тиындық шығынсыз-ақ түгендетіп бере салды. Әрине, мұндай жақсылығы үшін ол Жайратқа қарыздар болып қалғандай еді.
Бағасы аспандап тұрған кезеңде отыз тісін тегін түгендеп берген адамға қалай разы болмайды. Кездескен сайын «нағашы» деп іші-бауырына кіріп кететін жігітті ол да жақын тартады және қолынан келсе, қарымта жақсылық жасағысы келеді. Бірде ол Жайратқа:
-Сен мұнда жездеңе кіріптар болып қайтесің. Туыс адамдардың бір жерде қызмет етуі соншалықты жайлы бола бермейді. Бізде бір штат бос тұр. Тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманы. Біздің басқармаға келсейші. Мына жаман нағашың саған ол жерде «крыша» болуға жарап қалар – деп, кеңкілдеп күлді.
Мұны естіген Жайрат қатты қуанып кетіп, іштей мырс етсе де, онысын сездірмеуге тырысып:
-Жақсы болар еді, нағашы! Бірақ, мен сіздің саладан мүлде бейхабар адаммын ғой. Қалай болар екен – деп, өтірік мүләймси қалды.
Оның негізгі мамандығын сұраған соң бастық біраз ойланып қалды. «Басқа саланың маманы болғанымен, еті тірі ширақ жігіт секілді. Өйтіп-бүйтіп алып кетер, кейін машықтанып та алар» деген ойға келіп, басқарма басшысының орынбасарымен ақылдасқан.
-Өте жақсы жігіт. Жұмысты ұршықша иіретін-ақ бас маман болатындығына өз басым сенімдімін.
-Сен танып білсең болды ғой, менің еш қарсылығым жоқ – деп, орынбасар шүбәсіз-ақ өз батасын берген. Осы тұста басқарма басшысы кезекті демалыста болғандықтан, орынбасар оның міндетін атқарушы ретінде бұйрық шығаруға толықтай құзыреті де болды.
Осылайша, Жайрат бір жылдай жұмыссыз салпақтап жүріп, ақыры бір жаңа да жайлы қызметке тырнақ іліктірген жайы бар.
Тапсырыс жауаптанған бас маманға – кеңседе тапжылмай отырып, материалдың есеп-қисабын жасайтын, тұтынушы мекемелерге барып, тапсырыстар дайындатып алатын, даярланған шикі зат өнімдерін өндіріске жолдайтын міндеттер жүктеледі екен.
Іске кірісіп кетейін деп еді, есеп-қисап жасау былай тұрсын, бұл міндеттемелердің иісі де мұрнына бармайтынын білді. Не істерін білмей қатты састы.
Бірақ, «крыша» боламын деген уәдесіне кадр бөлімінің басшысы берік болып шықты. Ол басшыларға әлсін-әлсін кіріп жүріп, материалдың күллі есеп-қисабын өзге бөлімдер жасап ұсынатын етіп шешім шығартты. Оны тапсырыс жауаптанған бас маман қабылдап алып, тексеріп, бекітетін жүйе қалыптастырып тастады. Онысын тағы жұмыстың сапасын арттыру, істі ұтымды ұйымдастыру, жеделдікті арттыру мақсатын көздейтіндігімен түсіндіріп қойды. Естіген құлаққа жағымды дүние болғандықтан, оған ешкім қарсы шыға қойған жоқ.
Бұл Жайрат үшін зор қуаныш еді. Арқасынан зіл батпан жүк түскендей жеңілдеп қалды. Бөлімдер дайындап әкелген даяр есепке қол қоя салады. Бәрібір өзінің ол есеп-қисаптан білер ештеңесі болмағандықтан несін тексерсін. Қарамай-ақ, ең соңғы бетіндегі арнайы жолға қол қояды, бітті.
Ал, тұтынушы мекемелерге күнде баруды қиынсынған ол тапсырыстарды жиып-жиып, апта аралатып барып тобымен ала салатын етіп ыңғайлап алды. Тұтынушы мекемелер «тапсырыс кешіктірілді» деп шағымданып болмаған соң Жайрат «Күн сайын келіп алып тұруға мүлде қол тимейді. Ал, тапсырыс жедел жеткізілсін десеңдер өздерің күнделікті жеткізіп беріп тұрыңдар» деп тағы да жол тауып кетті. Шаруаның жайын ойлаған олар оған пәлендей қатты қарсыласпастан көне салды.
Енді, ол үшін даярланған шикі зат өнімдерін өндіріске жолдайтын жалғыз ғана міндет қалды. Бұл бас қатыратын іс емес еді. Оның бәріне барып жүрудің де қажеті шамалы. Үйінде отырып-ақ телефон соға салады.
-Басқармадан хабарласып тұрмын. Сіздер қандай материал қабылдайсыздар? Тезірек нақтылап алыңыздар! – дей салады, бітті. Одан кейін өздері-ақ шаруаларын дөңгелетіп әкетеді. Олардың әрбірінен арнайы мәлімет алады да, дереу бастықтарға телефон соғып, баяндайды. Түрлі нысандардың атын атап, түсін түстеп, бәрін өзі тындырып жатқандай-ақ басшыларды сендіріп тастайды. Сондықтан да, басқарамада Жайратты ешкім іздей қоймайды. Күзет қызметіне міндетті түрде хабарласып, өзінің жұмыста екенін, сыртқы шаруалармен айналсып жүргенін ескертіп қояды.
Басшылардың сенімін арттыру үшін әдеттегісіндей бірнеше тақта мен лозунгтар даярлатып, оны орналастырып қойған. Оның бұл тірлігін көрген орынбасар мен бөлім бастықтары «Сыртқы шаруалармен арпалысып, үнемі қарбалас жүрсе де, уақыт тауып, тәуір іс тындырған екен. Жалпы, іскер азамат» деп мақтап кетеді.
Мұндай мадақтауларды кадр бөлімінің бастығы дереу басқарма басшысына әбден тұздықтап жеткізеді, одан ары мақтауын асырып, бояуын қанықтырып қояды.
Осылайша, басқармадағы игі жақсылардың сеніміне әбден енген Жайрат мекеменің маңын баспай-ақ телефонмен ғана бәрін тындырып, қалаған жерінде жүре беретін болды.
Сөйтіп жүріп, ол Астанада өтіп жатқан туризм менеджерлерінің білім жетілдіру курсына елдегі демалыс орындарынан келген өкілдермен танысады. Қаптаған кәрі қыздардың арасынан түр-түсі тәуірлеу, жылы-жұмсақ сөз айтсаң сеніп қалатын аңқаулау Жемісгүл дейтін бірін таңдап, серуен құрады. Өзін қаладағы ірі мекеменің орынбасары деп таныстырып тастаған.
Әлгі кәрі қыздың Жайратқа бауыр басып қалғаны соншалық, оның «үйленемін» деген сөзіне де сеніп қалған. Курс аяқтала салысымен оны Баянауылда тұратын әке-шешесімен таныстыруға асықты. Жайрат бірер сылтау айтып, кейінге қалдырғысы келіп еді, «темірді қызған кезінде соққысы» келді ме, қыз қиылып болмады.
Жайрат Баянауылдағы Жасыбай көлі жағасындағы ең әсем демалыс үйінің люкс бөлмесіне жайғасып, екі апта бойы көсіліп жатты. Тіпті, Астанадағы қатын, бала-шағасын ұмыта жаздады. Ондағы туристік базаның директоры Жемісгүлдің әкесі шетелде сапарда жүргендіктен «күйеу жігіттің» «қалыңдығының» отбасымен танысу рәсімінің мерзімі сәл созылыңқырап кеткен жайы бар.
Жайрат үшін бәрі бір еді. Күнделікті Астанаға телефон шалып, жұмысындағы әрбір жағдайды реттеп қояды. Бастықтарына уақытылы «рапорт» беріп, «тындырған» істерін тәптіштеп, баяндап тұрады. Арасында үйіне де хабарласып, әйеліне өзінің маңызды іссапарда жүргенін, басқарма жүктеген тапсырмаларды орындамайынша әзір-бүгін қайта алмайтынын айтып қояды. Жайлы бөлмеде жайғасып, тамақтың дәмдісін ішіп-жеп, таза ауамен тыныстап, оңашада Жемісгүлмен армансыз әрі алаңсыз көңіл көтеріп, ләззат пен рақаттың балына батып жата берді.
Бір күні басқармаға жаңа қызметкер келіп, өзі отырған кабинетке жайғасқанын естіп, оның қандай адам екенін күзет қызметіндегілерден анықтап сұрады. Жаңадан келген баспасөз хатшының Әлібек екенін білгенде, сол жақ көзінің асты біртүрлі жыбырлап, тартып-тартып қалды. Мұны жайсыздыққа жорыған Жайраттың мазасы кетті.
Кабинетке телефон соққан кезде өзінің даусын барынша өзгертуге тырысты. Ал, әлгі жаңа қызметкердің Әлібек екенін алғаш тілдескен сәтте-ақ тани кетті. Оған басқарманы жамандап бір көрді. Орынбасарға және бөлім басшысына түрлі сылтау айтып, шағымданып та үлгерді. Бірақ, айтарлықтай нәтиже болмаса да, әйтеуір Әлібекті өзге кабинетке ауыстыруға шамасы жетті.
Өзінің арқасында отыз тісін түгендеп алған кадр бөлімі бастығына шағымдануына тура келді.
-Сіз менің жұмысымның қандай қарбалас екенін жақсы білесіз ғой. Сыртқы шаруларды бітіріп енді ғана кабинетке кіріп, есеп-қисапты тексерейін десем, кеңселесім маза бермейді. Жұмысын білмей ме, қандай адам өзі? Әр нәрсені бір сұрап миды ашытады. Онымен қоймай «бір кабинетте отырмыз ғой, шүйіркелесейік» деп қояды да, бастықты, орынбасарды және сізді де жамандайды. Мұндай адаммен бірге отырып, жұмыс істеу оңайға түспейтін секілді – деп, бір қойды.
Қандай бір өзгеріс бар-жоғын білу үшін телефон шалып көріп еді. Әлібек тұтқаны көтеріп тұр. Танып қойып жүрер деп күдіктеніп, оны-мұны бірдемелерді айтқансып, көп сөзге бармай тұтқаны қоя салды да, тағы да «крышасымен» тілдесті:
-Ана жолы менің айтқан шағымымды сіз орынбасарға айтқан екенсіз. Оныңыз дұрыс болмады. Жаңа қызметкер Әлібек екеуіміз кең кабинетке сыймайтын болдық. Күнде жүз шайысып қала береміз. Ебін тауып өзге кабинетке ауыстырмасаңыз, басқарма жұмысы құлдырайтын болды. Менің жүйкемнің жұқарғанын қоя тұрыңызшы!
Баянауылдағы демалыс үйінде, люкс бөлмеде жатып алып, Жемісгүлдің көзін ала бере, басқармада бірдеме тындырып жүргендей-ақ осылайша бір мүләйімсіп қойды. Әлібекті көрші кабинетке ауыстырғанын естіген соң ғана көңілі сәл де болса, орнықққандай болды.
Сонда да, толықтай тыныштала алмады. «Бұл пәле қайдан ғана менің ізіммен өкшелеп келіп, қыр соңыма түскендей-ақ қалай ғана сап ете қалды?» деп налыды. «Тағдырдың тоғыстырған жерін қарашы» деп те қайран қалды. «Таумен тау кездеспес, адаммен адам жолығар» деген осы болса керек. Расында, жер домалақ екен.
Сөйтіп сәл тыныстай бергенде, басқармада өзін іздеп жатқанын естіп, мазасы қашты. Бастыққа телефон соғып еді, «дереу кел!» демесі бар ма. Бесжүз шақырым жерден қалай ғана дереу жетіп барсын.
Жемісгүлмен бірге көл жағалауына бара жатқан еді. Бөлмеге қайта оралып, тез жиналуына тура келді. Шұғыл шаруамен министрлікке шақырылғанын айтып, көлігіне от алдырды. Қырсық қылғанда, Жемісгүл бірге кетемін деп қиғылық салды. Оны да алдап-сулап қалдырып кету үшін біраз уақытын жұмсады.
Жолға шыға салысымен, бір-екі рет жүздесіп әжептәуір таныс болып қалған бесінші учаскенің бастығына телефон соғып, жата-жабыса жалынды:
-Достым, мені құтқара ғөр! Қайын атам қатты науқастанып қалды деген хабар алып, бастықтардан сұрануға да үлгермей Қорғалжынға тартып кеткен едім. Енді олар мені шарқ ұрып іздеп жатқан көрінеді. Саған телефон шалса, «жаңа ғана осында болды» деп амалдай саларсың!
Одан кейін қайтадан бастыққа телефон шалып, әлде бір тығыз шаруа шыққанын айтып, ертең баруға көндірмек болып еді, онысы да жүзеге аспауға айналды. Шарасыздан тайып жығылып, аяғын сындырып алған адамның кейпіне кіріп, жалтаруына тура келді. Әй-шайға қарамай телефонын сөндіре салуға мәжбүрлік туғанын қайтерсің!
***
...Тілші Аманбек тапсырыс қабылдау бөлімінің маманы деген адамның шынымен бұл дүниеде бар болса, көруге ынтығып, қатты қызықтай түсті. Әлібекпен оңашада кездесіп:
-Махамбет екеуіміз әлгі бас маманның үйін тауып бардық. Әйелі жалғыз отыр. Жұмысқа жоламайтыны секілді үйінде де тұрақтамайтын пәле болып шықты. Әйелінен сұрасақ, «іс сапармен аймақтарда жүр» деп қояды.
-Ендеше, ол қалада жоқ деген сөз.
-Қайда жүруі мүмкін?
-Егер оның аты-жөні сәйкес келіп тұрған біреу болмаса, шынымен мен танитын Жайрат екені рас болса, шетелде жүруі де ықтимал.
-Қой, дәл шетелге шыға қоймас. Қалай болғанда да, сен де астыртын іздей бер. Мен де, басқарманың жауаптылары да оның түр-түсін көрмеген жандармыз. Сондықтан, қаладан көрсең оны сен ғана жыға тани аласың. Бұрын бір мекемеде жылға таяу бірге қызмет еткен екенсің. Сен таппасаң, оны кім іздер дейсің.
Бірақ, Әлібек Жайратты көшенің қай бұрышынан іздесін. Таныс-біліс, бұрын бірге істеген кейбір жандардан сұрастырып көрді. Олардың ешбірі нақты ештеңе айта алмады. Көбісі, оны сотталып кеткен, абақтыда шығар деген ойларын айтты. Оны жақсы білуге тиіс адамдардың бірі насыбайшы шал баяғыда қайтыс болған. Қызық болғанда, оның отбасы жөнінде ешкім ештеңе білмейді екен. Ең жақын араласқандарының өзі әйелі барын білгенімен, оны танымақ тұрмақ мүлде көрмегендерін айтты.
Басқармадағы барлық қызметкерлер тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманын көргілері келіп құмартты. Бірлі-жарымы танимыз дескенімен, дәл анықтап бере алмайтыны, тіпті, қызық. Айналып келгенде, көбі онымен телефон арқылы қарым-қатынас жасаудан ары аспаған болып шығады.
Іздеуден еш нәтиже шықпасын білген соң Әлібек оған аса құлшына да қойған жоқ. Жұмыс тараған соң жеңіл көлігімен үйіне қарай тартып келе жатқан. Жол жиегінде бір әйел екі үлкен чемоданын тротуарға қоя салып, өткен машиналарға қол көтеріп тұр. Алайда, бір де бір көлік тоқтамай өте шығады. Оны алыстан көріп жаны ашыған Әлібек жақындап келіп, тежегішін басты.
-Ағасы, мені теміржол вокзалына апарып тастайсыз ба? Пойыздан кешігетін болдым – дейді, әлгі әйел.
Чемоданын жүк салғышқа салған соң келіншек алдыңғы орындыққа жайғасты. Әдетте, таксиге мінгендер артқы орынға отыратын еді.
-Сізге қанша төлейін?
-Ештеңеге әуіре болмай-ақ қой. Сол маңайда тұрамын. Жол-жөнекей жеткізе салайын, жүгіңіз ауыр екен.
-Көп рақмет аға! Алла разы болсын!
Әлібек даңғыл бойымен келе жатып, келесі көшеге бұрыла бергені сол еді. Қарсы жақтан келе жатқан бір көлік бұрылмақ болып, жылдамдығын тежегенімен, оң жаң бүйірін сүйкей келіп тоқтады. Көліктен түсіп қарап еді, машинасы қатты зақымдалмаса да, аз мөлшерде майыстырып, жанай сызыпты. Екі жүргізуші бір бірін көргенде, сілейіп тұрып қалды. Қарсы алдындағы көліктің жүргізушісі хас дұшпаны Әлібек болғаны өз алдында. Ал, тап сол Әлібектің көлігінің алдыңғы орындығында отырған өз әйелін көргенде, Жайрат тіпті естен танып қала жаздады.
Басқарма басшыларымен қатар тілші Аманбек шарқ ұрып іздеп таппаған ежелгі әріптесі, қазіргі «кеңселесі» Жайратпен осылай кездесем деп, Әлібек үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Әйелі атып шығып, Жайратты жағадан ала кетті:
-Оңбаған залым неме! Сен мені алдап, іс сапардамын деп қай қатынның қасында жүрсің? Бәрін біліп алдым, сенің не бүлдіріп қайда жүргеніңді! Бітті, бәрі! Сені бүкіл қала іздеп жатыр. Маған телефонмен сөйлескен сайын айтатының өтірік қана. Мен төркініме кетіп барамын. Сенімен ат құйырығын кесісуге үйде хат жазып қалдырған едім. Енді міне, жол үстінде өзің кездесе қалдың...
Мұны естігенде, Әлібек те таң-тамаша болды. Ауыз ашып үлгермей жатып, Жайраттың ызғарлы сөздеріне тап болды:
-Ау, Әлеке! Мына жүрісіңе болайын. Әйелімді көлігіңе отырғызып, отбасымды ойрандап, ұзында кеткен өшіңді, қысқада кеткен кегіңді қайтарайын деген екенсің.
-Сен не деп тұрсың? Бұл әйелді танымаймын. Жолда қол көтерген соң ала салдым. Сенің жарың екенін кім біліпті?
-Қой, досым! Екеуіңнің жүріс-тұрыстарың мен құпия сырларың көлігіміз соғыспаса ашылмай қалғандай екен... – дей бергенде, жол сақшылары да келіп жетті.
-Сіздер араласпай-ақ қойыңыздар, біз өзара келісіп жатырмыз – деп, Жайрат оларды дереу қайтарып жіберді. Сөйтті де, Әлібекке бұрылып:
-Сен маған бір жапырақ қолхат жазып берсең болды. Бәрін ың-шыңсыз жылы жауып қоя саламын. Көлігіңді де өзім жөндетіп беремін. Келістік пе?
-Қайдағы қолхат? Не айтып тұрсың, өзің?
-Менің әйеліммен жүретініңді, оны айырып алып, төркініне әкетіп бара жатқан жеріңнен соңдарыңнан қуып келіп тоқтатқанымды растап жаза салсаң болды. Қолхатың тек менде тұрады. Егер, бұрынғыдай аққұдайшы болмай, сөзді көбейтпей, өкшемді сығаламай тыныш қана менің айтқаныммен жүрсең ешкімге көрсетпеймін. Екеуіміз ың-шыңсыз ғана басқармада өз бетімізбен қызмет атқара береміз. Олай болмаған жағдайда, бүгін дәл осылай қолыма түскеніңді әйеліңе айтамын, сенің де, менің де отбасымыз ойрандалатын болады. Жұмыстан да, абыройдан да біржолата айырыласың – деп, ыржиып күлгенде, үстіңгі ернінің астынан орсиған қос тісі сойаудай болып жылтың етіп шыға келуі, одан ары ашуын қоздырып жіберді.
Жайраттың бұрыннан бері жасаған талай иттіктері есіне түсіп, бағанадан бері ыза кернеп зорға тұрған Әлібек мына қылығына шыдай алмай кетіп, темірдей боп түйілген жұдырығымен оны ауыздан періп кеп қалды. Соққының қатты тигені соншалық жаңа ғана алдында ыржиып тұрған Жайрат жалп етіп, ұшып түсті. Орсиған екі күрек тісі сынып кеткен Жайраттың аузы-мұрнынан қан кетті.
Әлгінде ғана кері бұрылып кетіп бара жатқан қос сақшы қайта келіп Әлібекті ұстай алды. Жайраттың қатыны көшені басына көтеріп:
-Оңбаған қаңғыбас жүргіш неме! Өзің де осылай таяқ жеуге лайықсың! – деп күйеуіне біраз кіжінді де, Әлібекке бұрылып: -Әй, бұзақы! Андағы жауан жұдырығыңмен мені де бір ұрып құлатсаңшы! – деп, ойбайға басып жатты.
-Жедел жәрдем шақырыңдар! Тістерім сынды, миым да шайқалған секілді. Мына оңбағанды қамауға алыңдар! Бұл көп жылдан бері мені аңдып, ізіме түскен адам. Әйелімді алдап, әкетіп бара жатқан жерінен ұстап алып едім, ақыры өзім жазым болдым. Мені құтқарыңдар! – деп, Жайрат аузынан қанды түкірік шашып, айғайлады.
Лезде бір топ адам жинала қалыпты. Топ ортасынан бір орыс кемпір сөмкесінен мақта мен даке шығарып әкеп, Жайратқа ұсынып жатты. Көк шамын жалт-жұлт еткізіп, қиқулай жеткен полиция машинасы үшеуін де отырғызып алып, кетіп қалды.
***
Басқарма басшысының орынбасары Сәкен қатты мазасызданып отыр. Тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманының түр-келбетін еш елестете алмай-ақ қойды. Кезінде бұйрыққа қол қойғандығы оның қыр соңынан қалмайтын, алдынан кесе көлделең тұрып алатын елеулі бір пәлеге айналмаса игі.
Осылай ойға шомып отырғанда, бастығы шақыра қалды. «Тағы не болып қалды екен?» деген оймен кабинетке кіргенде, бастығы бұрын Торғай даласында бірге аңға шықпағандай, Қорғалжын көлінде балық аулап, ішіп-жеп, табиғат аясында кең тыныстап, думандатқан сәттерін мүлде естен шығарып, тас ұмытқандай қабағын қарыс түйіп алып суық қабылдады.
-Біреуді қызметке қабылдағанда, алдымен оның мінез-құлқын жіті зерттеп білуді неге ойламайсыңдар, осы?
-Не болды? Тағы біреу құмға сіңген судай жоғалып, табылмай жатыр ма?
-Жоғалғаннан да жаман болып жатыр. Сенің әлгі мақтауын жеткізіп, ғылыми дәрежесі бар, анау-мынау деп қызметке алған Әлібек деген баспасөз хатшың жетістірді. Айдың-күннің аманында, біреудің әйелін алып қашып, күйеуі үстінен түскен екен, оны соққыға жығыпты, жол ережесін бұзғаны тағы бар, дәл қазір полицияның тергеуінде отыр. Газет тілшісі бірдеме тіміскіп жүргенде, бұл да «жығылғанға жұдырық» болғалы тұр. Жүр кеттік, полиция бөліміне барамыз.
Екеуі жалма-жан орындарынан тұрып, шыға жөнелісті. Жол бойы екеуі де ауыз ашпады. Аудандық полиция бөлімінің тар кабинетінің төрінде отырған капитан шенді жас жігіт Махамбет пен Сәкенге сәлем берді. Оның бергі жағында оң алақанымен аузын басып отырған, дөңгелек жүзді монтиған қара жігіт орнынан атып тұрып, Махамбетке орын берді. Соған қарағанда, өзінің қол астында істейтін болса керек. Өзіне ізет көрсеткеніне разы болып қалса да, шу шығарып, бастықтың төрдегі басын есікке сүйрегендей мұндай жерге келтіргеніне ызасы келді.
-Әлібек, сенің мұның не? Бала-шаға емессің, дардай азамат. Ұят емес пе, мұның? – деп еді, полиция капитаны:
-Мәке, бұл кісі Әлібек емес қой – деді. Махамбет таңданып Сәкенге қарады. Ол иығын қиқаң еткізгеніне қарағанда, ол үшін де бейтаныс адам екені анық. Биік лауазым иесінің жоғары мәдениетті әдебімен қателігін дереу түзетуге көшкен бастық:
-Ой, айыпқа бұйырмаңыз, сізді қызметкерлеріміздің бірі екен деп қалдым. Кешіріңіз! – деп еді, капитан жігіт:
-Махамбет аға! Бұл кісінің сіздің қызметкеріңіз екендігі еш шүбәсіз шындық.
Махамбет тағы да орынбасарына қарады. Ол баяғы сол қимылын қайталады. Әлгі жігіттің аяғынан басына дейін бір шолып шықты да, басын шайқады.
-Қарағым, сендер шатастырып отырған жоқсыңдар ма? Бізде дәл мұндай қызметкер жоқ секілді еді.
Капитан үн-түнсіз үстелінің тартпасынан бір қызметтік куәлікті алып, ұсынды. Аты-жөні: Жайрат Жәмкенұлы, «Қызметі» деген тұсында «тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманы» деп жазылып, аяқ жағында Махамбеттің өзі қойған қолы тұр. Басылған мөр де өзі басқаратын басқарманікі.
Аң-таң болып аузы ашылып қалған Махамбет бас маманның түр-түсін жаттап алайын деген адамша бетіне ұзақ тесіліп қарады да:
-Сен мұнда қайдан жүрсің? Тайып жығылып, аяғымды сындырдым дегенің қайда? – деді. Жайрат аузын басқан күйі сол қолымен ымдап, «сөйлей алмай тұрмын» дегендей ишара білдірді.
-Сіз жаңа ғана сайрап тұр едіңіз ғой. Бастықтарыңызды көргенде тіліңізді жұтып қойдыңыз ба? – деді, капитан.
-Басеке, басқармаға барған соң сізге бәрін түсіндірейін. Мен Әлібектен таяқ жеп, ар-намысымды қорлатып, жарымжан ғаріп болып тұрмын ғой – деп, Жайрат еңіреп тұрып жылады.
-Сіздің басқармадағы тағы бір қызметкеріңіз Әлібек мына кісінің екі тісін сындырып, бұзақылық жасағанын біз анықтап жатырмыз. Мына Жайрат деген кісі жұмыс орнында мүлде болмайтын біртүрлі адам көрінеді. Бізге берген мәлімдемесінде Әлібек мырза солай деген. Сіз оны танымай тұрғаныңызға қарағанда, оның айтқаны әбден негізді секілді. Әлі де тексеріп, бәрін анықтаймыз. Енді, Жайрат мырзаны алып кете беруіңізге болады – деді, полиция капитаны.
Махамбеттің қабағы одан ары түйіліп кетті. Қайда екені белгісіз жоғалып кете беретін бас маман жайында енді полиция да біліп қойыпты. «Әлібек деген баспасөз хатшы неғылған жауапсыз адам. Ұжым ішіндегі күллі құпияны жұртқа жайып жүретін, оңбаған екен, өзі!» - деп, бастық іштей қатты күйінді.
Махамбет капитанмен қоштасып шыққанда, орынбасар мен Жайрат соңынан ерді. Тысқа шығып, көлікке міне сала Жайрат сарнап қоя берді:
-Басеке, мен әбден тығырыққа тірелдім. Ана Әлібек біздің басқармаға жайдан жай келген жоқ. Әдейі мені құрту үшін жүрген адам. Осыған дейін көп жерлерде жұмыс істеді. Бәрінен қуылды, барып тұрған оңбаған ештеңеден тайынбайды. Мен қорыққанымнан басқармаға бірнеше күн бара алмадым. Студент кезінде менің әйеліме ғашық болған екен. Оған қолы жетпей қалған соң менімен өшескен. Жұмыстан тыс уақытта да төңіректей бастаған соң үйіме де бара алмай достарымның үйіне қонып жүрдім. Үнемі соңыма түседі де, жүреді. Менің қателігім, сіздерге осының бәрін дер кезінде ашық айтпағаным болды. Сіз шақырғанда мен үйге барып, киім-кешегімді ауыстыра қояйын деп ойлағанмын. Сөйтсем, ол әйелімді екі чемоданымен өз көлігіне отырғызып алып кетіп барады екен. Соңынан жанұшыра қудым. Әйелімді қайтарып алайын деп ойладым. Ол әдейі қасарысып көлігімді соқты. Жол полициясы біздің отбасылық жанжалымызға араласпаймыз деп кетіп қалғанда, Әлібек мені соққыға жықты. Полиция келіп құтқармағанда ол мені өлтіріп тынатын еді.
Махамбеттің тас түйілген қабағы сәл ашылғанына қарағанда, Жайраттың сөзіне сеніп қалған сыңайлы.
-Сен бұл жайында әлгі капитанға нақтылап айтып бердің бе? Қылмыстық істі толықтыруға осындай дерек маңызды болады – деп, бастық оған кеңес беріп қойды.
-Қорқынышым басым болып, көп дүниені дұрыс жеткізе алмадым.
Олар бастықтың кабинетіне енді ғана жетіп жайғаса бергенде:
-Тапсырыс қабылдау бөлімінің бас маманы табылды дей ме? – деп, әлгі тілші Аманбек те кіріп келді.
-Иә, табылды. Міне отыр! – деп, қарсы алдында отырған адамды нұсқады да: - Ал, бірнеше күн бойы жұмыста болмау себебіңді айт!
Жайрат жайлап әңгімесін бастай бергенде, қолында папкасы бар бір жігіт пен толықша келген әйел екеуі кірді де, аман-сәлемнен кейін:
-Біз министрліктен келген тексерушілер боламыз – деп, өздерін таныстырды.
Оларды жайғастырып, енді жайлана бергенде, тағы екі жігіт кіріп келді де:
-Аудандық прокуратурадан арнайы тапсырмамен келдік.
Бақылаушы, тексеруші органдар полиция бөлімінен иіс алды ма, әлде, тағы біреулер арыз жазды ма, ол жағы белгісіз.
Махамбет солға қарай бұрылып министрліктен келгендерге жауап береді де, оңға бұрылып, прокурорға бірдемесін түсіндіреді. Қарсы алдындағы тілшіге жалынышты үнмен әлденені айтып, әбден абыржулы кейіпте. Бірде сөз тауып құтылып кетсе, кейде мүдіріп, қиналып қалып жатты.
Тексеріс бір аптаға жалғасты. Кадр бөлімінің бастығы демалыстан шақырылып келіп, басқармада жүр. Өң-түстен айырылған, бейне бір өрт сөндіріп келгендей-ақ түнеріп алған ерсілі-қарсылы адымдай басып, мазасыз күйде.
Басқарма қызметкерлері дәліздің әр бұрышында топтасып алып, өзара бірдемелерді талқылаумен әуіре. «Прокурор менен ананы сұрады», «Министрліктен келген кісі мынаны сұрады», «Біздің бастықтың күні біткен шығар, өзі де сезетін сыңайлы. Көңіл-күйі жоқ» десіп сыбырласады. Араларында ештеңеге сенбейтін пессимистер де болды. Олар «өстіп тексереді де кетеді, бастықтар қала береді, қалталарын толтыра қойса, тексерушілердің де ауыздары жабылады ғой» деп сырттай тон пішіп жатты.
Дегенмен, нақты нәтиже де көріне бастады. Болат ақсақалға үйіп-төгіп қойған міндеттемелердің біразы алынып, жұмысы күрт жеңілдеп қалды. Ол кісі өз міндетін сегіз сағаттың ішінде асықпай түгел атқарып тастап, үйіне тамақ піспей жатып, жетіп барып, кемпірін састыратын болды.
Жайрат министрлік өкілдерімен кездесуде жылап-сықтайды, прокурормен кездесуде кешірім сұрап «өзге саланың маманы едім, менен бір білместік кетті» десе, тілшіге «менің саған айтар сөзім жоқ» деп дүрсе қоя береді. Кадр бөлімінің бастығына «нағашы, еш уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады, мұның да жөнін табамыз» деп барынша сендіруге тырысады.
Аманбек ештеңеден қаймықпай жинаған деректерін өңдеп, «Көрінбейтін бас маман» деген фельетон жазып, редакцияға өткізіп қойды. Бөлім редакторы, бас редактор орынбасарымен бірге бәрі мақтап, кезекті санға жіберуге бетті қаттап қойған-ды. Алайда, дәл газет басылар сәтте жоғарыда тендер беріп отырған мекемеден сигнал түсіп, фельетон жарияланбай қалды. Жайраттың сыбайластары оны газет сынынан құтқарғанымен, тексерушілерге сөздерін өткізе алмаған сыңайлы.
Махамбет пен Сәкеннің достығы әдірем қалды. Тексеріс кезінде «мынаны істеген сенсің», «анау сенің ісің болатын» деп бір-бірін ұстап беріп, ақыры, екеуі де қызметтерімен біржолата қоштасты.
Кадр бөлімінің бастығы да орнын босатып, әупірімдеп ұжымда қалғанымен, оның еншісіне басқарманың күзетшісі болу «құрметі» ғана бұйырды. Енді, есік алдындағы әйнек үйшікке жайғасып, кірген-шыққан жандарды көзәйнегінің үстінен қарап, жіті бақылауға алып отыруға көшті. Жайрат түрлі айла-шарғысын жасап бақса да, бар өнерін салып, жоғары-төмендегі таныс-білістерін жаппай жұмылдырса да, онысының жемісін көре алмады. Оны түрлі дерек бойынша тырп еткізбестен қысып ұстаған тексерушілер жатыпішерлікпен заңсыз алып келген еңбекақысын қайта «құстырып», өзін қызметтен қуып тастады. Бірақ, бұған бола жүні жығылған Жайрат көрінбейді. Әлібекпен оңаша қалғанда «Аман-есен құтылдым. Бәрінен де жан олжа. Әлі сенімен талай жерде кездесемін. Менен ешқашан құтылмайсың» деп өктемси үн қатқанын қайтерсің.
Бірақ, басқармадағы дені дұрыс жандардың бәрін алаңдатқан жалғыз проблема Әлібектің ісі еді. Басқармада айналасы бір айдың ішінде өткен көптеген өзгерістердің соңғысы сот жиналысы болды. Судья, прокурор, куәгерлер мен адвокаты бар, басқарма ұжымы түгел қатысқан жиналыс талас-тартыссыз, күдік пен күмәнсіз өтуі мүмкін емес те еді.
Сот төрағасының сұрағына жауап берген Гүлсезім:
-Өз басым біршама уақыт бірге қызмет істеген, кеңселес әріптес ретінде Әлібек ағаны жақсы білемін. Сондықтан да, ол кісінің Жайратты соққыға жықты дегенге сенбеймін. Себебі, жұмыс орнында болмайтын, қалада жүрсе де ешкімнің көзіне түспейтін, іздегенде табылмайтын елес секілді адамды Әлібек ағаның тауып сабауы екіталай. Ал, төбелес болған күннің өзінде, біз білетін Әлібек еш кінәсіз адамға өзінен өзі барып соқтығатын адам емес - деді.
-Бар пәле менен болды. Екі жастың біріне келгенде, ауылымда тыныш тірлігімді жасап отыра бермей Астанаға көшіп нем бар еді. Ипотеканың кесірінен жұмыстан айырылып қалмау үшін бастықтар не айтса, соған көне бердім. Бәрін біле тұра оларға заңды талап қоймадым. Маған жаны ашыған Әлібек әділдік іздеймін деп ақыры, мына бір жатыпішерге ұрынып, бүгін істі болып отыр. Қартайған шағымда жастарға кесірім тигеніне қатты өкінемін. Әлібектің орнына мені айыптауларыңызды сұраймын – деп, Болат ақсақал ағынан жарылды. Сөз кезегі Жайратқа берілді:
-Қара қылды қақ жаратын әділ судья, ақ адал ниетті прокурор және шашасына шаң жұқпайтын менің адвокатым! Мына Әлібек деген сотталушы маған өлердей өштескен адам. Студент кезінде менің әйеліме ғашық болған екен. Ол Әлібекті менсінбей маған тұрмысқа шықты. Университетте Әлібек менің қол астымда істеді. Ұжыммен тіл табыса алмаған соң мен оны қызметтен қуып жіберуге мәжбүр болғанмын. Менің қызмет бабымен басқармаға ауысқанымды біліп алып, бұл да келе қалды да ізіме түсті. Мен жоқта үйіме шейін барып, әйелімнің басын айналдырған. Оны менен айырып алмақшы болып, чемоданына шейін көлігіне тиеп алған. Соңынан қуып зорға тоқтатып едім, машинамды бүлдірді. Өзімді соққыға жығып, екі бірдей тісімнен айырып, кемтар етті. Мұндай бұзақыларды тәуелсіз еліміздің әділ соты аямай жазалайтындығына кәміл сенемін – деп, сөзін аяқтады.
Сот жиналысының төрағасы куәгер ретінде Жайраттың әйелін шақыртып сауалдар қойды:
-Сіз Әлібекті қашаннан бері танисыз?
-Күйеуімнің машинасымен соғысып қалған күннен...
-Студент кезіңізде оны танитын ба едіңіз?
-Жоқ. Мүлде көрген адамым емес.
-Сіз танымасаңыз, қалайша оның көлігіне міндіңіз?
-Мен жол бойында қол көтеріп тұрдым. Такси жоқ. Ешбір көлік тоқтамады. Тоқтаған көлікке вокзалға жеткізуін өтіндім.
Ары қарай болған оқиғаны қаз-қалпында баяндап берді. Күйеуі Жайраттың үй бетін көрмейтінін, өзінің одан ажырасуға көптен бері бел байлағанын, оған Әлібектің еш қатысы жоқтығын нақты дәлелдермен растады.
Араға апта салып, төрт рет болған жиналыстан кейін сот Әлібекті кінәлі деп тапқанымен, жазаны жеңілдету жақтарының да бар екенін ескерді. Ақшалай айыппұлмен қоса жәбірленушінің шығыны екі тісін бүтіндету жүктелді. Алты айға бас бостандығы шектелді. Осындай жеңіл-желпі жазамен құтылып кеткендігіне ызаланған Жайрат жоғарыға шағымданамын деп айғайға басқанымен, іс жүзінде арызданбады. Өзінің де шиі шығатынын сезсе керек.
***
Сот жиналысынан кейін Жайраттың әйелі екі чемоданын көтеріп, ауылына біржолата қайтып кетті. Жайрат оған пысқырған да жоқ. Бұрыннан екеуінің бір-біріне күйіп-жанған махаббаттары болмаған және сотта әйелінің берген жауабының кесірінен Әлібекке жеңіл жаза жүктелгенін ойлаған сайын Жайраттың жыны келіп, «қараңды батыра бер, маған бәрі бір» деген. Екі аптадай үйінен шықпай, тырп етпестен жатты.
Содан кейін Жайрат астындағы көлігін сатып, Баянауылға қайта оралды. Оны сағына-сарғая қарсы алған Жемісгүл:
-Сені қалаға не үшін суыт шақырыпты?
-Басқармаға басшы етіп қоймақшы болған ғой.
-Сосын?
-Мен бас тартып-ақ бағып едім. Министр қолқа салып...
-Сонымен сен енді, басқарма басшысы болдың ба?
-Әлбетте, жаным!
-О, құтты болсын! Атап өтейік те! Мұнда қанша уақыт боласың?
-Рақмет. Бүгінге дейін жаңа лауазым иесі ретінде біршама жұмыстарымды реттедім. Қалғанын орынбасарларға тапсырып, енді, өзім біраз уақыт тынығып алайын деп келдім. Сені сағынып... Өзіміз бір жақсылап тынығайықшы.
Жайрат табиғат аясында Жемісгүлмен біраз уақыт сауық-сайран құрып, қалада өткен жағымсыз жайларды ұмытуға тырысты. Демалыс кезінде ол Жемісгүлге аяқ астынан тізерлеп отыра қалып, ұсыныс жасады:
-Жемісгүл жаным, сен маған тұрмысқа шығасың ба?
-Әрине! – деп, ол да қуанып кетті.
-Сен тәп-тәуір әншісің. Астанаға барған соң сені филармонияға орналастырамын. Екеуіміз неке тойынан кейін Гавай аралына барып, бал айымызды өткіземіз – деп, одан ары қызықтырып қояды.
Жемісгүл оны туристік базада қызмет ететін қыз-келіншектерге айтып мақтанады. Бәрі қызыға да, қызғана да қарайды. Астанадағы білдей бір басқарма бастығына тұрмысқа шығудың кереметтігіне тамсанады. Жемісгүлдің әке-шешесі жалғыз қызының ұзату тойын жасауға қамданып жатты.
Кешке ұзату тойы белгіленген күні күндіз Жайрат туристер базасында атпен серуендеп жүрген еді. Оның алдыңғы жағында күрең төбел атпен жорғалатып бара жатқан орта жастан асқан толықша әйел кілт бұрылып, Жайраттың қасына келіп, сәлемдесті де:
-Жайратпысың? Сені үш жыл бойы іздеп таппаған едік. Алла қолдап, мұнда кездескенімізге шүкір. Мені танып тұрған боларсың?
-Иә, сізді таныдым. Халыңыз қалай?
-Танысаң, Астанадан тұрғын үй салатын жер телімін алып беремін деп 15 мың доллар алғаныңды ұмытпаған шығарсың? Сені іздеп, Астананың астаң-кестеңін шығарсақ та, із-түзсіз кетіп едің.
-Иә, апай ұмытқан жоқпын. Келесі айда жеріңіздің құжаттарын өз қолыммен тапсырамын.
-Қой айналайын, жерің өзіңе! Маған ақшамды қайтар!
-Әрине, еш проблема жоқ. Астанаға бара сала қайтарамын.
-Үш жыл бұрын да осылай дегенсің. Қане, аттан түс. Қазір полиция бөліміне барамыз.
-Апай, қойыңыз. Мен сізге кепілге мына айфонымды бере тұрайын. Нан ұрсын, қайтарамын. Полицияны атай көрмеңіз, елден-жұрттан ұят қой.
-Жарайды, айфоныңды алайын. Бірақ, ертең таңертең менің көлігіммен екеуіміз Астанаға аттанамыз. Соны біліп қой – деді де, әлгі әйел ары қарай серуенін жалғастырды.
Жайрат жалма-жан бөлмесіне келді де, дереу жолға жиналды. Жол сөмкесін көтеріп, тысқа шыға сала қарсы кездескен бір таксиге мінді де, сол күйі қарасын батырды.
Оның телефонын кепілдікке алған әйел қайта-қайта шырылдап болмаған соң сөндіре салған. Кешкісін қосайын десе, пин-код сұрап ашылар емес. Жалғыз ол кісі емес, сол кешке Жайратты күтіп, екі көздері төрт болған жандар Жемісгүлден бастап, екіжүзге жуықтап қалған еді.
Ұзату тойына жиналғандар дастархан басына әлде қашан жайғасып алған күтіп отыр. Ашқарақтау бір тобы баяғыда салат секілді тіске басарларды кірш-кірш шайнап отыр. Арақ-шарап құйылған рюмкелерді соғыстырып, тілек айтуды бастап кеткендер де ішінара баршылық. Асаба жігіт «тойды әне бастаймыз, міне бастаймызбен» кең залда зыр жүгіріп жүр.
Жемісгүл смартфоны жарылғанша телефон соқса да алатын жауабы «абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның ұялы телефоны сөндірулі, сигналдан кейін дауыстық хабарлама қалдырыңыз» деуден танбайды. Жемісгүлдің әке-шешесі де қатты абыржулы. Күйеубаладан бір хабар бар ма деп әлсін-әлсін сұрайды. Бәрінен де асаба әбден қиналып бітті. Отырғандарға біресе, анекдот айтады, енді бірде ән шырқап береді. Қысқасы, тойдың берекесі бек қашты.
Жемісгүлдің әкесі үш-төрт жігіт жіберіп, күйеубаланы тауып әкелуге тапсырма беріп еді, олар туристік базада жоқ екенін айтып келді. Тойға жиналғандар бірнеше топқа бөлініп алып, таң атқанша тау-тасты аралап, суға батып кетті ме деп алаңдап, көлдің түбін тексерді. Ең соңында бөлмесіне келіп көргенде киім-кешегін алып кеткені белгілі болды. Қысқасы, қашып кеткені айдан анық. Ұяттан жарылып кете жаздаған әке-шешесі беттерін басты. Жемісгүл бар даусымен зар жылады. Соған қарамастан, әркім әртүрлі жорамал жасап та жатты:
-Әлде бір лаңкестік топ кепілдікке алып кеткен шығар...
-Қызметінде төтенше жағдай болуы мүмкін...
Түстен кейін туристік базаның әкімшілігіне тәуір киінген, сыртқы пішіні салмақты-салиқалы бір егде әйел Жемісгүлді іздеп келді:
-Сіз Жайрат Жәмкеновичтің зайыбысыз ба?
-Иә – деді, Жемісгүл оны әлде бір мәселені түсіндіріп кешірім сұрауға келген ресми өкіл немесе туыстарының бірі шығар, Жайраттың тығыз шаруасы шығып қалып арнайы жіберген болар деп ойлады.
-Ол маған кеше мына айфонын кепілдікке қалдырған. Сөндіріп едім, қайта қоса алмадым. Оның маған 15 мың доллар берешегі бар. Үш жыл бойы қайтармай жүр еді. Енді, соны маған сіз төлейсіз! Мен оны енді, Астанадан іздеп, сандалып жүретін жайым жоқ – деді, әлгі әйел. Сонда барып, есін жиған Жемісгүл:
-Мен оның әйелі де емеспін. Қалыңдығы деуге де келіңкіремейді...былайша...
-Жаңа ғана «зайыбысыз ба?» дегенімде, «иә» деп алып, енді, жалтармаңыз! Мен ақшамды алмай кетпеймін, көп басты қатырмаңыз!
Жайраттан алашағы бар бейтаныс әйел өліспей берісетін түрі жоқ. Жемісгүлдің қыр соңынан қалмай тақымдайтын түрі бар. Оны аңғарған әкесі әлгі әйелді кеңсесіне шақырып, сөйлесуді жөн көрді.
-Сізден ол жігіт не үшін қашан ақша алып жүр?
-Осыдан үш жылдай бұрын ғой. Астанадан үй салатын жер телімін алып беремін деп ақша алған. Сол күйі қарасын батырған еді. Еш қайдан таппай сандалып жүргенмін. Кеше ойламаған жерден осында кездесіп қалды.
-Менің қызым оның әйелі емес, жай танысы...
-Танысы ма, қалыңдығы ма, менің онда шатағым жоқ. Жайратқа қатысы бар кімнің болса да, мен енді, қыр соңынан қалмаймын. Кеше полиция бөліміне желкелеп тұрып алып бармақшы едім. Тағы да қулығын асырып жасырынып қалды.
-Сіз енді, шу шығармай сәл сабыр етіңіз...
-Қалай сабыр етемін? Қызыңыздың күйеуі екен ғой...
-Күйеуі болмай қалып отыр ғой, гәп сонда!
-Қалай болмайды? Осындағы ел-жұрттан естідім. Біраз уақыттан бері сіздің қонақ үйіңіздің люкс бөлмесінде тұрыпты. Қызыңызбен ерлі-зайыптылар секілді болыпты, ұзату тойын да өткізген екенсіз. Енді, менен жасырып, тығып отырған шығарсыздар, бәлкім. Арнайы органдарға хабарлаймын – деп, бейтаныс әйел ашуға ерік берді.
Жемісгүлдің әкесі бұл әйелден оңайлықпен құтылмасын түсінді. Айғай-шу көбейсе, ел алдында масқара болатын түрі бар. «Күйеубаланың» кешегі ерсі қылығының кесірінен онсыз да ағайын-туыс, дос-жарандардың ортасында жерге қарап қалғаны аз болғандай енді, мына қатын шулатса, не болмақ. Арды ойлаған әке аңқау қызының кесірінен оңбай шығындалуына тура келді.
Ол сейфінен кілең жүздіктен тұратын онбес мың доллар шығарып, әлгі қатынға ұсынды да:
-Санап алыңыз! Осымен еш ың-шыңсыз мына жерден қараңызды батырыңыз! – деді.
Ал, Жайрат сол кеткеннен мол кетті. Жемісгүл іле-шала Астанаға барып, екі апта бойы табанынан таусылып іздесе де, тым құрығанда көрген-білген адамды емге таппады. Жер жұтып кеткендей-ақ зым-зия жоғалды. ..
Сурет: Игорь Разживин «Неонды қала»
Бөлісу: